четверг, 29 ноября 2007 г.

Берік ӘБДІҒАЛИ, әлеуметтанушы:


КЕНЕ ХАННЫҢ БАСЫМЕН БІРГЕ
ҚАЗАҚТЫҢ РУХЫ ДА КЕТКЕН СЕКІЛДІ ...



– Берік мырза, соңғы кезде сіздер қазақ ұлтының мәселесі жайында ғылыми-теориялық бағдар жасап жүрсіздер. Бұған не түрткі болды?
– Біз өткен ғасырдың 90-шы жылдары тек орыс мәселесін зерттейтін едік. Себебі, Солженициннің, Жириновскийдің сөздері, әсіресе олардың солтүстік облыстарға байланысты айтқан пікірлері бізді осыған мәжбүрлейтін. Сөйтіп жүргенде қазақ мәселесінің қордаланып қалғанын байқадық. Бұл - менің пікірім.
Мәселен, бүгін қазақ ұлтының жаны мен тәні үшін күрес жүріп жатыр. Қазақтар тәуелсіздіктің сыртқы саяси сипаттарынан басқа ешбір игілікті көріп отырған жоқ. Мемлекет саясатында қазақ халқына пайдалы субъектілер көрсетілмеген. Қоғамда қазақ ұлтының мүддесіне қабыспайтын көріністер күн санап өсіп келеді. Ұлттың табиғи түйсігі жақсылық пен жамандықты айыра алмайтын күйге ұшырай бастады. Ұлт руханияты еш құны жоқ бос кеңістікке қарай ығысып барады. Қазақпыз дегеннің бойларында қызғаншақтық, пасықтық, эгоизм, сияқты келеңсіз құбылыстар өршіп тұр. Мұның өзі - моральдық азғындаудың нышаны. Оның сыртында қазақтардың әлеуметтік – психологиялық жағдайының нашарлығы, ана тілінің тапталуы, елдегі парақорлық, ұлт ретінде кемсітуге ұшырауы халықтың ашу-ызасын туғызуда. Осы мәселелердің барлығы болашағымызға қатер.
Ең басты қауіп, жоғарыдағы мәселелер жиналып келіп бір күні лақ етіп төгілетін болса, басқа ұлттың өкілдеріне де оңай тимейді. Халықтар достығы жайында қалады. Осылай кете берсе, түптің түбінде қазақ проблемасы сыртқа тебеді. Көзге көрініп тұрған қауіп жоқ, қазақтардың қолынан не келер дейсің, бәрі биліктің ойлағанындай болады деген адам қателеседі.
Қазақстандағы басқа ұлттар қазақ ұлтының рөлін көтеру арқылы ғана дами алады. Осындағы барлық этностардың жақсы тұруына, этносаралық жанжалдардың болмауына басты кепіл қазақтың өзі болуы керек.
– Сонымен жұмысты неден бастадыңыздар?
– Алдымен қазақ тіліне назар аудардық. Өйткені, қазақтың екіге жарылып тұрғаны осы мемлекеттік тіл төңірегінде айқын байқалады. Белгілі мамандарды, соның ішінде орыс тілінің де мамандарын шақырып бірнеше талқылау өткіздік. Онда: «қазақ тілі заңда көрсетілген мәртебесіне неге сай емес?» деген бір ғана сауал төңірегінде ой қозғадық. Содан шыққан қорытынды былай болды. Мәселе тілде емес екен, сол тілдің иесі қазақтың өзінде екен. Себебі, ұлттың рухы жоғалған, кембағалдық тұрпаттағы түсінік қалыптасқан, өзін сыйлаудан, құрметтеуден қалып қойған екенбіз. Қоғамдағы орнын білмейтін дәрежеге түсіп кеткен, мемлекеттік сана қалыптаспаған, отаншылдық сезім мен мәдениет төмен. Осы сияқты пікірлерді салыстырып, сараптап отырып «Қазақ миссиясы» атты тұжырымдама жазып шығардық.
– Ұлттың семіп қалған рухын ояту үшін басты – басты қандай факторларға назар аудару қажет деп таптыңыздар?
– Біз ұлттың саяси сана-сезімін зерттедік. Осыған көп көңіл бөлдік. Ұлттың арманы не? Мемлекетке көзқарасы, саяси тұжырымдамасы қандай? Осы сұрақтарға көңіл бөле отырып, халқымыздың тарихына зер салдық. Сонда байқағанымыз, қазақтың ұлт болып тұтасып бірлікке мойын ұсыну кезеңі Жоңғар шапқыншылығы тұсында ерекше көрініс тапқан. Одан кейінде көтерілістер, соғыстар болды. Мысалы, Кенесары көтерілісі, осыған тұстас Исатай-Махамбет көтерілістері кезінде жоғардағы Жоңғарға қарсы соғыстағыдай бірлік, байланыс байқалмайды. Әркім өзінің ата-бабасының қонысы маңында тар шеңберлі көтерілістер ұйымдастырған.
ХІХ ғасырдағы бас көтерудің ішінде маңыздысы - Кенесарының көтерілісі. Өйткені, оның мазмұны бүкіл қазақтың басын қосу ниетінде болды. Маған, Кене ханның басымен бірге қазақтың рухы да кеткен сияқты сезіледі. Осы көтеріліске әлі күні лайықты тарихи баға берілген жоқ. Биыл Кенекеңнің Ақмола бекінісін азат еткеніне 160 жыл толып отыр. Бұл да ешқандай ескерусіз кетіп барады.
– Кенесары бастаған көтеріліске не себептен тарихи баға берілмей келеді?
– Былай қарасақ орысты, мына жақта қырғызды ренжітіп аламыз деп жалтақтап отырмыз. Мен мұны неге айтып отырмын. Жоғарыда ұлттың рухы жойылды дедік. Рухты оятуға халықты тәрбиелейтін түрткінің бірі - осы көтеріліс. Одан кейін қазақ тарихында «Зар заман» басталды. Абай, Ыбырай бастаған биік саналы адамдар халықты білім алуға шақырды. Олар орысты біліммен болмаса қарумен жеңе алмайтынын түсінді. Одан кейін өткен ғасыр басында тарих сахнасына Алаш көсемдері шықты. Бұлар біліммен толық қаруланған, нағыз мемлекеттік сана-сезімі кемел қалыптасқан, мемлекет құрудың үздік үлгісін меңгерген адамдар еді.
– Биыл Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің құрылғанына және Алаш автономиясының жарияланғанына 90 жыл толды. Осы тарихи оқиға республикалық деңгейде аталып өтілмей кетіп барады. Неге?
– Бұл жайында біз биліктен сұраған едік. Сөйтсек 90 жылдық мерей тойланбайды екен. Тойлау үшін 50 немесе 100 жыл болуы керек. Алашты әлі дұрыстап түсіне алмай жүрміз. Алғаш Алашорда үкіметі құрылғанда оның құрамына кірген 15 адамның кімдер екенін оқыған азаматтардың өзі білмейді.
Содан кейін бүгінгі тарихымызда қарама қайшылықтар көп. Бұл жағдай ұлттың санасына кері әсер етеді. Мысалы, Алашты көтереміз деп, басқадай қайраткерлерімізге көлеңке түсіруге әсте болмайды.
Сол сияқты біздің тарихымызда тағы бір ақтаңдық бар. Ол 1931-32-ші жылдардағы аштықта халықты қорғаймын деп көтеріліске шыққан адамдар болды. Солар әлі ақталған жоқ. Мысалы, бір болшевикті өлтіргені үшін 300 адамды қырып тастаған жағдайлар болған. Осымен тұстас Созақ көтерілісі, Абыралы көтерілісіне қатысқан көп адамдар ақталмай жатыр. Себебі, бір коммунисті өлтіргендіктен қылмыстық іс ашылған, ол ақтауға жатпайды деген секілді.
Украиндарды алсақ, олар халқының басына түскен геноцидті жалпы мемлекеттік дәрежеге көтерді. Сол арқылы өткен тарихқа кеткен есесін түгендеп жатыр. Біздің де солай істеуіміз керек сияқты. Осының бәрін реттеп алмай тіл мәселесі шешілмейді. Өйткені, бодандық сана-сезім, өз өзін менсінбеушілік, тілін қажетсінбеу, тарихын елеп-ескермеу психологиясынан арылмайынша - тілдің бағы жанбайды.
– Өткендегі желтоқсан оқиғасы мен «Невада - Семей» қозғалысы отаншылдық маңызы жағынан үлгі тұтуға лайық емес пе?
– Әрине, желтоқсан оқиғасының орны бөлек. Одан кейінгі халыққа әсер еткен дүние «Невада-Семей» қозғалысы болатын. Бұлар үлгі тұтуға татитын оқиғалар. Алғаш «қайта құру» басталған тұста елімізде саяси емес экологиялық Арал мәселесі, Семей полигоны сияқты сыйаақтаған рухани мәселелер күн тәртібіне шықты. Бұл - Желтоқсан оқиғасында аузы күйіп қалғанның әсері болар.
Одан кейін тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы «Азат» қозғалысын айтпағанда, біздегі саяси ұмтылыстар 2001 жылдан басталады. Ұлттық дамуға тежеу көбейген сайын саяси сана да агрессивтік түрде қалыптасып келеді. Тарихта қандай ұлт болмасын оның пассионарлық дүмпуі болады. Ол орта буынның рухани мәдениеті толысқан жағдайда іске асады. Біздегі ең үлкен трагедия қазақ ұлты тілдік тұрғыдан екі топқа бөлініп барады. Арасы күн сайын алшақтай түсуде. Осыны болдырмау керек. Сөйте тұра орыстілді қазақтар арасында этникалық ынтымақтастық бар. Мен жуырда банкирлердің арасында бодым, шетінен орыстілді жігіттер екен. Маған сөз бергенде, мен алдым да қазақша сөйледім, сондағы бауырларымның мені көздері жасаурай қолпаштағанын көрсеңіз. Өздерінше тілдерін бұрмалап қазақша сөйлеуге бәрі де ұмтылып жатыр. Аянышты жағдай... Бұл – олардың емес, жалпы қазақ ұлтының қасреті ғой.
– Ұлт депрессияға шалдыққан жағдайда одан құтылудың тағы бір жолы халық өзі сенген жеке тұлғаның лидерлік қабілетіне арқа сүйейді. Ондай оқиғаны басқа халықтар тарихынан көптеп келтіруге болады. Бізде ондай адам бар ма?
– Қоғамдағы беделді адамдар болсын, демократиялық көзқарастағы қайраткерлерде нақты мәселеге келгенде табансыз. Басқа халықты ренжітіп алмайық, биліктің көңіліне келіп қалмасын деп тайғақтық танытады. Былайша айтқанда, аса белсенді орыстілді элитаның ықпалынан да жасқанатын сияқты. Осы орыс тілді элита өздеріне ұнағанды халықтың бәріне ұнайды деп түсінеді. Оларды жеңудің жолы қазақтілді азаматтар барлық жағынан күшейіп, лидерлік қабілетке иелік етуі керек деп ойлаймын.
Мемлекеттік қызметте отырған, қазақ тілін жақсы білетін азаматтарымыз көп. Осылар жаңағыдай нақты шешім қабылдар кезде әлсіздік танытады. Мәселе мінезде болып тұр. Бұларда тіл бар, ана тілін біледі, бірақ оны сөйлететін рух жоқ. Айналасына қарап алып орысшалап кетеді. Сол себепті үлкен саяси қадамға баратын тұлғалар жоқтың қасы деуге болады. Ұсақталып барамыз.
– Қазақ ұлты мен елімізді мекендейтін диаспоралардың ара қатынасына арнайы зерттеу жүргізіп көрдіңіздер ме?
– Біз қазақ мәселесін алға салып, ең әуелі қазақ мәселесін шешпей ешкімге күн жоқ дегендей пікірмен орыстың ұлтшыл ұйымдарына барып шықтық. Олар қарсыласпады, қолдады. Осыдан 5-6 жыл бұрын болғанда, олай етпеуі мүмкін еді.
Тағы бір мәселе, Қазақстанды мекендеп жатқан басқа ұлттар қазақ ұлтының дамуына мүдделі болуы керек. Өйтпегенде, әртүрлі қақтығыстар орын алуы әбден мүмкін. Есесі кетіп бара жатқан ұлт ызақор келеді де сөз жоқ басқаларға тиіседі. Сол себепті Қазақстандағы ұлттар алдымен қазақтың дамуына ниеттес болмай, олар да дами алмайды. Оның басты белгісі ретінде қазақтың тілін үйренуі қажет.
Ұлттық тарихтан басқа ұлттық арман деген болады. Қазақ нені армандайды. Одан кейін тез арада шешуді қажет ететін қандай ұлттық қарама-қайшылықтар бар. Мысалы, рушылдық, жершілдік дейміз бе, болуы мүмкін ықтимал мәселерді зерттеп жатырмыз.
– Қазіргі жағдайда қазақтың ең жаман қасиеті қайсысы екен?
– Басқа ұлттарға қарағанда қазақта жиі кездесетін ауру ол: жеке бастың немесе бас пайданың қамы. Осы қазір бірінші орында тұр. Әсіресе зиялы қауым болсын, мемлекеттік жауапты қызметтегі адамдардың қай-қайсы жеке бастың қамын көп ойлайды, сол үшін бастарымен қайғы болуда. Осыдан арылудың жолы ретінде Алаш көсемдерінің іс әрекетін ұсынуға болады. Осындай образдар арқылы тәрбиелемесе болмайды.
– Сізді лауазымды мемлекеттік қызметке шақырса, барасыз ба?
– Менің өмірімде дағдарған кездер болды. Президент әкімшілігінде қызмет істедім. Ол жерде қағаз тасып жүре бергеннен ештеме шықпайтынына көзім жетті. Содан аймаққа барып жұмыс жасап көрейін деп, Теміртау қаласына әкімнің орынбасары болып бардым. Онда да байыз таппай, демократиялық «Ақжол» партиясы алғаш құрылғанда сонда бардым. Оның тағдыры қалай болғаны белгілі.
Бәрінен түңілдім де, содан бері өзіме өмірлік даңғыл жол таңдап алдым. Ол - мәңгі құндылық - ұлтқа қызмет ету жолы. Басқа әрекеттердің бәрі баянсыз өтпелі болатынын түсіндім. Саясатпен айналысқым келмейді. Мені ол қызықтырмайды. Әркім қолынан келетін жұмысын атқарғаны жөн деп ойлаймын.
– «Қазақстандық ұлт» деген бастамаға қалай қарайсыз?
– Егер бүкіл қазақстандықтар қазақ тілінде сөйлеп, қазаққа қызмет етсе мен сол «қазақстандық ұлт» дегенге қарсы болмас едім. Қазір мәселенің барлығы адамның жеке бас қасиетіне байланысты болып жатыр. Заң ештемені шешіп жатқан жоқ. Мысалы, «мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп жазып қойдық, орындап жатқан кім бар? Заңның қоғамда ықпалы болса, ендігі орындалар еді ғой. Мәселе осыны орындатушы адамның қасиетіне байланысты болып отыр. Жалтақтамайтын, қаймықпайтын жалғыз министр болып, үкіметте қазақша сөйлеп отырсыншы, оған кім тосқауыл қойды. Рух, намыс жетіспейді.
– Кейбір ұлтшыл азаматтар ұлттық партия құру қажет, дейді. Сіз ше...
– Қазіргі жағдайда ұлттық партия құрудың қажеті жоқ секілді. «Ойбай, қазақ қайдасың!» деп айқайлағанмен түк шықпайды. Тек ағартушылық жұмыспен мықтап айналысу керек. Елдің көзін ашу керек, одан кейін ұйымдастыру жұмысы өзі жүріп кетеді.
Қазір бәрі пісіп жетілді, енді ұлттық мәселені дұрыс шешетін менеджменттік қызмет қажет. Оны биліктегі кейбір көзі ашық азаматтардың өзі айтып жүр. Мына жақтан талап күшейіп жатыр, біз не істейтінімізді білмейміз, дейді. Соларға көмектесуді қолға алуымыз керек. Бүгінгі барлық саяси партиялар қазақ мәселесін көтермесе, жеңіске жете алмайтын күн туады. Біз соны жеделдете беруіміз қажет.
– Қызметіңіз бар ма?
– Қоғам қайраткері марқұм А. Сәрсенбайұлы атындағы қордың жетекшісімін. Осы қор атынан 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына байланысты 10 том кітап шығардық. Осының соңғы үш томында тек құжаттамалар енгізілді. Бұрын жарық көрмеген дүниелер бар. Желтоқсан оқиғасы кезінде «жемісті» еңбек атқарып, марапатқа ие болған адамдардың тізімін беріп отырмыз.
- Әңгімеңізге көп рахмет.
Әңгімелескен - Бек Қанатұлы.

Шың шөксе, кім кінәлі?

Қазақстанда саясат сахнасына келгенін Олжассыз елестете алмайтындар орыстілділердің де, қазақтілділердің де қатарында жетеді. Бұған Олжекеңнің екі тәуекелі дәйек болғанын атаған ләзім: бірі - оның шовинизмге тойтарыс берген «Аз и я» еңбегі; екіншісі – «Невада-Семей» қозғалысы. Егер алдыңғысы бүкіл түркілердің рухани еңсесін көтерсе, соңғысы өткен ғасырдың 90-жылдары қазақтарды әлемге паш еткен бірден бір қадам еді. Әсіресе, осы экологиялық қозғалыстың арқасында елде біршама саясатшылардың дүниеге келгенін тарихи шындық деп мойындаймыз және мақтан тұтамыз. Соның бірі – осы жолдардың авторы.
Әлі есімде, қозғалыстың Семейде аймақтардан жиналған жастардың басын қосып, Олжекеңмен кездесу өткізгенім. Сонда байқағаным – оның тізгіні көбіне орыстілділердің қолында еді. Бірақ, оның ұстанымы да сол тарапқа тәуелді дей қоймағанмын... Керісінше, оның орынбасары болып жүрген Мұрат Әуезов ағамыз ұлтқа деген оъективті жанашырлығы сыртқа теуіп, біз секілді бір топ жастың Олжас баскермен (лидермен) кездесуіне бар жағдай жасады және оның рухымызды көтеріп, бізден елге болашақ қамқор ұрпақтың дүниеге келуін тілегендігін сол жолы анық сезгенбіз. Бірақ ол кезде ұсақ-түйекке мән беретін біз емес едік. Сол баскерден ұлттың ақсақалы шығар деуші едік, алайда одан гөрі Мұрат ағамыздан нағыз ақсақал шығып келе жатқандай. Ендеше, бұл шыңның шөккені емес пе? Менің бұл пікіріме себеп, О.Сүлейменовтың жуырдағы Демократияландыру Мәселелері бойынша Ұлттық комиссияның (ДМҰК) отырысында айтқан мемлекеттік тілді нығайту қадамына қатысты сөзі.
Шынтуайтына келсек, Олжас ағаның бұл сөзі оның қазіргі Қазақстанның ахуалынан сонша қашықтап кеткендігін болмаса қасақана түрде оны білмегенсуін көрсетеді. Ал, шынайы түрде Қазақстандағы қазіргі тіл мен ұлт ахуалы қандай көріністе?

1. Қазақстан саяси ахуалды анықтайтын шовинистік әлеуеттен арылды. Бұл жағдай ауыл шаруашылығында колхоз-совхоздардың (әсіресе, астықты өңірлерде) барлық меншік үлесінің 10-20%-ын шаруашылық басшыларына үлестіргеннен бастап, қызыл директорлар мен биліктегі орыс-славян номенклатурасының өз сыбағаларын Ресейге, басқа шетелдерге өздерімен бірге тонап, үдере көшу процесінен басталған еді. Яғни, Қазақстанда болған бұл «ұлы көш» орыстардың немесе орыстілділердің қуылуынан гөрі, олардың елді елсінбей, жерді менсінбей, бергенді жолдан, бермегенді қолдан тартып алғаны емей немене? Ал, оған ілеспеген қазырғы қазақстандық орыстардың шовинистік пиғылдан аман қалып, елдің ең қиын уақытын қазақтармен бірге бастан кешіп, қазақстандық азамат болуға келіскендерінің көрінісі еді. Сонда ұтылғандар - Ресейге «қуылған» орыстар ма, қолда бар малын сойып сатып, терісін Түркияға үлбіртон шығаруға өткізіп, шаруасы күйзелген, құм басып, басқасын айтпағанда, ауызсуға жарымай қалған қазақтар ма? Бұған жауапты, кезінде Ресейге артынып-тартынып көшкен қазақстандық орыстардың байлықтарына қызғана қарап, оларды өз қандастары өртеуге ұшыратқан көрініс бермеп пе еді? Демек, Қазақстан орыстарды ығыстырды деген пікір шын мәнінде елдегі қалған-құтқан шовинистер мен құлқазақтардың (тарихтағы есен-қазақ терминінің паралелі деп ұғыңыз) қылығы емей не?!

2. Совет өкіметі кезінде 70 %-ы шөлді-шөлейтті аймақтарда орналасқан ауыл шаруашылығында күн көрген қазақтардың бүгінде сол маңда 40% кәрі-құртаңдары қалып, 30%-ы қазір қалаларда базаршының күнін кешуде. Олар өз тілдерінен бас тартып, орыстілді ортаның құқайына қың деместен беімделді, өз құқығын саудаламады және өз рухани бастауынан айырылып, не арабтық, не америкалық тірлік үлгісін таңдап, нағыз мәңгүрттің күйін кешуде. Бәлкім, елдегі содан да болар, бүгінде қылмыскерлердің 90-95%-ы қазақтар. Өткен тарихта әлемдік биліктің басты сарбазы ретінде талай елдің гвардиясын жасақтаған далалықтардың бүгінгі ұрпағы, енді әлемдік қылмыс тұтқасын ұстауы қалды емес пе? Бұған гуманист Олжекең не дер еді?

3. Қазір талай езудің қышуын қандырып жүрген Қазақстандағы тіл мәселесі – шын мәнінде мемлекеттің мылқау болмауының проблемасы болып табылады. Қазақ тілі этнос тілі болудан мемлекеттің тілі болу мерзімі бітіп барады. Яғни, мемлекеттік тілдің мәселесі, азаматтардың құқығын бұзу мен ұлтаралық қатынастың шытынауына қатысы шамалы. Өйткені, мәселе мемлекеттің басты қатынас құралы болып табылатын ресми (мемлекеттік деп қабылдаңыз) тілі жайында және оның мемлекеттік дәліздегі қолданылу аясында болып отыр. Ал, азаматтық ортада кім қай тілде сөйлесе, сол тілде гәпіріп жүр. Керісінше, қазақтар этнос ретінде өз жерінде өзі өгейсіп, саяси өкпенің субъектісіне айналуда: мемлекеттік салада да, қоғамдық орта мен азаматтық өмірде де қазақ тілін шеттету шеберлікпен аяқталды. Тіпті, халықаралық қоғамдлық ұйымдардың өздері де талай отырыстары мен сабақтарын тек қана орыс тілінде өткізу дәстүрге айналды.
Егер жоғарыдағы жайтты жайына қалдырсақ, бұлқыныс пен мүдде қорғау және ашыну кім жақтан шығары айдан анық. Ендеше булыққан бұлқынысты осылайша арандату неге керек, әлде бұл қазақтілділердің мүддесін менсінбеу ме?! Мұндай пікірдің орнына Олжекең екі тарапты да қанағаттандыратын шешімнің жобасын ұсынуы керек еді...
Егер тіл жөніндегі мемлекеттік проблеманы азаматтық құқық деңгейінде тарылтатын болсақ, онда Қазақстан деп аталатын егемен елдің бұдүниеге қажеттігі қалмайды. Ондай жағдайда, бұл ел базаргөй экономиканың алаңы мен жер қойнауын бөліске салу саудасының ордасына айналады, бұлайша мемлекеттен жұрдай болу қазақ түгелі, ешбір қазақстандықты қанағаттандырмайды. Олжастай интеллектуалымыз әлі күнге дейін мемлекеттің міндеті мен азаматтардың құқығын шатастыратын болса, қалғанымызға не жорық? Құқықты ескере отырып, міндетті ұмыта қалатынымыз – қазіргі қоғамдық-саяси талап таразысын ескермеудің көкесі.

Енді мемлекеттік дәлізде қызметкер болып жүрген және құқығы бұзылғалы отырған контингент мәселесіне келейік. Алланың алдындағы бір ақиқат болса, ол - Қазақстандағы мемлекеттік қызметкерлердің құрамының кемінде 90%- ы қазақтар екендігі. Ендеше мемлекеттік тілді енгізбей не енгізе алмай отырған бірден бір күш те солар – қазақтар! Егер осы 90%- ды 80-ге түсіріп, қалған 20%-ды мемлекеттік тілді меңгерген қазақ еместерден іріктеу жүргізілсе, Олжас қария айтып отырған «асығыстықтың» қай жері дәйекті. Мұндай жағдайда, қазақтардың өздері бастап, тілді үйреніп, егемен елдің толыққанды (қазіргі тіл білмейтіндер – ұлт үшін де, мемлекет үшін де жартыкеш деп мойындау керек) маман ретінде сезінбей ме? Ал, бұған дейін мемлекеттік қызметтен шеттетілген 10% қазақ еместердің бағы ашылып, бұзылған құқықтары түзелмей ме? Сөйтіп, қазақстандықтардың бірыңғай да алаңсыз біртұтас ұлт болып қалыптасуына негіз қаланбай ма?! Егер қазырғы қарқынмен кете берсек, көзді ағызар ши шығару, сол қазақтардың өзінен шығатынын ең әуелі қазақ еместер түсініп, қазір жаппай қазақ тілін үйренуге кірісуде, сенбесеңіз, Астанадағы кітап дүкендерінен қазақша-орысша сөздік тауып көріңіз. Ендеше нағыз ұлттану процесі енді басталған жоқ па? Мұндай кезде өзінің мемлекет алдындағы міндетін атқарып отырғандарға мемлекеттік тілді енгізуге неге асығасың деу әумесерлік болып шығатын секілді. Тіпті, оны айтқан күннің өзінде жұртқа жария етіп, аптаның айтулы уәжі қылуға тұрмайтын еді, амал не Олжас көкенің тіл ұшына тап бұл жолы пәтуәлі сөз ілінбегені...
Қазіргі қазақы саяси алаңда шаңын қағып келе жатқан бірі дариядай шалқыған Мұхтар Шаханов пен бірі таудай керілген – Олжас Сүлейменов. Бұларды қалың қазақ тірі рух көріп, арқа сүйейді. Егер Қазақстандағы құқығы бұзылып, тілін тістеп отырған қазақтар екенін мойындасақ, бұлардың бір бірінің жағасынан алмағанын ғана емес, бірінің тілеуі бірі болғанын қалар едік. Егер де Олжекең өзінің әлгі кінә артуының орнына, алаш ақсақалы ретінде мемлекеттік тілдің ахуалын көтеруді күн тәртібіне қоймаса да, Мұханы қолдап, міндетті мемлекетке жүктей сөйлеп, қазақтілді қазақ емес азаматтардың жолын ашуды нұсқағанда, тіпті болмаса, ол базынасын ұлтқа жаймай-ақ, Алматы әкіміне жекелей айтса да, кім білсін, оны кім айыптарын... Жалпы, билік міндетін атқаруға қарсы халықтан басқа, жекелеген пенделердің құқай көрсетуінде қандай маңыз бар? Ол қандай ірілікті меңзейді? Қалай болғанда да, Олжекеңнің бұл әрекеті оның елдің қазіргі даму деңгейінің сұранысы мен елдегі демократияның қазақтарсыз және оның рухани болмысысыз елестету мүмкін еместігін сезбей отырғанын білдіреді. Бұл оның бір кездегі «Тауларды аласартпай, Даланы асқақтатайық!» дегенінің енді «Таулар аласарса, да аласармаса да, Далада шаруамыз болмасын!» дегенге көшкенімен парапар. Әйтпесе, елдегі жұртаралық татулық пен тыныштықты қазақтан артық көтермелеп және қалап, оның ауыртпалығына көніп отырған қауым жоқ; ендеше мемлекеттің проблемасын қазақтың ғана есебінен шешу Уақыттың да, заңның да талабына томпақ. Мемлекеттің проблемасы биліктің қабілеті есебінен шешілуі керек!
Өкінішке орай, мәселені баздандыра жасыру шешуге жатпайды, керісінше, әлеуметтік жарылыстың болашақтағы зор дүмпуін жасақтайды. Мұндай істе тәуекел мен нақты әрекет керек. Ондай әрекет, әсіресе, ұлттық мінбеден сөз алып жүргендерге жарасады. «Орыс тілінде өлең жаза бастады» деген сөзге қалып жүрген Шаханов ағамыз, тілге тәуелділіктен гөрі, өзіне тән тәуекелге бел буғандықтан кірісті деп түсінген мақұл. Егер Олжас ағамыз бастап, бір шалғай ауданға бір ай жатып, тіл үйренсе, одан оның алған асуы аласармайды, онымен бірге сол ауылға талай шалақазақтар мен басқа жұрт өкілдері ат басын бұрып, этносаралық жымдасу процесі басталған болар еді. Ауыл қазақтарының мұңына мұңдастар көбейер еді, ауыл проблемасы тез шешілер еді. Сонда, қазырғы отырыстарда сөйленген сөзден салмағы батпан тартатын ойларға кенелер еді. Ал, әзірге бұл топтың қолынан шікірею ғана келуде, өкінішті!
Әзірге Қазақстандағы этносаралық татулықты барынша қолдап-қорғаушылар ретінде өз басым, Олжас ағамыздың «Алматы қаласы бойынша 2006 жылдың 1 қаңтарынан іс қағаздарын мемлекеттік тілге көшіру дегенді кім шығарды?» дегені халықтың тілеуін кесуге ұмтылғаны, мемлекет пен оның тілін нығайтуға, қазақстандық халықтың біртұтастануына қарсы уәж және этносаралық («ұлтаралық» деген терминді қазақтілді БАҚ-ға баспауды ұсынар едім) кіжініс тудырудың түрткісі деп тіксінудемін.

Астана. 2005ж

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЭТНОСАРАЛЫҚ КЕЛІСІМНІҢ ҚҰРЫЛЫМДАРЫ

Қазақстанның ішкі саясатында этносаралық келісім басты рөл атқарғанымен, оның жүзеге асу механизмдері өмір талабына сай айқындалмаған. Ел қауіпсіздігінің ішкі сыйпаты аталмыш салаға басымдық берілгенімен, оның саяси негіздемесі елдегі ұсақ этностардың мүддесін қазақ ұлты мен Қазақстан мемлекетінің мүддесі есебінен қамту қолға алынған. Бұл сайып келгенде өзін ақтайтындай саяси механизм болмай отыр. Мұның салдарын соңғы бір жыл ішінде елде болып жатқан этносаралық қақтығыстардың орын алуына әкеліп соғуда.
Қазақстандағы этносаралық келісімнің өзі не нәрсеге негізделгенін айыру қыйын. Бір қарағанда, елдегі азаматтардың құқық теңдігі ғана емес, этностардың да тепе-теңдігі саяси жалауша желбірейді. Алайда, бұл теңдіктің тамыры неде екендігі және қандай критерилерге негізделгендігі түбірімен айқындалмаған. Ғылыми негізсіз және зерттемесіз құрылған Қазақстан халқы ассамблеясы атауының өзінен «халықтары» сөзінің жуырда ғана ығысуы мемлекеттің субъектілік сыйпатын қандай қауіптің болып келгендігін көрсетіп берді. Аталмыш құрылым қазырғы кезде конституциялық қайшылыққа ұрындырып отырған заңдамалық көп фактордың бірі болып отыр.
Аталмыш ассамблеяның құрылу мақсаты мен қалыптасу әдісі де, жолы да саяси және заңдық қыйсынға келмейді. Егер ассамблеяның мақсаты елдегі ұсақ этностарды қазақ ұлтымен теңестіру болса, оның түбінде қандай пиғыл жатса да, мемлекеттің унитарлық құрылымы мен мұратына қарама-қайшы. Ал ассамблея мәртебесінің анықталмағандығы өз алдына, енді оның атынан мемлекеттік басты органдарды жасақтау мүмкіндігінің жартылай заңдануы елдің ішкі саясатын тұйыққа тірейтін тағы бір факторға айналатын түрі бар. Мәселен, демократиялық та, заңды жолға да татымайтын әдіспен ассамблея атынан парламент мәжілісінің тоғыз депутатының сайланбай тағайындалуы (сайлау тек қана сайлаушылар тарапынан атқарылатын акт) азаматтар теңсіздігінің жаңа көрінісін әйгілеп отыр. Оның үстіне ұсақ этностардың тікелей жоқшылары парламент деңгейінде пайда болып, мемлекет құраушы ұлт ретінде қазақ этносының мүддесін қорғайтындай заңдық мотивацияға негізделген мандатты тұлға болмай қалуда. Мұның өзі қазақ ұлты тарапынан зор қарсылық туындатуда. Сөйтіп, о баста елдегі этносаралық келісімді нығайтуға тиісті Қазақстан халқы ассамблеясының миссиясы кереғарлыққа тап болуда.
Оның үстіне аталмыш органның не мемлекеттік екені, не қоғамдық екені белгісіз, мәртебесі айқындалмаса да, жоғарғы мемлекеттік органдармен теңестірілуі елдің стратегиялық саяси бағытына үлкен өзгеріс апаруға итермелеуде. Мәселен, 2030 жылға дейінгі елдің стратегиялық даму программасына сәйкес болашақта азаматтардың этностық тегін мойындамау арқылы қазақстандық ұлт аталмақшы космополиттік пиғыл осы жайттан туындап отырған саяси салдар деуге болады. Бұл пиғылға қазақ халқы түгілі ұсақ этностардың өзі өздерінің жұтылу қатері ретінде үзілді-кесілді қарсы болуда.

Ассамблеяны құрайтын ұлттық-мәдени орталықтардың жасақталуы да көкейге көп түйткіл туындататын мәселе. Қазырғы кезде Қазақстанға кездейсоқ келген кез келген азаматтар тобының әлдебір этносқа бірігу көрінісі саяси және қоғамдық мәртебеге ие бола беретін түрі бар. Қазақстанның кез келген бір этносқа біріккен оншақты азаматы елдің кез келген өңірінде өздерінің ұлттық мәдени орталық құру мүмкіндігіне ие болып отыр. Мәселен, тараздық дұңғандар Астанаға саудамен жайғасып алып, ассамблея мен ішкі саясат департаменті тарапынан тегін таратылатын грантты алу мүмкіндігіне қол жеткізу үшін тағы да елордада ұлттық мәдени орталық құрып алған, солтұсқа бұрын соңды жоламаған ұйғыр, өзбек, тәжіктер де бір бір отау тігіп үлгеріпті. Шын мәнінде Астанада гастербайтерлерден өзге мүдделі болып отырған аталмыш этностық топ бар деуге болмайды.
Астана қаласының он жылдығын алдағы жылы атап өткелі отырсақ та, осы уақытта елордаға жыйналған түрлі этностық шетелдік топтарға дейін ұлттық орталықтар құру мүмкіндігі ешбір нақты талапсыз, критерисіз түрде мәдени этностық ошақтарын құрумен бірге кәсіптік нысандарға да ие болуда. Мысалы, украиндар Астанадан гектарлап жер алу арқылы өздерінің ұлттық мәдени ықпалдарын күшейтуді қолға алуда, оған Украина елшілігі қаржылай және заттай жәрдем бермек, оның үстіне Қазақстан халқы ассамблеясы тарапынан бөлінетін грант тағы бар. Осындай мақсатпен елорда маңынан ұйғырлар да жер тілімін алуда. Болгарлар Павлодардан жер іздеуде. Бір қарағанда, мұнда тұрған ештеңе де жоқ секілді, ұсақ этникалық топтарға мәдени мүмкіндік беріліп жатқандай сыңай бар. Алайда, бұл терең ойластырылып, әділетті сыйпат алып отырған шара емес. Елдегі ұсақ этностық топтар арасында келісімді нығайтудан гөрі эгоистік өзара бәсеке бары анықтала түсуде. Елде кімнің ықпалы мен мүмкіндігі мол болса, сол қарпып қалуға тырысуда. Мысалы, байығыш та біріккіш өкілдері арқасында корей диаспорасы да өздерін материалдық және мәдени жағынан әжептәуір еркін сезінуде. Ал, ноғай, қарақалпақ секілді жоқшысы жоқ этностық топтардың халы керісінше. Сөйтіп, елдегі әрбір биліктегі ықпалды немесе бақуатты этнос өкілі өз этносын саяси әлемге жетелейтін локомотивтің рөлін атқаратындай ахуал қалыптасқан.
Ассамблея тарапынан ұйымдастырылып жатқан шаралардың діттеген мақсатта жетіп жатқанына күмән келтірерліктей жағдайлар да орын алуда. Мысалы, биылғы Тілдер мерекесі күні Астананың орталық стадионында этносаралық спорт жарысы болып өтті. Сол жарыстағы әйелдер арасында өткен қолкүрес нәтижесінде дұңғандар мен тәжіктердің арасында төбелес бола жаздағаны бар. Бұл шараның не мақсатты көздегені де белгісіз, спортты насихаттау ма, әлде этностарды спорттық бәсекесін арттыру арқылы кикілжіңге ұрындыру ма? Мұндай этносаралық спорт бәсекесі кімге керек еді деген сауал өзінен өзі туындайды. Мұның өзі ассамблея тарапынан бөлінетін қаржының жұмсалуын ойластырылмағаны, арнайы жоба ретінде рәсімделмегені көзге қораш көрініп тұр.
Жалпы, елдегі этносаралық саясат шынайылықтан гөрі сырт көзге жақсыатты болуды көздеген жалаң насихаттан тұратындығы барған сайын ашыла бастауда. Биылғы бірінші мамырда Қазақстан халықтарының бірлесу күні аталатын мерекеге байланысты Астана қалалық кіші ассамблея мүшелері болып табылатын түрлі этностық мәдени орталықтар өздерінің өнерлерін даярлау сәтінде ұлттық-мәдени орталықтардың басшылығы міндетсіп, бұлдана отырып, кіші ассамблея хатшысына бағынбай оны жыларман еткені бар. Соған қарағанда, кіші «ұлттардың» шаруасы әбден түгелденіп, мемлекеттің қамқорлығы олар үшін міндетті әлдиге айнала бастаған түрі бар.
Бір қызығы, бірнеше жүз мыңдаған қазақтар атынан астаналық ассамблеяға тек бір ғана «Тіл және мәдениет» қоғамдық бірлестігі енген. Шын мәнінде ассамблеяға ену тәртібі мен талабы тиянақсыз, нақты айқындалмаған. Астанада тұратын кездейсоқ келген он жапон да, бөгде планеталық приматтар да ұлттық орталық құрып алатын құқығы болса, тоғыз миллион қазақ та олармен теңестіріліп, бір ұйыммен барлық мәдени мүмкіндігін дамытуға қанағат етеді.
Басқа жағынан алғанда ассамблея құрамының бірыңғай ұлттық-мәдени орталықтармен бірге қоғамдық саяси қозғалыстардан да құралғаны таң қаларлық жағдай. «Лад», славян қауымдастығы мен казактар қоғамын қандай этностық мәдени орталықтарға жатқызуға болатыны түсініксіз.
Қазақстандағы ұлт пен этнос және этностық топ ұғымдары ажыратылмаған. Елдегі этностардың еріксіз саясилануы барған сайын тереңдей түсіп, оның арты этносаралық шиеленіске апаратын түрі бар. Бұл жағдайды үйлестіріп, бақылап отырған маман да, орган да жоқ. Қазырғы ассамблея аталатын мемлекеттік құрылым тек қана диаспораларға қаржы тауып беріп, солардың мүддесін көздеу арқылы әлгі ассамблеядағы жекелеген қазақ қызметкерлері өздерінің де мәртебесін көтеретіндей ахуал орнаған.
Ал, елдегі қазақ еместердің қазақтарға қатынасы жалаң ұран мен насихатқа құрылғанын ескерсек, мұның арты жадағай саяси нәтижеге ұрындыратыны сөзсіз. Елді егесіздік билеп бара жатқандай әсер бар. Қазаққа деген құрмет емес, оны мүсіркеу орын алған.
Жоғарыда аталған ұлттық орталықтардың белсенділері Қазақстанның патриоттары емес, ең алдымен өздерінің тарихи отандарының осындағы бір бөлшегі сезінеді. Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында республика күніне арналған ұлтық мәдени орталықтарының биылғы концерті кезінде армяндардың көркемөнерпаздары арқаларына бадырайтып «Армения» деп жазып алыпты. Сөйтіп, олардың қай елдің республика күнін тойлап жүргені беймәлім күйінде қалды. Айта берсе, мұндай көрініс жеткілікті. Мәселе, елдегі этнос өкілдерінің қазақты не Қазақстанды менсінбеуінде емес, этносаралық саясаттың бейбастақ кетуінде және елдің этностық саяси мәртебесінің нақты айқындалмауында. Бұл мәселенің елдің ішкі саясатының маңызды бөлігі ретінде салиқалы саясатқа айналмай отырғандығында.
Қазақстандағы этносаралық келісім ішкі саяси саудаға айналмас үшін, жоғарыдағы жайттарды атай келіп мынадай ұсыныстарды алға тартуды жөн көремін:
1. қазақ халқын мемлекет құраушы ұлт ретінде ресми түрде мойындау құжаты керек;
2. аталмыш құжат қазақ ұлтының миссиясы мен оның рухани-мәдени даму тұжырымдамасын және бағдарламасын қамтуы керек;
3. елдегі этностық топтардың мәдени сақталуы жөніндегі өз алдына бөлек бағдарлама жасалуы керек;
4. Қазақстанды этностық саясиланудың құрбаны еткелі отырған ассамблея аталатын жасанды заңсыз органнан құтқару керек;
5. Ұлттық-мәдени орталықтардың заңдық формасы нақтыланып, олардың құрылу және жасақталу жолдары заңдандырылуы қажет;
6. Ұлттық-мәдени орталықтар этностық-мәдени орталықтар аталып, олардың қызмет ететін этностық топтары сандық және сапалық жағынан ажыратылуы керек және олардың қызметтерін тұрақты бақылайтын, мониторинг жасайтын, сондай-ақ материалдық жағдайды ұйымдастыратын арнайы тігіңкі бағыттағы құрылым болуы керек;
7. этносаралық келісім шаралары мен этностық мәдени талаптарды орындау шаралары бір бірінен ажыратылатындай нақты жобалар білікті мамандардың қатысымен жүзеге асырылуы қажет.

вторник, 27 ноября 2007 г.

Қ Ұ Т П А Р А Қ




ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ!


Қазақстандық IT-компаниялар қауымдастығы жыл сайын интернет-сайттар арасында бәйге жариялауды дәстүрге айналдырды. Биыл Оңтүстік Кореяда тұрып жатқан Бақытнұр және Жанарбек есімді жігіттер жасақтаған www.massagan.com қазақша сайты екінші жүлдені иеленіп отыр. Бауырларымыздың еңбегі жана бергей!
Тіліміз әлемшырмақтан өз орнын ала бергей!

Астаналық бір топ ұлтшылдар

ОРЫНБОР: 1917 жыл 5–13 желтоқсан жалпы қазақ съезі

(деректер Һәм құжаттар)

Бұл съезді ұйымдастырушылар – Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, Е. Омаров, С. Досжанов, М. Дулатовтар. Съезге Самарханд облысы мен Алтай губернниясы атынан – 58 өкіл, әр түрлі қазақ ұйымдарынан – 8 өкіл, арнайы шақырумен – 15 адам, барлығы – 81 адам қатысқан.
Күн тәртібіне 10 мәселе қойылған. Негізгілері: қазақ-қырғыз автономиясын жариялау, милиция һәм Ұлт кеңесі (Үкімет) құру.
Алғашқы баяндаманы Ә. Бөкейханов жасаған. Осы баяндама бойынша қаулы қабылданып, қазақ автономиясы, милиция және Ұлт кеңесі мәселерін қарауға жеті адамдық комиссия құрылған. Осы құрылған комиссия атынан Халел Ғаббасов автономия, милиция және Ұлт кеңесі туралы баяндама жасайды. Баяндама негізінде:
1. Бөкей ордасы, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Сырдария, Ферғана, Самарханд облыстары, Амудария, Закаспий облыстарындағы қазақ уездері және Алтай губерниясындағы қазақтар қазақ автономиясының құрамына кіреді.
2. Қазақ-қырғыз автономиясы «Алаш» деп аталсын. Ұлт кеңесі құрылып аты «Алаш орда» болсын. Алаш орданың ағзасы (мүшесі) 25 адам болып, 10 орын қазақ-қырғыз арасындағы орыс және басқа халықтарға қалдырылсын.
3. Алаш орданың уақытша орны – Семей қаласы болсын.

Алашорда үкіметінің мүшелері:
1. Уәлитхан Танашев (1887 – 1968) заңгер, Бөкей ордасынан.
2. Халел Досмұхаммедов (1883 – 1939) әскери дәрігер, Орал облысынан.
3. Айдархан Тұрлыбаев (1877 – 1937) заңгер, Ақмола облысынан.
4. Ахмет Бірімжанов (1871 – 1927) заңгер, Торғай облысынан.
5. Халел Ғаббасов (1888 – 1931) физик-математик, Семей облысынан.
6. Салық Аманжолов (1889- 1941) заңгер, Жетісу облысынан.
7. Мұстафа Шоқай (1890-1941) заңгер, Сырдария облысынан.

Облыстардан тысқары:
8. Әлихан Бөкейханов (1866-1937) Алаш орда үкіметінің төрағасы.
9. Жанша Досмұхаммедов (1887 – 1930) заңгер, Орал облысынан.
10. Әлімхан Ермеков (1891-1970) математик, Қарқаралыдан.
11. Мұхаметжан Тынышпаев (1879-1937) Орал облысынан.
12. Бақтыкерей Құлманов (1859-1919) шығыстанушы, Бөкей ордасынан.
13. Жақып Ақпаев (1876-1931) заңгер, Арқадан.
14. Базарбай Мәметов заңгер, Лепсіден.
15. Отыншы Әлжанов (1873-1918) мұғалім, Шығыс Қазақстаннан.

Мүшелікке кандидаттар:
1. Иса Қашқынбаев (1891-1948) дәрігер, Орал облысынан.
2. Нүсіпбек Жақыпбаев (190-1932) дәрігер, Жетісудан.
3. Ережеп Итбаев (1873-1930) заңгер, Шығыс Қазақстаннан.
4. Сатылған Сабатаев (1874-1921) Қаскелеңнен, екі ЖОО бітірген, шығыстанушы, тұңғыш қазақ агрономы. Абай және Міржақып өлеңдерін алғаш орыс тілінде аударушы (1914).
5. Есенғали Қасаболатов (1889-1938) дәрігер, Оралдан.
6. Батырқайыр Ниязов (1872-1924) заңгер, Бөкей ордасынан.
7. Мұқыш Боштаев (1888-1921) заңгер, Баянауылдан.
8. Сейілбек Жанайдаров (1884-1929) заңгер, Атбасардан.
9. Сәлімгерей Нұралиханов (1878-ө.ж.б) заңгер, Бөкей ордасынан.
10. Өмір Алмасов (?-1922) халық мұғалімі, Торғайдан,
11. Сейдәзім Қадырбаев (1885-1938) заңгер, Торғайдан.
12. Аспандияр Кенжин (1887-1938) халық мұғалімі, Атыраудан.
13. Молданияз Бекімов (1882-1930 жылдардан соң белгісіз) әскери қызметкер, Оралдан.
14. Есен Тұрмағамбетов (?-?) Торғайдан.
15. Жанеке (Жақып) Солтоноев, мал дәрігері, қырғыз.


Алашорданың оқу комиссиясының мүшелері:
1. Ахмет Байтұрсынов (1872-1937) Торғайдан, Орынбор қазақ мұғалімдер мектебін бітірген (1895 жыл).
2. Мағжан Жұмабаев (1893-1938) Қызылжардан, Омбы оқытушылар семинариясын бітірген (1917 жылы).
3. Елдес Омаров (1892-1937) Қостанайдан, Орынбор мұғалімдер мектебін бітірген (1911 жыл).
4. Биахмет Сәрсенов (1885-1921) Шығыс Қазақстаннан, Семей мұғалімдер семинариясын бітірген.
5. Телжан Шонанов (1894-1938) Ырғыздан, Орынбор қазақ мұғалімдер мектебін бітірген (1916 жыл).
Деректі ұсынған - Марат ӘБДЕШЕВ

Алаш-арман

Өткен ғасырдың басында қазақ даласында мемлекетшілдік ұраны оянды. Сан ғасырға жалғасқан отаршылдық бұғаудан босанудың қам-қарекеттері басталды. Осы баянды істің басында қазақ оқығандары тұрды. Олар сол дәуірдің ең озық дәрісханаларында білім алды. Атап айтқанда: Қазан университетін бітірген Ахмет Бірімжанов, Мұхамеджан Қарабаев, Садық Аманжолов, Иса Қашқынбаев, Шафқат Бекмұхамедовтер, Петербург университетінің түлектері: Бақытжан Қаратаев, Бақыткерей Құлманов, Барлыбек Сыртанов, Жаһанша Сейдалин, Айдархан Тұрлыбаев, Жанша Досмұхамедов, Мұстафа Шоқай, Жақып Ақбаев, Райымжан Мәрсеков, Санжар Асфендиаров, Халел Досмұхамедовтер еді. Осылардың барлығы «Алаш» туы астында бірікті.
Алаш партиясы мен Алашорда үкіметі болшевиктер ұсынған кеңестік даму бағытымен қатар дүниеге келді. Сондықтан да Ресейдің байырғы отарлау саясатын ұстанған коммунистермен «бір қазанға» бастары сыйған жоқ. Тарихшы Мәмбет Қойгелдиев Алаш арыстары басшылыққа алған ұлттық даму бағыты жайында: «... олар қазақ елінің сан ғасырлық даму тәжірибесін, салт-дәстүрін революциялық әдіспен күрт өзгертуді емес, қайта оларды эволюциялық жолмен, басқа өркениетті елдердің өмір тәжірибесін ескере отырып, одан әрі жетілдіре түсуді көздеді. Ең негізгісі, бұл жол қазақ еліне өзін-өзі билеуге, сөйтіп өзінің ішкі қоғамдық мәселелерін өзі шешуге, өз атамекеніне өзі ие болуға мүмкіндік беретін жол еді» - деп жазады.
Сол сияқты Алаш партиясының қатарына қандай адамдар қабылданады деген пікірге байланысты «Қазақ» газетінің 1917 жылғы 253-інші санында: «Партияның программасын жақтырып, жөн көрген программадағы мәселелерді іске айналдыруға тырысатын кісі кіреді. «Алаш» бағытынан таймайтын, өтірік айтпайтын, жақындық туысқа бүйрегі бұрмайтын, дүниеге қызығып сатылмайтын, шыншыл, әділ, тура кісі осы партияға кіреді. Сыртын берсе іші басқа, тілін берсе жүрегі басқа болатын, ауырлық келсе бұлт беретін қорқақ, айнымалы мінезі бар кісі мүшелікке қабылданбайды» деп, нақпа-нақ көрсеткен.
1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін қазақ зиялылары кейбір нормалық қағидаттардың толымсыздығына қарамай жеке мемлекет құрудың, автономиялы республика орнатудың қажеттігін толық түсінді. Осы жолда қандай қиындыққа тап болса да қажымай еңбек етті. Мұндай мүмкіндік ғасырда бір туатынын бағамдай алды. Олар қазақ халқының аузын аққа жеткізіп, басына бұғауланған бодандық ноқтасын сыпырып тастау өздеріне берілген міндет деп ұғынды. Әлихан Бөкейхановтың: «Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпеген де болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз. Кейінгі ұрпақ не алғыс, не қарғыс беретін алдымызда зор шарттар бар» дегенін, бүгін біздер көрегендік демей не дейміз. Сол сияқты Алаштың тағы бір ардақтысы Ахмет Байтұрсыновтың тергеушіге айтқан мына сөзіне қараңыз: «... Менің идеалым қазақ халқының тұрмыс жағдайын, мәдениетін мүмкін болғанша көтеру, ал мұның өзі игілікті дамудың алғышарттары болғандықтан мен осы мұратты қандай билік қамтамасыз етсе соған ризамын» - депті.
Осы Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің шаңырағы астына біріккен ұлт зиялылары шын мәнінде қазақ ұлтының тарихында қайталанбас тұлғалар еді. Бірақ заманның қилы-қилы өзгеруіне орай олар небір қиын күндерді бастан кешірді. Ақыры бәрі дерлік атылып тынды. Шақит кетті. Дәл осы адамдардай қазақ халқына адал һәм есепсіз қызмет ететін ұрпақтың шоғыры туар яки тумас.
«Жақсының хаты өлмейді» дегендей Алаш мұралары біздің ұлттық қазынамызға айналды. Тағы да Ахаң айтқандай: «Адамдықтың егінін шаштым, ектім, Көңілін көтеруге құл халықтың...». Дәл осында айтылғандай Алаш идеясы, мұрасы, еңбектері, өсиеттері құл халықтың көзін ашпаққа керек.
Тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелдиев өзінің көп жылғы зерттеу нысанасына Алаш көсемдерінің әрекетін саяси және тарихи тұрғыдан қарастырып келген ғалым. Осы кісінің айтқанына қарағанда Алаш идеясына топтасқан ұлтшыл зиялыларды Кеңес билігі қатаң бақылаудың астында ұстағаны соншалық ОГПУ бір жылда 4 дүркін Сталинге есеп беріп отырған. 1922 жылы Әлихан Бөкейхановты Мәскеуге алып барып, ешқайда шығармай ұстаған. Жөнді жұмыста бермеген. Сол кезде ел астанасы Қызылордаға жиналған қазақ зиялылары Әлекеңе ортасынан қаржы жинап жіберіп тұрған. Біз бұдан не ұғамыз?. Біріншіден, Алаш жолында басын бәйгеге тіккен арыстардың азаттық жолында құрбандықтан қорықпағанын көреміз. Екіншіден, Кеңес билігіне қызмет етіп жүрген ұлт зиялылары да Алаш арыстарына бүйрегі бұрып тұрған секілді.
Осы орайда, «Алаш арыстарының күрес жолындағы мақсаты не?» деген заңды сұрақ туады. Олар әуелі, ұлттын отаршылықтан босатып, орта ғасырлық мешеуліктен құтқармақ болды. Мысалы: Ахмет Байтұрсыновтың, мешеу, мәдениетті төмен жұрт аңқау, ақ көңіл, алданғыш, сенгіш келеді, деп айтуында үлкен мән жатыр.
Екінші сұрақ: Алаш партиясы мен Алашорда үкіметі ұсынған ұлттық идеяның негізгі ұстанымдары қандай болды?.
1. Олар таптық бөлінуді (бай, кедей, орташа) қолдамаған.
2. Жерді сатуға қарсы болған.
3. Жердің асты мен үстіндегі байлық қазақтың төл меншігі деген.
4. Бір тоқтының жүнінен бір жапырақ бұл тоқылатын болса, ол алдымен қазақтың үстінен табылсын!
5. Қазақ тілі мемлекеттік тіл болсын!. 6. Мемлекет құруда ұлттық салт-дәстүрді сақтай отырып дамыған Жапония елінің тәжірибесі қолданылсын!
Міне бұл ұстанымдар осыдан 90 жыл бұрын Алаш арыстарының бағдары болған. Бұл бағдар арман күйінде қалды. Қазіргі тәуелсіз еліміздің мемлекеттік идеясының іргетасы осылай болуы керек сияқты.
Үшінші сұрақ: Егер Алашорда үкіметі орнап, Алаш идеясы іске асқан жағдайда қазақ халқы үшін қандай игілік болуы мүмкін?. Тағы да ғалымдардың пікіріне сүйенсек: 1921-22 жылдары аштықтан 1 млн. 758 мың қазақ қырылып қалмас еді (осы дерек әлі айтылмай келеді). 1931-32 жылдардағы аштық болмас еді. Қазақ ұлттының рухы дәл осылай құлдырамас еді. Қазіргі дүбәрә тілді трикомедиялық жағдай қалыптаспаған болар еді.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ

БҰРЫНҒЫ «АЗАТШЫЛМЕН» сұхбат

- Секе, кәзір неге «Азат» секілді қозғалыс жоқ?

- Бұл сауалға жауап берместен бұрын, «Азат» қозғалысының құрылған мақсатына назар аударайық. О баста, «Азат» қозғалысы Қазақстанның егемен алуына үлес қосуды мақсат еткен халықтық қозғалыс болды. Ал, Қазақстанның егемен болуы 1991 жылдың 16 желтоқсаны күнгі Қазақстан республикасын жариялаған заңның қабылдануымен біткен жоқ. Оны орнықтыруға тағы бір жылдай уақыт кетті, ал түпкілікті рәсімдеу 1993 жылғы 14 қарашадағы теңгеміздің шығуымен байланысты.
«Азат» қозғалысы азаматтық қозғалыс ретінде 1992 жылға дейін ісін атқарды. Одан кейін қазіргі Хасен Қожахметтің тіркеген «Азатына» дейінгі аралықта өлген қозғалысты «жерлеуге» қимай жүрдік және қозғалыс «тірлігін» көрсеткен де емес. Аштық жариялай секілді акциялар болмаса. Ал, Хасекең басқарып келе жатқан «Азат» тіпті, басқа нәрсе. Дегенмен, «Азат» қозғалысы өзінің алғашқы мұратына жетті, яғни сол кездегі қазақтардың, тіпті қазақстандықтардың (Ақтөбе облысында талай қазақ еместер де мүше болған) қатысуымен елдің егемен болуына өз үлесін қосты. Соның ішіндегі ең үлкен үлес – елдің солтұстық шекарасын қымтау (Орал оқиғасымен тығыз байланысты) және Семей полигонын жабуға мәжбүр ету. Бұлар айтуға оңай болғанымен әрқайсысы өз алдына зерттелетін тақырыптар. Егер сол кезде Орал оқиғасы нәтижелі болмағанда, елге ағылған ресейлік казактар қазір Орал қаласын Яик-казак республикасының астанасы етер еді де, келесі кезекте біздің терістіктегі бірнеше облысқа қол салатын түрі анық еді. Ал, елдің әр түкпірінен Орал оқиғасының буымен «Азат» жинаған адам нөпірі Семей қаласында 1 апта бойғы митингпен «Семей полигоны жабылмаса, барып өзіміз жабамыз» деген айбар арқылы және сол кездегі республика президенті мен «Невада-Семей» басшысы Олжас Сүлейменовке қайта-қайта полигонды жабу туралы жеделхат жолдауы айтулы жарлыққа қол қойғызды. Басқа ұсақ-түйекті есептемегенде, осы екі ірі акция «Азат» қозғалысының Қазақстан тарихында қалуына толық негіз жасайды. Қазақстан осы оқиғалардан кейін өз алдына егемен болуға лайықталып, өзіне өзінің сенімі ұлғая түсті және одан әрі қазақтардың мемлекетке ие болу құқығын моральдық жағынан қамтамасыз етіп, тәуелсіздікке деген лигитимдігін жүзеге асыра түсті. Осылайша, қозғалыс ел егемендігін орнатуға үлесін қосты. Бірақ алда егемендікті бекіту мақсаты тұр еді, ал оған азаматтық қозғалыс жеткіліксіз болатын. Саяси партия құру керек еді.
1991 жылы 4 қазанда Алматыда «Азат» қозғалысының негізінде Сәбетқазы ағамыз бастап, Қазақстанның республикалық партиясының құрылтайын өткіздік. Дәл сол күні Халық конгресі партиясы құрылды. Қозғалысты өлтіруге қимадық, әсіресе, тең төраға Михаил Есеналиев ағамыз партияның партия болатынына сенбеді. Ақыры, ол кісінің болжамы дұрыс болып шықты. Партия құруға біз даяр болмай шықтық, оған интеллектуалдық деңгей де, материалдық жағдай да жетпеді. Ақыры, бұл партиямыз кейін «Алаш» партиясы болып тіркеліп, 1998 жылғы президент сайлауына қатысқаны бар. Бірақ онда «Алаш» сайқымазақтың ролін ғана атқарды.
Сөйтіп, 1991 жылдың күзінде «Азат» қозғалысын күшейте түсуді ойлаған М.Есеналиев ағамыз, оны өзі басқарып, орынбасары ретінде Ж.Қуанышәлі, Д.Көшім, Х.Қожахметтерді шақырды. Олар бұған дейін қозғалыстың құрамында болмаған-ды. Сол кездегі заңдылықтың өзгеруіне орай, барлық қоғамдық ұйымдар қайта тіркелуге тиіс еді де, «Азатты» да қайта тіркеу қажеттігі туындады. Ол кезде ұйымды тіркеу оңай болса да, қозғалысты қайта тіркеудің машақаты 1 жылға созылды ғой деймін. Сол жылы әлгі партияның қағаздарын дайындаумен Алматыдағы Жәкеңнің (Қуанышәлі) бір бөлмелі пәтерінде 1 ай жатқаным бар. Ал, Жасарал «Азаттың» құжатын әзірлеп жүрді. Қысқасы, бұрынғы бір ұйымның орнына екі ұйым құрылғасын соның былығымен бас қатырып кеттік. Елдің қоғамдық саяси өміріне араласу жөніне қалды. Біз секілді саясаткерлер кеңсе ісімен кеттік. Мұның барлығы ұйымның ішкі жұмысының жүйесіздігі мен бұл саладағы тәжірибесіздік еді. Бұған қоса қозғалыс та, партия да жеткілікті қаржымен қамтылмады. 1991 жылы қозғалыстың атқару комитетін басқарып келген Марат Шорманов Халық конгресіне кеткесін атқару билігі ақсады. Ақшамыз «Азат» газетінің шығуына ғана жетіп тұрды, оны қолға алған сол кездегі марқұм редактор Батырхан Дәрімбетов еді. Аппарат жұмысы ақсады. Аймақтарда да қозғалыс пен партияны есептегенде екі-екіден аппарат керек болды. Бұл талапты көптеген облыстар көтере алмады, тіпті, партия мен қозғалыс басшылары өз ара егесе бастаған көрініс пайда болды. Сөйтіп, қозғалыс жаңа сатыға жұмысын жандандыруға дайын болмады.
Алайда, есіңізде болса, «Азатты» жандандырудың бірталай шараларын ұсындық, сол кезде тәуелсіз кәсіподақ, банк және фирмалар құруды ойластырдық. Алайда, мұны жүйелеп, жүзеге асыратын орталық аппаратта мамандар болмады. Біздер 1993 жылы Ақтөбеде «Отау» тұрғынүй-құрылыс кешенін құрып, мен соған басшылық жасадым. Топан ақша мен шиқыма сауданың кезінде 24 адамға жер алып беріп, оның 8-не бір жазда қабырға тұрғызып, төртеуіне іргетас қалап үлгердік. Бұрын құрылыспен айналыспаған біздерге бұл біраз шаруа еді, егер мемлекеттен нақты қолдау болғанда бұл ірі құрылыс фирмасына айналатын. Көп ұзамай, «Отау» банкрот болды. Одан басқа «Бекарыс» фирмасы болды, оның ізі әлі де бар. Мұндағы жігіттер барлық құжатты,тіпті, банк қағаздарын қазақшалап, тексеруге келген салықшыларды тұйыққа тірегені бар. Осы кәсіптеріміздің арқасында 1993 жылы маусым айында Ақтөбеде «Азат» қозғалысының конференциясын өткізіп, қозғалысты ыдыраудан сақтап қалуды ойластырғанымыз бар. Сол жиында өзім екі жолдың бірін қабылдауды ұсындым: біреуі – қозғалысты жауып, партияны қалдыру және оны «Отан» деп атап, ұлттық демократиялық бағыт ұстау; екіншісі – қозғалысты жабуға қимасақ, оның басшылығын үйлестіруді алма-кезек түрде аймақтарға беру, мысалы, 6 ай Ақтөбе басқарса, келесі жолы басқа облыс алады, сөйтіп, Алматының жүйесіздігінен қозғалысты құтқару. Өйткені, Алматыдағы азаматтардың «Азатты» басқармақ түгілі, кезінде Алматыда «Азат» қозғалысының бөлімін басқа аймақтардың ең соңынан құрғаны бар.Осының барлығы бізді қатты ойландырды. Бірақ, Ақтөбе мәслихатында әлгі ұсыныстың бірі де, онан басқа нақты ұйымды ыдыраудан сақтайтын жоспар да қабылданған жоқ. Мен сол жиында өзімнің қозғалыстан үзілді-кесілді кететінімді мәлімдедім. Осыдан соң «Азаттың» жоғарыда аталған жаңа басшылығы бар, ескісі бар, бәрі жабылып бітпейтін тартысқа түсті. Ақыры, «Азатты» дұрыстап «жерлей» де алмадық. «Алаш» партиясы мен «Азат» қозғалысын қайта-қайта құрушылар, шын мәнінде бұлардың тарих алдындағы беделін пайдаланумен ғана шектелуде. Сол атауларға лайық болмағаннан кейін оларды жұлмалап керегі жоқ. «Азат» атауын жамылушылар жаңа атауды еңбектеніп саяси бренд етуге жүрексінеді, сосын даяр атауды құрал етуге құмар келеді. Біздер «Азат» құрылғанға дейін Ақтөбеде «Алдаспан» ұйымын құрып, оны облыстағы іргелі де ықпалды ұйымға айналдырғанбыз. Ұмытпасам, 1991 жылы 6 көкекте Ақтөбеге екі марқұм болған ағаларымыз Сәбетқазы Ақатаев пен Батырхан Дәрімбетов «Азатқа» қосылуды өтініп келген еді. Шындығын айтқанда, біз өзіміздің қан мен терімізді сіңірген «Алдаспанды» өлтіргіміз келген жоқ. Бірақ бір сөзге тоқтадық: жалпыұлттық қозғалыс құрысуға үлес қосу керек болды. Сөйтіп, ақтөбеліктерге әйгілі «Алдаспанды» сол кезде құрылып бітпеген «Азатқа» айырбастадық. Ал, «Азаттың» алдында мен де, басқа да ақтөбелік қандыкөйлек серіктерім қарыздар емеспіз. Біз қозғалысқа барымызды сарқа салдық. Өзім Сәбетқазы ағаның қасында еліміздің батысын аралап шықтым десем болады, қарауымда алты облыс болып, соның барлығында қозғалыс бөлімдерін құрумен жүрдік. Мұның бәрін тізіп отырған себебім, «Азаттың» дамуы мен ыдырауына қатысты себептерді ашып көрсету. Қорыта келгенде, «Азат» өз миссиясын 1992 жылға дейін орындаған және сонымен оның демі де біткен. Ендігі жерде тиянақты ұйымдар керек. Олар не саяси, не қоғамдық болып өз мәртебесіне сай жұмыс атқаруы қажет. Ал, «қозғалыс», «майдан» дегендер көбіне революциялық кезеңдерге тән құрылымдар. Сондықтан қазір «Азатты» жоқтап керек емес, оны арулап «жерлеп», тарихқа беріп, қазіргі жас ұрпаққа оның бетке ұстар тәжірибесі мен әрекетін үлгі ету қажет. Мен үшін басқа «азатшылдар» секілді қозғалыс кезіндегі атойлаған әрбір күндерім сондай ыстық, бірақ, Жөке, амал жоқ, адами сезім басқа, саясат басқа. Әсіресе, қазір барынша прагматикалық қимыл қажет. Қазір ешкімді де «Азатпен» біріктіріп, не жөнге сала алмаймыз. Жақсының атын қашан да әркім жамылуға әзір. «Азат» та сондай, ол ХХ ғасырдың басындағы «Алаш» секілді халқымыздың ардақты тарихи бір сәті болып қалды. Ал, тарих тек қана зерттеудің нысаны, адам үшін тәжірибенің көзі. «Азат» тарихын саралау жаңаша тарихпен айналысушылардың жұмысы. Бірақ, онымен айналысатындар бізде жоқтың қасы.

- «Азат» қозғалысы болып, жер сатуға қарсы шыққанда, жер сатылмас еді, қазақ қалаларда қазырғыдай қаңғымас еді...

- 1992 жылдан кейін «Азат» қозғалысының айбыны болмады. Сондықтан «Азат» қозғалысы айбынды үн көтеріп, күреске шыққанда, жер сатылмайтын еді» деген уәж өлген адамды кінәлаумен бірдей.
Өзіме келсем, кішкене екі баламен қалып, басқа іс түсті... Оның үстіне саясат деген сүйген жар емес қой, оған кірісу де, кіріспеу де азаматтың еркінде. Тіпті, америкалық әйгілі саясатшылардың өзі саясатқа біресе келіп, біресе кетіп жатады. Жерді сату-сатпау жекелеген саясатшылардың болмаса биліктің жеке ісі емес, халықтың еркіндегі шаруа. Егер ұлт өз еркін білдіре алмаса, оған араша түсіп әуре болудың нәтижесі аз. Бірақ, өзім жерді сатуда әр жан басына 3 сотықтан жерді тегін үлестіруді болмаса соған тең құнды қағаз беруді ұсынған едім. Бұған қоса, шетелдік қазақтар үшін арнайы жер қорын сақтау қажет еді. Бұл жерді не бау-бақша өсіруге болмаса тұрғынжай салуға мүмкін болатындай санатта қарастыруға болатын еді. Сонда әр үйде 5 жаны бар жанұя 15 сотыққа ие болар еді. Игере алмағандары оны құнды қағаз ретінде сатудың амалына кірісер еді. Сонда ешкім де бұл саясатқа сонша өшікпеген болар еді. Қалай болғанда да, жерді қазақстанша сату елдегі кезекті әділетсіздіктердің бірі болғаны рас.
Ал, шеттегі менің үнімді есту әрине, оңай емес, өйткені, біздің елде тек қана Алматы мен Астананың ғана үні бар. Үн демекші, біздің қазақтілді басылымдар тек қана авторитетке назар аударып үйреніп қалған, ал бес жасар баланың ешкім айта алмаған шындықты бетке басып, патшаның жалаңаштығын жария еткенімен ісі жоқ. Егер мен соңғы кездері назарға түсе бастамасам, сіз де, бәлкім, менен пікір сұрамас едіңіз. Бұның бәрі - біздің өз құнымызды бағалай алмайтынымыздың белгісі, ұлттық зердеміздің тұқылдануы.

- Кәзір не көп түрлі ұлтшыл қозғалыс көп, солар неге біреуіне бірікпейді?

- Өз басым бір қазанға түрлі малдың етін бірге салып асқан қазақты көргенім жоқ. Сондықтан көп тараған «ұлт патриоттары неге бірікпейді» деген уәжді қабылдамаймын. Бірікпейтін нәрсені біріктіруге ұмтылу да істің байыбына бармағандық. Қазіргі заң бойынша 10 адам бір қоғамдық бірлестік болмаса үш адам қор құруға мүмкіндігі бар. Қайта бірнеше ұйым құрып, ұлт үшін әділетті бәсекеге түсуден неге қорқамыз? Менімше, «Ұлт тағдыры» мен «Халық дабылының» екі бөлек құрылғаны дұрыс болды. Тіпті, аймақтарда, мысалы, Түркістанда «Намыс» деген жас отаншылдардың ұйымы бар. Неге біз оларды әлгі қозғалысқа әкеліп зорлап қосуымыз керек. Әркім өз әлінше, өз әдісінше елге пайдасын тигізсін, өз ара жарысқа түссін, өз беттерінше тәжірибе алсын. Бұл заман талабы. Дәл осылайша, тіл мүддесі жолында да ондаған ұйымдар құрылғаны жөн. Біреуі тілмаштарды, біреуі журналистерді, енді бірі орыстілділердің оқытушыларын жинасын т.т. Сонда нақты іспен айналысу басталады. Әйтпесе, ұлтшылдар жыйналып алып, өз ара айтысуын доғармайды. Бірақ, түрлі отаншыл ұйымдар қауымдастық, коалиция болмаса альянс құруға әбден болады. Бұның бәрі қазіргі заманның ұйымды құра білу мен оны дамыта білу мәдениетінен келіп шығады. Ал, біз әлі өткен ғасырдың 90-жылдары деңгейінше жүруден танбаймыз.
Хасен Қожахмет қалай десек те қазақтың саяси диссиденті, бірақ саяси баскер (лидер) дей алмаймын. Ал, Дос Көшім өз қолынан келгенін істеп, саясаттану саласында пікірін білдіріп жүрген аз тұлғаның бірі. Осылардың болғанына да шүкір етейік. Егер бұлар қарық қылмаса, онда өзгеміз қолға алайық. Көзге шыққан бірен-саранды несіне шұқылаймыз. Шын мәнінде «Азат» қозғалысын неге өз деңгейінде алып кетпедіңдер деп оларды кінәлауға менің орным бар. Бірақ, әркімнің өз әлеуеті бар ғой. Одан артық қалай түрткілесең де, ештеңе шықпайды.

- Ұлтымыз төл сыйпатынан ажырап, дүбәрә күйге түсуде. Бұдан әрі қайтпекпіз?
- Ұлт мүддесін даңғыра ету үшін емес, шешу үшін ұйым құру керек. Ал, ол үшін көп нәрсе қажет емес. Меніңше, қажетті нәрселер екі ұйымда да жеткілікті. Ол - аймақтық бөлімшелер құруға қажетті материалдық мүмкіндіктер мен жергілікті бас көтерер азаматтар. Бірақ, қоғамдық ұйым мен саяси ұйымды шатастырмау қажет. Қоғамдық ұйым дегеніміз – қоғамдағы мәселелерді шешуге атсалысатын ұйымдар, ал саяси ұйым билік үшін күресте проблеманы шешуге мемлекеттік тұрғыдан кірісетін ұйым. Қазір әр қазақ ұлтшыл азаматтық ұстанымға ие болып, әрбір қоғамдық ұйым нақты жобаны іске асыруды, ал саяси ұйымдар нәтижелі бағдарламаны қолға алуы керек. Сөйтіп, мемлекет=ұлт формуласы өмірге енетіндей ықпал жасау қажет. Бұл әсіресе, қозғалыстар мен партиялардың басты мақсаты болуы керек. Бұған ұмтылмайтын партияның халық үшін қажеті жоқ.
Ұлттың мүддесі оның қоғамдық ортада өз мүддесін қорғай білу қауқарына байланысты. Ал, бұл қауқар ұлттық баскерлердің (лидер) әл-дәрменіне тәуелді. Ұлтшылдардың ұйымы қай жерде құруға байланысты емес, қалай және не үшін құруға, нәтижеге жету амалдарына байланысты.
Енді қайтпекпіз дейсіз... Ұлттың етенелену (самоидентификация) процесін қолға алып, бірегей ұлттық сананың қалыптасуын тездетуіміз керек. Ол үшін елдің ақпараттық кеңістігін қазақыландыруды қолға алмай, ештеңе шықпайды. Бұл жолдағы басты амал қазақ журналистикасының жабысқан жабағысын көтеруге, дамытуға тәуелді. Ақпарат құралы сананы қоректендірудің бірден бір сайманы. Өкінішке қарай, қазақ журналистикасы орыстілді БАҚ-ның көлеңкесі болып кетті. Дербес түрдегі ықпалы мен айтары аз. Тіпті, қазақ оқырманын, тыңдарманын, көрерменін орыстілді БАҚтар барған сайын өзіне баурап барады. Бұл аса қатерлі үрдіс! Бұл жауланған елдің қатын-баласын айдаған ежелгі көріністің бүгінгі сипаты.

- Өзің саясатқа піскен жігіттердің бірі едің. Соңғы он жылда көрінбей кеттің ғой? Бұған дейін немен айналыстың?

- Әлгінде өзіңізге айттым, 1992 жылдан кейін саясатпен ісім болмады. Алайда, 1995 жылдан бастап үкіметтік емес (қоғамдық) ұйым құрып, бұқараны азаматтық өмірге икемдеумен, демократия істеріне әзірлеумен айналыстық. М.Шаханов өзіне көмекші болуға шақырғанға дейін мен егемен елдің бюджетінен жалақы алатындай қызметте болған емеспін. Жергілікті билік мен сияқтылардың әлеуетін біле тұра мемлекеттік қызметке жолатқан жоқ. Дегенмен, халықаралық ұйымдардың грантымен күн көріп, елімізге қолдан келгенімізді істеп келдік. Өзім 2002 жылы Ақтөбе облысының шалғайдағы Қаражар ауылында кезінде 5000 теңгеге сатылып кеткен ауыл клубына 5000 АҚШ долларына құрылыс материалын салып, қайта тұрғызуға ауыл тұрғындарын жұмылдырдым. Мұндай әдіспен бүкіл елдің қираған клубтарын екі-үш жыл ішінде қалпына келтіруге болар еді. Бірақ, ұсынысымызды облыс басшылығы да, мәдениет министрлігі де пысқырған жоқ. Мұның экономикалық және әлеуметтік тиімділігінде орасан пайда бар жоба еді.
Соңғы жылдары республикалық тәуелсіз бақылаушылар легін дамытуға қатысып, елді демократияландырудың инфрақұрылымын жасақтауға үлес қостық. Шындығында қазақтілді орта үшін қазір осындай қоғамдық инфрақұрылым жағы жетіспейді, қоғамдық белсенім мен мүдде қорғау мәселесі артта қалып отыр. Біздің бұқара мұсалдаттық пен құлдық күйден арылмауда. Оның бірден бір емі - қазақтілділерді қоғамдық ұйым құрып, басқаруға баулу; онсыз азаматтық қоғамды дамыту және мемлекетке ие болатын ұлтты жасақтау - бос сөз! Тіпті, тіл мен діл мәселелері де осыған қарап тұр. Бұл саладағы кемшіліктерін оппозиция өкілдері енді ғана мойындауда.

- Серік, саясаттанушы ретінде біздің елдің соңғы кездегі саяси жағдайын қалай сипаттар едің?
- Кез келген елдің саяси сипатын анықтайтын жетеккүш (локомотив) болады, оны көбіне ұлттық буржуазия қалыптастырады. Қазақ буржуазиясының екі жолмен жасақталғанын ескеруіміз керек: жасанды жолмен, яғни коммунистік номенклатураның демеуімен туылған кландық буржуазия және табиғи жолмен, яғни өз біліктері мен еңбегі арқылы жасақталған буржуазия. Қазір осы қарама қарсы екі буржуазиялық топтың арасында текетірес жүруде, тіпті жасырын соғыс деп те айтуға болады. Осы «соғыстың» құрбаны ретінде соңғы жылдары өлтірілген бизнесмендер мен саясатшыларды, журналистерді тізу көзді жеткізе түседі. Алтынбектің өлімі бұрынғы құрбандардың бірі болғанымен сипаты мен мәні жағынан Қазақстанның аса қатерлі кезеңге аяқ басқанын көрсетеді. Жағдай бұдан әрі ушыға берсе,тіпті, ел болып қаламыз ба, жоқ па деген сәт тууы да мүмкін. Өйткені, бұл шайқасқа Қазақстан қазыналы жер болғандықтан әлемдік күштер де кірісіп кетуі ғажап емес. Алайда, біздегі «жасандылардың» да алуан текті екенін ескерсек, Алтынбектің өлімі олардың өз ара текетіресінің нәтижесі де болуы ықтимал.
Жоғарыдағы екі топтың мақсаты қайткенде елді екі түрлі даму жолына түсіру арқылы өздерінің ықпалын жүргізу: біреуі демократиялық мұратты көздеу арқылы өз мүмкіндіктерін іске асырғысы келеді, енді бірінің мақсаты - бұрынғы пландық экономикаға кландық сипат беру арқылы ел дамуын уыстау. Бұл топқа араша болатындай ішкі күш жоқ, ол кезеңнен өтіп кеттік... Сыртқы күштердің араласуына алғышарттың қалыптасуы да осында жатыр. Елдің саяси жағдайы күрделі.

- Біздің егемендігімізден ұлтқа не пайда сонда?
- Қазақстан экономикалық жағынан ырықтанғанымен, саяси-әлеуметтік жағынан әлі өтпелі кезеңде. Осы саяси өлара біздің егемендігімізді жоққа шығаруда. Бұл асудан өту үшін әлгі текетірестің зор кеселі болып тұр: ұлттық элита екіге жарылды. Мұндай жағдайда ұлттық мүддені іске асырмақ түгілі, оны әңгіме етудің өзі мәнсіздік. Сондықтан да өз жерінде саны мен сапасы жағынан мемлекетті толық меңгеру деңгейіне жеткен қазақ ұлты өз мүддесін өзі мүжуде: тіл мәселесі сол күйінде, кеңестік ауыл күйреп, орнына жаңа сипатты инфрақұрылым пайда болған жоқ, урбанизация қазақ этносын жұтып жатыр, ұлттық элитаның ар-намысы болып табылатын зиялы қауым шабарманға айналды. Интеллигенцияның өнімі ретіндегі өнер туындылары ұлт тарапынан жатырқауға ұшырауда. Қазақ жастары қазір ана тілінде сөйлеуге ұялатын болды, өз фольклоры мен этнографиясын күлкі етеді, яғни ұлттың жан-дүниесін нигилистік жегі құрт жайлап барады. Ұлттық әлеует сол ұлттың дамуына жаратылмай, текетірестің құрбанына айналып отыр. Бұл жағдай әлі жаһанданудың тегеурінді дауылы жетпегендегі күйіміз.

- Бұдан әрі не болуы мүмкін?
- Бұдан әрі не болатындығын болжау үшін елдегі саяси құбылыстың көзі болып отырған әлгі басты екі күштің өздерін қалай ұстауына көз жіберу керек. Егер елдегі саяси террордан арылу мен ұлттың шынайы даму жолдары қарастырылмаса, онда «табиғи» буржуазия елден ығысуы ықтимал. Ал, Қазақстанның ДСҰ-ға мүше болуымен байланысты «жасанды» буржуазия ұлттық капиталды үстемелеу түгілі, оны ұстап тұруға шамасы келмеуі мүмкін. Бұл дегеніміз - елдің экономикалық қақпанға түсуі, одан әрі әлеуметтік жағдайдың ушығып, тәуелсіздіктің қатерге ұрынуы...

- Бұны болдырмас үшін не істеу керек, әлгі топтар?
- Екі тарапқа да көп ұзамай төнетін қатердің алдын алу керек. Ұлттық диалог дегеніміз – сол. Бірақ бұл диалог «жасанды» буржуазияның пиғылы мен бастамасына аса тәуелді. Бұл жағынан біздің жағдайымыз ауырып-сырқап, аяғынан тұрып кету мүмкіндігі бар қырғыз ағайындардан да күрделірек. Өйткені, біз шишадағы жын әбден семіріп, ыдысты сындырып шыққандай ахуалдамыз. Қырғыз төңкерісі ашық та, аңғал жүруде. Біздегі күрес жабық та, зұлымдық сипат алуда.

- Екі бірдей халықтың екі сипатты жолға түсуі неліктен?
- Жаңағы айтқан ұлттық элитаның екі елдегі екі түрлі жолмен қалыптасуынан. Қазақстандағыдай элитаның қақ жарылуы қызғыздарда барынша контрасты емес, оларда бұл жағдай бұлдыр күйде. Сондықтан да қырғыздың жасанды және табиғи буржуазиялық топтарының арасын ажырату қиындау.Осыдан келіп, қырғыз ағайындардағы текетірестің біздегідей айқын екі тарапты емес, көпжақты қамтыған сипаты бар.

- Елдегі заң шығару тірлігінен де берекет кетіп барады, бүгін қабылданған заң ертең қайта түзетіледі. Оның орындалуы тағы да мәселеге айналады...
- Заңдамалау саласында бұл мәселелердің бар екені рас, бірақ мұның барлығы да халықтың билік көзі ретіндегі үкіметке және парламентке етер ықпал қауқарынан туындайтын жайттар. Егер үкімет желкесінде үңіліп тұрған халықтың «көзі» тұрғанын сезіп отырса, заңжобаны соның мүддесіне орай екі қарап, бір шұқыр еді. Халық тарапынан ондай ықпал болмағасын, әсіресе, орыс тілінде қабылданып жатқан заңдардың қазақша аудармасының мәселесі белгілі. Оның үстіне заңжобаны қазақ тілінде талқылып, пісіретін құрылым атымен жоқ.

- Парламенттің құрылымы мен сайлануы өзгергелі жатыр. Бұл турасында не дер едің?
- Меніңше, парламенттің құрамы да, құрылымы да елдің саяси сипатынан туындауы керек. Депутаттардың саны елдің заңдамалау қызметінің саны мен сапасын арттыру қажеттігіне және саяси конъюнктураның сұранысына сәйкес анықталатын жайт қой. Негізінде еліміз унитарлы болып қалсын десек, парламент бір палаталы болғаны жөн.
- Пікір білдіргеніңе көп рахмет.
Пікірлескен – Ж.Сомжүрек
«Азат» газеті, 2006 жыл, наурыз.

Генерал Лебед Александр Ивановичтің қанатты сөздері

Александр Лебедь – көрнекті орыстың әскери саясатшысы. 1988 жылы ол Сумгаитте, 1989 жылы - Тбилисиде, 1990 жылы - Бакуде қол басқарды. 1991 жылы ол Ақ үй жанында, ал 1992 жылы – Молдованың Бендерасында әскер басқарды. 1993 жылы Лебедь Мәскеуге қарсы арам пиғылды дала жауынгерлерін ұстады. 1994 жылы ол Придестровьедегі билікті өзгертуге тырысты, ал 1995 жылы – қзінің қанды көйлек майдандас генералы, қорғаныс министрі Грачевпен айқасты. 1996 жылы президенттікке кандидат ретінде Александр Лебедке жақтасып 15 миллион ресейлік дауыс берді. 1997 жылы Краснояр өлкесінің губернаторлығына түсіп, сайлауда жеңіске жетті. Красояр өлкесінде әуе апатынан мерт болды.

«Жынды - ақымақ емес, оның ақылы сондай»
* * *

«Кірпіні жалаңбұтымен қорқытқанын қарашы. Қандай сезімтал жас десейші»
* * *

«Бір зымыран – телеүзіктен көрдік – Македониядан бір шыққан. Бүкіл бір елді жанап өткенін қарамайсың ба?»
* * *

«Елде көптеген маңызды стратегиялық мәселелер шешілмеген. Соның ішінде – президенттің қайда кететіні де»
* * *

«Көрерміз, жазға қарай кейбір партияларға тыйым салу мен кейбір мүрделерді шығарып салу идеяларына қатысты не болатынын.»
* * *

«Өмір дегеніміз – ештеңеге де қарамастан, төтеп берерлік соққылар ғой»
* * *

«Үндеме де, арасында ұртыңды томпайтып маңғаздан.»
* * *

«Кім бірінші атса, соңынан күлетін де сол»
* * *

«Егер экономика көтерілсе, Жаратқан да кешірер еді...»
* * *

«Төрелерге қолбала болуға жарамаспын...»
* * *

«Аталық қос аю бір үйірде жүрмес»
* * *

«Егер де кейбіреу Ресейдің өз жолы барлығына күмәнданса, онда біздің жолдармен сапар шегіп көрсін»
* * *

«Томырық адамның әңгімесі басқа бір томырық туралы болып келеді»
* * *

«Ұлыспен бірге баю керек, оның есебінен емес»
* * *

«Жарты Ебропаны қандай күшпен де талқандауға болар еді, ал сіздер шарбақтың түбіне тығылып тындыңдар»
* * *

«Қалай бейбітшілік сөз болса – солай қаншықтың ұлысың, ал әңгіме соғысқа тірелсе – солай бауырсың»
* * *

«Кез келген ресейлікті сілкіші, одан міндетті түрде бес-алты түрме жылдары саулайды.»
* * *

«Әуелеген сүйменді ұстаймын деп әуре болма»
* * *

«Жарайды, Чубайсты дарға асайық?! Сосын?!»
* * *

«Заң дегеніміз – номенклатураның жарылған ернін сүртетін қағаз сүрткіш қой»
* * *

«Номенклатура брежневтік тоқырау кезінде жаны жай тапқандар мен бүгінгі тоқырауда рахат тапқандарға бөлінеді. Алғашқысы «коммунист» десең жалт қарайды, ал соңғысы - «демократ» дегенге.
* * *

«Егер чиновниктер заңды орындамаса, егер мемлекет халыққа қарай шырт еткізе түкірсе, онда халық та оған ақысын солай төлейді»
* * *

« «Пара - чиновник - қалта» сызбасын «пара - чиновник - түрмеге» өзгерту керек»
* * *

«Бардак дегеніміз – тәртіптің жоқтығы емес. Бұл арнайы түзілген тәртіп»
* * *

«Мемлекеттің міндеті - жұмақ орнату емес, тозақты болдырау»
* * *

««Қызыл» мен «ақтың» арасындағы таңдау дегеніміз – бір таяқтың екі ұшының бірін таңдау. Оның қайсысы желкеге жайлы тиеді?»
* * *

«Маяковский қалай деп еді, - «Біреуге тоқаш, енді біреуге оның – тесігі тиеді.» Демократиялық республика дегеніміз де - сол»
* * *

«Одақты аямаған жанда – жан мен жүрек жоқ, бірақ енді оны қайта құруды тілейтін жанда – мый жоқ»
* * *

«Қышқыл мен сопақты қосқаннан, ешбір жақсы нәрсе шықпайды»
* * *

«РФ-ның үкіметінде «жолқоржындық көңілкүй» патшалық құрған.
* * *

«Қолдары босамас үшін – әсіресе, ыссы бастардың аяқтарынан ату керек»
* * *

«Ойлы зілтастың (гир) кейпінде отыру» (Мемдуманың депутаттары туралы)»
* * *

«Экстрансестерге жүгінбеймін, бірақ сыртқы келбетімді өзгертем...»
* * *

«Генерал-демократың да бір, ебрей-бұғышы да бір»
* * *

«Лас адамдар айналысқанда, саясат та ластанады»
* * *

«Отырыс мына ұстаныммен өтті: «Арақ іштіңдер ме – қане, ұйықтаң...»
* * *

«Бір ғана әуебомба тасығышының мүмкіндігі Ауғаныстанды айдың арғы бетіне айналдыруға жеткілікті.»
* * *

«Кім білгіш болса, соған ескерткіш қойған жөн, оны белортасына дейін көміп, қалғанын ақтап тастап...»
* * *

«Қарсы күші бар нәрсеге ғана сүйенген жөн»