четверг, 2 августа 2007 г.

Сөз бостандығы. Қоғамдық телеарна. Саяси ырық.

Біздің қоғамымызда бүгінде қоғамдық телеарна құру жөніндегі идея ұлттық пікірге ұласуда. Бірақ, «айтасың да қоясың» дегендей күй кешудеміз. «Біреу заң керек» дейді, енді біреу «Қаржы көзі керек» дейді, әйтеуір, нашар бишіге не болса, соның кедергі болатынындай ахуалдамыз. Шын мәнінде, қоғамдық телеарнаның болуы елдегі саяси ырықтың көрінісі болып табылады, дәлірегі, елдің шынайы демократиялық әлеуетін әйгілейді. Осындай ақпарат құралы арқылы біржақты емес, қоғамдық алуан пікірдің бір сарапқа түсіп, оның бір тарапқа айналатындай ұлттың мүмкіндігі пайда болмақ. Сонда ғана халықтың санасын әркім әр жаққа тарта алмайтындай және оның атынан ойға келгенін істейтіндей былықтар жойылмаса да, азаяды.
Ендеше, осы жолда бізге не кедергі болып отыр? Билікті айтпағанда, қоғамдық ой-пікірдің баскері ретінде танылған тұлғаларымыздың пікірі жоғарыдағыдай. Шын мәнінде бұған заң да, қаржы көзінің жоқтығы да кедергі емес. Орындалмайтын заңнан, оның болмағаны жақсы. Ал, қаржы көзі дегеніміз – халық! Қанеки, санап көрейік, елдегі орташа жалақы мөлшері – 45000 теңгедей. Егер әрбір жұмысы бар азамат өзінің жалақысының айына бір-ақ пайызын (450 теңге ғана) осы ортақ телеарнаға беруге дайын болса, елдегі жұмысқа жарамды 7 миллоннан ай сайын 3 миллиард 150 миллион теңге, яғни 26 миллион 033 058 АҚШ доллары жиналмақ! Жылына 312 миллион 396 694 АҚШ доллары түсетін бюджет құралмақ! Бұл Қазақстанда өте жақсы сапалы және білікті телеарна жасақтауға болатындай қаржы. Егер бір жыл өз қалтамыздан ұстауға шыдасақ, одан әрі бұл телеарна өзіне өзі-ақ қаржы табады, тіпті, билік те ұялғаннан ақша ұсынады. Демек, мәселе азаматтық қоғамның саяси ырқында.
Бізге, яғни халыққа, қазір нәтижесі дүдамал болатындай, Конституцияны жұлмалау жобасынан гөрі, елге қоғамдық телеарнаны жасақтауға арналған шараның нәтижесі мол! Тіпті, оны бірден халықтық акционерлік қоғам етіп құруға да мүмкіндік бар және оның акциясын шүпірлетіп тұрып сатып алуға - халық дайын. Өйткені, қазір жұрт өз сөзін жеткізе алмай қор болуда және мұндай халықтық БАҚ-тың керек екенін өте жақсы ұғып отыр. Сөйтіп, бұл арқылы мемлекеттік қазіргі құнды қағаз идеологиясы да өзінен өзі жүріп кетері сөзсіз.
Неден бастау керек? Ең әуелі, қоғамға ықпалы бар, сөзі түзу азаматтардан құрылған қоғамдық топ құру керек. Бұл топ әлгі телеарнаның тұжырымдамасының жобасын және оны құру мен енгізудің алғышартын жасаумен айналысады. Айталық, 9 адамнан тұратын бұл топқа 3 тәуелсіз журналист, 3 биліктің адамы және 3 қоғам, өнер қайраткері енсе жеткілікті. Қоғамдық телетоп құрамын Парламент мақұлдап, Президент жарлығымен бекітілуі оның жұмысына барынша жол ашар еді. Сонда біз Ебропаның алдында да, өзіміздің алдымызда да кім екенімізді толық ашамыз. Сонда біз айналада болып жатқан алуан түсті төңкерістер мен басқа да іркілістерді айналып өту мүмкіндігіне ие боламыз. Алайда, мұны пісіру үшін ел бойынша қоғамдық бастамашылардың пікірін тоғыстырып, үдерісті орнынан қозғайтын шаралар керек. Оны оқырманның, яғни болашақ қоғамдық телеарнаның көрермені айтар.

Комментариев нет: