понедельник, 24 декабря 2007 г.

ТІЛ МЕН СӨЙ

Тіліміздің тілегін қолға алғалы оңды-солымызды байқауға мұршамыз келместен, жүйесіз әрекетпен мәселенің мұхитында малтып келе жатқандаймыз. Қай мәселені де шешу үшін оның қатпарын сараптап бажайламайынша, қыймылымыз қарабайырланып, әрекетіміз әлемтапырық күй кешпек, ал нәтижесі мандымастан бір орында таяқ қамшылаған баладай, өзімізді өзіміз алдаусыратып уақыттан жұрдай боларымыз хақ. Кез келген іске қажетті ғылыми кірісімнен ада боламыз. Қазырғы тіл майданындағы халымыз да сондай.

Тіл мен речь
Тіл мәселесіне бойлап, мәселеге мән беру үшін «тіл» ұғымының өзіне үңіліп, «тілге» берілген танымал анықтамаларға назар аударайық:
тіл – барлық сөздер мен грамматикалық формалардың және айтылым ерекшеліктерінің жыйынтығы;
тіл – виртуәлдік (абстракция ретінде болатын), әлеуметтік қауқар (потенция);
тіл – халықтың қатынас құралы, бұл - әлеуметтік құбылыс («Русский язык и культура речи», В.Я.Гольдин, О.Б.Сиропотина, М.А.Ягубова, 2003г);
тіл – адам қауымында стихиялы түрде туындаған, қатынас мақсаттарына арналған және адамның әлем туралы білімдері мен ұғымдарының барлық жиынтығын бейнелеп жеткізуге қабылетті дискретті (жіктелмелі) дыбыстық таңбалардың дамымалы жүйесі (Үлкен кеңес енсиклопедиясы).
Бізге керегі де және бұл ұғымға тиісті тиянақты тоқтам да анықтамалардың соңғы нұсқасы деп ойлаймыз. Қысқасы, тіл – адамаралық қатынастың белгілі бір жүйесі. Бұл жағынан қарағанда, жүйе ретінде тіл өлуі де, қайта тірілуі де, тіпті, жасалуы да әбден мүмкін. Мұның мысалдары жеткілікті. Мысалы, қайта тірілген ебрит тілі шын мәнінде тілдік жүйе ретінде өлген емес, оның заңдылықтары мен жүйелік сыйпаттары сақтаулы болатын. Алайда, сол «өлген» тілдің қолданысқа түсуі шын мәнінде тілдің қайта туылуы емес, лингвистикалық ғылым саласында «речке» айналуы болатын. Қарапайым ұғымдағы тілдің «өлуі» дегеніміз – ғылымша айтқанда, тілдің қолданыстан шығуы ғана. Егер де әлгі тілдік жүйеге қажетті жағдай жасалса, ол қолданысқа түсіп, «речке» айналады, яғни тіл «тіріледі».
Өкінішке орай, әлі күнге тілдік қолданымның термині болып саналатын «речь» ұғымының қазақша баламасы болмағандықтан, бұл пәнсөз (термин) біздің ұғымымызда қолданыста болмай келе жатқаны өз алдына, тілдік ғылымның тұтас бір пәнінің дамуына кедергі келтіріп келеді. Өйткені, терминнің өзі ғылыми бірлік екені рас.Бірліктің өзі болмаса, нысанның дамуы да мүмкін емес. Кәзіргі күні «культура речи» пәні қазақша «тіл мәдениеті», «сөз мәдениеті» деген тиянақсыз сөздермен берілгенімен, пәннің мәні түсініксіз қалуда. Ғылымда «языковая культура», «речевая культура» деген салалар бар, ал бұлар қазақ тілінде «тіл мәдениеті» ретінде бір ғана саланы қамтып ұғынылып отыр. Оның үстіне қазақ тілінде «жазбаша речь» (письменная речь), «ауызша речь» (устная речь) мәселелері де өз деңгейінде ашылмай келеді.
Жоғарыда «тіл» ұғымына тоқталдық, ал «сөздің» лексикалық бірлік екенін ескерсек, оны бүтін бір ғылыми пәннің жүгін көтеретіндей термин ретінде қолдану ғылымды да, ұғымды да тұйыққа тірейді. Речь дегеніміз – тілдің қолданым сыйпаты, ал біз оны сөз, сөйлеу, тіл секілді сөздерді жамыратып, қалай атауды білмей жүрміз.
Тілімізде «речке» балама болатындай лексикалық бірлік бар, ол – «сөй» сөзі. Бұл, тіпті, архаистік сөз де емес, кәдімгі кәзіргі қолданыстағы, соншалық мән берілмей келе жатқан бірегей лексикалық материал. «Сөй» сөзі қазақ тілінде тілдік қолданыс сыйпатын білдіретін бірден бір ұғым, сол сыйпатты беретін көптеген сөздердің түбірі және ежелгі бірбуынды әмбебап ұғымның нұсқасы: сөйлеу, сөй деу, сөйлем т.т. Мұның ағылшын тіліндегі нұсқасы «сей» (say) түрінде сақталған. «Сөй» сөзі термин болуға әбден лайық және «жазбаша сөй» мен «ауызша сөй» түрінде тілдің алуан қолданыстық сыйпатын бере алады.

Тіл майданы
Сонымен, белгілі бір тілдің қолданысы, яғни «тірлігі» дегеніміздің өзі – оның жазбаша және ауызша қолданым сыйпатымен айқындалатын үдеріс (процес). Ендеше, тіл мәселесінің ұлы майданға айналу себебінің өзі, оның жоғарыда аталған салалардың тиянақты қолға алынбау көрінісінен туындайтын жайт. Демек, неғұрлым тіл майданы өршіген сайын, соғұрлым тіл мәселесінің тиянақты да нәтижелі көрінісі мардымсыз деген сөз. Нақты әрекеттің орнын желбуаз да шайпау сөзуарлықтың басқаны. Қорыта келгенде, тілдің сөйге айналуы дегеніміздің өзі – тілдің өмірдегі нақты қолданысы. Ендеше, мемлекеттік тілді дамыту мәселесін қолға алғанда, тілдің жазбаша да, ауызша да сөйге айналу үдерісі деп түсінетін уақыт жетті.

Сөй
Жазбаша сөй (письменная речь) – тілдің жазылымдық қолданысы. Мұның өзі сан алуан саладағы жүзеге асуына қарай сәйкес түрде сан салалы болып келеді. Соның бірі – ісжүргізім (делопроизводство). Елдегі мемлекеттік тілді дамыту көрінісі ретінде істеліп жатқан басты шара болып мойындалған Ісжүргізім шын мәнінде жазбаша сөй мәселесінің бір қыры ғана. Алайда, біздің оны тілді дамытудың басты көрінісі деп көрсетуге тырысқанымызбен, бұл мәселенің көктей қояр түрі жоқ. Себебі, жазбаша сөйді ауызша сөйсіз елестету де, дамыту да, қолға алу да мүмкін емес. Әрі беріден соң жазбаша сөй дегеніміз – ауызша сөйдің жазбашалық нұсқасы екені рас. Осы заңдылық орындалмағандықтан да, біздің ісжүргізім айналасындағы атқарған әрекеттеріміздің бәрі де аудармалық алданыштан әріге аспауда.
Қысқасы, тілдің сөйге айналу құбылысы бір біріне өзара тығыз байланысты, оның жазбаша және ауызша нұсқаларының қолданысқа түсуінен туындайтын үдеріс қана. Ал, үдеріс үшін желбуаз идеология да, фестивәлдер де керек емес, жағдай мен ұйымдастыру шаралары және тиісті талап қана болса жеткілікті. Бір қызығы, мемлекеттік дәліздердегі мемлекттік тілді дамыту мәселесі сөз болғанда, неге екені белгісіз, сол органдардағы тіл білетін әлеует қарастырылмай, сол орган жайғасқан елді мекендердегі этностық есеп-қыйсаптың тілге тиек болатыны түсініксіз. Мұнымыз, әбзелдің әдемілігі мен жайлылығын аттың бар-жоқтығына байланыстыра қарастырғандай, қыйсынсыз шаруа екені айан. Әлде, бұл да мәселенің мәнін басқа жаққа бұрумен уақыт ұтудың тырбынысы ма екен?!

Сөйлік орта
Кез келген тілдің сөйге айналуын Қазақстандағыдай маңдай тіреп отырған жаппай оқыту жүйесі емес, сөйлік (тілдік) ортаның қамтыйтыны белгілі. Бұған талай мысал да, дәйек те келтіруге болады. Ал, тілді оқыту құрылымдары бар болғаны қолдау құралы мен тіл білімін тиянақтау тетігі бола алатыны рас. Алайда, оның тиімділігі алдын ала қарастырылмаса, миллиардтаған қаржының жай ғана желбуаз мылжыңға айналатынын көз көріп отыр.
Тілдік орта дегеніміз – сөйлік әлеует. Сондықтан да негізін жеті жүз мыңдық ебреймен құрған кәзіргі Изрәйл мемлекеті әлгі жеті жүз мыңның әрқайсысын ебрит тілінің сөйлік ортасының бөлшегіне айналдыра білді. Ал, Қазақстандағы кемінде бес миллиондық қазақтілді қазақтардың мұндай сөйлік орта ретінде айналысқа жаратылмауы тілдік саясаттың қаншалықты түзу екені турасында күрсінте ойландырады.
Іс жүзінде қазақ тілі үшін сөйлік ортаны қалай жасақтауға болар еді? Әрбір мемлекетті, коммерциялық және басқа да ұжымды қазақтілді адамсыз елестету қыйын, қазақ тілін білетін азамат жеткілікті. Бірақ, мәселе әлгі қазақтілдінің азаматтық құқығы аяққа тапталып, оның өз тілін мемлекет ісіне жарату мәселесінің туындап отырғаны өз алдына, аталған әлеуетті мемлекеттік тілді дамытуға толық жарату мүмкіндігі қарастырылмай келе жатқандығын мойындайтын уақыт жетті. Мысалы, әрбір қазақтілді маманның өз ойын мемлекеттік тілде білдіруіне мүдде білдіріліп, тіпті міндеттелсе, онда әрбір ұжымда толық түрдегі қостілділік ахуал қалыптасар еді: қазақтілді адам қазақ тілінде, орыстілді азамат сол тілде ресми қатынас жасай алмақ, алайда, елімізде орыс тілін түсінбейтін адам жоғын ескерсек, орыстілді азаматтар мемлекеттік тілді меңгермесе де, ауызекі қарапайым нұсқасын ұғары белгілі. Ұқпаған күннің өзінде олара сол талап міндеттелуі шарт. Қостілділік дегеніміз де, мемлекеттік тілдің дамуына алғышарт дегеніміз де, қоғамдық және этностық келісім де - осы!
Мұның үстіне, әрбір ұжымның сөйлік ортасы бақылауға түсуі шарт, өңкей біртілді ұжым болмауы керектігін, ескерген жөн. Сөйтіп, осы көзқарас барынша мемлекеттік тіл пайдасына үдетілген сайын, оның қоғамнан да, сөйлік ортадан да алатын орны ойыла түседі. Алайда, біздің елде әзірге нақты істен гөрі жалпылама жадағай сөзуарлықпен «тіл асырау» орын алып отырғанын жасыра алмаймыз. Бұл саладағы пәрменсіздік пен құзырсыздық, тасырлық пен қасаңдық, құлдық пен ұрлық тіл тақырыбын әбден жауыр қылып, дискредитацияға ұшыратты.
Аталған істі атқаруға соншалықты заң да, басқа да пәрменнің керегі шамалы, әрбір министрлік өз саласы бойынша кәзіргі заңдамалардың негізінде бұйрық шығарса – жеткілікті! Ал, бұл үдерістің бәрін тіл мәселесі бойынша уәкілетті орган қолға алуға міндетті. Белгілі бір мерзім сайын тұрақты түрде жасалатын мониторинг нәтижесін қоғамға жариялап отырса – бітті! Бұл әрекет тіл мәселесіндегі тиянақты мүдденің барын қоғамға сіңіріп, оны амалсыз бет бұруға мәжбүр етеді және ешкімнің де құқығы шектелмейді.
Қысқасы, сөйлік орта мемлекеттік тілді дамытудағы басты саяси тетік ретінде қолға алынса ғана, ондаған тіл үйрету орталықтарының тиімділігі артады. Олар бюджеттің миллиондаған қаржысын нәтижесіз өткізу орталығы болудан қалады. Әйтпесе, қазыр сөйлік орта өрт шалған тоғайдың кейпінде, барған сайын қуырылып барады, тілдік кеңістік күн сайын тарылып барады, тілдің сөлі кетіп, қуара түсуде. Тіл мәдениеті де, сөй мәдениеті де, мәселе болудан абсурдқа айнала бастады.
Сөйлік ортаның бұл саладағы басты инфрақұрылым екендігінде сөз жоқ, мәселе мемлекеттік саясатты соның пайдасына бұруда ғана, тілді қыруар шығынның көзі болудан құтқаруда, саясатты тіл майданынан арылтуда, саяси ерікті даудан арашалап, іске жұмылдыруда.