пятница, 3 августа 2007 г.

Жалпытүркілік телеарнаға сұраныс бар

немесе
қазақы ақпарат кеңістігін құтқару қажет!


«Айқын» газетінен «Оңтүстік жастары TV MARKAZ – дың құрбандарына айналмақ» атты мәселеңкей мақаланы оқып шықтым. Мақала авторы Ағабек жайтты дұрыс көтерген, бірақ мәселе ашылмаған. Мұндай ақпараттық жойқыннан қорғану мүмкін емес, оған тек өз ақпарат көзіңді жасақтау арқылы ғана тосқауыл қоя аласың, әйтпесе, 15 млн халқымыз өзгетілді шетелдік ақпараттың тұтынуышысына айналып шыға келетіні рас, бұл жайт міне, осы жағынан сарапталуы тиіс. Менің ойымша, жаһандық мұндай ақпараттық жойқыннан қашу өлімнен қашқан Қорқыттың қылығындай жәйт қой. Оның орнына жастарымыз қарайтын неге арнайы қазақтілді жастар телеарнасын жасақтамасқа. Егер экономикасы құлдыраудағы өзбек ағайындар сондай телеарна жасақтаса, бұл олардың қазіргі продюсура мен телеменеджментті жақсы меңгергендігі.
Қазақ телеарналары қазақтарға ақыл айту мен ақылдасудан басқа ештеңе бере алмай келеді. Ал, жастардың жағдайын ойласақ - тым обал, олардың жастыққа тән албырттық сезімдерін қанағаттандыратын елімізде бір де бір қазақы не телеарна, не радиотолқын жоқ. Ал, халқымыздың орта жасы 35 екенін ескерсек, елдегі ақпарат тарату тұжырымдамасының өзі ұлттық мүддеге сай еместігі шығады. ХХІ ғасырдағы жастарға орта ғасырлық тірлікті ақылға қанша талғажау етсек те, жастарға өнеге ете алмаймыз, олардың қалауына арзанқол ақылгөй хабарды таңа алмаймыз. Оларға шынайы көрініс пен ақпарат, ән-күй керек. Біздің теле-радиоларымыз оны бере алмай-ақ келеді, көңілсіз, ынжық, театрланған таратымдар көрерменді де, тыңдарманды да ығыр қылуда. Біздің электрондық БАҚ-ымыз ауылдық жастарға арналған ғана хабар әзірлейді, ал оның өзін ауыл жастары қарай ма, қарамай ма, онымен ешкімнің саудасы жоқ. Қазақтілді таратымдардың рейтингісімен де кім айналысып жүргендігі беймәлім. Бұл саладағы қазақтілді журналистика бетімен кеткендей әсер бар. Сөйтіп, батысшыл ақпарат былығынан жастарды осылайша «қорғағымыз» келеді.
Қазіргі жастарды ештеңеден тыя алмайсың, оларды нәзік түрде қақпайлап, өнеге көрсететіндей өзгеден орыстардай көшірсек те, өзіміздің өнімдер болғанға не жетсін! Мысалы, батыстық видеоклиптерді көрсете отырып, оларды ди-джейлеріміз қазақша түсіндіріп, өз үніміз бен сипатымызды беріп отырсақ, несі айып. Оны бәрібір жерсерік жүйесі арқылы көреді, тыйым салу мүмкін емес. Онан да тамаша ди-джейлер әзірлеп, солардың сүйкімді қылықтарымен беріп отырса, талай нашар да батыстық есуас видеоклиптерді көріп отырған жастар бәрібір қазақы қалыптан шықпайды, оны тек қызық үшін қарайды да, жастарымыз өзге тілдің ықпалында қалмас еді. Кім білсін, біздің бұл пікіріміз, бәлкім, әділетсіз болар, бірақ оңтұстағы жастарымыз бәрін қойып өзбектердің телеарнасына көшкеніне қарағанда ойланарлық жағдайдың туылғаны. Ал, дәл сондай жағдай батыс пен солтұстағы жастарымыздың өміріне енгелі қашан, енді шығысымыздағы жас ұрпақтың қытайға бет бұруы қалды ма? Сонда ұлттық ақпараттық кеңістік 15 жыл бойы қалыптасып үлгермегені ме?
Шын мәнінде өзбектік шоу-бизнес бізден жоғары, оған басты себеп –продюсураны шебер меңгергендіктен. Тіпті, әншілеріміздің көбіне өзбектер клип түсіріп беретіндігі, олардың қолының арзандығынан ғана емес, өзбек ағайындардың бұл процесті жақсылап жолға қойғандығынан. Ал, біздегі продюсура кеңестік қазақконцерттік әкімшіліктен әрі аса қойған жоқ. Сондықтан өзбек ағайындардың телеарнасын көріп отырған қазақтар өзбектенбейді, қазақы намысқа тырысып, өздерінің осындай дүниелерін жасауға ұмтылады, әрине, егер жағдай жасалса.
Бұл мәселеде кешегі қазақтардың видеоклиптерінен түскен түсім бүгін өзбектердің жастарға арналған телеарнасының шығуына алғышарт болып жатуы құпия емес екенін ескеру керек. Ал, ағыл-тегіл ақшаны ұқсата алмай отырсақ, ол үшін өзбек ағайындарды кінәлап, ат-тонымызды ала қашып керек емес. Тіпті, қазақ бола алмай орыстана бастағаннан гөрі түркінің бір бұтағы болып табылатын өзбектенгеннен не ұтыламыз деген арсыз пікірдің туындайтыны да рас. Бұл ащы шындық, бірақ намысымыз соншалықты болса, «Астана» телеарнасы қазақтілді редакциядағы жастарымызды тырағайлатып қуып шықпаған болар еді, ондай телеарна Өзбекстанда бір сағат та хабар тарата алмас еді. Міне, мәселе қайда жатыр! Сондықтан кез келген мәселені үстіртін бағалаудан гөрі оның тамырын аршу сол мәселені шешудегі алғышарт болмақ.
Оңтұс қазақтарының өзбек теледидарын қарауының екінші бір жағында жалпытүркілік бірігу мүддесінің пайда бола бастағанына куә болып отырмыз. Орталық Азия одағы туралы көп айтып жүрген біздерміз - қазақтар. Экономикамыз да шүкір етуге тұрарлық. Ендеше, жуырда ғарышқа шығарылмақшы жерсеріктің мүмкіндігін пайдаланып, неге түркілерге ортақ радио-теле арна ашпаймыз. Оған қазақ та, түрік те, өзбек те, татар да, қырғыз да, саха да, алтай да, балқар да т.б. 40-қа жуық түркілердің қыруар өнерін әлемге паш ететіндей жалпытүркілік мүмкіндік берсек, бұл қазақы жалпақшешйлік емес, қазақ халқының шын мәніндегі түркілік қара шаңырақты ұстап отыруының көрінісі болар еді. Бұл бұйығы жатқан түркілердің ішкі әлеуетін оятып, оларды өз ара қыжылға емес, шынайы жарысқа шақыратын және бүкілтүркілік жас ұрпақтың бірігуіне бастайтын мүмкіндік болар еді. Сөйтіп, Қазақстан түркілердің қазіргі заманғы жаһандануға қарсы ақпараттық иммунитетін жасақтауға үлес қосар еді. Мұндай жобаны іске асыру түркілік қара шаңырақты ұстап отырған қазақтың бірден бір міндеті. Сонда түркілер бір біріне бәсекелес емес, бір бірін толықтырушы этноқауқарға айналады. Ал, қазіргі күйіміз «бөлінгенді бөрі жейдінің» кебі ғана.
2005 ж

Комментариев нет: