воскресенье, 15 июля 2007 г.

АТАУЫ АЛШАҚ, ҚЫЗМЕТІ ҚОЖЫРАҢҚЫ Х Қ О

Әдетте әрбір министрдің лауазымға ие болғаннан кейінгі жұмысының басты нәтижесі оның сол сала бойынша стратегиялық және тактикалық ірі бастамалар жасау арқылы іргелі мәселелерді шешу болып табылады. Осы талаппен қарағанда, біздің кейбір министрліктер өмірге қаншалықты ірі қадам басқанын аңдау қиын. Мәселен, Әділет министрлігінің соңғы кезде ірі қалаларда енгізіп жатқан «Халыққа қызмет ету орталығы», әрине, көңіл қуантып, жүрек жадыратар әрекет. Алайда, мұндай орталықтардың керектігін министрлік емес, ең әуелі ұсынған елбасы болатын. Сонда осы саладағы лауазымдылар қызмет басына қандай әрекет қоржынымен келеді деген сауал өзінен өзі туындайды және де сол саладағы сырқатты жайттардан хабардар ма екен деген сұрақтар көкіректі күпті етеді. Әйтпесе, елдің сан-салалы орынтақтарына тағайындалған мырзалар мен ханымдар үсті-бастарын түзеуден бұрын әрекетті халыққа шын мәніндегі қызмет етуден бастамас па еді? Мұның бір мәнісі олардың халық пен билік аралығын жақындастыруға ниеттерінің соншалықты жанаспай жатқандығынан ба екен?
Мәселенің мәнісін аша түсу үшін әлгі аталған орталықтың атауына ден қоялық. «Халыққа қызмет ету орталығы»! Бұл қай орталық, мемлекеттік пе, коммерциялық па, қоғамдық па? Бұл немене, елдегі халыққа қызмет ететін жалғыз орталық па? Ал, сауда орталықтары, базарлар мен вокзалдар, театрлар мен дүкендер ше, халыққа қызмет етпейді деп кім айта алады? Керісінше, Әділет министрлігі ашып отырған ХҚО халыққа ғана емес, мемлекеттік, коммерциялық және қоғамдық ұйымдар мен мекемелерге де қызмет көрсетеді, оларды Әділет саласында мемлекеттік тіркеуден өткізеді! Демек, бұл орталықтың атауы міндетіне және міндеті атауына сай ма?! Сонда оны құрған тиісті мемлекеттік органдар мұндай қатені қалай жіберіп отыр?
Шын мәнінде аталмыш орталықта сан алуан сала бойынша халыққа да, ұйымдарға да мемлекеттік рәсімдеу үдерісі жүреді, демек, орталықтың атауы «МЕМЛЕКЕТТІК ҚҰЖАТ РӘСІМДЕУ ОРТАЛЫҒЫ» (МҚРО, орысшасы-государственный центр по документооформлениям-ГЦДО) болып жұп-жұмыр да, жауапты түрде аталуы керек еді.
ХҚО-ның қызмет ету сапасына келсек, оның әлі күнге мәртебесінің анықталмай жатқанына орай, тұрақты қызметкерлердің емес, әрбір түрлі мемлекеттік мекемелерден жиналған «кезекшілердің» өз міндеттерін ала-құла атқарып отырғандығы аңғарылады. Әрине, бұл мемлекеттік қызмет көрсетудегі жаңалық болған соң басқы аяқ алыста кемдік болатыны рас, әрі кешірімді де. Бірақ, азаматтардың кейбір құжаттарының рәсімделуі былтырғыдан биылға көшкендігін, тіпті, оған он ай болғандығына не деуге болады. Осы жолдар авторы ұлының тегін өзгертуге кіріскеніне екі жылдан асып, жуырда ғана әупіріммен қол жеткізгенін айтсақ та жетер. Осы мерзім ішінде тапсырылған құжат екі рет жоғалды: бірі облыстық АХАЖ бөлімінде, бірі Астанадан пошта арқылы жөнелтілгенде. Сөйтіп, бір қазақтың баласының тегін қазақылауға екі жыл кетсе, тоғыз миллион қазақтың аты-жөні қашан түзеліп болады? Мұндай мәселе, жанайқай түрінде емес, бәлкім, мемлекеттік қызметтің сапасы қашан түзеледі деген сауал қою керек шығар.