пятница, 13 июля 2007 г.

ҚАЗАҚСТАНҒА ӘКІМШІЛІК – АУМАҚТЫҚ РЕФОРМА КЕРЕК

(Алашорданың 90 жылдығына орай)


«Егемен Қазақстан», 2007ж 17.02.07. «Өңірді әркім емес, әкім басқарсын», МҰСА Самат:
- ... бұл - әкімдердің жиі ауысуындағы басты фактор.
- Облыс басшылары соңғы үш жылдың бедерінде қалалар мен аудандардың 158 әкімін ауыстырған жөн деп тапқан. Бұл олардың жалпы санының 76 пайызын құрайды.
- ... соңғы үш жылда Ақтөбе қаласына төртінші әкім басшылық жасап отыр. Өткен жыл барысында Қарағандыға екінші адам әкімдікке келді. Бұрынғы әкімдер В.Храпунов пен И. Адырбеков басшылықта болған жылдарда Өскемен мен Қызылорда қаласының әкімдері үш реттен ауысып үлгерді.
- ...соңғы үш жылда Оңтүстік Қазақстан облысында 180 аукыл әкімінің 160-ы қызметінен шеттетілген. Атырау және Маңғыстау облыстары да қалысып тұрған жоқ – тиісінше 75 әкімнің 45-і және 37 әкімнің 24-і ауыстырып жіберілген.
- ... 2474 ауыл, кент әкімдерінің 399-ында тіпті жоғары білім де жоқ екен.
- ...әкімдіктердегі 14564 қызметкердің тек 8789-ында ғана жоғары білім болған.



Аңдату

«Кеңестік одақтың» ыдырау нәтижесінің Евразия құрлығына жаңа мемлекеттердің бой көтеріп, олардың жаңа жүйенің жетегіне жармасып, жаңа қоғам құруына итермеледі. Аталмыш он жыл кеңестік менталитеттің сарсаңға түсе ыдырап, соны психология мен тың көзқарасқа негізделген жаңа әрекет қана жаңа қоғам тудыратынын мойындатуда. Сонымен, келмеске кеткен кеңесшілдік жойылғанымен, алдымыздан жаңа қоғам құрудың объективті жағдайы біз күткендей құшағын жаймады. Осылайша, егемен болумен жүріп, он бес жылдың қалай өткенін де байқамай қалыппыз. Егемендік дегеніміз - жаңа мемлекет құру екен. Ал, біз оның үстіне жаңа формациялы қоғамды қолға алудамыз. Сондықтан да, бұл мемлекеттің қалыптасып дамуы заман талабына жауап беретіндей жаңа тұжырымға негізделген мемлекеттік құрылымдарды дамыту қажет болғандықтан, өз тарапымыздан сондай жаңа мемлекеттік құрылым тұжырымдамасын қоғамдық ортаға ұсынуды жөн санадық.
Бұл тұжырымдама 1992 жылы «Ақтөбе» газетінің 5 нөмірінде жарияланған «Көсеге қайтсе, көгерер?» және 1994 жылы қолжазба күйінде сол кездегі премьер-министр Әкежан Қажыгелдин мен оның орынбасары болған Нағашыбай Шәкеновке жіберілген «Көсеге бүйтсе, көгерер» атты мақалалар негізінде дүниеге келді. «Көсеге қайтсе, көгерер?» қолжазба күйінде 1992 жылғы қараша айында не бәрі бір ай ғана «Егеменді Қазақстан» газетінің бас редакторы болып, артынан мемлекеттік кеңесшілікке тағайындалған Әбіш Кекілбаев ағамызға жіберілгенмен, жарияланған жоқ; мұны шынында да стратегиялық нәрлі ой болғандығынан дейміз. Оның есесіне ондағы айтылған стратегиялық мазмұн кәзіргі кезде бірте-бірте жүзеге асырылуда. Соның кейбіреулері: Ленинск қаласының «Байқоңыр» аталып, ол арқылы Қазақстанның ғарышқа амбициялық мақсаттар қоюы, астананың орталық аумаққа көшірілуі, Курчатовтағы ғылыми атом орталығының құрылуы, Алматының қаржы және туристік орталық болуы т.с.с. Облыстардың жойылып, олардың орнына аймақтардың құрылуы жөніндегі сол кезде шыққан әр түрлі қауесетке бұл еңбектің әсері бар. Өйткені, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш премьер-министрі С.Терещенко 90-жылдардың басында, шынында да, облыстардың санын азайтып, ірілендіру идеясын ұсынғандығын жуырда С.Әбділдин жария етті. Алайда, мұның біз ұсынған идеяға жақындығы бар дей алмаймыз. Елдің әкімшілік-аумақтық бөлінісі жөніндегі бұл идея аумағы кең, халық саны селдір мемлекетті басқаруға негізделген.
Аталмыш тұжырым тұрғысынан биліктің қазыр қолға алып отырған әкімшілік реформасы біржақты және елдің әкімшілік құрылымын жетілдіруге қатыссыз, тақырып жете қарастырылмаған. Сондықтан бұл реформаның нәтижесі қаншалықты тиімді болатындығы қазырғы қордаланған мәселе тұрғысынан қандай болатыны түсінікті.


Мәселенің мәнісі

Қазақстан қазырғы кезде әлеуметтік-экономикалық жағынан белгілі бір сатыға көтеріліп, қордаланған мәселелердің шешілуіне жаппай жол ашыла басталғанымен, мемлекеттік құрылымның ескіргеніне байланысты, ел дамуындағы бұл ахуал кедергілер мен кідірістерге ұшырауда. Мемлекеттік құрылымның ескіргендігіне ең әуелі біз кеңес өкіметі кезіндегі мемлекеттік-әкімшілік құрылым мен әкімшілік – аумақтық бөліністі алып отырмыз. Соңғы кездегі децентрализациялау саясатының біржақты белең алуынан өңірлердегі мемлекеттік міндет атқарымы (функциясы) әлсіреп, талан-тараждық күйге ұшырауда. Бұған Оңтұстық Қазақстан облысындағы нәрестелер қанының жаппай улануына жеткізген жергілікті денсаулық сақтау құрылымының дәрменсіздігін алуға болады. Тіпті, мемлекеттік салалық органдардың облыстық деңгейдегі басшыларының әкімдердің тағайындалуымен болуының өзі осы звенодағы барлық мемлекеттік салалардың атқарымы мен басшылықты әлсіретіп қана қоймай, биліктің жоғарғы және төменгі звеноларының бір бірімен қайшылыққа ұрынуына әкеліп соқтырып отырғаны рас. Бір жағынан қарағанда, облыстық әкімдіктер сол аумақтағы барлық мемлекеттік міндеттердің атқарымын (функциясын) ұйымдастырады және жауап береді, ал бұлардың тыңғылықты жұмысын ұйымдастыруға және ақырғы нәтижесін үйлестіріп отыруға тиісті жоғарғы мемлекеттік органдар тек қана «ақсүйектікпен» заңжоба жасаумен, сол саладағы саясат жасақтаумен айналысады да, оны іске асыруды әкімдерге ысыра салып, белгілі бір сала бюойынша әлгіндей төтенше жағдай кезіккенде, кімнің кінәлі екендігі анықталмастан, мемлекеттік құрылым тігіңкі (вертикал) бағыт бойынша сарсаңға түседі. Бұл жайт әлде де мемлекеттік билік субъектілерінің ара салмағының ойдағыдай еместігін және әкімшілік субъектілерінің өзара жіктерінің теңгерімсіз ажыратылғанын көрсетеді: облыс деңгейінде шоғырланған билік пәрмені төмен қарай барынша тарамайды, жай ғана әкімшілік жаңғырығы іспетті күй кешуде. Осының салдарынан жергілікті билікке сол аумаққа сәйкес шешім қабылдау тән емес және облыстық атқару билік звеносы мөлшерден тыс міндет пен құзырды алып отыр. Шынын айтқанда, халқы аз елге мұншалықты губернаторлар қажет емес.
Басқа жағынан алғанда, жоғарғы атқарушы салалық органдар мемлекеттік міндетті белгілегенімен, оның барысы мен нәтижесіне жауап беретіндей міндеттен ада болған сыңай бар. Мәселен, қазырғы кезде жергілікті жерлердегі білім сапасы мен деңгейі облыс әкімдерінің рейтингісін анықтауға тікелей қатысты шама болып отыр, ал министрлік рейтингісінің бұған қатысы жоқ. Осылайша, әр сала бойынша мемлекеттік міндеттің атқарылу рейтингісі жоғарғы атқару органдарынан аластатылған, мұнымен бірге олардың үнемі болуға тиісті жауаптылығы та шайылып отыр.
Жалпы, біздің елдегі бұдан бірнеше жыл бұрын пайда болған децентрализациялау саясаты сол кездегі қаржы мен жауапкерлік тапшылығынан әлеуметтік салаларды орталық органдардың жергілікті билікке ысыра салу ниетінен туғанын да жасырмаған абзал. Енді әлеуметтік салаларға қаржы құйылып, қан жүгіре бастағасын бұл саясатты қайта қарау ниетінің туып отырғаны тағы бар. Оның үстіне миллиондаған бюджет қаржысы қоғамдық бақылаудан тыс қалғаннан кейін, оны жергілікті билік біржақты пайдалану және жемқорлық пен ысырап етудің үлгісін жасап отыры да бір шындықтың ұшы.
Аталмыш жайтты тағы бір жағынан алып қарағанда, елдегі облыстық мемлекеттік басқарым звеносы қолына мемлекетті федерациялауға алғышарт жасау үстінде: жергілікті барлық билік пен адам, бизнес, табиғат ресурсын бақылау және оларды үйлестіру мен жұмсау шоғырланғандықтан, облыстық әкімдікті жергілікті аумақтағы саяси суперсубъектіге айналуына мәжбүр етуде. Өйткені, облыстық мемлекеттік басқарым звеносын бақылау біржақты да тігіңкі түрде жоғарыдан төмен бағытталған, ал көлденең сипатты түрдегі қоғамдық және халықтық бақылау жоқтың қасы; тіпті болған күннің өзінде жергілікті өкілдік органдар әкімдік құрсауынан шыға алмайды. Сөйтіп, облыстық мемлекеттік басқарым, әсіресе, атқару билігінің басты тұтқасы болып отырғанымен, оның нықты звеносы болып отыр деуге келмейді. Бұл жағдай елді демократияландыру бастамасына кедергі келтіріп қоймай, оған қарсы бірден бір звено екені тағы шындық. Бәрінен бұрын бұл звенолық билік жергілікті бизнестің алаңсыз дамуына бірден бір тұсау болып, жергілікті жекедара корпорацияларды қалыптастырды, өздерінен тәуелсіз бизнесті бұғауда ұстап отыр. Бұл жерде, коррупциялық арқаудың негізі де, осы облыстық басқарым звеносында жатқанын жасыра алмаймыз.
Алайда, аталған мемлекеттік басқарым звеносының елдің бұған дейінгі дамуына үлесі болғандығын жоққа шығаруға болмайды, облыстық әкімдіктер дағдарысты кезеңде қолда бар ресурсты барынша тиімді пайдаланудың, елді тығырықтан шығару барысындағы басты билік тұтқаларының бірі болып келді. Бірақ, елдің ендігі дамуы мен оның демографиялық және аумақтық ахуалына бұл звеноның одан әрі пайдасынан зияны молырақ екендігі күн өткен сайын көріне бермек. Оларды тұжырта атасақ:
- елдің саяси федерациялауына алғышарт жасауда;
- жоғары және төменгі билік звеноларының ара қайшылықтарын туғызуға негіз болуда;
- мемлекеттік басқарым саясатының шалғай аумақтарда ыдыраңқы күй кешуіне апаруда;
- аумақтық дамудың біркелкі емес, иерархиялық (мегополис-полис-провинция) сипат алуына негіз болуда;
- ел дамуының мегополис-провинция қарама-қайшылығына ұрындыруына себеп жасақтауда;
- шалғай аумақтардың демографиялық жалаңаштануы мен шаруашылық дағдарысына тап болуына апарып соқтыруда;
- елді әкімшілік және аумақтық жағынан басқару бір бірімен шатасуда;
- елде аумақтық әлеуметтік-экономикалық әділетсіздіктің өрістеуіне түрткі болуда.

Қазақстанның кеңес империясынан мұраға қалған қазырғы әкімшілік-аумақтық бөлінісін тиісінше әкімшілік және аумақтық сипатқа жіктеу керек, яғни, әкімшілік сипаттағы аудандар мен қалалар ғана қалып, оларды біріктіретін ірі өңірлік мазмұндағы уақыт таолабына сай, жаңа аумақтық бөліністерді жасақтаған абзал. Бұл бөлініс кең аумақтағы экономикалық әлеуетті ұйымдастыруға және селдір орналасқан демографиялық ахуалды бірыңғай басқаруға мүмкіндік туғызады және тиімді билік жүйесін құруға итермелейді.


Әкімшілік - аумақтық бөлініс пен жергілікті басқарым субъектісі

Қазақстанның әкімшілік – аумақтық бөлінісі (ӘБ) жаңа формацияға орай, ырықты (либералды) экономикалық қатынастың сипаты, демографиялық ахуал мен аумақтық әлеует ескеріле отырып, қайта құрылуы қажет. Нақтылай айтқанда, ӘБ қазырғы облыстық звеноның кеңестік иерархиялы-тоталитарлық жүйенің сипаты ретінде жойылып, делдал әкімшілік бөліністі уақыт талабына сай мемлекеттік органдармен алмастыру арқылы басы артық әкімшіл - әміршіл жүйенің түбірімен аласталуына батыл әрекет жасалған жөн.Қысқасы, әкімшілік-аумақтық бөлініс пен жергілікті басқарым субъектісін барынша тиімді етіп реформалау қажеттігі туып отыр. Бұл - жергілікті атқару билігін де әртараптандыру керек деген сөз. Аталмыш жоба ел аумағының байтақтығы мен халық тығыздығының селдірлігін үйлестіре басқаруға жауап беруі тиіс. Сөйтіп, аумақтардың шын мәнінде біркелкі түрде нығаюына алғышарт жасалғаны абзал.
Ел аумағы облыстарды жойып, тек қана аудандарға жіктелген бөліністен тұруы - біздің демографиямызға да, аумақты билеу саясатымызға да сәйкес, әр аудан муниципалдық мүдде мен мемлекеттік төменгі ауқымдағы мүдденің объектісі болғанда, ал жергілікті мемлекеттік басқарым Жергілікті өзіндік меңгеріммен (Местное самоуправление) қабыса отырып, жергілікті билік субъектісі болса ғана интенсивті даму жолына түсетін боламыз. Елдің әкімшілік бөлінісін экономикалық-әлеуметтік әлеуетіне орай үш сипатты:
- индустриялы немесе мегаполисті аудан (МА);
- агро-индустриалы немесе провинциялы аудан (ПА);
- агросекторлы немесе ауылды аудан (АА) түрде жіктеп, оларға сәйкес мемлекеттік мәртебе берілу керек. Сонда ел бойынша шамамен 20 шақты МА, 60-қа тарта ПА және 120-дай АА болмақ.
МА – ды қазырғы және бұрынғы облыс орталықтары мен оларға таяу поселкелер, селолар мен ауылдар аумағының жиынтығы құрайды; ал ПА–ға индустриялық комбинаттар құраушы шағын қалалар мен оған таяу поселкелер, шағын қала, селолар мен ауылдар аумағы бірігеді. АА болса, негізгі экономикасы ауыл шаруашылығына негізделген шалғайдағы елді мекендер мен шағын қала, поселкелерден тұрады. Елді бұлайша үш сипатты аудандарға жіктеу мемлекет тарапынан оларды ерекшелігіне орай дифференциалды дамыту мен аумақтарды өзара интеграциялау мүддесін көздеуге итермелейді. Осылайша үш түлік аудандардан құрылған аумақты бір аймаққа біріктіру арқылы елде бес аймақтық бөлініс жасақтауға болады. Бірақ бұл аймақтарды қазырғы облыс не губерния ретінде қабылдамау керек. Аймақтарға әкімшілік немесе жергілікті өзіндік меңгерім тән болмайды, аумақтық саясат негізінен жоғарғы мемлекеттік билікті төменгі мемлекеттік әкімшілік әлеуетпен ұштастыратындай өңірлік (аймақтық) министрліктер арқылы экономикалы-әлеуметтік салада үйлестіріліп отырады. Бұрынғы облыстық әкімге де, министрліктерге де қарап келген аудандық, облыстық деңгейдегі мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындар енді барынша тәуелсіз қызмет ете отырып, тікелей өз ведомостволарына бағынатын болады. Ал, оларды шаруашылық-жарақ жағынан жергілікті әкімдік арнайы бөлінген мемлекеттік қаржымен қамтамасыз етіп отыруы тиіс. Сонда, денсаулық пен білім саласындағы былықтар үшін жергілікті әкім емес, жауапты жоғарғы орган болмақ, ал әкім әлгі мекемелердің ғимараты мен коммуналдық қызметіне жауап бермек. Бұл жағдай елдегі меншік түрінің нақ па нақ үшке бөлінуін талап етеді: мемлекеттік, муниципалдық және жекеменшік.
Сонымен, ел аумағы шартты түрде бес өңірге: шығыс, батыс, оңтұстық, солтұстық және орталық болып бөлінеді. Оның әрқайсысына шамамен әлгі үш сипаттағы 40 ауданды шоғырландыруға болады. Алайда, бұл аймақтар әкімшілік–аумақтық бөлініске жатпағандықтан, аймақ бойынша өкіметтік билік тармақтары (мәслихат, сот) болмайды, бар болғаны жоғарғы мемлекеттік органдардың аймақтық бөлімшелері болуы мүмкін. Сөйтіп, мемлекеттік өкімет қазіргідей 3 сөрелі (ярусты) емес 2 сөрелі болып нығаяды: жоғарғы және төменгі. Сот билігін алсақ – Ұлттық (Жоғарғы) Сот және аудандық (төңіректік) сот, өкілдік билік – Парламент және аудандық (ауылдық, қалалық, поселкелік) мәслихаттар, ал атқару билігі – Президент-Үкімет және аудандық деңгейдегі мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындар. Ал, аудандық (ауылдық қалалық, поселкелік) әкімдіктер Жергілікті Өзіндік Меңгерімнің (ЖӨМ) құрылымы болып табылады, бірақ заң жүзінде белгіленген мемлекеттік кейбір қызметтерді жергілікті аумақта атқару жүктелетін болады. Сөйтіп, аудандық деңгейде мемлекеттік басқарым мен жергілікті меңгерім тоғысады. Атқару билігінің қызметін нақтылайтын болсақ; Министрлер кабинеті Президент белгілеген міндеттің стратегиялық және тактикалық шешімін анықтап, іске асырады; Аймақтық министрлік шешімді іске асыруды аймақ бойынша ұйымдастырады, үйлестіреді және бақылайды. Аудандық әкімдіктер муниципалдық мүліктерге қожалық етіп, муниципалдық органдарды басқарады. Жергілікті өкіметтің атқару саласы бойынша сәйкес түрде ауыл, поселке меңгерушілері мәслихаттарда сайланады. Ал, аудан әкімі бастапқы кезеңде Президент ұсынысымен бірнеше кандидат ішінен аудандық мәслихатта сайланып, кейін жергілікті сайлауда таңдалуы мүмкін. Мегополистік аудандардағы қалалық маңайлар (городские районы) жергілікті өзіндік меңгерім субъектісі болғаны жөн және олардың әкімдері сайлаушылардың тікелей сайлауымен болғаны абзал. Ондай жағдайда ірі қала әкімдері - әмірлер (мэр) ауданның стратегиясы мен тактикасын жасақтаумен және іске асырумен айналысады да, ал коммуналдық және басқа шаруашылық әкімдердің құзырына көшетін болады. Әмірді бастапқы кезеңде Президент тағайындап, кейіннен қалалық мәслихат сайлауы ықтимал. Жалпы, ең көп дауыс алған (пайыздық көрсеткіш бойынша) әрбір қалалық маңай (городские районы) депутаттарының, айталық, 20 пайызынан қалалық (Мегополисті аудандық) мәслихат құрылғаны жөн.
Әрбір аудан муниципалдық деңгейдегі дербестікке ие болып, өзін өзі басқарады, соған орай әр ауданның қажеті мен мүмкіндігіне сәйкес мәдениет, білім, денсаулық, тәртіп қорғау және коммуналдық т.б. сала бойынша меншігі болуы керек.
Аудандық бюджет жергілікті салықтан құралады, ол жетпеген жағдайда аймақтық министрлік құзырымен дотация көлемі анықталып, мемлекеттік бюджеттен толықтырылады.Сөйтіп, әкімшілік өз құзыры, белгілі бір мөлшерде өз қаражаты, мүлкі арқылы жергілікті мәселелерді шешумен өзін өзі басқарудың толыққанды бірлігі болады, сондай-ақ, атқарушы биліктің тігіңкі бағыныстағы төменгі звеносы ретінде атқарушы өкіл болып табылады.
Мемлекеттік бағыныстағы шаруашылық субъектілерінің қызметін өзіне тиісті аймақ мүддесінің экономикалық, әлеуметтік және басқа салалары бойынша белгіленген мақсатқа жұмылдыра отырып, сәйкес Аймақтық министрлік сол аймақтағы жойылған облыстық әкімшіліктердің саяси, экономикалық, меншіктік, құрылымдық мұрагері болып табылады. Бұл құрылымның ісі мығым болуы үшін Министрлер кабинеті жөніндегі заңда арнайы бір тарау Аймақтық Министрлік жөнінде болып, ал Министрдің Министрлер Кабинетінің мүшесі болуы қажет болмақ.
Әкімшілік – аумақтық бөліністің бұлайша әлпеттенуі әр сала бойынша бұрынғы облыстық мекеме, органдардың құзыры сол аумақтағы аудандық мекемелер мен Аймақтық министрліктер арасында бөліске түседі. Айталық, бұрынғы облыстық Ішкі Істер басқармалары біріктіріліп, сол аймақ бойынша ІІМ аймақтық департаментін құрайды. Ал, муниципалдық өкімет қарауында учаскелік милиционерлер тобы мен бюджет шамасына қарай өзге де бөлімшелер болуы мүмкін.
Сайып келгенде, елдің әкімшілік – аумақтық бөлінісін бұлайша “ойсырата” өзгертуге ырықты экономикалы демократиялық қоғам жағдайында тиімді де қауқарлы және арзан басқару құрылымын құрауға итермелейтініне көп ұзамай-ақ көз жетеді. Ал, қазырғы бөліністің соншалықты қайшылықты да, тиімсіз де икемсіз әрі қымбат екенін, 25 млн-дық халқы бар Өзбекстанда 13 облыс екенін, ал 20 млн-дық Мәскеу облысы мен өзімізді салыстыру арқылы көз жетеді. Аталмыш мемлекеттік құрылым жүйесі халықты билік пен мемлекеттік басқаруға барынша жақындатады және елдің бар аумағының мәртебесін бірыңғайлап қоймай, оларды әділетті басқару мәселесін шешуге негіз болады. Сол кезде ауыл - қала, мегополис - провинция, аумақ - индустрия қайшылықтары жойыла бастайтын болады. Ырықты экономика мен демократия жағдайында мемлекет басқару көлемі мен сипаты оның демографиялық және аумақтық (территория) сипатына да тәуелді екенін ескеру ләзім.
ЕЛЕКТРОНДЫҚ БЕЙРЕСМИ ӘЛІПБИ
немесе
әлемшырмақтағы қазақтарға үндеу


АҢДАТПА
Қазақтілділердің латын харпына тәуелділігі күннен күнге артып, мәселе ушыға түсуде: интернетте, қол телефонда хабарлама жазу болмаса әр алуан харыпты қолданып отырған дүние жүзілік қазақтардың бір бірімен бірыңғай әліпбиде ақпарат алу мүмкіндігі тарыла түсуде. Бұл тұйықтан қаншама арнайы программалық қамтымалар жазылса да, құтқарар емес. Ал, Қазақстан билігі бұл мәселені шешуге асығар емес, оның үстіне Ресейге тәуелді биліктен орыс тілінен тәуелсіз, қазақ тіліне тән әліпби күту күмәнді болып отыр. Сондықтан, ең болмаса қоғамдық, бұқаралық негізде қолданысқа жарамды латынхарыпты електрондық бейресми әліпбиге (ЕБӘ) келісіп, қолдана тұрған дұрыс.
Әрине, бұл әліпби ресми болмаса да, ешкім «интернетте оны неге қолданасың» дей алмайды, бірақ бар болғаны қазақтілділер үшін ең болмаса бөгетсіз хабарласу мен ақпарат алуды жеңілдету мақсатын жүзеге асыратындай қызметке жарайды. Мұны енгізуге ешбір техникалық жағдай да, қаржы да қажет емес, ағылшынхарыпты кәмпиутр болса - жеткілікті. Оның үстіне,бұл әліпби әлемшырмақтағы жұртшылықтың қолданысына кең тарап жатса, ресми жаңа әліпбидің қабылдануы мен сапасына ықпал ететіні сөзсіз.
Аталмыш әліпбидің алуан латын (француз, неміс, түрік, испан т.б.) нұсқаларының ішінен ағылшын харпының негізінде жасалуының електрондық кеңістіктегі ағайындарға пайдасын айтып жеткізу артық. Дегенмен, Қазақстанда мұндай әліпбилердің бірнеше нұсқасы жасалғаны да белгілі. Алайда, аталмыш ЕБӘ жай ғана әріптердің кестесі түрінде ғана емес, жаңаша ыңғайлы емлеге негізделгенін ескерген жөн. Әйтсе де, әлдебір кемшіліктерін жөндеуге бәріміз бірігіп жұмылғанымыз – құба құп! Қысқасы, бұл әліпбидің авторы - әлемшырмақтағы барша қазақ. Онсыз бұл дүниеге ЕБӘ таралмайды, іске жарамайды.
Сонымен, халайық! Бұл бастама тілге қатысты болғанымен, дүние жүзі қазақтарының ортақ жазба тілін сақтауға деген бір қадам, оған қоса орыс тілінің бодандығынан құтылу мен сол бодандыққа негізделген құлдық саясатқа қыр көрсету екендігін де жасырмаймыз. Осыны негізге ала отырып, қазақтілді әрбір қазақ бұдан былай әлемшырмақта кирилше харыптан бас тартуды ойластырса екен – нұр үстіне нұр! Бұл жобаны күзде болатын «Қазақтілді интернет - әлемдік кеңістікте» атты форумға жабылып әзірлеп барсақ, үлкен шашу болар еді, шіркін!
Құрметті әріптестер – блоггерлер, сайткерлер, жарияшылар! Бұл әңгіме алдымен сіздерге арналады. Електрондық бейресми әліпби (ЕБӘ) атап отырған бұл бастамамыз тілді тәуелсіздендіру жолындағы алғы қадам болсын, осыған келісейік, ағайын! Бұл, жалпықазақтық ірі жоба ретінде мойындалып, оның ебрейлердің өлген тілін тірілтуден анағұрлым шағын шаруа екеніне, алайда аса маңызды екеніне бет бұрайық! Көп сөзден аз да болса нақты қадамға көшейік! Бұдан ешкім де ұтылмайды, ештеңе де шығындалмайды. Ең болмаса, мәндетпелерімізді (коммент) осы әліпбиге сала бастайық, оны сынақтан өткізейік. Әлемді шырмаған интернеттегі әр қазақтың бұл бағдаршамы болсын! Іске сәт!
ЕБӘ-дің толық сипаттамасын мына адрес бойынша: erserik@yandex.ru сұратуға болады немесе http://www.qazaq.kz, http://kz.kazakhstan.neweurasia.net сайттарынан табуға болады.


ЕБӘ -ДІ МЕҢГЕРУ ЖОЛДАРЫ
ЕБӘ -ді меңгеру өз алдына бір түлік шаруа. Ол үшін ЕБӘ қолданушы мынадай сатылы жұмыстарды атқарғаны абзал:
1. ЖӘ кестесіне қанығу үшін қарапайым сөздерді жазумен жаттығу керек: өзінен бастап, тума-туыстардың, көрші-көлем мен таныстардың, қызметтестердің аты-жөндерін бірнеше мәрте жазып, тексеріп, оны бірнеше мәрте оқумен шұғылдану керек. Күніге 15-30 минөт бөлу арқылы бұл жұмыс небәрі 3 күнге созылса жеткілікті.
2. Келесі сатыда ЕБӘ -ді қолдануды күрделі жағдайға көтерген жөн, ол үшін қолхат, өтініш, қысқаша хаттар мен мәндетпелер (коммент) хабарландырулар болмаса қандай да бір мәтіннің 3-5 сөйлемдік қысқаша үзіндісін ЕБӘ -ге қотарумен шұғылданып, оны бірнеше қайтара оқу арқылы жаңа таңбаларға көзді әбден жаттықтыру керек. Бұл жұмыс бір аптаға созылуы мүмкін.
3. Соңғы сатыда ЕБӘ -ді өзге таныстарыңыз бен туыстарыңызға үйретіп онымен диктант жазысып көруге болады. Сондай-ақ, интернеттегі мәндетпелерді, қол телефондағы хабарламаларды ЖӘ-де жазуды қолға ала бастау керек. Сөйтіп, ЕБӘ -ді меңгеру осымен бітуі тиіс, одан әрі оны өмірге қолдану керектігі ғана қалады.

Ескерту: ЕБӘ -ге тән жазылымды жеңілдететін жаңа емлеге әзір көңіл бөлмей тұрып, жаңа харыптарды кирилшенің орнына қоюмен айналысудан бастаған жөн. Осылайша ЕБӘ-ді әбден меңгергендігіне көзі жеткен қолданушы жаңа емлені содан соң қолға алып, Ы мен І әріптерін қысқартып жазу дағдысын игергені дұрыс. Сол кезде жазылымның бұрынғыдан кемінде 25 пайызға қысқаратындығына және басқа тиімділікке көз жетеді.

ҚАЗАҚЫ ҮНШЕЛЕР (ФОНЕМАЛАР)Аталған жағдайларды қазақ тілінің өзге тілге тәуелдік сипаты есебінде бағалап, оны құтқаратын уақыт келді. Жоғарыда талданған сараптамаларды ескере келіп, қазақ тіліне барынша тән ЖӘ жасақтауға негіз етуге болады.
Сайып келгенде, қазақ тіліндегі 42 әріппен 76 дыбысты таңбалап жүрміз. Ал оған төмендегіше дәйектелген 29 әріп те жеткілікті. Егер әліпбиге қазақ тіліне тән сипатын берсек, мынадай кесте шығады:


ДАУЫСТЫ ҮНШЕЛЕР

№ әріптер үншелер
1 а а
2 ә ә
3 е е
4 й й
5 о о
6 ө ө
7 ұ ұ
8 ү ү
9 ы ы
10 і і

ДАУЫССЫЗ (бунақты) ҮНШЕЛЕР

№ әріптер үншелер
11 б бы,бі, ыб, іб
12 г гі, іг
13 ғ ғы, ығ
14 д ды, ді, ыд, ід
15 ж жы, жі, ыж, іж;
16 з зы, зі, ыз, із
17 к кы, кі, ык, ік
18 қ қы, ық
19 л ыл, лы, іл, лі
20 м ым, мы, ім, мі
21 н ын, ны, ін, ні
22 ң ың, ің
23 п пы, ып, пі, іп
24 р ыр, ры, ір, рі
25 с сы, ыс, сі, іс
26 т ты, ыт, ті, іт
27 у ұу, үу, ыу, іу
28 х хы, ых
29 ш шы, ыш, ші, іш


АҒЫЛШЫН ХАРЫПТЫ ЕЛЕКТРОНДЫҚ БЕЙРЕСМИ ӘЛІПБИ

Жоғарыда айтылғандарды негізге ала отырып, ағылшын харыпты қазақ әліпбиі төмендегідей үлгіде жасақталды:

№ РЕСМИ БЕЙРЕСМИ
әріп әріп үнделімі ескертім
1 Аa Aa а
2 Әә Ah, аh ә
3 Бб Bb бы,бі, ыб, іб
4 Вв - Жойылған, қолданымға орай: Bb (б) не Ww (у)
дыбыстарымен айырбасталған
5 Гг Gg гі, іг
6 Ғғ Ff ғы, ығ
7 Дд Dd ды, ді, ыд, ід
8 Ее Ee е
9 Ёё жойылған йо = io
10 Жж Jj жы, жі, ыж, іж
11 Зз Zz зы, зі, ыз, із
12 Ии жойылған артық әріп
13 Йй Ii Қысқа и
14 Кк Kk кы, кі, ык, ік
15 Ққ Qq қы, ық
16 Лл Ll ыл, лы, іл, лі
17 Мм Mm ым, мы, ім, мі
18 Нн Nn ын, ны, ін, ні
19 Ңң Ng,ng ың, ің
20 Оо Oo о
21 Өө Vv ө
22 Пп Pp пы, ып, пі, іп
23 Рр Rr ыр, ры, ір, рі
24 Сс Ss сы, ыс, сі, іс
25 Тт Tt ты, ыт, ті, іт
26 Уу Ww ұу, үу, ыу, іу
27 Ұұ Uu ұ
28 Үү Uh,uh ү
29 Фф жойылған, тілде жоқ дыбысты таңбалаған артық әріп
30 Хх Xx хы,ых
31 Һһ жойылған, тілде жоқ дыбысты таңбалаған артық әріп
32 Цц жойылған, тс тіркесімен берілген
33 Чч жойылған, тш тіркесімен берілген
34 Шш Cc шы,ыш,ші,іш
35 Щщ жойылған, шш тіркесімен берілген
36 Ъъ жойылған, тілге керексіз таңба
37 Ыы Yy ы
38 İi Hh і
39 Ьь жойылған, тілге керексіз таңба
40 Ээ жойылған, Е дыбысына сәйкес; тілде жоқ дыбысты таңбалаған артық әріп
41 Юю жойылған йіу және йыу дыбыстық тіркестерімен берілген
42 Яя жойылған, йа дыбыстық тіркесімен берілген


Әліпби ағылшынның 26 харпынан жасақталып, 29 әріптен түзілді. Әріптің 26-сы біртаңбалы, үшеуі ғана қостаңбалы, ал ағылшын әліпбиінде қостаңбалылар саны -21. Екінші таңба ретінде і әрпі ретінде алынған Hh харпы жіңішкертуші таңбаға таңдалып, ә, ү дыбыстарының әріптерін сәйкес түрде а, ұ дыбыстарының (a, u) жіңішке нұсқасы ретінде ah, uh таңбалары; ал ң әрпі қазақ тілі үшін әбден жарамды ағылшын тілінің белгілі ng қосағы таңдалды. Айырықша атап өтерлік жайттар:
- Х әрпі сол күйіндегі Х таңбасын иеленді;
- Ұ,Ү сәйкес түрде U,Uh болғандықтан, бұларға туындылас Ө әрпі де графикалық жағынан жуықтас V харпымен таңбаланды;
- Осылайша графикалық жақындықпен Ғғ әрпі үшін ағылшындық Ff алынды. Қалған әріптердің ағылшынша харыпталуы кескіндес және кәдімгі қолданыстағы нұсқалар болып табылады.
Жоғарыда келтірілген емлелік принциптерді іске асыруда қос таңбалы әріптердің қатарлас келуі немесе қабаттасуы болмайды, сондықтан оларды осылайша қолдану ешбір тұйыққа тіремейді де, ағылшын терімтақтасының (клавиатура) барлық мүмкіндігі сол күйінде қазақ тілінің де игілігіне айналады.
Жазылым мысалы:ahbden – әбден
Sahlm – Сәлім
uhlgh – үлгі
uhc– үш
tvrt – төрт
uhnggr – үңгір
vsek – өсек
Tvlegen – Төлеген
sw – cу.

Жоғарыдағы асты сызылған мәтінді жаңа әліпбиге салсақ, әрбір төрт жол біреуге дерлік қысқарып, мынадай жазба аламыз:
Jofaryda keltrlgen emlelk prinspterdh hske asrwda qos tangbaly ahrpterdng qatarlas kelwh nemese qabattaswy bolmaidy, sondqtan olardy oslaica qoldanw ecbr tuiqqa tremeidh de, aflcn termtaqtasnyng barlq muhmkndgh sol kuhinde qazaq thlnng de ighlgne ainalady.

ЕБӘ-ДІҢ ТИІМДІЛІГІ-
ЕБӘ қазақ тілінің жазылым реформасын жасауға негізі болып табылады және оның аса қиындықсыз атқарылуына мүмкіндік береді;
- тілдің төл заңдылығына қатаң түрде негізделген;
- тілдің барлық дыбыстарының жазылымы қарастырылған;
- ешбір өгей тіл тарапынан лингвистикалық экспанцияға жол берілмеген;
- тілдің ежелгі ұрын жазба үлгісімен сабақтасу қстанымы сақталған;
- ЕБӘ негізінде болашақта жалпытүркілік тиімді де ыңғайлы әліпби жасауға негіз бар;
- әліпбидің қатаң ұстанымы қисынсыз ережелерге жол бермейді;
- әліпбидің айқын сипаты емлелік қайшылықтарға жол бермейді;
- әліпбиде артық әріп не босалқы белгі жоқ;
- ЕБӘ қазақ тілінің өзге тілдермен арадағы сөздердің транслитерациясын барынша дәл және нақты жасауға мүмкіндік береді;
- әліпби емлесі тіл жазылымының шұбалыңқылығын жояды, шамамен бұрынғы;
- ЕБӘ ежелгі түркілі ұрын жазылымының кейбір негізгі тұжырымдарын бойына сіңірген, болашақта бұл әліпбиге сүйеніп, түркілік графикаға негізделген әліпбиге көшуге алғышарт болып табылады;
- ағылшын харпы негізінде жасақталған әліпби ешбір техникалық қиындыққа ұшырамайды, қазақ тіліне бірден әлемдік деңгейдегі техникалық мүмкіндік есігін ашады;
- ағылшын харпын қазырдың өзінде қолданып жүрген контингент үшін 29 әріптік ЖӘ-дің 21 харпы таныс, 8-і ғана бейтаныс, яғни, әліпби құрамындағы харыптың 62 пайызының қазырғы қолданыста болуы оның тез арада меңгерілуін қамтиды;
- ЕБӘ-ді меңгеруге сауатты адам үшін 3-10 тәулік уақыт бөлуі жеткілікті;
- ЕБӘ бойынша жаңаша жазылым шамамен бұрынғы жазбадан 20-25 пайыз қысқа болу арқылы әрі үнемді, әрі жедел жүзеге асырылмақ;
- ЕБӘ-ді ешбір қиындыөсыз және шығынсыз електрондық кеңістікте кез келген адам немесе ұйым мен ұжым жүзеге асыра алады;
- ЕБӘ харыпты жетілдіруге болмаса әшекейлеуге, сондай-ақ сұрыптау т.б. баспалық, дизайнерлік амалдарға арналған арнайы қамтымалар әзірлеуді қажет етпейді, ағылшын әліпбиіне әзірленген барлық қамтымаларды қолдану мүмкіндігі бар;
- лигвистикалық, саяси, экономикалық, техникалық, жаһандық сипаттармен дәйектелген талаптарды толық қанағаттандырады.
Құрметпен: Тілгер қазақ.

четверг, 12 июля 2007 г.

ҰЛТ ПЕН Р У

Ұлттық иммунитет
ХХІ ғасырдың қорасына кірдік. Заманымыз жаһандану құйынын тұрғызуда. Жаһандану дегеніміз – аула таңдамайтын құбылыс, қай ұлт екенің есепке алынбайды, ең бастысы - 6 млрд адамзат үшін «бірегей» жасампаздар болады да, сол 6 млрд Адам ата ұрпағының алдына әлгі «бірегейлердің» біртұтас тұтынушысы болу жазылып отыр. Бұл тұтынушылық материалдық және идеологиялық салада жүзеге асып, адам бойынан етенелік (этникалық) сипат өшірілмек. Ол өшіру қасақана жасалмағанның өзінде, жаһандық процестің барысында болатын объективті нәтиже екені белгілі. «Көппен көретін ұлы той» бола тұра, бұл құбылыс ірі ұлттардың өзі үшін қатер бола бастады, сондықтан жер бетін антижаһандану қозғалысы шарпуда. Сөйтіп, жаңа заман әлемнің сан жұрттарының алдына екі мәселені қазқатар қойып отыр:
• жаһандану құйыны салдарынан жұтылып кетпеу;
• әлемдік төре халықтардың табанында тапталмау.
Осы жаһандану үрдісіне сәйкес әр халық өзінің өмір қадамын өлшеп-пішіп, «қайтсек, тірі қаламыз» деген жанталасқа ұрынып, бұл сергелдең экономикада да, саясатта да басты әрекеттің мәйегіне айналуда.
Бұл жанталасты мемлекеттік аумағы әлемдегі 9-орынды иеленіп, жер байлығы жағынан ағыл-тегіл болып отырған қазақ халқы да кешуде. Алайда, қазақ халқы жаһандану процесіне әзірше өзін тек қана экономикалық жағынан тырбынып, рухани құндылыққа мұршасы келмей, біржақты ғана дайындалып жатқан сыңайы бар. Бұл әрекеттің қазіргі қарқыны қазақтардың тек қана жақсы тұтынушы болып қалуымен шектелуі ықтимал. Ал, біржақты тұтынушы дегеніміз – ұсынушыға тәуелді болу деген сөз. Себебі, қазақтар өз елінде де, өңірде де жасампаздыққа толық көшіп болған жоқ, әзірге ата-баба қалдырған материалдық мол байлықты тұтынушы ретінде ғана көзге түсуде. Оның үстіне баба ұрпақтың идеологиялық мұрасына кісімси қарайтын менмендік пайда бола бастағандай... Бұл ұлттық мәңгүрттік пе, әлде аңғырттық па? Ата-бабамыз байлықтың үстінде мыңдаған жылдар бойы тірлік ете жүріп, зергерлікпен түйін түйсе де, жерасты байлығын игеруге неге кіріспеді деген сауалдың жауабы, көшпелі ұрпақ талай отырық елдерді бағындыра жүріп, өздері сол отырық жұрттардың демографиялық құшағында неге «еріп» кете барды деген сұраққа берілетін жауаппен астасып жатқандай... Ал, бұл жұтылыс әлі жаһандануға кезікпегендегі сыйқымыз.
Егемен алған бүгінгі қазақ қазіргі жағдайда, отырық елді басып алып, өзі соған сіңіп кете барған кешегі баба ұрпақтың ахуалын кеше бастағандай әсер бар. Оған өз елінде барған сайын саны арта түссе де, өз тілі мен ділін сақтау мұң болып бара жатқан қазақы тірліктің шындығы ешкімге шүбә келтірмей отыр. Қазір елдегі қазақтың кемінде 40%-ы өз тілін қолданудан қалып отыр. 54 пайызы қалаға тұрақтаған қазақтардың жартысынан көбі өз тілі мен ділін өз тірлігіне қолданудан қалып бара жатқандығы құпия болмауда. Лайым, өз тілі мен ділінен ажырағандардың саны аз болғай, алайда, жаһандану құйынына тап болмай тұрып, «өз еліміз - өлең төсегіміздегі» қазіргі қазақы етенелік ахуалды қалай сипалап сипаттасақ та, көңілі құрғыр көншитін емес!
Барлық ділдік нәрі көшпенділікке негізделген қазақтың ұлттық иммунитеті қызыл империя кезінде-ақ жаншылған. ХХ ғасырда бірнеше қоғамдық процесті бірге бастан кешкен қазақ пен өзбекті салыстырсақ, өз ділінен өзбектің соншалықты ажырамауына не себеп деген сауал көлбеңдейді. Бұған басты жауап – қазақтың көшпелі өмір салтын жоғалтып, отырық өркениетке ұшырап, ал, өзбектің өз заманында көрген қай құқайды да, өз өмір (отырық) салтымен қарсы алғандығында еді.
Әр ұлттың тілі мен дінінен басқа өзіне тән этностық ішкі құрылымы түріндегі иммунитеті болады, бұл құрылым мемлекеттік әкімшілік – аумақтық бөліністің ең төменгі сатысын қалыптастырады. Аталмыш бөлініс негізінен отырық сипатты халықтарда кеңістік-материалдық ресурс бойынша, ал көшпелі қоғамда адам ресурсы бойынша жүзеге асады. Егер өзбек тірлігі үшін өз аумағындағы қышлақ әкімшілік – аумақтық бөліністің өзегі болса, көшпелі қазақ (қазіргі қазақ үшін ауыл болғанымен) үшін өзінің жеті аталы руы мемлекеттік құрылымның негізгі мәйегі еді. Тіпті, қазақ руына қосылмайтын қожалық және төлеңгіттік институттардың өзі де белгілі бір дәрежедегі сословиелік мемлекеттік құрылымның рулық көрінісі болатын. Қазақ құрылымының бұл төменгі деңгейінің беріктігі сонда, қазақ уды да, суды да руымен ішетін. Бұл құрылымның бір өзі көшпелі ортада қазіргі жергілікті мемлекеттік басқару мен жергілікті өзін өзі басқару(дұрысы - меңгеру) аталатын институттарды айырбастап келген. Кез келген қазақтың қазақтығы оның белгілі бір рулық етенелікке тиістілігімен өлшенетін. Тіпті, қазаққа кірген басқа кірме жұрттардың өзі де өзіне сай «аспан алып», руын жасақтайтын. Алайда, қазақтың рухани иммунитетін жоюға бағытталған кеңестік идеологияның қазақтың сүйегінен өткені сондай, қазір бұл турасындағы әңгіме ұлттық антитақырып деңгейіне жетті, яғни қозғауға болмайтындай самоцензура қалыптасқан. Ал, біз тарихтың мұрағатына айналған рулық бөліністі аңсамасақ та, қайта қалпына келтірмесек те, қазақ үшін жаһандану алапатына этностық деңгейде қарсы тұрарлық қауқарды қанша жасырсақ та, жеті аталық туыстық қарым-қатынастан ұлттық иммунитеттің ұшығын көреміз. Бұл туыстық шетелге шашыраған қазақтардың өмірі арқылы сынақтан өткен бүгінгі ең тиімді этностық құрылым болып отыр. Бір аталық туыстыққа біріккен шалғай шетелдік қазақтар бізге шашырамай жетуде, керісінше бұл құрылымнан жұрдай болған ресейлік қазақтардың жағдайы алаңдарлық.
Қарап отырсақ, өзбектердің жергілікті өзін өзі меңгеруі сол баяғы қышлағы мен қаладағы махалласы арқылы жүзеге асып жатыр да, бұл құрылым өзбек халқын сырттан келетін идеологиялық, тіпті экономикалық қауіптен құтқаратын бірден бір қорғаныш ролін атқаруда. Ал бізде бұл жағынан кеңестік қоғам орнатқан колхоз-совхоздар ресми шаруашылық құрылым болғандықтан, оларға тәуелді ауылдық қазақтардың ахуалы сол ыдыраған шаруашылықпен бірге рухани күйзеліске түсіп отыр; ауылдағы рулық құрылымның ролі жұрдай болып, қазақтың төменгі құрылымы болып табылатын ақсақал институтының орнын колхоз-совхоздың зейнетке шыққан шал-кемпірлері ғана басып, халықтың ділінен ажыраған олар төменгі деңгейдегі ұлттық қауқарды қамтамасыз ете алмай қалды. Сөйтіп, қазақ жұмыртқаның ақ уызындай қорғаныштан айырылып, ұлтқа тән рухани құрылымдық иммунитеттен жұрдай болғандықтан, қалаға кеше келген жастар өз тілі мен ділінен тез арада ажырауда. Әрине, өзбектің қышлағына қарсы біз қазіргі ауылды мысал етуімізге болады. Бірақ бұл тамырын тереңге жайған этностық құрылымнан жұрдай, ауыл әкімінің ауызына қараған ресми мекен екені рас. Сөйтіп, бірінен соң бірі жасалған отырық қоғамның процестері тарапынан рухани тәркіге ұшыратылған бүгінгі қазақ өзіне тән жергілікті өзін өзі меңгеру (ЖӨМ) құрылымынан ада болды. Өзін өзі рулық меңгеру ұлттың өзіне қарсы құрылым ретінде насихатталып, қызыл империялық идеология рухани құрылымды шаң қаптырды. Дегенмен, қазіргі ауылды туыс-тамырсыз елестету қиын, алайда, ол өзбектің жаһандануға қарсы тұрарлық етене рефлексі қалыптасқан біртұтас ұлттық организмнің жасушасындай (клетка) қышлақ емес, қашан зейнетақы мен жәрдемақы береді деген тілемсек психологияны бойына сіңірген, кешегі совхоздық ресми құрылымнан арыға бара алмауда.
Бір атадан тараған жеті арыстық әулет қазір бұрынғыдай біртұтас ұжымдық қауқарға ие емес, кімнің баласы қайда, қалай жүргендігін тергеп, тегін түптеп, түгендеп, тәртібін қадағалап отыратын «заржақ шалдар» қазір көзден бұлбұл ұшты, солармен бірге ұлттың мәйегі іспетті жеті аталық тұтастық та келмеске кететін сыңайы бар. Қазақтың қазіргі рухани туыстық құрылымы той-садақаны қамтумен ғана шектеліп примитивтік сипатқа түсті. ХХ ғасырдың басына тән кез келген идеологиялық-экономикалық зауалға қарсы тұру мүмкіндігі бар, әр ауылдың «қой» дейтін қожасы мен «әй» дейтін әжесі болған, ежелгі шежіре шертер рухани ақсақалдың орнын, жай ғана зейнеткерлер басты. Қақпаны қаққан ұлы жаһандауға қарсы сайман ретінде ұлттың ішкі қорғанышы болып табылатын жеті аталық туыстық құрылымды қайта түлету, керісінше қазақ үшін зауал емес, сауап болар еді. Онымен бірге ақсақалдық институт қалпына келіп, халықтың рухани салауаттануы мен дәрменденуі жүзеге асары сөзсіз. Бұл құрылым қазақ халқының ескілікті есіркеу үшін ғана емес, жаңа заман талаптарына шыдас беруге қажетті ұлттың ішкі әлеуетін жаңғырту пиғылының іс жүзіндегі көрінісі болар еді. Ал, оған қол жеткізу мемлекеттік шарадан гөрі қоғамдық салаға көбірек жататын және азаматтық жоғары сананы талап ететін әрекеттен тұрады. Дегенмен, экономиканың өрлеуі жағдайында ұлттың ішкі қуаттануы мен иммунитетін жақтайтын жобаларды іске асыруға қоғамдық ұйымдар үшін мемлекет тарапынан грант есебінде арнайы қаржы бөліп көтермелеуге әбден болады.


Руға көзқарас
Негізінен көшпенділерге тән болып келетін рулық құрылымның мәні әлі күнге зерттеліп біткен жоқ және өз бағасын алған жоқ. Бір қызығы, адамдар қауымының рулық бөлінісі көшпенділіктен отырықшылыққа толық өткенде, әлгі қауымның рулық құрылымнан ада болатынын әлі күнге тарихшылар ескермей келеді. Қазақ халқы ХХ ғасырды көшпенділіктен отырықшылыққа өту дәуірі ретінде сүріп өтті. Ал, жаңа ғасырда қазақтар толықтай отырықтанып бітумен бірге, көшпенділіктің басты ұстанымдарының бірі - рулық бөліністен ада болуы жүзеге асуда. Бұл біздің халық үшін қаншалықты пайда-зиян екендігі өз алдына бөлек әңгіме. Жалпы, ру дегеніміз- қазақтардың бір-бірінен жіктелу үшін ойлап тапқан басқатырғысы емес, керісінше, көшпелі қоғамның генеалогиялық, әкімшілік, әскери, тарихи, әлеуметтік, тіпті идеологиялық салаларды қамтыған біртұтас мемлекеттік қауымдық жүйесі екендігіне көз жеткізер кезең келіп жетуде. Сөйтіп, көшпелі қауымды отырықшыл мемлекеттік құрылым кеулеген кезде, рулық жүйе өзінен өзі жойылып, онымен бірге көшпенділік сипат бірге хош айтысады. Сондықтан рулық шежіреге бір шалдан тараған бір халықтың тізбесі деп қарау қаншалықты қисынсыз болса, тізбені ойдан құрай салған есімдер тізімі деу де соншалықты тұрпайы. Өйткені, рулық бөлініс – ең алдымен біртұтас көшпелі қоғамның құрылымдық жүйесі. Сондықтан да қазақ халқының бұрынғы ментальдық сипатын көшпенділіксіз елестету қандай мүмкін болмаса, оның келешегін рулық тарихи бедерсіз дамыту ұлттық нәрден айыру болып жүрмесін.
Сол себепті, руға көзқарасты қазақтың халық болып жымдасуына кедергі ретінде қарамай, оны жаңашыл санамен саралай, заман қағидасын қолдана отырып, сәйкес түрдегі генеалогиялық, әкімшілік, әскери, тарихи, әлеуметтік салалар бойынша сараптап, ел пайдасына икемдей таратуды ойластыратын уақыт жетті.

Шежіренің генеалогиялық сипаты
Рушежіренің басты ұстанымы - оның генеалогиялық, яғни тектік сипаты. Шежіренің басынан аяғына дейін оған қатысушы адамдардың бір-біріне генеалогиялық (тектік) тұрғыдан туыстығы қарастырылып, алайда, жыныстық жағынан алғанда әйелзат негізінен ескерілмейтіні рас. Дегенмен, рушежіреде түзілген ұрпақтық дәуірді жобамен санамалай келгенде, шежірелердің қайсысы да қазақ хандығының құрылу заманына барып тірелетіндігіне (ХІV-ХV ғ.) көз жетеді. Дәлірек айтқанда, қазақ халқының көшпелі мемлекеттік жүйесі рулық бөлініске негізделген Тәуке ханның рулық құрылымының реформасынан бастау алатын мемлекеттік атрибуттарды дамыту дәуіріне жетелейді. Алайда, қазіргі қазақ тайпаларының атаулары ежелгі Алтай тауларының тұрғындары болғандығын ескерсек, көшпелі рулық мемлекеттік бөліністің бір дамытылған тұсы Түркі қағанаты заманына апарып тірейді. Алайда, рулық мемлекеттік жүйенің тамырын рулық қауымдық құрылыстан іздеген дұрыс. Ендеше, шежіреде қаншалықты қоспа бар деп топшылағанның өзінде, қазекең негізсіз жалғандыққа бармаған. Бар болғаны, есте жоқ ескі замандағы арғы тайпалық этнонимдерді ұрпаққа жәдігерлеу мақсатымен (Алшын, Дулат, Арғын, Адай, Үйсін, Қоңырат т.т) тайпалардың, рулық бірлестіктердің басы етіп белгілеген. Рушежіренің тарихи сипаты да осында. Бір кездегі ежелгі Тана, Тама, Табын, Адай, Алшын, Үйсін, Дулат, Қоңырат, Керей, Найман секілді жұрттардың қазіргі қазақты құрайтын тайпалардың тамыры екендігіне шежіренің өзі куә болып тұр емес пе? Сол секілді, «скиф» деп гректердің «иф» жұрнағын қосқылап жүрген этнонимі ысықтар (ысқы-скі) болып жүрмесін! Демек, ру тақырыбы жуырда бітуге, жабылуға тиіс емес жайт. Рулық құрылымның астарында бүткіл көшпелі мәдениет пен түркілер тағдыры сығылысып тұр. Сонымен бірге бұл тақырып тарих ғылымының нысаны болумен бірге жаңа заман талабына ұлттық дайындалуға қажетті талғажау болуы да ғажап емес.

Рулық жүйенің ақыры
Рулық жүйе көшпенділер мемлекетінің құрылымы болғандықтан оны ығыстыратын да басқа жүйе. Дәлірек айтсақ, қазіргі заманның өмірін билеген отырық өркениетті жүйе бұдан былай рулық бөліністің тамыр соғуына бірден бір қарсы жағдаят. Оны қазірдің өзінде ырықты экономикаға бет бұрған қоғам өкілі ретінде көріп отырмыз: ру түгілі әулеттік байланыс үзіліп, жанұялық ұжымның өзі әрі-сәрі күй кешуде. Сол себепті, рулық ұжымдасу келмеске кетуі ғажап емес құбылыс екеніне көз жете бастады. Дегенмен, тарихи кез келген құбылыс жаңа жаманға бейімделе алу мүмкіндігі бар. Алайда, бетімен кеткен рулық жіктеліс саяси құбылыстың көрінісі ретінде әлсін әлі шаң беруі де әбден мүмкін. Осы жерде тағы бір мәселе - рулық ұжымдасу мен рулық жіктелісті ажырату өзекті болып табылмақ.

Рулық ұжымдасу мен рулық жіктеліс
Жасыратыны жоқ, қазіргі қазақ шежірені білуді насихаттаса, екіншісі оны рулық жіктелу деп ұғып, өз тарихынан ат-тонын ала қашып жүргені. Бұл «ауруды» о баста кеңестік шовинистік идеология енгізген болатын. Енді сол «аурудың» асқынғаны сондай, ру туралы не айтылса да, мән берместен ат-тонымызды ала қашатын күйге түстік. Бұл да қазіргі қазақтың тәуелсіз ұлттық идеологиясының қалыптаспағанының және отарсыздану насихатының жүрмегенін көрсетіп отыр. Осы жерде бір мәселенің басын ашып алған жөн. Рушежірені білу керек пе? Ол жіктелуге жата ма, ұлттық ұжымдасуға кереғар ма? Шежірені қарапайым қазаққа қаншалықты білу керек? Рушежірені білу керек. Кімге қаншалықты қажет болса, оған соншалықты білген жөн. Шежіре тарату (яғни жеті атаны білу) әлі рулық жіктелу емес. Рас, рулық жіктелудің көкесі - ұлтымыздың осы қоғамдық құрылымын қазіргі билік жасақтайтын сайлауға қатыстыру немесе мемлекеттік қызметке қызметкер іріктеуге қолдануда жатыр. Алайда, оны әркімге, әсіресе, жас ұрпаққа 25-30 ұрпақты қамтитын ұзын сонар «қара шалдар тізімін» жаттатуға айналдыру артық. Қазіргі ұрпақ үшін өзін қосқанда 7-8 ұрпақты қамтитын жеті аталық шежірені ресми түрде (тіпті, оқу бағдарламасы негізінде) білдірсе, өзінің тегі қайдан шығатынын білгізудің өзі бірталай сауап болар еді. Ал қалған «шалдар тізімін» тарих еншісіне қалдырып, арнайы зерттеу обьектісі еткен дұрыс. Бір кездегі Ақселеу Сейдімбектің төршежіре туралы ұсынысын әр жанұяның төріне ілінетін жеті аталық генеалогиялық тізім түрінде қалыптастыруға неге болмасқа. Сонда шежіре жай ғана тізім емес, генеалогиялық тазалық факторы қызметін атқармақ. Біздің бұл әрекетіміз ұлтымыздың әжетке жарайтын артықшылығын халықтың гендік тазалығын арттыруға қатысы бар геноэкологиялық сайман деуге әбден болар.
Сонымен бірге, ұлттық санада қалыптасып қалып отырған, шежіре тарату мен рулық жіктелуді шатастыруды тыятындай әрекет қажет. Бұл жағынан алғанда, рулық жіктелу қазақтың басындағы сорға айналды дегенге сену ертерек, кеше ғана өткен сайлауда, Қызылорда облысы ешбір рулыққа бармай, алаштың қос арысы Мұқтар мен Тоқтарды таңдауы сүйінішті емес пе? Ендеше ұлттың осы құбылысын одан әрі неге маздатпасқа?

Шежіре таратудан рулық ұжымдасуға
Әрі-беріден соң бұл жеті аталық ұғымды шежіре тарату аясынан рулық ұжымдастыруды қолдап отыру да, мемлекеттік, ұлттық тұрғыдан әлеуметтік мәселені шешуде бірқатар роль атқарар еді. Сөйтіп, руды жіктелу көзінен ұлттық генеалогиялық тұтастық органы етуге икемдеудің ерсілігі бар ма? Басқаша айтқанда, рулық ұжымдасуды тарих қойнауына беруге асықпай, оның ұлт игілігіне айналар тұсын қайта түлетіп байқаудың ерсілігі де жоқ, зияны да болмауы керек. Ол үшін рулық ұжымдасудың рулық жіктеліске апарар зиянын кесіп тастап, пайдаға асырудың жолын қарастырған жөн. Оны жүзеге асыру үшін жеті-сегіз ұрпаққа дейінгі руластар қауымдасып, ақсақалдар алқасын құрып, қажет болса қоғамдық-туыстық бірлестік деңгейіндегі ұйым құрып, оның қызметін әлгі рулық қауымның әлеуметтік, туыстық, имандық, мейірбандық, мәдени тұрғыдан адамдардың бір-біріне деген жанашырлығын қалыптастырып дамытуға бағытталған шараларды іске асыратын тетікке айналдыруға әбден болады. Алайда, аталмыш рулық ұжымдардың бір-бірімен азаматтық, саяси егестері мен бақталастықтары болмайтындай қалып (норма) жасақтауға тура келеді. Сондай-ақ, мұндай қауымнан шыққан саяси, мемлекеттік қайраткерлердің аталмыш рулық ұжым іс-әрекетіне араласуын шеттетіп, ондай тұлғаларды ұлттық және мемлекеттік деңгейдегі қайраткер ретінде таныған дұрыс. Оларға алуан сатыдағы мемлекеттік және саяси басшылар жатуы ықтимал. Тағы бір айта кетерлік жайт, аталмыш рулық ұжымның мемлекет ісі мен саясатқа араласуына заңды түрде тыйым салынуы қажет. Айталық, сайлаудың қандай түріне де араласу қылмыспен тең болуы керек. Сонда нақтылай айтқанда, мұндай туыстық ұжымдар өз деңгейінде демографиялық өсуге, жанұялық қадірлесуге, ұлттық дәстүрді сақтауға, ұрпақ тәрбиесін қолға алуына, жойылып бара жатқан ақсақалдық институтты қалпына келтіріп, ұрпақтардың сабақтастығы мен жауапкершілігін ұлттың дамуына ұластыруға атсалыса алар еді. Алайда, мұндай жайт қолға алынар болса, тайпалық деңгейдегі қауымдасуға шек қойылғаны дұрыс. Өйткені, ол жағдай көптің азға әлімжеттік жасауын жүзеге асырар құралға айналуы мүмкін және ұлтты ірі тайпалық жіктеліске итермелеп, ірітуге апарып соқтыруы ғажап емес. Сол себепті де қазір ұранға айналып кеткен тайпалық этнонимдер әлгі жеті-сегіз ұрпақтық деңгейден әрі жалғаспай, одан әрі жаңа рулық ұжымдасуға итермелеп отыруы тиіс. Сонда, шамамен әрбір 25 жыл бір ұрпақтық мерзім сайын пайда болған 9-ұрпақ, өзінің (өз әкесінен бастап есептегенде) 8-атадан қосылатын туысымен некелесетін мүмкіндігі болып, бірақ рулық ұжымдасудан шығатындай заңдылығы болуы шарт. Бір қарағанда мүмкін еместей әрі күрделі көрінетін бұл құрылым болмағанның өзінде, жуық арада қазақ санасынан рулық туыстықты аластау мүмкін емес, бірақ оны қажетті түрде бағыттамаған жағдайда оның қоғамға, ұлтқа қарсы айналымға түсіп кетуі де ғажап емес. Аталмыш ұсыныс идея түрінде қалғанның өзінде рулық қауымдасуды қайта түлету туралы әңгіме толастамайды. Ал, біздің ұсынысымыз солардың ішіндегі барынша қолайлысы, жарамдысы, зиянсызы деп ойлаймыз.

Көшпелі және отырық қоғамдардың әкімшілік бөлініс жүйелері
Барлай қараған адамға көшпелі қоғамда адамдар қоғамдастығы механикалық емес генеалогиялық бөлініске ұшырайды да, ол бір уақытта әкімшілік бөлініс ролін атқарады. Бұл жайт көшпелі қоғамға ұжымдық (коллективизм) сипат таңады. Ал, генеалогиялық туыстықты тәрк ететін отырық қоғамда адамдар қоғамдастығы механикалық бөлініске ұшырайды да, адамға жекедаралық (индивидуализм) сипат сіңіреді. Көшпелі қоғамдағы деңгей былайша түзіледі: адам; жанұя (ата-ана және бала); әулет (бір атадан өрбитін жанұялар жиыны); ру (бірнеше әулеттің жиынтығы); тайпа (бірнеше рудың бірігуі); ұлыс (тайпалар бірлестігі); ел (ұлыстардың тұтастығы). Сонда адамнан елге дейін көшпелі қоғам жеті деңгейлі бөліністен тұрады. Бұл бөліністің руға дейінгі сатысының тұтастығы барынша берік келеді де, тайпаның, ұлыстың, елдің ыдырауы жиі жүретін құбылыс болғаны рас. Ал, отырық қоғамдастықты қарастырсақ, бөлініс былайша өрбиді: адам; жанұя; маңай (микроаудан немесе көше); мекен (кент немесе қаланың бөлігі); аудан (қала); аймақ (облыс); ел. Көзіміз жетіп отырғандай, көшпелі қоғам адамдар қауымдастығын түрлі саты бойынша басқарса, отырық қоғам кеңістікті (аумақты) бөлініске салып адамдарға сол арқылы билік орнатады. Сол себепті де, көшпелі қоғамда адамның ішкі дамуына қажетті құндылықтарға ден қойылса, отырық қоғамда кеңістікке, айналаға керек жасампаздыққа мән беріліп, ол экологиялық құлдырауға апарып соғып, адамдар моральдық дағдарысқа келіп ұшырайды. Мұны отырық қоғамның қай бөлінісі де ыдырауға ұшырауға кез келген уақытта дайын екендігімен түсіндіруге болады. Сол себепті де ежелгі елдер көшпелі қоғамды «командар» (аққу мінезді адамдар - бұл ұғымға аққу құсты кие тұтқан бейкүнә ел деген ұғым сыйып тұр) деп атауын этноним ретінде ғана емес, көшпелі қоғамның сипатын мойындағанына да көз жіберетін уақыт жетті. Сонымен бірге бұл сөзге «гуман» ұғымы да тегін туыстасып тұрған жоқ. Ендеше рулық құрылымнан үзілді-кесілді бас тарту өз қасиетімізге де қол сілтеу болып шығатыны осыдан. Алайда, біз мұны қазіргі мемлекеттік құрылымға шұғыл енгізуді ұсынудан аулақпыз, бар болғаны өз болмысымызды өзімізге қарсы қоюдан қашқақтаған жөн, сондай-ақ қоғамды кісілендіруге пайдаланған мақұл.

Рулық міндет бөлісу
Қазіргі халық санасынан бірте-бірте байқаусыз өшіп бара жатқан бір шындық-Кіші жүз (бұл жайттың ішінара Орта жүзге де тән екені жасырын емес) руларының ішінде Қаракесек руының билік айтудағы ерекше орны болғандығы. Бір қызығы, қазіргі ұрпақ бұл ерекшелікті замани ділдік тұрғыдан қабылдаса, бұрынғы ұрпақ бұған заңды түрдегі көзқараспен қараған. Мәселен, Кіші жүз рулары өздерінің «кіші» екендіктеріне ешуақытта намыстанбай, үлкеюге тырыспаған, кішілік олардың кемшілігі болмаған. Сол секілді, Қаракесек руының ұрпағына билік айтқызу дәстүрі мойындалған, ешбір талқылауға жатпайтын жазылмаған заңдай қабылданған жайт еді. Мұндай жағдайларды саралай келе, көшпенділік менталитетке таң қалмай тұру мүмкін емес. Бұл жерде не мән барын зерттейтін уақыт өтіп, кейбір жайттар көмескіленіп барады. Әйтпесе, өздерінің көптігіне, жаугерлігіне қарамай, Байлы («Байұлы» емес) рулары «Әлім - аға баласы» деп Қаракесектен тарайтын арыстарды құрметтеуі несі?
Осыған қарағанда, көшпенділер о баста «жол ұстау» (заңға бойұсыну) дәстүріне тәнті болған. Сонымен бірге бір ұлысқа енген тайпалар өз ара міндет бөлісуді жүзеге асырып қана қоймай, оны жазылмаған заң түріндегі далалық құқық дәрежесіне дейін әспеттеген. Сөйтіп, өз ара ру-тайпалар далалық өмірге тән басты үш саланы - билікті, батырлықты, байлықты бөліске сала атқарған секілді. Осылайша, қазірге дейін өшпеген «ұлы жүзді қауға беріп малға қой, орта жүзді қамшы беріп дауға қой, кіші жүзді найза беріп жауға қой» деген міндет бөлісудің (разграничение полномочии) өзі әрбір жүздің ішіне де сұғына таралғанына назар аудару қажеттігі туындайды. Бір қызығы, ұлы жүзде төрді Үйсінге, орта жүзде Арғынға, кіші жүзде Әлімге беру дәстүрі қатаң қалыптасқан. Және бұған басқа ру-тайпалар тарапынан соншалықты қол сұғу байқалмайды, соған қарағанда әрбір ру-тайпаның өз миссиясы мен қоғамдағы ролі болған және содан ауытқымау қасиетті мұрат тұтылған секілді. Ал, бұл жағдай рулық құрылымның бірыңғай көшпелі ұлыстың тұтас мемлекеттік жүйесінен хабар береді. Бұл жүйенің ыдырауы бертін келе, ресейлік отарлау кезінде қазақы рухтың «өңкей қиқым» деңгейіне түскен, көшпелі сиықтың тәркіленуінен көрініс табады.

Қожалық құрылымның Далалық міндеті
Әдетте қазақ ру шежірелегенде төре мен қожаны, төлеңгіттерді халықтан бөле қарайтыны бар. Алайда, рулық жүйені көшпелі мемлекет құрылымы тұрғысынан қарасақ, мұның ағаттығына көз жеткіземіз. Айталық, төренің хандық мәртебеге лайық топ екені, ал төлеңгіттің оған қызмет ету міндеті бар екені белгілі. Ал, қожаларды алсақ, олардың әр руда бір-бір әулеттен болғандығын және оның миссиясы теологияға негізделген көшпелі халықтың идеологиясын жүргізу болған. Қазақ молданың «істегенін істемей, айтқанын істеп», қанша келемеждесе де, қожаға ондай келеке қарым-қатынас жүрмеген. Бір сөзбен айтқанда, көшпелі қазақ хандығында қожалық құрылым кеңес өкіметі кезіндегі парторгтық ауқымдағы идеологиялық қызметті атқарған. Әр ірі рудың не тайпаның өз қожасының болуын осымен ғана түсіндіреміз. Қожалардың қазақ қоғамындағы рөліне қатысты олардың сопылықпен қаншалықты арақатысы бар екеніне де мән беретін уақыт келді. Бұл жөнінде жастай марқұм болған маңғыстаулық зерек ғалым Қоңдыбай Серікболдың қазақ хандығының құрылымына сол кездегі сопылардың бірден бір араласы болу мүмкіндігін жазуы назар аударуға тұрарлық. Тіпті, қазақ қоғамындағы қожа институтының қашан, қалай пайда болғанына да зер салатын уақыт туды.

среда, 11 июля 2007 г.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ КЕЙБІР ОНОМАСТИКАЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР

Аталмыш тақырыпты қозғауды жеңілдетудің бір жолы - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 21 қаңтардағы № 45 қаулысымен мақұлданған «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік ономастикалық жұмыс тұжырымдамасының» атқарылуы мен оның қазырғы уақыт талабына сәйкестігін қарау болып табылады. Еліміздегі ономастикалық мәселелерді жөнге салуда бұл құжаттың маңызы орасан. Алайда, осы құжаттағы айқындалған міндеттердің орындалуын нақты түрде қолға алатын мезгіл жетті. Өйтпейінше, бұл тұжырымдама декларациялық сипаттан арыға баратын емес.
Соның бірі «республикадағы іргелі ономастиканың және өзге де ономастикалық қызметтің ғылыми-фактологиялық базасын одан әрі жетілдіру» болып табылады да, осы міндетті жүзеге асыру үшін «Қазақстандағы ономастикалық электрондық сөздік» атты деректеме базасын жасауға болар еді. Бұны іске асыру Тіл комитеті мен Тіл білім институтының біріккен шаруасының нәтижесі болары сөзсіз. Бұл сөздік арқылы біз аталмыш тілбілім саласының барлық жетістігі мен кемшілігін әйгілейтін қолымызға ономастикалық атласты тигізеріміз хақ, сөйтіп, ономастика саласында жүйелі істің басталуына бұл таптырмас сайман болар еді.
Біздің бағдар етіп отырған тұжырымдамамыздың «Қазақстан Республикасындағы әкімшілік-аумақтық бірліктердің атауларын ретке келтіру, елді мекендерді қайта атау және тарихи географиялық атауларды қалпына келтіру» деген 3.2. тараушасында:
«Қалаларға, қала үлгісіндегі кенттерге, аудандарға бұдан былай адам аттары берілмейді;» - деген пәрменді талап жазылған. Алайда, бұл уәж бұрынғы кеңестік және патшалы ресейлік идеологияға қарсы төтеп бере алмайтындығын бұрынғы атауларды өзгерту туралы ештеңе айтылмағандығымен мойындалып тұрған жайт. Біздің ойымызша, бұл талапқа «Облыстарға» деген сөз қосылуы керек. Мәселен, Павлодар, Жамбыл облыстарының атауы бізге әлгі айтқан жайды еріксіз мойындатып тұрған айғақтар. Рас, тәуелсіз алған жылдары ұлтшылдықтың балалық ауруына шалдығып, талай атауларды «қазақыландырдық». Алайда, бұл қазақыландыруымыз қазақ халқының ономастика тарихына ешбір сыйымсыз екендігіне көңіл бөлмедік. Мәселен, Қазақстан тарихы түгелі түркі халықтарының ономастика тарихында адам есімімен байланысқан қаланы, уәлиятты, өңірді табу қиынның қиыны. Біздің бабаларымыздың ішінде талай айтулысы өтсе де жеке тұлғаларды мұндай мәңгілендіруге бармауының себебі мен тұжырымына әлі бойламай отырмыз. Басқасын былай қойғанда, Тоңұқықтың, Білгенің, Күлтегіннің, Шыңғысханның, Жошының, Батудың, Бұқардың, Қорқыттың, Асан қайғының, Әбу-Насыр әл-Фарабидің, Байбарыс сұлтанның, қысқасы жүздеген хандар мен бек-сұлтандардың, би-батырлардың, жыраулардың есімдері ономастиканың мұншалықты субъектісі болған емес. Бірақ, ата-бабаның рухы қазырғы ұрпақтан анағұрлым биік әрі тәрбиесі бекем болғаны белгілі. Біз мұндай ауруға қашан және қалай шалдықтық? Бұған қызыл империяның идеологиялық індетін қанымызға сіңіріп алып барып отырғанымызды мойындауымыз керек.
Рас, ономастика - бүгінде идеологиялық сайманның бір түрі. Алайда, ол сыртқы сипаты ғана, ешбір адам көшеде келе жатып, әлгі облыстың, қаланың не ауданның есімі берлген адамды еске алып, содан рухтанып жарытпайды. Мұндай ономастика тек қана тілбілім пәніне талғажау болуы ықтимал. Мысалы, Жамбылдың есімі берілген облыс пен Нұрпейіс жыраудың әкесінің есімі берілген аудандар сол жердің тұрғындарына қаншалықты мақтаныш деген сауалға жауап бере алмайтынымыз хақ. Аталмыш, ойконимдердің өзі бірізді емес, жүйесіз: бізде Жамбыл облысы бар, бірақ ол «Жамбылская область» аталу арқылы орысша Жамбылдық облыс болса, ал қазақша Жамбылдың облысы болып тұр. Ау, Жәкеңе облыстың керегі қанша деген сұрақ тумай ма? Сол секілді Ақтөбе облысында Байғанин ауданы бар, бірақ ол орысша «Байғаниндік аудан» ретінде дұрыс аталып тұр, ал қазақшасы арқылы бүкіл бір аудан Нұрпейіс жырауға телінген. Көзі тірісінде орыстық бодандықты жаратпаған жырауға орысша фамилия беріп, «Байғанин» атап жарылқап қойғанымыз өз алдына. Егер Жамбыл секілді жалқы есімдер халқымыздың онимдік талабына сәйкестігін ескерсек, неге әлгі ауданды Нұрпейіс атамадық? Болмаса, Абай қаласы бар да, оған қарсы орысша нұсқалы Сәтбаев қаласы неғып тұр? Қаныш деген есім несімен ұнамайды? Жыл сайын жарамсыз коммуникациясымен аты шыққан Абай қаласы ұлы ойшылымызды жарылқап тұр ма, әлде керісінше, ұлы ақынның есімімен орашолақтығымызды жасырғымыз келе ме?
Солтұстағы Петропавл, Павлодар секілді қалалардың атауларын өзгерте алмай қызылтанау болғанымызға берісі он бес жыл. Егер аталмыш тұжырымдаманың біз атаған талабынан «бұдан былай» деген сөз тіркесін алып тастасақ, онда қазырғы облыстар мен аудан - қалалардың атауына қор болған есімдерді құтқарып, өзгерте алмай отырған империялық ойконимдерден оңай құтылуға жол ашар едік. Қысқасы, тайталастың тайқазанын қайнатып отырған мәселеден құтылудың оңай жолы – еліміздегі облыс, аудан - қалалардың атауларынан адам есімдерін аластау. Сөйтіп, өзіміздің санамызды қызыл империялық пасық та жалған популистік патриотизмнен ада етуге батыл қадам жасау міндеті туындап отыр.

Ономастиканың маңызды саласы – антропоника, адамдардың есімдерін зерделейтін сала. Қазырғы кезде қазақтардың аты-жөні олардың рухани екі жүзділігінің көрінісі секілді сипат алып отыр. Шын мәнінде, төлқұжат бойынша қазақы есімдер біртектілене бастады. Қазақтардың әрі кеткенде 20-25 пайызы ғана өз тектерін қазақыландырса, қалғаны сол «ова» мен «инді» аты-жөндеріне әшекей етіп келеді. Алайда, орысша берілетін төлқұжаттарда қазақтардың әкеныспылары орыс сипатты болып, «Бәленшеевич», «Түгеншеевна» түрінде, сібірлік түркілердің кебін киюмен қалған. Бұл жайт, әрине, қандастарымыздың ұлттық санасы мен отаншылдығының индикаторы екені рас. Сонымен бірге бұл әрбір азаматымыздың кешегі бодандық бұғаудың құлдық сырғасы секілді. Бұдан құтылуға арнайы қоғамдық-әлеуметтік үгіт-насихат керек. Алайда, мәселені басқаша да оңайлатудың жолы бар. Мәселен, Үкімет қаулысы арқылы, қазақтардың аты-жөндерін қазақылануы міндеттелетіндей қаулы қабылдауға болады. Бұл қаулы тек қана ашықтан ашық қарсы болатын азаматтарды мәжбүрлей алмауы мүмкін. Сонда өзі үшін біреудің шешуіне үйренген қазақтардың көпшілігінің аты-жөндері түзеліп қалар еді. Сондай жағдайда, жаңа туған қазақ нәресте қазақы аты-жөнге ие болып, есейгесін, қандай сипаттағы аты-жөнді таңдауына мүмкіндігі болмақ, сөйтіп, ешкім де мемлекетті құқық жағынан кінәлай алмайды. Ал, қазыр тілбілім ономастикасының бір саласы болып табылатын қазақтардың аты-жөндерінде сау-тамтұқ қалмай барады. Шығу тегі бір сөзден құралған қазақы есімдер мен тектер сан-алуан түрде жазбаға түсуде. Мұның басты себебі – аты-жөндердің орыс тіліндегі транскрипциясының жүйеленбеуінен және оған мән беретін ешбір құрылымның жоқтығынан болып отыр.
Қазақы антропоника мәселесінде мынадай жағдай қалыптасып отыр: әдетте қазақтың шамамен 70-80 пайызының төлқұжаттары орысша толтырылады да, онымен бірге жоғарыда аталғандай аты-жөн орысша жазылып қана қоймай, әкеныспы орыстық «вич», «вна» суффиксін жалғап шыға келеді. Мұндай аты-жөннің ешбір қазақтыққа орын қалмасы анық. Бірақ, орысша әкеныспыны «ұлы», «қызы» деген қазақы жалғауды жасанды түрде қазақы мәтінге үйлестіріп, болмаса қазақша әңгіме үстінде пайдалану, сондай-ақ іс қағазын қазақша жүргізуде «қазақыландыру» арқылы өзімізді өзіміз алдарқату үрдісі кең жайылған. Шын мәнінде, мұндай қазақтар өздеріне тән аты-жөндерімен «вич» не «внасымен» аталуы керек. Сонда біз өзімізді алдауды қойып, шындыққа тіке қарауды, бәлкім, үйренерміз. Әрі-беріден соң бұл құжатты бұрмалау болып табылады, өйткені, әлгі адамның төлқұжатында орысша болса, оны өзгертуге ешкімнің де құқығы жоқ екені ескерілмейді. Осылайша, қазақы антропоника рухани екіжүзділіктің субъектісі болып отыр.
Әсіресе, ономастиканың қалалық мекендердегі саласы болып табылатын урбанонимиканың жағдайы өте ауыр, бетімен кету үдерісі жүріп жатыр. Екіжүзділік мұнда да орын алған, мысалы Астана қаласындағы Жәнібек тархан аталатын көше атауы көше тақташаларында «Ж.тархан» болып жазылу арқылы ауызекі тілде «Тархан» атала келіп, қазыр бұл атау баспасөздегі жарнамалар мен хабарландыруларда тек қана «Тархан» болып өзгеріп кетті. Сөйтіп, ономастикалық комиссия мен қалалық мәслихаттың қабылдаған шешімінің быт-шыты шықты. Мұндай былықтар еліміз бойынша мыңдап саналады. Бұның себебі неде? Себеп, ономастика мәселесінің өзгеріске түсу процесі мен оның өмірге енгізілу үдерісін тыңғылықты қадағалайтын жауаптылықтың жоқтығында, тіпті, қабылданған шешімнің де оралымсыздығында болып отыр. Мәселен, өзгеріп жатқан көше атауларының көпшілігі қазақ есімдерінің пайдасында болғанымен, оның орыстанған нұсқасы көрнекі тақтайшаға қысқартылып жазылады да, шұбалыңқы сөздер ауызекі тілде не қысқарады немесе басқа нұсқаға айналып кетеді. Сөйтіп, ономастикаға міндеттелген тарихи-мәдени және тәрбиелік жүктің жұрнағы да қалмай, шартты атау ғана болып қалуда.
Шын мәнінде, қала жағдайында урбанонимика арқылы тарих пен мәдениетті насихаттаудың сыртқы ғана түрі сақталады, ал мазмұны қалмақ емес. Көше іздеуші ешуақытта атаудың тарихы мен мәніне назар аудармайды, оның сыртқы аталуына ғана көңіл бөледі. Сондықтан жалпы ономастика қазырғы кезде орфоэпиялық заңдылықтар мен ауызекі тілдің дәстүріне бағындырылмай бағы жанады деу қиындау. Мысалы, «Б. Момышұлы» көшесін Бауыржан батыр атындағы дейміз бе, әлде оның баласы Бақытжан жазушы атындағы көше дейміз бе? Ұсақ-түйек секілді көрінгенімен назар аударар жайлар баршылық. Соның ішінде ауызға жиі ілінетін көше атаулары қысқа да нұсқа болуы шарт, егер екі сөзден құралғанның өзінде оның ұзындығы небәрі 5-6 буыннан артпағаны абзал.Әйтпесе, халық оны бәрібір қысқартып алады да, адам танымастай етіп өзгертіп жібереді, бұл орфоэпияның ешкімге бағынбайтын заңы!
Әдетте, қазақ халқының ономастикалық үрдісі адамның есіміне негізделеді де, оған титул секілді батыр, би, хан, сал-сері анықтауыштары қосылады. Ондайлары жоқтарына амалсыз тегін болмаса әкеныспысын қосуға болады. Тіпті, халқымыздың тарихында басын бірегей есімдерден алатын онимдер бар: Абай, Шоқан, Ыбырай, Мұхтар (Әуезов), Бауыржан, Сәкен, Бейімбет, Қаныш, Әлкей, Ғабит, Ғабиден, Олжас, Әлия, Мәншүк, Нұрпейіс, Нартай, Жамбыл, Сүйінбай, Димаш, Мұқағали, Жұматай, Жұмекен, Шәмші, Күләш, Майра, Сара, Қобыланды, Алпамыс, т.б. Бұларға ешбір анықтауыш қоспай-ақ көшелерге осылайша атауға болады. Ал, осылардың ізімен кейін пайда болған есімдерге амалсыз анықтауыш қосуға тура келеді. Қазаққа Сейфуллиннен гөрі Сәкен жылы, қымбат әрі қадырлы есім және аталуға бейім. Қазырғы ономастикалық атауларға қарап, біздің кеңестік қасаң ізбен кетіп бара жатқанымызды бажайлау қиын емес. Тіпті, «Сейфуллин» мен «Есенин» атауларының этникалық айырмашылығы шамалы, керісінше соңғысының қазақылығы басым естіледі, ендеше ономастикаға Сәкеніміздің төл есімін қайтаруымыз керек. Өйткені, қазырғы ұрпақ оны әнші-сазгер Сейфуллин Жолбарыспен шатастыруы әбден ықтимал. Әрине, біздің бұл уәжімізге кейбіреулер Шоқанның тарихтағы ресми аты-жөні «Шоқан Уәлиханов қой» дейтіні рас. Кешіріңіз, тарихтан Шоқан Уәлихановты емес, ресми түрде Чокан Валихановты ғана таба аламыз, алайда бұл қазақтың сүйікті ұлын өз елінде қазақы түрде еркелетіп ШОҚАН атауға болмайды деген сөз емес. Сол секілді Мүсірепов, Мұстафин, Ахтанов деген орыс нұсқалы шұбатылған фамилиялардың егемен қазаққа қажеті бола қоймас, бұл есімдер жеке тұлғаның аты болудан қалып, тіліміздің алтын қорына қосыла бастаған алтын жылғалар, ендеше бұл жылғаларды шөп- шаламнан тазарта алу біздің тікелей міндетіміз.
Айтыла-айтыла тілді жауыр еткен тағы бір жайт - қазырғы урбанонимиканың бір саласы болып табылатын халыққа қызмет ету ошақтарының атаулары мен фирмалардың, тұрғынжай кешендері мен микроаудандардың атаулары. Бұл сала да урбанонимиканың бетімен кеткендігіне қарсы пәрменсіздікті көрсетіп отырған жайт.
Аталған екіжүзділік сипат біздің елдің гидронимикасын да әбден кеулеп болған, Есіл өзені ресми түрде «Ишим», Жайық өзені «Урал», Жем - «Эмба», Еділ – «Волга», Бурабай – «Боробое» аталудан танар емес. Енді бұл гидронимдер шетел тілдеріне де орыс тілінің заңдылығымен жайыла бастады. Ең болмаса, Қазақстан картасында жақшаның ішіне осылардың қазақы атауларын қабат жазып қоюға болар еді ғой. Алайда, Қазақстан картографиясы ономастикадан тәуелсіз өмір сүріп келе жатқаны тағы аян.
Жалпы, елдегі ономастика мәселесін онымен тікелей айналысып отырған құрылымнан тыс қарауға әсте болмайды. Осы жағынан қарағанда ономастикалық комиссия аталмыш мәселенің күрмеуін шеше алмайды. Бұған екі себеп бар, біреуі - комиссияның құрамының әуесқойлық-қоғамдық сипаты, екіншісі – комиссияның ақылдасу дейгеңіндегі болымсыз құзыры. Бұның екеуі де елдің ономастикалық проблеманы шешуден гөрі үстемелеуге жеткізетін жайттар деп есептеймін.
Аталған мәселелерді қорыта келіп, оларды шешу үшін тиісті түрде ономастикалық пәрменділеу құрылым құруға бетбұрыс жасаған абзал. Мәселен, Тіл комитетінен бастап, барлық облыстық, аудандық және қалалық тіл департаменттерінің жанынан ономастикалық мәселелерді үйлестіру орталықтары аталатын жұмыс тобы құрылғаны жөн. Бұлардың құрамы асарын асап, жасарын жасаған, беделдің бешпетін тоздырғандар емес, ономастика саласында азды-көпті білімдері мен біліктері бар, жағдайды саралап, шешім қабылдау мүмкіндіктері бар жанашыр сарапшылардан жасақталғаны мақұл. Бұл құрамға, тіпті, прокуратура және әділет жүйесінің қызметкерлері де кіргені жөн болар еді. Сөйтіп, ономастика құрылымын жалаң популизмнен құтқару қажеттігі туындап отыр. Сондай-ақ, бұл құрылымның ақылдасу деңгейінен гөрі ономастикалық жұмыс тұжырымдамасын жүзеге асыру жолында белгілі бір дәрежеде шешім қабылдау қабілетін арттыру да уақыт талабы болуда. Бұл жағынан шетелдік тәжірибеге сүйенген тіпті де, сүйсіністі іс болар еді. Сонымен, Қазақстандағы ономастикалық мәселелердің қордаланып отырғандығын айта отырып, оны шешуге сәйкес пәрменнің де керектігін ескергеніміз жөн. Әйтпесе, аталмыш ономастикалық жұмыс тұжырымдамасының іске асырылуы өз жайына қалғандай әсер бар.