четверг, 26 июля 2007 г.

ШЫРҚАУ МЕН КҮЙРЕУ

Кландық экономиканың қалыптасуы
Қазақстанның «Әуелі – экономика, сосын – саясат» ұстамымен дамып, соның белгілі бір нәтижесіне кенеліп отырғаны рас. Мұның тарихи ақталған принцип екендігін президент Н.Назарбаев та атазаңды өзгерту жөніндегі ұсынған баяндамасында мақтанышпен атап өтті. Әрине, саяси субъектісі толық қалыптаспаған қоғамда бұл ұстамға балама бар деу артық. Бұл ұстамды ұстанбаған Қырғызстанның кәзіргі кездегі жағдайы бұған куә. Алайда, Балтық бойындағы елдердің өз тәуелсіздіктеріне «Әуелі – саясат (яғни тәуелсіздік), сосын – экономика» ұстамымен қол жеткізуі де, сол халықтардың саяси субъект болып әбден пісіп-жетілгендігінің айғағы еді.
Алайда, экономиканың да экономикасы бар. Біздің меңзеп отырғанымыз, әрине - ТМД-дағы дөрекілеу аталып жүрген (қазақшасы, тіпті, келеңсіз – нарықты) “рыйнокты”, ал халықаралық әлемде “ырықты” (либералды) аталатын экономика. Бұл экономиканың бастауына Қазақстандағы жекешелендіру үдерісінің жабайы сипат алғанын айту ешкімді де соншалықты күнәһар етпейді. Базардағы иесіз тауарға таласқандай күй кешкеніміз кеше ғана. Алайда, болашақ капиталистердің жасақталуы да асқан «ұйымшылдықпен» өткізіліп, кімнің баюы тиіс, кім оған жалшы не құл болады деген мәселелер де ың-шыңсыз түрде, халықтың саяси жетілмегендігінен жүзеге асып тынды.
Осы кезеңде, тек қана аса байып, алпауыт болғандар мен солардың билігін орнату ғана тиімді екендігі уақыттың еншісі болды да шықты. Сөйтіп, Қазақстан да ТМД елдеріндегідей пландық экономикадан кландық экономикаға көшіп тынды және оны “ырықты” деп емес, “рыйнокты” экономика аталуы да қисынды еді. Елдегі әрбір кәсіпкерлік жаңалықтың артынан кландық мүдденің сығалауы заңдылыққа айналды. Осылайша, елде ұлттық саяси субъект емес, кландық субъект қалыптасып, дамыды.
Бірақ елдегі экономиканы “ырықты” деп атауға сол кезде де, кәзір де болмайтын еді. Ырықты экономика қабылданған заңдарға сүйенген үдерісте болса, Қазақстанның «нарықты экономикасы» кландар мен кланшалардың мүліктік айналымы ретінде қалыптасып, экономикалық заңдылықтардың бәрі де солардың мүддесі мен тілегіне бағындырылған. Бұған Ақтау қаласындағы жиында мемлекет мүддесін қорғаған Антимонополиялық комитетті басқарған Ораз Жандосовтың мәселені заң аясында қоюына қанағаттанбаған Машкеевичтің наразылығымен-ақ, оның орнынан алынғаны дәйек еді.

Кландық биліктің нығаю кезеңдері
Егер ел дамуын сатылап қарастырсақ, 1991-1995 жылдар кезеңінде Қазақстанның ішкі ахуалы саяси және экономикалық жағынан арбасуды бастан өткізді. Бұл кезеңнің басты нәтижесі – елде демократиялық және ырықты экономикалық алғышарттардың қалыптаса бастағаны еді. Алайда, бұл үдеріс келесі кезеңнің шаңын қауып, нәтижесіз қалды.
Келесі 1996 – 2000 жылдар кезеңінде Қазақстанда кландық экономика қалыптасып, кландық билік нығаюмен болды. 1997 жылғы Қажыгелдин бастаған оппозицияның туындауы, енді дами бастаған кландық экономикаға қоғамның қарсылығы мен ұлттық буржуазияның алғашқы бой көрсетуі еді. Ал, 2001 жылғы «жас түркілер» туындатқан оппозициялық күштердің тууына себеп болған басты фактор – бұл кездегі кландық биліктің нығаю көрінісіне деген ашық қарсылық болатын. Алайда, елдегі қоғамдық-саяси үдеріс экономикалық үдерістің қалқасында сонша әлжуаз болғандықтан, саяси өрістегі бұл қозғалыстың әсері ойдағыдай болмады. Бұл қарсылықтар танкке ат үстінен қамшы үйірумен бірдей еді. Аталмыш дүмпу ұлттық буржуазияның қалыптасқандығын және оның кландық супербилікке қарсы тегеурінді бой көрсетуі болатын. Бұл – елде қалыптасқан ұлттық буржуазияның кландық топтардан ара жігін ажырата бастауы еді.
2001-2006 жылдар аралығында Қазақстанда кландық билік салтанат құрып, саяси үдерісті қолдан жасауды әбден игеріп, оның жемісін емін-еркін тойлау мүмкіндігіне ие болды. Осылайша, кландық экономика мен билік өзінің дамуының шырқау шегіне жетуде. Мұнымен бірге елде шынайы ырықты экономиканың дамуы мен демократиялық үрдістің қалыптасуы бұл ахуал жағдайында мүмкін еместігі белгілі болды. Бұл жағдайда саяси өрістің жойылғандығын ұққан кейбір саяси күштер кландық билік ұсынған ойынмен қанағаттануды амалсыз місе тұта бастады.

Кландық мүдденің құрсауы
Кландық билік пен экономика жағдайында ырықты экономиканың субъектісі де дамымайтыны көзге түсуде. 60 миллион халқы бар Англиядағы шағын кәсіпорын саны – 11 миллионнан (5,5 адамға бір кәсіпорын) асса, 15 миллиондық Қазақстан үшін бұл саладағы 2007 жылғы 1 қаңтарға тіркелгендер саны - 839,7 мың (17,9 адамға бір кәсіпорын). Алайда, тіркелгендер мен шынайы әрекеттегілердің айырмасы және бар; олардың сапасы туралы әңгіменің жөні тағы бөлек. Бұл - азаматтардың саясатқа негіз боларлық ырықты экономиканың қаншалықты субъектісі екендігінің көрсеткіші және олардың кландық экономикадан қаншалықты тәуелсіз екендігінің де көрінісі.
Шын мәнінде, Қазақстанда ырықты экономикадан гөрі, кландық менеджментке бағынған, сауда-саттыққа негізделген «нарықты экономика» ғана орнаған. Сол себепті де, кландық экономика жасақтайтын бюджеттің қампаюына көрсетілетін қызмет пен тауар құны тәуелді болып, ырықты экономиканың тұрпаты көрініс бермеуде. Базарда шынайы бәсеке болмағандықтан, бюджеттегілердің жалақысы көбеюмен бірге, базар нарқының шарықтауының байланысы, елдегі бизнес пен биліктің сыбайласып жатқандығының нағыз көрінісі болуда.
Қазақстандағы қор базарын дамытуды азаматтардағы ерікті сананың болуымен тығыз қарастырған абзал. Егер орта және шағын кәсіпорын елдің ырықты экономикасының негізі болса, ал қор базарының қалыптасуы – елдің ырықты экономикасының ерікті санаға айналу көрсеткіші. Бұл жағынан алғанда, азаматтарға құнды қағаздың не екенін насихаттау арқылы қор базарын дамыту далбаса болып шығады. Бұл үдеріске ерікті сана көрінісі тұрғысынан көзқарас керек, яғни аталмыш жайт, елдегі шынайы ырықты экономика мен ырықты саясаттың кіріккен жемісі болып табылуы тиіс.
Оның үстіне, қазақстандық кландық экономиканың жаны – сыбайлас жемқорлық. Сол себепті де, елдегі коррупциямен күрес дегеніміз – кландық экономикамен күрес болып табылады. Сондықтан да, бизнес пен билікте бәсекелестік жоқ, оның орнына бөлісімпаздық қана бар. Бәсекелестік барда, адамның қоғамдағы әлеуеттік қауқары ашыла түседі, ал бәсекелестік жоқ қоғамда адамның әлеуеті өзіне жау болып таңылады. Мұның мысалы жеткілікті. Сондықтан да біздің елде жоқтың орнын сөзбен толтыру саясатын жүргізуге мәжбүрлік қана бар.
Миллиондаған азаматтар тұрмыстық табыс жағынан бюджетке қарап отырса, мыңдаған адамдар кландық экономикалық құрылымның тетіктері болуға әбден мойынсұнған. Әлеуметтік жағынан осыншама тәуелді халықтың елде азаматтық қоғам құруға құлқы да, қауқары да жоқ. Демек, қоғам тарапынан Қазақстанда орнаған кландық билікке жуық арада қатер төнуі неғайбыл. Өйткені, елдегі басты саяси субъект де, объект де - кландық биліктің өзі. Осылайша, Қазақстанда орнаған өкіметтің мәні – кландық, сәні – әлеуметтік, тәні – құлдық болып отыр.

Кландық топтар мен ұлттық буржуазия
Елдегі саяси өзгеріске ден қою үшін, айналада болып жатқан оқиғаларды айналып өте алмаймыз. Кландық биліктері қалыптасқан Гүржістан, Украина мен Қырғызстандағы төңкерістердің төркіні неде? Бұлардың барлығына ортақтық – олардағы кландық билік пен ұлттық буржуазияның біртұтастығында. Яғни, бұл елдердің кландық билігі де, ұлттық буржуазиясы да бір бірінен ажырамастай қалыптасқан. Сондықтан да, билік басына келген украиналық жаңа буржуазия өзара тәжікелессе де, украин мүддесін жалау етуде. Ал, Қазақстан кланы кландық монолиттен ажыраған ұлттық буржуазияны қудалаумен, саясатқа жолатпай, экономика саласында бақылаумен ұстап, ығыстырумен келеді. Қазақстандағы кландық билікті ұлттық буржуазия деуге келмейді, этностық сипат жағынан да, ұлттық мүдде тұрғысынан да, қазақстандық кландық жүйе әбден дербестенген, қоғамнан оқшауланған және өздерін ұлттық буржуазия ретінде есептеуге негіз қалдырмаған топтардан құралып отыр. Егер төңкеріс болған бізбен тағдырлас елдерде кландар мүддесі мемлекеттік мүддемен астасып жатса, қазақстандық кландар мүддесі ұлттық, яғни мемлекеттік мүддеден жоғары тұр. Соңғының ерекшелігі де, мықтылығы да сонда.
Әлгі аталған елдерде болған революция сол елдер үшін сонша қауіпті емес, бар болғаны олардың ұлттық буржуазия топтарының өзара тайталасуы мен белгілі бір дәрежедегі келісімі деңгейіндегі оқиғалардың өрбуінен тұратын үдеріс қана жүруде және мұнымен бірге сол халықтар бойларына демократиялық үдерісті сіңіретіндей ахуал қалыптасуда. Бұл жағдай тәуелсіз елдерге тән халықтың саяси субъект болып дамуын жеделдетпек. Ал, саяси субъектілік - қай дамудың да кепілі!
Қазақстанда қалыптасқан ахуал ешбір оппозициялық талпыныстың нәтижелі болуына орын бермейді, өйткені, саяси субъектінің қалыптасуына кландық билік жол бермеуде және қоғамдық-саяси өмірдің кеңістігі түрлі құралдармен және заңсыздықтармен талқандалған. Мұндай жағдайдағы саяси оппозицияның тірлігі: барлық жағдайы бар бөлмеге қамалған баланың ойыны секілді немесе ойын алаңы жоқ балалардың көшедегі темір-терсекті ермек қылғандай қылығын елестетеді.
Капитализм жағдайында ұлттық буржуазия - мемлекеттіліктің басты факторы болып табылады. Қазақстандағы ұлттық буржуазияның әлжуаздығы қазақ халқының ұлт ретіндегі мүддесінің көз бе көз аяққа басылуынан да көрінуде. Қазырғы заманда ұлттық буржуазиясыз ешбір ұлттың да, мемлекеттің де даму мүмкіндігі жоқ. Бұл жағынан алғанда, ұлттық буржуазия ұлттың рухани-материалдық баскері (лидері) болып табылады. Қазақ ұлтының сөзін сөйлейтін топтың қазырғы ахуалы 20-ғасырдың басындағы алашордашыл топтың әлеуетінен әлдеқайда төмен екендігі айқын. Қазақстандағы бас көтерген әртекті буржуазияны қолдан жасақтап, өз қолтығына қысу арқылы және елде көпұлттық жасанды сипат орнату арқылы, кландық билік қазақ ұлтының саяси субъект ретінде қалыптасуына қасақана түрде кедергі болуымен өзінің табиғаты ұлттық буржуазия еместігін дәйектей түсуде. Бұл жағынан қазақ кланының табиғаты – тоталитарлық, тұрпаты – космополиттік, сондықтан да оның тамыры тайыз болғанмен, бұтағы жайыңқы... Ал, украин, грузин кландарының тұрпаты – бірыңғай ұлттық болатын.

Кландық билікке қатер бар ма?
Сонымен, қазақстандық кландық билікке кім қатер төндірмек? Өзінен басқа, ешкім де! Өйткені, қазақстандық кландық биліктің өне бойына өзінен басқа күйреуге апаратындай мін қалмаған. Аумағы жағынан әлемдегі тоғызыншы орынды алатын елдің бар байлығы мен рухани әлеуетін бақылауға алған және оңды-солын қымтап алған кландық топқа кәзіргі кезде әлдекімнің қауқары келеді деу - күмәнді. Жалпы кландық жүйені терең зерттеуге негіз бар. Бұл жүйенің табиғаты мемлекеттік бүкіл әлеуетті, соның ішінде материалдық байлықпен қатар рухани игіліктерді, тіпті, халықтық сана мен ерікті және азаматтық рух пен құқықты да жымқырудан (прихватизация) жасақталған. Сол себепті, аталмыш жүйенің қоғамға әмбебап монополиялық әрекет ететіні де сонда. Оның мықтылығы – аталған әлеуеттің монолит болып жентектелуінде; қалай монолиттік сипатқа қатер төнсе, кландық жүйе де сүттей іриді. Дегенмен, бірегей мемлекеттік мүддені өзіне жекешелей отырып, кландық жүйе оны бойына түпкілікті сіңіре де, қорыта да алмайды. О баста алуан тұрпатты және алапес мүдделі топтың өз мүдделерін күйттей алмайтыны сондай, олардың енді бір қолға бағынғаннан гөрі, әрқайсысы бір қол болуға ұмтылу амбициясының тууы табиғи заңдылық. Осылайша кландық топтар арасында, әйтеуір, бір күні күрес басталары анық еді. Бұл заңдылықтың іске аса бастауы - Заманбек Нұрқаділовтың өлтірілуінен басталып, Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіру арқылы жүзеге асыру үлгісі жасалғанына куәміз.
Кландық топтар бір біріне қыр көрсетуді өздерінің қолдарынан не келетінін әйгілеу арқылы бірін бірі ықтырғысы келетіндей амалға көшкелі біраз уақыт болды. Әрине, олар бұл амалды мемлекеттік мүддені бетке ұстағандарды құрбан етуден бастап отыр. Алайда, соңғы кездегі «Нұрбанк» төңірегіндегі жағдай алабажақ топтың өзара дүрдараздығының үлкен шайқасқа айнала бастағанының көрінісі. Елдегі кландар шайқасы кәзір ашық сипатқа көше бастады. Тіпті, этносаралық қақтығыстардың артында да кландар тұрғаны белгілі болып отыр. Өйткені, елдегі барлық қоғамдық-саяси өрісті жайлап алған кландық биліктің араласынсыз қандай да бір оқиғаның не үдерістің болуы мүмкін болмауда.
Бұл үдеріс түптің түбінде кландық топтан ыдырағандардың ұлттық мүдде мен демократиялық мақсатты бетке ұстап, оппозициялық саяси топтардың жаңа легін қалыптастыруы, соның есебінен кландық монолиттің быт-шыт болуына ахуал орнауы ықтимал. Бұған Украинадағы Янукович тобының қазырғы кездегі демократияшыл топқа айналған үлгісіне назар аудару арқылы көз жеткіземіз. Осыған қарағанда, демократияны мақсат ету жолынан басқа, оны күресу құралы ету арқылы да оған қол жеткізудің де жолы бар секілді. Осы орайда, Украина мен Гүржістандағы төңкерістің демократиялық нәтижесі қомақтырақ. Оның мәнісі, демократияны құрал ете отырып, мақсат үшін ұлттық (мемлекеттік) құндылықты таңдауда жатса керек. Ал, Қырғызстандағы аласұрудың мәнісі, демократияның мақсатқа жетер құрал болғанына қарамастан, тәжікелесуші топтар үшін құндылықтың айқындалмағандығында. Демек, өтпелі кезеңде демократия - мақсат емес, ол - кландардың немесе саяси күштердің өзара тайталасуы да емес, ол - ұлттық мүддеге қаныққан нақты құндылыққа маңдай тіреуге қажет құрал болғанда ғана нәтиже берер фактор. Басқаша айтқанда, өтпелі кезеңдегі ел үшін демократия дегеніміздің өзі – ұлттық буржуазиялық топтардың өзара саяси күресі емес, бәсекесі. Бұл жағынан алғанда кландар өзара бәсекеге дәрменсіз, олар бәсеке ретінде күресті ғана біледі. Сондықтан да олар үшін заң мен ереженің, абыройдың қадыры жоқ. Кландық топтар бәсекеге әзір болғанда ғана өздерінің кландық тұрпатынан арылады.

Кландық келісім
Елдегі соңғы кезде Контитуцияны өзгеріске ұшырату арқылы демократиялық бағытқа беталыс халық пен мемлекет арасындағы емес, шын мәнінде, кландардың дүрдараздығы жағдайында болып жатқан олардың өзара уақытша келісімін әйгілейтін жәйт. Уақытша дейтініміз, кландық билік жүйесінде демократиялық әрекет болып табылатын бәсекеге орын жоқ, оның орнына сол жүйенің басты ойыншылары ретінде кландардың өзара күресі ғана болатынын атадық. Тіпті, кландық жүйеге қатер төне бастағанын биліктің өзі біліп отыр, сондықтан да шытынаған аққұманды матаған шебердей, барлық кландық топтарды бір партиямен және барлық билік тармақтарын бұрынғыдан да күрмеп байлауға көшуде. Бұны мәжілісті пропорционалдық жүйемен жасақтаудан (оған 90 пайыздық «дауыспен» қай партияның баратыны белгілі) және үкіметті соған бағындыра отырып, атазаңға енгізілген 63-бапқа президенттің парламентті палата басшыларымен, премьермен ақылдаса отырып, таратып жіберу нормасының енгізілуі-ақ дәлелдейді.
Алайда, бұл келісім, кландар монолитінің күйреуін болдырмай қояр ма екен?! Өйткені, шырқай дамыған әрбір нысан күйремей тынбайды емес пе? Кім біледі, бәлкім, олар өзара күресе келе әлсіреп, кландық әлпетін жойып, амалсыздан бәсекеге бет бұрар ма екен? Оның мысалын атадық, одан басқа бізде жол да қалмай барады...
Сайып келгенде, өзіне ең сенімді жол ретінде таңдаған «Әуелі – экономика, сосын – саясат» деген ұстам түптің түбінде кландық биліктің өзіне ор болғалы тұр. Экономика қарқын алған сайын, оның дамуына ырықтану қажет болады, әйтпесе, кері кету жүріп, тірелеріміз - әлеуметтік дүмпу болмақ. Ал нағыз ырықты экономика демократиялық үрдісті дамытпай тағы тұра алмайды, әлгі кландық монолиттен еріксіз бөлінген топтар демократиялық қатарды нығайтпаса да кландық билікті әлсірете түседі.

Комментариев нет: