понедельник, 21 января 2008 г.

«ҚОЗЫ КӨРПЕШ – БАЯН СҰЛУ» КҮМБЕЗІ

Тілеген Ахметұлы

Мавзолей деймiз бе, мазар деймiз бе, кесене деймiз бе қалай атасақ та тақиямызға тар келмейтiн осынау көне жәдiгер ескерткiш күздегi қара дауылдың, көктемгi нөсер жауынның астында қалып неге құлазып, неге иен тұр. Неге?
2000 жылы Шәкәрiм атындағы Семей мемлекеттiк университетiнде «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының 1500 жылдығына орай дүбiрлi халықаралық конференция өтiп, онда елiмiзге ғана емес, күллi түркi халқына танымал ғалым, филология ғылымының докторы академик Рахманқұл Бердiбаев ағамыз сөздiң майын тамызып баяндама жасап, одан әрi фольклоршы ғалымдар баяндаманы байытып бiр шықты дерсiң. «Е, осымен жырдың 1500 жылдығы тәмам болды» - деп ойлаған-ды қалың жұрт. Бақсақ бұл ой күпiрлiк екен.
Үкiметiмiз кезiнде «2001-2002 жылдар кезеңiнде республикалық деңгейдегi өткiзiлетiн мерейтойлар мен атаулы күндер тiзбесi» бойынша «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» эпосының 1500 жылдығын өткiзу жөнiнде Қаулы шығарды.
Пәлi деген! Жыр туралы зерттеулер жазылып, ұзақ таңға баяндамалар жасалсын-ақ, белгiленсiн-ақ, ал, жырға тiкелей қатысы бар махаббат күмбезiнiң хал ахуалы нешiк, оған күтiм, жөндеу, кем-кетiгiн түзеу, ретке келтiру бар ғой.
Бұл жай да тек қағаз жүзiнде тiркелiп, мазарға барар жолдағы өзенге көпiр салынып, Таңсық ауылымен екi ортаға асфальт төселiп, күмбез iшiндегi атбесiк жаңаланып, ерте заманда-ақ ұры-қарылардың қолында кеткен мазар маңындағы Ай, таңсық, т.б. бейнеленген балбал тастарды жаңғыртып қайтадан қалпына келтiру сияқты дүниелер көрсетiлген-дi. Үкiмет тарапынан қаржы бөлiнген. Бұл iстердi түгелдей дерлiк Аякөз аудандық әкiмшiлiгi атқаруы тиiс едi. Сол кездегi аудан әкiмi Марат Әкiрамов мырза «қатырамыз жасаймыз» деп бөлiнген миллиондаған теңгенi жоқ қылды. Өйткенi, жоғарыда аталған бiрде-бiр шара iске аспады.
Тек «күрiш арқасында күрмек су iшiптi» дегендей, Таңсық ауылындағы мектеп-интернат жаңаланып қалыпты. Оның өзi де мазар басына тәу етушiлер келгенде жатып тынығатын қонақжай ретiнде. Ал конференцияға қатысушылар мазар басына барып тәу ете тұрып, мазардың тозып кеткендiгiне, иесiздiгiне бас шайқасты.
Сол бiр дүбiр конференциядан соң бұл жайға оралып соққан ешкiм жоқ. «Жабулы қазан жабулы күйiнде» кеттi.
Жауһар жырды жырлаған Сыбанбай, Бекбай, Жанақ, Шөже, Шәкiр (Әбенов) нұсқаларының жиырма түрi болса, ескерткiш туралы Ш.Уәлиханов, А.Пушкин, Әлкей Марғұлан, ал ғалымдар В.Кастанье, Г.Потанин, В.Радлов, Н.Абратов т.б. назар аударған.
Тарихтан белгiлi болғандай А.Пушкин 1830 жылы жыр мазмұнын жаздыртып алып, оны шығыстың Ромео-Джульеттасына теңеген. Ол тiптi шығарма да жазбақ болған деген де дерек бар.
Ал Шоқан болса, ескерткiштi өзеннiң арғы жағында тұрып-ақ көзiмен көрiп, суретiн салған. Ал академик Әлкей Хақанұлы жыр кейiпкерлерiнiң өмiр сүрген заманы сақ дәуiрi деп анықтап кеттi.
Шоқан салған суретте бейнеленген мүсiндер бұл күнде күмбез басында жоқ. Оны немiс ғалымдары 1860 жылдары Германияға алып кетiптi-мыс. Тiптi жарайды, солай-ақ болсын делiк, ескерткiш тонауға ұшырап, қолды болып кеткен күннiң өзiнде, қандай болды дейтiн емес, суреттер бар ғой. Соны негiзге алып, сол бейнелердi жаңғыртып, тастан қайта қашап, неге қалыпқа келтiрмеске.
Тап осы жерде менiң ойыма жазушы Оралхан Бөкейдiң оралғаны ғой. Неге дейсiз ғой? Университетте оқыған жылдарымызда Орағаңмен кездесу соңы әрқашан да оның Б.Майлинның «Шұғаның белгiсi» повесiнен кәнiгi әртiстерше нақышына келтiрiп, үзiндi оқитыны есiмде қалыпты. «Әне, - дедi жолдасым, - әне Шұғаның белгiсi көрiндi... Ой, өзi де Шұға десе Шұға едi-ау!» - деп қойды. Сол жарықтық айтқандай, Таңсық стансасы тұсынан өткенiмiзде бiлетiн жандар әне, Қозы Көрпеш-Баян сұлу мазары, махаббат күмбезi, - деп бұрыннан бiлетiндер бiр-бiрiне көрсетiп жатқанына сан мәрте куә болдым.
Түк табылмағандай Семей педагогикалық институты студенттерiне күмбездi жөндеу турасында әлдеқандай реставрацияны әлiптi таяқ деп бiлмейтiн дүмше бiреулер әлемдiк жауһарға тең ескерткiштi «түзеуге» емес, «бүлдiруге» пәрмен бередi. Ол жарықтықтар өгiздiң мұрнын жұдырықпен тескендей етiп, сыны кетсе де сыры кетпей, өзi-ақ ансамбльдiк қалпын сақтап, ғажап үйлесiм тауып тұрған Арғанаты тауының ерекше жымдасып тұрған Қайрақ тастарын цементтеп алабажақ етiп сылап шыққан. Онымен де қоймай, мазардың алдына ескерткiштiң сынын кетiретiн табалдырық қалаған. Ішiне ат бесiк жасаған. Сөйткен де жөндедiк, әрi қатырдық деп пәленбай мың теңгенi қалтаға басып тайып тұрған.
Мiне, сол кездегi құзырлы мекеме басшыларының iсi осындай «орашолақ», «солақай» болған. Болмаса кәнiгi сәулетшiлер мен реставраторлар құрып қалған жоқ едi ғой.
Сол жылдары Арқат тауларында «Жаушы» көркем фильмi түсiрiлгенi баршамызға белгiлi. Әлдеқандай кадр керек болады да «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» мазарының темiр шарбағы қайтадан қиратылып тасталады. Фильм түсiрiлiп болған соң түгiне де түсiнбеген таңсықтықтар шарбақтарды қайта қалпына келтiрiп қоршап қояды.
Ақын Несiпбек Айтұлы айтады: Көршiлес қырғыздар «Манас», өзбектер «Алпамыс» жырларының 1000 жылдықтарын кезiнде қалай дүркiретiп өткiзгенiн ойласаң iшiң қыз-қыз қайнайды.
«Балық басынан шiридi» дейдi. Болмаса жырдың 1500 жылдығын өткiзуге жауапты комиссия «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» күмбезiнiң он екiде бiр нұсқасы жоқ екенi сол кезде-ақ бастарына неге келмеген. Ай бағып, жұлдыз қараған ба?
Баста там-тұмдап айтып кеткенiмiздей не жоспарланған едi? Өзенге көпiр, шырақшы үйiн, мұражай, қонақ үй салу деген сияқты дүниелер қаралған. Сондай-ақ, туристер үшiн арнайы маршрут ашу да көзделiнген. Турист дегеннен шығады, Абай елiндегi әйгiлi ескерткiштер мен кесенелер жолын осы мазармен ұштастыруға болмас па едi.
Өкiнiштiсi сол, осы уақытқа дейiн (қазiрде 7-8 жылдың жүзiнен ауып барады) атқарылар шараның бiрде-бiрiне қол тимек түгiлi ұмытылып барады.
Істiң осылай аяқсыз қаларын сездi ме, Аякөз қаласының бұрынғы әкiмi Айбек Кәрiмов «қорыққан бұрын жұдырықтайды» немесе «шабан үйрек бұрын ұшадының» керiне бағып шырылдағанмен оның жан айғайын комиссия мүшелерi құлақтарына iлмек түгiлi пысқырып та қарамады.
Алайда «Өткелде ат ауыстырмайды» деген орыс мәтелiн құлағына iлмеген жоғарыдағылар той таяғанда әкiмдi ауыстырып, оның орнына Марат Әкiрәмовтi әкеп қонжита салды.
Бәлкiм жаңа әкiм «Бастаған iстiң басында болмасаң қасында болма» - дегеннiң керiне салды ма әйтеуiр «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» эпосының 1500 жылдығын жетiм қыздың тойындай етiп өткiзе салды.
Десек те алғашқыда әкiмнiң эпос тойына деген қарқыны тым серпiндi көрiндi. «Қазақ әдебиетi» газетiне көлдей мақаласы шықты. Сол мақала ортасынан ойып берiлген «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» мазары тура осындай болады деген макет суретке қарасаңыз қатып кетедi деп мойындауға ерiксiз мәжбүрсiз. Ия, бұл да көзбояушылық дүние болды да шықты.
Сонымен басы таудай болып басталған «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» эпосының 1500 жылдығының аяғы қылдай болып бiттi.
Мазарды жөндеуге деп бөлiнген қаржы Марат Әкiрәмов мырза айтқандай желге ұшты ма, жоқ болмаса жемсауы мол қарынға түсiп кеттi ме әйтеуiр жым-жылас кеттi.
Қазекең айтқыш-ақ халық қой. «Үйрен жақсы әдеттен, жирен жаман қадеттен» дегендi қалай дәл тауып айтқан. Болмаса көршiлес Абай елiнен осы мәселе жөнiнен үйренерiмiз көп-ақ. Бұл ел Абайды, Шәкәрiмдi, Мұхтарды түгендеп болып, ендiгi жерде билерiне, батырларына айта қаларлықтай етiп ескерткiштер соғып жатыр. Аякөзде де мұндай билер-ақындар, әулиелер, батырлар толып-ақ жатыр.
Бiр ғана Сыбан елiнен 17 ақын шықты деп күпсiнген ел сол 17 ақынның қайсысын түгендеп үлгердi екен. Бұл жерде әңгiме «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» турасында болып соның жоғын жоқтап, мұңын мұңдап отырған жоқпыз ба?
«Қозы Көрпеш – Баян сұлу» мазары тұрғызылған сан ғасырды былай қойғанның өзiнде, елiмiз тәуелсiздiгiн алғаннан бергi 16 жыл iшiнде республика көлемiнде жүздеген ескерткiштер бой көтердi. Арысын былай қойғанда осы 16 жыл iшiнде «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» мазарын оңалтуға, оңдауға шамамыздың жетпегендiгiн, жөндемек тұрмақ ұмытып, естен шығарып алғандығымызды не деуге болады.
Жоқ әлде ұялған тек тұрмастың кебiн киiп, «Айтақтай, айтақтай қасқырдан да ұят болды-ау» дегендi өзiмiздiң айтқанымыз, өзiмiз ұялғанымыз жөн шығар.
Тiптi кесене басы жоспарлағандай құрылысы аяқталып жайнап тұрса жырдың 1500 жылдығының тұп-тура соның өз басында өткiзiп, ұлттық ойындарымызды (аламан бәйге, жорға жарыс, жамбы ату т.б.) ақындар айтысы, тiптi Абай атындағы облыстық сазды-драма театры апарып қойған «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» пьесасы маң даладағы махаббат мұнарасы қасында қойылса нұр үстiне нұр болар едi.
Сол той өткелi 8 жылдың жүзi болды. Аз айтты не, көп айтты не? Өткеннен пайда жоқ. Сондықтан да етек-жеңiмiздi жинап, айтылған сыннан қорытынды шығарып, олқылықтың орнын толтыруды мақсат тұтып, етек жеңiмiздi жинап, махаббат мазарын құлазытпай, мазарды тек жастар баратын орын етпей, оған күллi бойыңда айнымас адал махаббаты бар жұрт баратын, тәу ететiн орынға айналдырайық.
Сонда да болса «ештен кеш жақсы» дегендей «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» мазарын ендiгi жерде ұмытпасақ болды ағайын.
«Жол түсiп, ұрпақ,
Таңсыққа барсаң тегiнде,
Бiр соқпай кетпе күмбезге сонау көрiнген.
Қазақтың осынау қасқайып тұрған төрiнде,
Бабаларыңның махаббаттары көмiлген»
- деп ақын Мұқағали бекер қалам тербемесе керек.
Айтпақшы, айтылмай қалып барады екен ғой, атымызды қыстырмай кеттi деп өкпелеп қалып жүрер, Шығыс Қазақстан облыстық ескерткiштердi қорғау қоғамы ма, мәдениет департаментi ме – қайсысы болса да өздерi бiлер, солардың «құлағына да алтын сырға» дұғай-дұғай үшбу сәлем.
Олар да қалғып, мүлгiп отыратын болса керек, болмаса дәл осы iстiң айқайшысы, шын жанашыры, қамқоршысы солар болуы керек едi ғой, шынтуайтына келгенде.
"Дала мен қала" газеті, №02 (230), 18.01.2008ж.

Семей.

Комментариев нет: