четверг, 29 ноября 2007 г.

Берік ӘБДІҒАЛИ, әлеуметтанушы:


КЕНЕ ХАННЫҢ БАСЫМЕН БІРГЕ
ҚАЗАҚТЫҢ РУХЫ ДА КЕТКЕН СЕКІЛДІ ...



– Берік мырза, соңғы кезде сіздер қазақ ұлтының мәселесі жайында ғылыми-теориялық бағдар жасап жүрсіздер. Бұған не түрткі болды?
– Біз өткен ғасырдың 90-шы жылдары тек орыс мәселесін зерттейтін едік. Себебі, Солженициннің, Жириновскийдің сөздері, әсіресе олардың солтүстік облыстарға байланысты айтқан пікірлері бізді осыған мәжбүрлейтін. Сөйтіп жүргенде қазақ мәселесінің қордаланып қалғанын байқадық. Бұл - менің пікірім.
Мәселен, бүгін қазақ ұлтының жаны мен тәні үшін күрес жүріп жатыр. Қазақтар тәуелсіздіктің сыртқы саяси сипаттарынан басқа ешбір игілікті көріп отырған жоқ. Мемлекет саясатында қазақ халқына пайдалы субъектілер көрсетілмеген. Қоғамда қазақ ұлтының мүддесіне қабыспайтын көріністер күн санап өсіп келеді. Ұлттың табиғи түйсігі жақсылық пен жамандықты айыра алмайтын күйге ұшырай бастады. Ұлт руханияты еш құны жоқ бос кеңістікке қарай ығысып барады. Қазақпыз дегеннің бойларында қызғаншақтық, пасықтық, эгоизм, сияқты келеңсіз құбылыстар өршіп тұр. Мұның өзі - моральдық азғындаудың нышаны. Оның сыртында қазақтардың әлеуметтік – психологиялық жағдайының нашарлығы, ана тілінің тапталуы, елдегі парақорлық, ұлт ретінде кемсітуге ұшырауы халықтың ашу-ызасын туғызуда. Осы мәселелердің барлығы болашағымызға қатер.
Ең басты қауіп, жоғарыдағы мәселелер жиналып келіп бір күні лақ етіп төгілетін болса, басқа ұлттың өкілдеріне де оңай тимейді. Халықтар достығы жайында қалады. Осылай кете берсе, түптің түбінде қазақ проблемасы сыртқа тебеді. Көзге көрініп тұрған қауіп жоқ, қазақтардың қолынан не келер дейсің, бәрі биліктің ойлағанындай болады деген адам қателеседі.
Қазақстандағы басқа ұлттар қазақ ұлтының рөлін көтеру арқылы ғана дами алады. Осындағы барлық этностардың жақсы тұруына, этносаралық жанжалдардың болмауына басты кепіл қазақтың өзі болуы керек.
– Сонымен жұмысты неден бастадыңыздар?
– Алдымен қазақ тіліне назар аудардық. Өйткені, қазақтың екіге жарылып тұрғаны осы мемлекеттік тіл төңірегінде айқын байқалады. Белгілі мамандарды, соның ішінде орыс тілінің де мамандарын шақырып бірнеше талқылау өткіздік. Онда: «қазақ тілі заңда көрсетілген мәртебесіне неге сай емес?» деген бір ғана сауал төңірегінде ой қозғадық. Содан шыққан қорытынды былай болды. Мәселе тілде емес екен, сол тілдің иесі қазақтың өзінде екен. Себебі, ұлттың рухы жоғалған, кембағалдық тұрпаттағы түсінік қалыптасқан, өзін сыйлаудан, құрметтеуден қалып қойған екенбіз. Қоғамдағы орнын білмейтін дәрежеге түсіп кеткен, мемлекеттік сана қалыптаспаған, отаншылдық сезім мен мәдениет төмен. Осы сияқты пікірлерді салыстырып, сараптап отырып «Қазақ миссиясы» атты тұжырымдама жазып шығардық.
– Ұлттың семіп қалған рухын ояту үшін басты – басты қандай факторларға назар аудару қажет деп таптыңыздар?
– Біз ұлттың саяси сана-сезімін зерттедік. Осыған көп көңіл бөлдік. Ұлттың арманы не? Мемлекетке көзқарасы, саяси тұжырымдамасы қандай? Осы сұрақтарға көңіл бөле отырып, халқымыздың тарихына зер салдық. Сонда байқағанымыз, қазақтың ұлт болып тұтасып бірлікке мойын ұсыну кезеңі Жоңғар шапқыншылығы тұсында ерекше көрініс тапқан. Одан кейінде көтерілістер, соғыстар болды. Мысалы, Кенесары көтерілісі, осыған тұстас Исатай-Махамбет көтерілістері кезінде жоғардағы Жоңғарға қарсы соғыстағыдай бірлік, байланыс байқалмайды. Әркім өзінің ата-бабасының қонысы маңында тар шеңберлі көтерілістер ұйымдастырған.
ХІХ ғасырдағы бас көтерудің ішінде маңыздысы - Кенесарының көтерілісі. Өйткені, оның мазмұны бүкіл қазақтың басын қосу ниетінде болды. Маған, Кене ханның басымен бірге қазақтың рухы да кеткен сияқты сезіледі. Осы көтеріліске әлі күні лайықты тарихи баға берілген жоқ. Биыл Кенекеңнің Ақмола бекінісін азат еткеніне 160 жыл толып отыр. Бұл да ешқандай ескерусіз кетіп барады.
– Кенесары бастаған көтеріліске не себептен тарихи баға берілмей келеді?
– Былай қарасақ орысты, мына жақта қырғызды ренжітіп аламыз деп жалтақтап отырмыз. Мен мұны неге айтып отырмын. Жоғарыда ұлттың рухы жойылды дедік. Рухты оятуға халықты тәрбиелейтін түрткінің бірі - осы көтеріліс. Одан кейін қазақ тарихында «Зар заман» басталды. Абай, Ыбырай бастаған биік саналы адамдар халықты білім алуға шақырды. Олар орысты біліммен болмаса қарумен жеңе алмайтынын түсінді. Одан кейін өткен ғасыр басында тарих сахнасына Алаш көсемдері шықты. Бұлар біліммен толық қаруланған, нағыз мемлекеттік сана-сезімі кемел қалыптасқан, мемлекет құрудың үздік үлгісін меңгерген адамдар еді.
– Биыл Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің құрылғанына және Алаш автономиясының жарияланғанына 90 жыл толды. Осы тарихи оқиға республикалық деңгейде аталып өтілмей кетіп барады. Неге?
– Бұл жайында біз биліктен сұраған едік. Сөйтсек 90 жылдық мерей тойланбайды екен. Тойлау үшін 50 немесе 100 жыл болуы керек. Алашты әлі дұрыстап түсіне алмай жүрміз. Алғаш Алашорда үкіметі құрылғанда оның құрамына кірген 15 адамның кімдер екенін оқыған азаматтардың өзі білмейді.
Содан кейін бүгінгі тарихымызда қарама қайшылықтар көп. Бұл жағдай ұлттың санасына кері әсер етеді. Мысалы, Алашты көтереміз деп, басқадай қайраткерлерімізге көлеңке түсіруге әсте болмайды.
Сол сияқты біздің тарихымызда тағы бір ақтаңдық бар. Ол 1931-32-ші жылдардағы аштықта халықты қорғаймын деп көтеріліске шыққан адамдар болды. Солар әлі ақталған жоқ. Мысалы, бір болшевикті өлтіргені үшін 300 адамды қырып тастаған жағдайлар болған. Осымен тұстас Созақ көтерілісі, Абыралы көтерілісіне қатысқан көп адамдар ақталмай жатыр. Себебі, бір коммунисті өлтіргендіктен қылмыстық іс ашылған, ол ақтауға жатпайды деген секілді.
Украиндарды алсақ, олар халқының басына түскен геноцидті жалпы мемлекеттік дәрежеге көтерді. Сол арқылы өткен тарихқа кеткен есесін түгендеп жатыр. Біздің де солай істеуіміз керек сияқты. Осының бәрін реттеп алмай тіл мәселесі шешілмейді. Өйткені, бодандық сана-сезім, өз өзін менсінбеушілік, тілін қажетсінбеу, тарихын елеп-ескермеу психологиясынан арылмайынша - тілдің бағы жанбайды.
– Өткендегі желтоқсан оқиғасы мен «Невада - Семей» қозғалысы отаншылдық маңызы жағынан үлгі тұтуға лайық емес пе?
– Әрине, желтоқсан оқиғасының орны бөлек. Одан кейінгі халыққа әсер еткен дүние «Невада-Семей» қозғалысы болатын. Бұлар үлгі тұтуға татитын оқиғалар. Алғаш «қайта құру» басталған тұста елімізде саяси емес экологиялық Арал мәселесі, Семей полигоны сияқты сыйаақтаған рухани мәселелер күн тәртібіне шықты. Бұл - Желтоқсан оқиғасында аузы күйіп қалғанның әсері болар.
Одан кейін тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы «Азат» қозғалысын айтпағанда, біздегі саяси ұмтылыстар 2001 жылдан басталады. Ұлттық дамуға тежеу көбейген сайын саяси сана да агрессивтік түрде қалыптасып келеді. Тарихта қандай ұлт болмасын оның пассионарлық дүмпуі болады. Ол орта буынның рухани мәдениеті толысқан жағдайда іске асады. Біздегі ең үлкен трагедия қазақ ұлты тілдік тұрғыдан екі топқа бөлініп барады. Арасы күн сайын алшақтай түсуде. Осыны болдырмау керек. Сөйте тұра орыстілді қазақтар арасында этникалық ынтымақтастық бар. Мен жуырда банкирлердің арасында бодым, шетінен орыстілді жігіттер екен. Маған сөз бергенде, мен алдым да қазақша сөйледім, сондағы бауырларымның мені көздері жасаурай қолпаштағанын көрсеңіз. Өздерінше тілдерін бұрмалап қазақша сөйлеуге бәрі де ұмтылып жатыр. Аянышты жағдай... Бұл – олардың емес, жалпы қазақ ұлтының қасреті ғой.
– Ұлт депрессияға шалдыққан жағдайда одан құтылудың тағы бір жолы халық өзі сенген жеке тұлғаның лидерлік қабілетіне арқа сүйейді. Ондай оқиғаны басқа халықтар тарихынан көптеп келтіруге болады. Бізде ондай адам бар ма?
– Қоғамдағы беделді адамдар болсын, демократиялық көзқарастағы қайраткерлерде нақты мәселеге келгенде табансыз. Басқа халықты ренжітіп алмайық, биліктің көңіліне келіп қалмасын деп тайғақтық танытады. Былайша айтқанда, аса белсенді орыстілді элитаның ықпалынан да жасқанатын сияқты. Осы орыс тілді элита өздеріне ұнағанды халықтың бәріне ұнайды деп түсінеді. Оларды жеңудің жолы қазақтілді азаматтар барлық жағынан күшейіп, лидерлік қабілетке иелік етуі керек деп ойлаймын.
Мемлекеттік қызметте отырған, қазақ тілін жақсы білетін азаматтарымыз көп. Осылар жаңағыдай нақты шешім қабылдар кезде әлсіздік танытады. Мәселе мінезде болып тұр. Бұларда тіл бар, ана тілін біледі, бірақ оны сөйлететін рух жоқ. Айналасына қарап алып орысшалап кетеді. Сол себепті үлкен саяси қадамға баратын тұлғалар жоқтың қасы деуге болады. Ұсақталып барамыз.
– Қазақ ұлты мен елімізді мекендейтін диаспоралардың ара қатынасына арнайы зерттеу жүргізіп көрдіңіздер ме?
– Біз қазақ мәселесін алға салып, ең әуелі қазақ мәселесін шешпей ешкімге күн жоқ дегендей пікірмен орыстың ұлтшыл ұйымдарына барып шықтық. Олар қарсыласпады, қолдады. Осыдан 5-6 жыл бұрын болғанда, олай етпеуі мүмкін еді.
Тағы бір мәселе, Қазақстанды мекендеп жатқан басқа ұлттар қазақ ұлтының дамуына мүдделі болуы керек. Өйтпегенде, әртүрлі қақтығыстар орын алуы әбден мүмкін. Есесі кетіп бара жатқан ұлт ызақор келеді де сөз жоқ басқаларға тиіседі. Сол себепті Қазақстандағы ұлттар алдымен қазақтың дамуына ниеттес болмай, олар да дами алмайды. Оның басты белгісі ретінде қазақтың тілін үйренуі қажет.
Ұлттық тарихтан басқа ұлттық арман деген болады. Қазақ нені армандайды. Одан кейін тез арада шешуді қажет ететін қандай ұлттық қарама-қайшылықтар бар. Мысалы, рушылдық, жершілдік дейміз бе, болуы мүмкін ықтимал мәселерді зерттеп жатырмыз.
– Қазіргі жағдайда қазақтың ең жаман қасиеті қайсысы екен?
– Басқа ұлттарға қарағанда қазақта жиі кездесетін ауру ол: жеке бастың немесе бас пайданың қамы. Осы қазір бірінші орында тұр. Әсіресе зиялы қауым болсын, мемлекеттік жауапты қызметтегі адамдардың қай-қайсы жеке бастың қамын көп ойлайды, сол үшін бастарымен қайғы болуда. Осыдан арылудың жолы ретінде Алаш көсемдерінің іс әрекетін ұсынуға болады. Осындай образдар арқылы тәрбиелемесе болмайды.
– Сізді лауазымды мемлекеттік қызметке шақырса, барасыз ба?
– Менің өмірімде дағдарған кездер болды. Президент әкімшілігінде қызмет істедім. Ол жерде қағаз тасып жүре бергеннен ештеме шықпайтынына көзім жетті. Содан аймаққа барып жұмыс жасап көрейін деп, Теміртау қаласына әкімнің орынбасары болып бардым. Онда да байыз таппай, демократиялық «Ақжол» партиясы алғаш құрылғанда сонда бардым. Оның тағдыры қалай болғаны белгілі.
Бәрінен түңілдім де, содан бері өзіме өмірлік даңғыл жол таңдап алдым. Ол - мәңгі құндылық - ұлтқа қызмет ету жолы. Басқа әрекеттердің бәрі баянсыз өтпелі болатынын түсіндім. Саясатпен айналысқым келмейді. Мені ол қызықтырмайды. Әркім қолынан келетін жұмысын атқарғаны жөн деп ойлаймын.
– «Қазақстандық ұлт» деген бастамаға қалай қарайсыз?
– Егер бүкіл қазақстандықтар қазақ тілінде сөйлеп, қазаққа қызмет етсе мен сол «қазақстандық ұлт» дегенге қарсы болмас едім. Қазір мәселенің барлығы адамның жеке бас қасиетіне байланысты болып жатыр. Заң ештемені шешіп жатқан жоқ. Мысалы, «мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп жазып қойдық, орындап жатқан кім бар? Заңның қоғамда ықпалы болса, ендігі орындалар еді ғой. Мәселе осыны орындатушы адамның қасиетіне байланысты болып отыр. Жалтақтамайтын, қаймықпайтын жалғыз министр болып, үкіметте қазақша сөйлеп отырсыншы, оған кім тосқауыл қойды. Рух, намыс жетіспейді.
– Кейбір ұлтшыл азаматтар ұлттық партия құру қажет, дейді. Сіз ше...
– Қазіргі жағдайда ұлттық партия құрудың қажеті жоқ секілді. «Ойбай, қазақ қайдасың!» деп айқайлағанмен түк шықпайды. Тек ағартушылық жұмыспен мықтап айналысу керек. Елдің көзін ашу керек, одан кейін ұйымдастыру жұмысы өзі жүріп кетеді.
Қазір бәрі пісіп жетілді, енді ұлттық мәселені дұрыс шешетін менеджменттік қызмет қажет. Оны биліктегі кейбір көзі ашық азаматтардың өзі айтып жүр. Мына жақтан талап күшейіп жатыр, біз не істейтінімізді білмейміз, дейді. Соларға көмектесуді қолға алуымыз керек. Бүгінгі барлық саяси партиялар қазақ мәселесін көтермесе, жеңіске жете алмайтын күн туады. Біз соны жеделдете беруіміз қажет.
– Қызметіңіз бар ма?
– Қоғам қайраткері марқұм А. Сәрсенбайұлы атындағы қордың жетекшісімін. Осы қор атынан 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына байланысты 10 том кітап шығардық. Осының соңғы үш томында тек құжаттамалар енгізілді. Бұрын жарық көрмеген дүниелер бар. Желтоқсан оқиғасы кезінде «жемісті» еңбек атқарып, марапатқа ие болған адамдардың тізімін беріп отырмыз.
- Әңгімеңізге көп рахмет.
Әңгімелескен - Бек Қанатұлы.

Комментариев нет: