среда, 15 августа 2007 г.

КӨСЕГЕ БҮЙТСЕ КӨГЕРЕР

(Тәуелсіздігіміздің 3 жылдығына)

Аталмыш мақала 1992 жылы “Ақтөбе” газетінде жарияланған “Көсеге қайтсе көгерер?” атты мақаланың жалғасы ретінде 1994 жылы жазылып, Қазақстан президентіне, сол кездегі бас министр Ә. Қажыгелдинге жөнелтілгенмен басылым беттерінде жарық көрмеген болатын. Мақаланың бұдан сегіз жылға жуық бұрын 1994 жылы жазылғанына қарамастан, елдің дамуы соншалықты ілгері кете қоймағандықтан, нақты мәселелерді шешуге ұсынылған ұсыныстар әлі де өз мәнін жоя қойған жоқ. Сонымен бірге аталмыш еңбекте айтылған көптеген ұсыныстар кезінде мемлекеттік шешім қабылдауға өз ықпалын тигізгендігін көзі қарақты оқырман ел тарихын ойша шола отырып және жарияланып отырған мақалаға зер сала отырып көзін жеткізер деген ойдамыз.
ЕРҒАЛИ Серік Әбдірешұлы.

Аңдату
“Қайта құру” ұранымен басталған кеңестік жүйені дамыту идеясы он жылға созылған ол жүйенің ыдырауымен аяқталып отыр. “Одақтың” ыдырау нәтижесінің Евразия құрлығына жаңа мемлекеттердің бой көтеріп, олардың жаңа жүйенің жетегіне жармасып, жаңа қоғам құруына итермеледі. Аталмыш он жыл кеңестік менталитеттің сарсаңға түсе ыдырап, жаңа психология мен жаңа көзқарасқа негізделген жаңа әрекет қана жаңа қоғам тудыратынын мойындатуда. Сонымен, келмеске кеткен кеңесшілдік жойылғанымен, алдымыздан жаңа қоғам құрудың объективті жағдайы біз күткендей құшағын жаймады. Осылайша, егемендік елесті қуғызған он жылдың қалай өткенін де байқамай қалыпыз. Егемендік дегеніміз - жаңа қоғам құру екен. Ал, біз оның үстіне жаңа формациялы қоғамды қолға алудамыз. Жаңаны құру үшін ескінің жойылуы заңды болса, сол ескінің ыдырауына “еңбек еткен” он жыл бос кетті деуге негіз жоқ. Бұл мерзім ескі жүйені жоюға жұмсалған болып шықты. Демек, қазіргі экономикалық божырау мен әлеументтік әлсіздік - қалай ойлағанда да объективті жайт.
Ендеше, қазақтың “өткен іске өкінбе” деуі “объективтілікті мойындап, бұдан былай субъективтік әрекетті талап ететін заманға дайын бол” дегені екен.
Қазіргі, ырықты экономиканы өз еркіне көндіріп, дамыған ел атанған мемлекеттердің тарихы мен тәжірибесін саралай келе, ырықты экономиканың негізін салатын сол елде басты қос фактордың болуына көз сүрінеді:
1. Үйлестіру факторы - елдің бар мүмкіндігін экономиканың өрістеуіне тиімді де интенсивті түрде үйлестіре білетін өкімет (демократиялық па, тоталитарлы ма, авторитарлы ма – бәрібір);
2. үйлесім факторы - ырықты экономикалық қатынасқа психологиялық, дағдылық және менталитеттік жағынан дайындығы бар халық.
Сөйтіп, жаңа экономика үшін ең бастысы: елдің сауаттылығы, жердің байлығы емес, шетелдің қаражаты да, тәжірибесі де емес, ең әуелі экономикалық өскіннің бүр жаруы үшін төл топырақ болып табылатын халықтың басқа ештеңеге алаңдамай, меншік қаржысы болуға дайындығы мен өкіметтің ырықты экономика жүгені мен қамшысын меңгере алатындай қабілетті болуы. Ал, қалғанының барлығы жолайы пайда болып, нәтижесін жолшыбай қосатын қосымша факторлар.Өзгенің, басқа елдің ақылына зәру емес өкімет қана алаңсыз, өз елінің потенциалына сүйеніп, сыртқы потенциалды тарта алады. Өйтпегенде, өкімет өзге елдің түрлі шараларын өз елінің потенциалы мен жағдайын ескермей енгізумен әуре болып, басқарылу объектісін божыратып, басқару субъектісін құрай алмайды. Әр елдің өз “ғажайыбы” өзнің ішкі мүмкіндігіне барынша негізделіп, сыртқа жағдайға бейімделе алғанда ғана пайда болады.
Басты фактор ретінде аталып жүрген шетел инвестициясын жеткілікті түрде тарту соншалықты қиын емес, егер де батыл да нақты заңдар қорын қабылдайтын. Парламент қабілетті болса; халыққа алып сатарлықтан гөрі өз өнімін шығару әрі ләззат беріп, әрі әл – ауқатын жақсартар еді, егер де Үкімет жағдайды өндірімпаздық бағытқа бұрса; коррупция соншалықты қаупіке айналмас еді, егер де сот органының құрылымы мен қауқары әділдік жолында қатал құқылық сипатқа ие болса. Сөйтіп, өкіметтің үш бұтағы бір бірімен ит - ырқылжың қатынастан гөрі, бірін бірі толықтыру қатынасына көшіп, біртұтас өкімет құрап, үйлестіру факторын негіздегенде ғана соны асу алынар. Ал, басқаша жағдайда қоғам қажетті уақытын қажетсіз сергелдеңге сарп етеді.
Сондай-ақ, қожалық психологияны бойына дарытып үлгермеген халық ырықты экономиканың үйлесім факторын құрай алмайды. Сондықтан жекешелендіру саясаты халық қаншалықты қожалық қасиетке ие болуына сай жүргізілу қажет еді. Егер жекешелендіру қоғамдағы қожайындық сипаттан кешіксе, немесе озып кетсе, ол процесс белгілі бір теріс нәтижеге тіреледі.
Алайда, үйлестіру факторы үйлесім факторының қалыптасуын жетелеп, оның өздігінен қалыптасуын күтіп, босқа уақыт өткізбегені абзал. Айталық, қаладан гөрі ауылда әлі күнге қожайындық мінез толық қалыптасқан жоқ және бұған өкімет тарапынан қажетті жағдай, үгіт, насихат жеткілікті де, көрнекті де емес.
Сонымен, сайын келгенде елдегі жаңа экономикалық қатынас үйлестіру мен үйлесім факторларының орнығып, олардың бір біріне қатынасының әділдік, құқылық сипатының қалыптасуына көрініс табады да, басқа жағдайдың барлығы осы көріністің қажеттілігінен туындап, реттеліп отырады. Өйткені, үйлесім факторы болып табылатын халық сонымен бірге ырықты экономиканың басты объектісі де, ол үйлестіру факторы болып саналатын өкімет, сонымен қатар ырықты экономиканың басты субъектісі ғой.
Құрғалы отырған қоғамның құқыққа негізделген демократиялық қоғам болғандықтан, оған сәйкес әділетті әрекет пен жаңа құрылым жасамай, нәтижеге жету мүмкін емес екенін ескеретін уақыт жетті.
Жоғарыда аталған жайтты қалыптастырып, дамуын жеделдететін шаралар ұсына отырып, бұлардың жүзеге асу жолдары мен аргументін көпшіліктің өз талқысына қалдыруды жөн көрдім.

Жоғарғы Кеңес

Маркстік – Лениндік ілім Кеңестік жүйенің арқауы болса, демократиялық қоғамның арқауы - адам мен қоғамның бір біріне қатынасын міндет пен құқыққа негіздеген заңдар. Ал, демократиялық қоғамның бар болмысы мен бітімін әйгілейтін айнасы - ЖК. Сол себепті ЖК қаншалықты ұжым ретінде қалыптасса, соншалықты оның демократиялық орган болғаны, соншалықты заңшығарыс ісіне қабілетті болғаны. ЖК қоғамға ең алдымен заң шығарумен еңбек сіңіріп, ықпал етеді.
ЖК – тің кемелденуіне тілектес бола отырып, мындай ұсыныс:
- екі жарым жылға дейін ЖК депутаттары сайлаушылар алдындағы есепті, 3-5 депутаттан құралған топпен өздері сайланған округпен шектелмей, жалпылама ел аралау мен алмастыру; ел аралау қабылданған заңдар мен нормативтік актылардың өміршеңдігі мен іске асырылуын тексеруге, экономика мен әлеуметтік жағдайдың кері кету себептерін іздеуге негізделу қажет;
-әрбір депутаттың заңжобаны дайындауға қатысы туралы сайлаушыларға тұрақты түрде мәлімет беру;
- әрбір депутаттың мәжіліске қатысымы туралы мәліметті тұрақты түрде жариялау;
- әрбір депутаттың өз ғұмырына творчествалық салаға қаншалықты қатысы барлығы туралы мәлімет жариялап тұру;
- қабылданған заңжоба авторларының еңбегін ақылау және заңжоба жасаудағы бәсекелестік туғызу жолында Үкіметпен бірлескен заңшығарыс қорын ұйымдастыру.

Сот

Өкіметтің Сот билігі жаңа жағдайға бейімдеу оның қазіргі “үшбасты” сипатын біртұтастандырумен байланысты. Біртұтас биліктің бір бірімен байланыссыз мемлекеттік үш органға жіктелуі басқа дәйекті былай қойғанда ақылға сыймайды.
Нақты түрде Сот құрылымы туралы мынадай ұсыныс: Конституциялық және Жоғарғы Сот пен төрелік соттарды біріктіріп, бір ғана Ұлттық Сот құру қажет; Ұлттық Сот жоғарғы және төменгі коллегиядан тұрады.
Жоғарғы коллегия Конституция және мемлекеттік деңгейлі сипаттағы соттық істі қарайды, ал Ұлттық Соттың төменгі коллегиясы шаруашылық және жоғарғы коллегия қарауына енбейтін соттық істерді қарайды. Жоғарғы коллегия 9 адамнан: төртеуін Жоғарғы Кеңес, төртеуін Президент тағайындайды да, төрағаны Президент ұсынуымен Жоғары Кеңес бекітеді. Ал, төменгі коллегия құрамын түгелдей Президент тағайындайды.
Жергілікті соттар да екі коллегиядан: азаматтық іс жөніндегі және шаруашылық сот коллегияларынан тұрады. Жергілікті судьяларды Президент ғұмырбойы мерзімге тағайындап, ал төрағаларды (бұл жерде аудандық соттар жөнінде) маслихаттың ұсынысымен Президент бекітеді.

Әкімшілік - аумақтық бөлініс

Қазақстанның әкімшілік – аумақтық бөлінісі (ӘБ) жаңа формацияға орай, ырықты экономикалық қатынастың сипаты, демографиялық ахуал мен аумақтық мүмкіндігі ескеріле отырып, қайта құрылуы қажет. Нақтылай айтқанда, ӘБ қазіргі облыстық звеноның жойылып, делдал әкімшілік бөліністі уақыт талабына сай мемлекеттік органдармен алмастыру арқылы басы артық әкімшіл - әміршіл жүйесінің түбірімен аластауына батыл әрекет жасалғаны жөн. Республиканың аумағы 200 ауданға бөлініп, әр аудан муниципиалдық мүдде мен мемлекеттік төменгі ауқымдағы мүдденің объектісі болады. Аудандар экономикалық қауқарына орай шартты түрде;
- индустриялы (ИА);
-агросекторлы (АСА);
-аралас (АА) болып жіктеледі.
ИА – ды ірі қала, оған таяу поселкелер, селолар мен ауылдар аумағы құрайды, ал АА – ды оның экономикалық қуатын айқындайтын орташа қала мен оған таяу поселкелер, шағын қала, селолар мен ауылдар аумағы біріктіреді. АСА болса, негізгі экономикасы ауыл шаруашылығына негізделген елді мекендер мен шағын қала, поселкелерден тұрады. Аудандық бұлайша шартты жіктелуі мемлекет тарапынан олардың ерекшелігіне орай дифференциалды дамыту мен олардың бір бірімен интеграциялау мүддесін көздеуді талап етеді. Бұл үшін әр аймаққа орналасқан шамамен 40 аудандық экономикалық - әлеуметтік және мемлекеттік атқару билігінің әкімшілік арқылы баянды болуын ұйымдастырып және үйлестіріп, атқаруын бақылайтын аймақтық министрліктер сәйкес аймаққа орналасуы қажет болады. Сонымен ел аумағы шартты түрде бес аймаққа: шығыс,батыс,түстік, терістік және орталық болып бөлінеді. Алайда, бұл аймақтар әкімшілік – аумақтық бөлініске жатпайды, себебі, аймақ бойынша өкіметтің өзге биліктері (мәслихат, сот) органдарын құрмайды. Сөйтіп, мемлекеттік өкімет қазіргідей 3 сөрелі (ярусты) емес 2 сөрелі болып нығаяды: жоғарғы және төменгі. Сот билігін алсақ – Ұлттық Сот және аудандық сот, өкілдік билік – Жоғарғы Кеңес (Мәжіліс) және аудандық (ауылдық, қалалық, поселкелік) мәслихаттар, ал атқару билігі – Президент пен Үкімет және аудандық (ауылдық қалалық, поселкелік) әкімшіліктер. Атқару билігінің қызметін нақтылайтын болсақ; Министрлер кабинеті Президент белгілеген міндеттің стратегиялық және тактикалық шешімін анықтап, іске асу жолдарын нақтылайды; Аймақтық министірлік шешімді іске асыруды аймақ бойынша ұйымдастырады, үйлестіреді және бақылайды, ал аудандық әкімшіліктер шешімді іске асыруды атқарады. Аудандық әкімшіліктер мұнан басқа муниципалдық мүліктерге қожалық етіп, муниципалдық органдарды басқарады. Жергілікті өкіметтің атқару саласы бойынша сәйкес түрде ауыл, поселке меңгерушілері мен қала әмірлері (мэр) аудан әкімінің ұсынуы арқылы мәслихаттарда сайланады. Ал, аудан әкімі тиісінше Президент ұсынысымен аудандық мәслихатта сайланады. Сонымен бірге әрбір ауылда, поселкеде және қала бөліктерінде (микроаудан) ақсақалдар алқасын құрып, оған заңды түрде мынадай функция ұсынуға болады:
- зейнеткерлер, көпбалалылар мен жалғызбастылар мәселелерін шешуге қатысу;
- моралдық – рухани ақсақалдық сот ұйымдастыру;
- сәйкес аумақ бойынша балалар мен жасөспірімдер тәрбиесіне араласу т.б.
Әрбір аудан муниципалдық деңгейдегі дербестікке ие болып, өзін өзі басқарады, соған орай әр ауданның қажеті мен мүмкіндігіне сәйкес мәдениет, білім, денсаулық, тәртіп қорғау және коммуналдық т.б. сала бойынша меншігі болуы керек.
Аудандық бюджет жергілікті салықтан құралады, ол жетпеген жағдайда аймақтық министрлік құзырымен дотация көлемі анықталып, мемлекеттік бюджеттен толықтырылады.
Сөйтіп, әкімшілік өз құзыры, белгілі бір мөлшерде өз қаражаты, мүлкі арқылы жергілікті мәселелерді шешумен өзін өзі басқарудың толыққанды бірлігі болады, сондай-ақ, Үкіметтің вертикал бағыныстағы төменгі звеносы ретінде мемлекеттік орган болып табылады..
Мемлекеттік бағыныстағы шаруашылық субъектілерінің қызметін өзіне тиісті аймақ мүддесінің экономикалық, әлеуметтік және басқа салалары бойынша белгіленген мақсатқа жұмылдыра отырып, сәйкес Аймақтық министрлік сол аймақтағы жойылған облыстық әкімшіліктердің саяси, экономикалық, меншіктік, құрылымдық мұрагері болып табылады. Бұл құрылымның ісі мығым болуы үшін Министрлер кабинеті жөніндегі заңда арнайы бір тарау Аймақтық Министрлік жөнінде болып, ал Министрдің кабинет мүшесі болуы қажет болмақ.
Әкімшілік – аумақтық бөліністің бұлайша әлпеттенуі әр сала бойынша бұрынғы жергілікті мекеме, органдардың аудандық және жалпымемлекеттік болып, функциялық және бағыныс жағынан, қаржылай, мүліктей қамту жағынан жіктелуіне тура келеді. Айталық, бұрынғы облыстық Ішкі Істер басқармалары біріктіріліп, өз аймақтары бойынша бір
басқарма құрайды, яғни 19 – дың орнына 5 басқарма құрылады, ал аудандық бөлімдер аудан көлеміне орай іріленіп, оның функциясы, әкімшілікпен ара қатысы тиісті заңда көрсетіліп, кадр, қаржы, мүлік, меншік жағынан түгелімен жалпымемлекеттік бағынысқа түседі. Ал, муниципалдық
өкімет қарауына учаскелік милиционерлер тобы мен бюджет шамасына қарай өзге де бөлімшелер болуы мүмкін. Сонымен, жойылған 19 облыстық және 20 – дан аса аудандық
әкімшілікке тиесілі мүліктер мен үнемделген бюджеттік қаржыны былай жұмсауға болады:
-Жаңадан жасақталған (іріленген) аудандардың қажетін толықтыру;
-құрылған бес Аймақтық Министрліктің қажетін қанағаттандыру;
-қалған мүлік пен қаржының ақшаға шаққандағы мөлшерінің жартысын беске бөліп, әр аймақты дамыту қорын (АДҚ) құруға бөлу, ал қалған жартысын астананы көшіру қорын құруға қосу.
АДҚ Аймақтық министрлік құзырында болып, ол Қазақстанды өркендету банкасының қызметінен тыс саланы қамтуға бағытталуы тиіс.
Сондай-ақ, әрбір аймақ бойынша Президенттің ресми өкілді органы құрылғаны да жөн болар еді.
Сайып келгенде, елдің әкімшілік – аумақтық бөлінісін бұлайша “ойсырата” өзгертуге ырықты экономикалы демократиялық қоғам жағдайында тиімді де қауқарлы және арзан басқару организмін құрауға итермелейтініне көп ұзамай-ақ көз жетеді. Ал, қазіргі бөліністің соншалықты оралымсыз да икемсіз әрі қымбат екенін, 22 млн-дық халқы бар Өзбекстанда 13 облыс екенін, ал 17 млн-дық Мәскеу облысы мен өзімізді салыстыру арқылы көз жетеді. Ырықты экономика жағдайында мемлекет басқару органының көлемі оның демографиялық және аумақтық (территория) сипатына байланысты болатынын ескеру ләзім.

ИДЕОЛОГИЯ
Біздің елдің қазіргі жағдайына жаңа формацияның принциптері мен елдік менталитетке негізделеген жаңа идеологияны біртұтас идеологиялық органмен нақты жүзеге асырған жөн. Бұл орган Президент аппараты жанындағы экспертті – идеологиялық орталық болып, оның әр аймақ бойынша Президент өкіліне қарайтын бөлімшелері болса.
Идеология үш салаға: құқылық, ырықты экономикалық және азаматтық идеология болып бөлінуі тиіс.
Әр қызметкері әрі сарапшы, әрі идеолог болуға тиіс.
Сараптамалы – идеологиялық орталыққа (СИО) қойылатын талап азаматтардың құқылық мүмкіндігін білуге, мемлекет алдындағы міндеттерін сезінуге, оларға жаңа экономикалық қатынастың қыр – сырын танытуға, жалпы - адамзаттық ынтымақ пен әдеп жолдарын насихаттап, қазақстандық біртұтас мәдениет құруға жұмылдырумен бірге, қазақстандықтарды патриоттыққа бағыттап, қоғамдық құқылық, экономикалық, азаматтық салаларға сергек көзқараспен, сарапшылық деңгеймен баға беріп отыру, Үкімет жұмысына ішкі саясат саласы тұрғысынан баға мен бағыт сілтеуге негізделуі қажет.

ЖЕР РЕФОРМАСЫ
Бұл реформа жерге меншікті сипат берумен ғана жүзеге аспақ. Ол үшін Қазақстанның барлық жер көлемін. Жалпы мемлекеттік жер қоры (ЖЖҚ) және меншіктелетін жер көлемі (МЖК) ретінде екі бөліп қарастыру қажет. МЖК – не жекешеленген және оған жататын барлық объектілердің жер алаңы, жеке меншіктегі үй, саяжай, гараж, түрлі меншіктегі шаруашылық, өндіріс орналасқан жер алаңдарының көлемі жатады да, ал ЖЖҚ – ға қалған жер көлемінің барлығы тиісті болады.
ЖЖҚ мемлекеттік стратегиялық жер қоры болып табылып, қажетке қарай оның белгілі бір бөлігі сатылып отыруы мүмкін.
МЖҚ жерді реформалаудың бірден бір объектісі болып табылады. Жерді реформалау үшін МЖҚ – нің нақты сандық шамасы анықталады. Әрбір жан басына тиісті жер көлемін (ЖТК) жекешелендіру арқылы сайып келгенде реформа жүзеге аспақ. МЖК сандық шамасын Қазақстан халқының саны (ХС) мен шетелдік қазақ диаспоры санының (ДС) қосындысына бөлу арқылы ЖТК анықталады: ЖТК = МЖК: (ХС+ДС).
Жерді жекешелендіру екі тәсілдің қабат жүргізілуі арқылы жүзеге асады. Алдымен жеке қожалығы (үй, саяжай, гараж, фермерлік шаруашылығы) бар адамдарға (жанұя) ЖТК – нен аспайтын жер алаңдарының жалпы көлемі құжаттанады, әр объект орналасқан жер алаңына сәйкес Жер куәлігі беріледі де, құжаттанған жер көлемі ЖТК – ге жетпеген жағдайда қалған бөлігінің сандық шамасы көрсетілген жер купондары (ЖК) беріледі. Ал, иелігінде ешқандай жер көлемін қажет ететін объектісі жоқ адам (жанұя) түгелдей ЖТК шамасы бар ЖК иеленеді. Қолданыстағы жер көлемі ЖТК – нен асып кетсе, ол адам (жанұя) жер көлемінің ЖТК – нен асқан шамасына сәйкес ЖК сатып алу арқылы қалған жер алаңын өз иелігіне көшіріп құжаттайды.
Таратылған ЖК жер алаңын алуға немесе құнды қағаз ретінде сатылуға мүмкіндігі болмақ, сондай-ақ, оларды инвестициялық жекешелендіру қорларына (ИЖҚ) өткізу арқылы акцияға ие болуға жағдай туғызылуы қажет.
Жер алаңы мен ЖК сату және сатып алу процесі арнайы құрылған Жылжусыз мүлік (недвижимость) биржасы (ЖМБ) арқылы жүреді. ЖК- ын қабылдаған ИЖҚ оны жекешелендіру купоны тәрізді жекешеленген не соған тиісті объектілердің жер алаңын сатып алуға жұмсайды да, ЖК қожайындары сол объектінің акционері болып тіркеледі.
ЖМБ – ның бақылау пакетіне мемлекет атынан ие болатын Жер қатынасы және оны реформалау (ЖҚРК) комитеті мен Құрылыс министрлігі жарғылық қордың кемінде 25% - тін жасақтап, қалғаны түрлі меншікті субъектілер құрайды. ЖМБ ЖК – ның номиналы мен сатысқа түскен жердің 1 шаршы метрінің орта нарқын айқындауға және жердің талан – таражға түспеуі мен заңсыздық объектісіне айналмауына, сондай-ақ түрлі қағазбастылық пен кедергілерді аластауға үлес қосуы қажет. ЖМБ – ның әр аймақта филиалы болмақ.
Жер реформасы кезінде мыналарға көңіл бөлуге тура келеді:
- ЖҚРК –ның талапқа сай қайта құрылуы;
- ЖК – ның азаматтық куәлігі барлар мен олардың жанұясына және қазақ диаспорасының Қазақстандағы өкілдері мен жанұяларына берілуі, әр шетелдік қазаққа тиесілі ЖК- не сәйкес жер көлемінің сақтаулы болуы;
- ЖК – ны сату мен сатып алу, оны құнды қағазға айырбастау ЖМБ арқылы жүзеге асуы;
- Жер алаңының шетелдік (азаматтарға емес) инвесторларға ғана шектеулі көлемде сатылуы;
- Жер алаңының шетел азаматтарына (қазақ диаспорасы мен Қазақстан азаматынан басқа) сатылуын болдырмау;
- шетелдік инвесторларға жер алаңының кепіл ретінде тіркелуі арнайы комиссияның шешімімен ғана жүзеге асуы;
- жекеменшік жер алаңының интенсивті түрде және кесірсіз, зиянсыз пайдалануын тұрақты назарда ұстау;
- жер алаңына қожалық куәлігі Азаматтық куәлігі(төлқұжаты) бар адамға ғана тіркелуі;
- ЖК – на құнды қағаз түрлеріне салынатын салықтың таралуы;
- жекешеленген жер алаңына арнайы жер салығының салынуы;
- мемлекеттің стратегиялық мүддесіне қатысты жер алаңдарының алдын ала айқындалып, жекешелендіру процесі басталмастан оның жалпы мемлекеттік меншік ретінде жариялануы;
- жер қойнауының мемлекеттік меншік екендігі.

ТІЛ САЯСАТЫ
Тіл саясатының саясатшылдық пен түрлі саяси амбицияның аренасына айналуынан сақтайтын бірден бір шара – іс жүзіндегі ресми қостілділік пен қоғамдық (бұқаралық) көптілділік. Қай тіл қандай мәртебе алса да тілдік тартыс ешбір тілді де ұшпаққа шығармайды және қандай заңды да іске асырудағы әрекетсіздік оның дұрыстығы мен қауқарына күмән туғызып, бір заңды екіншісімен алмастыратындай қақпақыл жағдайға душар боламыз. Сондықтан Атазаңға тілдер жөнінде өзгеріс енгізуді төмендегідей нақты шараны іске асырумен алмастырып, тілдер мәртебесінің бұрынғы қабылданған күйін әлі де іс жүзіне асыруға жұмыстандыруды ұсынамын. Басқаша айтқанда, Қазақстан ең әуелі қазіргі ресми біртілділіктен (орыстілді) ресми қостілділік және бұқаралық қостіліктен (орыс - қазақ) бұқаралық көптілділік объектісіне көшіру керек.
Бұл шараны іске асыру жолында Тілдер комитеті мен басқармалары тілдер жөніндегі аттестациялық комиссия (ТАК) құрады. Бұқаралық көптілділік (БК) шарасы іске асыруда өз еркімен аттестацияланатын азаматтарды ТАК мына категорияларға (ТК) аттестация қабылдау арқылы жіктеп, арнайы куәлік береді:
1- категориялы: ауызекі тілді түсінуші:
2- категориялы: ауызекі тілді еркін меңген, сол тілде әңгімелесе алушы;
3- категориялы: жазба тілді түсінуші (демек, 1-2 категорияны да меңгерген деген сөз);
4- категориялы: тілді меңгерген, яғни бұл тілде өз ойын жаза білушілер ( демек, алдыңғы категорияларды да меңгерген).
Аттестацияланған азаматтар ана тілі мен қай тілде қандай категориямен меңгергендігі жөніндегі мәліметі бар куәліктерге ие болумен бірге, материалдық ынталандыру құқығына ие болады. Бұл үшін, айталық, аттестант өзінің мемлекетке төлейтін табыс салығын мынадай процентке азайтады:
100% табыс салығы - ( әр тіл бойынша категория нөмірлерінің қосындысы) = Х %, мұндағы Х - табыс салығын азайту проценті. Ана тілі категорияланбайтынын ескерсек, біртілді адамның табыс салығы ешуақытта азаймайды.
Ресми қостілдік (РҚ) шарасына депутаттар мен министрлерден бастап, аудан әкімінің хатшысына дейін міндетті түрде кірістіріледі және әрбір категорияны меңгеруге бір жылдан беріледі. Сөйтіп, 4 жылда қостілді (қазақ-орыс) ресми органға ие болу мұраты іске асуы қажет. Ал, 4 жылда бір тілді меңгере алмаған адамда мемлекеттің қандай шаруасы болуы мүмкін?
Алайда РҚ үшін табыс салығының азайту формуласы былай болғаны жөн:
100% табыс салығы – 2 х (категория нөмірі) = Х%.
Сондай-ақ, БК мен РҚ шаралары үшін шет тілінің қатысы жоқ, қатыс тек қана қазақстандық этнос тілдеріне болуға тиіс. Алайда, мұның барлығы да тұрмыстық тіл деңгейіндегі критерий болғаны орынды. БК - Қазақстан жұрттарының бір бірінің тілін үйреніп, дамытуға көтермелейтін негіз болу шарасы.

КАДР
“Кадрлар бәрін шешеді”. Ел жағдайы қиын кезде оның аяққа тұрып, дамуына кепілдік те – кадр. Жаңаша ойлау қабілеті тоқыраған ескі кадрдың орнын жаңа заман кадрының басуы да уақыт талабы. Ендеше ескілерді ығыстырып, қабілетті жаңаларды тартатын механизм “Болашақ - жастардыкы” деген емес, “өткен шақ- қарттардыкы, осы шақ – жастардыкы, болашақ – баланыкы” деген қисынды девизге иек артқан мақұл. Мұндай механизмді кадрлардың мәлімет банкасын (КМБ) құрудан көремін. Бұл дегеніміз – мемлекет қызметіндегі және онан тыс нағыз қабілетті де жарақты кадрлардың мәліметін жинау арқылы оларды мемлекеттік органдарда өсіруге жағдай жасау және қызметке тартуда кадрды іріктеу мүмкіндігін туғызу. Сөйтіп, мемлекеттік кресло кез келгенге орын еместігін сездіре отырып, кадрлар элитасын қалыптастыру.Аталмыш шара ауыл меңгерушісінен бастап, жоғарғы эталондағы қатардағы қызметкерлерге дейін міндетті түрде тестіден өту арқылы жүзеге асады. Ал, мемлекеттік органдардан тыс қызметтегі азаматтар өз еркімен тестіден өту арқылы кадрлар резервін құрған болар еді.
Әрине, мұндай тест қызметкердің лауазымға сәйкестігі мен оның қаншалықты қабілеті барын анықтайтындай өте нәзік критерий бойынша бағалануы қажет. Басқа жағынан алғанда бұл шара мемлекет органдарын кездейсоқ адамдардан тазартып, қабілетті кадрдың тартылу механизміне айналар еді.

ЕҢБЕКПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ МИГРАЦИЯ
Жұмыссыздықтың белең алуына орай алдағы жылы әлеуметтік салада еңбекпен қамту ең маңызды болмақ. Ал, бұл саладағы қазіргі еңбекпен қамту (ЕҚ) қанағаттанғысыз. Оны жолға қою үшін қазіргі жұртшылықты еңбекпен қамту қоры (ЖЕҚ) негізінде мемлекеттік еңбек банкасын (ЕБ) құруды ұсынамын. ЕБ- ның мақсаты:
- кәсіпорындарға кадр сапасын жақсарту үшін несие беру;
- өз мамандығын немесе білімін жетілдіру мақсаты үшін азаматтарға несие беру;
- еңбек орнын көбейтуге бағытталған нақты жобаларды несиелеу;
- жеке адамдардың шеберханасын, өндіріс цехтарын ұйымдастыруға бағытталған жобаларды несиелеу;
- ЕҚ органдарының басқа да шараларын қаржыландыру.
Еңбек министрлігінің басты назарында болатын бір жайт - әдеттегі туылу деңгейі жоғары ауданның еңбекпен қамтылуын нығайтып, ол жер тұрғындарының миграцияға ұшырауын тоқтату. Сондай-ақ, ЕҚ органдары шағын және орта, фермерлік кәсіпорындарға еңбекті ұйымдастыру, еңбекшілерді басқару секілді жайттардан тұрақты кеңес беруді қолға алғандары нұр үстіне нұр.
Сонымен бірге еңбек кітапшасының жаңа түрін шығарып, онда еңбеккердің еңбек қабілетінің әрбір жұмыс орнында істегендегі мәліметінің толық көрнісі болатындай орын берілсе, бұл жайт, жұмыс берушіге дерек, жұмысшыға (еңбеккер) жауаптылық орнатар еді.

ӘЛЕУМЕТТІК САЛА
Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға Халық банкасының (ХБ) жағдайы мен дәрежесін нығайтып, оның мүмкіндігін пайдалану арқылы ықпал етуге болады. Ол үшін ХБ – сын акцияландырып, мемлекет қарауына бақылау пакетімен бірге акцияның 25% - тін қалдырып, қалғанын жеке адамдар мен шағын мекемелер мен кәсіпорындарға сатқан жөн. ХБ – ның жарғылық қорын мейлінше көбейтіп, оның акция құны мен санын молайту арқылы акционерлердің санын ұлғайтумен банкаға нағыз халықтық сипат беру қажет. Алайда, бұдан бұрын ХБ-ның бұған дейін инфляцияға ұшыраған салым көлемін компенсациялап, салымшылардың Үкімет пен ХБ –ға деген теріс көзқарасын оңдауға тура келеді. ХБ- ға жаңадан мынадай міндет пен құқық беру керек:
- жеке азаматтарға үй мүлкін сатып алуға, оқу мен денсаулық, туризм, демалыс саласына жұмсауға несие беру;
- азаматтар мен шағын өндіріс ұйымдарының кіші цех, шеберхана, лаборатория жасақтауы жолында шағын жекешелендіруге қатысу мақсатын несиемен қаржыландыру;
- құнды қағаздармен жұмыс және клиенттерге қызмет.
Мұнымен бірге банка жанынан әрбір аудандық филиалы болатындай, “итеріспе базарға” бәсеке туғызу, халық тұтынатын тауарлар бағасын реттеп, отандық өндірушілер бұйымының сұранысын айқындап отыру, сондай – ақ құнды қағаздар базарын қалыптастыруды дамыту мақсатымен Халықтық тауар биржасын құрған мақұл.

ЗЕЙНЕТАҚЫ МЕН ЖӘРДЕМАҚЫ
Мемлекеттік зейнет (пенсия) саласын дамытуға төмендегідей шаралар легі ұсынылады:
- зейнетақы қорын жою;
- зейнетақыға тиесілі салықты жергілікті әлеуметтік қамту (ӘҚ) (Собес) бөлімдерінің есепшотына түсіру;
- ол есепшоттарды міндетті түрде ХБ бөлімдерінде ашу;
- ӘҚ министрлігі мен ХБ арасында заңды қатынас (келісім – шарт, құрылтайшылық немесе акционерлік) орнатылуы. Осы шаралардан соң Үкімет кемінде мемлекеттік зейнетақының бір айлық мөлшерінде ӘҚМ – тің ХБ – на депозитер ретінде салым салуға жағдай жасайды. Сөйтіп айналыстағы бір айлық мемлекеттік зейнетақы мөлшері мен ай сайын түсетін зейнет салығы зейнетақының тұрақты түрде берілуін қамтиды. Мұндай жағдайда ӘҚ органдарының қызметі мындай болмақ:
- зейнетақы мен жәрдемақының мөлшерін шығару (есептеу, қайыра есептеу);
- ХБ – ның бөлімдерімен қарым- қатынас;
- әлеуметтік төлемдердің мезгілінде және дұрыс таратылуын ұйымдастыру және қадағалау.

ТҰРҒЫНЖАЙ
Тұрғынжай мәселесін шешудің басты арқауы ретінде.Тұрғынжай – құрылыс банкасының (ТҚБ) қазіргі күйіне қан жүгірту үшін оны акционерлеу қажет те, акцияның 25% - мен бақылау пакетін ғана мемлекетте қалдырып, қалғанын инвестқорларға аукцион арқылы тұрғынжай купондарына айырбастау керек. Сондай – ақ:
- банктың әрекет аясы кеңейтіліп, оған жылжусыз мүліктерге (ЖМ) лизингілік қызмет үшін несие бөлу қарастырылса;
- ЖМ биржасын құруға атсалысу мүмкіндіктерін жасаған жөн. ЖМБ арқылы үй, пәтер, жер алаңы, құрылыс материалдарын сату; үй, пәтер жалдау әрекеттеріне ресми сипат беріп, оның нақты да айқын нарқын орнатуға ықпал жасағаны қолайлы.
Ал, жеке тұрғын үй салушыларға берілетін несиенің талабын өмір жағдайына жақындатқан дұрыс та, мұндай несиені қалада 30 жылға емес, 10 жылға, ал ауылда 20 жылға беру қажет.

САЛЫҚ ЖЕҢІЛДІГІ
Жаңадан қабылданбақ салық жүйесін (СЖ) қолданудан айрықша шаруашылық субъектілеріне бағыттауды қолдап, СЖ-гін шартты түрде үшке бөліп қарастыруды ұсынамын:
1) ынталандыру СЖ (ЫСЖ): жаңа құрылмақ өндірушіге (ЖӨ) бір жылға дейін әлеуметтік салық - ӘС (табыс, зейнет, еңбекпен қамту салықтары) түрлерінен басқасын жартылай салып, екінші жылдан бастап пайдаға салынатын салықтан өзгесін ұстау, ал үшінші жылдан бастап нағыз СЖ – не көшіру;
2) жеңілдік СЖ-сі (ЖСЖ): ЖӨ-ге бір жылға дейін ӘС түрлерінен жергілікті салықтан (ЖС). Өзгесін қолданбау, ал екіншісі жылдан бастап ЫСЖ – не көшіру;
3) айрықша салық жүйесін (АСЖ): ЖӨ - ге екі жылға дейін ӘС түрлері мен ЖС түрлерін ғана салу, ал үшінші жылдан бастап ЫСЖ – не көшіру.
Аталған СЖ – лерін қолдану үшін елдің экологиялық, әлеуметтік, коммуникациялық ахуалына қарай мынадай географиялық сипатты ЖӨ тобын қарастырамыз:
1. Экологиялық апатты және әлеуметтік мешеуленген әкімшілік – аумақтық бөлініс субъектісі (ауыл, поселке, қала аудан) аумағына орналасқан ЖӨ (ЭЖӨ);
2. Әлеументтік мешеу аумақта құрылған ЖӨ (ӘЖӨ);
3. Коммуникациясы нашар аумақта құрылған ЖӨ (КЖӨ).
ЖӨ ретінде жаңадан құрылған шағын және біріккен кәсіпорын алынады.
Сондай – ақ, бұл топқа жатпайтын, бірақ, көтермелеуді қажет ететін өндіріс саласында өндіруші кәсіпорындардың (СӨК) шағын және біріккен сипатты түрлері үшін (1995 жылдан бастап құрылғандарға) кіріспе СЖ – сін (КСЖ) қолдану өнеркәсіп өнімдерін шығаруда серпіліс туғызар еді.
4.Кіріспе СЖ- сі (КСЖ): ЖӨ - ретінде Ауыл шаруашылық өнімдерін беретін, құрылыспен айналысатын және құрылыс материалдарын шығаратын, халық тұтынатын тауарлар өндіруші субъектілер үшін алты айға дейін салықтың ӘС және ЖС түрлерін ғана қолдану, одан нағыз салық жүйесіне көшіру. Қорыта келе, СЖ мен ЖӨ топтарының сәйкестік кестесі төмендегідей болады:
1) КСЖ – СӨК
2) ЫСЖ – КЖӨ
3) ЖСЖ - ӘЖӨ
4) АСЖ - ЭЖӨ
Бұл шараны жүргізу үшін елдің әкімшілік – аумақтық бірліктерін экологиялық, әлеуметтік және коммуникациялық жағдай бойынша іріктеуге тура келмек.

ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУ
Жекешелендіру саласындағы қазіргі жаңаша қарастырымды қолдай отырып, оны жүзеге асыруда мына жағдайларды ескеру пайдалы болар еді:
- Жекешелендіру органдарының екіге бөлінуі кезінде мемлекеттік мүлікті жекешелендіру аппараттары, әсіресе, жергілікті әкімшілік аппаратынан бөлек құрылғаны, сөйтіп, оны тігінен бағыныстағы тек қана Министрлер Кабинетіне тәуелдендіру;
- Жекешелендіру аукциондарын бес аймақ бойынша өткізіп отыру;
- Шағын жекешелендіруді арнайы ережемен жергілікті өкімет арқылы жүргізіп, бақылауды Мемлекеттік жекешелендіру органына тапсыру;
- агросекторды жекешелендіруді жүргізу барысына жаңа меншікті шаруашылық басшыларын сайлауда әкімдердің ықпалын жою механизмін жасап, шаруашылық мүшелерінің энтузиазмын тұқыртып отырған жайттарды болдырмау.

ЭЛЕКТР ЭНЕРГИЯСЫ
Елде ірі электр қуаты көздерін нығайтумен бірге, оған бәсекелік жағдай ретінде және Қазақстан үшін тиімді де қолайлы дәстүрден тыс электр көздерін қалыптастыру өз жемісін берер еді. Бұл үшін жел, күн, өзен күштеріне негізделген шағын, дербес электр станцияларының технологиясын дәйектейтін мекемелер мен енгізетін ұйымдарға мейлінше жағдай жасау қажет.
Мұндай шара энергия саласындағы шешуші де маңызды тактикалық әрекет екенін түсінетін мезгіл жетті.

КӨЛІК
Аз санды халқы бар Қазақстанның ұланғайыр территориясын әуе жолымен қамтуда жақын және орта қашықтыққа арналған шағын самолет өндірісін, вертолет жасау саласын қолға алған қолайлы болар еді. Бұл жолда қолда бар екі жөндеу зауытын шетелдік инвестиция мен технологияға тарту тиімді.Ең әуелі шағын да арнаулы салаға арналған (ауыл шаруашылығы, өрт қызметі, медициналық, геологиялық, жеке адамдар үшін) әуе техникаларын шығару өзін өзі тез ақтар еді.
Елдің теміржол саласын тәуелсіз елдің жол индустриясының көрнісі етіп қайта құратын кез келді. Ол үшін қазіргі басқарушылар монополиясына айналған ірі үш теміржол (ТЖ) басқармаларын шағындап бес аймақ бойынша бес басқармаға жіктеу керек те, 14 бөлімшенің орнына Алматы, Арыс, Қандыағаш, Бейнеу, Көкшетау, Тобыл, Ақмола, Семей сияқты тораптар негізінде жеті бөлімше қалдыру қажет. Қысқасы, теміржолдарды біртұтас Қазақстан теміржолы етіп біріктіру керек. Сөйтіп, артылған мүлік жекешеленіп, одан түскен қаржы мен үнемделген қаражатты жаңа жолдар салуға жұмсаған жөн.
Сондай-ақ, елдің ішкі бағыты бойынша жолаушылар қозғалысын тиімсіз де шығынды маршруттарды қысқартып, дербес(персональный) вагондарды бос қаңтару “мәртебесіне” босатып, жаңа составтар құру арқылы қанағаттандыру қажет.

МЕМЛЕКЕТТІК ТЕЛЕРАДИО
Қазірде қазақ теледидарының қаржының жоқтығы, сайманның тозықтығы, кадрдың сапасыздығы және басқа себептердің кесірінен дискредитацияға ұшырағанын ешкім де жоққа шығара алмас.
Жуырда Үкіметтен жеткілікті жағдай жасалса да, жасалмаса да ескірген қолапайсыз да мұсалдат жүйені жаңаша қалыптастыратын уақыт туды.
Теледидар жүйесінің атынан гөрі затын өзіне сай, ықшам, уақыт үдесіне төзімді, шығыны аз, өнімі көп жүйе ретінде қайта құру облыстық телекомпаниялар мәртебесін өзгертуге саяды. Аталмыш құрылымдардың бәрі бірдей облысты түгел ақпаратпен, идеологиямен қамтып отырған жоқ және оған мүмкіндік те жоқ, оның үстіне тәуелсіз құрылымдармен салыстыруға келмейтіндей, уақыт тезіне төтеп бере алмай, іскерлікті талап ететін заман шаңын қауып қалып отыр да, жүздеген адам мен мәнсіз телеуақыт Корпорация бюджетінің шығынына мағынасыз түрде ортақтасуда.
Ұзын сөздің қысқасына көшсек, жергілікті телерадиокомпанияларды бас аяғы он адамдық Телестудияларға айналдырған жөн. Бұлар барлық жағынан корпорация меншігі болуы керек және жергілікті өкіметтен ешқандай тәуелсіз мекеме болып құрылғаны жөн.
Корпорацияның облыстарда қолданып отырған және компанияларды студияларға айналдырудан ауысқан барлық мүліктер, саймандар мен ғимараттар Үкімет келісімімен жекешелендіріле отырып, қаржысы Корпорация бюджеті мен жарғылық қорына түсуі қажет.
Ал, облыстық, аудандық, қалалық радиотораптарының жергілікті радиотораптарын жасақтауға жететін мүлкі жергілікті өкіметке табыс етіліп, муниципалдық меншіктегі радиотораптары құрылуға тиіс. Қалған мүлік Корпорация иелігіне өтіп, бұл иелікпен де телекомпаниялық мүлік тәрізді шара жасалған дұрыс.
Аталған әрекеттен түсетін қаржы Корпорацияға ұлттық ансамбль, дыбыс студиясын, тігінхана, шаштараз, шеберхана және әр ауданнан телеөкілдіктер, сондай-ақ, дубляж және мультипликациялық студия құрып, телефильмдік өндірісті нығайтуға мүмкіндік бермек.

Ақтөбе, 16 желтоқсан 1994 ж.

БІРЕР СӨЗ АСХАНА ҰҒЫМСӨЗДЕРІ ЖАЙЫНДА

немесе УӘЛИБЕККЕ ҰСЫНЫС

«Хабар» арнасының «Таң қалмаңыз!» телетаратымының құрамындағы «Дәм-думанды» сәтті жүргізіп, қазақы телешоудың шоғын қыздырып жүрген бауырымыз, белгілі сықақшы-әртіс Уәлибектің тілгерлерге әзіл-шыны аралас тапсырыс бергеніне бір жылдай болып қалды. Енді Уәкең қиналып жүрген кейбір асхана ұғымдарын қазақшалауға ой қоссақ артық болмас. Уәлибек «духовка» мен «йогурттың» қазақыланбай, оларды атаған сайын «тілін тістеп» жүргесін телешоумен Наурызға әлгі сөздерді жаңаша атап шықсын деген ниетпен аз-кем үлес қосуды ойладық.
Шын мәнінде отырықшы елдердің термині көбіне сөздің соншалықты мағынасы мен төркініне мән бермей-ақ, оларды атауларға айналдырып ала береді. Көптен бері этнолингвистикамен шұғылданушы ретінде байқағаным, көшпелі халықтардың термині сөздің төркіні мен мағынасына құрылады, соған қарағанда отырықшылар сөз қадырын көшпенділерден артық біле бермейді және терминдер о баста көшпенділер өмірінен бастау алғандай әсер бар. Бұған бір дәлел бізге батыстан келіп жатқан «йогурт» сөзі. Шын мәнінде бұл сөздің астарына бас қатырып жатқан ебропалықтар жоқ, егер олар бас қатырса, «йогурттан» варварлардың сөзі ретінде бас тартар ма еді, кім білсін. Қазыр халықаралық сөзге айналған «йогурт» атауы о баста түркілік сөз, сондықтан оны аударып әуре болып бізге де қажеті жоқ. (Бұған «майонезді» де жатқызуға болады, ол кәдімгі «майөңез» сөзінен шығып отыр.) Тек қана оған өзінің бұрынғы қалпын қайтару керек: ол – «ұйығұрт». Бір қарағанда бұл сөз миыққа күлкі үйіргенімен, түркілердің о баста сүт өнімдерінің кейбірін «құрт» немесе «ғұрт» атағаны белгілі. Құртқа тән технология мынадай: сүт ащытылып барып ұйиды, содан соң сүзіледі де қайнатылып, түрлі пошым беріліп кептіріледі. Алайда, біздің қазырғы «құрт» деп жүргеніміз кептірілген түрі ғана, ал о баста «құрт» деп ата-бабамыз ұйыған сүтті атаса керек. Сүттің ащығаны мен іруі оның азғаны, құрығаны деген сенімнен шығуы ықтимал. Себебі, «құрт қайнату» тіркесі «ұйыған сүтті қайнату» деген ұғымды білдіріп тұр. Басқа жағынан алғанда ұю процесі сүттің қоймалжың түрін береді де, ежелгі «ұйы құрт» тіркесі о баста «қоймалжың ашыған сүт» деген мағынада айтылғандығы күмән келтірмейді. Ал, «ұйы құрт» тіркесі айтыла келе «ұйығұрт» сөзін шығарғанына соншалықты терең ғылыми дәйек қажет емес. Дегенмен, кез келген шикізатты өңдеуде алдарына жан салмайтын ебропалықтар әлгі ұйығұртқа неше түрлі тәтті де қышқыл шырын мен сөлді қосу арқылы оны байытып, бүгінде жұғымды тағам деңгейіне жеткізіп отыр. «Ұйығұрт» атауы Ебропаға Еділ батырдың басып кіруімен байланысты болуы мүмкін, алайда, бұл шаруа тарихшылардың үлесінде.
Енді сүт өнімінің бірі болып табылатын, алайда, әлгі ұйығұртқа жұмыртқа қосып қайнатып арқылы жасалатын және орысша «сыйр» («сыр деген орыс сөзін қазақша жазып отырмыз») аталып жүрген азықты біз ірімшік деп жүрміз. Шын мәнінде бұл да құрт, тек қазақтар құртты уыспен пошымдап кептірсе, ебропалықтар ыдыспен қатырады. Дегенмен уыздай сыйрға қарап, оны іріген сүтке қия алмайсың, мұндайда дұрысы – сыйрды өз шыққан тегімен «құрт» сөзіне әлдебір анықтауыш қосып, болмаса өзіміздің құртты «уысқұрт» атап, сыйрды «уызқұрт» атауға әбден болады. Ал, өзіміздің іріген сүтті пісіру арқылы шығатын ірімшікті орыстар өз тілдеріне «сыр» деп емес, «иримчик» деп ала қоятыны сөзсіз. Ендеше біз неге атауларды былықтыруға тиіспіз. Сол секілді доңыз етінен жасалатын «колбасаны» (бұл сөз де таза қыпшақтың «қол басы» тіркесінен шыққандығы даусыз) адал да жеңсік асымыз саналатын «шұжыққа» балау – мәдениеттілеп айтсақ: әумесерлік! Ал, «творог» та қыпшақы сүт өнімі, оны да «ірімшік» атап, ірітудің қажеті жоқ, оны қазақ «сүзбе» дейді. Қысқа сүрлеп сақтайтын сүзбені енді «сүрсүзбе» десек жарайды. Қысқасы, асхана терминологиясы да арнайы кірісуді қажетсінетін сала.
Енді кезекті «духовкаға» берейік. Бұл сөздің тұмшалап қыздырудан алынғандығы белгілі болғанымен, мұндай жағдайда орыс сөзін қазақшалаудан гөрі технологияны қазақ сөзімен беру тиімді болар еді. Егер духовканың тұмшалап қыздыру тәсіліне арналған құрал екенін ескерсек, оның да бұрыннан келе жатқан өз атауы бар, түркілер «тандыр» дейді. Ал, ежелгі тандырдың қыш пен саздан жасалуы бұл жерде маңызды емес, маңыздысы - оның технологиясының сақталып тұрғандығында, сондықтан қазырғы темір «духовка» да «тандыр» (тандырша) аталса, ешбір ерсілігі жоқ. Себебі, ендігі тандыр, тіпті, пластикадан да жасалуы мүмкін, бірақ ол духовка болып қала береді емес пе?

Пара беруші мен салық төлеуші

Әрбір қоғамдық жүйенің өзіндік экономикалық тамыры өзінше қалыптасады. Тоталитарлық кеңестік қоғамда экономикалық тамыр халықты сүлікше сорушы, оны беймәлім мұрат жолында құл етуші факторға негізделген болатын. Сондықтан да Қазақстаннан өндірілетін қыруар табыс республикаға тікелей пайдасын берместен, сананы құлдық сезімдермен тұмшалау арқылы өндірілген табыс «есектің күші - адал, еті - арам» деген ұстаныммен Ресейге қарай ағылатын да отыратын.Тіпті, тонналаған ет өндіретін шалғай аудандардағы шопандардың жанұялары қолындағы малдың етін азық етуге мұршасы да келмейтін, құқығы да болмайтын. Жер бетіндегі саналық құлдықтан арылу процесі қарқынды жүрген сайын, тоталитарланған қоғам экономикасы өз халқын бар болмысымен құл етуге бағытталған жүйе ретінде санаулы елдердің ғана қалғандығымен тарихтан құрып бітуге бет алды.
Билік тұтқасы санаулы топтың қолына шоғырланған авторитарланған қоғамдық жүйе де өзіне тән экономикалық күре тамырын жаяды. Бұл жүйе жағдайында оның субъектілері үшін басты тірлік тетігі мемлекеттік «ағзаны» өз пайдаларына жарату мақсатымен экономикалық тамырды «жекешелендіру» жолымен жүзеге асып отырады. Аталмыш жүйедегі экономикалық тамыр дегеніміз – қазынаға қарай қаржының ағылатын жолы, яғни салық жүйесі. Әрине, әдетте салық комитеттерін «жекешелендіріп» алған ешкімді де таба алмайсың, мәселе бұл амалдың басқаша жолмен өрбуінде. Аталған жайт әлемдік экономикалық кесір болып табылатын «жемқорлық» деген атауға ие қоғам сырқатына байланысты. Бұл экономикалық қатердің барлық елдерде нышаны болғанымен, авторитарланған қоғамдық жүйедегі орны ерекше және маңызды.Өйткені, билікті өз қолдарына алған төбелтоп өзінің бар мүмкіндігін елді коррупцияға жайлату арқылы ғана ұстай алмақ, басқаша мүмкіндігі болмайды.Себебі, авторитарлық жүйенің өзі елді әділетсіз басқаруға негізделген билік жүйесі ретінде қоғамда әділетті экономикалық тамыр жасақтай алуға қабілетсіз. Міне, осыдан барып мұндай елдердегі қазынаға түсетін мемлекет несібесінің айтарлықтай бөлігі заңды жүйе болып табылатын салық төлеу жолынан пара беру сүрлеуіне ығысады да, қоғамдағы қазына тасушы экономикалық арна тамыр-таныстық сүрлеуімен айырбасталады. Тіпті, мұндай жемқорлық жүйені ешкім ойлап таппаса да, арнайы түрде енгізбесе де, ол қоғамдағы экономикалық індет ретінде тасқын судың өз арнасын өзі жасақтайтыны секілді, өз жолын өзі тауып қарқынды «дамуға» бет бұрады. Яғни, бір әділетсіздік екіншісін балалатып отыратыны осыдан шығады.
Мұндай қоғамдық жүйеде барлық экономикалық табыс көзі де, оның жұмсалу жолдары да көзден таса, жұмбақ күйінде жүріп жатады да, ырықты экономика жағдайында қалыптасуға тиісті ортақ қазынаны қалтқысыз бақылайтын және демократиялық қоғамға тән салық төлеушінің орнына өз басын ғана күйттейтін пара берушіні қалыптастырады. Аталған жүйе өз күшіне мінгенде әлгі пара беруші де сол қоғамның «белді» ойыншысына айналып, барлық экономикалық бастама тек қана сол «қозғаушы күш» арқылы шешіліп отырады. Парақор қоғамның көрінбейтін жүйесі арқылы пара беруші болуға азаматтар жаппай бейім болуға мәжбүр етіледі, өйткені, ондай ойыншы болып қалыптаспасаң, мұндай қоғамның нағыз бейшарасы болу қаупі туындайды. Міне, осыдан келіп, Азаматтық қоғамды дамытушы белсенді азаматтардың орнына «қақпайланатын» (управляемый) демократиялық субъект пайда болып, айналасына жаны ашымайтын, өз мәселесімен өзі болатын немесе қоғамдық пайдалы істердің өзінен жеке басына пайда тапқыш пысықтар күшіктей балалайды. Пара берушілердің (қысқаша –«парашы» дей салайық) өзіне тән психологиясы мен адамдық сапалары да әлгі қоғам дамуына сәйкес қарқындап отырады. Парашылар қоғамдағы өз орнын біледі, артық белсенім көрсетпейді, олардың бойында қашан және қалай мақсатқа жету рефлексі қалыптасады. Парашыларда тұрақты серіктес (партнер) болмайды, тек қана пара өткізу процесіндегідей бір мәртелік тамыр-таныстық моралін қалыптастырады. Қоғамдық ортаны жайлаған бұл парақорлық жүйе қоғамда баскерлік (лидерлік) сапаның орнына мезгілдік басшылардың (временщик) сапын түзейді. Сөйтіп, азаматтық қоғам парашылдық ортамен айырбасталады, осыдан келіп, мемлекеттік лауазым өз мәртебесін абыройсыздандырады да, мемлекеттік қызметкер парашының басты сыбайласы ролін атқаруға мәжбүр болып, өзінің мемлекет алдындағы борышын қарабайырландырады, ылғи да парашының жолын тосып мемлекеттік қызметті параның сүрлеуіне айналдырып, өздері парақордың шекпенін жамылады. Мұндай шенгерлер (чиновник - шенеунік емес) халықпен жұмыс істеуге құлықсыз, қауқарсыз, тіпті қабілетсіз келеді, халыққа тобыр ретінде қарайды.Сөйтіп, қазына толтыратын салықшының жолын парашы кесіп, ал мемлекеттік міндетті атқаруға тиісті лауазымды қызметкер парақор ретінде қалыптасып, қоғамды тоқырау мен кері кету кернейді.
Мұндай қоғамда бас көтеретін әділетшілдер мейлінше азаяды, өйткені, параланған қоғамдық орта отаншыл азаматтардың бойынан отанға деген пәк сезімді ығыстырып, адамның бойына өзімшілдік идеологиясын аяқ басқан сайын сіңіріп тастайды. Қоғамдағы барлық тірлік тетігі әлгіндей әділетсіз жолға бір түскеннен кейін оны тоқтату, пара беріп мәселесін шешіп дағдыланған адамнан салықшы тәрбиелеу, қоғамдық белсенді азамат шығару күрделі мәселе болып қала береді. Сөйтіп, парашылдық авторитарланған безбүйрек қоғамның басты тетігі болып қалыптасып, азаматтарды да соған көніктіреді, мемлекеттік жүйені параның «құдіретімен» косметикалық жылтырауға ұшыратады, сөйтіп билікке уақытша жағымды кейіп дарытады, қоғамға алдамшы түрдегі жайбарақат сипат қалыптастырады. Лауазымдылардың көзін шел қаптайды, ұлттық мүдде тәрк етіледі.
Десек те, мұндай елдерде ресми қаражат тамырымен қатар, көлеңкелі экономиканың күретамыры нығаяды да, ол мемлекеттік жүйенің ажырамас бөлігіне айналады. Ал, жемқорлықпен күреске бағытталған шаралардың барлығы да параланған биліктің азаматтық қоғамның қатысынсыз атқарылған науқанына айналып, ешқандай нәтиже бермейді. Тіпті, жемқорлықпен күрестің өзін де парақор билік пара алудың сенімді көзіне айналдырып, әділеттің «көзіне шөп салады». Осындай жайттардың өршуінен пайда болған көлеңкелі экономиканың көлбең бейнесіне айналған билік әділетсіз жолмен пайда болған иеліктерді заңдандыруға мәжбүр болады.
Парақорлықтың мұндай авторитарлық қоғамда мемлекеттік жүйенің берік тетігіне айналатыны сондай, елдің жас ұрпағы да парашылдыққа жастайынан үйретіліп, оқу мен тәрбие парақорлықтың субъектісіне айналады. Тіпті, әрі-беріден соң сайлау секілді киелі процесс кезінде дауысты жаппай сатып алу жүзеге асырылып, халықтың мемлекетке деген жиіркенішін туғызады, ал бұл өз кезегінде елдің егемендік қасиетін жұрдай етеді.
Шынында да, балабақшаға баратын сәбиден тәрбиешісі ата-анаға терезеге перде сатып алуға «жылу» жиналып жатқанын жазып жібергенде, мектеп оқушысынан сынып жетекшісі сабақ бөлмесінің еденін бояуға сыр сатып алуға қаржы беруді өтінгенде, ата-ана ойланбастан ақша ұстатып жатса болмаса студенттер сынақтан абыроймен өту үшін ұстазына «сыйлық» беріп жатса, ондай елдің ырықты экономика кезіндегі мемлекеттің басты сауын сиыры болып табылатын салықшыны қалыптастырудан бас тартқаны, авторитарланған жүйенің тамыры тереңге жайылғаны. Парашылардан салықшы қалыптасып жарытпаса, парақорлардан мемлекеттік қызметкер шықпастан, сол қоғам түбінде даму тұйығына тірелмек.
Мұндай қоғам парашылардың парақорларға тек қана пара беруімен шектелмейді. Әрі-беріден соң «кемелденген» кейбір парашылар қоғамның алпауытына айналып, билікті өз уысына ұстауға ұмтылады, басты лауазымдарға өз парақорын қоюмен айналысып, тіпті, парламентке де депутат өткізіп жататыны қоғамдық ортада билікке «заңды талас» түрінде қабылданады.Сөйтіп, парашылдықтың түрлі санаттары мен сатылары пайда болады. Мұндай елдер соңғы кезде парашылар мен салықшылардың қақтығысына ұшырап, түрлі төңкерістерге душар болатыны бар. Өйткені, мәселе Гюго айтқандай, революцияны жасайтын кедейшілік емес - қоғамдағы әділетсіздіктің шегіне жетуі мен әлеуметтік теңдіктің жоғалуынан пайда болатын антогонизм. Ал, демократиялық қоғамның ұйтқысы саналатын ырықты экономика тұсында мемлекет салық төлеуші мен отаншыл мемлекеттік қызметкерге емес, пара беруші мен парақорға арқа сүйесе, қоғамдағы әділетсіздіктің ушыққаны ...

понедельник, 13 августа 2007 г.

Қазақ миссиясы

(Қазақ ұлтын жандандыру тұжырымдамасы)

Қазақстандағы саяси және әлеуметтік тұрақтылық, оның бүгіні мен ертеңі мемлекет құрушы ұлт — қазақтардың даму деңгейіне тәуелді.

Қазақтардың көпшілігінің әлеуметтік-психологиялық жағдайының нашарлығы, ана тілінің жай-күйіне, ұлттық мәдениет пен білім беру деңгейіне көңілі толмауы, әлеуметтік жағынан азып-тозуы және осы мәселелерді түрлі саяси күштердің өз бас пайдаларына жаратып жүруі — осының бәрі бүгінгі Қазақстанның болашағына қатер төндіреді.

Осы жағдайда Қазақстан халқының түрлі этностардан құралуы тұрақсыздық пен кикілжіңнің себепкері болуы мүмкін. Тек қазақ миссиясы - қазақтардың жаңа ұлттық иденттілігі («ерекшеленуі»), бұл қауіптен құтқара алады.

Тарихи тұрғыдан алып қарағанда «қазақ миссиясы» ұлттық сана-сезімнің ояну кезеңі ретінде қарастырылуы керек, ал оның ең жоғарғы шегі азаматтар ұлтының қалыптастуы болуы тиіс. Бұл процестің негізгі бағыты — этникалық бірігуден мәдени және тілдік бірігу болуы қажет. Әлемнің көптеген елдері бұл кезеңнен өтіп үлгерген. Қазір олар азаматтар ұлтының құндылықтарын түгендеуге кірісті. Сондықтан, ұлттық ой-сананың қалыптасуы кезеңінен өтпіп үлгермеген қазақтардың ұлттық өзін-өзі көтермелеу көріністеріне түсіністікпен қараған жөн.


Қазақ арманы жайында Арман ерте ме, кеш пе орындалады. Біртіндеп. Қазақстан барлық атрибуттары бар толыққанды егемен мемлекет ретінде қалыптасып келеді. Нарық экономикасы құрылып, экономика дамуда. Саяси жүйені қайта құру процесі әлі жүріп жатыр. Бәсекеге қабілетті мемлекет болуға ұмтылып отырмыз. Сырттай қарағанда бәрі жақсы көрінеді.

Бірақ, біздің армандағанымыз мүлде басқа Қазақстан болатын. Біз үркердей ғана байлар мен ішер ас, киер киімге жарымаған миллиондаған адамның арасындағы айырма жер мен көктей елде емес, кедей-кепшігі жоқ, жемқорлықтан ада, ең басты қажеттіліктері — жұмыспен, тұрғын үймен қамтамасыз етіліп, қауіпсіздікте өмір сүріп, бала-шағасының болашағына алаңдамайтын елді көкседік. Біз барлық ұлт өкілдерінің өз ана тілдерінде және мемлекеттік тілде еркін сөйлеп, бейбіт те тату-тәтті өмір сүретін Қазақстанды қаладық. Біріккен және жауапты ұлт ретінде қазақтар басқа ұлттарды төңірегіне топтастыруын аңсадық. Азаматтық сананың үстемдік етіп, соның аясында әр-бір қазақстандықтың этномәдени артықшылықтарын сақтап, дамыта отырып, бірыңғай азаматтық ұлт ретінде ұйысуын қаладық.

Біз ғылым мен мәдениеттің көрнекті өкілдері адамзаттық өркениеттің алдыңғы сапында ірі жаңалықтар ашып, үлкен жетістіктерге жетіп жатса деп армандадық. Біз армандаған Қазақстанда демократия мен әділдік идеялары салтанат құрып, әділ де жауапкершілігі мол мемлекеттік қызметкерлер ел мүддесіне қызмет етіп жүруі тиіс еді.

Алайда бүгінде билік өзінше тірлік етіп жатыр. Билік пен халық арасындағы ара-жік ұлғайып барады. Ең негізгі мәселелер — тұрақтылық пен дамуды қамтамасыз ету мәселелері әлі күнге дейін шешімін тапқан жоқ. Бұл күнде билік тұрақтылықтың кепілі емес. Биліктегі текетірес бір күні тұрақсыздыққа немесе «түрлі-түсті төңкерістің» кез келген түріне алып келуі ықтимал. Дегенмен, ең басты қауіп ол емес. Ең басты қауіп — біріккен, ұйысқан қазақ ұлтының жоқтығында. Бұл адам айтқысыз қатерге алып келуі мүмкін. Тек қазақтарды емес, барлығын!

Қазақ тағдыры
Қазақ мемлекеттігінің тарихы біздің заманымызға дейінгі І мыңжылдықтың ортасында атқа мініп көшіп жүрген түркілердің Еуразия кеңістігіне ойқастап шығуынан бастау алады. Қазақ хандығы Алтын орданың мұрагері ретінде XV ғасырда құрылған. Сол кездің өзінде-ақ түрлі туыстас этникалық топтардың мемлекеттік идеяның маңайына ұйысуы басталды. Ол идея көшпенді өмір салты мен жалпы мәдени рухани кешен негізінде туыстас халықтарды топтастырды. Қазақтардың ата-бабалары, жершілдік пен жікшілдіктің орнына біртұтас мемлекет құруды, бірыңғай ұлттық сана-сезімді жөн көрді. Сол уақыттың тезіне салып қарасақ, бұл біріккен азаматтық ұлт қалыптастыру жолындағы үлкен жетістік еді. «Қазақ» этнонимі «еркін», «тәуелсіз» деген ұғымды білдірді.

Қазақ хандығы құрылған 500 жылдан астам уақыттың ішінде қазақ халқы сандаған соғысты бастан кешіріп, ғасырлар бойы отарлық қамытын киді. Ал оның бейбіт өмірі — қатаң табиғат жағдайында аман қалу үшін жанталас, қан-жоса соғыс пен басып алу кезінде қирағанды қалпына келтіру болды. Ұлттық бірліктің беріктігі сынға түскенде, қатыгез көршілердің геосаяси экспансиясы тұсында патриоттық сезім өшудің орнына, одан сайын лаулап жана берді. Бұл тауқымет патриоттық сезімді бұрынғыдан да өршітіп, тек Отаның еркін болса ғана бақытты өмір сүресің деген тұжырымды нық бекітіп, жер, өмір салты деген ұғымды «Отан» сөзінің ажырамас бөлшегіне айналдырды.

Жоңғармен соғыс қазақтардың шаңырағын құлатты. Ресей империясы ықпал ету аймағын кеңейтіп, соның кесірінен қазақтар отарлық қамытын киді. Жалпыұлттық бірліктің болмауынан, басшылардың сатылғыштығынан ұлт-азаттық қозғалысы жеңіліс тапты. Қазақ Рухының еңсесі ұзақ уақытқа салбырап қалды.

Өз мүддесі мен ережелерін күштеп таңған әлемдегі алып империялардың бірін соғысып жеңе алмасын білген қазақ халқының Рухы стратегиясын өзгертті. ХІХ ғасырдың соңында қазақ ағартушылары өзге халықтардан, соның ішінде орыстардан көп нәрсені үйренуге шақырды, олардағы мәдениеттің ең озық үлгілерін, ғылым мен тілді меңгеруге үндеді. Жаңа заман талаптарына сай болуға шақырды. Қазақтар балаларын сол замандағы ең озық оқу орындарына оқуға бере бастады. Бұл стратегияның жемісі — қазақ халқының тамаша білім алған, дүниетаным ауқымы кең нағыз патриоттар шоғыры бой көтерді. Міне, солар 1917 жылы алғашқы ұлттық үкімет пен республика — «Алашты» құрды. Соның арқасында алғаш рет қазақ саяси идеясының негізі қаланды, өкінішке қарай, 1919 жылы ол идея дамымай жатып, шорт кесілді. Қазақтардың саяси өресін бірден түсіне қойған коммунистер «Алашорда» идеясының тонын айналдырып, «Одақтық» республикадағы Қазақ автономиясы түрінде қайта ұсынды. Есесіне олар қазақ халқын саяси қырғынға, геноцидке душар етті. Миллиондаған адам қаза тапты немесе Отанынан босып кетуге мәжбүр болды. Қазақ Рухының еңсесін көтеруге талпыныс жасаған бас көтерер интеллигенция өкілдері қуғынға ұшырады. Қазақ ұлтының рухани дамуындағы сабақтастық осылайша үзіліп қалды.
Қазақ тілінің дәрежесі тұрмыстық тіл деңгейіне дейін төмендетілді. Қазақстан халқы түрлі ядролық және бактериологиялық сынақтардың зардабын шекті. Қазақ елінде ірі индустриялық қалалар пайда болды. Бірақ бұл қалалар қазаққа жат, орыстық-кеңестік мәдениеттің ошағына айналды және көбіне қазақылыққа қарсы қойылды. Қалаларда қазақтардың үлес салмағы өте аз болғандықтан, ұлттық мәдениет заман ерекшеліктеріне сай жаңғырып, түрлене алмады. Тек қазақ ауылдары ғана ұлттық мәдениетті жаңғыртушы бірден-бір бастау болып қала берді. Соның кесірінен қазақтардың ұлт болып қалыптасардан бұрынғы архаикалық ерекшеліктері мен ескінің қалдықтары қатып-семіп қалды, ал заманауи индустриалды ұлтқа тән ерекшеліктер кенже дамыды.
Екіұдай сезім халықтың жүрегін тілгіледі: бір жағынан халық социализмнің алып құрылыстарына, Екінші дүниежүзілік соғысына қатысып, өзін әлемдік супердержаваның бір бөлшегі ретіне сезініп, қомақты болмаса да, тұрақты әлеуметтік игіліктерге қол жеткізіп, алданса, екінші жағынан қоғамдық және саяси өмірде ұлттық рухты бодандықтан құтқаруды көкседі. Ұлттық рух ұлттық шығармашылық, мәдениет пен ғылым арқылы еңсесін тіктеуге тырмысты. Көрнекті қазақ ғалымдары мен мәдениет қайраткерлерінің азаттық сүйгіш қазақ халқының өрлігін паш еткен шығармашылық еңбегі тәуелсіз қазақ мемлекетінің іргетасы болып қаланды.

Сан жағынан және интеллектуалдық тұрғыдан бас көтерер көпшіліктің болмауынан ұлттың саяси бұлқынысы толық сыртқа шықпады. Оның үстіне, рухани дамудағы идеялық сабақтастық үзіліп қалған болатын. Қазақ ұлтының тарихи өткені мен бүгініне, ертеңіне сәт сайын қайта көз жүгіртіп, оның мән-мағынасын қайта таразылап отыруға тура келеді. Қазақ рухының асқақтаған тұсы – қылышынан қан тамған қызыл империяға қарсы қазақ жастары ерлікпен қарсы тұрған 1986 жылғы желтоқсандағы көтеріліс кезі. Бұл коммунистік режимге осы іспетті саяси бас көтерулерге жол ашып берді. Жастардың қаһарман бейнесі арқылы қазақ халқы өзінің тарихи тағдырын өзі анықтай алатынын паш етіп, ұлттық ар-намысының туын желбіретті.

«Совет одағының» тарауы, тәуелсіздік тізгінінің қолға тиюі ХХ ғасырдың соңындағы жаңа жағдайда мемлекет құру мүмкіндігін сыйлады. Бұл уақытта қазақ халқын құру процесі әлі бітпеген еді. Қазақтарда ұлттық мемлекет құрып, онда өмір сүру тәжірибесі мүлде ескерілмеді, дәлірек айтсақ, мұндай тәжірибе болған, бірақ ұмыттырып жіберілген. Сөйтіп, күн тәртібіне Қазақстанның жаңа болмысын жасау, ұлтты жұмылдыру, әлемдегі өз орнын табу мәселелері шықты. Осы бір онсыз да күрмеулі мәселелердің шешімін іздеу қоғамды қайта құру, нарықтық экономикаға, демократиялық саяси жүйеге өту процестерімен қатар өрбіді.

Қазақ шындығы
Қазақтың ұлттық сана-сезімі өсіп, көптен күткен ұлттық жобалар жүзеге аса бастағанымен, қазақтардың көпшілігінің материалдық жағдайы оңалмады. Көпшілігі ауылда тұратын қазақ халқы бұрын-соңды болмаған әлеуметтік дағдарысты бастан кешірді. Ауыл шаруашылығының күйреуі салдарынан ауыл қазақтары жақсы өмір сүру үшін, тіршілікке нәпақа табу үшін қалаларға үдере көшті. «Өз өкіметіміз өлтірмейді» деп көп үміт күткен халықтың үміті күдікке ұласып, оның соңы халықтың билікке деген сенімсіздігіне, түңілу мен қапалануға әкеліп соқты.

Тәуелсіздік алған соң бай табиғат қазынасын өз қажетіне жұмсап, жинақталған адами капиталды Қазақстанның барша халқының игілігіне жаратудың ерекше мүмкіндігі туды. Бірақ қазақтар толыққанды, бәсекеге қабілетті ұлт ретінде қалыптасу мүмкіндігін уысынан шығарып алды, қысқа мерзім ішінде үлкен секіріс жасай алмады. Мұнда басты кінә билікте екені қазір түсінікті бола бастады. Ересен табиғат байлығының қомақты бөлігі биліктің қомағай пәндәуи материалдық қажеттілігін қанағаттандыруға ысырап болып жатыр. Көпшілігі қалың көпшіліктің ортасынан шыққан бұл «элита» аяқ астынан көктен түскен шетсіз-шексіз байлыққа басы айналып, қолға түскен жылтырақ атаулыны мақтан үшін қарпып қалуға тырысуда. Олардікі – көрсеқызарлық пен хайуани көрсоқырлық.

Бірақ мәселе тек биліктің пасықтығында емес, халықтың өзіндеде кінә бар. Биліктегі «таңдаулыларға» имандай сенемін деп, қазақтар өздерін қаншалық дәрежеде төмендетіп жібергенін байқамай қалды. Қазіргі қазақтар – жоңғарлардың жойқын шабуылына төтеп беріп, жерін қорғап, отаршыл империяның тырнағының астында езіліп қалмай, ұлттық болмысын сақтай білген өр халықтың ұрпағы дегенге сену қиын. Ұлы Абай өз замандастарының бойынан көрген кемшіліктер бүгінгі қазақтардың бойындағы кемшіліктермен салыстырғанда әншейін майда-шүйде болып қалған!

Бүгінгі қазақ жақсылық пен зұлымдықтың айырмасын білмей қалды, жақыныңды да, алысыңды да алдап кетуге болады, олардың қайғысына ортақтаспауға да болады деп есептейді. Тіпті біреудің қанын жүктесең де сот жоқ, бұл өмірде бәрін сатып аласың, ондай жағдайда ештеңенің де, еш әрекетіңнің де сұрауы болмайды, еш жазаға кесілмейсің деп ойлайды! Қазақ халқының түрлі әлеуметтік топтары өзгерген әлеуметтік-экономикалық кеңістікте өздерінің әлеуметтік рөлі қандай екенін бажайлай алмай, аңырайып қалды. Қазақтар құндылықсыз бос кеңістікте отыр. Соның салдарынан нарықтық кезеңнің қатаң талаптарының алдында еш дәрмені жоқ. Қызғаншақтық, пасықтық және эгоизм сияқты жаңа «құндылықтар» орнығып келеді. Мұның соңы моральдық азғындаудың үдемелі түріне алып барады.

Сыртқы қап-қатты болып қатып қалған бітеу жара – мемлекет десек, оның ішінде құр сүлдері қалған әлжуаз қазақ қоғамы қалып қойған. Мемлекет-жараның беті ішіндегі ірің – қоғамның тағдырын айқындамақ. Ұлттық-этникалық материя автократиялық қоғам заңдылықтарына сәйкес дамып келеді: саяси режим құрған әлеуметтік ортада экономикадан тыс жершілдік, туыстық-отбасылық «жәрдем», кландар мен жемқорлық сияқты өзіне тән құбылыстар қанат жайып келеді. Тәуелсіз мемлекет құрылып, нарықтық түлеу басталғанда, рулық ұжымдар, ру ішіндегі тармақтар қарым-қатынастың ерекше, жаңа жүйесіне бейімделді.

Өзекті өртеген өкініш сол, тәуелсіздік алғалы 16 жыл өтсе де біз тәуелсіз мемлекеттің тек сыртқы сипаттары мен нышандарына ғана ие болып отырмыз. Біздің мемлекеттік болмысымызға сәйкес азаматтық қоғамды құра алмадық.

Қазақ зиялысы жайында
Қоғамның рухани және интеллектуалдық ұйытқысы болғандықтан, зиялы қауым қай заманда да өз халқының тағдырына қатты алаңдайтын тұлғалардан құралған. Олардың билікке деген ерекше өзіндік көзқарасы болған. Бірақ, бүгінгі таңда интеллигенция арасында нарықтық қоғамның қатаң заңдарына бейімделудің бір түрі ретінде утилитарлық құндылықтарға арқа сүйеу белең алып келеді. Соның салдарынан мәдени элитаның үлкен бөлігі бір жағынан бизнес құрылымдарымен біте қайнасқан коррупцияға батқан мемлекеттік бюрократияның есігіндегі қызметшісіне айналса, екінші жағынан сол бюрократияға жапсырылған оның өз бөлшегіне айналды. Интеллигенция бұрынғы тоталитарлық билік бұғауынан босап, ескі заңдар мен құндылықтарға қатысты қағидалар жойылса да, интеллектуалдық және рухани өмірде күткендегідей үлкен серпіліс бола қойған жоқ.

Қазақтың зиялы қауымы ұлттың рухани тағдырына, темірқазық болар құндылықтарын анықтауға байланысты басты міндеттерін орындап отырған жоқ, демек, олар ұлттың Ар-намысы деген атқа да лайық емес деп айтуға мәжбүрміз.

Қазақтардың көпшілігі тек ана тіліне деген сүйіспеншілігін шексіз жырлап, оған қарсы тұрған жауларды іздейтін көзбояушылықты қажет етпейді. Тек қазір ғана қазақтар «қазақ ұлттық идеясы» деп ұсынған идеялардың шын мәнісінде билік элитасының қарнын тойдыратын құралға айналып кеткенін түсіне бастады, ондай элитаның мүддесі халықтың шын мүддесімен қабыспайтынын енді аңғарды. Өз көшбасшыларының демагогияға толы ұрандарына алданған халық қазақтар мен қазақстандықтардың мүддесіне емес, сол «элитаның» мүддесіне жұмыс істейтін тәртіпке бағынуға мәжбүр. Халық жан-жақты дамуға мүмкіндік алған жоқ, оның орнына биліктегі үркердей топ билік, табиғат және экономика ресурстарын оңды-солды пайдалануға шексіз мүмкіндік алды. Соның салдарынан біз тіпті біреулер ойлап жүргендей этнократиялық мемлекетке емес, бүкіл қоғамның, соның ішінде қазақ халқының да мүдделерімен қабыспайтын, өзінің топтық мүдделерімен ғана шектеліп қалған «этникалық корпорацияға» айналдық. Ұлт пен мемлекетті құру арқылы элита мемлекетті оп-оңай жекешелендіріп алды да, оны өзінің ас ішіп, аяқ босатар орнына айналдырды.

Қазақ қауіпі
Бүгінгі қазақта бірлік жоқ, әсіресе туған тілі мен мәдениетіне қатысты мәселеде қазақ арасында бірауыздылық болмай отыр. Мұның зардабы ұлтаралық қарым-қатынаста да, билік пен қазақ ұлтының қарым-қатынасынан да көрінеді. Қасиеттейтін құндылығы мен ұстанған бағдары жөнінен қазақтың бөлінуіне себеп болатын басты нәрсе – біртұтас социомәдени ұлттық иденттіліктің қалыптаспауы. Салдары – ортақ мақсат-мүдденің болмауы, қоғамның биліктен жерінуі. «Кімсің» деген сұраққа қатысты баршаға ортақ жауаптың жоқтығынан, яғни өзінің қандай бүтінге жататынын білмегендіктен, қазақстандықтар өздерін біртұтас халықтың емес, белгілі бір топтың бөлшегі ретінде сезінеді.

Мемлекеттің ұлттық саясатында нақтылық жоқ, өйткені, ұлттық процестердің басты субъектісі – қазақ халқы, көрсетілмеген. Мұның себебі – республикада негізгі бағыттары келісіліп, айқындалған, мұқият дайындалып, бүкпесіз нақтыланған ұлттық саясаттың жоқтығы.

Қазақ ұлт болып қалыптасу жолын аяқтап үлгермей жатып, елде саяси және экономикалық модернизация басталып кетті. Бүгінгідей қазақтың ұлттық сана-сезімі қайта ояна бастаған кезде қазақ халқының бірлігі мен ынтымағы мәселесі әлі шешілмеген күйінде қалып отыр. Ұлттық сана-сезімі толық жетілмей тұрғанда, қазақ күйзеліске ұшырап, азып-тозу қаупінен құтылмақ емес.
Сексенінші жылдардың аяғында қазақ тілі кемеліне келіп, лайықты орнын иеленеді деген үлкен үміт пайда болды. Бүгінде сол үміт пен мемлекеттік тілдің шынайы дәрежесі арасындағы айырмашылық орасан. Қазақ тілін үйрену қажеттігін түсінетіндер артып келе жатқанымен, туған тілін білмейтін қазақтар әлі де көп.

Рас, қазақ тілінің қоғамдағы ролі мен маңызы арта бастады. Тілі тірі тұрғанда ұлт ұлылығынан айырылмайды. Тіл – тарихи ұрпақ жалғасуда, географиялық және әлеуметтік кеңістікте ұлттың бірлігін сақтап қалатын нәрсе.

Тілге қатысты қазақтың өзінде де, тұтас қоғамда да бірауыздылықтың болмауынан елде социомәдени қақтығыс басталып келеді. Бұл мысалы, қазақтілді және орыстілді БАҚ-тың өзара қарама-қайшы құндылықтарды насихаттауынан көрінеді. Осының кесірінен қазақтың бір жартысы екіншісіе сенімсіздікпен қарайды.

Қазақ ұлтының дамуындағы өзіне тән ерекшеліктің бірі – әрүрлі құндылықтар негізінде қалыптасқан алуан-алуан социомәдени құрылымдардың қатар жасауы және олардың әрқайсысына сәйкес қоғамдық сана мен мінез-құлық үлгісінің пайда болуы. Социомәдени алшақтық негізінде этностар ішіндегі бөлінушіліктің себебі – кеңес дәуірінде жедел әрі күштеп жүргізілген тілдік ассимиляция мен ұлттық мәдениет элементтерінің аккультурациялануы. Социомәдени қауым ретінде қазақтың телім-телім болуының, кіріге алмауының бір себебі осы. Бұл этнолингвистикалық социализациядағы айырмашылықтан ғана емес, одан да тереңнен – құндылықтар ерекшелігінен де көрінеді. Қазақтың екіге жарылғаны әсіре айқын байқалатын жер – мемлекеттік тілді пайдалану, мемлекеттің формасын және саяси басымдықтарды анықтау сияқты мәселелер. Осының салдарынан қазақ ішінде әрқайсысының өзіне тән социомәдени, әлеуметтік-психологиялық және өзге де белгілері бар топтар пайда болды. Қазақтың социомәдени тұрғыдан бөлінуі кейде тіпті бүкілұлттық бірлік сезімінен де басым шықты.

Қазақтың іштен жарылуы және де саяси мәдениеттің төмендігі, бай мен кедейдің арасындағы жарық пен түнектей айырмашылық, осының барлығы қосылып проблемаларды күшпен шешуге негіз болады. Қазақстанның әрбір қаласын қайыршылық белдеуі қоршап жатыр. Алматы маңында 300 үйдің қиратылуы көп нәрсенің бетін ашты.

Ең қиыны, қазақ ішіндегі дағдарыс сыртқа шықпай қоймайды, сөйтіп ол ұлтаралық қақтығысқа ұласуы мүмкін. Маловодное мен Шелекте болған оқиғалар – ұлттың әлсіздігінен белгі беретін сипаттар.

Жағдайдың осылайша қақтығысқа ұласуы ақыр соңында қазақтың елдегі өзге ұлыстардан алшақтап, жалғыз қалуына апарып соғады. Қазақ халқы жүйелік қауіп-қатерге тап болады, бұл елдің тұтастығына қатер төндіреді.

Мұндай жағдайдың Қазақстанда ешкімге ұнамайтыны анық. Ең жаман болжам расқа айналмасы үшін мемлекеттің саясатында ғана емес, Қазақстандағы этникалық топтардың санасында да өзгеріс жасалуы керек.

Ең негізгісі – қазақ халқының ішкі дағдарысына мән бермеу ақыр аяғы елдегі тұрақтылықтың бұзылуына ұшыратып тынатынын түсіну. Элита ұсынған «Қазақстан 2030» және басқада идеологиялық ұрандар халыққа беретін еш нәрсесі жоқтығын, бұл екеуінің жолы қиыспайтын екі бөтен әлем екенін мойындайтын кез жетті.

Ұлтаралық қарым-қатынас мәселесі және ұлттық диаспораларды қазақтың қазіргі мәдени және тілдік ортасына сіңіру проблемасы объективті және субъективті себептерден саяси, идеологиялық және әлеуметтік өмірге жолатылмай келеді. Жалпы алғанда ұлттық интеграция мәселесі назардан тыс қалды. Туған тіл мен мәдениетті сақтау, билікке араласу сияқты маңызды мәселелер көбіне жергілікті биліктің ерік жігері мен қалауына тәуелді болып қалды. Әр қазақстандық мойындап, мүше болатындай бірыңғай иденттіліктің жоқтығы әр ұлыстың этникалық тұрғыдан оқшаулануынан көрініп отыр.

Дағдарыстың пайда болып, ушыға түсуінің барлық алғышарттарын өзі жасап бергенін билік мойындауы тиіс. Билік қоғамындағы тұрақтылық сияқты иллюзиямен өзін де, өзгені жұбатуды доғаруы керек, өйткені үстіне шығып билесең де қыңқ демейтін қоғам жасаған биліктің өзі. Мұндай халық неше жылдан бері жиналған проблемаларды мәдениетті түрде шешеді деп үміт ету қиын.
Ең өкініштісі, биліктің қолымен істелген қате күллі Қазақстан халқының мойнына артылмақ. Бұл қателік елдің бүгіні мен болашағына балта шабады.

Ауылдан қалаға қоныс аударушылар көбейген үстіне көбейіп келеді. Бұл да ештеңе емес, ең бастысы, қазақ ішіндегі және ұлтаралық қарым-қатынастағы психологиялық ахуал қиындап барады. Жағдай шиеленісе берсе, жақын болашақта қоғамның ең кедей бөлігінің шыдамы ұзаққа бармайды, оның шарт үзілуі мүмкін.

Мемлекет бақылауынан тыс жүріп жатқан урбанизацияның салдарынан жүздеген мың адам өз Отанында өгей баланың күнін кешіп отыр. Мұның әлеуметтік зардабы тым таяу арада көрінуі ықтимал. Ең басты қауіп, мұндай жағдайда этникалық ынтымақ пайда болатындықтан, қазақтардың лақ етіп төгілген ашу-ызасы ессіз тобыр түрінде ең алдымен басқа ұлттардың өкілдеріне соққы беруі мүмкін.

Жақын болашақта қоғамның ең кедей бөлігінің төзімі таусылады және оның соңы жарылысқа апарып соғады. Үміті кесіліп, ыза кернеген адамдарды элита өз ішіндегі басталып, артынша ұлтаралық қарым-қатынасқа ауысатын қақтығыстарды шешуге пайдалану қаупі туады.

Игіліктен мақұрым қалған қазақ бұқарасының проблемаларын шешу тез арада әрі батыл түрде қолға алынбаса, сан түрлі ұлтаралық жанжалдардан көз аша алмай қалатынымыз анық. Әлгінде бүкіл бұқараның да, элитаның да саяси мәдениеті төмен әрі олардың арасындағы экономикалық айырмашылық жер мен көктей болып тұрғанда проблеманың тең күшпен шешілетінін айттық. Мұндай жағдайда наразы адамдардың саны күрт көбейеді және олар қалайда қақтығысқа қатысушылардың қатарына қосылады, сөйтіп, оның көлемін ұлғайтады, тамырын тереңдете түседі. Халықтар достығы деген жайына қалады. Мұның бәрі бекерге айтылған сөз емес.

Қазақтың маңдайына көпэтникалық елде өмір сүруді тағдыр жазғанын түсіну қажет. Қан төгілгенін ешкімнің, тіпті радикалдардың да қаламайтыны және түсінікті. Қайсыбір ұлтшыл патриоттардың бір ұлтты, тек қазақтар тұратын Қазақстанда керемет заман орнай қалар еді деген арманының да болашағы жоқ. Өйткені, бар қауіп қазақтың ішкі проблемаларынан туындап отыр.

Түптің түбінде қазақтың проблемасы сыртқа тебеді, сөйтіп жалпыхалықтық сипат алады. Өйткені, бүгінде қазақтар демографиялық көпшілікке айналды, ал биліктің саясаты халыққа қарсы жүріп жатыр. Бәлендей қауіп жоқ, бәрі өздігінен шешіліп, орнына келеді деп ойлайтын адам қатты қателеседі. Ертең бәрі кеш болады.

(II бөлім)

Қазақ миссиясы
Қазір Қазақстандағы халықтар арасында ынтымақ және қазақстандық айрықша бір менталитет қалыптасып үлгерді. Біртұтас қоғамдастықты сақтап, бекіте түсу, жаңа мемлекеттілік құру жолындағы күрес пен қиындықтар халықты бір-біріне жақындастыра түсті.

Қазақтың алдынан шығуы мүмкін ұлттық дағдарысты жеңу үшін мемлекетшілдік идеологиясына негізделген жаңа иденттілікті қалыптастыру қажет. Бұл – жаңа сападағы қазақтың бейнесі мен іс-әрекет үлгісін анықтайтын қалыпты өлшем. Ол үшін біріншіден, мемлекет құрушы халық – қазақтардың социомәдени ынтымағы керек. Екіншіден, қазақтар жаңа жағдайдағы өзінің миссиясын, нақтылап айтсақ, Қазақстанның тұрақтылығы мен гүлденуі жолындағы жауапкершілігін сезінуі қажет. Олар мемлекетшіл болуы керек, жауапкершілікті басқарушы билікке, «элитаға» аудармауы тиіс. Бұл топ қаншалық «мемлекетшіл» екенін істе көрсетіп болды.

Өткенді аңызға айналдыруды, қазақтың қазіргі қиындығына кінәліні сырттан іздеуді доғаратын уақыт келді. Қазақстандағы барша халықтың жақсы тұруына мұрындық болатын және қоғамды түрлі қақтығыстарға, әсіресе этносаралық жанжалдарға жібермейтін қазақтың өзі болуы тиіс. Бұған өзге этностар да түсіністікпен қарар еді, өйткені, бұл – бір мемлекетте тұрудың және қарым-қатынас жасаудың табиғи әрі тарихи қалыптасқан жүйесі.

Қазақтың жаңа иденттілігі бүкіл Қазақстан қоғамын өзіне тартатын тұтас мәдени жүйеге айналуы керек. Бұл біз үшін жалпыұлттық жобаға айналуы қажет. Әрине, егер болашағы айқын мемлекетте, тұрақты қоғамда өмір сүргіміз келсе.

Бүгінде «қазақ мәселесі» туралы сөз қозғау сәнге айналды. Қазақтың дамуының өткір проблемаларын көтеретін ғалымдар мен жазушылар көбейді. Өкініштісі, шынтуайтында олар көбіне қазақтың жанды жеріне ши жүгіртіп, өткен үшін қарымта қайтаруға шақырумен, сөйтіп қазақтың бойында әлеуметтік-мәдени және психологиялық дағдыны қалыптастырумен айналысып жүр. Көпшілікті азшылықтан қорғайтын әлдебір институционалды шарттар жасау – елдегі этносаяси ахуалды түзеп, қазақтың психологиялық сана-сезімін сауықтыра алмайды. Оның емі – қоғамның ұлттық жақындасуы ісіндегі қазақтардың шынайы ролі туралы түсінігін қалыптастыру.

Жаңа ұлттық иденттіліктің негізі боларлық нәрселердің бірі – Қазақстанның барша азаматтарының қазақ тілін білуі. Елдің тұрақтылығы мен гүлденуінің кепілі – қазақстандықтардың тілдік бірлігі, қазақ тілі мен орыс тілінің өзара түсіністік пен құрмет үлгісіне айналуы.

Бүкіл қазақ халқы орыс тілін меңгерді, бұл – біздің зор байлығымыз, біз мұнымен мақтанамыз. Негізінен орыс тілі арқылы біз адам рухының ғаламат көкжиегін таныдық, өзге халықтардың мәдениеті мен өмір сүру салтын оқып білдік. Бірақ өкінішті нәрсе, еліміздегі тұрғындардың орыстілді бөлігін қазақ тілін үйренуге итермелейтін нәрсе әлсіз болып отыр. Бұл мәселеде сезімге әсер ету үшін айтылатын немесе патриоттық тұрғыдағы сөздерден қайыр жоқ. Қазақ тілін күштеп үйрету қолға алынса, орыстілділердің белсенді бөлігі Қазақстаннан кетуге жинала бастайды.

Қазақстанда ұлттық интеграцияны кезең-кезеңмен жүргізу үшін қазақ еместерді қазақи мәдени ортаға бейімдеудің, елдің қазақ емес азаматтарын заң шығарушы және атқарушы билік құрылымдарына белсенді түрде тартудың механизмдері жасалуы керек. Қазақ тілінің таралуын кеңейту стратегиясын жасап, оның негізгі кезеңдері мен уақытын белгілеу қажет. Оның ішінде орыстілді азаматтарды қазақ тіліне әртүрлі жастқа байланысты және әлеуметтік топтарына қарай тартудың ғылыми тұжырымдамасы мен әдістемесі жасалуы тиіс. Сонымен қатар әсіресе аға буынды қазақ тілін меңгеруге мәжбүрлеудің тиімсіздігін мойындаған дұрыс. Бірақ олар жалпыұлттық интеграция үшін балалары мен немерелерінің мемлекеттік тілді меңгеруін қолдауы керек.

Әр қазақстандықтың кемінде екі тілді – қазақ және орыс тілдерін жетік меңгергені маңызды. Қазақ тілін білу бүкіл қазақстандықтарды өзара жақындастырады, Қазақ әлемін, қазақтың арманы мен өкінішін түсінуге мүмкіндік береді.

Басты басымдылықты атап көрсету керек. Ол – кез келген жаңа құндылықты, соның ішінде тілді тез меңгеруге бейім мектепке дейінгі жаста қазақ тілін үйрету. Мемлекет арнайы педагогикалық білімі бар, билингвистік білім берудің әдістемесін меңгерген, жоғары жалақымен қамтылған білікті тәрбиешілер мен мұғалімдерді көптеп дайындауға, балаларға арналған сапалы телехабарларды жасап, жарыққа шығару ісін үйлестіріп отыратын институттар құруға міндетті.

Екінші жағынан қоғамның қазақ емес бөлігі тарихты қайта қарау мен көше, елді мекен аттарын өзгертуді орысқа қарсы жасалып отырған әрекет деп қабылдамағаны жөн. Бұл процесс – бір кезде өзін танып, өткенін зерттемек болғаны үшін қатаң жазаға ұшыраған қазақтың өзіндік «менін» қайта қалыптастыру жолындағы табиғи іс-әрекеті. Сондықтан да бұл арада орынсыз сөгу емес, өзара түсінісу қажет.

Орыстілді қазақтардың ролін айтпай кетуге болмайды. Олар кеңес мәдениетінің де, қазақ мәдениетінің де дамуына үлкен үлес қосты. Еңселі ғимараттар, жолдар мен көпірлер салды, ғылымдарды, әсіресе техникалық ғылымдарды дамытты, әлемдік мәдениеттің биігіне жетті. Орыстілді қазақтардың бәсекеге қабілетті ұлт құрудағы ролін кем бағалауға болмайды. Олар қазір өздерінің мәдени-тарихи тұрғыдан кім екенін анықтау үстінде, яғни олар бастауына қайта оралып жатыр.

Белді бекем буатын шақ келді. Бүкіл ұлт бар күш-жігерін жаңа сападағы иденттілікті қалыптастыруға жұмсауы керек. Бұл әр қазақтың ұранына айналуы тиіс.

Әр қазақтың туған тілін білуі қазақты құтқарып қалатын нәрсе екенін іштей сезіне білетін қазақтардың саны өскен үстіне өсіп келеді.

Мемлекеттік саясаттың іргетасын қалаушы мәселелердің бірі – дін мәселесі. Қазақтар ешуақытта дін мәселесінде фанатизмге барған емес. Қазақтағы ислам да тұтастығымен ерекшеленді, онда ішкі ағымдарға бөліну болған жоқ. Әлемдегі ұлы үш діннің біріне кіретіні қазақ халқының бүкіл адамзаттың мәдени байлығынан нәр алуына мүмкіндік береді.

Құндылықтар мен нормативтер кешені ретіндегі жаңа қазақ иденттілік қазақ патриотизмі сезімін де қамтиды. Қазақстан патриотизмінің қалыптасуындағы проблема – билік оны қазақтан тыс нәрсе сияқты «жоғарыдан» сіңіргісі келеді. Қазақстан патриотизмі қазақ патриотизміне негізделуі тиіс. Отансүйгіштікте, мемлекетті сыйлауда, дәстүрін, мәдениеті мен тілін құрметтеуде қазақтардың өзі өзге ұлыстарға үлгі көрсетпей тұрып, мұны басқа этностардан күту қиын, ал оны талап етуге тіпті болмайды.

Қазақ патриотизмі қазақ тарихын және мәдениетінің ерекше мәдениет екенін мақтан ету негізінде, сонымен қатар болашақта қазақ ұлтының дәуірлейтініне, Қазақстанның гүлденетініне сенім негізінде қалыптасуы керек. Қазақ патриотизмінің бөлінбейтін бөлшегінің бірі – елдің рухани және материалдық дамуына Қазақстандағы өзге ұлт өкілдерінің орасан үлес қосқанын мақтан ету және бұл үшін оларға алғыс сезімімен қарау. Олардың ортақ үйімізде жақсы да жайлы тұруы Қазақстанның гүлденуінің шарты болмақ.

Өзге ұлыстардың алдында қазақтың беделі биіктесе ғана олар қазақтың тарихын, тілін білуге ниет білдіріп, Қазақстанда өмір сүріп жатқанына мақтанатын болады.

Қазақтың жаңа иденттілігі үшін қажет нәрсенің бірі – ұлттық ерік-жігер, өзінің ұлттық-мәдени, саяси-мемлекеттік тұрғыдан бекуі үшін қажет ерік-жігер қалыптастыру. Мемлекеттің күш-қуатына тірек болатын нәрсе осы – өзіне, өзінің болашағына деген сенім. Әлемдегі ұлы халықтар өзін сыйлаудың, өзінің бір тәңірісі, тарихи миссиясы бар екеніне қалтқысыз сенудің арқасында әлем халықтарының арасынан құрметті орынға ие болды.

Өз ұлтын аяусыз тілдеп-сөгу, өзгеден төмен көру – қазақ ішінде кең таралған «қасиет». Жағымды көтермелеудің кемдігінен қазақта кембағалдық тұрпат қалыптасты, өз бағасын білуден, өзін сыйлаудан, ұлтының ар-намысын құрметтеуден қалды. Мұның барлығын ұлт ретінде толысу арқылы жою қажет.

Қазақтар еліміздегі болып жатқан үрдістер үшін жауапкершілікті өз мойнына алудан қашпауы қажет. Бұл бүгінгі Қазақстанда ашық саяси жүйе құруға және жаппай белең алған сыбайластық пен алдау-арбаудан, үрей мен зорлық-зомбылықтан құтқарады.

Мемлекеттік органдар мен қоғамдық-саяси күштер Ұлттық интеграция стратегиясын жасауы керек, оның орталық пункті жаңа қазақи иденттілік пен қазақстан патриотизмін қалыптастыру идеясы болуы тиіс.

Егер біз азаматтық қоғамның қалыптасуы либералдық құндылықтардың салтанат құруына, заң алдында баршаның тең болуына жеткізеді, осының негізінде өзгеден басым қазақ мәдениетінің аясында ұлттық диаспоралар субмәдениеттер түрінде органикалық даму жолына түседі деп сенсек, сөйтіп, жоғарыда аталған поблемаларды бұдан былай да назардан тыс қалдыра берсек, онда ұлтаралық қарама-қайшылықтар мен қақтығыстарға қалайда ұрынатын боламыз.

Ұлттық саясатты сәтті жүргізудің арқасында, елдің этникалық саналуандығын орнықтыра отырып, қазақты тез арада ынтымаққа жеткізуге, өзге этникалық топтарды біріктіруге болады.

* * *

Жаңа қазақи иденттілікті қалыптастыру үшін әлеуметтік жауапкершілікті көтере алатын жаңа элита, зиялы қауым керек. Бұл элита Қазақстанның демократиялық жолмен дамуын жеке адамгершілік тұрғыдан таңдауға пейілділігін таныту тиіс. Бүгінде қазақтардың үлес салмағы жылдам өсу үстінде, мұнымен бірге қоғамның барлық саласында қазақтың өзіндік орнының маңызы да артып келеді. Қазақ ұлтының жаны мен тәнінде жүріп жатқан саяси ішкі процестер «қазақ миссиясының» негізгі детерминанты болады. Бұл ескерілмеген жағдайда ұлт, ұлттың Рухы азып-тозады, нәтижеде Қазақстан қоғамының басым бөлігі моральдық күйзеліске ұшырайды.

Осының бәрі жаңа қазақ зиялысына қосымша жауапкершілік жүктейді. Ол – парасаттылық пен ерліктің үлгісін көрсету, биік идеалдың эталоны болу, халық мүддесі үшін қалтқысыз қызмет ету, нағыз мемлекетшілдіктің идеологы болу, бір сөзбен айтқанда, билік үшін емес, мемлекеттің ұлылығы үшін қызмет қылу.

Бұлай түсіну қазақ менталитетіне жат нәрсе емес. Еркін қазақ ұланы билікте жүргенін емес, биліктен бостан жүргенін мақтан еткен. Билер мен батырлардың хан алдында өзін еркін ұстап, еркін сөйлеуі, ел ақсақалдары мен хандардың сайлануы, 1916 жылғы ұлт азаттық көтерілісі, «Алаш Орда» интеллектуалды оппозициясы, 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі, бүгінгі оппозициядағы саяси партиялардың іс-қимылы – осының бәрі биліктен тәуелсіз болудың тарихи көріністері.

Қазақ 300 жыл Ресей империясының отарлық езгісін көрді, кеңес уақытында геноцид пен қуғын-сүргінді бастан кешті, өз Отанында азшылыққа айналды, туған тілін жоғалтуға шақ қалды. Бірақ қазақ рухани бостандыққа деген құштарлық қасиетінен айырылған емес.

Ғасырлар бойы қазаққа ұлттық тәуелсіздік идеясы – бабалардың рухани өсиетін орындап, тарихи тағдырын өз қолында ұстау арманы дем беріп келді. Біз – Ұлы халықпыз, мұны ашық айтудан ешкім ұялмауы керек! Әлемде көлемі жөнінен тоғызыншы жер аумағын иеленіп отырған, ешкімге ұқсамайтын мәдениеті мен бай тарихы бар халықтың ұлы болмауы мүмкін емес. Қазақ – Еуразияны жаулаған ержүрек көшпенділердің, Ұлы даланың дана билеушілерінің ұрпағы, бабадан қалған рухани байлықтың мұрагерлері. Оған бүгін керемет мүмкіндік – азаттықтың арқасында өзге ұлыстармен бірге алдыңғы қатарлы мемлекет құру мүмкіндігі беріліп отыр.

Бүгінде әлем жаһандық сипатқа ие болды. Бұл әлемде ең жаңа технологияларды меңгеріп, адамның жан-жақты дамуы үшін ештеңе аямайтын ұлттар ғана бәсекеге батыл түспек. Егер қазіргі заманның жаңа талабына дайын болғымыз келсе, егер елдің гүлденуін қаласақ, біз ұлтты модернизациялауды, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруды қолға алуымыз керек. Болашақ иек астында тұр. Оның талаптарына дайындығы жоқ болса, Қазақстан әлемдік қауымдастықтың шаңын жұтып қалмақ.

Азат көшпендінің өр ұланы! Қазақ рухының көгінен саған қазақ халқының ұлы перзенттері – Абылай мен Кенесары, Бөгенбай мен Қабанбай, Махамбет пен Абай, Әлихан Бөкейханов пен Мұхтар Әуезов көз салып тұр.

Ар-намысыңды таптатпа, әруақтар мирас еткен абыройыңды құлатпа, Тарихыңды өзің жаса! Сен өз жеріңдесің, демек тағдыр да өз қолыңда!


Авторлар: Әбдіғали Берік, «Алтынбек Сәрсенбайулы қорының» жетекшісі.
Ахмеджанов Асқар, қордың сарапшысы.

воскресенье, 12 августа 2007 г.

Тіл, тіл тағы да тіл…

Халықтар мен ұлттардың қан төгісі арқылы ғана алатын азаттығына біздің халық үміті үзілердің аз – ақ алдында Ресей саясаткерлерінің өзара кикілжіңінің арқасында ғана ие болды.
Бұл орайда шешен халқы тағдыр мен тарих алдында бізден әлдеқайда егемендікке лайықты.
Хош, енді сол егемендігімізге тоқталайық.Әлемде біз секілді 10 миллионнан астам халқы бар ондаған ұлттар Индия, Қытай т.б. сол сияқты елдерде бодан күйінде күн кешуде. Ал біз әлі күнге дейін азаттықтың қадірін білмей келеміз. Қазақстан бұлайша көп уақыт халқы тығыз елдердің арасында бос жері көп мемлекет болып қала бермейді. Сондықтан ұлт болып ұю үшін төл ұлттық белгілерімізді (идентичность) нығайту – кезек күттірмейтін ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Осы белгілердің ең бастысы – тіл! Қазіргі таңда елімізде қазақ тілі мәселесі өте күрделі күйде тұр. Мемлекет басында отырғандар - негізінен орыс тілділер. Олар балаларын қазақ тілінде тәрбиелеп жатыр деп айта алмаймыз. Ақтөбе қаласында халқының 60% - тен астамы қазақ бола тұра кез – келген мекемеге барып қазақ тілінде мәлімет алу да сөйлеу де өте қиын. Басқа ұлттар өзінің қазақ еместігін алға тартса, өз бауырларымыз орысша оқығандарын айтады. Сонда қалай, Қазақстан Республикасының “Тілдер туралы заңы” тек қана қазақ тілділерге арналған заң ба? Әлде қазақтілді азаматтардың құқын таптау мемлекеттік нормаға айналған ба? Бұл мәселе еліміздегі ортақ проблеманың жергілікті көрнісі ғана. Орыс тілді қазақ шенеуніктері мен бизнес – элита, жалпы орыс тілді қандастарымыз ана тілінің бауырына қайтуға асығар емес. Бұл біздің ұлттық психологиямызға байланысты ма, әлде саяси проблема ма? Бұл – мемлекеттік саясат айналысатын шаруа болғалы қашан?
Неге Америкада, Францияда армян өкілдері өз тілін ұмытпайды, шешендерде ешқандай шешен мектептері болған емес. Алайда шешендердің бір - бірімен орысша сөйлесуі нонсенс. Ал өз елінде тұратын қазақтың “элитасы” өз тілінен жериді. Тіл үйренудің аса қиын еместігін Қасымжомарт Тоқаев дәлелдеп жүр емес пе? Аз ғана уақыт ішінде мемлекеттік тілде сөйлеп кеткен премьер басқа орыс тілділерге үлгі. Біздің пікірімізше, өзі тіл білмейтін, білгісі келмейтін, балаларын орысша оқытатын қазақ мемлекеттік қызметке алынбауы қажет еді. Бұл саясаттың өзі де босбелбеу мемлекеттің шаруасының сиқы. Ұлттық мүддені қырттық мүддеге бағындырудың нақты көрінісі осы! Мемлекеттік тілді менсінбейтіндердің мемлекеттің тұтқасын ұстауы сол мемлекеттің қуыршақтық сипатын әйгілегені емей не болғаны! Орыс мектептерінде мемлекеттік тілді үйрету де мәз деңгейде емес. Осы мектептерде балалардың тіл меңгеру деңгейін тексеріп, талапқа сай болмаған жағдайда оқытушыларға да, мектеп директорларына айып тағу облыстық білім басқармасының тікелей жұмысы.
Осы жоғарыдағы айтылған жағдайдың бәрі әр деңгейдегі идеология бағытына жауапты әкімшілік қызметкерлерінің қатесі немесе тіл заңының орындалуына тікелей жауапты мекеме басшылары тарапынан жасалып отырған енжарлық болмаса саботаж демеске лаж жоқ. Қазіргі кезде бұрын балаларын қазақ мектептеріне берген орыс тілді ата- аналар балаларын қайтып алып, ол аз десең қазақ тілді ата – аналар да балаларын орысша оқыта бастады. Неге десеңіз, олар қазақ тілінің болашағына сенбейді және мемлекет пен лауазым иелерінің тарапынан болып отырған қазақ тіліне деген көзқарасты жақсы аңғарып отыр. Депутаттарымыздың, министрлеріміздің, әкімдеріміздің теледидардан, мінбелерден Ресейдің губернияларының өкілдеріндей орысша сайрауынан біздің егемендігіміздің қаншалықты рухани қайратқа арқа сүйеп отырғанын сезу қиын емес. Мұның бәрі әлдеқандай Ресей жақтан ызғырық шықса, қайта қосыла салуға даярлық кепілі сияқты. Тіпті, Қазақстандағы қазақ тілінің жайынан гөрі Татарстандағы татар тілінің ахуалы анағұрлым артып келеді.
Масқара болғанда мемлекеттік саясаттың бір ұшына жататын қазақ тілінің жайы жергілікті әкімдер мен әкімшелер үшін оларды еріксіз итермелейтін, айқай шыққанда ғана сырт көзге бірдеңе істеліп жатқандай қимылға көшу қандай бейшаралық, құлдық қылық еді. Соның бәрін істеп жүрген қазақтар екенін, тіпті қазақ тілді қазақтар екенін көргенде егемендік алғанымыз осы рас па дейтін сорақы сұраққа тірелесің!
Әрі беріден соң біз ұялғаннан қазақ болып жүрген халық секілдіміз. Құрал-сайман мен оқулықты әлі күнге даярлап бере алмай, орыс тілді жұрттың алдында не айтарымызды білмейтін пұшайман халге түскенімізге қанша жыл болды?
Енді бұдан былай қазақ тілінің мүддесі өте аз адамдарды толғандыратыны белгілі болып отыр. Бұл проблеманы шешуді мемлекет қолға алады дегенге де сенетін уақыт қалмай бара жатыр. Қазақ тілі – тек қана қазақ тілді азаматтарға (оның ішінде кеудесінде оты бар отаншылдарға ғана) қажет екенін түсінетін уақыт жетті. Сонда егемендік не үшін деген ерсі сауал өзінен өзі туындайды. Бұл жайтпен бірге елдегі қазақ тілді жұртшылықтың мүддесі тілімен бірге тапталып жатыр деген сөз. Өйткені, “Қазақстан” аталатын елде кез келген мекемеге бас сұғып сөйлеу үшін орысша сайрап тұру мүддесі енгізілген, ал қазақша сөйлей қалсаң, мемлекеттік қызметкер сізге көктен түскендей қарап, қайдағы бір резервациялық тайпаның тіліндегі әңгімеге тап болғандай аң-таң қалуы кәдік. Осының барлығы қазақтардың намысына тимеуі біздің қаншалықты намыссызданған құлдық мінезді сіңіргенімізді әйгілесе керек. Сол себепті қоғамдағы тілге деген көзқарас қоғамдық келісімнің бейшара халі екендігімен тең қабылдануы керек те, соған сай жаңаша талаптар қойылуы керек. Мұндай талаптардың бірі мемлекеттік тілді мойындамаған кез келген мекеме – ол мемлекеттік немесе жеке мекеме екеніне қарамай сот шешімдері арқылы мемлекетік тілді енгізуге еріксіз түрде көндірілуі керек. Бірақ бұл жерде соттың кімнің әнін айтатынын да алдын ала білеміз. Дегенмен, ештеңеден де тайынбай қолдан келгенді істей беру керек, істей беру керек. Сүтке түскен бақа құрлы бар шығармыз… Әсіресе, балаларын қазақ тілінде тәрбиелеп жатқан жанұялар балаларының болашағы үшін осы іске тығыз араласуы керек. Әйтпесе, мектептен тыс жерде пайдаға аспайтын тілде оқытып не керек. Ақтөбе облысында құрылған “Анатіл” қозғалысы осы бағытта жұмыс жасайды және бұл тәжірибені бүкіл Қазақстанға таратуға мүдделі. Қазір бірнеше мемлекеттік мекемелердің үстінен сот органдарына арыз тапсырылуда.
Тіл мәселесін біз ешқашан Балтық теңізі жағалауындағы және Украина мемлекеттеріндей өткір қойған жоқпыз, оны түсініп жатқан ешкім жоқ. Көңілге қараудың опығын жеп болдық. Енді талапты орыс тілді қазақтардан бастау қажет. Ал, басқа ұлттардың өкілдеріне жағдай жасалуы керек. Қазақтардың өздеріне ешқандай кешірім болмауы керек. Орыстардың салтақ-салтақ қаба сақалдарын шапқан Петр патшадай қимыл керек. Неге десеңіз, біз еврей ұлты секілді күшті ұлт емеспіз, осалмыз, бізде көсем де жоқ, егер тілімізді бір жоғалтсақ, олар сияқты мың жылдан кейін тірілтуіміз екіталай.
Шешен ақсақалдарынан: “Орыс – шешен соғысынан ұлттарыңның жойылып кету қаупі бар ғой неге әзірше соғысты тоқтатпайсыңдар?”- деп сұрағанымда, “Біз аз халықпыз, ұрпағымыздың мәңгүрттенбеуі үшін және жауының кім екенін ұмыттырмау үшін елу жыл сайын соғысу - аталарымыздың тастап кеткен өсиеті” - деді.
Біз шешен де бола алмаймыз. Бірақ осы сөздерде біздің асыранды академиктеріміз айта алмайтын даналық жатқан жоқ па?
Ұлттың осындай мүшкіл халіне, қыздарымыздың көше кезіп тәнін сатып жүргеніне, балаларымыздың жетімдер үйінде сұраусыз жатқандарына – біз еркек кіндіктілар, кінәліміз.
Қазақ шенеуніктерінің тірлігіне қарасаң, тез байып, шетел асайын деп жүрген жандардың тірлігі. Ал, осы жерде қалатын да, құл болатын да, бай болатын да , біздер - қарапайым халық!
Сондықтан ортақ мүдденің айналасына пышырамай топтаса түсуіміз керек. Сананы сілкіп, намысты түртіп, елдік қалпымызды қолға алатын уақыт келді, ағайын! “Тозған қазды топтанған қарға жейді” деген бар. Қарғаға жем болатын тек қана өлген малдың өлімтігі емес пе?
«Анатіл» қозғалысы Басқармасының төрбасшысы - Қайырбек Тоқтаров.
2004 ж.

Бірегейлер мен ежегейлер

Қызық! Қазақ халқының тарихын көктей шолып қарағанда, оның тағдыры санаулы адамдардың жігері мен намысына ілініп, осы күндерге жеткендей әсер аласың. Құдды, халықтың басқа бөлігі әлгі бірегейлерді бақылап қана өз күйлерін өздері күйттеп жүре бергендей. Басқа жағынан қарағанда бұл халықтың шарасыздығы, қауқарсыздығы, ұлттық-ұжымдық өзексіздігі ме, әлде пассионарлық қуатының бірегей тұлғалардан көрініс табуы ма? .
Мәселен, ХХ ғасырдағы қазақтардың саны мен сапасын ойсыратқан аштық жылдары Ғабит Мүсірепов бастаған бесеу Мәскеуге хат жазып, халықтың көз бе көз қырылып жатқанын әйгілеп, жар салған еді. Ұлы Отан соғысында қазақтың намысын әйгілеп, жігерін жалаудай желбіреткен Бауыржан Момышұлы шықты. Қазақстан байлығын қазақтың өзі жаратуға кіріскен көріністі Қаныш Сәтбаевсыз елестету мүмкін болмас еді.
Ал, 70-жылдары қазақты қойып,бүкіл түркі халықтарының жігерін жанып, көңілін өсірген Олжастың “Аз и я-сы” ХХ ғасырдағы батылдық құбылысы демеске лаж жоқ.
86-жылғы Желтоқсан оқиғасына байланысты халық атынан қаймықпай сөйлеген Жұбан Молдағалиевтің қызыл империяға қарсы қыжылды сөзі оның қай өлеңінен де асқақ шыққаны рас. Жұбан өлеңімен емес, сол азаматтығымен бірегейлер қатарына енген еді. Ақынның бұл қылығы Желтоқсан көтерілісін байыпты сатыға көтерген ұлттық саяси сананың жемісі ретінде дәріптеген болатын.
Тағы бір қызық жайт! Сол Желтоқсанда әлдебір аңғал жастың лақтырған қар аралас жентегі президиудағы бір басшының бетіне оңдырмай тиген еді. Сол қаршапалақ кейінірек қолшапалақ болып ақынның бетіне тиіп қарымта болып қайтты. Ол ақын-алаштың тағы бір бірегейі Мұқтар Шаханов болатын. Мұқаң қазірде өзінің бірегейлігін поэзия арқылы әдіптеуде. Ол Адам баласының өркениеті адасудың көрінісі емес пе екен деген әлемдік ақыл-ой ірілерін басын қатырар мәселеге бет бұрғызуда.
Бірегейсіз халық болмас. Бірақ халықтың тағдыры бірегейлерге тәуелді болмай, өз арнасымен тола ағатын дариядай есіліп отырса ғой деген аңсар көкейді теседі. Бірегейлердің еңбегі еліне дарымағанда, алдарқатып халықтың ежегейлер басын қатыратыны да шындық. Бірегейлерді елінен айыратын да ежегейлер екені тағы белгілі. Бірегейлер дегеніміздің өзі ұлттық пассионарлық қабілетті уақыттың белгілі бір сәтінде тұтушылар болар. Ал, ежегейлер халықтың қадыр –қуатын әлсіретуші, ерік-жігерін талан-тараж етіп, жасанды абыройға жетушілер шығар,сірә.
Қызық! Қазіргі кезде тарихи даңқты атаулардың атын жаңғыртқан болып, сол атауларды бірі партияның, бірі газет-журналдың атауына іліктіріп, сол атаулардың мерейіне абырой қосудың орнына оларды айқай-шудың, даңғыраның атауына айналдырып, құнсыздандырып жатқанын қайтерсің! Бұл да ежегейлердің ісі – жақсының шырайын шығарудың орнына, сүліктей сорып, ақжем қылып ақырында итжеместей құнсыздандыру.
Бірегейлер неге ылғи абырой мен қадірден шеттетіледі екен? Әлде ежегейлер дегеніміз, абыройдың ыдысын аңдып жатып жалаушылар ма екен?
Не болса да бірегейлер сау болсын, бірегейлер!

Халық киносы бұралқы емес

«Кино – бар өнердің ішіндегі ең маңыздысы».
В.И.Ленин



Қазырғы қазақ киносын табиғатына қарай үшке бөлуге болады:
- элиталық мүддеге қатысты кино;
- кәсіпқойлық кинотуынды;
- халық киносы.
Аталған үш топтың алғашқысына жататын «Номад» фильмі діттеген мақсатқа жетпегені белгілі. Оның есесіне, керісінше, шетелдік мазаққұмарлардың «Бораттың хикаясымен» Қазақстанды жаһандық күлкіге талғажау еткені де рас.
Ал, кәсіпқой қазақ киногерлерінің халыққа қажетті емес, өздерінің авторлық амбициясын ғана қанағаттандырумен шектелетіні көп езулерді көкезу еткені тағы бар.
Соңғы топ, кеңес кезіндегі провинцияларда құрылып, әуесқойлық пен кәсіпқойлық талабының арасындағы ән-күй өнерпаздарын біріктіретін және «Халық оркестрі» атағын алатын көркемөнерпаз топтың тағдырына ұқсас, халық арасында жүріп кино түсірумен айналысатындар. Бірақ оларға әзір мемлекет тарапынан назар ауа қойған жоқ. Есесіне халық тарапынан ықыластың бары анықтала бастады.
Алайда, қазырғы өнер туындысының түпкі мақсатын біржақты сөз етуге және болмайды. Қыруар қаржы бөлініп, алдын ала классикалық кино түсіру мүддесі немесе ақша үйірер туынды болуға тиіс делінетін киноның да түкке тұрғысыз болуы мүмкіндігін миллиондаған долларға түсірілген «Көшпенділер» фильмі алдымызға жайды. Ал, талай шетелдік сыйларды өңгерген авторлық кәсіпқой фильмдеріміз халықтың да, элитаның да көз қуанышы болмауда не шетелдіктердің қадесіне жарамауда. Сонда ұлтқа қадырлы туындыны кім туғызбақ? деген сауал бәрібір көкейді тесуін қояр емес.
Бұған жауапты жуырда түсіріліп, жұрттың назарына видеотабақшаға жазылып таратылған «Жаралы сезім» фильмі әлгі сауалымызға жауап бергендей. Шынын айтайық, бұған дейін мемлекеттік қызметшілер кеңселеріне келіп, компакдискдегі қазақ фильмін компьютер арқылы таласа-тармаса қарағанына куә болғанымыз жоқ. Рас, қараған, бірақ ол - өзбек фильмдері еді. Шүкір, енді қазақ киносын да жұрт қарайтын күнге жетіппіз.
Бақсақ, фильмді саясатшы, мемлекет әрі қоғам қайраткері Оразалы Сәбден идея беріп түсірткенімен, биліктің де, бизнестің де қатысы шамалы секілді, қысқасы, аталмыш кинотуынды «халық киносы» екен! Әрине, жуырда бұл фильмді «Кеш қалмаңыз» телекөрсетімінде аямастан сынап, жұлмалаған сәт те болды. Сондағы айтылған ой - фильмнің кәсіпқой еместігі. Бірақ оны біз де жасырғымыз келмейді.
Алайда, қазақ киносын осындай әуесқой «халық киносы» құтқаруы мүмкін! Өйткені, оны түсіретін де, көретін де - халық. Халыққа қатысы жоқ фильмнің ешкімге қажеттігі жоқ екені де рас қой! Өз халқына жақпаған өнер әлемдік болып жарытқан жерін байқамадық. Ал, біз бұған дейін өздері көрмейтін киноларын өздері түсіріп келген топтан не шыққанына куәміз. Әрине, техникалық мүмкіндік пен түсіру шеберлігі арқылы жылтыраған болмаса шетелдік шеберлердің бір сәттік бағалауына ғана жататын туындылардың түсетініне күмән жоқ. Алайда, өз топырағында жаралмаған немесе өз ортасында кәдірленбеген туындыны кімнің кәдірлеуі ықтимал?
Әрі-беріден соң, өздері әрі кино түсірмейтін, әрі қазақ киносын көрмейтіндердің де бізге фильм түсіріп бергенін де бетке баспай-ақ қоялықшы. Мәселе - қазақтың басындағы үдерісті тұшынбайтындардан қазақ өнеріне үлес қосатын кинотуынды шығаруға барлық ресурсты рәсуә етуінде. Алайда, біз өзімізді өзіміз сыйламағасын, өзімізді өзгеге жалынып-жалпайып кәдірлетуге көшкен халық секілдіміз. Әлгі «Көшпенділеріміз» де сол құлықтан туылған көрнек(картина) секілді болады да тұрады.
Сонымен, «Жаралы сезімге» ат басын бұрайықшы. Идея саясатшыныкы болғасын ба, фильм әуесқой болса да, әлеуметтік саясаттан құтылмаған екен. Бірақ бұл жаңа киноның кемшілігі емес, қайта жаңалығы мен артықшылығы ма деймін. Өйткені, қазақ мәселесі қордаланғаны сондай, оны ортаға салып талдауға үлгермей жатырмыз. Аталмыш киноға осы жайттың салқыны тисе керек. Десек те, бұған дейінгі зиялы қауымға артып келген кінәмізді осындай фильмдер жуып-шаятын түрі бар. Атауы махаббат тақырыбы болғанымен, сол сезімнің жаралануын біз елдегі әлеуметтік мәселеден туындап жататынын аңғарған болдық. Фильмде тіл мәселесі де, қылмыс та, ата-ананың болашақ ұрпағына деген жауапкершілігінің жоқтығы да, безбүйрек байлық та, жетімдік те, ұлтаралық келісім де үйіліп-төгіле қамтылыпты.
Алайда, көбікті телесериалдар болмаса, барлық мәселе мен тақырыпты жиып-теріп түсіру бір көркем фильмге діттеген тақырыпты рәсуә қылу болып табылар еді. Дегенмен, бір фильмге бар тақырыпты жинау қазақ мәселесінің қордаланып қалғандығынан болар, режиссер шыдай алмай соның бәрін алғашқы көрнекке (картина) жыйып түсірген.
Алайда көрнекке бажайлай қарасақ, сезімнің неден жаралы болғанын түсіне алмадық: өйткені, махаббат сонша жапа шеккен жоқ фильмде, ал бас кейіпкерлер - Қанат пен Арай, сезімнің жарасынан да, махаббаттың машақатынан да қинала қойған жоқ, бар болғаны сезім иелері әлеуметтік шырғалаңға түсіп қана зардап шеккені рас. Соған орай кино атауы сәтсіз таңдалған секілді. Ал, киноматериалды алсақ, фильм телесериал қылып түсіруге сұранып тұрғандай. Аздап, өзбек фильміндегі төсектегі ағасын қарындасының оятуы болмаса «Бригададағы» төртеудің жүрісі көрерменнің көзін үйренген көрініске сүйрелейтіні де рас.
Әрине, әуесқой фильмді шұқылағаннан опа таппаспыз, алайда, ең бастысы фильмді қарапайым жұрттың қарайтынында. Бас жаққа барыспай, сын жағын кәсіпқойларға қалдырайық. Оның үстіне, ешбір прокаттың да қажеті шамалы, әркім компакдиск ойнатқышы арқылы үйінде–ақ көре береді. Осыған қарап, қазақтың шаңырағына қазақ фильмін енгізетін және қазақ киноөнерін «халық киносы» құтқарар деген ой еріксіз келеді.
Айтпақшы, халықтың қажетін өтейтін нәрсеге неліктен мемлекеттік деңгейде қаржы бөлмеске? Әрі – беріден соң мұндай фильмдерге конкурс жариялап, сценарийін қадағалау арқылы даңғыл жолмен дамытуға толық мүмкіндік бар. Тіпті, сәтті түскен «халық киносы» өз шығынын ақтауы да ғажап емес. Оның үстіне, провинциялардағы шағын киностудиялардың көбеюі, Алматылық киномонополияны ыдыратып, елдегі киноөнерін дамытуға өзіндік лебін қосуы және ықтимал. Қысқасын айтқанда, «Жаралы сезім» өзінің бар болмысымен қазырғы қазақ киноөнерінің мәселесін шешуге деген халықтың үні секілді. Енді соны үйлестіретін, ұйымдастыратын билік керек, тақа болмаса элита тарапынан жылы көзқарас қажет. Халықтық бастама бұралқы күйге түспесін десек.