вторник, 11 декабря 2007 г.

ҚАНАҒАТЫ МОЛ ҚАРИЯ


1979 жылы 114 жасында Заят Мәлікұлы деген қария Монғол елінің Қобда аймағында дүниеден өтті. Марқұмның туған жері мына шығыс жағымызда орналасқан Шыңжан өлкесі. Бұрынғы - Шығыс Түркістан. Хош, сонымен Заят ақсақал 1930-40 жылдары Шығыс Түркістан өлкесінде пайда болған аласапыран тұсында Монғолға өтіп кеткен. Ол жақта анасы, әйелі және екі қызы қалып қойыпты. Олардың ұрпағы әлі сонда тұрып жатыр.
Заят атамыз бес тіл білетін, оқымысты, шариғат жолын ұстанған адам еді. Орыс, қытай, монғол, қазақ, ұйғыр тілдерінде жатық сөйлейтін. Монғолияға келген алғашқы жылдары Ақкөл деген елді мекенде орыстардың жүн жуатын мойкасында жұмыстап, әрі аудармашы қызметін қоса атқарған. 1934 жылы Тақай Тәпбайқызы деген апамыз екеуі жаңадан шаңырақ көтереді. Осы кісіден туған ұл-қыздары қазір түгелдей Қазақстанға көшіп келіп алды.
1965 жылы осы кісінің 100 жасқа толу құрметіне Мемлекет басшысы Ю.Цеденбал арнайы құттықтау жолдап, республикалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, генерал Г.Жамяан дегенді жіберіп сый-сияпат көрсетеді. Осы кездесу барысында орталықтан келген бастықтар: «Ақсақал, зейнетақыға қанша төгрег (теңге) аласыз?» – деп сұрапты. Сөйте, Заят қария 100 жасқа дейін ешбір зейнетақы алып көрмепті. Ақсақалды «қоғамға еңбек істемеген адам екен» деп ойлап қалмаңыз. Өмірінде бір күні еңбексіз өтпеген. Былайша айтқанда, бұл адам үкімет тағайындаған зейнетақыдан бас тартқан. Сол үшін отқа да, сотқа да сүйреген. Үкіметтің жәрдемінен бас тарттың, «Халық жауысың» дегенге дейін барған. Сондағы қарияның айтатын уәжісі: «Мен харам ақша алмаймын, өлгенде отқа күйемін, тірі де дұғам қабыл болмайды» – деп, жылайды екен жарықтық. Сондан кейін үкімет адамдары жалыныпты: «Бұл харам дүние емес, жасыңызда істеген еңбегіңіздің ақысы» – десе, ақсақал одан ары жылайды екен: «Ойбай-ау, ол кездегі істеген еңбегім үшін айлық алдым емес пе!» Ақыры үкіметте, Ю.Цеденбал жарықтықта айтып ұқтыра алмаған.
Осы қарияны бізде көрдік. Тура 100-ден асқан шағында қолында таяғы, күміс сақалы желбіреп, үш шақырым жерден жаяулатып, немерелеріне бес ешкісінің сүтін әкеле жататын.
Алланың ісінде шек бола ма? Бертінде естідік, осы кісінің анасы 1989 жылы 143 жасында Шыңжанның Турфан өлкесінде дүниеден өтіпті. Марқұм анасы өмір бойы «бір күні келер» деп ұлын күтіпті. Кешке ұйықтар алдында үй ішіндегі пешке отын толтырып, үстіне су толы шәугім (шәйнек) асып қояды екен. «Ұлы шөлдеп келетін шығар, дайын тұрсын» – дейтін көрінеді. Ол, ол ма, өмір бойы жас баланың жұдырығындай күміс жамбыны (құйма күміс) жіп тағып мойнына асып жүріпті. «Егер де біреу-міреу «Ұлың келді сүйінші» десе, ұялып қалмайын» – деп, дайындаған екен. Марқұм ана дүниеден өтерінде «осы күміс жамбыны қоса жерлеуді» өтініпті. Мүмкін о дүниеге барғанда ұлыма ұшырасармын деген үміті шығар.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ

Мерекелеуді қашан менсінеміз?

Өмірінің жартысын тойға арнайтын қазақ үшін мерекенің орны ерекше. Жалпы, қазақ халқының неге тойшыл, мерекешілдігін тереңірек зерттеудің де кенжелеп тұрғаны рас. Халқымыздың жыйғанын той-мерекеге шашатындай қандай себеп пен негіз бар екеніне көз жеткізетін де уақыт келді. Бұл жерде қазақтың барын рәсуә ететіндей шашпа мінезін сынаудан гөрі, көшпелі менталитетке тән мистикалық санаға сіңген жамандықтың алдын алу шаралары жатқандығы мәдениеттанушыларымызды ойлантуы керек. Былай қарағанда бұл шара «таспен ұрғанды аспен ұратын», ырыс-берекенің нышаны болып табылатын азықтан шашу (фейерверх) шашатындай көрініске толы мистикалық шаралар көшпелі түркілердің өмірінен аласталмайтындай сіңірілгендігі бұрынғы ұрпақтың соншалықты нәзік әлемді игергендігінің куәсі екені рас. Яғни, ежелгі түркілік наным бойынша, материалдық өмірде неғұрлым жарқындықтың нышаны ретінде той-мереке көп болса, соғұрлым жаманаттың беті қайтады деген мистикалық сенім мен мән болатын.Әрі-беріден соң Қазақстандағы жұртты таң қалдыратындай қоғамдық тұрақтылық пен этносаралық (ұлтаралық емес) түсінісу қазақ халқының осындай «бейкүнә» тірлігінде жатуы да ықтимал.
Алайда, прагматикалық тірлікке бет бұрған заманда мистикалық шаралардың «жері қуырыла» бастағаны да рас. Бұрынғы ырымға толы іс-әрекеттер қазіргі өмір тұрғысынан рәсуәліктің көзі болып танылатыны да сондықтан. Шынында да, бұрынғы қазақ мерекелерінің ырым мен мазмұнға арналмаған қалтарысы жоқ болғанымен, қазіргі өмірде жадағайланып мәнсіздікке ұшырап өмірден ығысуға душар болатындай жағдайға ұшырауда. Халықтық мерекелердің барлығы да айналып келгенде фольклорлық шаралар болғандықтан қазіргі заманда тек қана шоу сипатты және нарықтық негізге толы шаралар ғана өміршең болып бара жатқаны бізді ойлантуы қажет.
Бұл әңгімелердің барлығы да соңғы кезде көбірек тақырып арқауына айналып жүрген елімізге ене бастаған шетелдік мерекелер мен етене мейрамдар турасында толғануға мәжбүр етеді. Бұрынғы фольклорлық мерекелермен малданып келген қазақ халықтық той-томалақтың айналып келгенде фольклорлық сипаты мен ырымға толы мәні бүгінде діни-саяси және нарықтық көрініске айналғанын аңдауы қажет. Міне, сондықтан да шеттен келетін мерекелердің барлығы да өзіндік идеологияға толы және ол нарық жағынан алғанда өзін өзі ақтауға негізделген. Бір ғана «Бәлентүген» (Валентин) күнінде Қазақстан бойынша тек қана «бәленше» құтпарақтардың (аткрыйтка) өзінен жеке сатушылар мен шетелдік баспаханаларға қаншама пайда түсіретінін, онымен бірге жас ұрпақтың санасына ықпалы барын аңғарайық. Ал, бұл жағынан алғанда біздің мұндай шетелдік «мейрамдық басқыншылыққа» қарсы ойластырған «Махаббат күніміз» секілді бастамамыз неге өмірдегі көшін түземеді? Мәселе бірнеше факторда:
- психологиялық жағынан біздің балаң идеологиялы халқымыз үшін шетелдік бастамалардың барлығы да қызықты сипатпен қабылданады, өйткені оған қарсы тиянақты идеологиялық қару әзірге бізде жоқ;
- шетелдік мерекелер еліктіргіш элементтерге (құтпарақтар және т.б.), жарналамалар мен шоуларға құрылған;
- аталмыш мерекенің үйлестіруші көзі бар, ол – шетелдік діни мекемелер мен пайда көздеген кәсіпкерлер.
Жоғарыда аталған факторлармен салыстырғанда, біздің «Өзіміздегі бояуы мен тарихы қанық дәстүрлеріміз неге өмірден орын алмайды?» деп қынжылуымыз бекер болып шықпақ. Қысқаша айтқанда, біздің өз мерекелерімізді әр қазақстандық (қазақпен шектелу жеткіліксіз) өмірінен орын алатындай істеп жатқан шараларымыз жоққа тән. Сондықтан да, өзіміздің Махаббат күніміз «Бәлентүгеннің» қалқасында қалуда. Егер де жастарымыз «Бәлентүгеннің» қалқасында қалмасын десек, тіпті, дәл сол күнді(басқа күнді алу тиімді емес- қабылдана қоймайды), яғни 14 ақпанды Қазақстандағы «Махаббат күні» ретінде атап, барлық жастардың ресми-бейресми ұйымдары арқылы халқымыздың ғашықтық дәстүрі мен үлгісін мерекелеуді сіңіріп жіберуге болмас па? Ол үшін арнайы құтпарақтар мен сый-сыяпаттар (Қозы-Баян, Жібек-Төлеген,Еңлік-Кебек,Қобыланды-Құртқа аттарына қатысты), селтеткізерлер (сюрприздің түпкі тегі осыдан шыққанын ескеру керек) шығарып, түрлі шоу мен ойындар ұйымдастырылып,тіпті, деректі-көркем фильмдер неге түсірмеске?! Қазіргі заманның идеологиясы деген осы емес пе!
Осындай жайтты Наурыз туралы да айтуға әбден болады. Бір қызығы, қазір осы мерекенің өзі көктемнің басы ма, болмаса күн мен түннің теңелуі ме, әйтпесе, қазақша жаңа жыл ма, өзіміз шатаса бастадық. Көктемнің басы дейін десек, елдің батыс өңіріндегі жұртшылық «Самарқанның көк тасын» қазіргіше 14 наурызда (бұрынғыша - 1 наурыз) «ерітіп келеді» және 90 күн қыстың кетіп, тоң түсіп, Көктемнің алғашқы күні ретінде «қызыл сумен» бірге наурызкөжесін бұрқылдатып, бірімен бірі көрісіп, «Жыл құтты болсын!» айтысады. Ал, күн мен түннің теңелуі дейін десек, ол желтоқсан айында да бар жағдай, оны тойламаса да, күннің қысқара бастайтын күні ретінде халқымыз неге атап өтпеген деген сауал бар. Осы жағынан қарағанда этнографтарымызға да, мемлекеттік идеологтарымызға да ойланатын жайттар баршылық. Шамасы, Наурыз мерекесін ескі жылдық циклдың соңы, жаңасының басы ретінде, яғни наурыз айымен бірге Жыл алмасу күні кірді деп атап өтіп, оның шарықтау сәті деп 22 наурызды атаған дұрыс болар. Сонда бейресми түрде Наурыз мерекесі 14-22 наурыз аралығында бір апта бойы тойланады. Ал, мерекенің замани әшейекейін қалай жасақтау керек, әрбір жанұя мен көрші-көлем, ауыл-аймақ қалай атағаны дұрыс екендігін идеология саласындағылар мен кәсіпкерлер бас қатыруы қажет. Әлі күнге дейін Қазақстандағы ұлттық(мемлекеттік деп қабылдаңыз) мерекелерге арналған құтпарақтар мен сый-сыяпат жоқтың қасы екені, біздің мерекені қаншалықты қазіргі өмірімізге енгізе алып отырғанымыздың куәсі емес пе? Әзірге біздің Наурыз «парсыдан келген» мереке ретінде байлар мен шенгерлердің көшеге киізүй тігіп ішіп-жеу көрмесіне ғана айналып отыр. Наурызды ежелгі иудашыл ебірейлер де мерекелегенін қайда қоямыз? Ал, олар өз кезегінде ежелгі шумерлерден алған болар, парсымен қоңсылас қазіргі Түрікпенстанның оңтүстігінен Аққау деген жердегі табылған ежелгі 6500-7000 жылдықтағы түркілер қаласы наурызсыз күн кешті дегенге кім сенер? Қысқасы, бұл мәселе, әлі өз шешуін де, өмірімізден орнын да түпкілікті тапқан жоқ.

Демократиялық үш жүз және азаматтық қоғам

Кез келген қоғамдық формацияның өзіне сай саналық сипаты мен құрылымдары бар. Өкінішке орай, кеңестік империя жерленгенмен, оның қазақы санадағы зардабы әлі де жойылмай отыр, оның өзіндік себебі бар. Оған көз жеткізу үшін тоталитарлық жүйе мен демократиялық жүйеге тереңірек назар аудару қажет болады. Әдетте кеңестік биліктің көрінісі болған тоталитарлық (барлық билік бір қолға шоғырланған) қоғамда бұқара санасы үнемі бақылауда және қамқорлықта болды. Сол себепті де соған сай идеологиялық құрылым қалыптасты да, бұл құрылым ерікті сана үшін бұғаулық сипатта болғаны рас. Жалпы қоғамдық сана енжар және бастамашыл болмайтын, сондықтан да кеңес қоғамында «бастама - жазаланбақ» (инициатива - наказуема) деген мәтел таралған еді. Сөйтіп, алып мемлекеттік машина қоғамға тиесілі адамдардың санасын тұмшалаумен ғана айналысты және ерікті сана жазалаулы екенін қоғамдық моральға айналдырды. Өз еркімен ойлай алмайтын және оған ынтықпайтын сана үшін осыдан артық жүйе де, ештеңе де керек емес еді. Ал, алда-жалда бастамашылдар болса, олар орта ғасырдағы күнәһарлардың кебін киіп жатты.
Мұндай қоғамда адам санасы ерікті субъектіден гөрі мемлекеттің асырауындағы объект болудан әрі аспайтын. Сондықтан да кеңестік адамдар қаптаған асырандыларды (иждивенцы) елестетті. Бұл қоғамдағы қарапайым адам санасында адамды билейтін бір ғана құдірет ол - өкімет, яғни мемлекет болатын. Сондықтан да, ол кездегі «бисмилаһи» деген басты сөзді «үкімет пен партия» тіркестері алмастырған еді. Ал, ол құдыретке қарсы тұру немесе тайталасу күәһарлықпен тең болатын. Сөйтіп, қысқасы, адам мұндай ортада өзін мемлекеттің басыбайлы құлы болуға өз еркімен көндігетін, солай болды да. Алайда, адам санасын бұғаулау арқылы бүкіл ұлттық потенциал да бұғауланатынын, ұлттық гүлденудің мүмкін еместігін, сайып келгенде қоғамда тоқырау деген кері кету жүзеге асып, әлгі құдырет-мемлекеттің күндердің күнінде ту-талақайы шығатынын бұғау-мемлекеттің быламық милы идеологтары болжай да алмады және болжаған күннің өзінде ондай күнәһарлыққа баруға дәттері шыдамай жүре берді.
Енді, қазіргі күні айтыла-айтыла мәні кете бастаған демократиялық қоғамды алсақ, әрине, бұл да Черчиль айтқандай, кейбір жайттарын айтпағанда, оңып тұрған қоғамдық сипат емес, алайда, мұнан басқа адамзат дамуына барынша қолайлы әзірге басқа формация болмай отыр. Бұл қоғам еріктілер үшін ең алдымен іздегенге сұрағандай орта. Ал, еріксіздер мен оң-солын ойластыруға шорқақтар үшін, саналық қапаста қамалғандар үшін аса қатерлі қоғамдық орта. Өйткені, демократиялық қоғам адамнан белсенді де ерікті ойлауды талап етеді, оған көндікпегендер мен енжарлар бұл қоғамдық ортаның төменгі бейшара сатысынан бір шығады. Сол себептен де, тоталитарлық қоғамнан демократиялық қоғамға өту кезеңінде ең әуелі қызыл империя езгісінде болған халық осындай ерікті санаға үйретілу керек еді. Басқаша айтқанда, саналық бұғауды бастан кешкен ұлт үшін екі басты идеология қатар жүргізілуі қажет болатын: оның бірі халықты ырықты экономикалық қатынастарға баулу болса, екіншісі демократиялық қоғамдық қатынастың ұстыны болып табылатын азаматтану (граждановедение) негіздерін игерту еді. Сөйтіп, осындай идеология барысында кешегі санасы құрсалған мәңгүрт халық экономикалық жағынан салық төлеуші екенін, қоғамдық қатынас саласында сайлаушы болып табылатынын және мемлекеттің құлы емес оның субъектісі, яғни азаматы болғанын санасына сіңіріп барып, демократия аталған формацияға өтуі керек болатын. Алайда, кешегі КСРО халқы оны бастан кешпеді де, сол территориядағы оңды-солын өз бетімен таныған жандардан басқасы саяси соқыртеке ойынының құрбаны болып шыға келді: адамдардың көпшілігі ырықты экономиканың ең төменгі сатысы болып табылатын саудагерліктен әлі де шыға алмауда.
Бір қызығы, демократиялық құрылымды қазақы санадағы бар ұғыммен ұштастыру әрі тиімді, әрі сіңірімді. Көшпелі қазақы мемлекет сипатындағы үш жүз құрылымын алайық: қазіргі тарихшылар мұны үшке бөлінген әкімшілік-территориялық құрылым дегенмен, бұлардың біртұтас мемлекет үшін өз алдарына қойылған миссиясы бар құрылымдар болғанын және бұл жүздік құрылым бір-бірін толықтырған қоғамдық секторлар екенін амалсыз мойындататын «ұлы жүзді қауға беріп, малға қой, орта жүзді қалам беріп дауға қой, кіші жүзді найза беріп жауға қой» афоризмі болатын. Мұның қазіргі күнде қоғамдық орта тарапынан үш жүз ретінде қарастыратын мемлекеттік органдардың, кәсіпкерлік орта мен қоғамдық-саяси сектордың өз ара қатынасы ретінде көрініс табуы өмір шындығы.
Ал, қазақы қоғам назарынан таса етіп отырған бұл «үш жүзді» Дүние жүзі әлде қашан мойындап оларды: мемлекеттік, коммерциялық және қоғамдық секторлар деп атап келеді. Егер бұларды сәйкес түрде ұлы, орта, кіші қоғамдық жүздер десек, жүзімізді ешкім де тырнап алуға құқығы болмайды, бұлар шынында да, бірін бірі толықтырып, біртұтас демократиялық қоғамды құрап тұрған секторлар.
Енді, демократия дегенді әбден көкезу ұғымға айналдырғанымызды ескере отырып, бұл қоғамның анықтамасы қазақша айтқанда, әлгі аталған үш жүздің өз ара тең дәрежедегі ықпалдаса отырып тірлік кешуі десек, тағы ешкім бізге кінә артпас деп ойлаймыз. Егер де мемлекеттік органдар «ұлы жүздігін» істеп, өзге секторларды тықсырса, онда ондай қоғамнан тағы да әлгі тоталитарлық ортаның үлгісін аламыз, ал егер мемлекеттік және коммерциялық секторлар өз ара жымдасып кетсе, жемқорлық жайлаған авторитарлық жүйе орнығып шыға келеді. Ең дұрысы, демократиялық қоғам орнату дегеніміз - әлгі үш қоғамдық жүздің өз ара тең дәрежедегі ықпалдасуы.
Қазіргі кезде қоғамдық сектор жетім баланың күйін кешіп отырғанын жасырып керек емес. Бұл «кіші жүзді» құрайтын кәсіподақтардың, саяси және діни ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің қоғамдағы ықпалы мен маңызына қарап, демократияның қай елде қандай мөлшерде екенін қиналмай-ақ ажыратуға болады. Көптеген аймақтарда, жергілікті билік үкіметтік емес ұйымдарды өздерінің қамқорлығына алып, бұрынғы кеңестік асырандылық сипат беріп, олардың маңыздарын түсіргісі келеді. Әрине, мұндай асыранды қоғамдық ұйымдар қоғамдық сананы дамытпақ түгілі кері кетіретіні рас. Дегенмен, Қазақстанның елбасы 2003 жылы бастама көтеріп, Азаматтық форум шақырғалы бері қоғамдық «жүз» өзін ресми түрде таныта бастағандай. Алайда, қоғамдық сектордың ахуалы бәрібір сөзіміздің басында айтқанымыздай, қоғамдық сананың деңгейіне тәуелді, неғұрлым азаматтардың санасы демократиялық сананы меңгерсе, соғұрлым әлгі қоғамдық үш сектордың өз ара ықпалдасуы қызу да тиімді болмақ. Сондықтан бір кездері Н.Назарбаевтың біздің халық демократияға әзір емес дегендей пікірінің жаны бар болатын, бірақ бұл халықтың әзірлігін күтіп отыру керек деген де сөз емес, оның дайындығын өз мойнына мемлекет алуы қажет. Сонда ғана демократиялық үш жүз орнығып дамиды да, елдің жан жақты дамуына мүмкіндік туындайды. Алайда, демократиялық қоғамның идеологиясын мемлекет белгілегенімен, оны жүзеге асыратын «кіші жүз» – қоғамдық сектор. Бұл бәрінен бұрын қалған екі жүзді бақылаушы болып табылады. Неғұрлым қоғамдық ұйымдар демократиялық идеологияны жүргізуді меңгерсе, сол елде соғұрлым демократиялық қауқар зор болмақ. Соңғы кезде қоғамда пікірталас тудырып отырған мемлекет қауіпсіздігін сылтауратып, қоғамдық ұйымдардың заң жағынан позициясын тықсыру елдің шын мәнінде қауіпсіздік сақтауға тиісті органдарының әлеуетіне деген сенімсіздік туғызбақ. Өйткені, қазіргі заң мемлекеттің қауіпсіздігін қамтуға тиісті органдарға қажетті құзырды әлдеқашан беріп қойған. Ендігі мәселе, азаматтардың мемлекетшіл ынтасын қолдана отырып, оның қауіпсіздігін нығайту болуы керек еді. Әзірге Елбасшы қол қойып үлгермеген әлгі заңжоба біздің қоғамымыздағы азаматтық қоғам орнатудағы көлденеңке (шлагбаум) болып тұр.
Өкінішке орай, Қазақстанда қазір демократияның деңгейін саяси партиялардың санымен өлшеу салты орнығып отыр, бұл түбірімен қате, тіпті, қоғамдық ұйымдар, әсіресе, үкіметтік емес ұйымдар дамымай, саяси партиялардың жабағы жүні де көтерілетіні неғайбыл. Қоғамдық ұйымдар қоғамдық сананы орнықтырып дамытатын болса, саяси партиялар тек қана билік үшін таласып, соған ену арқылы өз ықпалдарын жасай алады, ал үкіметтік емес ұйымдар билікке енбестен, қоғамдық сананы түрлендіру арқылы ықпал етеді. Қазіргі кезде елдегі кейбір партиялар үкіметтік емес ұйымдардың ісін атқарып кеткендігі жасырын емес, бұл дегеніміз – олардың қоғамдағы өз міндеттерін шатастырып алғандығын көрсетеді. Демек, демократия саяси партиялардың көптігімен де өлшенбейді, қоғамдық сектордың мемлекеттік және кәсіпкер орталарға бақылау орнатуынан көрініс табады. Мұның барлығы демократия дегеніміз - көкезулердің ісі емес, нақты құрылымы мен сәйкес сана қалыптастырған қоғамдық орта екенін түсінетін уақыт жеткендігін көрсетеді.

Үн мен мұң

Осыдан он жылдай уақыт бұрын «Арал өңіріндегі апат салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» шыққан заңда ауданымыз (Байғанин) Аралға жақын аймаққа енгізілсе де, оны қайта қарау жөніндегі халық өтініші баспасөзде жарияланған еді. («Одақ жасаған жарылыс бір совхоздың басына түсіп тұр», «Егемен Қазақстан». 31 қазан 1992 жыл.)
Бүгінгі таңда аудан тұрғындары сыртқы күштердің қолдан жасаған зардаптарынан үш бірдей зілзалаға килігіп бастарынан ауртпалықтарды өткізіп отыр.
Бірінші, онсыз да шөл-шөлейт далада, ауасы құрғақсыған, топырағы сортаң тарта бастаған артта қалған ауданымызда 1950 жылдардан 2000 жылға дейін өмір сүрген «Эмба-5» әскери полигоны, «Абай», «Ақжар», «Оймауыт» совхоздары жерінің көп бөлігіне сұғынып кіріп, адам қыратын аса қуатты алапат қару сынайтын ірі алаң болғаны қазіргі шақта құпия емес, 29-30 тамыз 2001 жылы Алматы қаласында өткен «ХХІ ғасыр – ядролық қарудан азат әлемге бет алу» атты халықаралық конференцияда жинақталған дерекке сүйенсек, «Эмба –5» полигонын пайдаланудың өзінен айналаны, ортаны, суды ластау 350 млн., атмосфераға, ауаға араласқан зиянды қалдықтар 661 млн., өндірістен жер бетіне таралған зиянды қоқыстар 3 млрд 724 млн., елдімекен мен тіршілікке тікелей зиян 217 млн. болып Ресей ақшасымен есептелген екен. Сол полигонды бұрынғы қалпына келтіру үшін 833 млн. Ресей рублін жұмсау қажет. Осыншама ғаламат қаржы тұратын зияннан айналып келгенде қанша адамның көз жасы төгілгенін, төгілгелі тұрғанын, қай уақытқа созылатынын ойға алу да, елестету де ауыр. Сонымен қатар сынақ қарулары ондаған жылдар бойы төбемізде жарқылдағанын, тіпті талай рет түйдектелген газын төгіп атылған қару атмосфераның жоғарғы қабатына жеткенде көкшіл түске айналып, шар сияқты қалыпқа түсіп, бара-бара аудан көлемін алып, үрей туғызып, бірте-бірте төмендей тозаңдап, ауа қабатына еніп көрінбей кететінін көрген адам ұмытпаған болар. Бұлақтыкөлде, Мыңшұқырда, Жаңатаң жақта (аудандағы жер аттары) жерге түсіп жарылыс болғаны есімізде. Ол кезде олардың зиянын айту түгіл ауызға да алмайтын кезең. Бұларды еске алғанда адам тағдырын ойыншыққа айналдырған, көрінбей соғатын қарақшы құзғын кейпі тағы да қанша созылар екен деп ойлайсың.
Екінші, 3 қазан 1987 жылы Ақжар кеңшарының жерінде Қаражар, Қалдайбек елдімекеніне жақын жерден қуаты жиырма килотонналық ядролық жер асты жарылысы жасалды.
Кеңшар аймағындағы жер түгелдей сілкінді. Жарылыстан кейін тексергенде радиация 8-12 микрорентген болса, 1989 жлы 10-14 мкр болды. Ең соңғы 27 тамыз 1992 жылғы тексеруде Жарқамыс селолық округі бойынша (бұрынғы «Ақжар» кеңшары) радиациялық фон гаммасы нормадан артып кеткені тіркелді. Сегіз адамнан құралған комиссия құрамы мынадай қорытынды жасап, нүкте қойды: «Полученные данные говорят о том, что на обследованной территории имеются точки с превышением фона».
Содан кейін өлшеу жұмысы жүргізілмеді. Сондықтан бүгінгі күні микрорентгеннің қаншалықты екенін айту қиын. Бірақ өспесе, өшпейтіндігін бұрынғы көрсеткіштер көрсетіп тұрғандай.
Ақтөбе облысында бір ғана жарылыстың болуы мүмкін емес деген ойымызды С. Т. Тілеубергеновтың «Полигоны Казахстана» еңбегі нықтай түсті: «О полигонах бывшего СССР известно много, но далеко не все. Кроме двух суперполигонов, существовало значительное число плошадок подземных ядерных взрывов … это Азгыр, Тайсойган и Жамансор в Атырауской области, «Эмба-5», - в Актюбинской»,- дегені (111-бет, 1997 ж.)
Демек, атақты «Эмба-5» өзінің ядролық алаңында айналасындағы тұрғындардың мылтықсыз майданның құрбаны болу мүмкіндігін біле тұра қаншама жарылысты құпия жүргізгенін білмей жүргенімізде, физика-математика ғылымдарының докторы, ғылым академиясының мүшесі Иван Яковлевич Часников 1998 жылы облысымыздағы орыс тілінде шығатын газетке берген сұхбатында:
«… и Эммба-5 на этих полигонах течение длительного времени проходили испытания настоящих боевых ракет, в том числе настоящие ядерные взрывы». (Мәссаған!!!)
По официальной информации с 1957 по 1962 год в вашей области провели 10 (десять) ядерных взрывов» - дейді («Диапазон» 15 қаңтар 1998 жыл) «Жаны ауырмағанның жаратқанмен ісі жоқ» деген мақал есіме түсті.
Белгілі болғандай, 1957 жылдан бастап ядролық жарлыстың «уыз сүтін» бүгінгі күнге дейін емумен келеміз. Сонда ғалымның айтқаны шын болса, осыншама еселенген жарылыстан бүгінге дейін қорғансыз отырғанымыз ойландырады. Тиісті бағасын кім бермек?!
Аралдың (1), «Эмба-5» әскери полигон сойқанының (2), ядролық жарлыстың (3) үшеуінің зардабына айналамыздағы мұнай, ауамен араласып, далада халық кәдесіне асырылмай жанып жатқан газды қосыңыз. Сонда ауаның ластануы, радиацияның нормадан артықтығы, ауаның қалыпты ылғалдылығынан айырылып жазда әбден құрғауы, бір сөзбен айтқанда жерімізде табиғи тепе-теңдіктің бұзылуы мүмкіндігінің арта түсуіне жол беру, ауыр экологиялық зардаптардың қабаттасып дендей түсуінің мүмкіндігін ашу деген сөз.
Оң нәтижесін беріп жатса, бұлай айтпаған болар едік. Әңгіме адамдардың тән саулығы, ана мен бала тағдыры алаңдатуда. Бұлар жөнінде деректер жеткілікті, сонда да бір мәселеге тоқталайық: Босанатын әйелдердің 80-90 % -ның қаны аз. Түсік тоқтамауда. Аман қалғанының өзінің баласын ана сүтімен асырауы жоққа тән. Аналардың 40%-ы бүйрек потологиясымен ауырады. Тексерген маңдағы балалардың 90% - ның қаны аз. Туу да, отбасындағы бала саны да көңіл көншітпейді. Бұл көрніске қарап ертеңгі күннің «тажалды жемісін» ойлайсың. Мұны бір ғана Аралдың әсерінен деуге болмас. Дәрігерлеріміздің кез келгені экологиялық қатерді жоққа шығара алмайды.
Ата заңымыз бірінші кезекте адамдардың денсаулығын сақтау, оларға қамқорлық танытып, қорғау керектігін көрсеткен. Сол заң тармақтары шын болса, біз тұрған жер үшін аса қажетті. Осыны ескеріп Аралға жақын аймақтан, апатты аймаққа енгізу туралы осыдан он жыл бұрын айтылған ұсынысымыз орындалса екен! Бұл- біздің жер үшін кезегін күтіп тұрған өзекті мәселе.
Халқымыздың қалыпты өмірі мен шат күлкісіне қадаудай қадалған кедергілерді жою жолында дұрыс шешімін тапқан әлеуметтік көмек қана демеулік таныта алмақ. Бұл Байғанин ауданының мыңдаған тұрғындарының үні мен мұңы.

Бисен Жақанұлы,
дербес зейнеткер,
Ы. Алтынсарин атындағы медальдың иегері.
Ақтөбе облысы.

понедельник, 10 декабря 2007 г.

Идеология туралы бас қатыру

1. Қазақстанда идеология бар ма, бар болса бізге олардың ең пайдалысы, ең зияндысы қайсысы? Бұл сауалды жауаптандырмас бұрын идеология терминінің басын ашып алған дұрыс. Ожеговтың сөздігі бойынша: идеология - қандай да бір әлеуметтік топты, класты, саяси партияны, қоғамды сипаттайтын көзқарастар, идеялар жүйесі. Демек, идиологияның өзінен бұрын әлгі әлеуметтік топ не партия, қоғам бар ма, болса қандай деген сауалдарға тоқталуға тура келеді. Бұл жағынан алғанда идеология қоғамның даму деңгейіне тәуелді. Яғни, қаншалықты тобымыз, партиямыз, класымыз, қоғамымыз болса, идеологияның түрі де, сипаты да соншалықты болады. Бізде мемлекеттік идеология болғанмен, мемлекетшіл идеология болған емес. Қирау мен жоқшылықтың идеологиясы ауыл тарапынан, мұғалімдер мен медицина саласынан көрініс тапқанмен, ертеректегі жекешелендіру кезеңінде барымыздан айырыламыз деген қорқыныш идеологиясы баспасөз бетінде «нарықтың қыспағы» деген айдармен кең жайылған болатын. Бұл идеология бұқара тарапынан болғаннан кейін оған мемлекет тарапынан лауазымдылардың ауызымен қарсы идеология жүргізілді де, оның басты тіні - «бұл уақытша қыспақ, бәріміз де ұшпаққа жетеміз, ешкім де ештеңесіз қалмайды» деген сарындағы мемлекеттік идеология жүретін-ді. Барлық мемлекеттік кәсіпорындарды жаппай жекелендіру кезеңінде «кәсіпорындар иесіздіктен тұралап жатыр, оларға қожайын керек»- деген сылтау идеологияға айналған-ды. Ондай жекешеленудің нәтижесін шықпаған көз көріп тынды.Кейін дәл осындай сылтау жерге қатысты айтылды: «ойбай, жер иесіз қалды, сондықтан оған ешкім қарамауда, тыңайтқыш сеппейді, тіпті, егін де егілмеуде, жер кепілдікке өтпеуде…». Алайда, мемлекеттік деп отырған идеологияның өзі белгілі бір иеленімпаз (буржуазиялық) кластың идеологиясы екені көзге көрініп те тұр. Қысқасы, мемлекетке кімнің қолы жақын болса, идеология ырғауышын сол қолданатынын осыдан-ақ көруге болар. Қоғамда барынша демократиялық сипат барда мемлекетке жалпыхалықтық ықпал болатындықтан идеология да халықтық сипатта жүргізіліп, қоғамның барлық сылымының (слой) көңіл күйі көрініс берер еді.
Жалпы, идеологияның сипаты насихат пен үгіттен тұрмайды, аталмыш сөздікте көрсетілгендей, бірнеше әрекеттер мен қылықтардан да көрініс табады. Тіпті, кейде, қоғамға бір ғана терминді енгізу арқылы солайымен соған сай идеология қоса жүріп жатады. Айталық, Қазақстанға импортталатын тауарлардың етикет қағазының орыс-ағылшын тілдерінде ғана болуының өзі біздің елдегі сол тілдердің қолдаушы идеологиялық тұтқасының бір көрінісі ғана, ал мұндай мысалдар қаншама десеңізші! Демек, идеология сөз болғанда, соған ие болып отырған қандай ықпалды күштер барлығы қоса сөз болмақ. Сонымен бірге бір мемлекетте бір ғана идеология тек қана диктатуралық, тоталитарлық жүйеде ғана мүмкін.Ал, жалпы, иделогияның ең ірісі де ықпалдысы да мемлекеттік сипатта болуы орынды, қалай мемлекеттік идеология басқа ұсақ идеологиялардың көлеңкесінде қалса, мемлекеттік қауіп мәселесі солай туындай бастайды. Мәселен, Кеңестік ел ыдыраған КСРО компартиясы идеологиясының пышыраған сәтінен бастап, қызыл империяның ыдырауы басталды дей аламыз. Қысқасы, идеология дегеніміз - материалдық процестің рухани көрінісі, қоғамда қандай идеология басым және ықпалды болса, көп ұзамай соған сәйкес қоғамдық материалдану процесі жүреді.
Әдетте, біз мемлекеттік дегенде, оны мемлекетшілдік идеологиясынан арашалап алғанымыз дұрыс болар. Өйткені, мемлекет дегеніміздің өзі құрал екенін ескерсек, ол құралға кім ие болса, сол арқылы өзінің идеологиясын жүргізіп отыратыны анық.
Топтар дегенде Қазақстандағы тілге қарай бөлініп отырған орыстілді және қазақтілді топтарды байқамау мүмкін емес. Орыстілді қауымның идеологиясы ұлыимпериялық үстемдік пен мүмкіндікті (ұлтына қарамастан) пайдалана отырып, қазақтілді топтың бұрынғы «төмен» қауым екенін одан әрі мойындата түсу пиғылына негізделген идеологияны қайткенде сақтап қалу болса, қазақтілді топтың идеологиясы жаңа мемлекетке енді өздерінің қожайын екендігін сездіру пиғылына негізделген жай ғана дабыра екендігі белгілі. Бірақ, кез келген идеологияның экономикалық және механизмдік тетіктерге сүйенетінін ескерсек, бұл тұста кімнің сәйгүлігі топты жарып келе жатқандығы тағы аян. Оның бер жағында қазақстандықтарды әрі тартып, бері жығып жатқан діни жартыкеш идеологиялардың да жетіп артылатыны бар.
Ал, енді саяси партиялар идеологиясына келсек, шын мәніндегі қандай партия болып еді, қандайы бар деген сауал тағы да жауапқа алғышарт болмақ. Мұндайда, еске ұлттық-демократиялық бағытты ұстанған «Азат» қозғалысы түссе, онымен бірге ресми билік құрған түрлі жасанды партиялардың «Қазақстан - көпұлтты ел, тыныштық керек, экономика гүлденсе болды, басқа проблемалар өзінен өзі шешіледі» деген тұжырымды ұстанып біршама уақыт талғажау еткені белгілі. Тіпті, Қазақстанды көпжұртты демей, көпұлтты деу арқылы, оның алуан этносты халқын біртұтас ұлтқа айналдырудан әлдекімдер саналы түрде қашқақтап, әдейі қазақстандықтарды бір-біріне жақындатпай, ылғи да «Сендер әр түрлі ұлтсыңдар, әр түрлі ұлтсыңдар!» деген идеологиямен өз қадірін арттыруды көздегендей ме, қалай деген күдік амалсыз келеді. Өйткені, қазіргі заманда есі дұрыс адамның бір мемлекетте азаматтарының құқығы бірдей біртұтас ұлттың болатыны олардың тегіне қатыссыз екеніне әлдеқашан көзі жеткен жағдай ғой.Бұл жағынан алғанда мемлекеттік идеология мен мемлекетшілдік идеологияның бір-біріне кереғарлығы көрініп қалады. Қазақстандағы идеологияның ең зияндысының өзі де сол - шетелде әлдеқашан қазақстандықтарды ұлтына қарамастан «қазақтар» деп атап та, мойындап та болған жайттың, елдің ішінде әлі күнге мойындалмақ түгелі, одан зәре құты қалмай қашқақтайтын «көпұлтты» сипатқа ие «идеологияға» айналғаны.
Бұдан басқа оппозициялық партиялардың идеологиясын да сөз етуге болады, алайда олардың басты нысанасы ресми билікке қарсы бағытталғандықтан, әдісі де, мазмұны да соған сай болуы заңды. Көбіне көп оппозициялық идеологияның сипаты демократияны дәріптеу секілді болып көрінгенмен, оның ресми билікке өшпенді көзқарас түрінде ғана көрініс тауып жүргені де белгілі. Бұдан идеологияны жүргізе алудың да өз алдына бір мәселе екендігі шығады.
Ең шынайы идеология болғанда, Қазақстан тарихында қандай мемлекеттік идеология жүргізілуі тиіс еді деген жолшыбай мәселеге ат басын бұра кетсек. Бұл жағдай елдің кезең-кезеңге бөлінген даму сатысына сай болғаны дұрыс болар еді:
- ырықты (нарықты) экономика басталғанда азаматтарға өздерін қандай үрдіске дайындалу идеологиясы жасалып, адамдардың құлдық мінезден қожайынға айналу жағдайына дайындық идеологиясы қажет болатын;
- елдің экономикасы жаңа сипатқа ие бола бастағанда мемлекет дамуы үшін әрбір азаматтың салық төлеушілік және сайлаушылық мінездерін қалыптастыратын саяси-экономикалық идеология қажет еді;
- ең соңында қазақстандықтарды біртұтас елдің бірыңғай құқықты азаматтары болуға итермелейтін және титулды ұлт ретінде қазақтардың мойынына үлкен жауапкершілік жүктейтін бірыңғай ұлттық идеология жүргізу қажеттігі болатын.
Өкінішке орай қазір «Қазақстан» атты елден гөрі солай аталатын территория ғана нақтырақ фактіге айналып отыр. Сол себепті, қазақстандықтар мемлекеттік патриотизмге зәру, ал қазақтар ұлттық рухқа мұқтаж, мұның барлығы жоғарыда жүргізілген қойыртпақ, «сен тимесең мен тимен, бадырақ көз» тұжырымына негізделген идеологияның нәтижесі еді. Шын мәнінде қазір пайда болған «жаңа қазақтар» ұғымының тұтқыштары (носителі) Қазақстанның қалыптасу және даму тарихы бойынша байыған қазақтар емес, өздерін бір ұлттың бөлінбейтін бөлшегі сезінген, былай шыққанда, «Сен қазақсың!» дегенге арланбайтын кез келген қазақстандық жұрттың өкілі, мәселен Герольд Белгер, Асылы Османова сияқтылар.
Идеологияның ең тәуірі әділетке құрылған нақты әрекет. Мәселен, соғыстан қираған Германияда тасталған жеке бағалы тастар мен металдарды мемлекеттің аяққа тұруына уақытша ортаға салуын өтінген үндеуді халық мемлекетке сенімі болғандықтан және оның әркімге нақты қандай пайдасы болатындығы ашық жария етілгендіктен жаппай қолдауға айналды, ал Қазақстандағы Алматы облысы бойынша Заманбек Нұрқаділов үндеуінің шыбын шаққан құрлы болмауы шын мәнінде халықтың мемлекетке деген сенімінің жоқтығынан деп қабылдап, соған сай іле-шала әрекеттер қолға алынуы керек еді. Өкінішке орай халық пен мемлекеттің бір-біріне сенімсіздігі қазірде адамдардың бойына сіңгендігі сондай, мемлекет тарапынан қандай уәде етілсе де, жалпы халықтың бүлк етпеуі дағдыға айналып, тіпті, мемлекеттің қандай идеологиясы да қарапайым халықты алдауға негізделген әрекеттей қабылданатын күйге ұшырады.
Қазақстандағы жақсы идеологиялық үрдіске мысал келтіру қиындау. Өйткені, шынайы идеология әділет пен нақты болмысқа негізделеді, ал біздің елдің жағдайында әзірге халық әділетсіз байығандарға кіріптар және идеология солардың көзқарасына тұжырымдалған. Бұл дегеніміз - мемлекеттік идеологияның мемлекетшіл еместігі, мемлекеттік басты қауіп те осында жатқандығында. Әсіресе, пайдасыз идеология - қазақтілділер үшін олардың қоғамдағы бейшара да ықпалсыз топ қана екендігінде, ал орыстілділер үшін олардың айбынды да, қауқарлы, ықпалды топ болып қалатындығын баса айқындай түсетін және алғашқысының сан жағынан бірте-бірте мүжіле беретіндігіне аңдаусыз да байқаусыз дөрекі идеологияның жүріп жатқандығында, сөйтіп, қазақтардың егемен болғандағы асқақ арманы көзден бұлбұл ұшқандай тұйыққа тірелуінде. Қысқасы, қоғамда алуан идеология болатыны сөзсіз, алайда, олардың барлығының «крышасы» мемлекеттік салиқалы да сырбаз идеология болуы міндетті.
2. Мемлекеттік идеология мен ұлттық идеологияның айырмашылығы неде? Егер біз мемлекетті елдегі барлық адамдардың ортақ шаңырағы екендігін мойындасақ, онда ол елде әрине, біртұтас мемлекеттік (мемлекетшіл) идеология азаматтар мен мемлекеттің шынайы ара қатынасына негізделген, нысанасы барынша отаншылдықты көздейтін саланы қамтиды және мемлекеттік идеология өз азаматтарын алдаусыратуға емес, әділетті әрекеттер мен пәк сезімдерді паш етуге бағытталады. Ал, ұлттық идеология ретінде қазір көбіне қазақтілділердің ұғып жүргені бойынша титулдық этносқа арналған және соның менталитетіне негізделген идеология болар. Мемлекеттік идеология мен ұлттық идеологияның айырмасы жер мен көктей. Мемлекеттік идеологияның тұтқышы (носителі) мемлекеттік тұтқаға ие кластар, ал ұлттық идеологияның тұтқышы сол ұлтты өркендетуге құштар күштер. Ендеше ұлттық идеология болуы үшін ең әуелі сол ұлтты ұшпаққа шығаруға ұмтылатын әлеуметтік-саяси күш болуға тиіс, ондай күш болмаған күннен бастап, идеологиясы құрыған ұлт та өз тірлігіне нүкте қояды. Осыған сәйкес қазақы қоғамның басында қазір аталмыш ұлттық күш ретінде ұлттық интеллигенция бар ма, Совет заманында оның қауқары қаншалықты болды деген сауалдарға жауап іздеу басталып кетті. Шын мәнінде, совет заманында ұлттық интеллигенцияның болғаны рас, бірақ оның қауқары сол «советтік» болып бітуге ғана жетті, жаңа егемендік заманда жаңаша рухта шыңдалған ұлттық интеллигенция қалыптасып болмағандығын және әлгі советтік интеллигенция өзінің сол сипатын жаңа жағдайға өзгерте алмағандығын мойындайтын кез келді. Сол себепті де, кеңестік үлде мен бүлдеге оранған интеллигенцияның ұлт үшін жан алып, жан беруі неғайбыл және ол үшін оны кінәлау да артық, өйткені, ол интеллигенцияның күні өтті, ол өзінің өмірден алар соңғы үлде-бүлдесі үшін жанталасуда. Ал, қазақ ұлты үшін қазір барынша жемісті де айбынды интеллигенциялық лек 25-50 жас арасындағы зиялы қауымнан шығуы керектігі және бұлардың аяқ алысы мен әрекеті алдыңғы құлданған ұрпақтан айырықша болуға тиіс екендігіне назар аударатын уақыт жетті. Сондықтан да алдыңғы интеллигенцияның жаңа заманға өлмей шығатын өнегесі ғана жаңа интеллигенцияға үлгі болып, жанына қуат бітіретіні анық. Сол себепті де кеңестік Қазақстандағы жүздеген ақын-жазушының бүгін де тырнаққа ілігетіні соншалықты аз, өйткені олардың барлығы дерлік кеңестік идеологияның тұтқышы болатын. Тек қана ұлттық идеология мен рухтың тұтқышы болуға жараған Есенберлин, Мұқағали, Шәкен, Шәмшілер ғана сондықтан бүгінде мәңгірген халықты өз мұрасының иіріміне қайта-қайта айналдырып соға береді.
Әрине, кейбіреулердің айтуы бойынша, мемлекеттік идеологияны ұлттық идеологиямен алмастыруға болады. Бірақ, оған әлгі ұлттың қауқары қаншалықты, ол соншалықты іске асырымды жайт. Егер де өзінің барлық потенциалы сол идеологияны жүргізуге жететін болса, мәселен украиндардай неге жүргізбеске, ал ондай өре болмаса, қанша әуре болсақ та, Черномырдынше айтқанда «әр уақыттағыдай» болмақ. Мәселен, 90-жылдары жазылған Солженицынның көшпенділерге қатысты айтқан идеологиялық соққысына соған сай дәрежеде жауап болды ма? Жоқ! Бар болғаны әр жерден эмоциялық дауыс шықты, ал концептуальды да интеллектуальдық деңгейдегі тойтарыс әлі күнге жоқ. Сол секілді беріде айтылған Своиктың идеологиялық «ударына» қандай жауап бере алдық, бар болғаны сезімнің сіңбірігіне малынған оны сыбау ғана. Бұдан біз идеологияның ойға не келсе, соны сандалау еместігін ұғынуымыз қажет. Ұлттық идеология жүргізу үшін ұлттық қоғамның нәтижесі ретіндегі сана қалыптасу керек. Ұлттық сана дегеніміз - мемлекетті басқаруға қатысуға дәрменді азаматтардың бірыңғайланған санасы. Ал, қазақтың бар өскені, Кеңес заманында кәсіпорын емес, совхоз ғана басқарғанын еске алайық, бұл жағынан біз өзбектерден көш кейін болдық, өйткені, өзбектер өз кәсіпорнын басқаратын мүмкіндікке ие болып, сананы да соған сай көтерген. Алайда, Совет заманында қазақы ұлттық идеология болды. Ол - Бауыржанның тұлғасы, Олжастың «Аз и я-сы», Шахановтың поэзиясы секілді айбындарға негізделіп, халыққа рух беретін.
Қазіргі кезде көзі тірі айбындарды қолпаштаудан сескену үрдісі бар, сондықтан да сүйегі қураған тарихи айбындарға иек арта береміз. Бірақ, әр заманның өз ұрпағына рухани қуат болатындай сол заманның айбыны ұлттық идеологияға негіз болғаны жөн ғой, бұл жағынан қазақ халқы да өлі ғұмыр кешіп жатпағанын сезінбейінше, өзін қаншалықты ұлт сезіне алмақ? Бұл жағынан алғанда, өткен тарихтағы мыңдаған батырлардың тұлғасынан гөрі қазіргі жастарға бір ғана Тоқтар Әубәкіровтың өзі орасан рухани қуат болар еді. Бірақ, біз Тоқөтар сияқтыларды қаншалықты дәріптей алып отырмыз?!
Жоғарыда аталған екі идеологияның екі бөлек болғаны жөн бе деген сауал біршама күрделі жауапты қамтиды. Әрине, төрт құбыласы түгелденген мемлекеті бар ұлт үшін оның мемлекеттік идеологиясы да, ұлттық идеологиясы да бірыңғай болуы мүмкін. Бұған АҚШ идеологиясын алуға болар.Алайда, ол бәрі бір мемлекеттік қабілет-қауқарға тәуелді жағдай. Дегенмен, ұлттық идеология қай кезде де ұлттық сипаты бар фактор болып қала бермек. Қанша қауқарың бар - сонша идеологияң жетік. Құрғақ насихаттан туатын нәрсе жоқтың қасы.Ал, Қазақстан жағдайында, қазақтар мемлекет игеретін сананы меңгеріп болмағандықтан, оны меңгерісіп отырған басқа жұрттардың есебінен әлі де бірыңғай ұлт қалыптасып болмағандықтан, мемлекеттік идеология бірнеше салалық және әлеуметтік топқа арналуы қажет, себебі, ұлттық ахуалдың күрделі жағдайына орай идеологияның да тұрпаты күрделі болмақ. Қазақстан жағдайында идеология басты үш топқа арналғаны абзал: қазақтілділер үшін, орыстілділер үшін, азсанды жұрттар үшін. Бұлардың барлығына жасалатын идеологияның басты нысанасы бірыңғай Қазақстан ұлтын қалыптастыру болуы керек. Себебі, бірегей ұлт (бұл ұғыммен этнос терминін шатастырмаған дұрыс) қалыптаспайынша, бірыңғай мемлекеттің қалыптасып дамуы екіталай. Жалпы, Қазақстан жағдайында күрделі саты бірегей ұлттың қалыптасуы болмақ, оның екі жолы бар: біріншісі - қазақ ұлтының аясында бәсекелесіп отырған өзге жұрттардың ұлттық мемлекет екенін мойындауы; екіншісі елдегі барлық жұрттардың бірегейленіп, америкаланған ұлттың пайда болуы. Бұл процестер ешбір идеологиямен емес, нақты ықпалмен ғана, қай-қайсысы да кім шын мәнінде әлеуетті соған орай қалыптасатын жолдар. Әзірге жағдай бейқазақы жағына қарай ойысыңқы. Ұлттың ықпалдылығы сөз болғанда демографиялық басымдықтан гөрі есепке экономикалық басымдық алынады. Бұл жағынан қазақтар мақтана алмайтынын ескерген жөн. Бұл жерде мәселе - қазақтардың қалтасындағы ақшасында емес, олардың түптің түбінде күрделі экономикалық қатынастардың тұтқышы бола алу-алмауында және экономикалық тұтқыш болған қазақтың қазақы менталитеттің тұтқышы болып қала алуында.Ұлттық идеология да екі менталитетке арналып, олардың бірыңғайлануына бағытталғаны жөн: қазақтілді қазақтар үшін және орыстілді қазақтар үшін. Әрбір әлеуметтік топтың өз мүддесі ескеріле отырып жүргізілмейтін идеология діттеген жеріне ешқашан да жетпейді. Бұл жағынан алғанда әзірге Қазақстанда президенттің ауызынан басқа идеологиялық механизм болмай отыр.
Бірақ, идеологияның қай түріне де өзек болатын бір нәрсе болуы керек, өйтпейінше әлгі идеологиялар бір-біріне қайшылыққа түсіп, қоғамда кереғар құбылыстар туғызбақ. Қазақстан жағдайында әділетке негізделген, демократияға бағытталған Қазақстанның азаматын қалыптастыру діттелген және қазақ ұлтының мемлекеттік жауапкершілігін ұштайтын идеология жүргізілуі керек. Шын мәнінде ұлттық идеологияны демократиясыз елестету қиын, өйткені, ұлтты шындайтын бірден бір тетік ол - демократия. Диктатура жағдайындағы идеология ұлтты идеологиялық жағынан қамсыздандырып, мүлгіткені болмаса, ол тек қана диктатураның гөй-гөйін соғатыны белгілі. Демек, демократия қазақ ұлтының пісіп жетілуін күтуі керек емес, басқа жағынан алсақ, қандай демократиялық дүрбелең де ұлт дамуын алға қарай еріксіз жетелей алмайды, демократия мен ұлттың пісіп-жетілуі бірге жүретіндей процесс керек.
Оппозициялық күштердің денін орыстілділер (орыстар деп біржақты қабылдамаған дұрыс) құраған кезде қазақтілділерді демократия жолындағы жолбайлаудай көріп, оларды менсінбегені рас. Қазіргі кезде қазақтілділердің мемлекеттік тұтқаға барар жолдағы белгілі бір сандық көрсеткіші барын ресми билік те, оппозициялық күштер де мойындай бастады. Сол себепті, Қажыгелдиннің партиясын өңкей қазақтілді Атырау облысы тегеурінді түрде қолдағанын жасыру мүмкін емес. Осыдан барып, мемлекеттік саясатта ауыл тақырыбы пайда болғаны рас. Демек, қоғамда қағыс қалатындай идеологиялық саңылау болуы мүмкін емес және қандай топ болса, соған лайық идеология жасақталып отыруы қазіргі заманның бір көрінісі болып отыр.
3. Қазақстан ұлттық мемлекет құру жолында қандай бағыт ұстанғаны жөн? Қазақстан ұлттық мемлекет құру жолында ұлттың өресін өсіретін бағыт ұстанғанда ғана соған сай идеология өзінен өзі шығады. Идеологияға шындық арқау болғанда ғана ол нағыз идеологиялық сипатқа ие болып, ұлттың әжетіне жарап, өзі түгел өзгені де еріксіз мойындатады.
Ал, қазіргідей «бесік жыры» деңгейіндегі идеология қазақ ұлтын тағы бір ғасырға кейін серпитіні сөзсіз. Себебі, қай жағдайды да дамытатын тек қана процес, ал, демократияның азаматтық сана мен экономиканың даму процесі екенін ескерсек, бізге басқа жол жоқ, тіпті, әлемде басқа жолдың қуырылғаны қашан. Қазір өз жолыңды қорғаштаудан гөрі жарысқа түсіп, қана өз жолың бар екенін басқаға көрсете аласың, басқа жағдайда бөгденің шаңын қауып, өзгенің жолына адасып түсу ғана қалады. Ұлттық даму жолына мемлекеттік әрбір даму сатысы қазақ жұртының дәрменімен санаса жүргізілгенде ғана мұратқа жетерміз. Ал, соңғы кезде пайда болған «қазақстандық ұлт» турасындағы дүмбілез идеологияның шығуы ұлт қауқарын менсінбегендер мен мемленкеттік идеологияға талғаджау боларлық ештеңе таппағандардың әрекетінен шыққан жайт. Бұл жөніндегі әңгіменің арқауы басқаша толғауды қажет етеді.

“Тәуелсіз еліміздің азаматтары тәуменді болса, тәуелсіздіктен қадыр кетеді”

- Алтынбек Сәрсенбайұлы.

Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында Астанадағы Н.Масанов атындағы “Политон” пікірсайыс клубында қатарынан екі бойы 24-25 мамыр күндері болған отырыстың саяси қудалау мәселесіне арналуы, мәселенің ел үшін де, азаматтар үшін де аса маңыздылығы мен өзектілігін аңғартса керек.
Алғашқы күні орыс тілінде өткен отырысқа Алматыдан саяси өлтірімнің құрбаны болған белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлының ағасы Рысбек Сәрсенбайұлы елдегі соңғы жылдары саяси өлім құрбандарының жоқтаушылары мен саяси сотталған азаматтардың заңды қорғаушылары болған Серікқали Мусинді, Төлеев Мустахим, Садықов Василий секілді бір топ адвокаттар мен заңгерлерді, Желтоқсан көтерілісінің қатысушыларын бастап келді.
Отырысқа қатысушылар өз сөздерінде Кеңестік қуғын-сүргін науқанының жалғасып отырғанын және тәуелсіз Қазақстан жағдайында бірнеше азаматтың саяси көзқарас пен ұстанымның жазықсыз құрбаны болғандығына жан-жақты тоқталып, мысалдармен заң жүзінде ашып берді. Пікірсайысшылардың айтуынша, өз алдына тәуелсіздік алған Қазақстан республикасы қызыл империяның қанды қол қуғын-сүргін дәстүрін одан әрі жалғастыруда. Соңғы жылдары ғана құрбан болған белгілі саясаткерлер Заманбек Нұрқаділов пен Алтынбек Сәрсенбайұлын айтпағанның өзінде, жазықсыз қудалау мен жоғалуға ұшыраған журналистер мен басқа да азаматтар саны тоқтамай отырғаны атап өтілді.
“Политон” клубының екінші күні, еліміздің белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, мәмлегер және журналист, саясаттану ғылымдарының докторы, аяулы азамат, марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлының “Тәуелсіз елде тәуменді тұлғалар болмауы керек” деген кітабының атауы тақырып ретінде алынған пікірсайыс отырысына ұласқан еді. Сол отырыста айтылған пікірлердің қысқаша мазмұнын беруді жөн көрдік.


А.Сәрсенбайұлы: ... Рас, мемлекеттік қызметте болған біздің буынның президент алдында қарызы бар. Бірақ, халық алдындағы парыз бір адамның алдындағы қарыздан әлдеқайда жауапты.

Зәуреш Баталова,“Политон” клубының Астана филиалының жетекшісі:
Клубтың бүгінгі отырысын Қазақстанның жаңаша тарихындағы қуғын-сүргіннің құрбаны болған мемлекет, қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлының саяси қайраткерлік тұлғасына арнағанды жөн көріп, оның атындағы Қоғамдық қордың басшысы Рысбек Сәрсенбайұлын шақырып отырмыз. Кешегі тақырыпты бүгін жалғастыра айта кетсем, Қазақстанда саяси репрессияның мысалы жетерлік. Тіпті, саяси өлім болғанын да білеміз. Атап кетсек, Заманбек Нұрқаділов, Нури Муфтах, Батырхан Дәрімбет тағы басқалар. Солардың ішінде дара саяси тұлғасы мен маңызды орны бар құрбан болған азаматымыз – Алтынбек Сәрсенбайұлы.
Ол саясатқа өзінің айырықша қабілеті мен зерегі арқылы және отаншылдығы арқасында жастайынан кірісті деуге болады. Еліміздегі ең жас министр болып тағайындалды. Қазақстандағы әлеуметтік-саяси реформалардың басы-қасында тәуелсіз Қазақстанның жаңа билігі құрамында болғаны рас. Ол атқарушы билік құрамында жүріп, Қауіпсіздік кеңесінің хатшылығына дейінгі ірі қызметте болды. Мансабының соңын мәмлегерлік қызметпен аяқтады. Сөйте жүріп, өзінің лауазымы мен мансабын одан сақтау мүмкіндігінің зор болғандығына қарамастан, ол елде шынайы саяси реформа қажеттігін түсініп, сол пікірін билікке өткізе алмағандықтан, амалсыздан сол бастаманы қоғам арқылы жүзеге асыру жолында қоғамдық-саяси өмірге бас қойған еді. Алайда, шынайы реформа жасаудан бас тарта отырып, оның бұл бастамасынан ресми билік мықты қорықты, оның тұлғасының халықты ертуге және ол барған саяси партияның аса зор беделге ие болып, саяси күшке айналып кететіндіктен сескенді. Ақыры, халыққа саяси реформадан гөрі тыныштықты таңдау еткен билік президент сайлауы қарсаңында Заманбек Нұрқаділов секілді қайраткерді өлтіртсе, онан кейін Алтекеңе ауыз салып, жоқ қылып тынды. Қуғынға өз азаматтарын біздің билік неге салады? Ол өзге пікірлі адамдардан зәресі ұша қорқады. Бұл жөнінде Алтекеңнің Заманбек ағамыздың мүрдесін қоятын ғимарат бермеуге тырысқан билік өкілдеріне айтқан мына сөзі-ақ мән-жайды ашып береді: “Сендер енді өлген Заманбектен қорқып отырсыңдар!”

А.Сәрсенбайұлы: ... мемлекеттік қызметте адам белгілі бір функцияларды атқарушы ғана болса, қоғамдық қызметте саясаткер қоғам алдындағы өзінің жауапкершілігін терең сезінуі тиіс.

Баяндамашы: Рысбек Сәрсенбайұлы, журналист
Көпшілік назарына баяндама жасау мүмкіндігін ұйымдастырғандарыңызға алғысымды білдіре отырып, Астанада осындай саяси пікірлестердің басын қосатын аяулы азаматымыз Нұрболат Масанов атындағы “Политон” клубының жұмысына ризалығымды білдіремін.
... Інімнің артында қалып, соның жолын жоқтап, оның сөзін елге таратушы боламын, осылай соның атынан сөйлеп жүремін деген ешбір ойда болған емес... Он ұйықтаса түске кірер жағдай емес еді...
Бүгінгі қоғамға Алтекеңнің өзі керек еді, өкінішке орай, оны жоқтауға ұшырап отырмыз. Біз бауыры, дос-жараны, пкірлесі ретінде жоқтасақ, мына болып жатқан дүрмекте оны ел-жұрты қандай ой айтар еді, неге бастар еді, қайтіп жол сілтер еді дегендей ретпен жоқтауда. Азаматтың қадыры осындай қиын-қыстауда, ел қысталаңға тірелген тұста артады, жоқтығы білінеді.
Адам ретінде, азамат ретінде іздеу бір басқа да, қайраткер ретінде, қоғамның тетікшісі ретінде, ұлт перзенті ретінде жоқтау мүлдем басқаша екен.
Біз бүгінгі биліктің осы елді мекендеген адамдарға, жұртшылыққа тигізетін залалы мен зиянын, көрсетіп отырған құқайы мен қасіретін толғанамыз әрі күйінеміз.
Алтекен оппозицияға өткенде әр алуан әңгіме болса да, елдің ауып бара жатқан жүгін түзетуді мақсат еткен еді, ақыры соның құрбаны болды. Билікте жүргенде жүктің аумауын ойлап бас қатырумен болса, президентке барынша оңды ықпал ету жағында болып жүріп, ақыры оның мүмкіндігі қалмаған шақта, амалсыздан қарсы жаққа шыққан еді. Ондағы ойы билікке сырттай қоғамдық әлеует арқылы ықпал етуді ойластырған еді. Мемлекеттің, халықтың тағдырын бір адамның ғана қолына сеніп қалдырудың аса қатерлі екендігіне көзі жеткендіктен де сондай қадамға барған еді. Қазір авторитарлық-тоталитарлық аталып жүрген жүйені түзетуге болмаса өзгертуге барын салды. Әйтпесе, бұйырған лауазымның жетегінде бабымен балпаңдап жүріп, ғұмырын төлеуге салмай-ақ, екі ботасын жетім, жан жарын жесір етпеу үшін, ата-анасы мен бауырларын қайғы жұтқызбау үшін жайбарақат өмір сүре беруіне болар еді. Қарақан басын ойлағанда, онда абырой да, атақ та жеткілікті еді. Бірақ, ол жеке бастың мүддесін ел мен мемлекеттің мүддесінің жолында құрбан етуге тұрарлық деген шешімге келсе керек. Әйтпесе, біздің биліктің қолынан қандай сұрқиялық келетінін ол біле тұра, бірақ тәуекелге жеңдірді. Үлкен жолды таңдады.
Еліміздің іргелі ел болуын аңсап, бар күш-жігерін сарп етуге даяр болған талай азамат мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа сеніп, соңынан еруге тырысты, оны барынша қолдауға көтермелеуге жандарын салды. Біздің Алтекен де соның бірі әрі бірегейі еді. Бірақ, ол кедергіге тап болғандардың, тіпті, бүгінде күш-жігерін жұмсай алмай арманда жүріп, зардап шеккендердің ішіндегі құрбан болғандардың біріне айналып отыр. Сонда мұның бәрі не үшін? Сонда біздің тәуелсіз ел болуымызда қандай мән бар? Жазықсыз жандарды зәбірлеп, қудалап, соттап, нәубетке ұшырататындай биліктегілерге не жетпейді? Қарап тұрсақ, оларда бәрі бар: атақ-даңқ, мансап, байлық, басқасы да...
Өздеріне не жетпейтінін солардың өздері де білмейді. Меніңше, олардың бойларын билікке деген тойымсыздық жайлаған! Соның бір дәлелі кеше ғана енгізілген Конституцияға өзгеріс: мәңгілік болу жетіспейді! Ал, мәңгілік не бар? Бұл дүниенің жалған екенін ата-бабамыз айтып кеткен жоқ па еді?! Ел басқарушының осындай қарапайым уәжді білмейтініне ешкім сенбейді. Елге қиын кезде астананы көшіріп, біршама шығын жұмсалды, оған көндік. Айтысып-тартысып жүріп, Целиноградты қайтадан Ақмола атадық, соны жеңіс тұттық, тарихи әділет орнаттық деп есептедік; оны көп ұзатпай “Астана” етіп өзгертті, не үшін? Тағы да өзгерту үшін, сол бір адамның есімін беру үшін. “Астана” сөзін өзгертуге ешкімнің жүрегі ауырмайды, ол соншалықты қадырлы тарихи атау емес. Біздің етіміз мұндай “реформаларға” үйреніп болды. Ондай жасандылықтың жолы болған емес, тарих бәрібір әр нәрсені өз орнына қояды. Соншалықты арамтер болудың қаншалықты керегі бар? Алтекен бұл турасында қала салу оңай, қоғам орнату қиынның қиыны екенін айтып еді. Ол осы жағынан шын мәнінде Назарбаевқа жаны ашып, тарихта оның шынайы қалуын ойлайтын еді. Ертеректегі әңгімелерінде ол, мықты мемлекет болуымыз үшін Нұрсұлтанды Ататүрік етуіміз керек және ол шын мәніндегі Ататүрік болып еңбектенуі керек дейтін. Бала-шағасының мәселесін жиып-теріп қойып, басы елдің тағдырына шынайы қатуы керек дейтін. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Алтекен осылайша армандайтын. Әрине, әр халық өзінің бір тарихи бетке ұстар тұлғасын қадыр тұтатыны рас. Бірақ, Алтекеннің бұл арманы іске аспады, сенімі көзі тірісінде ақталмады, енді кері кетіп бара жатыр... Назарбаев ол сенімді ақтай алмады, Алтекеннің оған кейінгі кезде көзі жетті.
Алтекеннің “Тәуелсіз елдің тәуменді тұлғалары болмауы керек” дегендегі “тәуменді” деген диалект құлдыққа бейім, басыбайлы, кіріптар, жеке бастың қажеттілігінен артпайтын адам деген мағынада айтылған сөз ғой. Бұны кезінде Ғалымжанды түрмеге жапқанда, соның тезірек аман-есен шығуына барын салып жүргенінде берген сұхбатында айтқаны еді. Сөйтіп жүріп ол, Ғалымжандай азаматтың аман қалуын бір тілесе, абақтыдағы оған бірдеңе болса, президенттің абыройы да аман болмайтынын айтып, сол кезде біраз лауазымдыларға шыққан еді. Мына сөз сол лауазымдыларға қарата айтқаны ғой. Шынында да, еңсесі түскен азаматтар қандай мемлекетке лайық болмақ? Қазір біздің елдің азаматтары тәуменденген адамдарға көбірек ұқсайды. Мысал, бір ауылға барып бір шенеунік бәленшеге дауыс бересіңдер десе, сол ауыл түгелімен сыпырылып әлгінің айтқанынан шықпайды. Болмаса, мұғалімдерді алайық, жұмыстан айырылып қалам деп, директорға құлдық ұрады, директор білім департаменті бастығына тәумен, ол әкімге, ал әкім жоғарғы әкімге, ол – президентке. Міне, осылайша, ақырында жаппай тәуменизмге ұрынып отырмыз. Тәуменділік - біздің елдің саясатының мәйегі. Мұндай жүйе марқұм Сапармұрат Ниязовтың саяси тетігі болған еді. Енді міне, біздің тәуменді парламент Конституцияны бас шұлғаумен жүріп қалай үстіртін өзгерте салды. Алтекеннің бұдан үш жыл бұрынғы айтқаны айдай келіп отыр, ол: “Тәуелсіз еліміздің азаматтары тәуменді болса, тәуелсіздіктен қадыр кетеді” деген еді. Кешегі Конституцияны өзгертуіміз ешкісауым уақыт ішінде болды да, қойды емес пе?! Міне - атазаңымыздың, тәуелсіздігіміздің қадыры! Сондықтан азаматтардың тәуменді болмауы – бүгінгі күннің ең өзекті де маңызды мәселесі. Алтекеннің бір сұхбатында атаған тәуменді емес азаматтардың бірқатарын атап кетейін: Ерік Асанбаев, Өзбекәлі Жәнібеков, Дәулет Сембаев, Шығыс Қазақстанда әкім болып өліп кеткен Бектемісов, Марат Оспанов, Төлеген Жүкеев т.т.
Алтекен көзі тірісінде “Назарбаевтың тұсында біз Назарбаевсыз қоғам құруды ойластыруымыз керек” деген мәселе қойған еді және ол президентті кемсіту емес, мұның астарында бүкіл халық болып, тәуменді болудан сақтануымыз керек деген мағына жатыр. Ал, қазіргі билікке керегі сондай тәуменді ұрпақ болып отыр. Сөзімнің соңын Алтекеннің мына сөзімен аяқтағанды жөн көремін: “Әрине, ел ішіне тұрақтылық керек. Бірақ, біздің тұрақтылық туралы пікіріміз сәл басқаша сияқты. Бізге биліктің емес, ел ішінің тұрақтылығы керек. Ондай тұрақтылық әлеуметтік жағдай оңалғанда ғана болмақ. Биліктің тоқпағымен қалыптасатын жасанды тұрақтылықтың арты кері нәтижеге апарып соқтырады. Билік саяси реформаға “халық дайын болмағандықтан” емес, байлықты уысынан шығарғысы келмегендіктен бармай отыр”.

А.Сәрсенбайұлы: Халық құлдилап бара жатқанда бүгінін, ал, жағдайы шамалы түзелгесін ертеңін ойлай бастайды.

С.Әбдірешұлы, клуб сарапшысы: Біздің қоғамның бар мақсаты - адамдарды тәуменді ету секілді және сол мақсатқа біршама жетіп те отыр. Кешегі Конституцияны өзгерту үдерісі біздің осы ахуалымызды бекітіп берді.
Алтекеңнің Назарбаевты Ататүрік етуіміз керек деген 90-жылдардағы арманын кәзіргі уақыт талабына сәйкес болмаса да, сол кездегі менің де арманым болғанын жасырғым келмейді. Алайда, қателескен Алтекең екеуміз сияқтылар емес, біз секілді бүтін бір ұрпақты алдап отырған сол кісі мен оның құрған билігі. Ешбір жерасты байлығы болмаса да, Ебропа мен қызыл империяның және мұсылман елдерінің қақ ортасында даму жағынан артта қалған сауатсыз елден, Ататүрік еңсесі көтеріңкі замани мемлекет құрып, этностық жағынан қырық құрау, азын-аулақ түріктің, гректің, армянның, грузиннің, араптың, курттың және басқалардың есебінен бірыңғай түрік ұлтын жасақтауға негіз жасап кетсе, бүгінде қазақ ұлты кім көрінгеннің талауына түсе бастады. Ұлттық буржуазия мен зиялының ұлтты ойлауға мұршасы жоқ, тіл мен ділден сау-тамтұқ қалар емес. Ел дейтін ерлер ілуде біреу. Бүгінгі билік - егемен елге тән өкіметтің субъектісі емес, кешегі қызыл империяның билігіне тән әміршіл-әкімшіл сипат пен жемқорлық жайлаған, кеңестік билік рухы дендеген елес. Біздің қоғам тәуменді емес адамнан өлердей қорқады, демек, біз тәуменділер яғни құлдар қоғамын орнықтырып жатқан секілдіміз. Тапқан таянғанымыз бір бірімізді тәуменді етуге жұмсалып жатқандай әсер аласың. Сонысымен қорқынышты!
Бірақ бұл үдерісті бір адамның күнәсі деу арқылы өзгеміз кінәдан арыла алмаймыз, біздің бәріміз де бір қазандағы процестеміз, ешқайсымыз да бақылаушы бола алмаймыз, бәріміз де осы процестің қатысушысымыз. Бақылаушы - тек қана Жаратқание! Сондықтан да оңды өзгерістің тілеуін тілеу де, оны болдыру да - әрқайсымызға тиесілі іс.

А.Сәрсенбайұлы: Бюрократия - көрінбейтін тұлғалардың қолымен жасалатын алапат күш.

С.Әлібаев, клуб сарапшысы, саясатшы: Сайып келгенде, бізді осындай күйге не жеткізді? Қызыл империядан құтылдық деп қуандық, тәуелсіздік алдық деп қуандық. Сөйтіп, жүріп жыл сайын саяси қуғын-сүргін көргендерді ақтап, Кеңес өкіметін жазғырып жаттық. Ақыры өзіміз тағы да сондай билікті басымызға шығарған мемлекет құрып отырмыз. Біз әлгі сұрақты өзімізге өзіміз қойып, соған іштей жауап іздемейінше, мұндай ахуалдан құтыла алмаймыз, ағайын! Бұға берсек, әлі талай Алтынбектен айырылуымыз мүмкін де, ақыры құлдықтың қамытын қайта киюіміз ғажап емес. Тіпті, бұл қауіп, алпауыттардың өздеріне де төніп отыр.

Қорыту

Баяндамашы: Рысбек Сәрсенбайұлы, журналист: Секе, мәселені дұрыс қойып отырсыз. Бізді осындай күйге не және кім жеткізді? Осы сұраққа мен Ебропада жүріп, Ниязов режимі абақтыда өлтірген әйелдің інісімен кездескенде, соның ауызынан жауап алғам. Ол: «Бізді мұндай халге жеткізген - зиялы қауым. Президенттің теріс қылығына жолбайлау болудың орнына жол ашты, мақтады, көтермеледі, соның жалған насихатын жасады, тетігіне айналды. Ақыры содан ұлт зардап шегіп отыр. Енді сендер де сол жолға түсіп келе жатырсыңдар!» - деп еді.
Бүгінгі отырысты мен Алтекеннің өз сөзімен тәмәмдайын: «... Сол кездегі жасалған әрекеттер бүгінгі күні де, ертең де жалғасын тауып жатса, онда бәлкім кейбір мәселелерді ашып айту керек. Уақытында айтпаған шындықтың қадыры жоқ. Сондықтан да өткенді қазбалап, бірнәрсесін тірнектеп жату, меніңше, ол саналы азаматтың атқаратын қызметі емес. Айтатын шындығың болса, кезінде айт, бетіне айт, жария ет. Айтпадың ба, үндемей-ақ қой.»

ШОШҚАШЫ

Х.Андерсен ертегісі.

Баяғыда бір кедей патшазада болыпты. Оның патшалығы сондай шағын еді, дегенмен үйленуге дәулеті жететін. Ол үйленуге сонша құмартты.
Бірақ та оның тарапынан императордың қызынан «Маған күйеуге шығасыз ба?» деп сұрау барынша батылдық еді. Қалай болғанда да оның беделі бар еді де, оған әйелдікке жүздеген патшайым келісер еді. Ал, әміршінің қызына бар да ойыңа келгенді айтып көр, не болар екен!
Бұл бір шытырман оқиға еді,ендеше істің қалай болғанына көшейік.
Патшазаданың әкесінің моласында айтуға сөз жетпейтіндей әсем раушан гүлінің бұтасы өсіп тұратын; ол бес жылда бір-ақ рет қана гүлдейтін де, жалғыз ғана гүл шешек ататын. Бірақ оның жұпар иісін жұтқан кісі қайғы-мұңын ұмытатын. Патшазаданың бұған қоса бұлбұлы болды, ол сайрағанда тамағында әлемдегі небір әсем әуенді жинақтап қойғандай әсерде болар еді тыңдарман. Раушан да, бұлбұл да болашақ патшайымға әзірленген сыйлық еді; екеуін де күміс кең қобдиға салды да, патшайымға жөнелтті.
Патшазада қобдиларды патшайымның нөкер қыздарымен бірге меймандарша ойнайтын кең залына жеткізуді бұйырған; қыздың да ойыннан басқа ісі болмайтын. Үлкен сыйлық қобдиларын көрген патшайым қуаныштан қол соғып жіберді.
- Шіркін, мыналардың ішінен кішкене ғана мысық шықса ғой! – деді патшайым.
Бірақ қобди ішінен керемет раушан гүлі шықты.
- Шіркін-ай, қалай көркем істелген! – десті бір ауыздан нөкер қыздар.
- Көркемнен де көркем! – деді әмірші. – Өзі сондай тамаша!
Патшайым раушанды ұстап көріп, жылап жібере жаздады.
- Туу, көке-ай! – деп өкінді қыз. – Бұл жасанды емес, нағыз гүл ғой!
- Туһ! – деп қайталады нөкер қыздар. – Шынында да нағыз гүл екен ғой!
- Қызбаланбайық! Басқа қобдида не бар екен, қане көрейік! – деп қарсыласты әмірші.
Басқа қобдидан бұлбұл шықты да, сайрағанда одан қандай да бір кемшілік іздеу мүмкін болмай қалды.
- Superbe! Charmant1! – десті күтушілер; олардың бәрі жамырап, бірінен бірі өтіп французша шүлдірледі.
- Мына бір құс менің есіме марқұм патханымның органшасын түсірді!- деді бір кәрі қызметші. – Аумаған сол әуен, сол мәнер!
- Иә, иә! – деп әмірші балаша жылап жіберді.
- Құс жасанды болар деп үміттенем? – деп сұрады патшайым.
- Нағыз құс! – деп жамыра жауап берді сыйлық әкелген шабармандар.
- Онда ұшып кетсін! – деп ренжіген патшайым, ақыры патшазаданы өзіне жолатпады.
Патшазада бұған жабыға қоймады: ол бет-ауызын қар қошқыл түспен бояп алды да, басына мыж-мыж кепеш киіп, сарайға жетіп келді.
- Саламатсыз ба, әміршім! – деді ол. – Мен үшін сізден бір баспана табылмас па екен?
- Сен сияқтылар жеткілікті, қайсы біріңді паналатам! – деді де әмірші, – Тоқтай тұр, маған бір шошқашы керек еді! Менің шошқам көп қой!
Сөйтіп, әміршіге патшазада шошқашы болды да, оған шошқа қораға жапсарлас кішкене ғана жаппаны баспана етуге берді.Ол күні бойы шошқа бағып, кешкісін керім ас пісіретін қыш құмыра жасауға кірісті. Құмыраны айналдыра әндеткіш бөбеншелер ілінді. Құмыраға әлдеқандай ас пісірілетін болса, бөбеншелер мына бір ескі әнді сызылта жөнелетін болды:

Қайран, менің Августинім,
Бәрі де өтер, бәрі де өтер!


Бәрінен де тамашасы сол, құмырадан шыққан буға қолды тосып тұрып, қаладағы кез келген тұрғынның не пісіріп жатқанын білуге болатын еді. Сөйтіп, құмыра солып қалар раушан гүліне ғана ыдыс болмады! Патшайым өз нөкер қыздарымен серуенге шықты да, кенет әлгі бөбеншелердің сызылтқан әуенін естіп, елти тыңдады. Патшайым тұра қалып, тыңдады да, жайнап сала берді: ол да күйсандықпен «Шіркін, менің Августинімді» тартушы еді. Бұл әуенді ол бір саусақпен тартатын.
- Шіркін-ай, мына әуенді мен де тарта алам ғой! – деді қыз. – Біздің шошқашы құр болмады! Қане, біреуің барып, шошқашының аспабы қанша тұратынын сұраңдар.
Нөкер қыздың бірі ағаш кебіс киді де, мал қораға жөнелді.
- Құмыраң қанша тұрады? – деп сұрады нөкер қыз.
- Құмыраның құны - патшайымды он рет сүю! – деді шошқашы.
- Одан басқа құны жоқ па?! – деді нөкер қыз.
- Одан арзан бола қоймас! – деп тұқыртты шошқашы.
- Не деді шошқашы? – деп сұрады патшайым.


_________________

1Теңдессіз! Керемет! (франц.).


- Ол қисынды баға сұрайды, бірақ оны айту мүмкін емес! – деді нөкер қыз. – Масқара!
- Қане, маған сыбырлап айтшы!
Нөкер қыз оған сыбырлады.
- Мәссаған, әңгүдік! – деді де патшайым жөнімен кеткісі келді, бірақ бөбеншелер… сондай әуезді еді:

Қайран, менің Августинім,
Бәрі де өтер, бәрі де өтер!

- Былай ет! – деді патшайым нөкер қызға. – Бар да, менің нөкер қыздарымды он рет сүймес пе екен?
- Жоқ, рахмет! – деп кері қайтарды қызды шошқашы. – Патшайымды он рет сүйіп берем, болмаса құмыра менде қалады.
Қандай масқара! – деді де патшайым. – Қане, мені ешкім көрмейтіндей айнала қоршап тұрыңдар!
Патшайымды нөкер қыздар айнала тұрып, белдемшелерімен қымтады; шошқашы өзіне тиесілі патшайымды он рет сүю құқын, ал патшайым құмыраны алды.
Қандай қуаныш десеңші! Сол күні кеш бойы, ертеңгісін күні бойы құмыра оттан түспеді. Ал, қалада басқасын қойғанда малай мен етікшінің не пісіргеніне дейін қыздардың білмеген ошақ құпиясы қалмады. Нөкер қыздар секіріп, қол шапаттап мәз болысты.
- Біз бүгін кімде дәмді көже, кімде құймақ барын білеміз! Біз кімде ботқа, кімде жентек піскенін білеміз! Қандай қызық!
- Иә, дәл солай! – деп растады бас аспаз әйел.
- Солайы солай, бірақ ауыздарыңа ие болыңдар, менің әміршінің қызы екенімді ұмытпаң!
- Құп болады! – десті бәрі жапатармағай.
Шошқашы болса, (яғни патшазада, бірақ аналар үшін ол шошқашы екені рас қой) уақытты босқа өткізген жоқ та, енді ол зырылдауық жасады; оны шыр айналдырғанда дүниедегі барлық би әуендері мен ырғақтары сызылып қоя беретін болды.
- Мынауысы superbe ғой! – деді өтіп бара жатып патшайым. – Нағыз әуеннің қоры екен! Мұны естімегенім жақсы еді. Қане, қыздар, сұраңдар мына аспабына не сұрайды екен. Бірақ енді мен онымен сүйіспеймін!
- Ол патшайымның жүз рет сүйісін сұрайды! – деп баяндады шошқашыға барып келген нөкер қыз.
- Немене, оның есі дұрыс па?– деді де патшайым жөнімен кете барды. Бірақ, екі аттап барып қыз тоқтай қалды.
- Өнерді қолдау керек!– деді ол. – Мен әміршінің қызымын ғой! Барып айтың анаған, кешегідей он рет сүйісем, қалғанын менің нөкер қыздарымнан алар!
- Ол бізге тіпті де ұнамайды! – десті нөкер қыздар жамырап.
Соқпаңдар! – деді патшайым. – Онымен мен сүйіскенде, сендер қайда барасыңдар! Сендерге мен ас беріп, ақы төлейтінімді ұмытпаңдар.
Әлгі нөкер қыз шошқашыға тағы жөнелуге тура келді.
- Патшайымның жүз сүйісі!– деп қасарысты жігіт. – Ол болмайды екен – әркім өз олжасымен қалады.
- Қане, айнала тұрың! – деп бұйырды патшайым, нөкер қыздар қоршай қалысты да, шошқашы оны сүйгілеуге кірісті.
- Шошқа ауладағы мынау не қылған жиын? – деп сұрады, балконға шыққан әмірші, көзін сүртті де көзәйнегін тақты.– Ой, нөкер қыздар екен ғой, тағы бірдеме ойлап тапқан! Барып қарамаса, болмас.
Әмірші үйге киер кебісінің сірісін дұрыстады. Ол үйге сірісі басылған кебіс киетін. Әлгі кебісті сырпылдатқанын көрсең ғой!
Мал аулаға келген ол, нөкер қыздарға ұрлана келіп еді, әлгілер бар ынтасымен сүйісті санап жатқан - әсіресе, шошқашының артық сүйіп қоюын мүмкін етпеу мақсаты көзделуде еді. Әміршінің келгенін ешкім сезер емес, ол болса, қыздар тізілген шеңберге тақалды.
Мынау не деген масқара! – деп ол, патшайым мен шошқашының сексен алтыншы сүйісінің сәтіне келгенде қыздарға кебісін зытырды. – Табандарыңды жалтыратыңдар! – деп әбден ашуланған әмірші өз патшалығынан патшайымды да, шошқашыны да қуып жіберді.
Патшайым ағыл-тегіл жылауға басты, шошқашы сілейіп тұр, екеуін де малшындырып жаңбыр жауып тұр.
- Мен қандай бақытсыз едім! – деп өксіді патшайым. – Маған енді патшазада қалай тап болсын! Бақытсыз басым–ай!
Шошқашы ағаш тасасына барды да, бетін айғыздаған қарақошқыл түсті бояуды сүртіп, жалбыр киімдерін сыпырып тастап, қыз алдына өзінің барлық ақсүйектік жарасымы мен көркемдігі жарасып, тұра қалып еді, патшайымның көңілі орнығып, бұған назар аударды.
- Мен сенен өшімді осылай алам! - деді жігіт. – Сен әділ патшазадаға күйеуге шыққың келмеді! Оның сыйлаған шынайы бұлбұлы мен раушан гүлін менсінбедің, ал шошқашымен ойыншық үшін сүйістің! Саған сол керек!
Сөйтті де, ол артына қарайламастан өз патшалығына кетті. Ал патшайымға тек жігіт ойыншығына қосылып шырқау қалды:

Қайран, менің Августинім,
Бәрі де өтер, бәрі де өтер!