воскресенье, 12 августа 2007 г.

Бірегейлер мен ежегейлер

Қызық! Қазақ халқының тарихын көктей шолып қарағанда, оның тағдыры санаулы адамдардың жігері мен намысына ілініп, осы күндерге жеткендей әсер аласың. Құдды, халықтың басқа бөлігі әлгі бірегейлерді бақылап қана өз күйлерін өздері күйттеп жүре бергендей. Басқа жағынан қарағанда бұл халықтың шарасыздығы, қауқарсыздығы, ұлттық-ұжымдық өзексіздігі ме, әлде пассионарлық қуатының бірегей тұлғалардан көрініс табуы ма? .
Мәселен, ХХ ғасырдағы қазақтардың саны мен сапасын ойсыратқан аштық жылдары Ғабит Мүсірепов бастаған бесеу Мәскеуге хат жазып, халықтың көз бе көз қырылып жатқанын әйгілеп, жар салған еді. Ұлы Отан соғысында қазақтың намысын әйгілеп, жігерін жалаудай желбіреткен Бауыржан Момышұлы шықты. Қазақстан байлығын қазақтың өзі жаратуға кіріскен көріністі Қаныш Сәтбаевсыз елестету мүмкін болмас еді.
Ал, 70-жылдары қазақты қойып,бүкіл түркі халықтарының жігерін жанып, көңілін өсірген Олжастың “Аз и я-сы” ХХ ғасырдағы батылдық құбылысы демеске лаж жоқ.
86-жылғы Желтоқсан оқиғасына байланысты халық атынан қаймықпай сөйлеген Жұбан Молдағалиевтің қызыл империяға қарсы қыжылды сөзі оның қай өлеңінен де асқақ шыққаны рас. Жұбан өлеңімен емес, сол азаматтығымен бірегейлер қатарына енген еді. Ақынның бұл қылығы Желтоқсан көтерілісін байыпты сатыға көтерген ұлттық саяси сананың жемісі ретінде дәріптеген болатын.
Тағы бір қызық жайт! Сол Желтоқсанда әлдебір аңғал жастың лақтырған қар аралас жентегі президиудағы бір басшының бетіне оңдырмай тиген еді. Сол қаршапалақ кейінірек қолшапалақ болып ақынның бетіне тиіп қарымта болып қайтты. Ол ақын-алаштың тағы бір бірегейі Мұқтар Шаханов болатын. Мұқаң қазірде өзінің бірегейлігін поэзия арқылы әдіптеуде. Ол Адам баласының өркениеті адасудың көрінісі емес пе екен деген әлемдік ақыл-ой ірілерін басын қатырар мәселеге бет бұрғызуда.
Бірегейсіз халық болмас. Бірақ халықтың тағдыры бірегейлерге тәуелді болмай, өз арнасымен тола ағатын дариядай есіліп отырса ғой деген аңсар көкейді теседі. Бірегейлердің еңбегі еліне дарымағанда, алдарқатып халықтың ежегейлер басын қатыратыны да шындық. Бірегейлерді елінен айыратын да ежегейлер екені тағы белгілі. Бірегейлер дегеніміздің өзі ұлттық пассионарлық қабілетті уақыттың белгілі бір сәтінде тұтушылар болар. Ал, ежегейлер халықтың қадыр –қуатын әлсіретуші, ерік-жігерін талан-тараж етіп, жасанды абыройға жетушілер шығар,сірә.
Қызық! Қазіргі кезде тарихи даңқты атаулардың атын жаңғыртқан болып, сол атауларды бірі партияның, бірі газет-журналдың атауына іліктіріп, сол атаулардың мерейіне абырой қосудың орнына оларды айқай-шудың, даңғыраның атауына айналдырып, құнсыздандырып жатқанын қайтерсің! Бұл да ежегейлердің ісі – жақсының шырайын шығарудың орнына, сүліктей сорып, ақжем қылып ақырында итжеместей құнсыздандыру.
Бірегейлер неге ылғи абырой мен қадірден шеттетіледі екен? Әлде ежегейлер дегеніміз, абыройдың ыдысын аңдып жатып жалаушылар ма екен?
Не болса да бірегейлер сау болсын, бірегейлер!

Комментариев нет: