среда, 26 сентября 2007 г.

ҚАСҚЫРЛАР ХИКАЯСЫ



Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ

ЖУАС ҚАСҚЫР

Бұл да бір заман еді-ау. Кеңес үкіметі төңкеріліп түсіп «ай, дейтін әке, қой, дейтін қожа жоқ» дүниенің астаң-кестеңі шығып жатқан кез. Сонау 93-тің тақырланған тауық жылы -¬ тұғын. Қараша айының соңғы парақтары қырқылып, сүреңсіз желтоқсанның сұрғылт бұлты қоюланып, әне-міне терістен орай соғатын сырғыма ақ боран басталатын сыңайда, аспанның толғағы ауырлап, еңсені көңілсіз зіл басқан күндердің бірі еді. Жиегі қырқылып ақтазданған, әрі ыстанып, түтін иісі сіңген түлкі тымағын милықтата киіп, Кәдең шал сыртқа шықты. Желді күнгі көлдің толқынындай қатпар-қатпар әжімін тыржитып аспанға қарады.
- Япырмай, мына күнінің ашылатын түрі жоқ. Қосындағы балалар не болып жатыр екен, - деп, совхоздың жылқысы қыстайтын қүрең адыр жаққа қарап ұзақ тұрды.
Заман осылай құбылады деп кім ойлаған. Көрген түс сияқты өтіп жатқан өмір. Кәдең жыл жарым бұрын екі отауын жетелеп, әулеттің қарашаңырағын бастап, атамекеніне сонау Алтайдың арғы бетінен көшіп келген. Алғашында совхоздың бір отар саулық қойын бақты. Жаз жайлауға шықты. Қобданың боз талынан иіп жасаған, уығының қары боз баланың білегіндей алты қанат ақ үйін Жетімтөбенің бауырына тікті. Сарысудың кебер арнасын жағалай қонған шопандар Кәдеңді ерулікке шақырып мәре-сәре, жаз да өтті.
Қыркүйектің аяғында күзеулікке келіп қонды. Құдайға шүкір, малдың бабын бір кісідей біледі, саулықтарының күйі жақсы. Бірақ бір түсінбейтіні осы қойлар мал сияқты дүркіреп тұрып, өмірі бір үрікпейді. Айдалада тоқтап тұрған жүк көлігін көрсе болды, солай қарай маңырай шұбырады-ай келіп. Сөйсе, ала қыстай машинамен жем шашып, жаман үйреткендіктен, мал екеш, мал да жанын қинамай жейтін тегін тамақты аңсап, мотордың үнін естісе «азанның» дауысын естіген сопылар сияқты елеңдеп тұрады екен. Ештемеден үркіп, қорықпайды. Қазақстанның қойы осындай жуас болады деп кім ойлаған. Мал емес, жаңа тұрпаттағы адамзатқа әлі белгісіз хайуан сияқты. Кадең осының құпиясын таппай басы қатып жүр.
Әнеугүні жайылымға шығуға жарамай ауылдың шетінде қалған төрт-бес басқа тапа-тал түсте қасқыр шапты. Қыста туған бөлтірік екен. Ақсақ қоңыр тоқтыны алқымдап апарып, жалғыз тартып жұқа шабын жарды да, ішек-қарнын ақтарып жей бастады. Мына құдіретті қараңыз, қасындағы басқа қойлар түк болмағандай пысқырып қойып, қасқырды айналып жайылып жүр. Шабдар бестісін омыраулатып шауып келе жатқан Кәдең мына қызыққа қарап тұрып қалды. «Е, бәсе!»- деді, - бұл мал емес екен ғой. Көкірегіне біреу ине шаншып алғандай ашып кетті. Күйінгеннен болар «Аһ!» деп бір ақырып жіберіп, атының басын кері бұрып жүре берді. Айналып артына қараса, жетім қара қозы бөлтіріктің құйрығын иіскеп тұр екен.
Кәдең күні-түні ойланумен болды. Бұл не сұмдық!!!
Содан бір күні зоотехник Дәукен келді. «Ертең қыстауға көшіңіз, совхоздан адамдар келіп, қой шағылыстырады»-деді. Түсінікті, қазан айы орталап қалды «күйек алатын» болғаны ғой. Ертеңінде қыстаққа қошқар емес шала масаң, рең-басы қураған кәрі теректің қабығы түстес үш еркек келді. Содан зоотехник айтқан қой шағылыстыру науқаны басталды.
Кәдең сонда барып: «Е, енді білдім, барлық пәле осында екен-ау»-деді. Табиғат жаратқан малды қолмен ұрықтандырып, жасанды хайуанға айналдырып жіберген. Бақандай жиырма жыл осылай істеген. Көріңде өкіргір Кеңес үкіметі. Басқасы – басқа қойдың қасқырды танымауы деген нағыз сұмдық емес пе. Осы малдың етін жеген адам да кімнің дос, кімнің жау екенін ажыратпайтын меңдуана мәңгүртке айналмай қайтеді. Мына қойдың етін жеген әлгі қасқырдың өзі көкбөрі атынан айырылып, қотанның жуас «ит-құсына» айналатын шығар...
Сол күннің ертеңінде Кәдең бір отар саулықты өткізіп беріп, екі баласымен бірге жылқы бағуға шықты. Бүйтіп қор болған қой баққанша Қамбар-атаның түлігін қайырайын.

***

Кәдең жабағы бұлт байланған аспанға тағы қарады. Мына күннің райы жаман, қатты боран болатын түрі бар, балаларға бас-көз болып сол жаққа барғаны жөн шығар. Арба торыға ер салып, жылқышылар қос тіккен Көкөзекке қарай беттеді. Алыстан байқап келеді екі атты адам қүрең қырқаны кесіп өтіп, ылдиға қарай ағызып барады. Бірдеменің артынан түсіп тақымдап қуып жүрген секілді. Әне-міне дегенше әлгілер шаң боратып қайтадан өрлей шапты. Қым-қиғаш, қиқулап шапқан екі адам ескі зиратты айнала беріп, опыр-топыр болды. Алыстан анық байқалмайды атты адамдар бірдемені ұстап алып, байлап-матап күйбіңдеп жатыр, әйтеу.
Арада сүт пісірімдей уақыт өткенде Кәдеңде келіп жетті. Қызықты қараңыз екі ұлы арлан қасқырды ұстап алыпты да, ауызына қамшының сабын көлденең тістетіп, тұмылдырықтап байлап тастаған, жетектеп жүр. Оқиға былай болыпты. Жылқыға қасқыр шапқан. Оны көрген екі ұл жаратып дайындап отырған жүйрік аттарына мініп алып, қуып берген. Кішісі қасқырға жақындап келіп, құрулы қайыс арқанды тастап жібергенде, Алла сәтін салып қыл мойыннан іліне кеткен. Қасқырды жарты шақырымдай сүйретіп әбден есінен танғанда аттан түсе қалып байлап алған. Қасқырдың жүні жығылып, сүйретіліп әзер тұр. Кәдуілгі ит сияқты жетектеп еді, жүріп кетті.
«Е, осылай боларын білгем»- деді Кәдең: бұл елдің қасқыры да жуасып қалған. Бұның бәрі «жынды» қойдың етін жеген ...

***

Арқан тастап даладан қасқыр ұстаған осы оқиға туралы облыстық «Семей таңы» газетінде қысқаша хабар жарияланды. Оқыған ағайындар болса есіне түсіре жатар. Ал, қолмен қасқыр ұстаған азамат Қарағанды мен Астана арасындағы «Тұзды» теміржол бекетінде аман-есен еңбек етіп жүріп жатыр.



ОРАЛМАН - ҚАСҚЫР

Өткенде туған ауылыма барып қайттым. Бізге жамағайын, рулас апамызға үйленген, әрі көп жыл көрші отырған Саяси атты жездеміз бар. Мен барғанның ертеңінде сол жетті. Құдай өзіне мал мен басты берген. Бес ұлы бес отау. Әр қайсысында 500-1000 бас ұсақ малы бар. Бір-бір қыстақты иемденіп алып, шалқып жатыр. Бұл жақ ондай өмірді «Абай жолы» романынын талай оқыған. Шіркін, қазақтың иісі мұрнына бармайтын, қалада өскен «кісі киік» бейбақтарды осында апарып, Саяси жездемнің қолына бір ай ұстатқанда ғой, қыбын қандырып, ұрмай-соқпай орта ғасырдың қазағын жасап шығарар еді. Ол Сәкеңнің қолынан келеді.
Сәкең жездейдің келе жатқанының өзі сұмдық. Апырып-жапырып сөйлеген сөзі жарты шақырым жерден естіледі. «Қайда, әлгі Қазақстаннан келген неме, өзі қазақша біле ме, екен. Орыс болып кетпесе, мені келіп аттан түсірсін...» - деп, шірейді. Аттан түсіріп алайын, деп жетіп барсаңыз «Іздірасти» деп қамшымен жон арқаны көздеп тартып жібереді. Онымен қоймай «Атаңның қамшысын сағынған шығарсың, ырым жасағаным ғой» -деп, шалқақтайды-ау.
Содан Сәкең сөйлейді ғой... «Е, Қазақстанда жер көктеді ме? Патшаларың аман-есен бе? Мұнда ет жеп, тойынайын деп келдің бе?...». Жауап беріп үлгермейсің. Жауап беріпте қажеті жоқ. Бас изеп қойсаң Сәкеңе сол қанағат. Тиегі ағытылған тоғанның суындай сылдырап отырған жездеміздің анда-санда құйрығына оқ тиген тау құлжасы секілді танауы сәңірейіп, отырған орнынан тақымын көтеріп, оқшырайып тұрып қарайтын әдеті бар еді. Бұл жолы да сөйтті. Маңызды бірдеме айтар алдындағы әдетті. Содан кейін маған қаратып: «Әй!»-деді, лақ текенің сақалындай ақ-қарасы аралас қылшық өскен иегін шошаңдатып: «Сендер неге Қазақстанның бар қасқырын біздің жаққа айдап жібересіңдер!». Мен мұны жездейдің қырық қалжыңының бірі шығар деп: «Сенің малың өсіп кетіпті, соны жесін деп, бір үйір қасқыр жіберген едік» – деп, әзілдеген болдым. От айналып отырған жұрттың бәрі бір ауыздан: «Сәкең рас айтады Қазақстанның қасқыры келгелі оншақты жыл болды» дегені. Шынында солай екен. Бір жылдары колхоз-совхоз жекеленіп, ауылдарда мал қалмай таратылғанда ашыққан қасқырлар далада малы сыймай жатқан біздің елге ауып барыпты.
Жергілікті халық көшпенді қасқырларды алыстан айнытпай таниды екен. Ауылдастарымның айтуына қарағанда, тұрқы қысқа, терісінің түбіті аз, ақшулан қылшық жүнді байқұстардың күш-қуаты да шамалы көрінеді. Қозы-лақ, бота-құлын тәрізді жас төлдер болмаса ірі малдарға шамасы жетпейді. Оның үстіне ғасырлар бойы Алтайдың теріскейін мекендеп, сай-саласын меншіктеп алған жергілікті қасқырлар әлгілерді күркіреп қуғанда бейшаралар қашып қораға өздері келеді екен. Алдынан әупілдеп қойшының қара төбеті жүгіреді. Тыртыңдап қайта тауға қашады.
Біздің ауылдың шайқы шалдары осы қызыққа ұзақ қарап отырыпты да, әлгі ел - жерге сыймай жүрген сорлыларға бір ауыздан «Оралман қасқыр» деген ат қойыпты. Кейде қымыз ішіп желіккен жігіттер не «азаматтығы», не «баспанасы» жоқ бейбақтарды бытырлатып соғып алады. Менің Сәкең жездем есік көзіне таман отырған балдыздарын қамшымен нұсқап: «Мына боқмұрындар «Қасқыр соққан» атақ алып, бір жырғап қалды» - деп, кеңк-кеңк күлгенін көрсеңіз ғой.

***
Туған ауылымда екі апта жаттым. Аттанардан бір күн бұрын «қош бол!» айтайын деп Сәкең үйіне бардым. Барсам есік алдында отыр екен. Сәкең: «Кеше Құйған жаққа балалар қой өрістетіп қайтып еді, жаңа туған екі-үш қозыны қасқыр жеп кетіпті» деді. Мен: «Оралмандар жеп пе?» деп сұрадым. Сәкең: «Солар ғой» деп, тым сүлесоқ жауап берді. Одан кейін батысты бетке алып қаңқылдап ұшқан бір топ сарыала қаздың артынан ұзақ қарап тұрды да, «Жей берсін, атажұрттың өзі болмаса да, көзі ғой, Алланың оған берген ырыздығы емес пе, білгенге бұның өзі сынақ... Жүр үйге, дәм татып шық! Сенің де рыздығың үзілмесін!» деді. Әумин!

Қазақ блогшыларының Алматыдағы екінші кездесуі

Қыркүйек айының 29-ында сағат 11.00-де "Bilim - Central Asia" Білім орталығында ( М.Төлебаев 31/13 Мақатаев көшеcінің қиылысы) қазақ блогшыларының Алматыдағы екінші кездесуі өтеді.
Кездесу тренинг форматында өткізілмек.
Кездесу бағдарламасы:

11.00-11.05 Танысу
11.05-11.30 Блог туралы түсінік (Асхат Еркімбай - модератор)
11.30.-11.40 Сұрақ-жауап
11.40.-11.45 үзіліс
11.50.-12.15 Үнхабар (podcast) дегеніміз не? Оны қалай дайындайды? (Қуаныш Мағзуов)
12.15-12.25 Сұрақ-жауап
12.25.-12.30 Үзіліс
12.30-12.55. Қорытынды. Пікір ұсыныстар.


Достар. Семинар тегін өтеді. Қатысқыңыз келсе, "Семинар сізге қалай көмектеседі деп ойлайсыз?" деген жалғыз сауалға жауаппен бірге аты-жөніңіз және координаттарыңыз көрсетілген хатты Асхатқа ( urimtal@gmail.com), Бақытгүлге baqytgul@gmail.com және Қуанышқа huanysh@gmail.com жолдасаңыздар болады. Қосымша сұрақтарыңыз болса, хабарласыңыздар!

вторник, 25 сентября 2007 г.

ҚАЗАҚ МИССИЯСЫ

(Қазақ ұлтын жандандыру тұжырымдамасы)

Қазақстандағы саяси және әлеуметтік тұрақтылық, оның бүгіні мен ертеңі мемлекет құрушы ұлт — қазақтардың даму деңгейіне тәуелді.

Қазақтардың көпшілігінің әлеуметтік-психологиялық жағдайының нашарлығы, ана тілінің жай-күйіне, ұлттық мәдениет пен білім беру деңгейіне көңілі толмауы, әлеуметтік жағынан азып-тозуы және осы мәселелерді түрлі саяси күштердің өз бас пайдаларына жаратып жүруі — осының бәрі бүгінгі Қазақстанның болашағына қатер төндіреді.

Осы жағдайда Қазақстан халқының түрлі этностардан құралуы тұрақсыздық пен кикілжіңнің себепкері болуы мүмкін. Тек қазақ миссиясы - қазақтардың жаңа ұлттық иденттілігі («ерекшеленуі»), бұл қауіптен құтқара алады.

Тарихи тұрғыдан алып қарағанда «қазақ миссиясы» ұлттық сана-сезімнің ояну кезеңі ретінде қарастырылуы керек, ал оның ең жоғарғы шегі азаматтар ұлтының қалыптастуы болуы тиіс. Бұл процестің негізгі бағыты — этникалық бірігуден мәдени және тілдік бірігу болуы қажет. Әлемнің көптеген елдері бұл кезеңнен өтіп үлгерген. Қазір олар азаматтар ұлтының құндылықтарын түгендеуге кірісті. Сондықтан, ұлттық ой-сананың қалыптасуы кезеңінен өтпіп үлгермеген қазақтардың ұлттық өзін-өзі көтермелеу көріністеріне түсіністікпен қараған жөн.

Қазақ арманы жайында

Арман ерте ме, кеш пе орындалады. Біртіндеп. Қазақстан барлық атрибуттары бар толыққанды егемен мемлекет ретінде қалыптасып келеді. Нарық экономикасы құрылып, экономика дамуда. Саяси жүйені қайта құру процесі әлі жүріп жатыр. Бәсекеге қабілетті мемлекет болуға ұмтылып отырмыз. Сырттай қарағанда бәрі жақсы көрінеді.

Бірақ, біздің армандағанымыз мүлде басқа Қазақстан болатын. Біз үркердей ғана байлар мен ішер ас, киер киімге жарымаған миллиондаған адамның арасындағы айырма жер мен көктей елде емес, кедей-кепшігі жоқ, жемқорлықтан ада, ең басты қажеттіліктері — жұмыспен, тұрғын үймен қамтамасыз етіліп, қауіпсіздікте өмір сүріп, бала-шағасының болашағына алаңдамайтын елді көкседік. Біз барлық ұлт өкілдерінің өз ана тілдерінде және мемлекеттік тілде еркін сөйлеп, бейбіт те тату-тәтті өмір сүретін Қазақстанды қаладық. Біріккен және жауапты ұлт ретінде қазақтар басқа ұлттарды төңірегіне топтастыруын аңсадық. Азаматтық сананың үстемдік етіп, соның аясында әр-бір қазақстандықтың этномәдени артықшылықтарын сақтап, дамыта отырып, бірыңғай азаматтық ұлт ретінде ұйысуын қаладық.

Біз ғылым мен мәдениеттің көрнекті өкілдері адамзаттық өркениеттің алдыңғы сапында ірі жаңалықтар ашып, үлкен жетістіктерге жетіп жатса деп армандадық. Біз армандаған Қазақстанда демократия мен әділдік идеялары салтанат құрып, әділ де жауапкершілігі мол мемлекеттік қызметкерлер ел мүддесіне қызмет етіп жүруі тиіс еді.

Алайда бүгінде билік өзінше тірлік етіп жатыр. Билік пен халық арасындағы ара-жік ұлғайып барады. Ең негізгі мәселелер — тұрақтылық пен дамуды қамтамасыз ету мәселелері әлі күнге дейін шешімін тапқан жоқ. Бұл күнде билік тұрақтылықтың кепілі емес. Биліктегі текетірес бір күні тұрақсыздыққа немесе «түрлі-түсті төңкерістің» кез келген түріне алып келуі ықтимал. Дегенмен, ең басты қауіп ол емес. Ең басты қауіп — біріккен, ұйысқан қазақ ұлтының жоқтығында. Бұл адам айтқысыз қатерге алып келуі мүмкін. Тек қазақтарды емес, барлығын!

Қазақ тағдыры

Қазақ мемлекеттігінің тарихы біздің заманымызға дейінгі І мыңжылдықтың ортасында атқа мініп көшіп жүрген түркілердің Еуразия кеңістігіне ойқастап шығуынан бастау алады. Қазақ хандығы Алтын орданың мұрагері ретінде XV ғасырда құрылған. Сол кездің өзінде-ақ түрлі туыстас этникалық топтардың мемлекеттік идеяның маңайына ұйысуы басталды. Ол идея көшпенді өмір салты мен жалпы мәдени рухани кешен негізінде туыстас халықтарды топтастырды. Қазақтардың ата-бабалары, жершілдік пен жікшілдіктің орнына біртұтас мемлекет құруды, бірыңғай ұлттық сана-сезімді жөн көрді. Сол уақыттың тезіне салып қарасақ, бұл біріккен азаматтық ұлт қалыптастыру жолындағы үлкен жетістік еді. «Қазақ» этнонимі «еркін», «тәуелсіз» деген ұғымды білдірді.

Қазақ хандығы құрылған 500 жылдан астам уақыттың ішінде қазақ халқы сандаған соғысты бастан кешіріп, ғасырлар бойы отарлық қамытын киді. Ал оның бейбіт өмірі — қатаң табиғат жағдайында аман қалу үшін жанталас, қан-жоса соғыс пен басып алу кезінде қирағанды қалпына келтіру болды. Ұлттық бірліктің беріктігі сынға түскенде, қатыгез көршілердің геосаяси экспансиясы тұсында патриоттық сезім өшудің орнына, одан сайын лаулап жана берді. Бұл тауқымет патриоттық сезімді бұрынғыдан да өршітіп, тек Отаның еркін болса ғана бақытты өмір сүресің деген тұжырымды нық бекітіп, жер, өмір салты деген ұғымды «Отан» сөзінің ажырамас бөлшегіне айналдырды.

Жоңғармен соғыс қазақтардың шаңырағын құлатты. Ресей империясы ықпал ету аймағын кеңейтіп, соның кесірінен қазақтар отарлық қамытын киді. Жалпыұлттық бірліктің болмауынан, басшылардың сатылғыштығынан ұлт-азаттық қозғалысы жеңіліс тапты. Қазақ Рухының еңсесі ұзақ уақытқа салбырап қалды.

Өз мүддесі мен ережелерін күштеп таңған әлемдегі алып империялардың бірін соғысып жеңе алмасын білген қазақ халқының Рухы стратегиясын өзгертті. ХІХ ғасырдың соңында қазақ ағартушылары өзге халықтардан, соның ішінде орыстардан көп нәрсені үйренуге шақырды, олардағы мәдениеттің ең озық үлгілерін, ғылым мен тілді меңгеруге үндеді. Жаңа заман талаптарына сай болуға шақырды. Қазақтар балаларын сол замандағы ең озық оқу орындарына оқуға бере бастады. Бұл стратегияның жемісі — қазақ халқының тамаша білім алған, дүниетаным ауқымы кең нағыз патриоттар шоғыры бой көтерді. Міне, солар 1917 жылы алғашқы ұлттық үкімет пен республика — «Алашты» құрды. Соның арқасында алғаш рет қазақ саяси идеясының негізі қаланды, өкінішке қарай, 1919 жылы ол идея дамымай жатып, шорт кесілді. Қазақтардың саяси өресін бірден түсіне қойған коммунистер «Алашорда» идеясының тонын айналдырып, «Одақтық» республикадағы Қазақ автономиясы түрінде қайта ұсынды. Есесіне олар қазақ халқын саяси қырғынға, геноцидке душар етті. Миллиондаған адам қаза тапты немесе Отанынан босып кетуге мәжбүр болды. Қазақ Рухының еңсесін көтеруге талпыныс жасаған бас көтерер интеллигенция өкілдері қуғынға ұшырады. Қазақ ұлтының рухани дамуындағы сабақтастық осылайша үзіліп қалды.
Қазақ тілінің дәрежесі тұрмыстық тіл деңгейіне дейін төмендетілді. Қазақстан халқы түрлі ядролық және бактериологиялық сынақтардың зардабын шекті. Қазақ елінде ірі индустриялық қалалар пайда болды. Бірақ бұл қалалар қазаққа жат, орыстық-кеңестік мәдениеттің ошағына айналды және көбіне қазақылыққа қарсы қойылды. Қалаларда қазақтардың үлес салмағы өте аз болғандықтан, ұлттық мәдениет заман ерекшеліктеріне сай жаңғырып, түрлене алмады. Тек қазақ ауылдары ғана ұлттық мәдениетті жаңғыртушы бірден-бір бастау болып қала берді. Соның кесірінен қазақтардың ұлт болып қалыптасардан бұрынғы архаикалық ерекшеліктері мен ескінің қалдықтары қатып-семіп қалды, ал заманауи индустриалды ұлтқа тән ерекшеліктер кенже дамыды.
Екіұдай сезім халықтың жүрегін тілгіледі: бір жағынан халық социализмнің алып құрылыстарына, Екінші дүниежүзілік соғысына қатысып, өзін әлемдік супердержаваның бір бөлшегі ретіне сезініп, қомақты болмаса да, тұрақты әлеуметтік игіліктерге қол жеткізіп, алданса, екінші жағынан қоғамдық және саяси өмірде ұлттық рухты бодандықтан құтқаруды көкседі. Ұлттық рух ұлттық шығармашылық, мәдениет пен ғылым арқылы еңсесін тіктеуге тырмысты. Көрнекті қазақ ғалымдары мен мәдениет қайраткерлерінің азаттық сүйгіш қазақ халқының өрлігін паш еткен шығармашылық еңбегі тәуелсіз қазақ мемлекетінің іргетасы болып қаланды.

Сан жағынан және интеллектуалдық тұрғыдан бас көтерер көпшіліктің болмауынан ұлттың саяси бұлқынысы толық сыртқа шықпады. Оның үстіне, рухани дамудағы идеялық сабақтастық үзіліп қалған болатын. Қазақ ұлтының тарихи өткені мен бүгініне, ертеңіне сәт сайын қайта көз жүгіртіп, оның мән-мағынасын қайта таразылап отыруға тура келеді. Қазақ рухының асқақтаған тұсы – қылышынан қан тамған қызыл империяға қарсы қазақ жастары ерлікпен қарсы тұрған 1986 жылғы желтоқсандағы көтеріліс кезі. Бұл коммунистік режимге осы іспетті саяси бас көтерулерге жол ашып берді. Жастардың қаһарман бейнесі арқылы қазақ халқы өзінің тарихи тағдырын өзі анықтай алатынын паш етіп, ұлттық ар-намысының туын желбіретті.

«Совет одағының» тарауы, тәуелсіздік тізгінінің қолға тиюі ХХ ғасырдың соңындағы жаңа жағдайда мемлекет құру мүмкіндігін сыйлады. Бұл уақытта қазақ халқын құру процесі әлі бітпеген еді. Қазақтарда ұлттық мемлекет құрып, онда өмір сүру тәжірибесі мүлде ескерілмеді, дәлірек айтсақ, мұндай тәжірибе болған, бірақ ұмыттырып жіберілген. Сөйтіп, күн тәртібіне Қазақстанның жаңа болмысын жасау, ұлтты жұмылдыру, әлемдегі өз орнын табу мәселелері шықты. Осы бір онсыз да күрмеулі мәселелердің шешімін іздеу қоғамды қайта құру, нарықтық экономикаға, демократиялық саяси жүйеге өту процестерімен қатар өрбіді.

Қазақ шындығы

Қазақтың ұлттық сана-сезімі өсіп, көптен күткен ұлттық жобалар жүзеге аса бастағанымен, қазақтардың көпшілігінің материалдық жағдайы оңалмады. Көпшілігі ауылда тұратын қазақ халқы бұрын-соңды болмаған әлеуметтік дағдарысты бастан кешірді. Ауыл шаруашылығының күйреуі салдарынан ауыл қазақтары жақсы өмір сүру үшін, тіршілікке нәпақа табу үшін қалаларға үдере көшті. «Өз өкіметіміз өлтірмейді» деп көп үміт күткен халықтың үміті күдікке ұласып, оның соңы халықтың билікке деген сенімсіздігіне, түңілу мен қапалануға әкеліп соқты.

Тәуелсіздік алған соң бай табиғат қазынасын өз қажетіне жұмсап, жинақталған адами капиталды Қазақстанның барша халқының игілігіне жаратудың ерекше мүмкіндігі туды. Бірақ қазақтар толыққанды, бәсекеге қабілетті ұлт ретінде қалыптасу мүмкіндігін уысынан шығарып алды, қысқа мерзім ішінде үлкен секіріс жасай алмады. Мұнда басты кінә билікте екені қазір түсінікті бола бастады. Ересен табиғат байлығының қомақты бөлігі биліктің қомағай пәндәуи материалдық қажеттілігін қанағаттандыруға ысырап болып жатыр. Көпшілігі қалың көпшіліктің ортасынан шыққан бұл «элита» аяқ астынан көктен түскен шетсіз-шексіз байлыққа басы айналып, қолға түскен жылтырақ атаулыны мақтан үшін қарпып қалуға тырысуда. Олардікі – көрсеқызарлық пен хайуани көрсоқырлық.

Бірақ мәселе тек биліктің пасықтығында емес, халықтың өзіндеде кінә бар. Биліктегі «таңдаулыларға» имандай сенемін деп, қазақтар өздерін қаншалық дәрежеде төмендетіп жібергенін байқамай қалды. Қазіргі қазақтар – жоңғарлардың жойқын шабуылына төтеп беріп, жерін қорғап, отаршыл империяның тырнағының астында езіліп қалмай, ұлттық болмысын сақтай білген өр халықтың ұрпағы дегенге сену қиын. Ұлы Абай өз замандастарының бойынан көрген кемшіліктер бүгінгі қазақтардың бойындағы кемшіліктермен салыстырғанда әншейін майда-шүйде болып қалған!

Бүгінгі қазақ жақсылық пен зұлымдықтың айырмасын білмей қалды, жақыныңды да, алысыңды да алдап кетуге болады, олардың қайғысына ортақтаспауға да болады деп есептейді. Тіпті біреудің қанын жүктесең де сот жоқ, бұл өмірде бәрін сатып аласың, ондай жағдайда ештеңенің де, еш әрекетіңнің де сұрауы болмайды, еш жазаға кесілмейсің деп ойлайды! Қазақ халқының түрлі әлеуметтік топтары өзгерген әлеуметтік-экономикалық кеңістікте өздерінің әлеуметтік рөлі қандай екенін бажайлай алмай, аңырайып қалды. Қазақтар құндылықсыз бос кеңістікте отыр. Соның салдарынан нарықтық кезеңнің қатаң талаптарының алдында еш дәрмені жоқ. Қызғаншақтық, пасықтық және эгоизм сияқты жаңа «құндылықтар» орнығып келеді. Мұның соңы моральдық азғындаудың үдемелі түріне алып барады.

Сыртқы қап-қатты болып қатып қалған бітеу жара – мемлекет десек, оның ішінде құр сүлдері қалған әлжуаз қазақ қоғамы қалып қойған. Мемлекет-жараның беті ішіндегі ірің – қоғамның тағдырын айқындамақ. Ұлттық-этникалық материя автократиялық қоғам заңдылықтарына сәйкес дамып келеді: саяси режим құрған әлеуметтік ортада экономикадан тыс жершілдік, туыстық-отбасылық «жәрдем», кландар мен жемқорлық сияқты өзіне тән құбылыстар қанат жайып келеді. Тәуелсіз мемлекет құрылып, нарықтық түлеу басталғанда, рулық ұжымдар, ру ішіндегі тармақтар қарым-қатынастың ерекше, жаңа жүйесіне бейімделді.

Өзекті өртеген өкініш сол, тәуелсіздік алғалы 16 жыл өтсе де біз тәуелсіз мемлекеттің тек сыртқы сипаттары мен нышандарына ғана ие болып отырмыз. Біздің мемлекеттік болмысымызға сәйкес азаматтық қоғамды құра алмадық.

Қазақ зиялысы жайында
Қоғамның рухани және интеллектуалдық ұйытқысы болғандықтан, зиялы қауым қай заманда да өз халқының тағдырына қатты алаңдайтын тұлғалардан құралған. Олардың билікке деген ерекше өзіндік көзқарасы болған. Бірақ, бүгінгі таңда интеллигенция арасында нарықтық қоғамның қатаң заңдарына бейімделудің бір түрі ретінде утилитарлық құндылықтарға арқа сүйеу белең алып келеді. Соның салдарынан мәдени элитаның үлкен бөлігі бір жағынан бизнес құрылымдарымен біте қайнасқан коррупцияға батқан мемлекеттік бюрократияның есігіндегі қызметшісіне айналса, екінші жағынан сол бюрократияға жапсырылған оның өз бөлшегіне айналды. Интеллигенция бұрынғы тоталитарлық билік бұғауынан босап, ескі заңдар мен құндылықтарға қатысты қағидалар жойылса да, интеллектуалдық және рухани өмірде күткендегідей үлкен серпіліс бола қойған жоқ.

Қазақтың зиялы қауымы ұлттың рухани тағдырына, темірқазық болар құндылықтарын анықтауға байланысты басты міндеттерін орындап отырған жоқ, демек, олар ұлттың Ар-намысы деген атқа да лайық емес деп айтуға мәжбүрміз.

Қазақтардың көпшілігі тек ана тіліне деген сүйіспеншілігін шексіз жырлап, оған қарсы тұрған жауларды іздейтін көзбояушылықты қажет етпейді. Тек қазір ғана қазақтар «қазақ ұлттық идеясы» деп ұсынған идеялардың шын мәнісінде билік элитасының қарнын тойдыратын құралға айналып кеткенін түсіне бастады, ондай элитаның мүддесі халықтың шын мүддесімен қабыспайтынын енді аңғарды. Өз көшбасшыларының демагогияға толы ұрандарына алданған халық қазақтар мен қазақстандықтардың мүддесіне емес, сол «элитаның» мүддесіне жұмыс істейтін тәртіпке бағынуға мәжбүр. Халық жан-жақты дамуға мүмкіндік алған жоқ, оның орнына биліктегі үркердей топ билік, табиғат және экономика ресурстарын оңды-солды пайдалануға шексіз мүмкіндік алды. Соның салдарынан біз тіпті біреулер ойлап жүргендей этнократиялық мемлекетке емес, бүкіл қоғамның, соның ішінде қазақ халқының да мүдделерімен қабыспайтын, өзінің топтық мүдделерімен ғана шектеліп қалған «этникалық корпорацияға» айналдық. Ұлт пен мемлекетті құру арқылы элита мемлекетті оп-оңай жекешелендіріп алды да, оны өзінің ас ішіп, аяқ босатар орнына айналдырды.

Қазақ қауіпі

Бүгінгі қазақта бірлік жоқ, әсіресе туған тілі мен мәдениетіне қатысты мәселеде қазақ арасында бірауыздылық болмай отыр. Мұның зардабы ұлтаралық қарым-қатынаста да, билік пен қазақ ұлтының қарым-қатынасынан да көрінеді. Қасиеттейтін құндылығы мен ұстанған бағдары жөнінен қазақтың бөлінуіне себеп болатын басты нәрсе – біртұтас социомәдени ұлттық иденттіліктің қалыптаспауы. Салдары – ортақ мақсат-мүдденің болмауы, қоғамның биліктен жерінуі. «Кімсің» деген сұраққа қатысты баршаға ортақ жауаптың жоқтығынан, яғни өзінің қандай бүтінге жататынын білмегендіктен, қазақстандықтар өздерін біртұтас халықтың емес, белгілі бір топтың бөлшегі ретінде сезінеді.

Мемлекеттің ұлттық саясатында нақтылық жоқ, өйткені, ұлттық процестердің басты субъектісі – қазақ халқы, көрсетілмеген. Мұның себебі – республикада негізгі бағыттары келісіліп, айқындалған, мұқият дайындалып, бүкпесіз нақтыланған ұлттық саясаттың жоқтығы.

Қазақ ұлт болып қалыптасу жолын аяқтап үлгермей жатып, елде саяси және экономикалық модернизация басталып кетті. Бүгінгідей қазақтың ұлттық сана-сезімі қайта ояна бастаған кезде қазақ халқының бірлігі мен ынтымағы мәселесі әлі шешілмеген күйінде қалып отыр. Ұлттық сана-сезімі толық жетілмей тұрғанда, қазақ күйзеліске ұшырап, азып-тозу қаупінен құтылмақ емес.
Сексенінші жылдардың аяғында қазақ тілі кемеліне келіп, лайықты орнын иеленеді деген үлкен үміт пайда болды. Бүгінде сол үміт пен мемлекеттік тілдің шынайы дәрежесі арасындағы айырмашылық орасан. Қазақ тілін үйрену қажеттігін түсінетіндер артып келе жатқанымен, туған тілін білмейтін қазақтар әлі де көп.

Рас, қазақ тілінің қоғамдағы ролі мен маңызы арта бастады. Тілі тірі тұрғанда ұлт ұлылығынан айырылмайды. Тіл – тарихи ұрпақ жалғасуда, географиялық және әлеуметтік кеңістікте ұлттың бірлігін сақтап қалатын нәрсе.

Тілге қатысты қазақтың өзінде де, тұтас қоғамда да бірауыздылықтың болмауынан елде социомәдени қақтығыс басталып келеді. Бұл мысалы, қазақтілді және орыстілді БАҚ-тың өзара қарама-қайшы құндылықтарды насихаттауынан көрінеді. Осының кесірінен қазақтың бір жартысы екіншісіе сенімсіздікпен қарайды.

Қазақ ұлтының дамуындағы өзіне тән ерекшеліктің бірі – әрүрлі құндылықтар негізінде қалыптасқан алуан-алуан социомәдени құрылымдардың қатар жасауы және олардың әрқайсысына сәйкес қоғамдық сана мен мінез-құлық үлгісінің пайда болуы. Социомәдени алшақтық негізінде этностар ішіндегі бөлінушіліктің себебі – кеңес дәуірінде жедел әрі күштеп жүргізілген тілдік ассимиляция мен ұлттық мәдениет элементтерінің аккультурациялануы. Социомәдени қауым ретінде қазақтың телім-телім болуының, кіріге алмауының бір себебі осы. Бұл этнолингвистикалық социализациядағы айырмашылықтан ғана емес, одан да тереңнен – құндылықтар ерекшелігінен де көрінеді. Қазақтың екіге жарылғаны әсіре айқын байқалатын жер – мемлекеттік тілді пайдалану, мемлекеттің формасын және саяси басымдықтарды анықтау сияқты мәселелер. Осының салдарынан қазақ ішінде әрқайсысының өзіне тән социомәдени, әлеуметтік-психологиялық және өзге де белгілері бар топтар пайда болды. Қазақтың социомәдени тұрғыдан бөлінуі кейде тіпті бүкілұлттық бірлік сезімінен де басым шықты.

Қазақтың іштен жарылуы және де саяси мәдениеттің төмендігі, бай мен кедейдің арасындағы жарық пен түнектей айырмашылық, осының барлығы қосылып проблемаларды күшпен шешуге негіз болады. Қазақстанның әрбір қаласын қайыршылық белдеуі қоршап жатыр. Алматы маңында 300 үйдің қиратылуы көп нәрсенің бетін ашты.

Ең қиыны, қазақ ішіндегі дағдарыс сыртқа шықпай қоймайды, сөйтіп ол ұлтаралық қақтығысқа ұласуы мүмкін. Маловодное мен Шелекте болған оқиғалар – ұлттың әлсіздігінен белгі беретін сипаттар.

Жағдайдың осылайша қақтығысқа ұласуы ақыр соңында қазақтың елдегі өзге ұлыстардан алшақтап, жалғыз қалуына апарып соғады. Қазақ халқы жүйелік қауіп-қатерге тап болады, бұл елдің тұтастығына қатер төндіреді.

Мұндай жағдайдың Қазақстанда ешкімге ұнамайтыны анық. Ең жаман болжам расқа айналмасы үшін мемлекеттің саясатында ғана емес, Қазақстандағы этникалық топтардың санасында да өзгеріс жасалуы керек.

Ең негізгісі – қазақ халқының ішкі дағдарысына мән бермеу ақыр аяғы елдегі тұрақтылықтың бұзылуына ұшыратып тынатынын түсіну. Элита ұсынған «Қазақстан 2030» және басқада идеологиялық ұрандар халыққа беретін еш нәрсесі жоқтығын, бұл екеуінің жолы қиыспайтын екі бөтен әлем екенін мойындайтын кез жетті.

Ұлтаралық қарым-қатынас мәселесі және ұлттық диаспораларды қазақтың қазіргі мәдени және тілдік ортасына сіңіру проблемасы объективті және субъективті себептерден саяси, идеологиялық және әлеуметтік өмірге жолатылмай келеді. Жалпы алғанда ұлттық интеграция мәселесі назардан тыс қалды. Туған тіл мен мәдениетті сақтау, билікке араласу сияқты маңызды мәселелер көбіне жергілікті биліктің ерік жігері мен қалауына тәуелді болып қалды. Әр қазақстандық мойындап, мүше болатындай бірыңғай иденттіліктің жоқтығы әр ұлыстың этникалық тұрғыдан оқшаулануынан көрініп отыр.

Дағдарыстың пайда болып, ушыға түсуінің барлық алғышарттарын өзі жасап бергенін билік мойындауы тиіс. Билік қоғамындағы тұрақтылық сияқты иллюзиямен өзін де, өзгені жұбатуды доғаруы керек, өйткені үстіне шығып билесең де қыңқ демейтін қоғам жасаған биліктің өзі. Мұндай халық неше жылдан бері жиналған проблемаларды мәдениетті түрде шешеді деп үміт ету қиын.
Ең өкініштісі, биліктің қолымен істелген қате күллі Қазақстан халқының мойнына артылмақ. Бұл қателік елдің бүгіні мен болашағына балта шабады.

Ауылдан қалаға қоныс аударушылар көбейген үстіне көбейіп келеді. Бұл да ештеңе емес, ең бастысы, қазақ ішіндегі және ұлтаралық қарым-қатынастағы психологиялық ахуал қиындап барады. Жағдай шиеленісе берсе, жақын болашақта қоғамның ең кедей бөлігінің шыдамы ұзаққа бармайды, оның шарт үзілуі мүмкін.

Мемлекет бақылауынан тыс жүріп жатқан урбанизацияның салдарынан жүздеген мың адам өз Отанында өгей баланың күнін кешіп отыр. Мұның әлеуметтік зардабы тым таяу арада көрінуі ықтимал. Ең басты қауіп, мұндай жағдайда этникалық ынтымақ пайда болатындықтан, қазақтардың лақ етіп төгілген ашу-ызасы ессіз тобыр түрінде ең алдымен басқа ұлттардың өкілдеріне соққы беруі мүмкін.

Жақын болашақта қоғамның ең кедей бөлігінің төзімі таусылады және оның соңы жарылысқа апарып соғады. Үміті кесіліп, ыза кернеген адамдарды элита өз ішіндегі басталып, артынша ұлтаралық қарым-қатынасқа ауысатын қақтығыстарды шешуге пайдалану қаупі туады.

Игіліктен мақұрым қалған қазақ бұқарасының проблемаларын шешу тез арада әрі батыл түрде қолға алынбаса, сан түрлі ұлтаралық жанжалдардан көз аша алмай қалатынымыз анық. Әлгінде бүкіл бұқараның да, элитаның да саяси мәдениеті төмен әрі олардың арасындағы экономикалық айырмашылық жер мен көктей болып тұрғанда проблеманың тең күшпен шешілетінін айттық. Мұндай жағдайда наразы адамдардың саны күрт көбейеді және олар қалайда қақтығысқа қатысушылардың қатарына қосылады, сөйтіп, оның көлемін ұлғайтады, тамырын тереңдете түседі. Халықтар достығы деген жайына қалады. Мұның бәрі бекерге айтылған сөз емес.

Қазақтың маңдайына көпэтникалық елде өмір сүруді тағдыр жазғанын түсіну қажет. Қан төгілгенін ешкімнің, тіпті радикалдардың да қаламайтыны және түсінікті. Қайсыбір ұлтшыл патриоттардың бір ұлтты, тек қазақтар тұратын Қазақстанда керемет заман орнай қалар еді деген арманының да болашағы жоқ. Өйткені, бар қауіп қазақтың ішкі проблемаларынан туындап отыр.

Түптің түбінде қазақтың проблемасы сыртқа тебеді, сөйтіп жалпыхалықтық сипат алады. Өйткені, бүгінде қазақтар демографиялық көпшілікке айналды, ал биліктің саясаты халыққа қарсы жүріп жатыр. Бәлендей қауіп жоқ, бәрі өздігінен шешіліп, орнына келеді деп ойлайтын адам қатты қателеседі. Ертең бәрі кеш болады.

II бөлім


Қазір Қазақстандағы халықтар арасында ынтымақ және қазақстандық айрықша бір менталитет қалыптасып үлгерді. Біртұтас қоғамдастықты сақтап, бекіте түсу, жаңа мемлекеттілік құру жолындағы күрес пен қиындықтар халықты бір-біріне жақындастыра түсті.

Қазақтың алдынан шығуы мүмкін ұлттық дағдарысты жеңу үшін мемлекетшілдік идеологиясына негізделген жаңа иденттілікті қалыптастыру қажет. Бұл – жаңа сападағы қазақтың бейнесі мен іс-әрекет үлгісін анықтайтын қалыпты өлшем. Ол үшін біріншіден, мемлекет құрушы халық – қазақтардың социомәдени ынтымағы керек. Екіншіден, қазақтар жаңа жағдайдағы өзінің миссиясын, нақтылап айтсақ, Қазақстанның тұрақтылығы мен гүлденуі жолындағы жауапкершілігін сезінуі қажет. Олар мемлекетшіл болуы керек, жауапкершілікті басқарушы билікке, «элитаға» аудармауы тиіс. Бұл топ қаншалық «мемлекетшіл» екенін істе көрсетіп болды.

Өткенді аңызға айналдыруды, қазақтың қазіргі қиындығына кінәліні сырттан іздеуді доғаратын уақыт келді. Қазақстандағы барша халықтың жақсы тұруына мұрындық болатын және қоғамды түрлі қақтығыстарға, әсіресе этносаралық жанжалдарға жібермейтін қазақтың өзі болуы тиіс. Бұған өзге этностар да түсіністікпен қарар еді, өйткені, бұл – бір мемлекетте тұрудың және қарым-қатынас жасаудың табиғи әрі тарихи қалыптасқан жүйесі.

Қазақтың жаңа иденттілігі бүкіл Қазақстан қоғамын өзіне тартатын тұтас мәдени жүйеге айналуы керек. Бұл біз үшін жалпыұлттық жобаға айналуы қажет. Әрине, егер болашағы айқын мемлекетте, тұрақты қоғамда өмір сүргіміз келсе.

Бүгінде «қазақ мәселесі» туралы сөз қозғау сәнге айналды. Қазақтың дамуының өткір проблемаларын көтеретін ғалымдар мен жазушылар көбейді. Өкініштісі, шынтуайтында олар көбіне қазақтың жанды жеріне ши жүгіртіп, өткен үшін қарымта қайтаруға шақырумен, сөйтіп қазақтың бойында әлеуметтік-мәдени және психологиялық дағдыны қалыптастырумен айналысып жүр. Көпшілікті азшылықтан қорғайтын әлдебір институционалды шарттар жасау – елдегі этносаяси ахуалды түзеп, қазақтың психологиялық сана-сезімін сауықтыра алмайды. Оның емі – қоғамның ұлттық жақындасуы ісіндегі қазақтардың шынайы ролі туралы түсінігін қалыптастыру.

Жаңа ұлттық иденттіліктің негізі боларлық нәрселердің бірі – Қазақстанның барша азаматтарының қазақ тілін білуі. Елдің тұрақтылығы мен гүлденуінің кепілі – қазақстандықтардың тілдік бірлігі, қазақ тілі мен орыс тілінің өзара түсіністік пен құрмет үлгісіне айналуы.

Бүкіл қазақ халқы орыс тілін меңгерді, бұл – біздің зор байлығымыз, біз мұнымен мақтанамыз. Негізінен орыс тілі арқылы біз адам рухының ғаламат көкжиегін таныдық, өзге халықтардың мәдениеті мен өмір сүру салтын оқып білдік. Бірақ өкінішті нәрсе, еліміздегі тұрғындардың орыстілді бөлігін қазақ тілін үйренуге итермелейтін нәрсе әлсіз болып отыр. Бұл мәселеде сезімге әсер ету үшін айтылатын немесе патриоттық тұрғыдағы сөздерден қайыр жоқ. Қазақ тілін күштеп үйрету қолға алынса, орыстілділердің белсенді бөлігі Қазақстаннан кетуге жинала бастайды.

Қазақстанда ұлттық интеграцияны кезең-кезеңмен жүргізу үшін қазақ еместерді қазақи мәдени ортаға бейімдеудің, елдің қазақ емес азаматтарын заң шығарушы және атқарушы билік құрылымдарына белсенді түрде тартудың механизмдері жасалуы керек. Қазақ тілінің таралуын кеңейту стратегиясын жасап, оның негізгі кезеңдері мен уақытын белгілеу қажет. Оның ішінде орыстілді азаматтарды қазақ тіліне әртүрлі жастқа байланысты және әлеуметтік топтарына қарай тартудың ғылыми тұжырымдамасы мен әдістемесі жасалуы тиіс. Сонымен қатар әсіресе аға буынды қазақ тілін меңгеруге мәжбүрлеудің тиімсіздігін мойындаған дұрыс. Бірақ олар жалпыұлттық интеграция үшін балалары мен немерелерінің мемлекеттік тілді меңгеруін қолдауы керек.

Әр қазақстандықтың кемінде екі тілді – қазақ және орыс тілдерін жетік меңгергені маңызды. Қазақ тілін білу бүкіл қазақстандықтарды өзара жақындастырады, Қазақ әлемін, қазақтың арманы мен өкінішін түсінуге мүмкіндік береді.

Басты басымдылықты атап көрсету керек. Ол – кез келген жаңа құндылықты, соның ішінде тілді тез меңгеруге бейім мектепке дейінгі жаста қазақ тілін үйрету. Мемлекет арнайы педагогикалық білімі бар, билингвистік білім берудің әдістемесін меңгерген, жоғары жалақымен қамтылған білікті тәрбиешілер мен мұғалімдерді көптеп дайындауға, балаларға арналған сапалы телехабарларды жасап, жарыққа шығару ісін үйлестіріп отыратын институттар құруға міндетті.

Екінші жағынан қоғамның қазақ емес бөлігі тарихты қайта қарау мен көше, елді мекен аттарын өзгертуді орысқа қарсы жасалып отырған әрекет деп қабылдамағаны жөн. Бұл процесс – бір кезде өзін танып, өткенін зерттемек болғаны үшін қатаң жазаға ұшыраған қазақтың өзіндік «менін» қайта қалыптастыру жолындағы табиғи іс-әрекеті. Сондықтан да бұл арада орынсыз сөгу емес, өзара түсінісу қажет.

Орыстілді қазақтардың ролін айтпай кетуге болмайды. Олар кеңес мәдениетінің де, қазақ мәдениетінің де дамуына үлкен үлес қосты. Еңселі ғимараттар, жолдар мен көпірлер салды, ғылымдарды, әсіресе техникалық ғылымдарды дамытты, әлемдік мәдениеттің биігіне жетті. Орыстілді қазақтардың бәсекеге қабілетті ұлт құрудағы ролін кем бағалауға болмайды. Олар қазір өздерінің мәдени-тарихи тұрғыдан кім екенін анықтау үстінде, яғни олар бастауына қайта оралып жатыр.

Белді бекем буатын шақ келді. Бүкіл ұлт бар күш-жігерін жаңа сападағы иденттілікті қалыптастыруға жұмсауы керек. Бұл әр қазақтың ұранына айналуы тиіс.

Әр қазақтың туған тілін білуі қазақты құтқарып қалатын нәрсе екенін іштей сезіне білетін қазақтардың саны өскен үстіне өсіп келеді.

Мемлекеттік саясаттың іргетасын қалаушы мәселелердің бірі – дін мәселесі. Қазақтар ешуақытта дін мәселесінде фанатизмге барған емес. Қазақтағы ислам да тұтастығымен ерекшеленді, онда ішкі ағымдарға бөліну болған жоқ. Әлемдегі ұлы үш діннің біріне кіретіні қазақ халқының бүкіл адамзаттың мәдени байлығынан нәр алуына мүмкіндік береді.

Құндылықтар мен нормативтер кешені ретіндегі жаңа қазақ иденттілік қазақ патриотизмі сезімін де қамтиды. Қазақстан патриотизмінің қалыптасуындағы проблема – билік оны қазақтан тыс нәрсе сияқты «жоғарыдан» сіңіргісі келеді. Қазақстан патриотизмі қазақ патриотизміне негізделуі тиіс. Отансүйгіштікте, мемлекетті сыйлауда, дәстүрін, мәдениеті мен тілін құрметтеуде қазақтардың өзі өзге ұлыстарға үлгі көрсетпей тұрып, мұны басқа этностардан күту қиын, ал оны талап етуге тіпті болмайды.

Қазақ патриотизмі қазақ тарихын және мәдениетінің ерекше мәдениет екенін мақтан ету негізінде, сонымен қатар болашақта қазақ ұлтының дәуірлейтініне, Қазақстанның гүлденетініне сенім негізінде қалыптасуы керек. Қазақ патриотизмінің бөлінбейтін бөлшегінің бірі – елдің рухани және материалдық дамуына Қазақстандағы өзге ұлт өкілдерінің орасан үлес қосқанын мақтан ету және бұл үшін оларға алғыс сезімімен қарау. Олардың ортақ үйімізде жақсы да жайлы тұруы Қазақстанның гүлденуінің шарты болмақ.

Өзге ұлыстардың алдында қазақтың беделі биіктесе ғана олар қазақтың тарихын, тілін білуге ниет білдіріп, Қазақстанда өмір сүріп жатқанына мақтанатын болады.

Қазақтың жаңа иденттілігі үшін қажет нәрсенің бірі – ұлттық ерік-жігер, өзінің ұлттық-мәдени, саяси-мемлекеттік тұрғыдан бекуі үшін қажет ерік-жігер қалыптастыру. Мемлекеттің күш-қуатына тірек болатын нәрсе осы – өзіне, өзінің болашағына деген сенім. Әлемдегі ұлы халықтар өзін сыйлаудың, өзінің бір тәңірісі, тарихи миссиясы бар екеніне қалтқысыз сенудің арқасында әлем халықтарының арасынан құрметті орынға ие болды.

Өз ұлтын аяусыз тілдеп-сөгу, өзгеден төмен көру – қазақ ішінде кең таралған «қасиет». Жағымды көтермелеудің кемдігінен қазақта кембағалдық тұрпат қалыптасты, өз бағасын білуден, өзін сыйлаудан, ұлтының ар-намысын құрметтеуден қалды. Мұның барлығын ұлт ретінде толысу арқылы жою қажет.

Қазақтар еліміздегі болып жатқан үрдістер үшін жауапкершілікті өз мойнына алудан қашпауы қажет. Бұл бүгінгі Қазақстанда ашық саяси жүйе құруға және жаппай белең алған сыбайластық пен алдау-арбаудан, үрей мен зорлық-зомбылықтан құтқарады.

Мемлекеттік органдар мен қоғамдық-саяси күштер Ұлттық интеграция стратегиясын жасауы керек, оның орталық пункті жаңа қазақи иденттілік пен қазақстан патриотизмін қалыптастыру идеясы болуы тиіс.

Егер біз азаматтық қоғамның қалыптасуы либералдық құндылықтардың салтанат құруына, заң алдында баршаның тең болуына жеткізеді, осының негізінде өзгеден басым қазақ мәдениетінің аясында ұлттық диаспоралар субмәдениеттер түрінде органикалық даму жолына түседі деп сенсек, сөйтіп, жоғарыда аталған поблемаларды бұдан былай да назардан тыс қалдыра берсек, онда ұлтаралық қарама-қайшылықтар мен қақтығыстарға қалайда ұрынатын боламыз.

Ұлттық саясатты сәтті жүргізудің арқасында, елдің этникалық саналуандығын орнықтыра отырып, қазақты тез арада ынтымаққа жеткізуге, өзге этникалық топтарды біріктіруге болады.

* * *

Жаңа қазақи иденттілікті қалыптастыру үшін әлеуметтік жауапкершілікті көтере алатын жаңа элита, зиялы қауым керек. Бұл элита Қазақстанның демократиялық жолмен дамуын жеке адамгершілік тұрғыдан таңдауға пейілділігін таныту тиіс. Бүгінде қазақтардың үлес салмағы жылдам өсу үстінде, мұнымен бірге қоғамның барлық саласында қазақтың өзіндік орнының маңызы да артып келеді. Қазақ ұлтының жаны мен тәнінде жүріп жатқан саяси ішкі процестер «қазақ миссиясының» негізгі детерминанты болады. Бұл ескерілмеген жағдайда ұлт, ұлттың Рухы азып-тозады, нәтижеде Қазақстан қоғамының басым бөлігі моральдық күйзеліске ұшырайды.

Осының бәрі жаңа қазақ зиялысына қосымша жауапкершілік жүктейді. Ол – парасаттылық пен ерліктің үлгісін көрсету, биік идеалдың эталоны болу, халық мүддесі үшін қалтқысыз қызмет ету, нағыз мемлекетшілдіктің идеологы болу, бір сөзбен айтқанда, билік үшін емес, мемлекеттің ұлылығы үшін қызмет қылу.

Бұлай түсіну қазақ менталитетіне жат нәрсе емес. Еркін қазақ ұланы билікте жүргенін емес, биліктен бостан жүргенін мақтан еткен. Билер мен батырлардың хан алдында өзін еркін ұстап, еркін сөйлеуі, ел ақсақалдары мен хандардың сайлануы, 1916 жылғы ұлт азаттық көтерілісі, «Алаш Орда» интеллектуалды оппозициясы, 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі, бүгінгі оппозициядағы саяси партиялардың іс-қимылы – осының бәрі биліктен тәуелсіз болудың тарихи көріністері.

Қазақ 300 жыл Ресей империясының отарлық езгісін көрді, кеңес уақытында геноцид пен қуғын-сүргінді бастан кешті, өз Отанында азшылыққа айналды, туған тілін жоғалтуға шақ қалды. Бірақ қазақ рухани бостандыққа деген құштарлық қасиетінен айырылған емес.

Ғасырлар бойы қазаққа ұлттық тәуелсіздік идеясы – бабалардың рухани өсиетін орындап, тарихи тағдырын өз қолында ұстау арманы дем беріп келді. Біз – Ұлы халықпыз, мұны ашық айтудан ешкім ұялмауы керек! Әлемде көлемі жөнінен тоғызыншы жер аумағын иеленіп отырған, ешкімге ұқсамайтын мәдениеті мен бай тарихы бар халықтың ұлы болмауы мүмкін емес. Қазақ – Еуразияны жаулаған ержүрек көшпенділердің, Ұлы даланың дана билеушілерінің ұрпағы, бабадан қалған рухани байлықтың мұрагерлері. Оған бүгін керемет мүмкіндік – азаттықтың арқасында өзге ұлыстармен бірге алдыңғы қатарлы мемлекет құру мүмкіндігі беріліп отыр.

Бүгінде әлем жаһандық сипатқа ие болды. Бұл әлемде ең жаңа технологияларды меңгеріп, адамның жан-жақты дамуы үшін ештеңе аямайтын ұлттар ғана бәсекеге батыл түспек. Егер қазіргі заманның жаңа талабына дайын болғымыз келсе, егер елдің гүлденуін қаласақ, біз ұлтты модернизациялауды, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруды қолға алуымыз керек. Болашақ иек астында тұр. Оның талаптарына дайындығы жоқ болса, Қазақстан әлемдік қауымдастықтың шаңын жұтып қалмақ.

Азат көшпендінің өр ұланы! Қазақ рухының көгінен саған қазақ халқының ұлы перзенттері – Абылай мен Кенесары, Бөгенбай мен Қабанбай, Махамбет пен Абай, Әлихан Бөкейханов пен Мұхтар Әуезов көз салып тұр.

Ар-намысыңды таптатпа, әруақтар мирас еткен абыройыңды құлатпа, Тарихыңды өзің жаса! Сен өз жеріңдесің, демек тағдыр да өз қолыңда!

Авторлар: Әбдіғали Берік, «Алтынбек Сәрсенбайулы қорының» жетекшісі.
Ахмеджанов Асқар, қордың сарапшысы.

Инвесторлар мен үкімет ойталасқа көшті


Астанада қыркүйектің басында 150 бизнес өкілі ұйымдасқан түрде дөңгелек үстелде бас қосты. «Экономист конференсиз» аталған бұл отырыстың бастамашысы – австриялық «Экономист» журналы болып табылады. Жыл сайын бір елде (былтыр Ресейде өткізген еді) осындай ірі отырыс ұйымдастыру 160 жылдық тарихы бар журналдың ғана қолынан келер шаруа. Оның үстіне аталмыш ашараның әрбір күніне ортаң қолдай компаниялардың демеуші болғандығы жария ақпарға да түсіпті: бас демеушілер – Credit Suisse, Gallaher компаниялары болса, жай демеушілер қатарындағы - Baker&McKenzi, Ernst&Young, Mikrosoft, Orakle, Shel мен Viza секілді ығай мен сыңғайлардың ортасында шымкенттік «Ордабасы» компаниясы да жүр. Бас аяғы жүз елу адамды «Ресксос» президент отеліне жыйған бұл шараның бұрын-соңды форматына куә болмаған едік, бұл жолы да солай болды. Өйткені, екі күні бойы өзара оңаша ой таласқан бизнес пен үкімет өкілдері арасында не болғаны біз үшін де, қоғамдық орта үшін де құпия күйінде қалды. Екінші күні ғана отырысқа премьер К.Мәсімов келер қарсаңда жарияшыларды жыйнаған шара ұйымдастырушылары бізді премьер сөзінен кейін залдан шығуымыз қажеттігін ресми түрде жеткізді және ол осы форумның 1956 жылдан бері келе жатқан дәстүрі көрінеді. Соған қарағанда 1- дөңгелек үстел аталған бұл шара шетелдік (ебропалық) инвесторлар мен қазақ үкіметінің өзара мүдде таластыру отырысы секілді. Оны үстелге үкімет тарапынан отырған «Қазына» онықты даму қоры басқармасы төрағасының орынбасары – Мақсат Қабашевтің, «Самұрық» холдингісінің басқарма төрағасы – Қанат Бозымбаевтың, «Самғау» холдингісінің басқарма төрағасы – Азамат Әбдімомыновтың, Индустрия мен сауда министрінің орынбасары – Қуандық Бишібаевтың, Энергетика және минерал ресурс министрі – Болат Ақшолақовтың, сондай- ақ, елдің бас банкирі – Әнуар Сайденовтың қатысуы біршама жайтты аңғартары белгілі. Әрине, БАҚ көзінен тасада өткен бұл таластан кімнің не ұтқаны бізге беймәлім. Әйтеуір, жария ақпардан түсінгеніміз, шетелдік инвесторлар мен қазақ үкіметінің арасынжда айтарлықтай проблема жоқ көрінеді. Алайда, баспасөз мәслихаты барысында шұқылап сұралған сәттердегі Baker&McKenzi компаниясының өкілі Джон Коннорстың «Премьердің сөзіне қарағанда, күмәніміз сейілгендей» деп екіұшты айтуынан қос тараптың арасында әлдебір салқын лептің барын байқадық. Оның үстіне еброопалық бизнесмендер екі тарапқа қылау түсірмейтін жайттарға заңдамалық басымдықтың қажеттігін, сот жүйесіне тәуелсіздіктің керектігін, өндіріске қажетті халықаралық стандартқа жауап беретін мүмкіндіктер мен жағдайлардың тиістілігі айтылуына қарағанда үкімет пен инвесторлардың арасындағы қатынас бұлтсыз емес. Және де,бұған дейін мұндай шарттарды тізбелей қоймаған бұл шетелдік инвесторлар, өздеріне қатысты қатаңдау талап қойғысы бар қазақ үкіметіне бірдеңе дегісі келетін сыңайлы. Алайда, ол «бірдеңе» делінді ме, жоқ па – айта алмаймыз – отырыс жабық есік жағдайында өтті.
Бас–аяғы он минөтке жетер-жетпес сөйлеген К.Мәсімов те бізді онай салқын лептің барын әйгіледі деуге желеу таппадық, алайда, елбасының үкімет алдына қойған міндеттерін тізбелегеніне қарағанда, тікелей айтылмаған әлдебір қырынқабақтықтың бары рас тәрізді. Оның үстіне келесі күні бұл жағдайдыңжалғасы ретінде премьердің Қашаған мұнай кеніне байланысты шетел инвесторына қойылатын талаптың да шетін шығарғаны бар. Бұл не, қазақ байларының қарнымен бірге тісінің де шыға бастағаны ма, әлде биліктің белгілі ойыны ма? Оны уақыт көрсетер.

ЕЛТОЛҒАМ

немесе біз қалай ел боламыз?

Мақаланың басығына (заголовок) қарап, оқырман мынау қалай сілтер екен деп селт етері сөзсіз. Алайда, соншалықты селтеткізерім шамалы. Бар болғаны – соңғы кезде орыстілді үш азаматтың үш еңбегімен танысу арқылы ұлтқа кімнің қалай бас қатырып жүргені ойландырғанын бөліскім келді. Ол үшеуі – Нұрболат Масанов (марқұм), көшегентанушы, саясаттанушы, этнограф, тарих ғылымының докторы;Нұрлан Әміреқұлов, философ, мәдениеттанушы; Берік Әбдіғалиев, саясаттанушы.
Нұрболаттың ұлт үшін құнды ойлары оның «Мы - маргиналы» деген сұхбатында айтылыпты, оны құнды дейтініміз, Нұрекеңнің қазақ деген халықтың шынайы әлеуеті мен көшегендік сыйпатын ашқандығында; бұл біз үшін қазырғы кезде және болашақта қалай болуымыз керек деген сауалға жауап таптыратын ойлар. Сондықтан да, ол сұхбатты асыға-аптыға қазақшаға қотарып шықтым.
Нұрланның бұрыннан жаңа дәуірге арналған жаңаша қоғамдық формация құру жөніндегі ойларын оқып жүретінмін. Бұл жолы ол өзінің соңғы «Держава неба, или будем счастливы вместе» еңбегінде сол бастамасын жетілдіре түсіпті. Бұл Нұрекең көшегендіктің жаңа дәуірі басталғандығын алға тарта отырып, қазырғы дәуірге соған сай көшегендік сыйпаттағы формацияны қалай құруды сөз етіпті, онысы назар аударуға тұрарлық. Әйтеуір, Солженыйцыйнның «Как обустроить Россиюінен» кем емес. Арқаң қозады,тіпті, бір кездегі дүниені дүрілдеткен көшегендердің ұрпағы ретінде бүгінгі дәуірдің де жалына жармасардай алақаныңды еріксіз ысқылайсың. Оған негіз де жоқ емес.
Ал, енді Беріктің (Ахмеджанов Асқармен бірігіп жазған) «Қазақ миссиясы» аталатын Қазақ ұлтын жандандыру тұжырымдамасы да назар аударуға тұрарлық тақырып. Бұл да енді қалай ел боламыз деген сауалды қаужаған еңбек. Алайда, оған көңіл аударып жатқан қазақтілді қауымды көрмедім.
Шын мәнінде, аталған үш еңбек те орыстілді бауырларымыздыкы. Ауызекі сөзі тым жақсы Берік бауырым оған ренжімесін, тіпті, бұлардың орыстілділігі - солардың артықшылығы да. Өйткені, бұлар Масановша айтқанда - «сарттанған» қазақтар – отырықтанған. Ал, біздер, қазақтілділер, әлі де көшіп жүрміз, яғни бұл жолы ойымыз тұрақтамай, әр нәрсеге алаңдап, көшкен бұлттай сенделісте. Бір де бір қазақтілді азамат мұндай деңгейдегі ой-толғанысқа барған жоқ, әйтпесе, сәті түспей келді. Сондықтан да, орыстілділердің барған тақырыбының өзін сараптауға не шамамыз, не құнтымыз жоқ, әлі де – көшегенбіз. Ал, бұлардың қозғап отырған тақырыбы да сол – ҚАЛАЙ ЕЛ БОЛАМЫЗ?
Алдыңғы екі еңбектің философиялық жүгі басым болғандықтан, оны саралау уақыттың еншісі; сондықтан қазырғы қазаққа тікелей қатысты «Қазақ миссиясына» аз-кем мойын бұруды жөн санадық. Бұл еңбектің басты көздегені – Қазақстандағы басты саяси әлеует те, этнос та, субъект де қазақ халқы, соны дамытуды қолға алу керек деген ой. Сонысымен де бұл, философиялық сыйпаттан гөрі саяси тұжырымдама болып табылады. Алайда, еңбекте нағыз көздеген әрекет тұжырымы айқындалмаған, оның орнына «Жаңа қазақи иденттілікті қалыптастыру үшін әлеуметтік жауапкершілікті көтере алатын жаңа элита, зиялы қауым керек» деген қауқарсыз ұсыныспен тұжырылған. Жаңа элита да, зиялы қауым да уақыттың еншісі екендігі ескерілмеген. Егер біз «жаңа элита» дегенді Нұрболаттың анықтамасына салып ұғып, саяси шешім қабылдауға қауқарлы немесе соған ықпал етерлік жоғарғы топ ретінде түсінсек, онда оның керектігі онсыз да көрініп тұр. Басқа жағынан қарағанда, жаңа элита бізде бар, бірақ ол ұлттан да, халықтан да оқшау, жырақ. Міне, мәселе осында... Тұжырымдаманың осы мәселені шешуге айтары болуы керек еді. Ол жоқ! Бар болғаны «Егер қазіргі заманның жаңа талабына дайын болғымыз келсе, егер елдің гүлденуін қаласақ, біз ұлтты модернизациялауды, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруды қолға алуымыз керек. Болашақ иек астында тұр. Оның талаптарына дайындығы жоқ болса, Қазақстан әлемдік қауымдастықтың шаңын жұтып қалмақ.» деген сықылды әлдекімді қамшылау ғана. Бар мәселе, әлдебір анекдоттағыдай мысықтың құйрығына қоңырауды кімнің байлай алатынында ғой.
Ал, «Жаңа қазақи иденттілікті қалыптастыру үшін әлеуметтік жауапкершілікті көтере алатын» зиялы қауым әзір қалыптасып үлгерген жоқ, біздің зиялы қауым атап жүргеніміз, кеңестік өкіметтің идеологтары ғана. Сол себепті, оны жаңа элита пысқырмайды, менсінбейді. Сондықтан да, олар қанша тыраштанса да, зиялана алмауда. Енді не істеу керек? Бұған бір-екі адамның басы қатып жазған тұжырымдамасы жауап бере алмайды, ол мүмкін емес. Бұл еңбектің құндылығы сол – ұлтты ел болу бағытына бас қатыруға шақыру, үндеу ғана. Ал, одан әрі бұл тақырыпты қауымдасып, қаумаласып қазу керек, дөңгелек үстелге жыйналып, баспасөз бетінде ой таласып, жентектеліп, түрлі топ құрып, бір бірімізбен жарысып, бәсекелісіп, тіпті, алуан қорлар мен ұйымдар құрып қана бірегей ұлттық тұжырымның соқпағы мен әрекетіне түсерміз. Әйтпесе, Нұрболаттың сараптап кеткен көшегендік сыйпатын ескермесек, Нұрланның заман талабынан туындап отырған өзіндік бастамасын пысқырмасақ, Беріктің жасаған тұжырымдамасының құны бола қоймайды.Себебі, қазақтың бағы да, соры да – көшегендікте, соны зерттемей, біз өзімізге дәуір жауабын таба алмаймыз.
Бізге ең бастысы жаңаша әдіспен әдіптелген ірі ұлттық форумдар керек – конференция, бас қосулар қажет. Оған орыстілді, қазақтілді, қытайтілді қазақтар деп жіктелу үшін емес, сол жіктелгендерді біріктіретіндей, бір мақсатқа жұмылатындай, бүкіл ұлт болып бір кісінің тілеуін тілеу үшін емес, соның әлеуетін ғана ашу үшін не насихаттау үшін емес, керісінше, бір ғана қазақ ұлтының жаңа әлемдегі жаңа әлеуетін ашу үшін қам жасауымыз қажет-ақ! Қазақстанға да, ондағы басқа текті азаматтарға да керегі сол, олар оны түсініп отыр, иесіз жерде тірлік кешу оларға да қатерлі екендігін сезіп отыр. Сол үдерісте ғана өзінен өзі элита да, зиягер де пайда болады. Бізге үдеріс (процесс) керек! Ол үшін бастысы бар – ол аталған басқатырымдар, тұжырымдамалар, идеялар. Енді соған назар керек, қолдау мен қолпаш керек, құнт керек! Бастысы – жұмылу қажет.

Діни «тусовка»

Елдің егемен болғаннан бергі өзін әлемге таныстырар саяси жобаларының бірі сөзсіз – әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің форумы. Қазақстан осы шара арқылы әлемнің діндар қауымын өзінің назарына аударумен әйгілі болып алды.
Діндердің өзара саяси шарпысуын батыс өркениетінің туындауымен қарастыруға болады. Бір қызығы, орта ғасырлық және ежелгі шығыс өркениеті діндердің шарпысуын осыншалықты ушықтырмағаны рас еді. Мына жайт, әлемдегі өзекті мәселелердің біріне айналып, оны саяси дүниеге кеше ғана келген Қазақстанның қолға алуы бір жағынан езуге күлкі үйірер жайт болса, екінші жағынан батыл қадам деуге болады. Алайда, байсалды шара үшін көздеген мақсат шынайы болып, оған жетер қадам шалыс кетпеуі керек. Мұндай шараларда ұсақ-түйектің болмайтыны да шындық.
Салиқалы шараға арнайы салынған ғимараттың бұйыруы да тарихи бас изетер көрініс. Оның сәулеттік тұрқын да әжуалау қиын: әлемдік жеті кереметтің бірі – пирамида кейіптес. Дегенмен, бұрын талай барсақ та, оның әлдебір сұсы байқатпаған ба, бүрік (пирамида) ғимараттың ортасынан төменгі бөлігі қара жамылғандай, түгелдей күңгірт қара түске малынған, жарығы аз, түнеріңкі жайт екен, еңсені басты. Дәл бір үлкен мүрдежайдың ішінде жүргендей боласың. Бәлкім,батыстық сәулеткер қара түсті авангарттық жаңалық ретінде философиялық ұя дегісі келген болар, алайда, ақ түсті Тәңірдің шуағы санап, жағымсыз қара түсті іңірге балайтын қазақ үшін жақсы ырым емес секілді.
Оның есесіне бүрікжайдың ұшар басына орналасқан «Бесік» аталатын мәжіліс алаңы сондай жарқын, ақ сәулеге малынып тұр. Міне, сол жайлы орында 18-19 қыркүйекте әлемдік діндарлар құрылтайының хатшылығының VI отырысы болып өтті. Отырысты билеген Қазақстан парламенті сенатының төрағасы – Қасымжомарт Тоқаев, қазақшасын барынша келістіріп, кірісім сөзін баяндап шыққан бойда, орысша мен ағылшыншасын ағызып, діни мәжілісті меңгеріп кетті. Ішіміз қазақы намысқа тырсыйып, одан әрі неге қазақша жүргізбеді екен десек, спикер мырзаның солай істегені жөн екен. Тыңдауышты іліп, әр сөйлеушіге құлақ түргенімізде елдегі тілмаштық кәсіп пен мәдениеттің қандай дәрежеде екеніне көз жетті.
Халықаралық отырыстарда маңызды саналатын тілмаштық қызмет Қазақстанда ақсақ тауықтың кейпінде екен. Орысшасы ағылшыншадан ғана аударылса, қазақшасы әлгі орысшадан тәржімаланып,онысы ауық-ауық үзіліп «бұзық телефон» ойынына түскендей күй кештік. Орысшасы кешіксе, қазақшасы, тіпті, жоғалып кетеді. Әсіресе, ыңыранып, ыңқылдап шыққан қазақ тілмашының дауысы құлақты жыртардай жағымсыз естілгенде, адам баласы мұндай тілді де сөйлейді екен деген ойға қаласың.Әр сөйлеген адам сайын тыңдауышты бір арнадан екіншісіне ауыстырып есіміз тағы кетті.
Осы жерде, елдегі қыруар тілмаштар қайда жүргенін білмедік, тіпті, арабшадан, қытайшадан, жапоншадан тікелей аудару студенттер үшін де жақсы тәжірибе болар еді, неге бұлайша тілдік сенделіске түскенімізді түсінбеген күйі қалдық.Тіпті, Моңғолияның буддалық орталығының тақуасы Хонхорин Бямбажавтың сөзі аударусыз моңғол тілінде қалды, ең болмаса тілмаш боларлық, сол жақтан қаптай оралған қандастарымыздың бірі табылмағаны ма деген есер сауал есті тандырды. Әрине, жағымсыз жақтарды табалау үшін емес, өзгенің өгей көзіне түспесек екен дегеннен шыққан жанашыр үн ғана. Өйткені, мұндай отырыстардың мәдени дәрежесі ас та төк асың мен көк ала көрпеңе қарап емес, әлгіндей «ұсақ-түйек» қызметтердің деңгейімен өлшенетіні рас. Жыл сайын сыйлық пен сыйақы үлестіретін тілмаштарымыз қайда, осындайда?Елдегі бар әлеуетті пайдаланбасақ, әншейінде әнге қосатын көпұлттықтың, көптілділіктің осындайда қызығын көрмесек, не пайда?
Аталмыш отырыс екі жылдан соң болмақ құрылтайдың орны мен күн тәртібін белгілеуге және басқада ұсыныстарды жүйелеп қабылдауға арналған екен. Алайда, ала-құла әлем мен мәдениет өкілдерінің бастарын қосу қандай қиын болса, олардың пікірін үйлестіру де оңай еместігі көрініп тұр. Делегаттардың жартысына жуығы мұсылман екендігін айтсақ, болашақта шешім қабылдарда сан жағынан келіспеушілік орын алуы ықтимал. Оның үстіне, күн тәртібіне байланысты ұсыныс қабылданарда әркім өз қотырын өзі қасып, жайылып кетті. Оны қаны мен әдетіне шыдамдылық сіңірген мәмілегер Тоқаев қана білдірмей отырды. Египеттің Әл-Азхар университетінің ислам зерттемесі бойынша бас хатшысы Шейх Әли Әбдел Баки Шехата батыс тарапынан исламға қатысты әділетсіз әрекеттердің басым екенін сөз етсе, оны одан әрі іліп әкеткен Сауд Арабия королдығы ислам ісі бойынша министрінің кеңесшісі Мәджид бен Әбдел Әзиз ат-Түрки ар-намыс кодексін қабылдауды қолға алуды ұсынды. Қалғандары Қазақстанның басшылығы мен болашақ қадамын мадақтай отырып, өздерінің елі мен сенімдерін көбірек таныстыруды мақсат тұтса, Израилдің Әшкеназиялық бас раввині Әлкана Холзер болашақ құрылтай жөніндегі нақты шешімді осы жолы қабылдау керектігін айтып, белсенді. Келесі құрылтайды Иерусалимге өткізу ұсынысы да берілді.
Осының бәрін тыңдай отырып, бұған дейін басқа бір ел осындай алапес мүдделі әлемдік діни қауымның басын неге қоспады екен дегенге жауап алғандай боласың. Өз еліміздің діні мен тінін ширатып алмай тұрып, иман-сенімі әр құбылаға құбылған алашымызды жұмылдырмай тұрып, мынадай аламанға бас тігуіміз қаншалықты нәтижелі және абыройлы болар екен деп те тіксінесің. Өз еліміздің ала-құла діни топтарын жөнге салатындай діни саладағы отырыстар болмағасын, әлемдік аядағы әрекетке аяқ басқанымыз қаншалықты құтты болар екен?! Бұл бастамамыз әншейін діни “тусовка” емес пе?

АСТАНА МЕН БАСПАНА

Қазақтың белгілі ақыны Қасым Аманжоловтың мәйекті өлең жолдарын арқау болған қазақ астанасындағы баспана мәселесі ХХІ ғасырдың басында ушықпаса бәсеңдемей тұр. Қаңыраған ауылдардан шұбырған қазақтар мен Қазақстанның майлы шелпегіне ұмтылған өзге жұрт өкілдері күннен күнге құрылысы құлпыра түскен астанамыздың демографиялық байлығы болумен қатар, мәселесі де болуда. Ресми түрде жеті жүз мың тұрғыны саналатын Астанада қазырғы кезде бейресми бір миллионға тарта адам тұруда. Мұның барлығы да баспаналы болуға үміткерлер.
Алайда, парламент мәжілісінің сайлауы өткен бойдан ауарайындай құбылған ипотекалық несие саясаты баспанасыздардың аспанына қою бұлтты төндіре түсті. Бұған дейін бірімен бірі жарыса жарнамалаған несиенің пайыздық мөлшерлемесі жылдық талабы жиырмалық көрсеткішке жетті. Оның үстіне ипотекалық несие беретін банктердің саны күрт азайып, үш-төрттен аспай қалды. Осыған байланысты Астана жерін бауырдай тіліп, тұрғынжай салуға құмар талай құрылыс фирмаларының да шынын айтатындай жағдайы туындауда: құрылыстары жүрмей, алдын ала пәтер алушылар тыйылып қалды.
Сондықтан да болар, дереу түрде Қазақстан құрылыстандырушылар қауымдастығының өкілдері Астанада өздерінің баспасөз мәслихатын өткізгені. Аталмыш қауымдастықтың Кеңесінің төрағасы А.Рахымбаевтың айтуынша, ипотекалық несие беру тоқталмайды, бар болғаны талаптық мөлшерлеме пайызы жоғарылаған күйде берілмек. Бұл уәж олардың осыған дейін банктермен арада өткен дөңгелек үстелдің нәтижесінде айтылып отыр. Басқа жағынан алғанда, бұл саясат бұған дейінгі Ұлттық банк тарапынан елдегі тұрғынжай құнын қомпайтуға қатысы бар ағыл-тегіл ақшаны азайтып, оның барынша қадырын арттыруға байланысты айтып келген пікіріне де саятын түрі бар. Бірақ Астанадағы баған сайын несие берілетінін қабарлайтын қағаздар сиреген түрі жоқ. Бағандарды әшекейлеп, баспанасыздардың көкейін қытықтап желбірей түсуде.
Екінші жағынан тұрғынжайды бастап, аяқтай алмай, баспанасыздар мен банктердің бас ауруына айналған компаниялар да жеткілікті болып отыр. Осындай бас ауруға кәзірде Астана бойынша 21 тұрғын үй кешені бар көрінеді. Мұндай нысандар көпшілігі қолбала бизнесмендердің туындылары екендігі тағы белгілі.
Сонымен шаршы метрінің орташа бағасы 1300 АҚШ долларының шамасында тоқтап, Астананың болашақ баспаналарының орташа бағасы не арзандамай, не одан әрі қымбаттамастан қатып тұр. Алайда, баспасөз мәслихатын ұйымдастырған мырзалардың айтуынша, бас қаладағы баспананың құны арзандап жарытпайды, уақытша ғана үдерістің артын баққан сыңайы бар.
Аталмыш ахуал, биліктің баспана саласындағы басты көзіріне айалған мемлекеттік бағдарлама бойынша арзан бағамен ипотекалық несие арқылы пәтер алуға қол іліктіргендер үшін де жайсыз болып тұр. Астанадағы қаңқу сөздерге қарағанда, (әрине, ресми ақпарат алудың әзірге мүмкіндігі жоқ) қыркүйек айынан бастап, пәтерлеріне бас сұға бастауға тиісті тұрғындардың жағдайы ауырлап тұр. Нақты ешбір шешім де, қолға түскен пәтер кілті де жоқ. Бұл бағдарламаны іске асыруға қатысқан мемлекеттік коиссия өз миссияларын бітіріп, Астана қалалық тұрғын үй департаментіне тізгінді беріп, өздері бытырап кеткен түрі бар. Алайда, ол комиссияның шешімімен пәтер иеленуге тиісті кейбір азаматтардың астыртын да абай пікіріне қарағанда, әлгі шешім әлі де талай құбылатын түрі бар: алуға тиісті пәтер бөлмесі азаюы да, болмаса тұрғын алаңы кішірейіп кетуі де ғажап емес.
Сөйтіп, астанадағы баспана мәселесі дағдарған күйде. Ең бастысы, жұртты көз құрты мен көз қуанышына қатар айналған сол пәтерлер қара базарға түсіп кетпесін деңіз.

Елеңдеткен «електрондық үкімет»

Әрбір тоқсан сайын үкіметте қарау дәстүрге айналған «Электрондық үкімет» мемлекеттік бағдарламасының жайы осы дүйсенбіде мәжілістегі «үкіметтік сағатта» сөз болды. Президенттің жарлығымен бекіп, үшжылдық мерзімге арналған бұл бағдарламаға кезінде 51 млрд теңгеден астам қаржы бөлу қарастырылған еді. ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің төрағасы Есекеев Қуаныштың айтуына қарағанда, әзірге соның 18 млрды ғана игерілген. Еліміздің бас ақпараттандырушысының баяндамасына бергісіз, 7 беттен тұратын жария-ақпардан (пресс-релиз) түсінгеніміз, аталмыш агенттіктің бұрынғы міндеттері мен құзыры «Самұрық», «Самғау» холдингтері мен «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның арасында бөліске түскен сыңайы бар. Тіпті, кәзіргі заманғы байланыс саласының басты тетігі болып саналатын спутниктік сегментті дамытуды да Ұлттық ғарыш агенттігі қанжығасына байланыпты. Қысқасы, ісіне жаңа кіріскен мәжіліс үкіметтегі биліктің де жаңа бөлістерге түсіп жатқанына куә болды.Осыған қарағанда, жаңа құрылымдар қаржы мен әлеуетті бөлісумен уақыт «ұтып» жатқан сыңайы бар.
Баяндаманың барысында көзіміздің жеткені: бүгінгі күні «электрондық үкіметтің» мүшесі болып саналатын портал жасақтау ісі бойынша бес министрлік пен үш облыс әкімінің ғана порталы бар болып шықты, қалғандары халықты жай ғана жайдақ сайттармен алдаусыратып отыр. Баяндамашының айтуынша, жасалған істің нәтижесі құжатайналымды жақсартыпты: 2006 жылы ведомоствааралық құжатайналым орталығы 7500 электрондық құжат өткізсе, осы сәтте бұл көрсеткіш – 14301 көрінеді. Порталға кіру қарқыны да біршама: қаңтарда -350, сәуірде – 500, ал 12-шілдедегі көрсеткіш – 7022 адам болыпты. Сірә, соңғы көрсеткіш, президенттің халық алдына интернетке шығу құбылысының нәтижесі болар, бірақ оны агенттік өз ісінің нәтижесіне айналдыра қойыпты.
Алайда, халықтың бұл саладағы қараңғылығы да алаңдатар міндет екені рас, елдегі интернет пен электрондалған ақпарат пайдалану мөлшері азаматтардың 5 пайызынан аспауда. Бұл жағдайда қандай керемет технология әзір болса да, ақапарат қолданатын бұқара бұл іске дайын болмаса, мұратқа жетудің ауылы алыс. Бұл саладағы жүйелі жұмыстың ізі байқалмайды, жұмысқа жарамды сегіз миллиондық қазақстандықтардың ішіндегі 5 пайызынан басқасын жуық арада оқытып бітіру мүмкін емес, өйткені, оған халықты жаппай оқыту жүйелері әлі пайда болмаған. Бар болғаны 512 тұрақты компьютерлік сыныптарда небәрі 880 оқытушы жұмыстануда. Биылғы 2 шілдеден бастап ел бойынша 2512 компьютерлік сыныптарда халықты электрондық ағарту қолға алыныпты. Алайда, әлгі орталықтарда 15 тамызға дейінгі оқығандардың саны, бар болғаны – 116442 екен. Бұл саланы жандандырудың бір жолы бар, ол – бұқараны қоғамдық ұйымдар арқылы электрондық сауаттандыру, алайда, бұл сектормен жұмыс істеп көрмеген агенттік, әрі тиімді, әрі арзан да нәтижелі ондай әдісті білмесе керек.
Ақпараттандыру агенттігінің қызметін елдің даму деңгейі ретінде ұстана отырып, мәжілісмен Нехорошев Владимир Анфианович бір сөзбен «Елдің Сингафурмен салыстырғандағы деңгейі секілді, ауылдың интернетпен арадағы қатынасы да шамалас» деп мысқылдай қорытты. Депутат бұл сөзімен үш жылға межелеп, асығып-аптығудың орнына аталмыш саладағы мамандар даярламай, ештеңеге қол жеткізудің бола қоймайтынын жеткізгісі келгені еді.
Шынында да, ақпараттандыру саласы депутаттар құрамының аталмыш отырыстағы белсенділігімен де көзге ұрып тұрды: өздерін судағы балықтай сезініп, сұрақты үсті-үстіне жаудырған негізінен славянтекті депутаттардың болуы да білгілі бір қисынның шетін шығарғандай. Соған қарағанда, электрондық үкімет мәселесі елдің бұл саладағы жаппай сауаттануға көшуі тиісті маңызды мәселесін қамтуы тиіс секілді. Әйтпесе, аталмыш мәселе, «әруақыттағыдай» болып шығуы кәдік.