среда, 26 сентября 2007 г.

ҚАСҚЫРЛАР ХИКАЯСЫ



Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ

ЖУАС ҚАСҚЫР

Бұл да бір заман еді-ау. Кеңес үкіметі төңкеріліп түсіп «ай, дейтін әке, қой, дейтін қожа жоқ» дүниенің астаң-кестеңі шығып жатқан кез. Сонау 93-тің тақырланған тауық жылы -¬ тұғын. Қараша айының соңғы парақтары қырқылып, сүреңсіз желтоқсанның сұрғылт бұлты қоюланып, әне-міне терістен орай соғатын сырғыма ақ боран басталатын сыңайда, аспанның толғағы ауырлап, еңсені көңілсіз зіл басқан күндердің бірі еді. Жиегі қырқылып ақтазданған, әрі ыстанып, түтін иісі сіңген түлкі тымағын милықтата киіп, Кәдең шал сыртқа шықты. Желді күнгі көлдің толқынындай қатпар-қатпар әжімін тыржитып аспанға қарады.
- Япырмай, мына күнінің ашылатын түрі жоқ. Қосындағы балалар не болып жатыр екен, - деп, совхоздың жылқысы қыстайтын қүрең адыр жаққа қарап ұзақ тұрды.
Заман осылай құбылады деп кім ойлаған. Көрген түс сияқты өтіп жатқан өмір. Кәдең жыл жарым бұрын екі отауын жетелеп, әулеттің қарашаңырағын бастап, атамекеніне сонау Алтайдың арғы бетінен көшіп келген. Алғашында совхоздың бір отар саулық қойын бақты. Жаз жайлауға шықты. Қобданың боз талынан иіп жасаған, уығының қары боз баланың білегіндей алты қанат ақ үйін Жетімтөбенің бауырына тікті. Сарысудың кебер арнасын жағалай қонған шопандар Кәдеңді ерулікке шақырып мәре-сәре, жаз да өтті.
Қыркүйектің аяғында күзеулікке келіп қонды. Құдайға шүкір, малдың бабын бір кісідей біледі, саулықтарының күйі жақсы. Бірақ бір түсінбейтіні осы қойлар мал сияқты дүркіреп тұрып, өмірі бір үрікпейді. Айдалада тоқтап тұрған жүк көлігін көрсе болды, солай қарай маңырай шұбырады-ай келіп. Сөйсе, ала қыстай машинамен жем шашып, жаман үйреткендіктен, мал екеш, мал да жанын қинамай жейтін тегін тамақты аңсап, мотордың үнін естісе «азанның» дауысын естіген сопылар сияқты елеңдеп тұрады екен. Ештемеден үркіп, қорықпайды. Қазақстанның қойы осындай жуас болады деп кім ойлаған. Мал емес, жаңа тұрпаттағы адамзатқа әлі белгісіз хайуан сияқты. Кадең осының құпиясын таппай басы қатып жүр.
Әнеугүні жайылымға шығуға жарамай ауылдың шетінде қалған төрт-бес басқа тапа-тал түсте қасқыр шапты. Қыста туған бөлтірік екен. Ақсақ қоңыр тоқтыны алқымдап апарып, жалғыз тартып жұқа шабын жарды да, ішек-қарнын ақтарып жей бастады. Мына құдіретті қараңыз, қасындағы басқа қойлар түк болмағандай пысқырып қойып, қасқырды айналып жайылып жүр. Шабдар бестісін омыраулатып шауып келе жатқан Кәдең мына қызыққа қарап тұрып қалды. «Е, бәсе!»- деді, - бұл мал емес екен ғой. Көкірегіне біреу ине шаншып алғандай ашып кетті. Күйінгеннен болар «Аһ!» деп бір ақырып жіберіп, атының басын кері бұрып жүре берді. Айналып артына қараса, жетім қара қозы бөлтіріктің құйрығын иіскеп тұр екен.
Кәдең күні-түні ойланумен болды. Бұл не сұмдық!!!
Содан бір күні зоотехник Дәукен келді. «Ертең қыстауға көшіңіз, совхоздан адамдар келіп, қой шағылыстырады»-деді. Түсінікті, қазан айы орталап қалды «күйек алатын» болғаны ғой. Ертеңінде қыстаққа қошқар емес шала масаң, рең-басы қураған кәрі теректің қабығы түстес үш еркек келді. Содан зоотехник айтқан қой шағылыстыру науқаны басталды.
Кәдең сонда барып: «Е, енді білдім, барлық пәле осында екен-ау»-деді. Табиғат жаратқан малды қолмен ұрықтандырып, жасанды хайуанға айналдырып жіберген. Бақандай жиырма жыл осылай істеген. Көріңде өкіргір Кеңес үкіметі. Басқасы – басқа қойдың қасқырды танымауы деген нағыз сұмдық емес пе. Осы малдың етін жеген адам да кімнің дос, кімнің жау екенін ажыратпайтын меңдуана мәңгүртке айналмай қайтеді. Мына қойдың етін жеген әлгі қасқырдың өзі көкбөрі атынан айырылып, қотанның жуас «ит-құсына» айналатын шығар...
Сол күннің ертеңінде Кәдең бір отар саулықты өткізіп беріп, екі баласымен бірге жылқы бағуға шықты. Бүйтіп қор болған қой баққанша Қамбар-атаның түлігін қайырайын.

***

Кәдең жабағы бұлт байланған аспанға тағы қарады. Мына күннің райы жаман, қатты боран болатын түрі бар, балаларға бас-көз болып сол жаққа барғаны жөн шығар. Арба торыға ер салып, жылқышылар қос тіккен Көкөзекке қарай беттеді. Алыстан байқап келеді екі атты адам қүрең қырқаны кесіп өтіп, ылдиға қарай ағызып барады. Бірдеменің артынан түсіп тақымдап қуып жүрген секілді. Әне-міне дегенше әлгілер шаң боратып қайтадан өрлей шапты. Қым-қиғаш, қиқулап шапқан екі адам ескі зиратты айнала беріп, опыр-топыр болды. Алыстан анық байқалмайды атты адамдар бірдемені ұстап алып, байлап-матап күйбіңдеп жатыр, әйтеу.
Арада сүт пісірімдей уақыт өткенде Кәдеңде келіп жетті. Қызықты қараңыз екі ұлы арлан қасқырды ұстап алыпты да, ауызына қамшының сабын көлденең тістетіп, тұмылдырықтап байлап тастаған, жетектеп жүр. Оқиға былай болыпты. Жылқыға қасқыр шапқан. Оны көрген екі ұл жаратып дайындап отырған жүйрік аттарына мініп алып, қуып берген. Кішісі қасқырға жақындап келіп, құрулы қайыс арқанды тастап жібергенде, Алла сәтін салып қыл мойыннан іліне кеткен. Қасқырды жарты шақырымдай сүйретіп әбден есінен танғанда аттан түсе қалып байлап алған. Қасқырдың жүні жығылып, сүйретіліп әзер тұр. Кәдуілгі ит сияқты жетектеп еді, жүріп кетті.
«Е, осылай боларын білгем»- деді Кәдең: бұл елдің қасқыры да жуасып қалған. Бұның бәрі «жынды» қойдың етін жеген ...

***

Арқан тастап даладан қасқыр ұстаған осы оқиға туралы облыстық «Семей таңы» газетінде қысқаша хабар жарияланды. Оқыған ағайындар болса есіне түсіре жатар. Ал, қолмен қасқыр ұстаған азамат Қарағанды мен Астана арасындағы «Тұзды» теміржол бекетінде аман-есен еңбек етіп жүріп жатыр.



ОРАЛМАН - ҚАСҚЫР

Өткенде туған ауылыма барып қайттым. Бізге жамағайын, рулас апамызға үйленген, әрі көп жыл көрші отырған Саяси атты жездеміз бар. Мен барғанның ертеңінде сол жетті. Құдай өзіне мал мен басты берген. Бес ұлы бес отау. Әр қайсысында 500-1000 бас ұсақ малы бар. Бір-бір қыстақты иемденіп алып, шалқып жатыр. Бұл жақ ондай өмірді «Абай жолы» романынын талай оқыған. Шіркін, қазақтың иісі мұрнына бармайтын, қалада өскен «кісі киік» бейбақтарды осында апарып, Саяси жездемнің қолына бір ай ұстатқанда ғой, қыбын қандырып, ұрмай-соқпай орта ғасырдың қазағын жасап шығарар еді. Ол Сәкеңнің қолынан келеді.
Сәкең жездейдің келе жатқанының өзі сұмдық. Апырып-жапырып сөйлеген сөзі жарты шақырым жерден естіледі. «Қайда, әлгі Қазақстаннан келген неме, өзі қазақша біле ме, екен. Орыс болып кетпесе, мені келіп аттан түсірсін...» - деп, шірейді. Аттан түсіріп алайын, деп жетіп барсаңыз «Іздірасти» деп қамшымен жон арқаны көздеп тартып жібереді. Онымен қоймай «Атаңның қамшысын сағынған шығарсың, ырым жасағаным ғой» -деп, шалқақтайды-ау.
Содан Сәкең сөйлейді ғой... «Е, Қазақстанда жер көктеді ме? Патшаларың аман-есен бе? Мұнда ет жеп, тойынайын деп келдің бе?...». Жауап беріп үлгермейсің. Жауап беріпте қажеті жоқ. Бас изеп қойсаң Сәкеңе сол қанағат. Тиегі ағытылған тоғанның суындай сылдырап отырған жездеміздің анда-санда құйрығына оқ тиген тау құлжасы секілді танауы сәңірейіп, отырған орнынан тақымын көтеріп, оқшырайып тұрып қарайтын әдеті бар еді. Бұл жолы да сөйтті. Маңызды бірдеме айтар алдындағы әдетті. Содан кейін маған қаратып: «Әй!»-деді, лақ текенің сақалындай ақ-қарасы аралас қылшық өскен иегін шошаңдатып: «Сендер неге Қазақстанның бар қасқырын біздің жаққа айдап жібересіңдер!». Мен мұны жездейдің қырық қалжыңының бірі шығар деп: «Сенің малың өсіп кетіпті, соны жесін деп, бір үйір қасқыр жіберген едік» – деп, әзілдеген болдым. От айналып отырған жұрттың бәрі бір ауыздан: «Сәкең рас айтады Қазақстанның қасқыры келгелі оншақты жыл болды» дегені. Шынында солай екен. Бір жылдары колхоз-совхоз жекеленіп, ауылдарда мал қалмай таратылғанда ашыққан қасқырлар далада малы сыймай жатқан біздің елге ауып барыпты.
Жергілікті халық көшпенді қасқырларды алыстан айнытпай таниды екен. Ауылдастарымның айтуына қарағанда, тұрқы қысқа, терісінің түбіті аз, ақшулан қылшық жүнді байқұстардың күш-қуаты да шамалы көрінеді. Қозы-лақ, бота-құлын тәрізді жас төлдер болмаса ірі малдарға шамасы жетпейді. Оның үстіне ғасырлар бойы Алтайдың теріскейін мекендеп, сай-саласын меншіктеп алған жергілікті қасқырлар әлгілерді күркіреп қуғанда бейшаралар қашып қораға өздері келеді екен. Алдынан әупілдеп қойшының қара төбеті жүгіреді. Тыртыңдап қайта тауға қашады.
Біздің ауылдың шайқы шалдары осы қызыққа ұзақ қарап отырыпты да, әлгі ел - жерге сыймай жүрген сорлыларға бір ауыздан «Оралман қасқыр» деген ат қойыпты. Кейде қымыз ішіп желіккен жігіттер не «азаматтығы», не «баспанасы» жоқ бейбақтарды бытырлатып соғып алады. Менің Сәкең жездем есік көзіне таман отырған балдыздарын қамшымен нұсқап: «Мына боқмұрындар «Қасқыр соққан» атақ алып, бір жырғап қалды» - деп, кеңк-кеңк күлгенін көрсеңіз ғой.

***
Туған ауылымда екі апта жаттым. Аттанардан бір күн бұрын «қош бол!» айтайын деп Сәкең үйіне бардым. Барсам есік алдында отыр екен. Сәкең: «Кеше Құйған жаққа балалар қой өрістетіп қайтып еді, жаңа туған екі-үш қозыны қасқыр жеп кетіпті» деді. Мен: «Оралмандар жеп пе?» деп сұрадым. Сәкең: «Солар ғой» деп, тым сүлесоқ жауап берді. Одан кейін батысты бетке алып қаңқылдап ұшқан бір топ сарыала қаздың артынан ұзақ қарап тұрды да, «Жей берсін, атажұрттың өзі болмаса да, көзі ғой, Алланың оған берген ырыздығы емес пе, білгенге бұның өзі сынақ... Жүр үйге, дәм татып шық! Сенің де рыздығың үзілмесін!» деді. Әумин!

1 комментарий:

Анонимный комментирует...

Бұл бүйрек сатқысы келетіндердің барлығына арналған ашық хабарлама, бізде бүйрек ауыстырып салуға мұқтаж науқастар бар, сондықтан сіз бүйрек сатқыңыз келсе, iowalutheranhospital@gmail.com электрондық поштамызға хабарласыңыз.
Сіз +1 515 882 1607 нөміріне whatsapp арқылы қоңырау шалып немесе жаза аласыз.

ЕСКЕРТПЕ: Сіздің қауіпсіздігіңіз кепілдендірілген және біздің пациент бүйрегін сақтап қалуға келіскен кез келген адамға үлкен мөлшерде ақша төлеуге келіскен. Сіздерден бір нәрсені естисіз деп үміттенеміз, сондықтан сіз өмірді сақтай аласыз.