четверг, 29 ноября 2007 г.

Шың шөксе, кім кінәлі?

Қазақстанда саясат сахнасына келгенін Олжассыз елестете алмайтындар орыстілділердің де, қазақтілділердің де қатарында жетеді. Бұған Олжекеңнің екі тәуекелі дәйек болғанын атаған ләзім: бірі - оның шовинизмге тойтарыс берген «Аз и я» еңбегі; екіншісі – «Невада-Семей» қозғалысы. Егер алдыңғысы бүкіл түркілердің рухани еңсесін көтерсе, соңғысы өткен ғасырдың 90-жылдары қазақтарды әлемге паш еткен бірден бір қадам еді. Әсіресе, осы экологиялық қозғалыстың арқасында елде біршама саясатшылардың дүниеге келгенін тарихи шындық деп мойындаймыз және мақтан тұтамыз. Соның бірі – осы жолдардың авторы.
Әлі есімде, қозғалыстың Семейде аймақтардан жиналған жастардың басын қосып, Олжекеңмен кездесу өткізгенім. Сонда байқағаным – оның тізгіні көбіне орыстілділердің қолында еді. Бірақ, оның ұстанымы да сол тарапқа тәуелді дей қоймағанмын... Керісінше, оның орынбасары болып жүрген Мұрат Әуезов ағамыз ұлтқа деген оъективті жанашырлығы сыртқа теуіп, біз секілді бір топ жастың Олжас баскермен (лидермен) кездесуіне бар жағдай жасады және оның рухымызды көтеріп, бізден елге болашақ қамқор ұрпақтың дүниеге келуін тілегендігін сол жолы анық сезгенбіз. Бірақ ол кезде ұсақ-түйекке мән беретін біз емес едік. Сол баскерден ұлттың ақсақалы шығар деуші едік, алайда одан гөрі Мұрат ағамыздан нағыз ақсақал шығып келе жатқандай. Ендеше, бұл шыңның шөккені емес пе? Менің бұл пікіріме себеп, О.Сүлейменовтың жуырдағы Демократияландыру Мәселелері бойынша Ұлттық комиссияның (ДМҰК) отырысында айтқан мемлекеттік тілді нығайту қадамына қатысты сөзі.
Шынтуайтына келсек, Олжас ағаның бұл сөзі оның қазіргі Қазақстанның ахуалынан сонша қашықтап кеткендігін болмаса қасақана түрде оны білмегенсуін көрсетеді. Ал, шынайы түрде Қазақстандағы қазіргі тіл мен ұлт ахуалы қандай көріністе?

1. Қазақстан саяси ахуалды анықтайтын шовинистік әлеуеттен арылды. Бұл жағдай ауыл шаруашылығында колхоз-совхоздардың (әсіресе, астықты өңірлерде) барлық меншік үлесінің 10-20%-ын шаруашылық басшыларына үлестіргеннен бастап, қызыл директорлар мен биліктегі орыс-славян номенклатурасының өз сыбағаларын Ресейге, басқа шетелдерге өздерімен бірге тонап, үдере көшу процесінен басталған еді. Яғни, Қазақстанда болған бұл «ұлы көш» орыстардың немесе орыстілділердің қуылуынан гөрі, олардың елді елсінбей, жерді менсінбей, бергенді жолдан, бермегенді қолдан тартып алғаны емей немене? Ал, оған ілеспеген қазырғы қазақстандық орыстардың шовинистік пиғылдан аман қалып, елдің ең қиын уақытын қазақтармен бірге бастан кешіп, қазақстандық азамат болуға келіскендерінің көрінісі еді. Сонда ұтылғандар - Ресейге «қуылған» орыстар ма, қолда бар малын сойып сатып, терісін Түркияға үлбіртон шығаруға өткізіп, шаруасы күйзелген, құм басып, басқасын айтпағанда, ауызсуға жарымай қалған қазақтар ма? Бұған жауапты, кезінде Ресейге артынып-тартынып көшкен қазақстандық орыстардың байлықтарына қызғана қарап, оларды өз қандастары өртеуге ұшыратқан көрініс бермеп пе еді? Демек, Қазақстан орыстарды ығыстырды деген пікір шын мәнінде елдегі қалған-құтқан шовинистер мен құлқазақтардың (тарихтағы есен-қазақ терминінің паралелі деп ұғыңыз) қылығы емей не?!

2. Совет өкіметі кезінде 70 %-ы шөлді-шөлейтті аймақтарда орналасқан ауыл шаруашылығында күн көрген қазақтардың бүгінде сол маңда 40% кәрі-құртаңдары қалып, 30%-ы қазір қалаларда базаршының күнін кешуде. Олар өз тілдерінен бас тартып, орыстілді ортаның құқайына қың деместен беімделді, өз құқығын саудаламады және өз рухани бастауынан айырылып, не арабтық, не америкалық тірлік үлгісін таңдап, нағыз мәңгүрттің күйін кешуде. Бәлкім, елдегі содан да болар, бүгінде қылмыскерлердің 90-95%-ы қазақтар. Өткен тарихта әлемдік биліктің басты сарбазы ретінде талай елдің гвардиясын жасақтаған далалықтардың бүгінгі ұрпағы, енді әлемдік қылмыс тұтқасын ұстауы қалды емес пе? Бұған гуманист Олжекең не дер еді?

3. Қазір талай езудің қышуын қандырып жүрген Қазақстандағы тіл мәселесі – шын мәнінде мемлекеттің мылқау болмауының проблемасы болып табылады. Қазақ тілі этнос тілі болудан мемлекеттің тілі болу мерзімі бітіп барады. Яғни, мемлекеттік тілдің мәселесі, азаматтардың құқығын бұзу мен ұлтаралық қатынастың шытынауына қатысы шамалы. Өйткені, мәселе мемлекеттің басты қатынас құралы болып табылатын ресми (мемлекеттік деп қабылдаңыз) тілі жайында және оның мемлекеттік дәліздегі қолданылу аясында болып отыр. Ал, азаматтық ортада кім қай тілде сөйлесе, сол тілде гәпіріп жүр. Керісінше, қазақтар этнос ретінде өз жерінде өзі өгейсіп, саяси өкпенің субъектісіне айналуда: мемлекеттік салада да, қоғамдық орта мен азаматтық өмірде де қазақ тілін шеттету шеберлікпен аяқталды. Тіпті, халықаралық қоғамдлық ұйымдардың өздері де талай отырыстары мен сабақтарын тек қана орыс тілінде өткізу дәстүрге айналды.
Егер жоғарыдағы жайтты жайына қалдырсақ, бұлқыныс пен мүдде қорғау және ашыну кім жақтан шығары айдан анық. Ендеше булыққан бұлқынысты осылайша арандату неге керек, әлде бұл қазақтілділердің мүддесін менсінбеу ме?! Мұндай пікірдің орнына Олжекең екі тарапты да қанағаттандыратын шешімнің жобасын ұсынуы керек еді...
Егер тіл жөніндегі мемлекеттік проблеманы азаматтық құқық деңгейінде тарылтатын болсақ, онда Қазақстан деп аталатын егемен елдің бұдүниеге қажеттігі қалмайды. Ондай жағдайда, бұл ел базаргөй экономиканың алаңы мен жер қойнауын бөліске салу саудасының ордасына айналады, бұлайша мемлекеттен жұрдай болу қазақ түгелі, ешбір қазақстандықты қанағаттандырмайды. Олжастай интеллектуалымыз әлі күнге дейін мемлекеттің міндеті мен азаматтардың құқығын шатастыратын болса, қалғанымызға не жорық? Құқықты ескере отырып, міндетті ұмыта қалатынымыз – қазіргі қоғамдық-саяси талап таразысын ескермеудің көкесі.

Енді мемлекеттік дәлізде қызметкер болып жүрген және құқығы бұзылғалы отырған контингент мәселесіне келейік. Алланың алдындағы бір ақиқат болса, ол - Қазақстандағы мемлекеттік қызметкерлердің құрамының кемінде 90%- ы қазақтар екендігі. Ендеше мемлекеттік тілді енгізбей не енгізе алмай отырған бірден бір күш те солар – қазақтар! Егер осы 90%- ды 80-ге түсіріп, қалған 20%-ды мемлекеттік тілді меңгерген қазақ еместерден іріктеу жүргізілсе, Олжас қария айтып отырған «асығыстықтың» қай жері дәйекті. Мұндай жағдайда, қазақтардың өздері бастап, тілді үйреніп, егемен елдің толыққанды (қазіргі тіл білмейтіндер – ұлт үшін де, мемлекет үшін де жартыкеш деп мойындау керек) маман ретінде сезінбей ме? Ал, бұған дейін мемлекеттік қызметтен шеттетілген 10% қазақ еместердің бағы ашылып, бұзылған құқықтары түзелмей ме? Сөйтіп, қазақстандықтардың бірыңғай да алаңсыз біртұтас ұлт болып қалыптасуына негіз қаланбай ма?! Егер қазырғы қарқынмен кете берсек, көзді ағызар ши шығару, сол қазақтардың өзінен шығатынын ең әуелі қазақ еместер түсініп, қазір жаппай қазақ тілін үйренуге кірісуде, сенбесеңіз, Астанадағы кітап дүкендерінен қазақша-орысша сөздік тауып көріңіз. Ендеше нағыз ұлттану процесі енді басталған жоқ па? Мұндай кезде өзінің мемлекет алдындағы міндетін атқарып отырғандарға мемлекеттік тілді енгізуге неге асығасың деу әумесерлік болып шығатын секілді. Тіпті, оны айтқан күннің өзінде жұртқа жария етіп, аптаның айтулы уәжі қылуға тұрмайтын еді, амал не Олжас көкенің тіл ұшына тап бұл жолы пәтуәлі сөз ілінбегені...
Қазіргі қазақы саяси алаңда шаңын қағып келе жатқан бірі дариядай шалқыған Мұхтар Шаханов пен бірі таудай керілген – Олжас Сүлейменов. Бұларды қалың қазақ тірі рух көріп, арқа сүйейді. Егер Қазақстандағы құқығы бұзылып, тілін тістеп отырған қазақтар екенін мойындасақ, бұлардың бір бірінің жағасынан алмағанын ғана емес, бірінің тілеуі бірі болғанын қалар едік. Егер де Олжекең өзінің әлгі кінә артуының орнына, алаш ақсақалы ретінде мемлекеттік тілдің ахуалын көтеруді күн тәртібіне қоймаса да, Мұханы қолдап, міндетті мемлекетке жүктей сөйлеп, қазақтілді қазақ емес азаматтардың жолын ашуды нұсқағанда, тіпті болмаса, ол базынасын ұлтқа жаймай-ақ, Алматы әкіміне жекелей айтса да, кім білсін, оны кім айыптарын... Жалпы, билік міндетін атқаруға қарсы халықтан басқа, жекелеген пенделердің құқай көрсетуінде қандай маңыз бар? Ол қандай ірілікті меңзейді? Қалай болғанда да, Олжекеңнің бұл әрекеті оның елдің қазіргі даму деңгейінің сұранысы мен елдегі демократияның қазақтарсыз және оның рухани болмысысыз елестету мүмкін еместігін сезбей отырғанын білдіреді. Бұл оның бір кездегі «Тауларды аласартпай, Даланы асқақтатайық!» дегенінің енді «Таулар аласарса, да аласармаса да, Далада шаруамыз болмасын!» дегенге көшкенімен парапар. Әйтпесе, елдегі жұртаралық татулық пен тыныштықты қазақтан артық көтермелеп және қалап, оның ауыртпалығына көніп отырған қауым жоқ; ендеше мемлекеттің проблемасын қазақтың ғана есебінен шешу Уақыттың да, заңның да талабына томпақ. Мемлекеттің проблемасы биліктің қабілеті есебінен шешілуі керек!
Өкінішке орай, мәселені баздандыра жасыру шешуге жатпайды, керісінше, әлеуметтік жарылыстың болашақтағы зор дүмпуін жасақтайды. Мұндай істе тәуекел мен нақты әрекет керек. Ондай әрекет, әсіресе, ұлттық мінбеден сөз алып жүргендерге жарасады. «Орыс тілінде өлең жаза бастады» деген сөзге қалып жүрген Шаханов ағамыз, тілге тәуелділіктен гөрі, өзіне тән тәуекелге бел буғандықтан кірісті деп түсінген мақұл. Егер Олжас ағамыз бастап, бір шалғай ауданға бір ай жатып, тіл үйренсе, одан оның алған асуы аласармайды, онымен бірге сол ауылға талай шалақазақтар мен басқа жұрт өкілдері ат басын бұрып, этносаралық жымдасу процесі басталған болар еді. Ауыл қазақтарының мұңына мұңдастар көбейер еді, ауыл проблемасы тез шешілер еді. Сонда, қазырғы отырыстарда сөйленген сөзден салмағы батпан тартатын ойларға кенелер еді. Ал, әзірге бұл топтың қолынан шікірею ғана келуде, өкінішті!
Әзірге Қазақстандағы этносаралық татулықты барынша қолдап-қорғаушылар ретінде өз басым, Олжас ағамыздың «Алматы қаласы бойынша 2006 жылдың 1 қаңтарынан іс қағаздарын мемлекеттік тілге көшіру дегенді кім шығарды?» дегені халықтың тілеуін кесуге ұмтылғаны, мемлекет пен оның тілін нығайтуға, қазақстандық халықтың біртұтастануына қарсы уәж және этносаралық («ұлтаралық» деген терминді қазақтілді БАҚ-ға баспауды ұсынар едім) кіжініс тудырудың түрткісі деп тіксінудемін.

Астана. 2005ж

Комментариев нет: