четверг, 6 декабря 2007 г.

ПИК - демократия іргесі емес пе?

немесе коммуналдық ауызбастырық реформасы хақында

Қазақстанның егемен болуы басқа КСРО республикаларындай оның капиталистік формацияға өтуі мен ырықты экономикаға қадам басуы тоғыз әйелдің толғағындай қатар келген жайт болатын. Атаулы аса күрделі процесті бастан кешу үшін жас елдің «жаңа элиталық» басшылығы да капиталистік меншіктің субъектісіне бір мезгілде айналып, қазіргі уақыт талап етіп отырған елді демократияландыруға да талпыныс жасауы тиіс еді. Алайда, аталмыш процесс қандай сарында өрбігенін Қазақстандағы жекешелендірудің басы тұрғынжайдан басталғандығын және оның арты неге соқтырып отырғанына талдау жасау арқылы мән – жайға қанығайық.
Қазақстан билігі өз азаматтарына «сыйлайтын» алғашқы селтеткізерін (сюрпризін) тұрғынжайды жекешелендіруден бастағанда, сол кездегі қазақ өкіметі КСРО бойынша реформа жасау бастамасын басқаларына қарағанда өз қолына бұрын алып қана қойған жоқ, республика байлығын номенклатура өз ара бөліске салар алдындағы қарапайым адамдарға деген ауызбастырығын да осылайша жасаған-ды. Рас, бұрын жеке мүлікке жаппай ие болу өңі түгелі түсіне кірмеген құлданған бұқаралық сана үшін пәтер жекешелендіру науқаны күдігі аралас болса да ізгі әрекет ретінде қабылданды. Оның үстіне әлемнің алтыдан бір бөлігіндегі алғашқы шаруа болғасын да, қандай батылдық деп сүйсінуге тұрарлық жайт. Алайда, мәселе мүлікті нақты қожайынның иеленуінде ғана емес, мемлекеттік меншіктің жекеменшікке айналуында еді де, тұрғынжайды жекешелендіру процесі өзіне сай бірқатар заңдық және идеологиялық сүйемелдеу арқылы жүруі тиіс бола-тұғын.
Шын мәнінде бұл жекешелендіру қалай жүрді? Заңдық жағын алатын болсақ, бұл әрекет Қазақстан республикасындағы тұрғынжайды жекешелендіру туралы дейтін ешбір заңға сүйенген жоқ, бар болғаны сол кездегі үкіметтің қаулысына ғана негізделді. Ал, заңға сүйенбеген әрекеттердің заңсыздық жағы жетіп артылатыны белгілі. Алғашқы кезекте адамдар өзінің пәтерлері мен кеңшар-ұжымшарлардың үйлерін жапа-тармағай меншіктеріне өткізгенімен, оның артында қалған талай «сақалды» ғимараттар мен «құйқалы» баспаналар талан-тараждың объектісіне айналғаны өз алдына бір төбе әңгіме. Ең бастысы, әлгі жекешеленген тұрғынжайлардың ішіндегі көппәтерлі үйлердің бөлінбейтін ортақ бөліктері 1997 жылы «Тұрғын үй қатынастары туралы» заң шыққанға дейін әрі күтусіз, әрі иесіз қалды. Себебі, жекеменшікке өткен пәтерлердің тағдыры қожайындардың мойнына өткенімен, көпқабатты үйлердің жертөлелері, төбелері, баспалдақтары мен лифтілері және басқа да бөліктері мен мүліктері біршама уақыт бойы меншік пен заң аясынан тыс қалды.Тұрғындарға жекешеленген пәтермен бірге үйдің әлгі ортақ бөліктерінің ортақ меншік екендігі жеткілікті түрде ұғындырылған жоқ. Көппәтерлі үйлерді меңгеру үшін құрылуға тиісті пәтер иелерінің кооперативтері (ПИК) шын мәнінде қалалық әкімдердің тікелей қатысымен құрылып, жұртшылық бұл құрылымды бұрынғы кеңестік тұрғынжай-коммуналдық басқармаларының орнындағы мемлекеттік құрылымдар деп қабылдап, ПИК-ді бақылап-меңгеру істерін жайына қалдырды. Ал, осы осалдықты сезінген ПИК басшыларының барлығы дерлік пәтер иелерінен үйді күтуге жиналған қаржының талайын қолды етіп бет-бетімен кеткен жайттар жетерлік. Нәтижесінде бірінен соң бірі ауысып жатқан қала әкімдері де бұл құрылымды халыққа қалай басқартуды, ал өздері бұл «сиырдың» қай жағынан келуді білместен, кей кездері ПИК-ді әкімдіктің коммуналдық бөлімдері тұрғысынан қараған істер де жеткілікті. Бұл жағдай - шын мәніндегі тұрғынжайға қатысты жаңа қатынастан гөрі жабайы қатынас болатын. Сөйтіп, «о баста тым жақсы ән болатын, пұшық айтып қор қылды» демекші, басында тұрғынжай-коммуналдық саласына жергілікті жерлерде демократиялық үлгімен құрылым енгізу мақсат болғанымен, оның ту-талақайы шықты: пәтер иелері ПИК-ді меңгеруге қатыспады; көппәтерлі үйлерді күтіп-ұстау азаматтардың өз мойнында болғанымен соншалықты жүзеге аспады; ПИК-тер көп жағдайда жеке адамдардың табыс көзіне айналып, реформа нәтижесі тәрк етілді; ең бастысы – көппәтерлі қалалықтардың санасы кондоминиум аталатын ортақ меншікті меңгеру дәрежесіне көтерілмеді, оған тиісті жағдай жасалмады.
Сірә, мұндай жекешелендірудің басында қарапайым халықты әлгі тұрғынжайды жекешелендірудің қызығы мен шыжығына алдандырып қойып, билік элитасының өзі ел байлығын алаңсыз бөліске салу үшін жасалған алғышарт болса керек демеске амал қалмайды. Өйткені, ешбір меншіксіз бұқараға пәтердің төлқұжатын қолға ұстаудың өзі де жарты бақыт болатын және ол басқа жекешелендірулерге көпшілікті алаңдатпайтындай ауызбастырық еді. Міне, осылайша көппәтерлі үйлердің пәтерлері өз қожайындарын тапқанымен, үйлердің әлгі аталған ортақ бөліктері біршама уақыт қараң қалды. Себебі, кондоминиумдердің шынында да ортақ қожайындары болуға тиіс еді. Осылайша, тұрғынжай-коммуналдық саладағы реформа нәтижесінде пайда болуға тиісті жекеменшік көзқарас дамымақ түгелі қалыптаспай қалды.
Бұл мәселе, Үкімет қаулысымен көппәтерлі үйлерді күтіп-ұстауға арналған бұрынғы Тұрғынжай-коммуналдық басқармаларының орнына Пәтер иелерінің кооперативтері құрылғанда алдыдан бір-ақ шықты. Сөйтіп, Қазақстанның миллиондаған шаршы метр көппәтерлі тұрғынжайына жартылай және асығыс реформа жасалғаны талай сау басқа сақина болды. Пәтерлер жекеменшікке өткенімен, көппәтерлі үйлердің ортақ мүліктері мен алаңдары заң жүзіндегі қожайынын күтіп қалған еді. Көпшілік бұл қожайынды ПИК-тер деп қабылдады. Осылайша, кез келген реформаның барысы идеологиялық сүйемелдеумен жүргізілуге тиістілігі бұл салада ескерілмеді. Сөйтіп, бұрын қаланың 1-хатшысына шағымданып дағдыланған кеңестік жұрт енді қала әкімдеріне дұғайлатумен күн кешті. Осы реформамен Кеңес өкіметі тұсында ондаған жылдар бойы бірыңғай мемлекеттік меншікте болып келген кәппәтерлі үйлер ырықты экономика тұсында күрделі меншіктік құрылымға көшуі тиіс болатын. Дегенмен, бұның бір жасампаздық жағын атап өткен мақұл, ол – жұртшылықтың пәрменді қарсылығын туғыза алмайтын, ештеңеге мән бермей, билік айтса – заң деген тұжырыммен алас-қапас жасалған бұл реформаның үйдек-түйдек өте шығуы болатын. Қазіргі кезде мұндай да реформа жасап үлгермеген Ресей федерациясы көппәтерлі үй мәселесіне біршама қиналып жатқаны рас. Себебі, ресейліктер өз мойнына коммуналдық шаруашылық қияметін алғысы жоқ. Ал, есі кірген қазақстандықтар енді кезінде күрделі жөндеусіз меншікке өткен көппәтерлі үйлердің бұл шығынына Үкіметтен қаржы талап ету жағын қарастыруда.
Дегенмен, Қазақстанның тұрғынжай-коммуналдық реформасы өзінің барлық мәселесін шешкеннен гөрі, прроблеманың бәрін бауырына басып малтығып жатқандай әсер бар. Рас, елде тұрғынжай нарығы қалыптасты, жұрт қайдан, қалай пәтер сатып аламын деп қиналмайды, ақша болса – болды. Бірақ, бар мәселе, салынғандарына соңы он жыл, алды елу жылдан асып, ескірген көппәтерлі үйлерді күрделі жөндеуден өткізу мен күнделікті күтіп-баптау мәселесі созылмалы проблемаға айналып отыр. О баста күрделі жөндеусіз, ескірген үйлерді коммуналдық ауртпалығымен қосып тұрғындарға сәтті түрде өңгерте салған Үкімет, тұрғынжай-коммуналдық проблемасын тұрғындардың басына Мономахтың бөркіндей қылып қонжитқанымен қоймай, он жылдан аса уақыт бойы күрделі жөндеуге қаржы бөлмей келеді.
Мұндағы басты шікә (кемістік) көппәтерлі үйлердегі кондоминиум (ортақ қолданыстағы меншік) мәселесінің түпкілікті шешілмегендігінен еді. О баста, пәтерлері жекешеленіп кеткен үйлердің тұрғындары қажетті түсіндірулердің жоқтығы мен зорлап-зомбылап ПИК құрудың салдарынан әлгі кондоминиумы түскір қарапайым тұрғындардың өздеріне тиесілі аралас меншік екені саналарына енбей-ақ қойғаны. Бұл жерде пәтер иелерін санасыз дегеннен гөрі қоғамдық сананың дайындығынсыз жүргізілген реформаны «санасыз» деу әділетті. Сонымен, 1997 жылғы «Тұрғын үй қатынастары туралы» заң бойынша ортақ қолданыстағы меншікті (кіреберіс, баспалдақ, шатыр мен жертөле т.б.) меңгеруге болатындай әр алуан құрылымды құруға болатыны жұртқа жеткізілместен, аттың алдына арба жеккендей, әуелі, ПИКтер құрылып, содан соң ғана оның меңгеруіне жататын кондоминиумдар Жылжымайтын мүлік тіркеу орталықтарында ортақ меншік ретінде тіркеле бастады. ПИК-тердің о баста меншіктен бұрын құрылуы арбаның артына «жегілген» аттай болмағанда не болады, сөйтіп, пәтерлері жекешеленген үйдің қалған бөліктерін ұстау әлі күнге дабырадан аса алмай келеді. Тұрғындар әлі күнге дейін ПИК-тен басқа көппәтерлі үйді жеке адамды жалдатып болмаса серіктестік құрып меңгерудің басқа мүмкіндіктерін игере алмай-ақ қойғаны. Оның үстіне пәтер иелерінен түсетін азын-аулақ қаржы ПИК басшыларының жалақысынан ауыспай зар қақтыруы тағы бар. Мұның барлығын үйлестіруге тиіс қала басшылықтары бұл саланы игере алмай отыр, өйткені, оларға көппәтерлі үйлерді меңгерудің өзі демократияның іргетасы болып табылатын жергілікті өзін өзі меңгеру формасына негізделетіндігін түсіне алмаушылық кедергі келтіруде. Тіпті, бұл салада біршама пайда келтіретін қоғамдық ұйымдарды да жұмыстандыруға болар еді, алайда, өзі жолаған объектіні қызғыштай қоритын коммунистік санадан арылмаған билік әлі де икемділік таныта алмауда.

Шын мәнінде, Қазақстандағы тұрғынжай-коммуналдық реформасы өз жөнімен әділетті түрде қолға алынғанда азаматтардың жергілікті жерлердегі өзін өзі меңгеру («басқару» сөзі бұл салаға жат) саласын игеруге таптырмайтын алғышарт еді. Көппәтерлі үй шын мәнінде меншік және оны меңгеру арқылы азаматтар өздерінің тұрғылықты аумақтарын қоса меңгерумен бірге коммуналдық саладағы мәселені жергілікті билікпен бірлесіп шешудің үлгісі жасалған болар еді. Өкінішке қарай, жергілікті қала басшыларының бәрі дерлік ПИК-ді өздерінің коммуналдық бөлімдеріндей бағындырып алған және тұрғындар да өздерінің құзырына тиесілі ПИК-ді меңгере алмастан, олардың үстінен билікке шағынудан әрі аса алмайтын мұсалдат күйде қалып отыр. Бұл жағдай демократия іргесі болып табылатын Қазақстандағы жергілікті өзін өзі меңгеру жүйесіне сәйкес үлгі қалыптастырмай, билікке арқа сүйеу дағдысының азаматтар бойына сіңуіне түрткі болып отыр.
2005ж

Комментариев нет: