пятница, 29 мая 2009 г.

ҚОЛАЙЛЫ ӘЛІПБИ МЕН ЕМЛЕ

ҚҰРМЕТТІ ХАЛАЙЫҚ!
Біз ақшадан гөрі, уақытты үнемдегіш заманда ғұмыр кешіп отырмыз. Уақытты үнемдеу дегеніңіз - барлық шығынды да үнемдеп, әрекеттен интенсивтік (барынша тиімді) нәтиже алу деген сөз. Бұл уәжді біздің бұған дейінгі қолданып келе жатқан жазбамызға қатысты айтып отырмын.

Кәзірде электрондық кеңісте екі түрлі алфавитті қолданып жүрміз, оның сөкеттігі жоқ. Ауызы алты қарыс орыстілді қауым да латындатып жүргені рас. Бірақ тақырыпты қарыптан гөрі қазақтілді жазбаны қалай оңай әрі тиімді етеміз деген мәселеге бұрғым келіп отыр. Сонымен...

Менің ұсынғым келіп отырғаны – бейресми қолайлы да ықшам, тіл заңдылығын негіз ету арқылы электрондық кеңістегі жазуды барынша ыңғайлы ету. Жазбаны ең болмаса күнделікті қол телефонның болмаса электрондық хабарламаға қолдануға ыңғайлы болатындай ету. Егер де қол («ұя» сөзінің телефонға қатысы шамалы болғандықтан қолданбаймын) телефон арқылы жіберілетін хабарламаның әрбір таңбасы теңге тұратынын есептесек, айтылып отырған бұл мәселе маңызды болып шыға келеді.

Қазақ тілі ғылым тілімен айтқанда – агглютинативтік яғни жалғанбалы болып келеді. Тілдің бұл табиғаты шұбалыңқылыққа бейім. Ал, шұбатылған сөздерді жазу кәзіргі әріп терген заманда Уақыт пен Ақшаның жауы екені рас. Ендеше қазақтілді бейресми («бейресми» деп екі адамның арасындағы жазбаны алып отырмыз) жазбаны қысқартуға бола ма? Болады!

Қалайша?! Тілдің үндестік заңына негіздей отырып, қазақ жазбасын 20-25 пайызға қысқартуға мол мүмкіндік бар. Өйткені, қазақ сөздерін сонша пайызға «шұбалтып» жүрген екі дыбыс бар, ол – Ы мен І. Бұл дыбыстар тек қана дауысты дыбыстар емес, сондай-ақ, сөздегі буынды жуандатуға (жіңішкертуге) қатысатын, яғни, Үндестік заңын жүзеге асыратын бірден бір дыбыстар болып табылады. Олар өзге дауыссыздарға былайша қосарлану арқылы буынды жуандатады не жіңішкертеді:

№ ӘРІП ДАУЫССЫЗДАР
1 б бы,бі, ыб, іб
2 г гі, іг
3 ғ ғы, ығ
4 д ды, ді, ыд, ід
5 ж жы, жі, ыж, іж
6 з зы, зі, ыз, із
7 к кы, кі, ык, ік
8 қ қы, ық
9 л ыл, лы, іл, лі
10 м ым, мы, ім, мі
11 н ын, ны, ін, ні
12 ң ың, ің
13 п пы, ып, пі, іп
14 р ыр, ры, ір, рі
15 с сы, ыс, сі, іс
16 т ты, ыт, ті, іт
17 у ұу, іу
18 х хы,ых
19 ш шы, ыш, ші, іш


Енді осы заңдылықты мына сөздердің жазылуына мұқият назар аудару арқылы қысқартуға болатынына көз жеткізейік:
қы+а+лы+а = қала; кі+ө+ші+е = көше;
А+ыл+мы+а+ыт+ы = Алматы;
А+ыл+мы+а+ыт = Алмат;
ы+сы+ры+а+ып = ысырап. Мұндағы көше, Алматы, Алмат сөздерін одан әрі қысқарту мүмкін емес, бірақ «ысырап» сөзін қысқартуға болады:
ысрап. Өйткені, «ыс» буынынан кейін «ы» дыбысы жазсаң да, жазбасаң да дыбысталады, бұл – үндестік заңының көрінісі және Ы дыбысының кестедегі қасиетінен туындап тұр.
Осылайша мынадай сөздер тізбегін келтіруге болады:

№ ресми нұсқа жаңа нұсқа
1 ыд{ыс} ыдс
2 іш{ік} ішк
3 ішкі ішкі
4 сөг{іс} сөгс
5 {шы}ғар{ыл}{ым} шғарлм
6 бас{ыл}{ым} баслм
7 {бі}р{ік}{ті}р{ін}ді брктрнді
8 түг{іс}кен түгскен
9 {бі}л{іс}кен блскен
10 {бы}л{шы}лдама блшлдама
11 {сі}р{ің}ке срңке

Кестеге қарай отырып, сөздегі жуан не жіңішке буындарға қатысты сәйкес түрде Ы мен І әріптерін қысқартуға болады.
Жақшаның ішінде көрсетілген буыншақ дыбыстарды бір әріппен таңбалау арқылы қаншама шұбалыңқылықтан арылуға болатыны көрініп тұр.
Алайда, буыншақтағы ы, і үншелері мен дауысталатын ы, і дыбыстарын ажырату қажеттігі туындайды.
Біздің пайымымыз бойынша, мынадай үш жағдайда ы, і дыбыстарының буыншақтау қасиетінен гөрі дауысты дыбыс екендігі ажыратылады:
1. сөздің басында дыбысталатын ы мен і үншелері - дауысты: ішік - ішк;
2. сөздің аяғында дыбысталатын ы мен і үншелері - дауысты: ескі - ескі;
3. сөз ортасында келетін үшінші жақтағы жіктеу есімдігінің жалғау ретінде дыбысталатын ы мен і үншелері - дауысты: тіліміз – тлімз; еліміз - елімз.
Алайда, бұл тұжырым бойынша кейбір айырықша жағдайларға сәйкес қағыйда қажет: тілдің - тілдң, тылдың - тылдң, тіліміздің – тілмздң, тырсыл –тырсл; мұндағы буыншақты үншелерді өз әріптерімен таңбалап, сол арқылы сөздің жуан не жіңішкелігін ажырату мүмкіндігін туғызу арқылы жазылымы бірдей, жуан-жіңішкелігі әр түрлі сөздерді нақтылауға болады. Бұл тұжырым тілді үндесім заңына мойынсұндыру арқылы тұтынушыға мойындатып, оның сақталуын бекіте түседі.

Бастапқы кезде дыбыстық алфавитке дағдыланған адам үшін аздап, үйренісуге тура келеді, бірақ ол 2-3 сөйлем жазғаннан кейін бірден жолға түседі.
Сонымен, іске сәт!

БҰРЫНҒЫ «АЗАТШЫЛМЕН» СҰХБАТ

«АЗАТ» ҚОЗҒАЛЫСЫН АЙМАҚТАҒЫ АЗАМАТТАРДЫҢ ҚАТЫСЫНСЫЗ ЕЛЕСТЕТУ МҮМКІН ЕМЕС. МЫСАЛЫ, СОЛ ҚОЗҒАЛЫСТЫҢ БІРІ, 1989 ЖЫЛЫ МАҢҒЫСТАУДАҒЫ ЖАҢАӨЗЕН ОҚИҒАСЫН ТӘЖІРИБЕ ЕТІП, «ПАРАСАТ» ҚОҒАМЫН ҚҰРҒАН МАРҚҰМ САЙЫН ШАПАҒАТОВ, ОСЫ ҚОЗҒАЛЫСТЫҢ ТЕҢ ТӨРАҒАЛАРЫНЫҢ БІРІ БОЛҒАН ЕДІ. АЛ, ЕЛДІҢ БАТЫСЫНДАҒЫ АЛТЫ ОБЛЫСТА «АЗАТТЫҢ» ЫҚПАЛЫН 1990 ЖЫЛЫ «АЛДАСПАН» ҰЙЫМЫН ҚҰРҒАН СЕРІК ЕРҒАЛИДЫҢ ЕҢБЕГІНСІЗ ЕЛЕСТЕТУ ҚИЫН.


Ж.С. Секе, өзіңіз «Азат» қозғалысының басында тұрған азаматтардың бірісіз. Осы ұйымды ХХ ғасырдың басындағы «Алаш» партиясы секілді қазыр көп аңсаймыз. Бұл ұйым неге пышырады, қайта тірілтуге болмай ма, бас-қасында ығай мен сығайлар болды... Сондай құлшынымпаздық пен жігерлілік қазырғы ұлтшыл ұйымдарда болмай отырған секілді...

С.Е. Бұл сауалға жауап берместен бұрын, «Азат» қозғалысының құрылған мақсатына назар аударайық. О баста, «Азат» қозғалысы Қазақстанның егемен алуына үлес қосуды мақсат еткен халықтық қозғалыс болды. Ал, Қазақстанның егемен болуы 1991 жылдың 16 желтоқсаны күнгі Қазақстан республикасын жариялаған заңның қабылдануымен біткен жоқ. Оны орнықтыруға тағы бір жылдай уақыт кетті, ал түпкілікті рәсімдеу 1993 жылғы 14 қарашадағы теңгеміздің шығуымен байланысты.
«Азат» қозғалысы азаматтық қозғалыс ретінде 1992 жылға дейін ісін атқарды. Одан кейін қазіргі Хасен Қожахметтің тіркеген «Азатына» дейінгі аралықта өлген қозғалысты «жерлеуге» қимай жүрдік және қозғалыс «тірлігін» көрсеткен де емес. Аштық жариялау секілді акциялар болмаса. Ал, Хасекең басқарып келе жатқан «Азат» тіпті, басқа нәрсе. Дегенмен, «Азат» қозғалысы өзінің алғашқы мұратына жетті, яғни сол кездегі қазақтардың, тіпті қазақстандықтардың (Ақтөбе облысында талай қазақ еместер де мүше болған) қатысуымен елдің егемен болуына өз үлесін қосты. Соның ішіндегі ең үлкен үлес – елдің солтұстық шекарасын қымтау (Орал оқиғасымен тығыз байланысты) және Семей полигонын жабуға мәжбүр ету. Бұлар айтуға оңай болғанымен әрқайсысы өз алдына зерттелетін тақырыптар. Егер сол кезде Орал оқиғасы нәтижелі болмағанда, елге ағылған ресейлік казактар қазір Орал қаласын Яик-казак республикасының астанасы етер еді де, келесі кезекте біздің терістіктегі бірнеше облысқа қол салатын түрі анық еді. Ал, елдің әр түкпірінен Орал оқиғасының буымен «Азат» жинаған адам нөпірі Семей қаласында 1 апта бойғы митингпен «Семей полигоны жабылмаса, барып өзіміз жабамыз» деген айбар арқылы және сол кездегі республика президенті мен «Невада-Семей» басшысы Олжас Сүлейменовке қайта-қайта полигонды жабу туралы жеделхат жолдауы айтулы жарлыққа қол қойғызды. Басқа ұсақ-түйекті есептемегенде, осы екі ірі акция «Азат» қозғалысының Қазақстан тарихында қалуына толық негіз жасайды. Қазақстан осы оқиғалардан кейін өз алдына егемен болуға лайықталып, өзіне өзінің сенімі ұлғая түсті және одан әрі қазақтардың мемлекетке ие болу құқығын моральдық жағынан қамтамасыз етіп, тәуелсіздікке деген лигитимдігін жүзеге асыра түсті. Осылайша, қозғалыс ел егемендігін орнатуға үлесін қосты. Бірақ алда егемендікті бекіту мақсаты тұр еді, ал оған азаматтық қозғалыс жеткіліксіз болатын. Саяси партия құру керек еді.
1991 жылы 4 қазанда Алматыда «Азат» қозғалысының негізінде Сәбетқазы ағамыз бастап, Қазақстанның республикалық партиясының құрылтайын өткіздік. Дәл сол күні Халық конгресі партиясы құрылды. Қозғалысты өлтіруге қимадық, әсіресе, тең төраға Михаил Есеналиев ағамыз партияның партия болатынына сенбеді. Ақыры, ол кісінің болжамы дұрыс болып шықты. Партия құруға біз даяр болмай шықтық, оған интеллектуалдық деңгей де, материалдық жағдай да жетпеді. Ақыры, бұл партиямыз кейін «Алаш» партиясы болып тіркеліп, 1998 жылғы президент сайлауына қатысқаны бар. Бірақ онда «Алаш» сайқымазақтың ролін ғана атқарды.
Сөйтіп, 1991 жылдың күзінде «Азат» қозғалысын күшейте түсуді ойлаған М.Есеналиев ағамыз, оны өзі басқарып, өзіне орынбасарлар ретінде Ж.Қуанышәлі, Д.Көшім, Х.Қожахметтерді шақырды. Олар бұған дейін қозғалыстың құрамында болмаған-ды. Сол кездегі заңдылықтың өзгеруіне орай, барлық қоғамдық ұйымдар қайта тіркелуге тиіс еді де, «Азатты» да қайта тіркеу қажеттігі туындады. Ол кезде ұйымды тіркеу оңай болса да, қозғалысты қайта тіркеудің машақаты 1 жылға созылды ғой деймін. Сол жылы әлгі партияның қағаздарын дайындаумен Алматыдағы Жәкеңнің (Қуанышәлі) бір бөлмелі пәтерінде 1 ай жатқаным бар. Ал, Жасарал «Азаттың» құжатын әзірлеп жүрді. Қысқасы, бұрынғы бір ұйымның орнына екі ұйым құрылғасын соның былығымен бас қатырып кеттік. Елдің қоғамдық саяси өміріне араласу жөніне қалды. Біз секілді саясаткерлер кеңсе ісімен кеттік. Мұның барлығы ұйымның ішкі жұмысының жүйесіздігі мен бұл саладағы тәжірибесіздік еді. Бұған қоса қозғалыс та, партия да жеткілікті қаржымен қамтылмады. 1991 жылы қозғалыстың атқару комитетін басқарып келген Марат Шорманов Халық конгресіне кеткесін атқару билігі ақсады. Ақшамыз «Азат» газетінің шығуына ғана жетіп тұрды, оны қолға алған сол кездегі марқұм редактор Батырхан Дәрімбетов еді. Аппарат жұмысы пышырады. Аймақтарда да қозғалыс пен партияны есептегенде екі-екіден аппарат керек болды. Бұл талапты көптеген облыстар көтере алмады, тіпті, партия мен қозғалыс басшылары өз ара егесе бастаған көрініс пайда болды. Бұл жағдайды қазырғы екі «Ақ жолдың» басындағы жайтпен ішінара ұқсастыруға болады. Сөйтіп, қозғалыс жаңа сатыға жұмысын жандандыруға дайын болмады.
Ж.С. Секе, «Азаттың» белсендісі ретінде қозғалысты ыдыраудан құтқару үшін сіз ештеңе ұсынбадыңыз ба?

С.Е. «Азатты» жандандырудың бірталай шараларын ұсындық, сол кезде тәуелсіз кәсіподақ, банк және фирмалар құруды ойластырдық. Алайда, мұны жүйелеп, жүзеге асыратын орталық аппаратта мамандар болмады. Біздер 1993 жылы Ақтөбеде «Отау» тұрғынүй-құрылыс кешенін құрып, мен соған басшылыққа кеттім. Топан ақша мен шиқыма сауданың кезінде 24 адамға жер алып беріп, оның 8-не бір жазда қабырға тұрғызып, төртеуіне іргетас қалап үлгердік. Бұрын құрылыспен айналыспаған біздерге бұл біраз шаруа еді, егер мемлекеттен нақты қолдау болғанда бұл ірі құрылыс фирмасына айналатын. Бір жылдан соң «Отау» банкрот болды. Одан басқа «Бекарыс» фирмасы болды, оның ізі әлі де бар. Мұндағы жігіттер барлық құжатты, тіпті, банк қағаздарын қазақшалап, тексеруге келген салықшыларды тұйыққа тірегені бар. Осы кәсіптерлеріміздің арқасында 1993 жылы маусым айында Ақтөбеде «Азат» қозғалысының конференциясын өткізіп, қозғалысты ыдыраудан сақтап қалуды ойластырғанымыз бар. Сол жиында өзім екі жолдың бірін қабылдауды ұсындым: біреуі – қозғалысты жауып, партияны қалдыру және оны «Отан» деп атап, ұлттық демократиялық бағыт ұстау; екіншісі – қозғалысты жабуға қимасақ, оның басшылығын үйлестіруді алма-кезек түрде аймақтарға беру, мысалы, 6 ай Ақтөбе басқарса, келесі жолы басқа облыс алады, сөйтіп, Алматының жүйесіздігінен қозғалысты құтқару. Өйткені, Алматыдағы азаматтардың «Азатты» басқармақ түгілі, кезінде Алматыда «Азат» қозғалысының бөлімін басқа аймақтардың ең соңынан құрғаны бар.Осының барлығы бізді қатты ойландырды. Бірақ, Ақтөбе мәслихатында әлгі ұсыныстың бірі де, онан басқа нақты ұйымды ыдыраудан сақтайтын жоспар да қабылданған жоқ. Мен сол жиында өзімнің қозғалыстан үзілді-кесілді кететінімді мәлімдедім. Осыдан соң «Азаттың» жоғарыда аталған жаңа басшылығы бар, ескісі бар, бәрі жабылып бітпейтін тартысқа түсті. Ақыры, «Азатты» дұрыстап «жерлей» де алмадық. «Алаш» партиясы мен «Азат» қозғалысын қайта-қайта құрушылар, шын мәнінде бұлардың тарих алдындағы беделін пайдаланумен ғана шектелуде. Сол атауларға лайық болмағаннан кейін оларды жұлмалап керегі жоқ. «Азат» атауын жамылушылар жаңа атауды еңбектеніп, жаңа саяси бренд етуге жүрексінеді, сосын даяр беделді атауды құрал етуге құмар.
Біздер «Азат» құрылғанға дейін Ақтөбеде «Алдаспан» ұйымын құрып, оны облыстағы іргелі де ықпалды ұйымға айналдырғанбыз. Ұмытпасам, 1991 жылы 6 көкекте Ақтөбеге екі марқұм болған ағаларымыз Сәбетқазы Ақатаев пен Батырхан Дәрімбетов «Азатқа» қосылуды өтініп келген еді. Шындығын айтқанда, біз өзіміздің қан мен терімізді сіңірген «Алдаспанды» өлтіргіміз келген жоқ. Бірақ бір сөзге тоқтадық: жалпыұлттық қозғалыс құрысуға үлес қосу керек болды. Сөйтіп, ақтөбеліктерге әйгілі «Алдаспанды» сол кезде құрылып бітпеген «Азатқа» айырбастадық. Ал, «Азаттың» алдында мен де, басқа да ақтөбелік қандыкөйлек серіктерім қарыздар емеспіз. Біз қозғалысқа барымызды сарқа салдық. Өзім Сәбетқазы ағаның қасында еліміздің батысын аралап шықтым десем болады, қарауымда алты облыс болып, соның барлығында қозғалыс бөлімдерін құрумен жүрдік. Мұның бәрін тізіп отырған себебім, «Азаттың» дамуы мен ыдырауына қатысты себептерді ашып көрсету. Қорыта келгенде, «Азат» өз миссиясын 1993 жылға дейін орындаған және сонымен оның демі де біткен. Ендігі жерде тиянақты ұйымдар керек. Олар не саяси, не қоғамдық болып өз мәртебесіне сай жұмыс атқаруы қажет. Ал, «қозғалыс», «майдан» дегендер көбіне революциялық кезеңдерге тән құрылымдар. Сондықтан қазір «Азатты» жоқтап керек емес, оны арулап «жерлеп», тарихқа беріп, қазіргі жас ұрпаққа оның бетке ұстар тәжірибесі мен әрекетін үлгі ету қажет. Мен үшін басқа «азатшылдар» секілді қозғалыс кезіндегі атойлаған әрбір күндерім сондай ыстық, бірақ, Жөке, амал жоқ, адами сезім басқа, саясат басқа. Әсіресе, қазір барынша прагматикалық қимыл қажет. Қазір ешкімді де «Азатпен» біріктіріп, болмаса жөнге сала алмаймыз. Жақсының атын қашан да әркім жамылуға әзір. «Азат» та сондай, ол ХХ ғасырдың басындағы «Алаш» секілді халқымыздың ардақты тарихи бір сәті болып қалды. Ал, тарих тек қана зерттеудің нысаны, адам үшін тәжірибенің көзі. «Азат» тарихын саралау жаңаша тарихпен айналысушылардың жұмысы. Бірақ, онымен айналысатындар бізде әзір жоқтың қасы.

Ж.С. Егер «Азат» қозғалысын жамылып жүргендер бұрынғыдай атойлап шыққанда, жеріміз сатылмас па еді, қайтер еді? Өзің сияқты жігіттердің сол кезде бас көтеретін орны емес пе, өзің қайда жоғалып кетті? Неге үнсіз қалдың?
С.Е. 1992 жылдан кейін «Азат» қозғалысы болды дегенге сенбеймін. Сондықтан ««Азат» қозғалысы айбынды үн көтеріп, күреске шыққанда, жер сатылмайтын еді» деген уәж өлген адамды кінәлаумен бірдей.
Өзіме келсем, кішкене екі баламен қалып, басқа іс түсті... Оның үстіне саясат деген сүйген жар емес қой, оған кірісу де, кіріспеу де азаматтың еркінде. Тіпті, америкалық әйгілі саясатшылардың өзі саясатқа біресе келіп, біресе кетіп жатады. Жерді сату-сатпау жекелеген саясатшылардың болмаса биліктің жеке ісі емес, халықтың еркіндегі шаруа. Егер ұлт өз еркін білдіре алмаса, оған араша түсіп әуре болудың нәтижесі аз. Халық саяси субъект ретінде өзін көрсете алмайтын болса, жыртылып айырылғаннан ештеңе өнбейді.Бірақ, өзім жерді сатуда әр жан басына 3 сотықтан жерді тегін үлестіруді болмаса соған тең құнды қағаз беруді ұсынған едім. Бұған қоса, шетелдік қазақтар үшін арнайы жер қорын сақтау қажет еді. Бұл жерді не бау-бақша өсіруге болмаса тұрғынжай салуға мүмкін болатындай санатта қарастыруға болатын еді. Сонда әр үйде 5 жаны бар жанұя 15 сотыққа ие болар еді. Игере алмағандары оны құнды қағаз ретінде сатудың амалына кірісер еді. Сөйтіп, ешкім де бұл саясатқа сонша өшікпеген болар еді. Қалай болғанда да, жерді қазақстанша сату елдегі кезекті әділетсіздіктердің бірі болғаны рас.
Ал, шеттегі менің үнімді есту әрине, оңай емес, өйткені, біздің елде тек қана Алматы мен Астананың ғана үні бар. Үн демекші, біздің қазақтілді басылымдар тек қана авторитетке назар аударып үйреніп қалған, ал бес жасар баланың ешкім айта алмаған шындықты бетке басып, патшаның жалаңаштығын жария еткенімен ісі жоқ. Егер мен соңғы кездері назарға түсе бастамасам, сіз де, бәлкім, менен пікір сұрамас едіңіз. Бұның бәрі - біздің өз құнымызды бағалай алмайтынымыздың белгісі, ұлттық зердеміздің тұқылдануы.

Ж.С. Осы әр ұйым құрып, әркім өзін күйттегенше, ұлтшылдардың басы бір ұйымға бірігетін кезі болған жоқ па? Былтыр бір ұйым құрамыз деп атойлап едік, Хасен Қожахмет пен Дос Көшім келіп, бір топ құрып өз алдына олар кетті. Бұдан мықты ұлттық ұйым бола ма?

С.Е. Өз басым бір қазанға түрлі малдың етін бірге салып асқан қазақты көргенім жоқ. Сондықтан көп тараған «ұлт патриоттары неге бірікпейді» деген уәжді қабылдамаймын. Бірікпейтін нәрсені біріктіруге ұмтылу да істің байыбына бармағандық. Қазіргі заң бойынша 10 адам бір қоғамдық бірлестік болмаса үш адам қор құруға мүмкіндігі бар. Қайта бірнеше ұйым құрып, ұлт үшін әділетті бәсекеге түсуден неге қорқамыз? Менімше, «Ұлт тағдыры» мен «Халық дабылының» екі бөлек құрылғаны дұрыс болды. Тіпті, аймақтарда, мысалы, Түркістанда «Намыс» деген жас отаншылдардың ұйымы бар. Неге біз оларды әлгі қозғалыстарға әкеліп зорлап қосуымыз керек. Әркім өз әлінше, өз әдісінше елге пайдасын тигізсін, өз ара жарысқа түссін, өз беттерінше тәжірибе алсын. Бұл заман талабы. Бұнда тұрған ұлттың жіктелісі байқалмайды, керісінше, халық осылайша сапаланады, ұлт мүддесі жолында бәсеке пайда болады. Дәл осылайша, тіл мүддесі жолында да ондаған ұйымдар құрылғаны жөн. Біреуі тілмаштарды, біреуі журналистерді, енді бірі орыстілділердің оқытушыларын жинасын т.т. Сонда нақты іспен айналысу басталады. Әйтпесе, ұлтшылдар жыйналып алып, өз ара айтысуын доғармайды. Бірақ, түрлі отаншыл ұйымдар қауымдастық, коалиция болмаса альянс құруға әбден болады. Бұның бәрі қазіргі заманның ұйымды құра білу мен оны дамыта білу мәдениетінен келіп шығады. Ал, біз әлі өткен ғасырдың 90-жылдары деңгейінше жүруден танбаймыз.
Хасен Қожахмет қалай десек те қазақтың саяси диссиденті, бірақ саяси баскер (лидер) дей алмаймын. Ал, Дос Көшім өз қолынан келгенін істеп, саясаттану саласында пікірін білдіріп жүрген аз тұлғаның бірі. Осылардың болғанына да шүкір етейік. Егер бұлар қарық қылмаса, онда өзгеміз қолға алайық. Көзге шыққан бірен-саранды несіне шұқылаймыз. Шын мәнінде «Азат» қозғалысын неге өз деңгейінде алып кетпедіңдер деп оларды кінәлауға менің орным бар. Бірақ, әркімнің өз әлеуеті бар ғой. Одан артық қалай түрткілесең де, ештеңе шықпайды.

Ж.С. Ал енді, «Халық дабылы» мен «Ұлт тағдыры» ұйымдарының болашағы бар ма? Алматы іргелі ұйымдарды дамыта ала ма? Ұлт мүддесін қорғауда алдымен не істеу керек?
С.Е. Ұлт мүддесін даңғыра ету үшін емес, шешу үшін ұйым құру керек. Ал, ол үшін көп нәрсе қажет емес. Меніңше, қажетті нәрселер екі ұйымда да жеткілікті. Ол - аймақтық бөлімшелер құруға қажетті материалдық мүмкіндіктер мен жергілікті бас көтерер азаматтар. Бірақ, қоғамдық ұйым мен саяси ұйымды шатастырмау қажет. Қоғамдық ұйым дегеніміз – қоғамдағы мәселелерді шешуге атсалысатын ұйымдар, ал саяси ұйым билік үшін күресте проблеманы шешуге мемлекеттік тұрғыдан кірісетін ұйым. Қазір әр қазақ ұлтшыл азаматтық ұстанымға ие болып, әрбір қоғамдық ұйым нақты жобаны іске асыруды, ал саяси ұйымдар нәтижелі бағдарламаны қолға алуы керек. Сөйтіп, мемлекет=ұлт формуласы өмірге енетіндей ықпал жасау қажет. Бұл әсіресе, қозғалыстар мен партиялардың басты мақсаты болуы керек. Бұған ұмтылмайтын партияның халық үшін қажеті жоқ.
Ұлттың мүддесі оның қоғамдық ортада өз мүддесін қорғай білу қауқарына байланысты. Ал, бұл қауқар ұлттық баскерлердің (лидер) әл-дәрменіне тәуелді. Ұлтшылдардың ұйымы қай жерде құруға байланысты емес, қалай және не үшін құруға, нәтижеге жету амалдарына байланысты.
Енді қайтпекпіз дейсіз... Ұлттың етенелену (самоидентификация) процесін қолға алып, бірегей ұлттық сананың қалыптасуын тездетуіміз керек. Ол үшін елдің ақпараттық кеңістігін қазақыландыруды қолға алмай, ештеңе шықпайды. Бұл жолдағы басты амал қазақ журналистикасының жабысқан жабағысын көтеруге, дамытуға тәуелді. Ақпарат құралы сананы қоректендірудің бірден бір сайманы. Өкінішке қарай, қазақ журналистикасы орыстілді БАҚ-ның көлеңкесі болып кетті. Дербес түрдегі ықпалы мен айтары аз. Тіпті, қазақ оқырманын, тыңдарманын, көрерменін орыстілді БАҚтар барған сайын өзіне баурап барады. Бұл аса қатерлі үрдіс! Бұл жауланған елдің қатын-баласын айдаған ежелгі көріністің бүгінгі сипаты.

Ж.С.Ұлтшыл азамат бола тұрып, ұлтшыл ұйымнан тысқары кеткенің қалай? Әлде халыққа бірдеме істеп жүрдің бе?
С.Е.Әлгінде өзіңізге айттым, 1992 жылдан кейін саясатпен ісім болмады. Алайда, 1995 жылдан бастап үкіметтік емес (қоғамдық) ұйым құрып, бұқараны азаматтық өмірге икемдеумен, демократия істеріне әзірлеумен айналыстық. М.Шаханов өзіне көмекші болуға шақырғанға дейін мен егемен елдің бюджетінен жалақы алатындай қызметте болған емеспін. Жергілікті билік мен сияқтылардың әлеуетін біле тұра мемлекеттік қызметке жолатқан жоқ. Дегенмен, халықаралық ұйымдардың грантымен күн көріп, елімізге қолдан келгенімізді істеп келдік. Өзім 2002 жылы Ақтөбе облысының шалғайдағы Қаражар ауылында кезінде 5000 теңгеге сатылып кеткен ауыл клубына 5000 АҚШ долларына құрылыс материалын салып, қайта тұрғызуға ауыл тұрғындарын жұмылдырдым. Мұндай әдіспен бүкіл елдің қираған клубтарын екі-үш жыл ішінде қалпына келтіруге болар еді. Бірақ, ұсынысымызды облыс басшылығы да, мәдениет министрлігі де пысқырған жоқ. Мұның экономикалық және әлеуметтік тиімділігінде орасан пайда бар жоба еді.
Соңғы жылдары республикалық тәуелсіз бақылаушылар легін дамытуға қатысып, елді демократияландырудың инфрақұрылымын жасақтауға үлес қостық. Шындығында қазақтілді орта үшін қазыр осындай қоғамдық инфрақұрылым жағы жетіспейді, қоғамдық белсенім мен мүдде қорғау мәселесі артта қалып отыр. Біздің бұқара мұсалдаттық пен құлдық күйден арылмауда. Оның бірден бір емі - қазақтілділерді қоғамдық ұйым құрып, басқаруға баулу; онсыз азаматтық қоғамды дамыту және мемлекетке ие болатын ұлтты жасақтау - бос сөз! Тіпті, тіл мен діл мәселелері де осыған қарап тұр. Бұл саладағы кемшіліктерін оппозиция өкілдері енді ғана мойындауда.

Ж.С. Секе, саясаттанушы ретінде біздің елдің соңғы кездегі саяси жағдайын қалай сипаттар едің?
С.Е.Кез келген елдің саяси сипатын анықтайтын жетеккүш (локомотив) болады, оны көбіне ұлттық буржуазия қалыптастырады. Жаңа қазақ буржуазиясының екі жолмен жасақталғанын ескеруіміз керек: жасанды жолмен, яғни коммунистік номенклатураның демеуімен туылған кландық буржуазия және табиғи жолмен, яғни өз біліктері мен еңбегі арқылы жасақталған буржуазия. Қазір осы қарама қарсы екі буржуазиялық топтың арасында текетірес жүруде, тіпті жасырын соғыс деп те айтуға болады. Осы «соғыстың» құрбаны ретінде соңғы жылдары түрлі жолдармен қаза болған бизнесмендер мен саясатшыларды, журналистерді тізу көзді жеткізе түседі. Алтынбектің өлімі бұрынғы құрбандардың бірі болғанымен сипаты мен мәні жағынан Қазақстанның аса қатерлі кезеңге аяқ басқанын көрсетеді. Жағдай бұдан әрі ушыға берсе, тіпті, ел болып қаламыз ба, жоқ па деген сәт тууы да мүмкін. Өйткені, бұл шайқасқа Қазақстан қазыналы жер болғандықтан әлемдік күштер де кірісіп кетуі ғажап емес. Алайда, біздегі «жасандылардың» да алуан текті екенін ескерсек, Алтынбектің өлімі олардың өз ара текетіресінің нәтижесі де болуы ықтимал.
Жоғарыдағы екі топтың мақсаты қайткенде елді екі түрлі даму жолына түсіру арқылы өздерінің ықпалын жүргізу: біреуі демократиялық мұратты көздеу арқылы өз мүмкіндіктерін іске асырғысы келеді, енді бірінің мақсаты - бұрынғы пландық экономикаға кландық сипат беру арқылы ел дамуын уыстау. Бұл топқа араша болатындай ішкі күш жоқ, ол кезеңнен өтіп кеттік... Сыртқы күштердің араласуына алғышарттың қалыптасуы да осында жатыр. Елдің саяси жағдайы күрделі. Себебі, әлгі екі сипатты буржуазиялық топ арасында антагонистік алакөздік бар, сірә, біздің елде ұлттық диалог болмайтын секілді. Осының кесірі ұлттың біртұтас буржуазиясының қалыптасуына кедергі болып тұр. Бұл жағынан алғанда Украинадағы қазырғы жағдай бізге сабақ болуы керек.

Ж.С. Біздің егемендігімізден ұлтқа не пайда сонда?
С.Е.Қазақстан экономикалық жағынан ырықтанғанымен, саяси-әлеуметтік жағынан әлі өтпелі кезеңде. Осы саяси өлара біздің егемендігімізді жоққа шығаруда. Бұл асудан өту үшін әлгі текетірестің зор кеселі болып тұр: ұлттық элита екіге жарылды. Мұндай жағдайда ұлттық мүддені іске асырмақ түгілі, оны әңгіме етудің өзі мәнсіздік. Сондықтан да өз жерінде саны мен сапасы жағынан мемлекетті толық меңгеру деңгейіне жеткен қазақ ұлты өз мүддесін өзі мүжуде: тіл мәселесі сол күйінде, кеңестік ауыл күйреп, орнына жаңа сипатты инфрақұрылым пайда болған жоқ, урбанизация қазақ этносын жұтып жатыр, ұлттық элитаның ар-намысы болып табылатын зиялы қауым шабарманға айналды. Интеллигенцияның өнімі ретіндегі өнер туындылары ұлт тарапынан жатырқауға ұшырауда. Қазақ жастары қазыр ана тілінде сөйлеуге ұялатын болды, өз фольклоры мен этнографиясын күлкі етеді, яғни ұлттың жан-дүниесін нигилистік жегі құрт жайлап барады. Ұлттық әлеует сол ұлттың дамуына жаратылмай, текетірестің құрбанына айналып отыр. Бұл жағдай әлі жаһанданудың тегеурінді дауылы жетпегендегі күйіміз.
Егемендіктен біздің ұлт сауданы ғана үйренді. Өндірісті, әділ баюды біз әлі қолға алған жоқпыз. Болашақ іргелі мемлекет болудың іргетасын қалай болса да, қаладық. Кеңес өкіметі кезінде ешкім білмейтін қазақ деген ұлттың барын әйгіледік. Басқалардан кем емес екенімізге көз жетіп, кембағалдық мінезден арылуға негіз жасадық. Қысқасы, үміт пен сенім басым.

Ж.С. Бұдан әрі біздің елдің дамуы қалай өрбімек?
С.Е. Бұдан әрі не болатындығын болжау үшін елдегі саяси құбылыстың көзі болып отырған әлгі басты екі күштің өздерін қалай ұстауына көз жіберу керек. Егер елдегі саяси террордан арылу мен ұлттың шынайы даму жолдары қарастырылмаса, онда «табиғи» буржуазия елден ығысуы ықтимал. Ал, Қазақстанның ДСҰ-ға мүше болуымен байланысты «жасанды» буржуазия ұлттық капиталды үстемелеу түгілі, оны ұстап тұруға шамасы келмеуі мүмкін. Бұл дегеніміз - елдің экономикалық қақпанға түсуі, одан әрі әлеуметтік жағдайдың ушығып, тәуелсіздіктің қатерге ұрынуы ықтимал...

Ж.С. Бұны болдырмас үшін не істеу керек, әлгі топтар?
С.Е. Екі тарапқа да көп ұзамай төнетін қатердің алдын алу керек. Ұлттық диалог дегеніміз – сол. Бірақ бұл диалог «жасанды» буржуазияның пиғылы мен бастамасына аса тәуелді. Бұл жағынан біздің жағдайымыз ауырып-сырқап, аяғынан тұрып кету мүмкіндігі бар қырғыз ағайындардан да күрделірек. Өйткені, біз жынымыз шишадан әбден семіріп, ыдысты сындырып шыққандай ахуалдамыз. Қырғыз төңкерісі ашық та, аңғал жүруде. Біздегі күрес жабық та, зұлымдық сипат алуда.
Сұхбаттасқан – Жұмаш Сомжүрек, ақын, журналист.
2006ж.

Ел боламыз десек, БАҚты түзеу керек

Журналист Серік Ерғалимен сұхбат

Сұрақ: Сіздің мамандығыңыз журналистік саладан жырақ, табиғи ғылым саласы. Математиксіз. Қалай журналист болдыңыз?
Жауап: Ол рас, қызыл дипломды математикпін. Сол үшін ұстаздарымның еңбегін еш кетіргендей, ыңғайсыз да сезінемін. Математикаға бейім болғанмен, адамның жаны құмар іс болады екен. Жас кезден жазуға құмарланып өстік, ақыры журналистиканың барлық саласы мен жанрын меңгердім десем, мақтану үшін емес, білімнің бәрі адамға мамандық бола бермейтінін айтқаным. Бірақ мен өзімнің журналистік қабілетімді математикалық логикасыз елестете алмаймын, мені журналист еткен – Математика! Өйткені, журналист дегеніміз - Өмірге қияли қарау емес, оны шынайы бағалау, ал ол – нақты ойлаудың жемісі. Сөйтіп, теле-радио мен басылым саласындағы өмірлік мектептен өттік. Ал, жанр бойынша сараптама, репортаж, ток-шоу дейсің бе, оң жамбасқа келгенін қаузап келеміз. Бірақ, біздің мамандықты бағалайтын бірден бір субъект – оқырман, көрермен және тыңдарман ғой.
Сұрақ: Жалпы, қазақ журналистикасының тарихы қаншалықты терең деп ойлайсыз?
Серік Ерғали: Журналистиканы ақпарат өндіру мен таратуға қатысты алсақ, қазақ журналистикасы ежелгі түркілік тарихи ескерткіштермен астасып жатыр. Ондаған ғасыр бұрын тасқа жазылған Орхон жазбаларында сол кезге тән ақпарат мол, таскітап заманға қажетті маңызды да терең ақпаратты беріп кеткен. Бұ жағынан ақпарат тарату түркілерде тек қана кеңістік бойынша емес, уақыт бойынша да жүзеге асып отыр. Біздің журналистика «тасгазеттерден» басталса, оның бергі жағында ақын-жыраулардың туындысы жалғастырды, оларды бірыңғай әдебиет деуге болмайды, оларға журналистикалық жанды сипат тән. Сондықтан да көшегендердің жыры поэзиядан гөрі поэтикалық журналистика болып табылады. Қазақ журналистикасының көкесі – айтыс! Біржан-Сара айтысы - тұнып тұрған қоғамдық үрдісті талдау! Сол кезгі қоғамның қандай екенін ешбір көсемсөз ол кезде дәл ондай қылып ашқан емес.
Кез келген айтыс үдерісінде туылған туынды әдеби өнім емес, ең әуелі – журналистік сипатқа толы ақпарат пен көзқарас тартысы, қоғамдық пікір шарпысы, поэтикалық дебат. Ал, поэтика айтыс үшін бар болғаны сайман рөлін атқарып жүр. Алайда, біз айтысты әдебиет ретінде біржақты бағалау арқылы оны тоқыратып отырмыз. Айтыскерді ақын дейміз, кешіріңіз, Мұқаметжан Мұқағали бола алмайды, айтыс үстінде. Мұқағалидан айтыскер шықпас еді, өйткені, ол журналист емес, «барды бар, жоқты жоқ» дейтіндей, ол – Ақын! Бұл айтыскерді де, ақынды да кемсіту емес, біз ненің не екенін ажыратпасақ, бүлдіріп тынамыз. Журналистикаға ситуацияны нақты да шынайы бағалау тән болса, әдебиетке ситуацияны бағалау емес, оны туындыға талғажау ету тән. Айтыс ақынының өлеңі айтыс үстінде ғана қызық, оны поэзия туындысы ретінде оқу ләззат бермейді, ал поэзия керісінше туылу үстінде емес, туылған соң тұтынысқа түседі. Ендеше, айтыстың өне бойында о бастан ток-шоулық жанр жасырулы жатыр. Қазақтың әңгімешілдігін алсақ, ол да ауызекі журналистика. Демек, журналистика қазақта о бастан бар.
Сұрақ: Сіз қазақ журналистикасының қазіргі ахуалын көбірек сынайтындардың бірісіз. Сыныңыз қаншалықты ақтаулы? Әлде бұл өзіңізді өзге «ауылдан» сезінгеннен туылатын көзқарас па?
Серік Ерғали: Екеуі де болуы мүмкін. Бірақ мен кәзір өзімді журналистикасыз елестете алмаймын, оның бұлағына түкіретіндей халда емеспін. Журналистиканы бүкіл ұлтқа теңегеннен гөрі «Қазақы журналистика» атап, оған журналистерге жүкті көбірек түсірген дұрыс. Біздің журналистиканы мен секілділердің сынауы, шын мәнінде сын да, мін де емес, көзге көрініп тұрған нәрсені журналистік түрде шынайы бағалау.
Қазақы журналистика ойдағыдай деңгейде болса, елдегі қазақтілді кеңістікке ие болған болар еді. Өкінішке қарай, оны кәзір орыстілді БАҚтар қылғыту үстінде. Ал, одан әрі ағылшынтілді, қытайтілді, түріктілді т.т. алуан тілді ақпарат құралдары қылдай бөліп алу қатері төніп келеді. Қалалаларда қазақ газеттері орыстілді басылымдардың астында көмулі қалып жатыр. Бұл – масқара, сорлылық! Оның үстіне, ай сайын бір басылым орыс тілінде балалауда. Басты себеп: ақпарат кеңісімізге қожа бола алмаудан туып отыр, дәлірегі, қазақы журналистиканың қауқарсыздығынан.
Сұрақ: Нақтырақ айтқанда, ол қандай қауқарсыздық?
Серік Ерғали: Біздің журналистика ақпарат өндірісінен кенже қалып отыр. Жалпы, өнім өндірудің орнына, біреудің қаңсығын көшірумен шектелу әбден орнығып отыр. Барымызды уақыт талабына сай өңдей алмай отырмыз, жанрға сәйкестей алмаудамыз. Мен жұмыс орныма көрнекті Дулат пен Смағұл жазушыларымыздың мынадай нақылдарын жайғастырып қойдым: «Теледидар қандай болса – халық та сондай», «Ел болғың келсе, екраныңды түзе». Телеекранға қарасақ, қауқарсыздық менмұндалап тұр. Бойына ұлттық нәрді айтпағанда, қарапайым азаматтық мәдениет дарып үлгермеген сарыауыздар «қораздың» рөлін атқаратын болды. Одан не ақпарат, не өнеге, не жаңалық алып қарық қылмайсың. Немене, енді екранға отырғызатын адам қалмады ма, елде? Бар! Кәсіпқой қалыстасқан бір толқынды келесі біреулер қуумен келеді, ақырында ұлт зардап шегіп отыр.
Мәселе - біздің қоғамның қабілет пен қасиетке деген талабы мен сұранысының құлдырағанында. Әлгі шикілер өздерін екранға шыққанына мәз болып бір жыл жүрсе, ауылдастарымен тікелей эфирге шығып, олар піссін деп біз отырсақ, қашан ұлт болып ұйысамыз?! Талантты тарқапасқа тастап, тасырға жол ашқандағы жеткіміз келген мұратымыз осы ма?! Сосын тіл біледі екен деп, қазақты да, қазақ еместі де екранға қарапайым журналистикалық талапты меңгермегендерді қонжиту қандай сарабдал саясат!? Телеекран біреулрге кәсіп үйрететін орын емес, оған кәсіпті меңгергендерді тарту керек. Халтураның басына су қоятын уақыт жетті. Телеекран ойыншық па? Бұл – мәдени саланы мәдениетсіздіктің жайлап кеткендігінен, телеекранның қадыры мен кәсібін меңгермегендер басқаруынан. Сондықтан да, қазақ телеекраны ойыншыққа айналуда. Әсіресе, кеңестік көзқарас пен дағдыға малынғандардың кәзіргі радио-теле өнерді меңгеруі кісі күлерлік жағдай. Біз неге кешеге құмармыз?! Мәселен, Позднер мен Якубовскилеріміз болса, қарсылық жоқ. Рас, кешенің үлгісі мен дағдысын алуға болады, бірақ кешемен өмір сүру нағыз бейшаралық қой! Бізге жеке бастың тоқыраған беделі емес, телевизияның ортақ ұлттық абыройы керек! Әйтпесе, халықты өгей телеекранға телміртіп, өзімізден жирендіріп тынамыз.
Кәзіргі журналистиканың қоғамда сан алуан міндеті мен орны бар. Егер соларды елдің төл журналистикасы атқара алмаса, оны өгей журналистика қолға алады. Бұл «Өз елінің әскерін қамдамаған ел, өзгенің әскеріне жем болады» деген тұжырымнан туады. Кәзір асырып айтқанда, Қазақстанның ақпарат кеңісін қазақтілді басылымның қамтуы он пайыз. Ал, осыдан екі жыл бұрынғы мәжіліскер Мұхтар Шахановтың депутаттық сауалындағы мәлімет бойынша бұл көрсеткіш бес–ақ пайыз! Оған тиісті министрлік жұмған ауызын ашпағанына қарағанда, оның удай шындық болғаны. Осындай мәліметті жуырда жазушы-депутат Алдан Смайыл мырза да өз сауалына арқау етті. Бұл - егемен ел үшін ақпараттық апат! Мұндайға дені дұрыс ел шыдамас еді. Өйткені, бүгінгі заманның қорегі – ақпарат! Оған кім ие болса, елге - сол қожа!
Журналистикада қандай міндеттер мен мүмкіндіктер бар? Қоғамды насихатпен емес, ақпаратпен қамту, қоғам дертін дендеп тергеу, мәселені ашу, тіпті, оның шешілу жолдарын да көрсету, билік пен қоғамдағы алуан топтарға ықпал ету, қоғамдық пікір қалыптастыру т.т. тіпті, ұлтты ұйыту да, іріту де журналистиканың қолында. Оның «төртінші билік» аталуы да сондықтан.
Ал, бізде қандай ахуал қалыптасып отыр? Бізде (санаулы газет пен көрсетім, тыңдатымды айтпағанда) қазақы БАҚ БНҚ-ға (бұқаралық насихат құралы) айналып кеткен. Таптаурын тақырыпты талғажау ету, ауылдастан басқаны екранға әкеле алмау, әйгілілердің зықысын шығарып қайта-қайта жарнамалау, тақырыпты аша алмау, жаңа тұлғалардың бетін ашу біздің журналистика үшін асуға айналып барады. Әлгі БНҚ біз атаған міндеттерді емес, басқа міндеттерді атқаруға бейім екені сөзсіз. Ондай құралдың ақпарат таратумен емес, құлдардың құлағына «кеспе ілумен» ғана айналысатыны белгілі.
Сұрақ: Бұл күйімізге кім кінәлі?
Серік Ерғали: Бәріміз. Мемлекет те, журналистер де, оның тұтынушылары да. Мемлекет өзінің ақпараттық кеңістігін әркімге талатып қарап отыр, бұның артында мемлекеттік қауіпсіздік деген басы қауғадай үлкен мәселенің құлағы қылтиып тұр. Журналистер құлдық мінезден арыла алмай қалуда, сөйтіп, әлгі БНҚ-ны «гүлдетіп» отыр. Соның кесірінен бүкіл қазақтілді орта зардап шегіп, өз мәселесі мен үнін қоғамға өткізе алмауда. Қазақтілді орта керең, мылқаудың күйін кешіп отыр. Ал, оқырмандарымыз, көрермендеріміз бен тыңдармандарымыздың дені қазақы журналистиканы тұтынбастан, орыстілді «аулаға» тайып тұрды. Мұның басқа нәтижесін айтпағанда, қазақ тілінің айналымы мен ортасының тарылуына әкеліп соғуда. Ал, қазақ журналистикасы мұсалдаттың күйін кешуде. Көрдіңіз бе, журналистиканың қандай құдырет екенін және оны біз қандай мүшкіл халға жеткізгенімізді!? БАҚ деген батыс елдері үшін 4-билік болса, шығыс елдері үшін - ҰСТАЗ! Сондықтан ел болғымыз келсе, БАҚты түзеу керек!
Сұрақ: Сіз арнайы мамандық алмасаңыз да, журналистиканың ортасынан ойып орын алып жүрсіз. Жалпы, журналистерді жоғары оқу орындарында әзірлеудің қисыны бар ма?
Серік Ерғали: Қисыны шамалы. Әрине, журналистиканың стратегиялық сипаты мен теориясын, меңгеруін, күрделі техникасын қамтитын мамандар болмаса, журналистерді жылдап оқытып керегі жоқ. Менің құрақшы-инженерім өздігінен үйренген Әскербек деген филолог жігіт. Ал, видеоны құрақтау жеңіл шаруа емес. Әр саланың мамандарынан үш айлық, алты айлық әрі кеткенде тоғыз айлық курстардан өткізу арқылы түрлі жанр бойынша берілген сертификат кәзіргі дипломдардан әлдеқайда артық. Ал, ондай курстар үшін оқу орнын ашып керек емес, кез келген оқу-ағарту мекемесі, БАҚ-дың өздері де арнайы техникалық жарақтану арқылы зерделі мамандарды тартумен әлгі курстарды ұйымдастыруға мүмкіндігі бар. Болашақ журналистерді белгілі бір БАҚтың қолдау хаты арқылы курсқа қабылдауға болады, әрине, ол тегін болады деу дұрыс болмас. Алайда, сертификат кемінде үзіліссіз үш жыл бойы қолданысқа түспесе, күшін жоюға жатқызылу арқылы, оған ие болғандарды журналистика саласында жұмыс істеуге мәжбүрлеуге болады. Сонда ешкім керексіз «қатырма» жинаумен айналыспайды. Сонда басты салмақ болашақ журналистің қалтасына түседі де, шала-жансар маман болудан жұрт қашатын болады, оның үстіне журналистиканың нақты саласын ғана меңгеру тереңдетіледі. Оның есесіне төрт-бес жыл мен қыруар қаржысын босқа кетіріп, қазақ жанұясы «банкротқа» ұшырамайды. Ал, ЖОМды (жоғарғы оқу мекемелерінде) журналистика саласы бойынша «ауа сатудан» құтқарамыз. Керісінше, нағыз ұстаздар өз біліктерін маман журналист даярлаудың тиімді жолына жұмсайды, табысы да қомақты болады. Ұстаз бен шәкірт деген ұлы ұғымды қалпына келтіреміз. Өз басым жас сарапшыны кәзір тегін әзірлеуге даярмын, бірақ оған орта әзір емес, сұраныс жоқ. Қазақтілді сарапшылардың қадыры жоқ. Тіпті, біздің журналистикада мамандану дағдысы жоқ, сарапшы мен шолушыны шатастырады, продюсураны меңгеру атымен жоқ.
Менімше, аталмыш мәселені әуелі Журналистер одағының қолға алғаны жөн болар еді. Тіпті, әлгі курстарды соның бақылауымен өткізген мақұл, ал грантты қазақтілді журналистер даярлауға Мәдениет және ақпарат министрлігі конкурспен таратсын. Бұл мәселені түбегейлі шешу жолы емес, бірақ кәзіргі батпақтан осылай шықпаса, жағдай мүшкіл. Масқара болғанда, сөйлем құрай алмайтындар диплом алып шығып, жұмыссыз қалуда.
Сұрақ: Қазақы журналистиканың басты мәселесі қаржыға тіреліп тұр емес пе?
Серік Ерғали: Қаржы мәселесі – қазақы журналистиканың басты дерті. Оған біздің БАҚтар бас қатырмай былайша шешіп алған. Басылымдар жазылу мен министрліктің грантына жүгінеді болмаса құрылтайшысы бар, яғни газет табыс таппайды (бірен-сараны болмаса), тауарға емес мұсалдатқа айналған. Орыстілді БАҚтың бюджеті 90-95 пайызға жарнамадан құралса, қазақы басылымдардың (кейбір танымал газеттерді айтпағанда) қаржы көзі әкімдер мен мемлекеттік тапсырыстың мойнында. Осыдан барып, қазақтілді БАҚтар кімдікі екендігі шығады. Бұған Ресейлік теларналардың ешбір ұялмай-ақ сыналап кіріп жатқанын қосыңыз. Олар жарнамаақыны Ресейден емес, қазақ тұтынушыдан алып отыр! Ал, электрондық БАҚтардағы қазақтілді редакциялар орыстілді жарнама мен редакцияның қалқасында әупірімдеп жүріп жатыр. Ірі мемлекеттік арналар мен толқындарды айтпағанда. Ал, шын мәнінде, БАҚ үшін базаргөй экономика тұсындағы басты табыс - жарнамадан. Біздің елде жарнама қазақтілді тұтынушыны айналып өтеді, оның мүддесін пысқырмайды, заңдама солай жасалған. Бірақ жарнама берушілерді тәубесіне келтіретін мүмкіндіктер жеткілікті. Ол үшін редакторлар мен менеджерлердің қайраткерлігі мен бірлігі керек. Бәрінен бұрын қазақтілді журналистиканың мүддесін жеке қорғайтын қоғамдық ұйым қажет.
Сұрақ: Журналистер одағы бар емес пе?
Серік Ерғали: Бар, бірақ оған қазақтілді журналистиканың тағдыры қарайтындай тақырып та, мәселе де болмай отыр. Оның алдында бұны мәселе етіп қойып жүрген біздің БАҚтарымыз да жоқ. Мұның барлығы қазақтілді журналистикада қауқарлы элитаның жоқтығынан. Мысалы, орыстілді редакторлар бірігіп, кеңес құрып еді, билік шошып кетті. Әлгілер, тіпті, Ресейді арқа тұтатын сыңайы бар. Бұл - көзсіз басыну. Бірақ соған біз шыдап отырмыз, дәлірегі бұғып отырмыз. Бұғу мен шыдаудың айырмасы жер мен көктей ғой. Ал бізге құлдықтан құтылған журналистердің жаңа буынын өсіретін, әлеуметтік жағынан, өнериеттік және құқықтық сала бойынша қорғайтын қоғамдық ұйым керек. Біздің ахуалымызды бір қараға жеткізетін тетіктің бірі осы. Оған жанқиярлығы мен харизмасы жеткілікті баскер (лидер) қажет. Бізде харизмалық тұлғалар жеткілікті болғанымен, ұйымдастырғыш адам аз.
Сұрақ: Кәзіргі қазақы журналистиканың бойында қандай кемшіндік бар?
Серік Ерғали: Ақпарат өндіру қабілеті төмен. Біздің ақпаратымыздың 70-80 пайызы аударма, қалғанын әупірімдеп, әдеби әсірелеп жүріп өзіміз жасақтаймыз. Жалпы, біздің журналистика әдебиеттен ажырамай отыр.
БАҚтарымызда жанр айшықтау мәселесі де бұлыңғыр. Кәзіргі оқырманның құлаш-құлаш демогогияны оқитын уақыты да, құлқы да жоқ екенін ескермейміз. Ақпарат тілі қысқа да нұсқа, айқын, әсіресіз болу керек, ал біз оны бар өнерімізбен әдеби бояуды жағып келіп, ағал-жағал етеміз. Ал, сараптамаға эмоциямызды қосып быламық жасаймыз. Оқырман содан үркеді, уақыты мен тиынын шығын қылғысы келмейді. Бұл жерде оқырман отаншыл емес, әуелі тұтынушы екенін ескеруіміз керек!
Біздің басылымдарға тән тағы бір кемшілік нақты концепцияның жоқтығы, бірінен бірін ажыратудың қиындығы. Бір мәселеге жабыла ойбайлайтынымыз бар. Деректі дақпыртқа айырбастаймыз. Мысалы, «бір миллион қазақты түрлі сектаға беріп жібердік». Бірақ оны санаған ешкім жоқ. Баяғы қазақы дақпырт болды да шықты. Осыдан қазақтілді басылымның абыройы азая түседі.
Қазақтілді басылымдар аз болғандықтан, оларға монополиялық сипат тән. Оларға қабілетті журналистер барып жарытпайды, өйткені, жалақы болмашы, сондықтан орыстілді басылымдар журналистер үшін бизнес болса, қазақы басылымдар күнкөріс көзі күйінде. Орыстілді БАҚтар ырықты экономиканың субъектісі болса, қазақы басылымдар әлеуметтік топтың субъектісі деңгейінде. Осыдан келіп, қазақы БАҚтарда даму емес, ілбіген күнкөріс дағдысы орныққан. Ал, бұған баға беріп, сараптап, жағдайды түзеуге тиіс арнайы мемлекеттік орган айдалаға қарап отыр.
Әр газеттің өз мінезі, бояуы, оқырманы, әлеуметтік тобы, нысанасы, мақсаты мен мұраты, жазу стилі, тақырып аясы болу керек. Сонда біз қазақтілді оқырманды орыстілді газеттерге талатпас едік. Оқырманға керекті материалды қазып тұрып берер едік, ол содан тұшынып, өгейтілді ақпаратқа қарамас еді. Енді бүтін бір ұрпақ орыстілді басылымдардың оқырманы болып шыға келді, оны қайтару - қой қайтару емес. Оның үстіне бізде менеджмент пен өнериет (творчество) ажыратылмаған. Менеджментті меңгермегендер директор болып жүр, журналистиканы ұйымдастыра алмайтын кейбіреулер - редактор. Қазақы БАҚтарға кәсіпқой менеджерлер мен редакторлар керек. Оларды диплом сатып әзірлей алмаймыз. Процесс қана туғызады. Біздің елге қазақтілді журналистикалық қарқынды үдеріс қажет. Әсіресе, ұлт идеологиясының бірден бір асыраушысы болып табылатын телевидениені кездейсоқ келіп кетушілер мен кеңестік архаистерден құтқаратын уақыт жетті.
Сұрақ: Ол үшін не істеу керек?
Серік Ерғали: Ол үшін мемлекеттен ақпарат кеңістігін қорғауды талап ету керек. Шетелдік басылымдар мен олардың бізден шығып жатқан брендтеріне салықты екі есе көбейту қажет. Керісінше, қазақтілді ақпарат кеңістігін дамыту программасы жасалып, қазақтілді республикалық басылымдардың таралымы отыз мыңнан кемдеріне салықты мейлінше азайтуға ықпал ету керек. Аймақтық таралымы он мыңнан кем қазақы басылымдарды да салықтан босату қажет. Ал, әрбір жарнамалаушының жарнамаға бөлген қаржысының кемінде жартысы (аударма түрінде емес) жарнаманы мемлекеттік тілде берілетіндей заңдаманы өзгерту керек, оған орыс тіліндегі нұсқасынан кешігіп шықпайтындай талап қойылуы тиіс. Сонда ғана қазақы БАҚтардың жілігіне май жүгіреді. Қысқасы, қазақ журналистері де, оқырмандары да өз мүдделерін қорғауға шығуы керек. Өйткені, БАҚ дегеніміз - кәзіргі кезде ақпараттық кеңістік. Ал, бүгінгі елдің ақпараттық тұтқасы да, тілдің өзегі де журналистика. Оны өгей тілден тазартпасақ, ел болу қиын. Бұл жолда құлдығымызды жалпақшешейлікпен бүркеудің керегі жоқ. Батыл да еркін әрекет, сергек көзқарас керек.
Пікіріңізге рахмет.
Б.Қайратұлы

ХХІ ғасырдағы ТІЛДІК БҰЗЫЛЫМ

Біз кейде кеудені соққылаған, патриотсынғандар не істесе, соны қабылдайтын көрсоқырлығымыз бар. Бұл, әсіресе, жаңа сөздерді туындатуға қатысты. Бірнеше неологизмдерді қарастырып, олардың тілдің табиғатына қандай кесір келтіріп отырғанын, оның лингвистикалық жүйесін талқандаушы факторға айналып келе жатқанына назар аударайықшы.

БАҒДАРЛАМА. «Программа» сөзімен алысушылар оны «қазақтандыру» арқылы тілге пайда келтіремін деп ойлады. Бірақ бұл сөзді әлемде бізден басқа ешкім аударуға неге жүрексінеді. Өйткені, оны аударудың өз тілдеріне қауіпті екенін түсінгендіктен. «Программаның» кемінде алты мағынасы бар. Ал, біздің «бағдарламаның» мәні біреу-ақ, ол – ориентировка. Ориентир – бағдар, ориентировать – бағдарлау .... Ал, орыс тіліндегі телекөрсетімді білдіретінде «программа» бар, бірақ оның қазақ тіліндегі «бағдарламаға» қатысы жоқ еді, оны сол «телекөрсетім» түрінде қалдырғанымыз жөн еді. Бірақ біздің қазақ тілін орыс тілінің калькасы етуге құмарлығымыз оған назар аудартпады. Оны тіпті, орыс тілінің айтылымына салып «праграмма» деп айтатынымыз, тілдің ережесіне айналды.
«Программа» сөзі көп тілдерде «програм» түрінде айтылып-жазылады. Бұл біздің тілімізге таптырмайтын нұсқа еді!

КӨШБАСШЫ. Бұл «лидер» ұғымының тіліміздегі зорлап енгізілген баламасы. Бірақ «лидердің» басшы мен бастыққа ешбір қатысы жоқтығын аңғармай-ақ қойдық. Оның орнына әйтеуір «қазақша болсын» деген ұранға бой ұрып отырмыз. Шын мәнінде, «лидер» сөзі белгілі бір үдерістің не топтың, лектің басы дегенді білдіреді. Бұл сөз,тіпті адамға ғана емес заттық тұлғаларға да қатысты, мысалы мына сөйлемде: «Астана – құрылыс қарқыны бойынша Евразиялық лидер». Ал, бізде қалыптасқан «елбасшы» (мемлекет басы), «қолбасшы» (әскер басы) сөздерінің ізімен орныққан қағиданың енді быт-шыты шықты. Басқа жұрт лидер деп бейресми адамды түсінсе, біз оны бастық не басшы ретінде ұғатынымыз сондықтан. Оның үстіне тілдің аталмыш жүйесі бұзылды. Енді «қолбасшы» мен «көшбасшы» сөздерінің жасалу жолдары жөнінде тілші ғалым не айтарын білмейді. Өйткені, «қол» қазақ тілінде әскерді білдіргенімен, «көш» үдерісті не топты, лекті білдірмейді. Бұл жерде ең дұрысы «баскер» деген сөз еді, яғни, лидер - әлдебір үдерістің не топтың басы болуға қабілетті адам немесе нәрсе деген сөз. Мұндай сөзжасам арқылы біз тілдің лингвистикалық жүйесін жеке жасанды сөздердің табиғатына бағындырып отырғанымызды сезбейміз. Тіпті, кез келген жаңа сөз тіл қағидасын дамытпаса, толықтырмаса, болмаса оған бағынбаса, тіл табиғатына дұшпандық сипат сіңіретінін байқайтын уақыт келгелі қашан.

ОРАЛМАН. Бұл сөз талай талқыға түсті. Онан да әдебиетіміздің қос классигіне сөз берсек, бәрі де орнына түсе қояды:

Ескі бише отырман бос мақалдап,
Ескі ақынша мал үшін тұрман зарлап. (Абай)

Алдыңа келіп тұрмын деп,
Ар-намысым қашырман!
Бұлтқа жетпей шарт сынбан!
Айта келген сөзім бар,
Не қылсаң да жасырман! (Махамбет)
Осы мысалдардан соң, қазақ тілінің бұйрық райлы етістікке «ман», «бан», «пан», «мен», «пен» жұрнақтарының жалғануы арқылы жасалатын кері мағыналы етістік түрлерін қағидалаймыз ба, әлде тіліміздің табиғатына кесір болып отырған жалғыз «оралман» сөзі үшін арнайы ереже шығарамыз ба? Біз «оралмаймын!» дегенді білдіретін сөзді ХХІ ғасырда «оралман» деген зат есімге айналдырып жібергенімізді жалған патриоттарды былай қойғанда, тілгерлеріміз түсінуі керек еді. Енді қазақ тілінің қағидалық әлеуетін әлсірету емей бұл немене?! Орыс тілінің басты шырмайтын «исключениелері» осындайдан шыққан жоқ па? Ал, бұл шындығына келсек, тілдің емес тілгерлердің бейшаралығын көрсетеді. Одан да тілімізге залалсыз «реэтнопатриант» сөзі әлдеқайда жақсы еді. Бұған жарайтын бауырлас, қандас сөздері екібастан жетіп артылады.

КӨРСЕТІЛІМ. Қазақ тілінің табиғатына бұл сөздің жасамы да қайшы! Жалпы, тілімізде «ым», «ім» жұрнақтарының бұйрық райлы етістікке жалғануы арқылы жасалатын сөздер бар, ал «ылым», «ілім» арқылы туылатын сөздер жоқ! Оны тағы да осы ғасырда қолдан жасадық, бірақ ол тілді шұбалаңқылыққа апармаса, пайда беріп тұрған жоқ. Оның мысалдары жетеді:
Көрсет+ілім, таныстыр+ылым, жаса+ылым, қой+ылым, түрт+ілім. Енді бұлардың тілде орныққан нұсқаларына келсек: өл, бөл, ал сөздерінен сәйкес түрде: өл+ім, бөл+ім, ал+ым шықпады ма?! Бұдан бүгінде баламасы табылмай жүрген «убииствоның» қазақшасы шыға қояды - өлтір+ім! Сондай-ақ: көрсет+ім (показ), таныс+ым (знакомство), таныстыр+ым (ознакомство) жаса+ым (изделие) секілді тың сөздер туыла алады: қой+ым , түрт+ім.
Қазақ тілінің бұл қағидасы әу баста бұйрық райлы етістікті платформа етіп, бірнеше сөзжасам мүмкіндігін ашқан әлеуетіміз болатын:
көрсет+пе, таныс+па, қой+ма, түрт+пе, қаңтар+ма; бұлар қайшы мағыналы етістіктер ғана емес, зат есімдік мынадай тұрпаттағы сөздердің жасалу жолдары: көрсет+кі, таныс+қы, қой+ғы, түрт+кі, қаңтар+ғы. Осындай жолдармен кәзіргі дағдарып тұрған мына сөздердің қазақы баламасы оп-оңай жасалады: индикатор – көрсеткі, экспонат - көргі, рандеву - танысқы, автомойка – автожуғы (автожуу емес), штамп – мөргі (мөртабан емес, штамповать, печатать – мөргілеу), паркинг - қаңтарғы т.б. Соңғы сөздердің нұсқалары белгілі бір құрал-жабдыққа, сайманға тән бола алады.

ЗАҢНАМА. Бұл сөзді ХХ ғасырда «летописьтің» баламасын «жылнама» етіп алудан туындаттық. Бірақ бұл өзін өзі ақтап тұрған, тілге деген жауапкерліктің жоғары кезінде жасалған неологизм. Ал, енді осыны негіз етіп, талай қисынсыз сөздерді қоздатқанымызға жөн болсын! Соның бірі – заңнама. Бұл – «законодательствоның» баламасы. Шын мәнінде, парсының «намасына» жүгінбей–ақ, қазақ тілінің өз әлеуетіне қол арту керек еді, оның ешбір сөкеттігі болған емес: заң – закон; заңдату – узаконить; заңдама – законодательство, заңдамашы – законодатель. Бұған «наманың» ешбір қатысы бар ма?! Жоқ! Тіпті, бұны одан әрі «дамытып» «рұқсатнама» дегенді де шығарғанымыз бар!

ЕЛОРДА. Тілімізде екі зат есімнің кірігуінен туылатын сөзжасам мүмкіндігі бар: атамекен, атажұрт... Осындай қисыннан «елорда», «ханшатыр» сөздері де туындады, ешбір дөрекілігі жоқ. Алайда, бұл сөзжасамның табиғатын бұрмалау кесірінен оның айтылымы да бұзылып, «Қазақстан» телеарнасының ауа райын (аталмыш заңдылықпен «ауарай» атайтын да мезгіл жетті) сөз қыларда «ел ордасы» деп қақсауға негіз болуда. Шын мәнінде, аталған жолмен жаңа сөздің туылуында бір гәп бар: мысалы, «атамекен» сөзі «атаның мекені» дегенді емес «аталық мекенді» білдіреді. Сол секілді «елорда» - елдің ордасы емес, «елдік орданы» білдіріп, кемелденген түрде сөздік нұсқаға айналған логизм. Сондай-ақ, «ханшатыр» - ханның шатыры емес, «хандық шатыр», яғни хандық мәртебелі, құнды шатыр дегенді білдіреді. Осыдан келіп, орысша «законопроект» – заңжоба болып шыға келеді, оны «заң(ның) жобасы» түрінде шұбатпай-ақ қоюға әбден болады.

Сан – цифр ма? Қазақ тілінің лингвистикалық әлеуеті мен жүйесі паршалануды (айтпақшы, славяндық «борщ» сөзі «баршалаудан» шыққан) бастан кешуде. Мәселен, [зат есім]+ды (ді,лы,лі,ты,ті) формуласы бойынша жасақталатын сын есім мен [зат есім]+ дық (дік, лық, лік, тық, тік) формуласымен анықталатын сын есімнің айырмасы жер мен көктей болатын. Кәзір бұлардың арасына «=» белгісі қойылыпты да, мына лингвистикалық формалар да теңесіп кеткен:
Электронды үкімет - правительство с электроном = электрондық үкімет;
санды технология - технология с числом = сандық технология-числовая технология. Алайда, бүгінгі өркениетте әзір санды да, сандық та технология жоқ! Оны сан мен цифрды ажырата алмай жүрген қазақ журналистері «туғызып» алған. Сонымен, цифровая технология - цифрлық технология («цифрлы технология» – «технология со цифром» да емес).

Телім – участок пе? Соңғы кезде «земельний участок» тіркесін «жер телімі» дейтін сырқатқа ұшырадық. Жоғарыда көрсетілген заңдылық бойынша тел+ім дегендегі «тел» сөзі етістік, телі - қос, біріктір дегенді білдіреді, ал осыдан «тел» сөзі бірігіңкі, қосыңқы ұғымын бермек. Сонымен бірге, оның тілімізде орныққан сын есімдік тұлғасы да бар: «тел өскен» - бірге өскен. Бұдан басқа толып жатқан қолданымдары, мысалы: төлі өлген ұрғашы малға өзге төлді телу, яғни, бұл жерде кіріктіру деген мағына да бар.Демек, осындай жолмен телінген төлді телім дейтін болар еді, бірақ оны кездестірмедік. Ал, енді осы сөзді «участоктың» баламасы етіп қалай алдық?! Шамасы, «тілім» деген сөзді бұрмалап түсініп алып жүрген секілдіміз. Дұрысы - «жерпұшпақ» деп немесе «жердің пұшпағы» ретінде алу еді. Ақыры, жасанды да, үш қайнаса сорпасы қосылмайтын «телім» учаскенің баламасы болды да шықты! Бұл - баяғы «аптекарьды» «дәрігер» деудің орнына, оны «врачьтың» баламасы еткеніміз сықылды.

Кейде, орпоэфиялық бұзылыс тілге заңдылық жасап жатады, оның мысалы бүгінде ұшан-теңіз. «Оларды» «одар» деушілерді былай қойғанда, «раз» бен қазақтың «ретін» будандастырып «рез» деушілер көбейіп барады. Міне, әлгі «телімді» шығарушылар да осылардың қатарында. Ал, біз оны талғамай-ақ қылғытушылар қатарындамыз. Айта берсек, сөз де, тіл жүйесін пышырату да аяқ алып жүргісіз бола бастады. Біз соның кейбіріне ғана тоқталдық. Тілдің өзі жүйе екенін мойындасақ, ол бұзылса, оны қолданудан бас тарту оп-оңай болмақ! Сонда тілім-тілім тілмен қайда барамыз?! Өзгенің тілін телиміз бе?
С.Ерғали