четверг, 26 июля 2007 г.

Жаңа ұлт және жаңа қазақтар

Қазақ халқының егемен ел болуына байланысты Қазақстандағы орны кеңестік империя кезіндегі ролінен өзгеше. Кеңестік кезеңде өз жеріндегі этнос ретіндегі өмір сүру құқығы Қазақстандағы диаспоралармен тең дәрежеде ғана болып, мұндағы «көп ұлттардың» бірінен саналып жүріп, республиканың титулды халқы ретінде егемен алуға мүмкіндігі болғандығы рас. Мұнымен айтпағымыз, Қазақстан бұрынғы КСРО құрамтасының (компоненті) бірі ретінде тек қана қазақ деген этностық ұлттың арқасында ғана саяси және басқалай жағынан егемен болуға мүмкіндігі бар республикалардың қатарына енді. Алайда, егемен аталу бар да, егемен болып қалыптасу бар. Қазырғы кезде Қазақстан - егемен мемлекет, алайда, қазақ халқының егемендігі қаншалықты деген сұраққа, елдің дәрмені қандай болса, егемендігі де сондай деген жауап қате болмас.Әзірге Қазақстандағы экономикалық әлеуетке ие болу жағынан елдегі этностар ішінде қазақ халқы 4-орында көрінеді, демек, егемендігіміз де сол шамада. Бұл жағдай қазақ халқының егемендіктен күтетінінен гөрі егемендікке беретіні көп болуға тиіс деген сөз. Басқаша айтсақ, «жаңа қазақ» ұғымының «жаңа орыстан» айырмашылығы болуы тиіс дегенге саяды. Егер ресейлік жаңа идеологияның жемісі ретінде шыққан «жаңа орыс» ұғымы кәсіпкерлікті меңгерген орыс дегенді меңзеу болса, қазақстандық жаңа идеологияның алдыңғы қатарлы азаматтық идеалының көрінісі ретінде «жаңа қазақ» ұғымы құлдық мінезден құтылып, жаңа мемлекеттің тұтқасы боларлық азаматтық сапаны сіңірген адам деген сөз.
Осы жерде «қазақ» демей, «адам» деп отырғанымыздың мәні «ұлт» ұғымсөзінің (термин) қазырғы этнос ұғымынан да кеңірек екендігін жеткізу. Мойындайтын бір нәрсе, қазақтілділердің қазырғы ұғымында қазақ дегеніміз – тегі жағынан алғандағы ұлт өкілдері болып табылуда, яғни біз этнос пен ұлт ұғымын шатастыра отырып, егемен болған елдің бірыңғай азаматтарын «бөле қырқу» саясатын жүргізе бастағанымызды мойындауымыз керек. Алайда, шынайы жағдай басқаша болып отыр. Мәселен, ҚР парламентінде 90% қазақтектілер отырғанына қарамастан, парламенттің әлі күнге қазақ тілін енгізе алмауы – елдегі қазақ этносының саясатқа ықпалының аздығынан. Басқаша айтқанда, Қазақстан алдында егемендік алу процесінен туындаған жаңа ұлт қалыптастыру мақсатына қазақ этносы дәрменсіздікпен кіріскендігін ашық мойындау керек. Себебі, демографиялық құрамы этникалық алалықтан құралған елде жаңа мемлекет құру кезінде міндетті түрде жаңа ұлт қалыптастыру міндеті тұрады. Тіпті, этностық құрамы бірыңғай халықтың өзі жаңа мемлекет жағдайында жаңа ұлт болып қалыптасуына мәжбүр болады. Жапония империясының жапондары соғыстан кейін, жаңа мемлекетке жаңа азаматтар болып орныққаннан кейін ғана ұлы гүлденуді бастан кешті. Оның үстіне қазырғыдай азаматтық қоғам мен ырықты экономика процесін сіңіру этносты қалай болғанда да жаңа сапаға көтеретіні белгілі. Осы жағынан алғанда, таза қазақы менталитет ретінде мойындалып жүрген нағыз ауылдық менталитет мемлекетті меңгеруге келгенде жеткіліксіз болып қалғандықтан, Қазақстан мемлекеттілігін қалыптастыру жағдайында «қазақ иісі» әлжуаз шығуда. Оның үстіне қазырғы мемлекеттілік дегеніміз таза отырықшылықтың бұрын болмаған басқа сапасы мен қазақтардың көшпелі өркениеттің субъектісі екенін ескерсек, жаңа ұлт қалыптастыру неге керек және қалай деген сауалдарға барынша дұрыс жауап табар едік. Сонымен, қазақтілділер мұрат етіп жүрген Қазақстанның қазақы келбеті болу керек деген мәселесі, қазақтілділердің алдына мұсалдат менталитет деңгейінен арылып, мемлекеттік субъект болатындай қауқарлы да ықпалды әлеуметке айналуы қажет деген міндет қояды. Басқаша айтқанда, мемлекеттік органдардың құлағында отырған және қоғамдық қазанның қайнауында жүрген қазақтілділер неғұрлым елді билеуге дәрменді болса, соғұрлым ғана ұлттық мемлекет келбеті айқындалады.
Алайда, қазақтілділер әзірге ел билеу дәрменін тіл, діл және дін төңірегіндегі байбаламмен ғана шектеп отырғандай әсер бар. Билікке барған қазақтілділер неғұрлым қауқарсыз болса, олар мемлекеттің қызығын көруге ұмтылған басқа әлеуметтің соғұрлым ойыншығы болады да шығады. Осы жерде парламенттегі қаптаған қазақтардың, мәселен, тілге дегенде дауысы неге шықпайды деген сауалға жауаптың өзінен өзі шығады. Сөйтіп, қазақтың атынан депутат болғанымен, этностың мүддесін қорғамай, жай ғана «жепутат» болып жүргендердің аз еместігі осындай қауқарсыздықтан көрініс береді.
Сонымен, Қазақстанның егемен болғанына 15 жылдың жүзі болғанымен, оның бірыңғай ұлттық келбеті әлі шешілген жоқ, ол орыстілділердің гегемондығы арқылы баяу ғана қалыптасу үстінде. Осы қалыптасуға белгілі бір мәртебе беру мақсатымен былтыр «қазақстандық ұлт» деген ұғымсөз дүнеге келді. Алайда, бұл процесс халықаралық дипломатияда да болсын, қарапайым қоғамдастықта болсын «қазақ» деген сөзбен рәсімделіп жүр. Этностық тегіне қарамастан, шетелдіктер кез келген қазақстандықты «қазақ» дейді. Демек, қазақтілділердің қандай да пікіріне қарамастан біртұтас мемлекеттің субъектісін қазырғы қоғамдық ғылым ұлт деп мойындайды.Ал, бұл субъектіге айталық, Қазақстандағы барлық адам атаулының бәрі кіретіні сөзсіз. Ендеше, сыртқы саясат біздің бәрімізді бір ұлт деп отырғанда одан қашып шыға алмайсың. Алайда, осы ұлтты атауға келгенде орыстілділер өздерін «қазақ» атауға қымсынып, бәлкім арланып, «қазақстандық» деп атауды ұсынады. Ал, Әзімбай Ғали бастаған қазақтар «біз бәріміз де қазақпыз, тек қана руларымыз, яғни шыққан тегіміз әр түрлі болуы мүмкін» деген тұжырымды ұсынуда. Қысқасы, екі жақта амалсыз бір нәрсені мойындайды, ол Қазақстанды бір ұлттың мекендеп жатқандығы. Демек, өмірде қазақстандық ұлт бар деген сөз, ал оның мазмұны қаншалықты, ол өз алдына бір әңгіме.Ал атауға келгенде әр түрлі ұсыныс қылаң беруде. Мәселен, қазақтілділер айтатын «Қазақстанда бір ғана ұлт бар, қалғандары диаспоралар» деген уәж тек қана этностық құрам жағынан алғанда мақұлдануы мүмкін, ал Қазақстандағы экономикалық әлеуетке қожайын ретінде сол «диаспоралардың» үшеуі елдегі халық санының бейресми санағы бойынша 60%- дан асып отырған қазақтардың алдында тұрғандығын ескерсек, экономика жүзінде әлгі тұжырымның орынсыздығы алдымыздан шығады. Ендеше, қазырғы заманда ұлт болу үшін елдегі басты этнос болу жеткіліксіз.Экономикада, ешбір диаспора сен басты ұлтсың ғой деп, өз сыбағасы мен тең құқығын бере салмайды, оған ұлттың өз қауқары бой көрсетуі керек.
Демек, қазақстандық бірыңғай ұлттың қалыптасуына этностық ала-құлалықтан гөрі, қазақ этносының қауқары қаншалықты бой көрсетсе, мазмұн жағынан толық қалыптасып болмаған қазақстандық ұлттың мәнін қазақтілділер сонда ұғына түседі. Алайда, қазақстандық ұлттың қалыптасуына диаспоралардың түрлі саладағы авангардтық ролінің қатері болуы әбден мүмкін.
Қазырғы басты көзге түсіп тұрған жайт: біртұтас ұлттық субъектінің басты екітілдік тұжырымға тірелуінде – қазақтілділер «қазақты» «қазақстандыққа» айырбастаудан, тілден айырылып қойыртпақ болудан сескенеді, ал қазақ еместер қазаққа айналып кетуден сезіктенеді. Алайда, орыстілді қазақтардың арасында, өздерін қазақ тілін меңгермеу сылтауы ретінде өздерін қазақстандық ұлт өкілі екендіктерімен ақтағысы келетіні жеткілікті болса, қазақ еместер арасында өздерін «жаңа қазақ» ретінде танытып жүргендер де бар. Бұған қазақ тілі мен қазақы менталитетті жақтап, оны қорғауға жандарын салып жүрген Герольд Бельгер, Асылы Османовалар секілді ересек буын өкілдері болса, «Астана» телеарнасының жүргізушісі Оксана Петерс «жаңа қазақтықты» меңгерген жаңа ұрпақ өкілі болса керек. Өйткені, бұлар - жаңа қазақстандық бірыңғайлыққа ұмтылғандар ғана емес, «қарсы жаққа» бір қадам жақындағандар. Шамасы, Қазақстан унитарлық мемлекет болып дами түсуі үшін оның ұлтының да бірыңғайлануы басты шарт болып қала бермек. Міне, осындай мұратқа Герольд, Асылы, Татьяналар мен Оксаналар нағыз таптырмайтын шикізат. Өкінішке орай, бұндай құбылысты ынталандыра түсуге мемлекет қауқарсыздық танытып отыр.
Қазақстандық ұлттың қалыптасуын мемлекеттің ішкі қайшылықтарының жойылуының бірден бір кепілі деп қабылдау қажет. Бұл жолда басты шарт болып табылатын нәрсе, елдің әлеуметтік жағдайының жақсаруы ғана емес, монотілді (орыстілді деп қабылдаңыз) ұлттың ең болмаса қостілділікті меңгеруі көп шиеленісті жойған болар еді. Осыдан келіп мемлекеттік қызметкерлердің екі тілді бірдей меңгеру міндеті туындайды да, жалпы қоғамдық келісім үшін көптілділік идеясын енгізу қажеттігі шығады, яғни қазақ-орыс тілдерінен басқа, ұсақ этностар тұратын аймақтарда азаматтардың жаппай солардың тілін меңгеруге ұмтылысы мемлекеттік тараптан ынталандыру шаралары арқылы саясатқа айналуы керек. Сонда ғана қазақ және орыс тілдерінің арасындағы жасанды тартыс өзінен өзі жойылып, бір бірінен сезіктенуші басты екі әлеуметтік топ бір бірімен амалсыз кірігеді.
Алайда, әлеуметтік-қоғамдық проблема әлеуметтік-экономикалық мәселені шешуден гөрі әлдеқайда күрделі екенін ескеру қажет. Өйткені, қоғамдық проблеманы көп жағдайда заң талабымен шешуге ұмтылу өз нәтижесін бермейді, оған соншалықты нәзік те дәл дәрмен керек болады. Сол себепті де мемлекеттік тілді заң талабын күшейту немесе полицейлік құрылымдардың күшімен жүзеге асыру кей жағдайда кері нәтиже беретіндігін ескерген жөн. Мәселен, тіл полициясын енгізген елдерде қоғамның жаппай заңқойлық деңгейі мен менталитеті ескеріледі, ал экономикалық заңдылықтар коррупцияның салтанат құруымен аяққа басылған біздің қоғамда полициямен тіл үйрету күлкілі жайт болып қалуы кәдік. Тіл сақшысы болу арқылы, талай қазақтілділер жемқорлықтың қаһармандары болып шықпасына кепілдік жоқ.
Әзірге толық қанды қазақ этносының бірден бір тұтушысы (носителі) ретінде өзін қазақтілділер ғана көрсетіп отыр. Бұл жағдай нағыз қазақтар ретінде ауылдық деңгейдегі консерваторлық құндылықтардың тұтушысы қабылданып, қазақтардың өзінен өзі жиренуге апарып отырған сыңайы жоқ емес пе екен? Сөйтіп, күн өткен сайын ШҚ-лардың (шала қазақ) қатары молайып, сол топқа қосылу сәнге айналып бара жатқандай ма, қалай өзі? Бір қызығы, қазақтілді әлеуметтік топ қазырғы заман талабына сай әрекеттен гөрі томаға тұйықтыққа ұмтылу әрекетіне басым мән беруде: қазақтілді БАҚ-тар қазақтілділер тірлігін көбірек қозғап, қазақтілді менталитет деңгейімен ғана өмірге баға беру секілді құбылыстармен шектелуде, тіпті, қазақтілді телеойындардың өзі архаистикалық тақырыптардан ауыспайды және қатысушылардың барлығы да қазақтар.Ал, жаңа нәрсенің өзі орыстілді хабарлардың қалдығы болып шығады да, жадағай жаңалықтардың бәрі қазақтілділерге ғана тән болып қабылдануы қоғамдағы шынайы жағдай екені рас.Сөйтіп, кешегі ауыл қазақтары өз «әлемінен» шыға алмай, өзгені «билемек» түгелі, өзгені өзіне тарта алмай жатқандай сыңай бар. Қазақтілділердің ұтылатын жері де осы, өйткені, қалған-құтқан әлеуметтік топты өзіне үйіріп отырған орыстілді публика екені рас. Басқаша айтқанда, қаладағы «ауылдық диаспора» құбылысы пайда болды. Бұл - БАҚ-тың кемшілігі емес, бәрінен бұрын этностық керітартпалық болып жүрмесін. Мұндай жағдайда, қазақтілділердің қазақстандықтарды былай қойғанда бар қазақты өз жетегіне ерту мәселесі ашық күйінде қала бермек.
Қорыта айтқанда, Қазақстанда өз мүдделерімен шектелген қазақтілділер мен орыстілділер тобы бар, бұлармен бірге оларға араша топ та пайда болуда,алайда ала-құла бұларды бірегей мүддеге жетелеп, біртұтас ұлт жасақтау ең бірінші мемлекеттік саясаттың нысанасы болуы керек.
Сонымен қазақтар қазыр жаңа мемлекеттің титулдық субъектісі болып қана қоймай, субъектінің өзегіне айналуы үшін этностық жаңару мен сапалану процесінен өту қажеттігі, құлдық емес, қожайындық еркін сананың тұтушысы болу керектігі туындап отыр.

2 комментария:

Қазақия комментирует...

Блогынызга табыс тилеймин!
Сиздин блогынызды оз блогыма силтеме етип орнатып койдым

Байланыста болайык!

Рахат Жаксыбай
qazaqia.blogspot.com

Анонимный комментирует...

Бұл Mayo Clinic-тің көпшілікке арналған жарияланымы және біз бүйрек сатып алуға мүдделіміз, егер сіз бүйректі сатқыңыз келсе, төменде көрсетілген электронды пошта арқылы бізбен тікелей байланысыңыз.
mayocareclinic@gmail.com
Ескерту: Бұл қауіпсіз транзакция және сіздің қауіпсіздігіңізге кепілдік беріледі.
Қосымша ақпарат алу үшін бізге электрондық пошта хабарламасын жіберіңіз.