четверг, 26 июля 2007 г.

Жаңа ұлт және жаңа қазақтар

Қазақ халқының егемен ел болуына байланысты Қазақстандағы орны кеңестік империя кезіндегі ролінен өзгеше. Кеңестік кезеңде өз жеріндегі этнос ретіндегі өмір сүру құқығы Қазақстандағы диаспоралармен тең дәрежеде ғана болып, мұндағы «көп ұлттардың» бірінен саналып жүріп, республиканың титулды халқы ретінде егемен алуға мүмкіндігі болғандығы рас. Мұнымен айтпағымыз, Қазақстан бұрынғы КСРО құрамтасының (компоненті) бірі ретінде тек қана қазақ деген этностық ұлттың арқасында ғана саяси және басқалай жағынан егемен болуға мүмкіндігі бар республикалардың қатарына енді. Алайда, егемен аталу бар да, егемен болып қалыптасу бар. Қазырғы кезде Қазақстан - егемен мемлекет, алайда, қазақ халқының егемендігі қаншалықты деген сұраққа, елдің дәрмені қандай болса, егемендігі де сондай деген жауап қате болмас.Әзірге Қазақстандағы экономикалық әлеуетке ие болу жағынан елдегі этностар ішінде қазақ халқы 4-орында көрінеді, демек, егемендігіміз де сол шамада. Бұл жағдай қазақ халқының егемендіктен күтетінінен гөрі егемендікке беретіні көп болуға тиіс деген сөз. Басқаша айтсақ, «жаңа қазақ» ұғымының «жаңа орыстан» айырмашылығы болуы тиіс дегенге саяды. Егер ресейлік жаңа идеологияның жемісі ретінде шыққан «жаңа орыс» ұғымы кәсіпкерлікті меңгерген орыс дегенді меңзеу болса, қазақстандық жаңа идеологияның алдыңғы қатарлы азаматтық идеалының көрінісі ретінде «жаңа қазақ» ұғымы құлдық мінезден құтылып, жаңа мемлекеттің тұтқасы боларлық азаматтық сапаны сіңірген адам деген сөз.
Осы жерде «қазақ» демей, «адам» деп отырғанымыздың мәні «ұлт» ұғымсөзінің (термин) қазырғы этнос ұғымынан да кеңірек екендігін жеткізу. Мойындайтын бір нәрсе, қазақтілділердің қазырғы ұғымында қазақ дегеніміз – тегі жағынан алғандағы ұлт өкілдері болып табылуда, яғни біз этнос пен ұлт ұғымын шатастыра отырып, егемен болған елдің бірыңғай азаматтарын «бөле қырқу» саясатын жүргізе бастағанымызды мойындауымыз керек. Алайда, шынайы жағдай басқаша болып отыр. Мәселен, ҚР парламентінде 90% қазақтектілер отырғанына қарамастан, парламенттің әлі күнге қазақ тілін енгізе алмауы – елдегі қазақ этносының саясатқа ықпалының аздығынан. Басқаша айтқанда, Қазақстан алдында егемендік алу процесінен туындаған жаңа ұлт қалыптастыру мақсатына қазақ этносы дәрменсіздікпен кіріскендігін ашық мойындау керек. Себебі, демографиялық құрамы этникалық алалықтан құралған елде жаңа мемлекет құру кезінде міндетті түрде жаңа ұлт қалыптастыру міндеті тұрады. Тіпті, этностық құрамы бірыңғай халықтың өзі жаңа мемлекет жағдайында жаңа ұлт болып қалыптасуына мәжбүр болады. Жапония империясының жапондары соғыстан кейін, жаңа мемлекетке жаңа азаматтар болып орныққаннан кейін ғана ұлы гүлденуді бастан кешті. Оның үстіне қазырғыдай азаматтық қоғам мен ырықты экономика процесін сіңіру этносты қалай болғанда да жаңа сапаға көтеретіні белгілі. Осы жағынан алғанда, таза қазақы менталитет ретінде мойындалып жүрген нағыз ауылдық менталитет мемлекетті меңгеруге келгенде жеткіліксіз болып қалғандықтан, Қазақстан мемлекеттілігін қалыптастыру жағдайында «қазақ иісі» әлжуаз шығуда. Оның үстіне қазырғы мемлекеттілік дегеніміз таза отырықшылықтың бұрын болмаған басқа сапасы мен қазақтардың көшпелі өркениеттің субъектісі екенін ескерсек, жаңа ұлт қалыптастыру неге керек және қалай деген сауалдарға барынша дұрыс жауап табар едік. Сонымен, қазақтілділер мұрат етіп жүрген Қазақстанның қазақы келбеті болу керек деген мәселесі, қазақтілділердің алдына мұсалдат менталитет деңгейінен арылып, мемлекеттік субъект болатындай қауқарлы да ықпалды әлеуметке айналуы қажет деген міндет қояды. Басқаша айтқанда, мемлекеттік органдардың құлағында отырған және қоғамдық қазанның қайнауында жүрген қазақтілділер неғұрлым елді билеуге дәрменді болса, соғұрлым ғана ұлттық мемлекет келбеті айқындалады.
Алайда, қазақтілділер әзірге ел билеу дәрменін тіл, діл және дін төңірегіндегі байбаламмен ғана шектеп отырғандай әсер бар. Билікке барған қазақтілділер неғұрлым қауқарсыз болса, олар мемлекеттің қызығын көруге ұмтылған басқа әлеуметтің соғұрлым ойыншығы болады да шығады. Осы жерде парламенттегі қаптаған қазақтардың, мәселен, тілге дегенде дауысы неге шықпайды деген сауалға жауаптың өзінен өзі шығады. Сөйтіп, қазақтың атынан депутат болғанымен, этностың мүддесін қорғамай, жай ғана «жепутат» болып жүргендердің аз еместігі осындай қауқарсыздықтан көрініс береді.
Сонымен, Қазақстанның егемен болғанына 15 жылдың жүзі болғанымен, оның бірыңғай ұлттық келбеті әлі шешілген жоқ, ол орыстілділердің гегемондығы арқылы баяу ғана қалыптасу үстінде. Осы қалыптасуға белгілі бір мәртебе беру мақсатымен былтыр «қазақстандық ұлт» деген ұғымсөз дүнеге келді. Алайда, бұл процесс халықаралық дипломатияда да болсын, қарапайым қоғамдастықта болсын «қазақ» деген сөзбен рәсімделіп жүр. Этностық тегіне қарамастан, шетелдіктер кез келген қазақстандықты «қазақ» дейді. Демек, қазақтілділердің қандай да пікіріне қарамастан біртұтас мемлекеттің субъектісін қазырғы қоғамдық ғылым ұлт деп мойындайды.Ал, бұл субъектіге айталық, Қазақстандағы барлық адам атаулының бәрі кіретіні сөзсіз. Ендеше, сыртқы саясат біздің бәрімізді бір ұлт деп отырғанда одан қашып шыға алмайсың. Алайда, осы ұлтты атауға келгенде орыстілділер өздерін «қазақ» атауға қымсынып, бәлкім арланып, «қазақстандық» деп атауды ұсынады. Ал, Әзімбай Ғали бастаған қазақтар «біз бәріміз де қазақпыз, тек қана руларымыз, яғни шыққан тегіміз әр түрлі болуы мүмкін» деген тұжырымды ұсынуда. Қысқасы, екі жақта амалсыз бір нәрсені мойындайды, ол Қазақстанды бір ұлттың мекендеп жатқандығы. Демек, өмірде қазақстандық ұлт бар деген сөз, ал оның мазмұны қаншалықты, ол өз алдына бір әңгіме.Ал атауға келгенде әр түрлі ұсыныс қылаң беруде. Мәселен, қазақтілділер айтатын «Қазақстанда бір ғана ұлт бар, қалғандары диаспоралар» деген уәж тек қана этностық құрам жағынан алғанда мақұлдануы мүмкін, ал Қазақстандағы экономикалық әлеуетке қожайын ретінде сол «диаспоралардың» үшеуі елдегі халық санының бейресми санағы бойынша 60%- дан асып отырған қазақтардың алдында тұрғандығын ескерсек, экономика жүзінде әлгі тұжырымның орынсыздығы алдымыздан шығады. Ендеше, қазырғы заманда ұлт болу үшін елдегі басты этнос болу жеткіліксіз.Экономикада, ешбір диаспора сен басты ұлтсың ғой деп, өз сыбағасы мен тең құқығын бере салмайды, оған ұлттың өз қауқары бой көрсетуі керек.
Демек, қазақстандық бірыңғай ұлттың қалыптасуына этностық ала-құлалықтан гөрі, қазақ этносының қауқары қаншалықты бой көрсетсе, мазмұн жағынан толық қалыптасып болмаған қазақстандық ұлттың мәнін қазақтілділер сонда ұғына түседі. Алайда, қазақстандық ұлттың қалыптасуына диаспоралардың түрлі саладағы авангардтық ролінің қатері болуы әбден мүмкін.
Қазырғы басты көзге түсіп тұрған жайт: біртұтас ұлттық субъектінің басты екітілдік тұжырымға тірелуінде – қазақтілділер «қазақты» «қазақстандыққа» айырбастаудан, тілден айырылып қойыртпақ болудан сескенеді, ал қазақ еместер қазаққа айналып кетуден сезіктенеді. Алайда, орыстілді қазақтардың арасында, өздерін қазақ тілін меңгермеу сылтауы ретінде өздерін қазақстандық ұлт өкілі екендіктерімен ақтағысы келетіні жеткілікті болса, қазақ еместер арасында өздерін «жаңа қазақ» ретінде танытып жүргендер де бар. Бұған қазақ тілі мен қазақы менталитетті жақтап, оны қорғауға жандарын салып жүрген Герольд Бельгер, Асылы Османовалар секілді ересек буын өкілдері болса, «Астана» телеарнасының жүргізушісі Оксана Петерс «жаңа қазақтықты» меңгерген жаңа ұрпақ өкілі болса керек. Өйткені, бұлар - жаңа қазақстандық бірыңғайлыққа ұмтылғандар ғана емес, «қарсы жаққа» бір қадам жақындағандар. Шамасы, Қазақстан унитарлық мемлекет болып дами түсуі үшін оның ұлтының да бірыңғайлануы басты шарт болып қала бермек. Міне, осындай мұратқа Герольд, Асылы, Татьяналар мен Оксаналар нағыз таптырмайтын шикізат. Өкінішке орай, бұндай құбылысты ынталандыра түсуге мемлекет қауқарсыздық танытып отыр.
Қазақстандық ұлттың қалыптасуын мемлекеттің ішкі қайшылықтарының жойылуының бірден бір кепілі деп қабылдау қажет. Бұл жолда басты шарт болып табылатын нәрсе, елдің әлеуметтік жағдайының жақсаруы ғана емес, монотілді (орыстілді деп қабылдаңыз) ұлттың ең болмаса қостілділікті меңгеруі көп шиеленісті жойған болар еді. Осыдан келіп мемлекеттік қызметкерлердің екі тілді бірдей меңгеру міндеті туындайды да, жалпы қоғамдық келісім үшін көптілділік идеясын енгізу қажеттігі шығады, яғни қазақ-орыс тілдерінен басқа, ұсақ этностар тұратын аймақтарда азаматтардың жаппай солардың тілін меңгеруге ұмтылысы мемлекеттік тараптан ынталандыру шаралары арқылы саясатқа айналуы керек. Сонда ғана қазақ және орыс тілдерінің арасындағы жасанды тартыс өзінен өзі жойылып, бір бірінен сезіктенуші басты екі әлеуметтік топ бір бірімен амалсыз кірігеді.
Алайда, әлеуметтік-қоғамдық проблема әлеуметтік-экономикалық мәселені шешуден гөрі әлдеқайда күрделі екенін ескеру қажет. Өйткені, қоғамдық проблеманы көп жағдайда заң талабымен шешуге ұмтылу өз нәтижесін бермейді, оған соншалықты нәзік те дәл дәрмен керек болады. Сол себепті де мемлекеттік тілді заң талабын күшейту немесе полицейлік құрылымдардың күшімен жүзеге асыру кей жағдайда кері нәтиже беретіндігін ескерген жөн. Мәселен, тіл полициясын енгізген елдерде қоғамның жаппай заңқойлық деңгейі мен менталитеті ескеріледі, ал экономикалық заңдылықтар коррупцияның салтанат құруымен аяққа басылған біздің қоғамда полициямен тіл үйрету күлкілі жайт болып қалуы кәдік. Тіл сақшысы болу арқылы, талай қазақтілділер жемқорлықтың қаһармандары болып шықпасына кепілдік жоқ.
Әзірге толық қанды қазақ этносының бірден бір тұтушысы (носителі) ретінде өзін қазақтілділер ғана көрсетіп отыр. Бұл жағдай нағыз қазақтар ретінде ауылдық деңгейдегі консерваторлық құндылықтардың тұтушысы қабылданып, қазақтардың өзінен өзі жиренуге апарып отырған сыңайы жоқ емес пе екен? Сөйтіп, күн өткен сайын ШҚ-лардың (шала қазақ) қатары молайып, сол топқа қосылу сәнге айналып бара жатқандай ма, қалай өзі? Бір қызығы, қазақтілді әлеуметтік топ қазырғы заман талабына сай әрекеттен гөрі томаға тұйықтыққа ұмтылу әрекетіне басым мән беруде: қазақтілді БАҚ-тар қазақтілділер тірлігін көбірек қозғап, қазақтілді менталитет деңгейімен ғана өмірге баға беру секілді құбылыстармен шектелуде, тіпті, қазақтілді телеойындардың өзі архаистикалық тақырыптардан ауыспайды және қатысушылардың барлығы да қазақтар.Ал, жаңа нәрсенің өзі орыстілді хабарлардың қалдығы болып шығады да, жадағай жаңалықтардың бәрі қазақтілділерге ғана тән болып қабылдануы қоғамдағы шынайы жағдай екені рас.Сөйтіп, кешегі ауыл қазақтары өз «әлемінен» шыға алмай, өзгені «билемек» түгелі, өзгені өзіне тарта алмай жатқандай сыңай бар. Қазақтілділердің ұтылатын жері де осы, өйткені, қалған-құтқан әлеуметтік топты өзіне үйіріп отырған орыстілді публика екені рас. Басқаша айтқанда, қаладағы «ауылдық диаспора» құбылысы пайда болды. Бұл - БАҚ-тың кемшілігі емес, бәрінен бұрын этностық керітартпалық болып жүрмесін. Мұндай жағдайда, қазақтілділердің қазақстандықтарды былай қойғанда бар қазақты өз жетегіне ерту мәселесі ашық күйінде қала бермек.
Қорыта айтқанда, Қазақстанда өз мүдделерімен шектелген қазақтілділер мен орыстілділер тобы бар, бұлармен бірге оларға араша топ та пайда болуда,алайда ала-құла бұларды бірегей мүддеге жетелеп, біртұтас ұлт жасақтау ең бірінші мемлекеттік саясаттың нысанасы болуы керек.
Сонымен қазақтар қазыр жаңа мемлекеттің титулдық субъектісі болып қана қоймай, субъектінің өзегіне айналуы үшін этностық жаңару мен сапалану процесінен өту қажеттігі, құлдық емес, қожайындық еркін сананың тұтушысы болу керектігі туындап отыр.

Мемлекеттік тілді дамытудың негізгі бағыттары

Мемлекеттік тіл проблемасы дамудың орнына кері кеткендіктен Қазақстандағы абсурдтық тақырыпқа айнала бастады. Ендеше, бұл - тіл проблемасына шешуге қажетті назардан да ерекше жағдай жасау керек деген сөз. бізде проблеманы абсурдқа айналмай тұрып қана шешетін мүмкіндік қалды.
Мәселені шешудің төтесіне көшетін болсақ, бізге төмендегі мәселелерді міндет етуге тура келеді және аталмыш проблеманы мынадай салаларға жіктеу арқылы шешу қажеттігі туады:
1. Заңнаманы мемлекеттік тіл пайдасына жақсарту;
2. Тілдер туралы заңдылықтың орындалуын бақылайтын инспекция құру;
3. Қаражатпен қамту жағы;
4. Тілді ғылыми дамыту мәселесі;
5. Тілді өмірге енгізу;
6. Тілдік насихат;
7. Тіл үйрету жөнінде;
8. Мемлекеттік қызметкерлерді аттестациялау;
9. Іс қағаздарын мемлекеттік тілге ведомостволар бойынша көшіру;
10. Тілді «электрондау» саясаты;
11. Мектеп бітірушілердің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі.
12. Мемлекеттік тілді енгізу жөніндегі жұмыстарға мониторинг жасау.


Бұл міндеттердің әрқайсысы өзіне тән дәйектелген тұжырымдамасы болып,соның негізінде жасақталған программаның жүзеге асуымен өмірден көрініс табуы тиіс. Енді осыларға жекелей тоқталайық.

1.Заңдамалық сала бойынша: Атазаң мен «Тілдер туралы» және басқа да заңдарға мемлекеттік тілдің мәртебесін басқа тілдің мәртебесімен шатаспайтындай айқындап, тіл мәселесіне сай қажет болатын міндеттемелер мен құқықтарды және жауапкершілікті нақтылау жөніндегі түзетулер енгізу керек. Ол үшін айталық, Тілдерді дамыту комитеті жанынан заңгерлер тобын жасақтап, оларға 3 ай ішінде тілдің қатысы бар барлық сала бойынша заңдарға ревизия жасатып, қажетті өзгерістер мен толықтырулар жобасын әзірлету керек.

2. Тілдер туралы заңдылықтың орындалуын бақылайтын инспекция құру.
Қазіргі кезде «Тілдер туралы» заңның орындалуын бақылайтын орган жоқ, прокуратура мұнымен айналыспайды, ал жаңа құрылған Тілдерді дамыту комитетінің бұл міндетті орындауға сәйкес құзыры мен шамасы жоқ. Сондықтан Бас прокуратура мен жергілікті прокуратура құрылымдары жанынан жанынан Тілдер туралы заңдылықтың орындалуын бақылайтын инспекция құрған жөн.

3. Қаражатпен қамту жағы.
Мемлекеттік тілді дамыту мәселесі мемлекеттік деңгейдегі қаржыландыру көзін жасақтаумен, яғни Тілдер ісі жөніндегі ұлттық қор құру болмаса мемлекеттік бюджеттен арнайы шығын бабын тағайындау арқылы жүзеге асуы қажет.
«Тілдер туралы» заңды жүзеге асыру үшін ешбір қаражат мәселесімен қамтылмаған, соған сәйкес оның іске асырылуы да сәйкес түрде дағдарып келді. Қазіргі мемлекеттік тіл мәселесі мемлекет тарапынан қамқорлық болуға тиіс айырықша өзекті мәселенің бірі болып танылатын уақыты өтіп барады. Сондықтан қазақ тілінің қазіргі ахуалын мемлекеттік мәртебеге сәйкестендіретіндей қаражат көзі нақтылануы тиіс. Ең дұрысы, мұнайдан түсетін табыстың белгілі бір пайызы шоғырланатындай Тілді дамыту жөніндегі Ұлттық қор құрылуы керек, саясатымыз оған қауқарсыз болса, Қазақстан үкіметіне қарасты тілдік қаражат қоры құрылғаны дұрыс. Тіпті, мұның бәріне қауқарымыз жетпесе, үкіметке бағынышты Республикалық Мемлекеттік кәсіпорын құрылып, оған мемлекеттік барлық бланкілер мен құжаттардың үлгісін жасақтау және көбейтіп тарататындай мемлекеттік монополиялық құзыр, сондай-ақ мемлекеттік тілді ғылыми жағынан үздіксіз жетілдіретіндей міндет жүктелуі тиіс. Сөйтіп, тілдің өзін өзі қаржыландыру үлгісін мемлекеттің өзі көрсетіп, қазақ тілінің масыл емес, табыс тілі бола алатын жағдайын дүниеге әкелгені мақұл.
Тіл үшін табыс көзі саналатын қазақ тілді БАҚ тарапына бағытталған мынадай талапты енгізу керек:
- жарнама беруші өзінің жарнамаға бөлген қаражатының кемінде жартысын мемлекеттік тілде жасақтап, таратуға міндетті.Бұл жерде «жарнамалаушының (рекламодатель) құқы аяққа тапталады, ол қай тілде бергісі келсе, жарнаманы сол тілде беруі керек» деген лебіз қазақтілді адамдардың құқы қалай тапталса, олай тапталсын, онда шаруамыз жоқ дегенмен пара пар. Мұндай талап, қазақ тілді БАҚ-тарға қаржыны науадай құятыны белгілі. Сөйтіп, қазақтілді БАҚ-тардың дамуына экономикалық негіз пайда болады.

4. Тілді ғылыми дамыту мәселесі.
Қазақ тілін басты үш ғылыми сала бойынша: терминология, орфография және орфоэпия тарапынан түбірімен қайта қараудан өткізу мәселесі.
Терминология мәселесі «терминком» аталатын бір топ адамның көзқарасымен емес, ең әуелі нақты терминдерге деген тапсырыстар жасалып, ол баспасөзде жарияланып, оған халық тарапынан баламалар ұсынылып барып, соны сұрыптау мен сараптауды әлгі терминком қарап, терминді 1 жылдық халық пен уақыттың тезінен,сынағынан өткеннен кейін ғана бекітілетіндей шешілгені жөн.

Қазақ тілінің ғылыми салаларының ішіндегі орфографиялық, орфоэпиялық және терминологиялық мәселелерін қамтыған бөлігін академиялық ғылыми құрылымнан бөліп, үкіметтік ғылыми орталық құрған жөн. Мұндай құрылым қазақ тілі мәселесін құрғақ қана ғылыми объектіден гөрі практикалық қолданыс объектісіне айналдыруға қолайлы және өлі ғылыми тұжырымға жол жабылып, тілдің тірі тұрпатын жандандыратын бағытқа бетбұрыс жасатады. Сөйтіп, Терминологиялық комиссия әлгі үкіметтік ғылыми орталықтың ажырамас бөлігі болады да, оған субъективизмге ұрындыратын санаулы оқымыстылардың жеке пікірінен термин тудыруына жол жауып, терминді мынадай сатыдан өткізіп барып бекіту механизмін орнату керектігі туындайды:
• «Ана тілі» (болмаса «Терминологиялық хабаршы» журналына) газетіне үкіметтік ғылыми орталықтың басылымы болатындай мәртебе берілуі қажет, тіпті, оны «Анатіл» деп атаған жөн- бұл Қазақстандағы тілдердің тілі деген сөз;
• белгілі бір терминге баламаның қажеттігі туралы ұсыныс пен сұраныс «Ана тілі» газетінде өз аргументімен дәйектеліп басылуы қажет, яғни терминді баламалау сұранысы, астыртын емес қоғам алдында жүріп отыруы тиіс;
• содан соң әлгі терминдік сұранысқа Терминком баламалық ізденіске тоқсандық мерзім бойы конкурс (екшем) жариялайды да, оған ғалымдардан басқа қарапайым жұртшылық та қатыстырылады;
• тоқсан бойы әбден талқыға түскен баламалар жөніндегі дәйектерді Терминком елеп-екшеп, ішінен таңдалған баламаны тағы бір тоқсандық сынақ мерзімге тағайындайды, сынақ мерзім ішінде әлгі баламаның термин болуына қомақты қарсылық болмаса оны түпкілікті бекітеді. Сынақ мерзім ішінде әлгі сынаулы ұғымсөздің қазақы баламасын жақша ішіне қосалқы түрде көрсету жүргізілгені дұрыс.Сөйтіп, сол арқылы кез келген оқырман оның болашақ ұғымсөздің «кандидаты» екенін біліп, жолшыбай танысып әрі сынап отырады. Осындай халықтың қатысы мен ғылыми сараптамадан өткен сөздер ғана ұғымсөз (термин) ретінде тіліміздің айналысына түсіп жатса, қазіргі масқара халықты жирендіретін ұғымсөз (термин) туындамас еді.

5. Тілді өмірге енгізу.
Мемлекеттік тілдің қоғамдық және мемлекеттік өмірге енгізілуіне сәйкес түрде механизм жасақталуы керек. Тілдерді дамыту жөніндегі комитет мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі комитет (МТЖК) болып қайта құрылғаны жөн, ал басқа этностардың тілін сақтау міндетін ұлттық орталықтардың құзырына беруге болады,өйткені ол мәселенің мемлекеттік мәртебесі жоқ.. Алайда, жоғарыда ұсынылған Тілдерді дамыту қорынан ұлттық орталықтарға грант бөліп отыруға мүмкіндік болады. Тіпті, мұндай комитеттің жанында мемлекеттік ұйымдар мен мекемелерді бланкамен қамтитындай баспаханасы, орфографиялық, орфоэпиялық және терминологиялық салалар бойынша консультациялық орталыққа дейін қызмет етуі қажет.

6. Мемлекеттік тілді насихаттау - оның мәртебесін қоғамдық, азаматтық өмірде нығайта түсумен пара пар шаруа. Бұл міндет - тілдің мәдениетпен, өнермен, БАҚ-мен, бұқара тірлігін қамтитын кез келген әрекетпен байланысты жайттарға қатысты шаралар ұйымдастыру деген сөз. Бұған қазақтілді радио, теледидар, кино, концерт, тіпті, ұлттық спорттың дамуы да ықпал ете аларлық сала деп қараған жөн.
Осы мәселеге кеңірек қарап, қазақтілді журналистика орталығын ашқан дұрыс деп ойлаймын. Бұл орталық аталмыш журналистка проблемаларын анықтап олардың шешумен айналысып отырғаны ләзім. Өйткені, тілдің ықпалы мен көрінісі қазіргі заманда тек қана БАҚ арқылы жүзеге асады.

7. Тіл үйрету жөнінде
Мемлекеттік тілді меңгерудің ЖАҢАША Т Ұ Ж Ы Р Ы М Д А М А С Ы Н ұсынамыз.
Бұл тұжырымдама бойынша тіл игерушілер 4 сатыдан тұратын топтасуға жіктелмек:
а) ауызекі тілді ұғыну тобы;
ә) ауызекі тілді меңгеру тобы;
б) жазба тілді ұғыну тобы;
в) жазба тілді меңгеру тобы.
Осылайша жаңаша тұжырымдама (ЖТ) тіл игерушіні де, игертушіні де, аталмыш сатылардан толық өткен үйренуші тілді толық меңгеру мүмкіндігінен өтуі тиіс деген міндет атқаруға итермелейді. Сондай-ақ, бұл тұжырымдамаға негізделіп құрылған программа да өзіне сәйкес түрде төрт міндет қабылдауға бейімделеді. Дәлірек айтқанда, ЖТ өзіне негізделіп жасалатын программаның да сәйкес түрде 4 сатыдан тұруын талап етеді.

8. Мемлекеттік қызметкерлерді аттестациялау.
Бұл міндет жоғарыда аталған 4 саты бойынша жүргізілгені мақұл. Әр облыстағы 20-30 адамдық тілдерді дамыту басқармалары аталмыш заңды іске асыру құралы бола алмайды. Сондықтан бұған экономикалық сайманды іске қосу керек. Мемлекеттік органдарда шын мәніндегі қос тілділік болмай мемлекетке мемлекеттік қызметкерлердің ниеті оңды болмас, сондықтан оларды биылдан бастап қостілділік талабына аттестациялау қажет. Айталық, әр категория үшін табыс салығын 1 процентке азайтса, екі тілді меңгерген адамның бір тілдіге қарағанда 4 процентке табыс салығы азаяды. Ал, мұны ішкі саясат үшін пайдалансақ, яғни, жалпы қазақстандықтарға жайсақ, онда қазақ тілін үйренушілер легі көбейеді. Сұраныс көбейсе, үйрету әдістемелерінің де талай жетілген түрі шығады. Егер де әрбір тілдік категорияны игеруге белгілі бір уақыт тағайындалса, онда істі мемлекеттік тілге көшіру қазіргідей ішекше шұбатылмайды, бас –аяғы 2-3 жылда бүкіл ел бойынша бір мезгілде жүзеге асар еді.

9. Іс қағаздарын мемлекеттік тілге ведомостволар бойынша көшіру.
Бұл саладағы тағы бір дұрыстайтын жайт, мемлекеттік тілге көшірудің аймақтық ауқым бойынша енгізілудің тиімді еместігі және бір де облыста әлі күнге толық көшідің жүзеге аспағандығын жасыра алмаймыз. Бұған кедергі – ведомостволық мүддеде жатыр. Сол себепті мемлекеттіктілге көшу аймақ бойынша емес, ведомоство бойынша жүзеге асырылуы керек.

10. Тілді «электрондау» саясаты.
Қазақстан президентінің халықты билікпен тығыз ақпараттық байланыста ұстауынан туындаған «Электрондық үкімет» жобасын енгізу бастамасы біздің тағы бір күдігімізді күшейтіп отыр. Бұл күдік жобаның тағы да мемлекеттік тілді айналып өтуі мүмкіндігінен туып отыр. Егер қазір интернет елді ақпараттандыру деңгейі бойынша 3-орында болса, 1-2 жылдан кейін оның үлесі арта түсіп, оны игермеген мемлекеттік тілдің аясы тағы да мүшкіл болуы ықтимал. Сондықтан бұл жобаның іске асуы мемлекеттік тілдің электрондық кеңістікті игеру түріндегі саясат ретінде үкіметтің басты назарында болуы керек. Бұл істің барысы жөнінде үкіметтік тыңдау ұйымдастыру керек.

11. Мектеп бітірушілердің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі.
Мектеп бітірушілер қай тілдегі орта білім беру мектебін бітіргеніне қарамастан, ел бойынша мемлекеттік тілді меңгергені жөнінде бірегей емтихан тапсырып, мына категорияларға жіктеп, оларға мынадай анықтамалар берілуі керек:
а) ауызекі тілді ұғу қабілеті бар екендігі;
ә) ауызекі тілді сөйлеу қабілеті бар екендігі;
б) жазба тілді оқу қабілеті бар екендігі;
в) жазба тілді меңгергендігі жөнінде.

12. Мемлекеттік тілді енгізу жөніндегі жұмыстарға мониторинг жасау.
Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың мемлекеттік тілді енгізу жөніндегі құрылымдарының сай ма сай екендігіне көз жеткізу мақсатымен олардың барлығын да сәйкес құрылымдардың қауқарын тексеріп, мониторинг жасау қажет. Мәселен, заң шығарушы Парламенттің өзі қазақтілді заңдарды даярлау мен шығаруға қажетті құрылымна жұрдай болып отыр. Өйткені, заңжобаның барлығы орысша жасақталып, бірнеше сатыдан тұратын бұл процесс мемлекеттік тілдегі аудармалармен ғана қамтамасыз етумен шектелуде, сәйкес құрылым жоқ,и қазақтілді заңгерлер аталмыш жұмысқа тартылмайды. Сөйтіп, қазақ тіліндегі шала-жансар өлі заңдар қолданысқа түспеуде. Мұндай жағдай барлық мелекеттік органдар мен ұйымдардың, мекемелердің басындағы жағдай.

ШЫРҚАУ МЕН КҮЙРЕУ

Кландық экономиканың қалыптасуы
Қазақстанның «Әуелі – экономика, сосын – саясат» ұстамымен дамып, соның белгілі бір нәтижесіне кенеліп отырғаны рас. Мұның тарихи ақталған принцип екендігін президент Н.Назарбаев та атазаңды өзгерту жөніндегі ұсынған баяндамасында мақтанышпен атап өтті. Әрине, саяси субъектісі толық қалыптаспаған қоғамда бұл ұстамға балама бар деу артық. Бұл ұстамды ұстанбаған Қырғызстанның кәзіргі кездегі жағдайы бұған куә. Алайда, Балтық бойындағы елдердің өз тәуелсіздіктеріне «Әуелі – саясат (яғни тәуелсіздік), сосын – экономика» ұстамымен қол жеткізуі де, сол халықтардың саяси субъект болып әбден пісіп-жетілгендігінің айғағы еді.
Алайда, экономиканың да экономикасы бар. Біздің меңзеп отырғанымыз, әрине - ТМД-дағы дөрекілеу аталып жүрген (қазақшасы, тіпті, келеңсіз – нарықты) “рыйнокты”, ал халықаралық әлемде “ырықты” (либералды) аталатын экономика. Бұл экономиканың бастауына Қазақстандағы жекешелендіру үдерісінің жабайы сипат алғанын айту ешкімді де соншалықты күнәһар етпейді. Базардағы иесіз тауарға таласқандай күй кешкеніміз кеше ғана. Алайда, болашақ капиталистердің жасақталуы да асқан «ұйымшылдықпен» өткізіліп, кімнің баюы тиіс, кім оған жалшы не құл болады деген мәселелер де ың-шыңсыз түрде, халықтың саяси жетілмегендігінен жүзеге асып тынды.
Осы кезеңде, тек қана аса байып, алпауыт болғандар мен солардың билігін орнату ғана тиімді екендігі уақыттың еншісі болды да шықты. Сөйтіп, Қазақстан да ТМД елдеріндегідей пландық экономикадан кландық экономикаға көшіп тынды және оны “ырықты” деп емес, “рыйнокты” экономика аталуы да қисынды еді. Елдегі әрбір кәсіпкерлік жаңалықтың артынан кландық мүдденің сығалауы заңдылыққа айналды. Осылайша, елде ұлттық саяси субъект емес, кландық субъект қалыптасып, дамыды.
Бірақ елдегі экономиканы “ырықты” деп атауға сол кезде де, кәзір де болмайтын еді. Ырықты экономика қабылданған заңдарға сүйенген үдерісте болса, Қазақстанның «нарықты экономикасы» кландар мен кланшалардың мүліктік айналымы ретінде қалыптасып, экономикалық заңдылықтардың бәрі де солардың мүддесі мен тілегіне бағындырылған. Бұған Ақтау қаласындағы жиында мемлекет мүддесін қорғаған Антимонополиялық комитетті басқарған Ораз Жандосовтың мәселені заң аясында қоюына қанағаттанбаған Машкеевичтің наразылығымен-ақ, оның орнынан алынғаны дәйек еді.

Кландық биліктің нығаю кезеңдері
Егер ел дамуын сатылап қарастырсақ, 1991-1995 жылдар кезеңінде Қазақстанның ішкі ахуалы саяси және экономикалық жағынан арбасуды бастан өткізді. Бұл кезеңнің басты нәтижесі – елде демократиялық және ырықты экономикалық алғышарттардың қалыптаса бастағаны еді. Алайда, бұл үдеріс келесі кезеңнің шаңын қауып, нәтижесіз қалды.
Келесі 1996 – 2000 жылдар кезеңінде Қазақстанда кландық экономика қалыптасып, кландық билік нығаюмен болды. 1997 жылғы Қажыгелдин бастаған оппозицияның туындауы, енді дами бастаған кландық экономикаға қоғамның қарсылығы мен ұлттық буржуазияның алғашқы бой көрсетуі еді. Ал, 2001 жылғы «жас түркілер» туындатқан оппозициялық күштердің тууына себеп болған басты фактор – бұл кездегі кландық биліктің нығаю көрінісіне деген ашық қарсылық болатын. Алайда, елдегі қоғамдық-саяси үдеріс экономикалық үдерістің қалқасында сонша әлжуаз болғандықтан, саяси өрістегі бұл қозғалыстың әсері ойдағыдай болмады. Бұл қарсылықтар танкке ат үстінен қамшы үйірумен бірдей еді. Аталмыш дүмпу ұлттық буржуазияның қалыптасқандығын және оның кландық супербилікке қарсы тегеурінді бой көрсетуі болатын. Бұл – елде қалыптасқан ұлттық буржуазияның кландық топтардан ара жігін ажырата бастауы еді.
2001-2006 жылдар аралығында Қазақстанда кландық билік салтанат құрып, саяси үдерісті қолдан жасауды әбден игеріп, оның жемісін емін-еркін тойлау мүмкіндігіне ие болды. Осылайша, кландық экономика мен билік өзінің дамуының шырқау шегіне жетуде. Мұнымен бірге елде шынайы ырықты экономиканың дамуы мен демократиялық үрдістің қалыптасуы бұл ахуал жағдайында мүмкін еместігі белгілі болды. Бұл жағдайда саяси өрістің жойылғандығын ұққан кейбір саяси күштер кландық билік ұсынған ойынмен қанағаттануды амалсыз місе тұта бастады.

Кландық мүдденің құрсауы
Кландық билік пен экономика жағдайында ырықты экономиканың субъектісі де дамымайтыны көзге түсуде. 60 миллион халқы бар Англиядағы шағын кәсіпорын саны – 11 миллионнан (5,5 адамға бір кәсіпорын) асса, 15 миллиондық Қазақстан үшін бұл саладағы 2007 жылғы 1 қаңтарға тіркелгендер саны - 839,7 мың (17,9 адамға бір кәсіпорын). Алайда, тіркелгендер мен шынайы әрекеттегілердің айырмасы және бар; олардың сапасы туралы әңгіменің жөні тағы бөлек. Бұл - азаматтардың саясатқа негіз боларлық ырықты экономиканың қаншалықты субъектісі екендігінің көрсеткіші және олардың кландық экономикадан қаншалықты тәуелсіз екендігінің де көрінісі.
Шын мәнінде, Қазақстанда ырықты экономикадан гөрі, кландық менеджментке бағынған, сауда-саттыққа негізделген «нарықты экономика» ғана орнаған. Сол себепті де, кландық экономика жасақтайтын бюджеттің қампаюына көрсетілетін қызмет пен тауар құны тәуелді болып, ырықты экономиканың тұрпаты көрініс бермеуде. Базарда шынайы бәсеке болмағандықтан, бюджеттегілердің жалақысы көбеюмен бірге, базар нарқының шарықтауының байланысы, елдегі бизнес пен биліктің сыбайласып жатқандығының нағыз көрінісі болуда.
Қазақстандағы қор базарын дамытуды азаматтардағы ерікті сананың болуымен тығыз қарастырған абзал. Егер орта және шағын кәсіпорын елдің ырықты экономикасының негізі болса, ал қор базарының қалыптасуы – елдің ырықты экономикасының ерікті санаға айналу көрсеткіші. Бұл жағынан алғанда, азаматтарға құнды қағаздың не екенін насихаттау арқылы қор базарын дамыту далбаса болып шығады. Бұл үдеріске ерікті сана көрінісі тұрғысынан көзқарас керек, яғни аталмыш жайт, елдегі шынайы ырықты экономика мен ырықты саясаттың кіріккен жемісі болып табылуы тиіс.
Оның үстіне, қазақстандық кландық экономиканың жаны – сыбайлас жемқорлық. Сол себепті де, елдегі коррупциямен күрес дегеніміз – кландық экономикамен күрес болып табылады. Сондықтан да, бизнес пен билікте бәсекелестік жоқ, оның орнына бөлісімпаздық қана бар. Бәсекелестік барда, адамның қоғамдағы әлеуеттік қауқары ашыла түседі, ал бәсекелестік жоқ қоғамда адамның әлеуеті өзіне жау болып таңылады. Мұның мысалы жеткілікті. Сондықтан да біздің елде жоқтың орнын сөзбен толтыру саясатын жүргізуге мәжбүрлік қана бар.
Миллиондаған азаматтар тұрмыстық табыс жағынан бюджетке қарап отырса, мыңдаған адамдар кландық экономикалық құрылымның тетіктері болуға әбден мойынсұнған. Әлеуметтік жағынан осыншама тәуелді халықтың елде азаматтық қоғам құруға құлқы да, қауқары да жоқ. Демек, қоғам тарапынан Қазақстанда орнаған кландық билікке жуық арада қатер төнуі неғайбыл. Өйткені, елдегі басты саяси субъект де, объект де - кландық биліктің өзі. Осылайша, Қазақстанда орнаған өкіметтің мәні – кландық, сәні – әлеуметтік, тәні – құлдық болып отыр.

Кландық топтар мен ұлттық буржуазия
Елдегі саяси өзгеріске ден қою үшін, айналада болып жатқан оқиғаларды айналып өте алмаймыз. Кландық биліктері қалыптасқан Гүржістан, Украина мен Қырғызстандағы төңкерістердің төркіні неде? Бұлардың барлығына ортақтық – олардағы кландық билік пен ұлттық буржуазияның біртұтастығында. Яғни, бұл елдердің кландық билігі де, ұлттық буржуазиясы да бір бірінен ажырамастай қалыптасқан. Сондықтан да, билік басына келген украиналық жаңа буржуазия өзара тәжікелессе де, украин мүддесін жалау етуде. Ал, Қазақстан кланы кландық монолиттен ажыраған ұлттық буржуазияны қудалаумен, саясатқа жолатпай, экономика саласында бақылаумен ұстап, ығыстырумен келеді. Қазақстандағы кландық билікті ұлттық буржуазия деуге келмейді, этностық сипат жағынан да, ұлттық мүдде тұрғысынан да, қазақстандық кландық жүйе әбден дербестенген, қоғамнан оқшауланған және өздерін ұлттық буржуазия ретінде есептеуге негіз қалдырмаған топтардан құралып отыр. Егер төңкеріс болған бізбен тағдырлас елдерде кландар мүддесі мемлекеттік мүддемен астасып жатса, қазақстандық кландар мүддесі ұлттық, яғни мемлекеттік мүддеден жоғары тұр. Соңғының ерекшелігі де, мықтылығы да сонда.
Әлгі аталған елдерде болған революция сол елдер үшін сонша қауіпті емес, бар болғаны олардың ұлттық буржуазия топтарының өзара тайталасуы мен белгілі бір дәрежедегі келісімі деңгейіндегі оқиғалардың өрбуінен тұратын үдеріс қана жүруде және мұнымен бірге сол халықтар бойларына демократиялық үдерісті сіңіретіндей ахуал қалыптасуда. Бұл жағдай тәуелсіз елдерге тән халықтың саяси субъект болып дамуын жеделдетпек. Ал, саяси субъектілік - қай дамудың да кепілі!
Қазақстанда қалыптасқан ахуал ешбір оппозициялық талпыныстың нәтижелі болуына орын бермейді, өйткені, саяси субъектінің қалыптасуына кландық билік жол бермеуде және қоғамдық-саяси өмірдің кеңістігі түрлі құралдармен және заңсыздықтармен талқандалған. Мұндай жағдайдағы саяси оппозицияның тірлігі: барлық жағдайы бар бөлмеге қамалған баланың ойыны секілді немесе ойын алаңы жоқ балалардың көшедегі темір-терсекті ермек қылғандай қылығын елестетеді.
Капитализм жағдайында ұлттық буржуазия - мемлекеттіліктің басты факторы болып табылады. Қазақстандағы ұлттық буржуазияның әлжуаздығы қазақ халқының ұлт ретіндегі мүддесінің көз бе көз аяққа басылуынан да көрінуде. Қазырғы заманда ұлттық буржуазиясыз ешбір ұлттың да, мемлекеттің де даму мүмкіндігі жоқ. Бұл жағынан алғанда, ұлттық буржуазия ұлттың рухани-материалдық баскері (лидері) болып табылады. Қазақ ұлтының сөзін сөйлейтін топтың қазырғы ахуалы 20-ғасырдың басындағы алашордашыл топтың әлеуетінен әлдеқайда төмен екендігі айқын. Қазақстандағы бас көтерген әртекті буржуазияны қолдан жасақтап, өз қолтығына қысу арқылы және елде көпұлттық жасанды сипат орнату арқылы, кландық билік қазақ ұлтының саяси субъект ретінде қалыптасуына қасақана түрде кедергі болуымен өзінің табиғаты ұлттық буржуазия еместігін дәйектей түсуде. Бұл жағынан қазақ кланының табиғаты – тоталитарлық, тұрпаты – космополиттік, сондықтан да оның тамыры тайыз болғанмен, бұтағы жайыңқы... Ал, украин, грузин кландарының тұрпаты – бірыңғай ұлттық болатын.

Кландық билікке қатер бар ма?
Сонымен, қазақстандық кландық билікке кім қатер төндірмек? Өзінен басқа, ешкім де! Өйткені, қазақстандық кландық биліктің өне бойына өзінен басқа күйреуге апаратындай мін қалмаған. Аумағы жағынан әлемдегі тоғызыншы орынды алатын елдің бар байлығы мен рухани әлеуетін бақылауға алған және оңды-солын қымтап алған кландық топқа кәзіргі кезде әлдекімнің қауқары келеді деу - күмәнді. Жалпы кландық жүйені терең зерттеуге негіз бар. Бұл жүйенің табиғаты мемлекеттік бүкіл әлеуетті, соның ішінде материалдық байлықпен қатар рухани игіліктерді, тіпті, халықтық сана мен ерікті және азаматтық рух пен құқықты да жымқырудан (прихватизация) жасақталған. Сол себепті, аталмыш жүйенің қоғамға әмбебап монополиялық әрекет ететіні де сонда. Оның мықтылығы – аталған әлеуеттің монолит болып жентектелуінде; қалай монолиттік сипатқа қатер төнсе, кландық жүйе де сүттей іриді. Дегенмен, бірегей мемлекеттік мүддені өзіне жекешелей отырып, кландық жүйе оны бойына түпкілікті сіңіре де, қорыта да алмайды. О баста алуан тұрпатты және алапес мүдделі топтың өз мүдделерін күйттей алмайтыны сондай, олардың енді бір қолға бағынғаннан гөрі, әрқайсысы бір қол болуға ұмтылу амбициясының тууы табиғи заңдылық. Осылайша кландық топтар арасында, әйтеуір, бір күні күрес басталары анық еді. Бұл заңдылықтың іске аса бастауы - Заманбек Нұрқаділовтың өлтірілуінен басталып, Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіру арқылы жүзеге асыру үлгісі жасалғанына куәміз.
Кландық топтар бір біріне қыр көрсетуді өздерінің қолдарынан не келетінін әйгілеу арқылы бірін бірі ықтырғысы келетіндей амалға көшкелі біраз уақыт болды. Әрине, олар бұл амалды мемлекеттік мүддені бетке ұстағандарды құрбан етуден бастап отыр. Алайда, соңғы кездегі «Нұрбанк» төңірегіндегі жағдай алабажақ топтың өзара дүрдараздығының үлкен шайқасқа айнала бастағанының көрінісі. Елдегі кландар шайқасы кәзір ашық сипатқа көше бастады. Тіпті, этносаралық қақтығыстардың артында да кландар тұрғаны белгілі болып отыр. Өйткені, елдегі барлық қоғамдық-саяси өрісті жайлап алған кландық биліктің араласынсыз қандай да бір оқиғаның не үдерістің болуы мүмкін болмауда.
Бұл үдеріс түптің түбінде кландық топтан ыдырағандардың ұлттық мүдде мен демократиялық мақсатты бетке ұстап, оппозициялық саяси топтардың жаңа легін қалыптастыруы, соның есебінен кландық монолиттің быт-шыт болуына ахуал орнауы ықтимал. Бұған Украинадағы Янукович тобының қазырғы кездегі демократияшыл топқа айналған үлгісіне назар аудару арқылы көз жеткіземіз. Осыған қарағанда, демократияны мақсат ету жолынан басқа, оны күресу құралы ету арқылы да оған қол жеткізудің де жолы бар секілді. Осы орайда, Украина мен Гүржістандағы төңкерістің демократиялық нәтижесі қомақтырақ. Оның мәнісі, демократияны құрал ете отырып, мақсат үшін ұлттық (мемлекеттік) құндылықты таңдауда жатса керек. Ал, Қырғызстандағы аласұрудың мәнісі, демократияның мақсатқа жетер құрал болғанына қарамастан, тәжікелесуші топтар үшін құндылықтың айқындалмағандығында. Демек, өтпелі кезеңде демократия - мақсат емес, ол - кландардың немесе саяси күштердің өзара тайталасуы да емес, ол - ұлттық мүддеге қаныққан нақты құндылыққа маңдай тіреуге қажет құрал болғанда ғана нәтиже берер фактор. Басқаша айтқанда, өтпелі кезеңдегі ел үшін демократия дегеніміздің өзі – ұлттық буржуазиялық топтардың өзара саяси күресі емес, бәсекесі. Бұл жағынан алғанда кландар өзара бәсекеге дәрменсіз, олар бәсеке ретінде күресті ғана біледі. Сондықтан да олар үшін заң мен ереженің, абыройдың қадыры жоқ. Кландық топтар бәсекеге әзір болғанда ғана өздерінің кландық тұрпатынан арылады.

Кландық келісім
Елдегі соңғы кезде Контитуцияны өзгеріске ұшырату арқылы демократиялық бағытқа беталыс халық пен мемлекет арасындағы емес, шын мәнінде, кландардың дүрдараздығы жағдайында болып жатқан олардың өзара уақытша келісімін әйгілейтін жәйт. Уақытша дейтініміз, кландық билік жүйесінде демократиялық әрекет болып табылатын бәсекеге орын жоқ, оның орнына сол жүйенің басты ойыншылары ретінде кландардың өзара күресі ғана болатынын атадық. Тіпті, кландық жүйеге қатер төне бастағанын биліктің өзі біліп отыр, сондықтан да шытынаған аққұманды матаған шебердей, барлық кландық топтарды бір партиямен және барлық билік тармақтарын бұрынғыдан да күрмеп байлауға көшуде. Бұны мәжілісті пропорционалдық жүйемен жасақтаудан (оған 90 пайыздық «дауыспен» қай партияның баратыны белгілі) және үкіметті соған бағындыра отырып, атазаңға енгізілген 63-бапқа президенттің парламентті палата басшыларымен, премьермен ақылдаса отырып, таратып жіберу нормасының енгізілуі-ақ дәлелдейді.
Алайда, бұл келісім, кландар монолитінің күйреуін болдырмай қояр ма екен?! Өйткені, шырқай дамыған әрбір нысан күйремей тынбайды емес пе? Кім біледі, бәлкім, олар өзара күресе келе әлсіреп, кландық әлпетін жойып, амалсыздан бәсекеге бет бұрар ма екен? Оның мысалын атадық, одан басқа бізде жол да қалмай барады...
Сайып келгенде, өзіне ең сенімді жол ретінде таңдаған «Әуелі – экономика, сосын – саясат» деген ұстам түптің түбінде кландық биліктің өзіне ор болғалы тұр. Экономика қарқын алған сайын, оның дамуына ырықтану қажет болады, әйтпесе, кері кету жүріп, тірелеріміз - әлеуметтік дүмпу болмақ. Ал нағыз ырықты экономика демократиялық үрдісті дамытпай тағы тұра алмайды, әлгі кландық монолиттен еріксіз бөлінген топтар демократиялық қатарды нығайтпаса да кландық билікті әлсірете түседі.

вторник, 24 июля 2007 г.

Білім беру мен тәрбие саласы қандай реформа күтуде?

Жас мемлекет үшін тактикалық тірлікте маңыздысы - орнықты экономиканың қалыптасуы болса, ал стратегиялық салада жас ұрпақтың білімі мен тәрбиесі басты назар аударатын жайт. Өйткені, аз ғана уақытқа экономикалық жағынан тәуелсізденген мемлекет өзінің жас ұрпағының білігі мен азаматтық деңгейіне сүйеніп қана өз егемендігін одан әрі баянды ете алмақ. Әйтпесе, экономикасы шикізаттың күлі, халқы шетел мамандарының құлы болып шыға келетіні айдай анық.
Жас ұрпақтың білімі елдегі жалпы білім беру мәселесіне тікелей байланысты. Осы жағынан Қазақстанның қазіргі жалпы білім беру жүйесін ішінара сөз етсек, оның өз бейнесі қалыптасқан, тұлғасы нығайған жүйе екеніне шүбә келерліктей жағдайларға кезігеміз. Бұған басты себептер ретінде елдің экономикалық дағдарыстан шыққанға дейінгі білім беру жүйесіндегі алуан түрлі алас ұруды, яғни, тыңғылықты түрде дәйектелген оқу мен тәрбиенің мемлекеттік деңгейдегі программасының болмағандығын, керісінше, Білім беру министрінің ауысуына байланысты білім жүйесінің де «көңіл күйі» сан құбылғанын, білікті басқарудың болмағандығын мойындауға тура келеді.
Қазіргі кезде ел экономикасы белгілі бір деңгейге көтерілгенімен, білім беру жүйесінің көңіл көншітерліктей сиқы бар деуге ертерек. Қазақстанның жалпы білім беру жүйесіндегі қазіргі басты сырқаты – мектеп ғимараттарының жеткіліксіздігі не күрделі жөнделмей жатқандығы мен материалдық базаның нашарлығы емес, ең алдымен білім жүйесінің сапалық жағын қамтамасыз етерліктей жағымды және оңтайлы ауанның жоқтығы. Ашып айтсақ, қазіргі жалпы білім беру ошақтары жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруге алаңсыз көшкен қасиетті шаңыраққа айнала қойған жоқ; ең әуелі мұғалімдердің сапасыздығы мен парақорлықтың адам төзбес деңгейге көтерілгендігі болып отыр. Мәселе – мектептердегі мұғалімдердің парамен қызметке алынуында және балалардың есепсіз қаржы айналысына куә болуында. Демек, Қазақстанның қазіргі жалпы білім беру жүйесі кәсіпқой ұстаздық деңгейін тәрк ететін, әсіресе қазақ мектептерінде тарап отырған қызметке қабылданудан бастап, бүкіл мектеп өмірін жайлаған репрессиялық-парақорлық тәсіл аласталатындай бас қатыратын уақыт келді.
Біздің бұл пікірімізге қарсы дау айтылатыны түсінікті, ол қоғамда орныққан кез келген жағымсыз жүйенің қорғанышы екені рас. Мәселен, қазіргі кезде «қолбала» ата-аналар комитеті арқылы әр нәрсеге ақша жинау, оның есебін бермеу – мектептерді жайлаған жағымсыздық екені рас және бұдан ада санаулы ғана, оның ішінде орыстілді мектептер болуы мүмкін. Тағы бір айтатын нәрсе, мектепте жұмысқа тұру да парақорлықтың төркіні екені тағы рас. Демек, рухани пәктіктің ошағы болуға тиіс мектептеріміз қоғамның қас жауы болып табылатын парақорлықтың жас ұрпағын әзірлеп жатқандығын кім жоққа шығарады? Ал, бұған сапасыз мұғалімдердің жұмысқа қабылдануын қайда қоямыз? Сөйтіп, көп жағдайда мектеп ауқымына сай директорат негізінде «қағанаттың» қалыптасып отырғандығы рас. Директордың мұндай қаған дәрежесіне көтерілуіне оның өзін кінәлау негізсіз, бар мәселе қазіргі мемлекеттік білім жүйесінде.
Аталмыш тақырыпқа талғажау болатын тағы бір нәрсе – білім-тәрбие жұмысының шаруашылықпен шатасып жатуында. Тіпті, жоғарыдағы паралық жүйенің дамуына да осы жайт жағдай жасап отырғаны жасырын емес. Сондықтан жалпы білім беру жүйесіндегі осы былық пен шылыққа нүкте қоятын мезгіл жетті деп ойлаймыз және соған орай өзіміздің пікірімізді ұсынамыз.
Қазіргі кезде мектеп директоры шаруашылыққа да, білім-тәрбие жұмысына да басты жауапты болып табылады, біздің ойымызша директорды мұндай супержауапкерліктен құтқарып, оған тек қана мектеп менеджері ретіндегі мәртебені қалдырған дұрыс. Басқаша айтқанда, директор мектептің барлық материалдық жоқ-жітігін қымтаушы және ұйымдастырушы болумен шектеліп, бұл мамандарды арнайы түрде мектеп менеджері ретінде қысқа мерзімді курстарда даярлап шыққан дұрыс. Сөйтіп, мектептің барлық жоқ-жітігін ата-ананың қалтасынан әлгі менеджердің мойны мен бюджетке артқан ләзім. Мектептің табыс-шығыны барынша мөлдір болуы үшін директор оқу жылының басында және соңында ата-аналардың жалпы жиналысы мен білім беру департаменті алдында толық есеп беріп отыруы керек. Алайда, мектеп менеджері білім-тәрбие ісіне кесел келтірмейтіндей дәрежеде, мектеп шығынының бюджет қамти алмайтын бөлігін қосымша шаруашылық арқылы табыс табуына еркіндік берілгені жөн.
Ал, мектептің басты міндеті саналатын білім-тәрбие мәселесі қазіргі «оқу ісінің меңгерушісі» секілді дүдамалдау аталып жүрген кеңестік лауазым иесіне толық беріліп, ол білім-тәрбие менеджері аталғаны дұрыс болар және де бұл лауазым иесін Білім беру департаменті бекітіп, ал мектеп аясында білім-тәрбие менеджерінің ықтимал кандидатурасын ата-аналар кеңесі ұсынғаны жөн болар еді. Өйткені, ұрпаққа білім-тәрбие беру міндеті заң бойынша ата-ана мен мемлекетке тең бөлінгендіктен, бұл лауазым да осы тараптардың тең қатысымен жүзеге асқаны мақұл. Бұндай жағдайда білім-тәрбие менеджері мектепті мұғалімдермен қамтамасыз етуді де өз мойнына алғаны жөн, сонда аталмыш лауазымның мәртебесі де, мәні де шаруашылық менеджерінен артық болып шығады да, мектептің басты мақсаты болып табылатын жас ұрпаққа білім мен тәрбие берудің кедергісіз орындалуына жол ашылады.
Бір қызығы қазіргі жалпы білім беру жүйесінде тәрбие беру мәселесі бұлыңғыр түрде анықталған, тіпті, бұл міндет білім беру департаменттерінің атауларынан да түсіп қалған. Бәлкім, департаменттерді «білім беру» емес, «білім-тәрбие» беру анықтауышымен міндеттегеніміз барынша әділетті болар. Сонда ғана білім беру жүйесіндегі «тәртіпсіздіктер» жойылар деген үміттеміз. Қысқасы, еліміздің білім беру саласы өзінің бағдарын толығымен жас ұрпақты білім-тәрбие беруге бұратындай тұжырымдамаға негізделген реформаға кірісуі тиіс деп ойлаймыз.
Қазақстанның білім беру саласында қоғамның назарынан тыс қалған іргелі мәселе бар, ол - тілдік білім (языковое знание). Тілдік білім соңғы кезде ғана біздің қоғамға дендей бастаған ұғым, оның мәні адамның игерген тілі бойынша сіңірген білімі деген сөз. Егер де елімізде 400 мыңнан астам қазақ баласы өзге тілде білім алып жатса, олардың ана тіліндегі тілдік білімі мақұрым деген сөз. Бірақ мәселе мұнда да емес, мәселе елімізде мемлекеттік (ұлттық, этностық емес) мектеп сипатының әлі күнге құралмағандығында. Мұның мәні не? Мәселен, Ресей мен Қытайдағы мемлекеттік мектептер сәйкесінше орыс және қытай тілінде орта білім беру ошақтары мойындалған және қалған тілдегі мектептердің барлығы да этнос тілінде шектеулі түрде тарих пен әдебиетті ғана оқуы мүмкін, ал қалған пән бойынша әлгі мемлекеттік тілдегі білім беру қолға алынған. Тіпті, өзіміздің өзбек ағайынның елінде де осы жүйенің қолға алынғанына бірнеше жылдың жүзі болып қалды. Бұл сондағы біздің қазақтар үшін кемсіту болмаса ұлттық тілінен ажырату секілді болып көрінгенмен, шын мәнінде Өзбекстан үшін өзінің мемлекеттілігін нығайту жолындағы халықты біртұтастандыру және мемлекеттік орта білім беру арқылы азаматтарды ұлтына қарай болашақ құқығынан айырмаудың жолы болып табылады. Ал, бізде жағдай керісінше, Қазақстанда мемлекеттік мектептер емес, өңкей этностық мектептер ғана: қазақ, орыс, өзбек, ұйғыр, дұңған орта мектептері болып кете береді. Тіпті, Алматы облысында кейбір ұстаздың бекітусіз этнос тарихын оқытқаны да сөз болғаны бар. Демек, бұл үй ішінен үй тігу емес, бір үйдің ту-талақайын шығарып, бірнеше үй тігуге ұмтылу деген сөз.
Алайда, аталмыш мәселені бұдан бірнеше жыл бұрын министр болған Күлекеев мырза қолға ала бастағаны бар, ол Білім беру министрлігі алдына пәндердің белгілі бір бөлігін қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде оқыту мәселесін қоя бастап, этностық мектептерден мемлекеттік мектеп үлгісін жасауды енді қолға ала бастағанда саясаттың табалдырығына сүрінді. Оған кейбір зиягерлер өре түрегеліп, қарсы шыққаны және бар. Алайда, олар біздің аралас мектебіміздің өзі шын мәніндегі орыс ділді мектеп екенін ойларына алмайтыны әрі аянышты, әрі өкінішті. Қысқасын айтқанда, министрі жаңарған министрлік алдында мәселенің қордаланғаны сондай, оның бәрін жиып-теріп айту да қорқынышты – барымыздан айырылып қалмаймыз ба, деген баяғы қазақы проблема туады! Алайда, сол қазақтың «Шегірткеден қорыққан егін екпес» дегені тағы бар... Әрине, бұған жалғыз министр болып емес, қоғам болып жұмылатын шара керек.

ҚАЗАҚТАНУ

Этноәлеуметтік сараптама

Халқымыздың болмысын тануға және танытуға арналған «Қазақтану» аталатын тақырып арқылы кәзіргі кезде қазақ халқы одан әрі даму үшін ең әуелі өзін өзі тануын қамтуы тиіс деген тұжырымды жария ете отырып, сонымен бірге Қазақстан мықты мемлекетке айналуы үшін елдің әркелкі халқының біртұтастануының маңыздылығын қоғамға сіңіру айып емес. Бұл үдеріс әркелкі қазақстандық халықтың әуелі қазақтану үдерісін бастан өткізуімен маңызды. Сондықтан да айтылмыш үдерістердің жүзеге асуы барысында қазақты тану да, қазақтану (замани қазақ болу) да өзекті.
Дегенмен, замани қазақтану үдерісі қазақ үшін де, қазақ еместер үшін де маңызды. Алайда, қазақ еместер үшін «қазақтану» үдерісі қазаққа сіңу деген ұғыммен шендеспегені мақұл. Қазақ еместер үшін олардың қазақты сыйлап, тілін үйренуге қорсынбауы, яғни қазақ халқын менсінуі бірінші кезектегі қадам болмақ. Ал, қазақтар үшін қазақ болу дегеніміз - кешегі көшпелі қазақтың ұрпағы ретінде ұялмау, өзін өзі қорсынбау және тарих пен тілді, салт-дәстүрді құрметтеп қана қоймай, соны бүгінгі заманның әжетіне жарата білу міндеті қойылмақ. Болашақ мемлекеттік саясатқа айналмақ бұл ұлттық идея іске аспас бұрын, қазақ халқын тану мәселесі алғы шарт ретінде күн тәртібінде қойылуы қыйсынды.

Қонақжайлық пен құлдық

Әрине, әлемдегі қай халық та өзінше қонақжай. Бірақ қазақтың қонақжайлығы айырықша, бұл халықтың аталмыш қасиетіне қарап, өмірге қонақ үшін келген бе деген сан алуан ойларға барасың. Қазақтың бұл кейпі шынында да, тереңірек қазуға тұрарлық тақырып. Сондықтан да ат басын осыдан бастауды жөн көрдік.
Кез келген құбылыстың бастауы бар, қазақтың қонақжайлық құбылысы да осындай бастаудан тұратыны сөзсіз. Алайда, тап басып айта аламыз ба, жоқ па, оны оқырман бағамдар, ал біз не де болса, тәуекел етіп, қазекеңнің осы бір «Ас та төк!» деген ұранға бергісіз дәстүрі қайдан бастау алады дегенге алаңдай бергеніміз рас.
Қазақтың қазырғы қонақжайлығы дәстүр болып табылады, ал дәстүр кез келген халықтың етенелік (этникалық) сыйпаты. Егер де ұлттық дәстүрді сақтамасаң, онда бәрібір басқа дәстүрді тұтынатының рас. Алайда, кез келген ұлттың дәстүрі бірден дәстүрлік деңгейге көтеріліп, орныға қалмайды, оның бірнеше орнығу сатылары бар. Қазақтың қонақжайлығы да сол сатылардан өткен етенелік дәстүр.
Етенелік дәстүр өз бастауын о бастағы сенім мен діни жоралғылардан алады. Осы тұрғыдан алғанда қазақы қонақжайлық та діни жоралғыдан құралақан емес. Қонағын «аулап» жүріп, отбасына әкеліп, барын беру дәстүрі қазақтарда о баста қалай пайда болды деген сауал туындауы қыйсынды. Бұл сауалға жауапты біз де қазақ халқының ежелгі сенімінен іздеуге тарихи құқымыз бар.
Біздің пайымымыз бойынша бірнеше мың жылдық тарихы бар қарымта қайыру (карма) немесе құрбандық беру ілімі тек қана үнділерге тән деуге келмейді. Сірә, қазақы сенім, о баста дінге айналмай тұрып, бірақ ырымдық ілім (діни ілімдердің алғы легі) ретінде жыйнақтала келе, тәңірлік ілім жүйесін жасақтаған алғашқы монотеистік наным-сенімнің бастауынан нәр алған деуге негіз бар. Жалпы, қазыр біршама талас тудырып жүрген Тәңірлік сенім жүйесінің дін екенін мойындау оңай емес, ең бастысы, оның әлемдік монотеистік жүйенің алғашқы көрінісі мен ілімдік жүйесі ретінде тануда болар. Осы тұрғыдан қарасақ, қазақтың қонақжайлығы әлгі тәңірлік жүйеде қандай көрініс тапты деген сауалдың туындайтыны да дұрыс. Егер әлдекімнің асты-үстіне түсіп, жайылып жастық, төселіп төсек болумен қатар, белгілі бір шығынның шығатынын ескерсек, қазақтардың бұл әрекетінде шынында да, о бастағы діни ілімнің жұрнағы жатқанына еріксіз мойын бұруға тура келеді. Өйткені, өзін айтарлықтай шығынға ұшырататын әрекетке мұнша құмар болатындай көшпелі жұртқа ақылсыздық көзі ретінде қарауға ешбір негіз жоқ.
Құрбандық заңдылығын ғарыштық жеті заңның бірі ретінде «Ақ сарбаз» кітабында (Алматы, 1998ж) ашып көрсеткен Жиһан Желтоқсан мұны ғарыштық деңгейдегі үйлесімнің кепілі ретінде қарастырады. Шынында да, есте жоқ ескі замандағы ырымды адамның ойдан шығарғаны деп қабылдау қыйсынсыз, бәрінен бұрын бұл мистикалық сананың абыздық ілімдерді қабылдап сіңіру үдерісінен туындаған жайт болса керек. Ендеше, о баста Жаратушының кәдесіне жаратқан құрбандықты көшпелі қазақтар оның жердегі «көлеңкесі» ретіндегі пенделеріне беру арқылы Жоғарғы күштің батасын алу немесе жыйнақталған қарымдық берешекті қайтару арқылы карма мәселесін шешудегі ілім есебінде қабылдағандай сыңай бар. Демек, көшеген жұрт о баста материалдық игіліктен гөрі сенімдік құндылықты қасиет тұтқан және батаны Құдретті ниетті жандандырушы ақпарат ретінде мойындап, құрбандықпен тіленген ниеттің ғана материалдану күші бар деп сене отырып, өмірге жаратқан. Сөйтіп, «бар тапқанын жұртқа шашудың» арғы жағында Жаратқанға жағыну жатқанын амалсыз мойындатар жағдай осы. Бұл ілімнің жер бетіне кеңінен таралғанын қазырғы кезде қол жайып садақа алып, бата беретіндердің молдығымен О бастағы адамзаттың көшпелі бөлігінен бастау алған ілімнің көптеген діндерге негіз болғанын аңдаймыз.
Алайда, кез келген етенелік дәстүрдің өз деңгейіндегі тұтынымы бар да, оның мейлінше кереғарлыққа ұшыраған нұсқасы да бар. Осы жағынан алғанда, Жаратқаннан бұйырған несібені үлестіру мен қонақжайлықтың арасында үлкен айырмашылық бар. Қазырғы кезде қазақтардың қонақжайлық есебіне жазып жүрген өзгеге жайылып төсек болуы мен асыра құрметі шын мәнінде қасиетті ілімді қадыр тұтудан деуге болмайды. Қазақтардың өз елінде өзгеге қожайын болуға қымсынуын қонақжайлық емес, соңғы ғасырларда сіңген құлдық мінезді қымтауға жатқызған дұрыс. Кәзіргі қазақтар өз елінде «айтулы» да ретсіз қонақжай болу арқылы өздері қонаққа айналып бара жатқандығын байқайтын уақыт келді. Ал, бұл Жаратқаннан бұйырған несібені рәсуә етумен, яғни Жаратқанның қаһарына ұшыраумен тең жайт. Жалпы, құрбандық принципі барыңды құрбан етуге арналған үдеріс емес, ол қонағың арқылы Жаратушыны риза ету, яғни қонақтың батасы арқылы оның жағымды ниетін Көктің назарына тартумен өзінің Жаратқанға деген іңкәр ниетін сездірту арқылы ауыр ахуалды жеңілдетуге мүмкіндік алу болып табылады. Бұл әрбір титімі есепте тұрған ғаламдық заңдылықты қазақтардың бұлжытпай орындау дәстүрінен қалыптасқан заңғойлық (законопослушность) еді. Ал, шексіз қонақжайлық әлдебіреуге тәуелдікті болмаса оған деген құлдық кейіпті таныту, әлгі пендеге құлдық ұру ғана болмақ. Сондықтан, әлдекімге құлдық ұру мен қонақжайлықтың арасы жер мен Көк арасындай екенін ұғатын уақытымыз келді.

ЖЕРГІЛІКТІ ӨЗІНДІК МЕҢГЕРІМ

Біздің қоғамымызда саяси реформалауға байланысты шынайы реформалау ниеті мен оны қасақана боямалауды қамтыған пікірталас бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Алайда, бұлардың арасында әлгі саяси реформаның бір бөлшегі болып табылатын «Местное самоуправление» (МСУ) ұғымының шын мәнін түсінбей далақтаушылар да жетіп артылуда. Мәселенің мәнін аша түсу үшін осы ұғымға тереңірек көз жіберейік.
Әдетте қазақ тіліндегі ғылыми сана дамымағандықтан, кейбір терминдер тілімізге де, елімізге де бұрмаланған күйінде енуде, соның бірі - «правление» мен «управление» ұғымдары. Әрине, орыс тілінің бұл сөздері бір біріне өте жақын болғанымен, қолданылуына орай айырықша мағыналары бар: правление – басқарым болса, управление - меңгерім. Бірақ, орыс тілінде бұл ұғымдар бірін бірі қуалап кететін жақтары жоқ емес. Осыдан келіп, «государственное местное управление» шығып жүр.
Жалпы алғанда басқарымға негізінен тігіңкі бағыныс, ал меңгерімге көлденең бағыныс тән екенін ескерген жөн; басқарымға басқарылатын белгілі бір нысан (объект) және басқаратын субъект жатса, ал меңгерім жағдайында объект мен субъект бірігіп кететіні бар. Басқарымға әдетте бір біріне бағынышты жоғарыдан төмен бағытталған иерархиялық саты тән де, ал меңгерімге жалпыдан жалқыға бағытталған ықпал сипатты болып келеді. Сондықтан да соңғы ұстаным жергілікті жұрттың өзін өзі меңгеру құбылысын жүзеге асыратын бірден бір құрылым ретінде демократияның басты бөлшегі танылып отыр.
Биліктің осы екі тұрқын жеке тұлға жағдайында қарасақ, бір адам екіншісін басқаруы мүмкін болса, ал адам өзін өзі меңгеруге (алып жүруге, ұстауға) қабілетті болуы тиіс. Осы жайтты халық пен мемлекет деңгейіне шығарсақ, басқару мемлекеттік органдарға, ал меңгерім халыққа тән болып табылмақ. Сөйтіп, бұдан халықтың өзін өзі басқаруы (өзіне өзі билеуі) емес, меңгеруі қисынды. Сонда, жұртшылықтың өзін өзі меңгеруіне меңзейтін «Местное самоуправление» дегеніміз - қазақша «жергілікті өзіндік меңгерім» (ЖӨМ)болып шығады.
Қазырғы кезде елдің қалалық мекендерінде ЖӨМ нышандары пәтер (гараж) иелерінің кооперативтері т.б. секілді құрылымдармен көрініс беруде, алайда, бұл толық мәніндегі ЖӨМ деуге келмейтін үлгілер. Ал, ауылдық жерлерде ЖӨМ-ді атымен жоқ деуге болады. Әрине, кейбір ауыл әкімдерінің ұйытқысымен ақсақалдар алқасы секілді құрылымдар бар, бірақ бұл да құзыры бұлдыр жасанды жайттар. Мұндай нышандардың Кеңес билігі тұсында да болғандығын ескерсек, бұл саладағы қазырғы күйіміздің тоқыраңқы екендігі көзге ұрады.
Жалпы демократия жағдайындағы қоғам ЖӨМ-ді елді басқарудың бір бөлігі ретінде танып, оны халық билігінің басты іргетасы деп есептейді және демократияның басты ұстындарының біріне балайды. Осы жағынан алғанда, мемлекет билігі геометриялық айқыш (крест) таңбасында сипатталады: тігіңкі сызық – мемлекеттік басқарым да, көлденең сызық – жергілікті меңгерім. Осындай сипатқа негізделмеген мемлекеттік құрылым адамзаттың соңғы кезеңіндегі тұрақсыз және осал әрі диктаторлық сипаттағы ел билеуге тән болып мойындалатыны рас. Бұған әлгі тепе-теңдік сақтайтын көлденеңсіз, тігінен шаншылған жалғыз сызықты елестету арқылы да көз жеткізуге болады. Демек, ЖӨМ құрылымы демократияның басты сипаты ғана емес, мемлекеттің іргетасын бекітетін шемендеуші (цементирующий) фактор да.
Демократия дамуын ілгерілеткен елдердің бәрінде бірдей ЖӨМнің қалыптасуы бірдей емес. Осы жағынан алғанда ЖӨМ-нің басты үш түрін анықтауға болады:
- мемлекеттік құрылымнан мүлдем бөлектенген;
- ЖӨМ-нің қызметін атқаратын жергілікті мемлекеттік басқарым;
- жергілікті мемлекеттік басқарымға кіріккен ЖӨМ.
Алайда, мұның барлығына ортақ жалғыз талап – жергілікті жұрттың өздеріне тән мәселелерін өздері толық шешетіндей меңгерімнің болуы. Қазақстанда бұлардың кейбір белгілері болғанымен әзірге толыққанды ЖӨМ қалыптасқан жоқ. Өз беттерімен төл мәселелерін шешіп жатқан жергілікті әлеуметтік құрылым жоқтың қасы: қалалардағы ПИК–тер қала әкімдеріне тәуелді, тұрғындардың әжетіне жарамай отыр, ал ауылдарда мұндай құрылымдар не атымен жоқ, болса қарабайыр түрде ғана, мысалы, ауыл тұрғындарының жеке малын бағуды ұйымдастыру секілді көлемде. Ал ауыл әкіміне ғана табынған тұрғындар оның жергілікті мемлекеттік басқарым екенін және ауыл тұрғындарының өздері шешуге тиісті мәселелер оның құзырында жоқтығын да білмейді. Сөйтіп, ЖӨМ мәселесі қазыр барлық жерде маңызды ретінде күн тәртібінде және оның жоқтығынан кейбір түкке тұрғысыз мәселелер ушығып та барады; жұрт болса жаппай мұсалдаттық санаға ұрынуда.
ЖӨМ–ге қажетті басты алғышарт – жергілікті жұрттың төл мәселелерін өздері шешуге, өз тірліктерін өздері меңгеруге жарайтын санасы мен белсенімінің барлығы. Мұндай белсенім мен сана болмаған жағдайда, мемлекеттік билік тарапынан ойдан шығарылған ЖӨМ құрылымдарының қайсысы да пайдаға аспастан, оның қалыптасуына кедергі болмақ.
Әрине, қазақ халқының тарихында ЖӨМ–нің болғандығы былай тұрсын, ол жоғарыда аталған ЖӨМ-нің қызметін атқаратын жергілікті мемлекеттік басқарым күйінде болды, әр ауыл өз өмірін өзі меңгергенін былай қойғанда, қажет жағдайда мемлекеттік іргелі істерді шешуге тікелей араласып отырғаны белгілі, мұны әр рудың әр ауылы соғыс жағдайында сарбаз бен сардар шығарудан көреміз. Ал, қазыр әрбір ауыл өз әкімін сайлауға қатысқанымен, оны таңдауға толық мүмкіндігі жоқ. Кеңес өкіметінің ауыл шаруашылығында құлдық сана қалыптастырған қарттарымыз бүгінде ауыл ақсақалы кейпінде емес екені тағы белгілі, ауыл тірлігін ұйытып отырған қарияларымыз азын–аулақ болғанымен, оларға заң жүзіндегі болмаса ресми түрдегі құрылымның өкілі деп қарай алмаймыз, демек біздегі ЖӨМ–нің қазырғы алғышарты да соншалықты кері кеткен.
ЖӨМ–ді қалыптастыруда жергілікті жұрттың қазырғы ахуалы мен санасын, қоғамдық дәрменін зерттемей, олар үшін жоғарыдан ЖӨМ құрылымын ойлап шығару да ахуалды тіптен кері кетіруі әбден мүмкін. Ал, ОБСЕ алдында беделді болуды ғана мақсат етіп, ойыншық ЖӨМ құрумен айналыссақ, онда бұл ел алдындағы нағыз абыройсыздық пен тарих алдындағы барып тұрған жәдігөйлік болмақ. Сондықтан бұл мәселені ең әуелі «саяси бюро» үшін емес, халқымыз үшін қолға алған жөн.
Бізге қандай ЖӨМ керек? Жоғарыда аталған ЖӨМ–нің қайсысы бізге тиімді және сіңімді. Бұған дейін ЖӨМ–нің мемлекеттік құрылымнан мүлдем бөлектенген түрі ұсынылған еді. Алайда, ЖӨМ–нің бұл сияғы (аналогы) үшін қазақ контингенті даяр емес. Әсіресе, ауылдардағы ауыл әкімдігі мен әлгі құрылмақ ЖӨМ–нің қатар жасауын елестетудің өзі ауыр. Бір ауылдағы әкім мен ЖӨМ төрағасының тайталасын елестетіп көріңізші! Бұған дейін ең болмаса ЖӨМ–нің қарабайыр түрі қалыптаспағандықтан, бұл құрылым аса сырқаулы түрде жүзеге асып, одан ешкім де ұтпауы ықтимал. Оның үстіне бұл құрылым жергілікті мекендерде шынайы талқыланып жатқан жоқ. Ал, ЖӨМ-нің қызметін атқаратын жергілікті мемлекеттік басқарымды енгізу де біздің ділімізбен келісе қоймайды. Барлық сайлау міндетін атқарып отырған жергілікті әкімдіктер бұдан былай жұрт атынан шешім қабылдай беру қаупі туындайды және бұқараға өз сөзін айтқызбай, талай қитұрқыға барып, ЖӨМ–ді қолбала етіп ала қоймақ. Сөйтіп біздің еншімізде соңғы сияқ – Жергілікті мемлекеттік басқарымға (ЖМБ) кіріккен ЖӨМ–ді таңдау қалады. Бұл дегеніміз – қазырғы ауылдық мәслихаттар мен әкімдіктерді түбірімен қайта құруға итермелейді. Шын мәнінде ЖМБ–ның бұл нұсқасы қазыр мемлекетті де, жергілікті жұртты да жарылқап отырған жоқ, бұған түрлі объективті себептер бар екені белгілі. Сондықтан ауыл көркі ешқашан да еңсесін көтере алмақ емес, оның басты құрылымы өзінің айқын келбетіне ие болмайынша. Ауылдық төңірек (округ) мәслихаты туралы сөз айтып та қажет емес, өйткені, оның бар–жоғынан ешкімнің қылы қыйсаймайды. Елдің төменгі деңгейіне басқарым мен меңгерім құрылымдарын өзгерту арқылы халықтың сапалы түрде басқарылуын және мемлекет қауіпсіздігін нығайтатын ғана нұсқа керектігі белгілі. Демек, қоғамға ЖӨМ-ді енгізу арқылы мемлекеттік басқарымға өзгеріс енбейді емес! Осыны ашық айтып, мемлекеттік басқарудың қандай бөлігі халықтың өзін өзі меңгеруіне көшуі тиіс деген мәселенің де бет–ажарын ашып алған дұрыс. Сондықтан ЖӨМ туралы бір бөлек әңгіме немесе бір түлік мәселе деп қарау әбден дұрыс емес, бұл елді демократияландырудың кешендік саясатының бір бөлшегі ретінде іс жүзінде де қаралуы керек. Осы жағынан алғанда әкімдерді жаппай сайлау қазырғы сайлау құрылымы арқылы елді демократияландырады деген жайт та қияли әңгіменің бір ұшығы болып табылады.
Біз реформа мен революцияны кейде шатастыратын жағдайға келіп жүрміз. Осы реттен қарағанда, әкімдерді сайлай салу және ұсынылып отырған ЖӨМ құрылымын енгізе салу елді демократияландыру саясатынан гөрі, большевиктік революцияның бір нұсқасы болып табылатындығын ескеруіміз керек. Большевиктік революцияның мәні сол – одан қаншалықты пайда мен зиян бар деген басты сауалға жауап алдын ала ізделместен, революциялық қадамды көз жұмып жүріп істелуінде! Осы ұстаным бойынша, ЖӨМ–нің ресми жобасын енгізе салып, әкімдерді сол әкімнің араласуымен тағы да «сайлай» салғаннан кім не ұтады? Ешкім де! Әсіресе, халық жалған ЖӨМ–нен жүндей түтіледі, «сайланып» тағайындалған әкімшелер бұрынғы қалпынан да жұрдай болады.Ал, билік халық алдындағы абыройсыздануын үстемелей түседі. Сондықтан да Қазақстан жағдайында елдің төменгі деңгейіндегі билікті халық мен мемлекет тең бөліскені дұрыс. Айталық, ауыл мәслихаты мен әкімі (бәлкім, оны «төре» деп атауға болар) ЖӨМ–нің құрылымы болуға лайық, барлық құрамтасы бар: аумағы, жұрты, әлеуметтік әлеуеті мен мүлкі. Алайда, заң жүзінде әкім мен оның хатшысы мемлекеттік қызметкер болу арқылы мемлекеттің жергілікті басқарымға сәйкес ішінара міндеттерін (азаматтық хал актлерін, төтенше жағдайлар мен мемлекеттік мекемелер қызметін үйлестіру) атқаруға заң жүзінде міндеттелінуі мүмкін. Сонда ауыл әкімі аудан әкімінің қол баласы емес, ауыл мүддесін басты қорғаушы әрі мемлекеттің ауылдағы басты тұлғасы болып табылмақ. Бұл құрылым әлгі бір біріне жауыққан жасанды құрылымдардың туындауына жол бермейді, барымызды нығайтуға мүмкіндік туғызады. Ал, бұл мәселені қалалық мекендерде бірнеше маңайлар (городские районы) мен микроаудандарды біріктірген аумақтық ЖӨМ–дерді енгізу арқылы шешуге болады. Сонда ЖӨМ төресін мәслихат сайлайды, ал мәслихатты жергілікті жұрт сайлайтын болады. Бұл бәлкім, өтпелі кезең үшін және ЖӨМ–нің толық қалыптасуына қажетті құрылым болуы ғажап емес, тіпті, сол күйінде орнығып қалуы да мүмкін. Мұндай ЖӨМ–ді орнықтыруда қолға алынып отырған әкімдерді жаппай сайлауды кейінге қалдыруға болады. Өйткені, бұл сала да реформалауға жатқызылуы тиіс маңызды жайттарды туғызып отыр.Ол жайында реті келгенде бөлек сөз қылармыз.

P.S. Бұл идеяны қазырғы кезде жаңа дей алмаймыз, өйткені, Үкіметтің жобасында да жергілікті басқарымды ЖӨМ-ге айналдыру жобасы пайда бола бастады. Алайда, біздің бұл жобамыз бұдан бірнеше ай бұрын веб-сайттарға жарияланып кеткені рас. Сонымен, мемлекетіміздің әкімшілік бөлінісінің ең төменгі сатысы үшін халық пен мемлекеттің біртұтас екендігін әйгілейтін және соны нығайтатын құрылымның қажеттігінен осындай ЖӨМ сияғы ұсынылып отыр.

ДҮНИЕЖҮЗІ ҚАЗАҚТАРЫН БАУЫРЛАСТЫРУ

Мәселеге кірісу

2006 жылы елге оралушылар көшінің алғашқы легін бастаған моңғолиялық қазақтардың тұңғыш аяқ басқанына 15 жыл толды. Әлемдегі үш қазақтың бірін Қазақстанға келтіру саясатының да басталғанына осынша мерзім өтіпті. Алайда, шетелдегі қандастарымыздың үштен бірінің әзірге 10%-ын да келтіре алмай отырғанымыз рас. Егер де мемлекетін 700 мыңдық санмен құрып бастаған Израил еврейлерінің саны 50 жылда 5 миллионға көбейгенін ескерсек, біздің қазырғы қарқынымыздың төмен екеніне көз жетеді. Өйткені, 1949 жылдан бері соғысып келе жатқан израилдық ебірейлер 10 жыл сайын бір миллионға артса, біз сол межені игере алмай келеміз. 15 жыл ішінде шеттегі қазақтардың бар болғаны 565 767-сі келтірілген. Бұл мәселедегі бір гәп – шетелдік қазақтарды отандастырудың (репатриация) әлі де жүйелек қажеттігінде.


Отандастырудағы атау мәселесі

Кез келген істің нәтижесі оның басына байланысты, ал істің басы оның атауынан тікелей көрініс береді; біз шетелдік қандастарымызды отандастыруды оларды «оралман» атаумен бастадық. Әрине, кез келген үдеріс белгілі бір терминмен атқарылатыны рас, сондықтан тілімізге жат «репатриант» сөзін қазақшалауға талпынғанымыз да дұрыс. Алайда, тіл заңдылығын бұзып, туындатқан терминнің қандай құны қалмақ? Әдетте қазақ тіліндегі «ман», «мен» жұрнақтарының оқыр, көрер, шабар түріндегі етістіктерге жалғану арқылы (оқырман, көрермен, шабарман) жаңа сөз жасалады, ал, «оралман» бұйрық райлы «орал» етістігіне жалғанып, тілдің сөзжасам әлеуетін бұрмалап тұрғаны өз алдына, бұйрық райлы етістікке «ман» журнағы тіркелу арқылы кері мағыналы бірінші жақты етістік аламыз: оралман – «оралмаймын» (сол секілді «барман», «келмен», «жүрмен» деген ауызекі тілдегі диалектілік сөз сияқтары) дегенді білдіреді. Қазақ тілінде мұндай сөзжасам үлгісі жоқ, сондықтан да бұл термин шетелдік қазақтарды мұқатқандай қабылдануы заңды. Ал, тілдің өз заңдылығын сақ, «оралар» етістігіне «манды» жалғау арқылы шұбалыңқы «ораларман» сөзі туады да, ол да сіңісе қоймас еді.
Ресейдің бұрынғы КСРО аумағындағы орыстарды «отандасымыз» деудің арғы жағында жаңа тәуелсіз елдерді бұрынғы Ресейдің қарамағында болғандығына меңзеу жатыр және бұған орыстардың моральдық әрі тарихи құқы да бар. Ал біз Қытайдағы болмаса Моңғолиядағы қазақтарды «отандас» дей алмаймыз, өйткені, ол елдер біз үшін отан емес, әруақытта шетелдер болып табылады, ал ондағы қазақтар бізге бауырлас, қандас қана. Демек, шетте қалған бауырларымызды ресми түрде «БАУЫРЛАС» (орыс және шетел тілдеріне «баурлас» түрінде транслитерациялау керек) атаудың реті бар, бұл салада тағы да ресейге еліктеудің қажеті жоқ.


Мәселенің тұжырымы

Енді мәселенің тұжырымдамасына келейік. Шетелдік қазақтардың мүддесі мен Қазақстанның өз алдына тәуелсіз мемлекет ретіндегі саясаты жымдастыра жүргізілмегендіктен, кей жағдайда аталмыш үдеріске ішкі қазақтар (мұндағы «ішкі» және «сыртқы» ұғымсөздері ежелгі қыпшақы терминдер, мысалы «Дешті қыпшақ» – «тысқы қыпшақты» білдірген) тарапынан алакөздік пайда бола бастады. Өздері әлеуметтік жағынан мәселелері шешілмеген ішкі қазақтар сыртқылардың келуіне деген кейбір наразылық көрініс беріп жүр. Бұл жағдай бір қызығы өз жеріне талай жұртты жинағанда «қыңқ» демеген қазақтың бойынан табылуда. Демек, аталмыш саладағы мемлекеттік саясатты өзгерту керек деген сөз. Ал, әрі араптармен соғысып, әрі шеткі ебрейлерді қабылдап жатқан Израил халқына неге мұндай жатырқау тән емес? Мәселе – аталмыш процестің бүге-шүгесіне дейін есептелген сауатты идеология жүргізуде болып тұр.
Қазақстанның шеткі қазақтарды қабылдаудағы ісінде не жетпеуде, ең бастысы - тиянақты тұжырымға негізделген жүйе жоқ! Қазақстандағы бұл сала бойынша қабылданған басты шара шетелден келетін қазақ жанұяларына бірмәртелік жәрдемақы мен баспана сатып алуға квотамен бөлінетін жеткіліксіз қаржы. Мұның өзі жемқорлықтың нысанына айналып кеткені өз алдына. Бір қызығы, бауырластардың біреуі квотаны елге келгесін алып жатады, біреулері алуына көзі жетіп барып келіп жатады, енді бірі алады да, кері қайтады. Аталмыш жұмыс барысында кім, қайдан, қашан және қанша адам (жанұя) келуі керек деген қым – қыйғаш сұрақтар жоспарлы да дәйекті түрде тиянақты қолға алынбаған. Сондықтан да тарихи отанына зарығып жеткен шетел қазақтары келген бойдан талай азаптың қамытын киіп шыға келуде.

Не істелуі керек еді?

Шеткі қазақтарды келтіру мәселесінде мемлекеттік демографиялық және сыртқы саясаттың бір бөлігі ретінде отандастыру тұжырымдамасы жасалуы қажет. Басқаша айтқанда, оралатын қазақтар Қазақстанның сыртқы саясатының көрінісі және демографиялық саясаттың бір бөлігі ретінде жүзеге асуы тиіс. Демек, тәуелсіз Қазақстанның сырттағы қазақтардың ахуалы жөнінде жүргізетін алуан сыйпатты жұмысы жолға қойылуы керек. Әзірге бұл салада тек қана қай мемлекетте шамамен қанша қазақ бар деген санамалық саясат қана жүруде. Тіпті, шеткі қазақтың Қазақстан елшісіне қаймықпай жолығатындай шамасы бар дей алмаймыз, себебі, шетелдегі қазақ елшіліктерінде мемлекеттік тілді білетіндер енді ғана қолға алына бастағаны тағы жасырын емес. Оның үстіне кейбір қазақтар тұратын елдерде консулдық қызметтер шалғай орналсқан немесе жеткіліксіз. Бұл саладағы мәселені толық қолға алу үшін СІМ жанынан арнайы бауырластыру орталығы құрылуы керек. Бұл орталық шеткі қазақтардың этностық, әлеуметтік және құқықтық ахуалына тұрақты монторинг жасап отыратындай және бауырластарды елге қайтарудың алғышартын жасақтайтындай мемлекеттік қауқар болар еді. Сонда шеттегі қазақтардың елге бейберекет беттеуі болмас. Сонда шетелде жүрген бауырластарымыз алдын ала қазақша жазу-сызуды үйреніп, Қазақстандағы өмірге алдын ала бейімделу курсынан шетелде-ақ өткен болар ма еді?! Бәлкім, сонда шетелдік қазақтарға арналған веб-портал мен жерсеріктік (спутниктік) телеарна құрылып, олардың шетелдерде жұтылуына алаңдамас едік?!

Мәселенің ауқымы

Оралман куәлігін алған қазақтар ішкі әлеуметтік кейбір жеңілдіктерге ие болғанымен, құқықтық қауқарсыздыққа душар болып аңтарылуда. Мәселен, оралмандар жергілікті ортаға бейімделуден өтпегендіктен, өмірге қажетті әлеуетке қол жеткізбегендіктен, Қазақстанның қауқарсыз тұрғындарының санын көбейтіп қана қоймай, кім болса соған көзтүрткіге айналуда және ұлы Отанға келгендегі аңсарлары іске аспай, өздері екінші сұрыпты адамдар тобы мен әлеуметтік әлжуаздар қатарын молайтуда. Барған сайын бұл топтың сан мен сапа жағынан қарамы толыға түсуде. Алдын алмаса, аталмыш топ қоғамдық ортадағы өз сөзін айтарлық әлеуеметтік топқа айналуы ғажап емес. Бұл мәселелерді шешуге тиісті мемлекеттік құрылым болып табылатын Миграция («көші-қон» термині де үдеріске сәйкес емес) жөніндегі комитет ең болмағанда келген шетелдік қазақтарды өз бетімен арыз жазуға үйрететіндей жұмысты қоғамдық ұйымдарды тарту арқылы да ұйымдастырғаны жөн болар еді. Жыл сайын бюджетке белгілі бір қаржы енгізіп, әлеуметтік тапсырыс арқылы қоғамдық ұйымдарға конкурспен үлестіріп, аталмыш мәселелерді шешудегі шаруа тындыру әзірге іске аспай отыр. Сайып келгенде демографиялық мәселені шеткі қазақтардың есебінен шешуге кіріскен Қазақстан өз ішінде салғырт саясаттың кесірінен тағы бір әлеуметтік-демографиялық мәселені туындатып отырғаны анық. Бұл мәселені шешуге сәйкес құзырлы құрылым құру керек.

Не істеу керек?

Сонымен, шеткі қандастарды отандастырудың қандай жолы бұл мәселені тиянақты етпек? Бұл сауал тағы да дәйекті саясат жүргізуді талап етеді. Дәлірек айтсақ, отандастыру саясаты, шеткі қазақтарды елге кемінде 3 салалы бағдарлама бойынша келтіру жолымен жүзеге асырылғаны жөн.

1. Шетел қазақ жастарын Қазақстанда оқыту бағдарламасы. Бұл іс елдің Жоғарғы оқу мекемелерінде (ЖОМ) және орта-арнаулы оқу мекемелерінде күндізгі, сондай-ақ дистанциялық оқыту жүйесі арқылы білім берумен жүзеге асыруға болар еді. Аталмыш бағдарламаны тегін де, ақылы жолмен де жүзеге асатындай мүмкіндігі болуы керек. Әсіресе, ендігі білім беру саясатының бір саласы боларлық ортаңғы-техникалық білім беру шетелдік фирмаларда жұмыс істеуге тілдік мүмкіндігі бар, шеткі қазақ жастарын келтіруді өзі сұрайтындай. Айталық, тіл мен ділді меңгерген қытайлық қазақтар тұрғанда Қытайға қазақстандық қазақтарды көптеп оқытудың сонша тиімділігі болмас. Сондай-ақ, ебропалық фирмаларға сол жақтың дайын қазақтарының бір бөлігін орналастыру да осы саладағы қызмет емес пе?
Бұл мәселеде, әрине, Қазақстан азаматтығын алуға даяр болса, белгілі бір квотаны шетелдік қазақ жастарына да бөлген дұрыс болар. Қысқасы, мұндай бағдарламамен шетелдегі ассимиляцияға ұшырауға бет бұрған қазақтарды отанға тартудың бұл бір жолы және елдің еңбек ресурсы мәселесін шешудің де бір факторы болар деген ойдамыз. Шетелдік қазақ жастарын Қазақстанға оқыту мен жұмысқа орналастыру арқылы жыл сайын кемінде елу мың бауырымызды тартуға болады. Мұның ішіндегі қомақты үлес орта техникалық мамандарға тиесілі болары сөзсіз. Сондай-ақ, Қазақстанның білім ордаларымен бірге «Болашақ» бағдарламасы аясында шеткі қазақ жастарының шетелдегі ЖОМдарда (жоғарғы оқу мекемелері) оқу мүмкіндігін де қарайтын уақыт жетті.

2. Сыртқы интеллектуалдық қазақтар әлеуетін тарту бағдарламасы. Бұл көзқарасқа түрлі салалар бойынша шетелдегі ғылым докторлары мен аспиранттар, басқа да мамандардың көзін сүзіп отырғаны рас. Селдіреген ғылыми техникалық мамандар қатарын осы бағдарлама арқылы қайта толтырудың реті бар. Бұл топқа келешегі зор өнерпаздар мен спортшыларды да қосуға болады.

3. Шетелдердегі құқықтық-әлеуметтік осалданғандарды келтіру бағдарламасы. Бұл бағдарлама Ауғанстан секілді саяси-экономикалық тұрақсыздыққа ұшырап отырған елдердегі қандастарымызға арналған. ТМД аумағында бұған Өзбекстан мен Түрікпенстанда осындай ахуал қалыптасқан. Алайда, мұндай елдерге сәйкес мәртебені СІМ (сыртқы істер министрлігі) өзінің сараптамасы арқылы беріп отыруы қажет. Ол үшін елдестеріміз орналасқан шетелдердің саяси-әлеуметтік жағына мониторинг жасау арқылы, олардан елге келтіретін қандастарымыздың санын анықтап, оларға квота белгілеу керек. Бұл топқа квотаны қаржымен белгілеуді доғарып, ауылдық жерлерден (солтұстық, орталық және шығыс аймақтардан) тұрғын үй салуға жер бөліп, ол жерлерде болашақ ауылдық коммуникация жасақталғаны жөн.
Ал, отанға келуге ниет білдірген отбасыларды үймен қамту мүмкін емес, оларға бір жылдың ішінде үй салып алуға ауылдық және шағын қалалық аймақтардан, әсіресе, теміржол мен тасжол маңынан жер бөлу керек. Бұл жерде жерді сатуға тыйым сала отырып, ол жерге шетелдік бауырлардың мейлінше орнығуына мәжбүр ету саясаты көзделмек, өйткені, алған жерлерін сауданың нысанына айналдырған қандастарымыз тағы да аш-жалаңаштардың қатарын көбейтіп шыға келері анық және о бастан сондай пыйғылды көздеп келушілердің де саны артатыны белгілі. Мұндай шара жаңадан салынып жатқан жол бойы мен жұрты селдіреген солтұстық және шығыс аймақтарға аса қажет. Әсіресе, мұндай жағдай орталықтан шалғай аудандардың ішкі тұрғындарына да бірге жасалуы тиіс.
Қысқасы, сыртқы және ішкі миграциялық үдеріс бірыңғай түрде шешілетін мемлекеттік саясат қажет-ақ. Алайда, жер ғана бөлу жеткіліксіз, ол маңдарға әлеуметтік ошақтар салынып, оған орналасатын қазақстандықтар мен бауырластарды пайызсыз несиеге құрылыс материалдарын жеткізіп беру мәселесі шешілуі керек. Сөйтіп, бауырластар мен келешексіз ауылдардың проблемалары біртұтас түрде шешілуі, сол арқылы болашақ Қазақстан ауылының үлгілері дүниеге келгені жөн, сөйтіп, ішкі және тысқы қазақтардың өз ара қарым-қатынасын кешенді түрде қолға алу іске асқаны мақұл әрі ішкі және сыртқы миграция мәселесі бір бірімен қабыса шешілуі керек.
Бауырластарды отанға тартуда олардың ең әуелі қай бөлігін тартамыз деген мәселеге де саяси деңгейде жауап іздегеніміз мақұл. Мәселен, шетелдегі қазақ жанұяларын тартқаннан гөрі олардың жастарын жұмысқа және бизнеске тарту арқылы біз бұл саладағы мәселені оңай шешеміз. Сонда шетелден берекетсіз келген қазақ жанұяларына баспана мәселесін шешкеннен гөрі олардың жастарына жатақхана мен оқу, жұмыс мәселелерін шешу Қазақстан үшін де қолайлы әрі пайдалы және бұл көп қазаққа бұйыратын, сондай-ақ жемқорлыққа ұрынуы аз шара болмақ. Сонымен бірге әрбір жанұядан Қазақстанға келген жас қандасымыз өзі орнығып алғасын, өз әулетін Отанға тартудың да жолдарына алғышарт жасайтын болады. Бұл шеткі қазақтардың мемлекет дамуына қол ұшын берудің бір түрі.

Кейбір қосымша шаралар

Бауырластыру саясатын жүргізумен бірге, бұдан басқа шетелдік қазақтарды шетелдерде жұтылу қаупінен құтқару бағдарламасы жүзеге асқаны жөн. Оған сол елдерде оқу орындары мен түрлі мәдени-рухани орталықтарды құру ісі жатары түсінікті. Бұлар елдестерімізге отанға оралудың алғышартын да жасайды.
Жалпы, аталмыш саланы жолға қою үшін, Израилдегідей өз алдына министрлік құрмасақ та, арнайы Бауырластыру комитетін жасақтамай, мұндай келелі істі атқару мүмкін емес. Қысқасы, шетелдік қазақтарды отандастыру ұлттық идеяның бір парасы болғанда ғана, бұл мәселе жартыкеш сыйпатты науқан болудан мемлекеттік абыройлы шаруаға айналмақ. Жүйелі түрде жүргізілген мұндай саясаттың арқасында елге жылына кемінде үш жүз мың елдестерімізді оралтуға болады. Бұл сан біреулерді шошытуы мүмкін, алайда, оны жүзеге асыру жүйелі әрекетпен соншалықты күрделі еместігі аян. Оның үстіне шет қазақтардың бұл құрамы мойынға түсетіндер емес, 70-80 пайызы жас буын болмақ. Ал, бұл демографиялық әлеует ұлттық мүддемізді былай қойғанда, ең алдымен экономикасы қарыштап келе жатқан Қазақстанға қажет.

P.S. Аталмыш тұжырымдаманы дүниежүзіндегі қазақтарға жолдай отырып, мұны одан әрі жетілдіруге атсалысуға шақырамын. Келесі сатыда бұл мемлекеттік тұжырымдама ретінде қабылдануына жұмыстану өз алдына мәселе.

ҮНДЕУ

ҚР Премьер-министрі
К.Қ.Мәсімовке
Астана, Алматы және барлық облыс әкімдеріне




Қазақстан – тарихи, саяси және демографиялық жағынан ислам елі болып табылады. Бұл жағдай оның халқының көпдінді болуына ешбір кедергі болып келген жоқ. Алайда, 12 миллионға тарта мұсылман азаматтары бола тұрып, елімізде ислам дінін тұтынушылардың қалаулы адал ас ішуге бағытталған «халал» нормалары орындалмағандықтан, мұсылмандардың қарапайым құқықтары аяқасты болуда. Дүкендер мен базарларда, азық қоймалары мен қасапханаларда, кәсіпорындарда мұсылмандар тұтынатын азық түрлері олардың дәстүріне сай емес нәрселермен және азықтармен аралас сақталады және сатылады.
Біздің осы үндеуді жасауымызға, аталмыш жайтқа араласуымызды өтінген мұсмылман қауымдарының бұл талабы орынды деп есептейміз. Мұндай талаптар бәсекеге қабылетті барлық елдерде сақталған және адам құқығының орындалу көрінісі ретінде қалыптасқан. Оның үстіне туризм саласынан айтарлықтай табыс табуды жоспарлап отырған еліміздің осындай қарапайым жағдайларды жасауды ойластыруы бүгінгі өркениеттілікке сәйкес шара болып мойындалуы тиіс. Сізге аталмыш жайтты баяндай отырып, елдегі осы сала бойынша қалыптасқан жағдайдың оңды шешілуіне сәйкес шешім қабылдануын сұраймыз.

«ДемОрда» клубы

АУЫЛ ҚАДЫРЫ ҚАЛАЙ ҚАШТЫ?

Ауылға Қазақстандағы адамдар өз діліне байланысты әр түрлі көзқараспен қарау арқылы оның мәселесін де соған сәйкес шешуге ұмтылып келеді. Осыған орай ел саясаты кімнің қолында болса (орыстілдінің бе, қазақтілдінің бе), соған орай ауыл проблемасына қатысты шешім қабылданып келе жатқандығы рас. Бірақ бұл – егемен Қазақстан кезеңіне тиесілі уәж. Ал, кеңес билігі тұсында қазақ ауылының мәселесі қазақ таңданарлықтай шешілді. Ол екі сатыдан тұрды:
- көшпелі қазақ ауылын аштық арқылы жойып, ұжымдастыру арқылы отырықтандыру;
- құлданған ауылды аграрлы индустрияға айналдыру.
Кеңес өкіметінің қоссатылы бұл саясаты өте шеберлікпен жүзеге асты. Алғашқы кезеңде көшпелі халқының қырық пайызы өткен ғасырдың 20-30 жылдарын қамтыған ашаршылық арқылы және қуғын-сүргін нәубетімен элитасы жойылған қазақ ауылы өзінің етенелік (этникалық) келбетінен жұрдай болумен алғышарты жасалу арқылы ұжымдастыру (колхоздастыру) науқанына толық «әзір» болған еді. Осылайша, қазақтың енапат даласы болашақ кеңес шаруашылығының полигонына «үкімет пен партиядан» бата алып, колхоз-совхоз құруға жарыса кірісті.
Әрине, бұл шаруашылықты қазақтың өзіне тән шаруа түрлерімен салыстыруға мүлде болмайды. Жаңа қоғам өзіне қажет шаруашылық пен ауыл адамын жасақтауын ешкім де қисынсыз дей алмас еді. Нәтижесінде бұрынғы аштан қырылған және қудаланған қазақтың жаңа ұрпағы өртеңге шыққан өлеңшөптей кеңестік өкіметтің ауылдық жаңа қоғамын жасақтайтын шикізат болды да шықты.
Большевиктер билігі қазақ ауылын аштықпен сиретсе, соңғы саясаттың нәтижесінде ауыл тұрғындары қалаға тентіреп сиреді. Мұны кейбір саясатшыларымыз жағымды урбанизациялау үрдісіне балауда. Бірақ кез келген процестің жасанды жолмен жүруі ойдағыдай нәтиже бермесі анық. Қазырғы кезде қай ұлт қаланы басса, елді де сол билейді деген тұжырымның қаншалықты шындық екенін саралау бөлек мәселе.
Дегенмен, қызыл өкімет тұсында Қазақстанда мал өсіру мен аграрлық бағыттағы ауыл шаруашылығының іргетасы қаланып, ол колхоз-совхоз түрінде іргесін жайды, осылайша қазақ ауылында орнықты шаруашылықтар бой көтерді. Мал шаруашылығы (аграрлық саланы айтпағанда) экстенсивті болса да, оның индустриясы қалыптасты, совхоздардың арқасында ауылда өндіріс пен қазақ жұмысшылары пайда болды. Сонымен бірге сол кезге тән Қазақстанның ауылдық инфрақұрылымы жасақталды.
Көңіл қуантарлығы сол, ауыл адамы рухани жағынан кеңестік жүйенің құлақкесті құлы болса да, провинциялық толыққанды төменгі биліктің бояуы қанық болды. Әрбір ауыл төңірегі шаруашылық жағынан совхозбен не колхозбен қамтылып, үкіметтің ең төменгі буыны ретінде ауылдық кеңес өз міндетін атқарып, рухани-саяси жағынан парторг бақылады. Сөйтіп, кеңшар директоры – аукеңтөр – парторг үштігі ауыл өмірінің толық тіршілігін қамтамасыз етті. Бұл ауылдық әкімшілік жүйенің со заманның кәдесіне молынан жараған саяси жүйе екеніне қазыр ешкім де шәк келтіре алмайды. Мұны айтып отырғандағы мақсатымыз, кәзіргі ауылдың өз дәуіріне сәйкес билік жүйесінің жоқтығын аңғарту. Қазыр бір ауылда бір әкімнен: ауылдың қожасы да, молдасы да сол. Оның қолында не қаржы, не құзыр жоқ – итаршы ғана. Кеңес заманындағы дәуірлеген шаруашылықтардың ыдыраған орнына жеке шаруаларды туындатудың соңын саралап, әлгі біртұтас жүйенің ыдырау салдарын мемлекет тарапынан ешкім де талдаған емес. Бүгінгі парадокс сол – шаруашылығы күйзелген ауылдың шаруасын басқаруға мүйізі қарағайдай Ауыл шаруашылығы министрлігінің бар екендігі, бірақ құрыған кеңес өкіметі ғұрлы нәтиженің жоқтығы.
Бәлкім, бір кездері сағатша тірлік еткен кеңшар-ұжымшарларды қиратпай-ақ, оларды бар болғаны бөлімшелер деңгейінде ғана жіліктеп, ұжымдық шаруашылық етіп, ортақ техникалық мүмкіндікті (МТС) ауыл әкімшілігінің құзырына бергенде, ауыл келбеті кәзіргідей күйзеліп, жұрт тентіремес пе еді?! Енді бұрынғы ортақ (мемлекеттік деп атамай-ақ) игілік талан-таражға түскені өз алдына, оның орнына ештеңе жасақталмаған кәзіргі ауыл проблемалар ордасына айналып отыр.
Қазырғы қазақ ауылы төменгі билігімен де, рухани қуатымен де, шаруасымен де кеңестік кезеңінен еңсесі түсіңкі. Бұған басты себеп - ауылдың дамуына кеңес кезіндегідей міндет жүктеліп, миссиясы белгіленген нақты тұжырымдама жасалмағандықтан және оның жүйесінің ойластырылмағандығынан.
Біздің ойымызша, шаруасы күйлене қоймаған ауылға Ауыл шаруашылық министрлігі емес, оның келбетін заманға толық сәйкестендіре қалыптастыратын Ауыл министрлігі қажет. Өйткені, ауылды бүгінде кешенді түрде дамытатындай мемлекеттік құрылым жетіспейді. Бұл министрлік сонда ғана ауылға шаруашылық көзі деп қарамай, ауыл - ең әуелі елдің демографиялық көзі, мемлекеттің іргесі және саяси-әкімшілік жүйенің байсалды буыны деп қарап, ауылдың елдегі қадыры шын мәнінде артар еді. Сонда ғана қазырғы Ауыл шаруашылық министрлігі арқылы там-тұмдап әрі ағып-тамып, бай-манаптарға жұғым болып жатқан қаражат өз қажетіне жұмсалып, нәтижесін берер еді, ауыл келбетін көріктеуге сеп болар еді. Ол үшін ауылға деген тиісті мемлекеттік саяси тұжырым мен ерікті көзқарас керек. Елдің іргесінің сөгілмеуін көксейтін аңсар мен азаматтық қажет... Егемен Қазақстан Кеңес империясы жасақтаған ауыл қирандысының орнына өз ауылының шаңырағын көтеруді шаруашылық деп қана емес, демографиялық ошақ және мемлекеттік бірлік ретінде қарағаны нұр үстіне нұр болар.