вторник, 4 марта 2008 г.

Көшегеннің құрым киізінен жиренеміз де, отырықтың пластикалық көрпесін жамылуға құмармыз

Белгілі саясаттанушы, мәдениеттанушы, тәуелсіз журналист Серік Ерғалимен сұхбат

- Секе, «Азат» қозғалысының негізін қалаушылар арасында саясатшы болып бастап, саясаттанушы ретінде қалыптасып қалдыңыз. Оған соңғы жылдары жарияланған талай көсемсөздеріңіз куә. Ал, соңғы кездері сіз мәдениеттанумен де айналысып жүрген жайыңыз бар. Осылардың барлығы менің сізден «Егемен болған қазақ халқы неге рухани жағынан абдырап қалды?» деген сауалға жауап алуыма мүмкіндік беретін сияқты...
- Аса күрделі де маңызды мәселе... Бұл ұлттың тағдырын қазып қарайтындай тамырлы сұрақ. Сұрағыңыз орнымен қойылып тұр және ұлтымыздың рухани абдырағаны рас, бірақ тоқыраған жоқ, соғылысқан сең арасынан аман қалуды ойлап бас қатыруда. Бұл сауалға жауап іздеу үшін қазақтың тарихи болмысына назар аударып барып, ұлттың бұрынғы құндылығы мен заман талабы аталып жүрген тез деген құралды безбендеу керек. Сонда біз алаш деген алыпты аңтарған жайтты сезінеміз.
Қазақты өзге ұлтпен салыстырғанда мәдениет жағынан тек қана моңғолмен шендестіруге болар, бірақ тағдыр жағынан қазақтың көрмеген ауртпалығы тағдырлас моңғолға қарағанда аз емес. Өзіміздің қырғыз да қазақтың қалқасында біраз дауылдан аман қалды. Таудың баурайындағы қырқа секілді немесе үлкен діңгекке біткен бұтақтай. Ал, қазақ дегеніміз – түркі деген нәсілдің де, көшпелі өмір салтының да басты діңгегі болатын. Сондықтан да қазаққа ғасыр да, тасыр да өш.
Біздің халық мыңдаған жылдар бойғы өмір салтын, тозған киім секілденген көшегендікті тек қана ХХ ғасырда қыймай тастады. Онда да қызыл империяның зорлауымен, еріксіз түрде миллиондаған адамды құрбан ете отырып, бір ғасырда төрт қоғамдық формацияны шекпен шешкендей айырбастады. Бір ғасыр ішінде мұндай дүрбелеңді бастан кешкен халық бар ма? Моңғолдар әлі күнге көшегендіктен ажыраған жоқ, олар біз секілді өз құндылығын өздеріне дұшпан еткен зәбірді көрген жоқ. Ал, өзіміздің өзбек бауырымыз өзімізбен бірге зобалаңды көрсе де, өмір салты өзгермеген күйі келеді. Өмір салты дегеніміз – ұлттық құндылықтың көзі де, өзегі де. Бұл арада көшпелі құндылық пен отырық құндылықты айтып отырмын.
Қазақтар көшпелі өмір арқылы адамзаттың аталық негізіне сүйенген мәдениетті тұтынып келген халық. Ал, отырық елдер аналық негіздің құндағында қалыптасқан мәдениеттің көзі ғой. Сөйтіп, біздің халық қазыр еркектің өз жынысын айырбастағандай халды бастан кешуде.
Көшегендікке не тән? Отырық мәдениет сықылды жасампаздық емес, бастампаздық тән. Жер бетіндегі барлық өркениет ошақтарының пайда болуына, туындауына көшегендердің бірден бір қатысы бар. Бұл көп ұзамай мойындалатын шындық. Мен өз бетімше далалық көшегентанумен айналыса келе осындай тұжырымға келдім.
- Сонда адамзатта екі-ақ мәдениет бар ма?
- Мен екі супермәдениет бар деп есептеймін. Жалпы «Мәдениет» деген ұғымға әлі күнге тұрақты анықтама жоқ, соның өзі де адамзаттың басты екі түрлі өмір салтына бөлінетінін ескермеуден туып отырған мәселе. Мәдениет дегеніміз – ең бірінші, басты құндылықтар көзі.
Жер бетінде екі супермәдениет, бірақ бірнеше өркениет бар. Қазыр мойындалып отырған әрбір өркениеттің әрқайсысына көшегендік ортаның бірден бір ықпалы бар. Былай айтқанда, екі мәдениет екі жыныстың көрінісі де, өркениет солардың туындылары. Тіпті, қытайдан шықты делінген қағаз, қарындаш, кеме секілді өркениет туындылары көшпелі ортадан бастау алып барып, кейін отырық қытайда орнығып, даму сатысына түскен және отырық ортаның орнықты пайдасына жарап кеткен. Ал, әрі туымпаз, әрі кертартпа көшпелі ортада даму топырағы жоққа тән. Көшпелі қоғам бастауға міндетті, ал отырық орта оны дамытуға тиісті. Сондықтан көшпелі мәдениет - Уақыттың қожасы, бірақ Кеңістің құлы. Ал, отырық мәдениет - Уақыттың құлы, Кеңістің қожасы. Көшегендер уақытпен санаспайды, бірақ кеңістік жоқ жерде өледі, ал отырықшылдар уақыттың әрбір сәтіне жармасумен күн кешеді, алайда, әрбір сүйем жерді өзіне құл етіп пайда табады. Міне, осы негіздерге сәйкес пайда болатын екі түрлі құндылық бар және осы қайшылықтан құндылық тайталасын да сезу керек!
Қазақтың қазырғы тағдыры да осы тайталастың майданына айналғандығында. Қазақ отырықтануды бітіре алмауда: өмір отырықтанды, ал сана көшегендік қалыпта. Сондықтан да біздің қазырғы санамызда көптеген қайшылық бар, өзімізден өзіміз жеру бар, өзімізді өзгеден іздеу бар және өзімізді жоққа шығару біздің құндылығымызға айналуда. Бірақ уақыт өткен сайын өзімізді іздеген әлемнен өзімізді таппай, қай халық та өзімен өзі екеніне көзіміз жеткен сайын, не істерімізді білмейтін халға ұшыраудамыз. Сонымызды жуып-шайу үшін «біз - көпұлттымыз» деген ертегіні көп айтатын болдық, сондай демогогиямен біздің төл келбетіміз бен тұрқымызды жоққа шығарып, жер бетін оңды-солды билеген көшеген мәдениеттің бірден бір мұрагері екенімізді мақтан тұта алмайтын пұшайман халымызды арашалағымыз келеді. Яғный, біз көшегендіктен ажыраған, отырыққа айналмаған дүбәрәның күйін кешудеміз.
Ұлтты бұл ауырталықтан құтқаратын мемлекеттік кірісім (подход) болмай отыр. Бұл үдеріс – қазақ үшін бірнеше мың жылда келетін бір-ақ шаруа. Біз соған назар салмай отырмыз.
- Назар салғанда не істеу керек дейсіз?
- Қазақ халқының көшегендік санадан отырық санаға сырқаусыз өту үдерісін қолға алатын идеология, саяси жүйе мен мәдени құрылым жасақталу керек еді, соған сай құндылық шайма да көкезу ертегіге емес, шынайы болмысымызға негізделуі қажет еді. Ал, біздің қазырғы мәдени тұжырымдамамыз бен құндылығымыз Батысқа құлдық ұру, өзіміздің көшегендік болмысымызды тәрк ету, менсінбеу, өзімізден өзіміз бас тарту, өзіміздің руханиятымызды ебропалау арқылы шетке жағыну, өзіміздің даму сатымыздың жалғандығын сол арқылы бүркемелеу, өзімізді азиаттық ретінде қорсынып, ебропасыну секілді құлдық көзқарасқа негізделген. Сондықтан да біздің елде ебропаның бір саздық аспабына сарай салына береді. Ал, елді ауызына қаратып жүрген жырға, термеге, айтысқа арналған бір де бір өнержай жоқ, тіпті, дамуын қолға алатын құрылым жоқ. Қысқасы, біз көшегеннің құрым киізінен жиренеміз де, отырықтың пластикалық көрпесін жамылуға құмармыз.
- Өнержай демекші, сіз осындай бір ғыймараттың жобасын ұсынып біраз жүгіріпсіз, бұл осы қыңырайған мәдени тұжырымдамамызға ықпал етуден туындаған ниет пе?
- Дұрыс байқап отырсыз, сол пыйғылдан туындаған. Оны біраз адамға алып ұшып жүгіргенмен ештеңе өнбеді. Жалпы, біздің қоғамда өнер мен мәдениет саласы қоғамның сұранысын жеке бастың мүддесіне бағындыруға бағытталған. Ал, Ресейде жеке бастың мүддесі қоғамның игілігіне айналатындай шебер қолданыс қалыптасқан. Сондықтан біз дарындарымызға көңіл бөлмей, ресейлік әншілерге ақша жұмсауды мақтан тұтамыз.
Менің әлгі жобам мәдениет саласындағы жасаған бірнеше жобамның бірі. Өкінішке орай, оны да біреу–міреу ұрлап-жырлап, ағызып-тамызып іске асыратын шығар. Ал, менің ойым, жай ғана қазақтың фольклорлық өнеріне сарай салу емес, фольклорды классикалық өнерге айналдыру мүмкіндігін жасаудан туылған идея болатын. Фольклор үшін продюсураны қалыптастыру еді. Классикаға айналған фольклор ғана әлемді ауызына қаратып, таңырқатады, ұлттың мерейін өсіреді. Ал, біз мерейі онсыз да өсіңкі әлемдік өнерге өзімізді құл етуге құмармыз. Ебропаның операсы мен балеті бізсіз де дамый береді, оны меңгерген қазақ бәрібір италы бола алмайды, ұшпаққа шықпайды, ал италыдан Сүгір шықпайды. Әзірге біз ебропалық классикаға айналған дайын өнерге құмырай қауып, Батысқа жақсы атты болуды ғана қолға алып отырмыз. Бірақ оны түсінетін әзірге жеке тұлға болғанмен, тиісті органдар болмай тұр.
Бізде жалпы, фольклорды таза қазақы ғана өнер, ал оның заман талабына сәйкестендірілуі өнерімізді бұрмалау, нұқсан келтіру деген жабайы түсінік бар. Мен мұнымен келіспеймін, біздің «көшті доғарғанымызға» бір ғасыр болды, ал өміріміз бен өнерімізді сол көшегендіктен айырғымыз келмейді. Енді Бұхардың да, Құрманғазының да болуы мүмкін еместігін ескеретін уақыт келді. Олардың дарыны суалмас, бірақ оны әшекейлеп тауарға айналдырмасақ, бізді ешкім түсінбейді, біздің ешкімге керегіміз жоқ, ал шет өнерді меңгергеніміз таңсық болып жарытпайды, ондай мықтылық -олар үшін де, біз үшін де құндылық емес. Олар бізге экзотика ретінде ғана назар салуы мүмкін. Ал, экзотикалық көзқарас тұтынатын тауарға емес, қызықтайтын сувенирге ғана тиесілі. Біз өзімізге деген сувенирлік көзқарастан бас тартып, өтімді тауар екенімізді көрсететіндей іске жұмылуымыз керек. Мысалы, Батыстың қаптамасына (упаковка) орап, күйлерімізді Асылбек Еңсепов, «Ұлытау» тобы көп пайда келтіруде. «Көшпенділер» филмі секілді өзімізді ойыншық пен күлкіге айналдырғаннан гөрі, батыстық Боратқа жауапты осылай беру керек! Жириновский тіліміздің жоқтығын бетімізге қалай басып еді? Ал, соған біз қалай жауап берудеміз? Бұл – құндылық жайындағы мәселе!
- Бірнеше мәдени жобаңыз жөнінде айтып қалдыңыз. Айтпақшы, айтыс жөнінде де басыңыз дауға қалып еді ғой...
- Дауға қалмағанмен, дауласу бола жаздағаны рас, тек мен тарапынан ол арандатуға барудан бас тарту болды. Мұны таратып айтайын. 2001 жылы елде Мәдениет жылы деген мәртебе берілгені белгілі. Сол жылы мен екі жобаны жүзеге асырдым. Біреуі – туған ауылым Қаражарда 90-жылдары 5000 теңгеге сатылып кеткен ауыл клубының ғыймаратын қайта салдырдым. Оған АҚШ-тың 5000 доллары ғана кетті және ол ақша халықаралық қоғамдық ұйымның берген гранты еді. Құрылыс материалдары сатып алынып, жергілікті билік пен тұрғындарды жұмылдырудың арқасында жүзеге асты. Осы жобаны да министрлікке беріп қаншама жүгірдім - ештеңе шықпады. Бұл жоба арқылы Қазақстандағы қыйраған ауылдық клубтарды бас-аяғы екі-үш жылда қалпына келтіруге болатын. Сонымен бірге сол ауылдарда клуб, кітапхана, медпункт, пошта жұмыстарын бірден іске қосуға болар еді. Қаншама адам жұмысты болып, ауылдарға қандай қызметтер көрсетіле бастар еді, шіркін!?
Жобаның енді бірі айтыс қой. Оған келсек, былай. 2001 жылы «Айтысты жаңаша ұйымдастыру ережесі» деген құжатты дәйектеп, зияткерлік өнертабыс ретінде арнайы тіркеп, куәлік алдым.
- Мұндағы мақсатыңыз не? Қалайша жаңаша өткізуді ойладыңыз?
- Мақсат – айтысты техникалық мүмкіндіктерді пайдаланып, халықтық өнер ету, айтысты ұйымдастыруды сол кезге тән кейбір кемшіліктерден, оны жеке бастың табыс көзі болудан және субъективизмнен құтқару, заман талабына сай шоусыйпатты тележанрға айналдыру еді. Сол кезде де, кәзірге де тән мына кемшіліктерді айтуға болады:
- сахнаға айтыс емес, сыйлықтардың шығып кетуі;
- айтыстың барысынан гөрі сыйлықты бөлісу үдерісінің басты назарда болуы;
- айтысты бағалаудағы субъективизм мен әділетсіздіктер;
- айтыстың халықтық сыйпаттан жұрдай болуы;
- айтыскерлердің артистік кейіпке ұрынуы;
- айтыс тақырыбының тайыздығы мен ақпаратсыздығы және сауатсыздығы;
- айтыстың архаистикалық тұрғысы;
- айтыстың ұлтты жіктеуге ұрындыруы;
- айтыстың әкімшілік қолындағы ойынға айналуы;
- айтысқа деген жас көрерменнің құлықсыздығы т.т.
Осыларды ескере келіп, ережеде «айтыскер», «кеңескер», «жек пе жек айтыс», «жақ-жақ айтыс» т.т. ондаған терминдер мен ұғымдар пайда болды. Айтысты бағалаудың бірнеше түрі мен сыйпаты жасалды. Бұларды қалай ұйымдастыру және айтысты қалай дамыту тетіктері анықталды. Мұның барлығы қағаз жүзінде емес, 2001 жылы ақтөбелік РИКА телеарнасында наурыз-маусым аралығында облыстық деңгейде жаңа ереже бойынша айтыс ұйымдастырылып, көпшіліктің қолпашына ұсынылып, сынақтан өткізілді. Бірақ одан әрі жолы болмады, қаржы да, назар да болмағасын, «бәлду-бәлду бәрі өтірік» дегендей күй кештік. Екі аптадан соң, 2001 жылы 30 маусым күні жобамыз «Хабар» телеарнасында тікелей эфирде жарқ ете қалды, ұйымдастырушы - Жүрсін ағамыз.
Әрине, мен наразылық білдіріп, талай хат жаздым, басылым бетіне шықтым. Құқымды қорғауды ойлағанмен, сотқа сенбедім. Мені қалың қазаққа айтысты жекешелеп алған әумесер етіп, кейбір айтыскерлер күлкі қылды. Өздерінің сауатсыздығын халыққа құндылық етті. Жүкең бір жыл бойы әлгі жобаны әурелеп, ақырында өзінің баяғы нұсқасына қайта көшті. Жүзеге асыра алмады. Ал, идея тәрк етілді. Егер екеуміз бірігіп қолға алғанда басқаша болар ма еді?! Сөйтіп, «ұмытылған» істі «Қазақстан» телеарнасының Нұртілеу Иманғалиұлы басқарған кездегі командасы тағы қолға алды. Олар бұл жолы спортқа айналдырып, «Айтыс -Қазақстан чемпионаты» деген жұмбақ атаумен шықты. Өнердің спорт еместігі және онда чемпион болмайтындығы ескерілмеді. Сосын жоба «Аламан айтыс» деген бәйге спортының сәйкеспейтін терминін арқалап тағы жол тартты. Тым жақсы идеяға негізделген жап-жақсы жоба, біресе спорт, біресе атжарыстың кебін киюде. Бір қызығы, аталмыш телеарна бұл жобаны авторсыз өткізуде, ал әлемдегі телеөнімдерде авторсыздық ұрлықпен бірдей бағаланатын жайт. Қысқасы, біздегі құндылық талан-таражға түсетін болмаса көкпарға тартылатын көк серке тәрізді.
- Дегенмен, осы жобаның кісіні қызықтыратындай қауқары бар секілді?
- Ол рас. Өйткені, о баста адамды қалай, немен және қайтып қызықтыру мен тартудың жолдары ойлап табылған еді.Соның біршама көрінісі «Қазақстандағы» айтыста бар екені рас. Бұл жобаны бұдан үш жыл бұрын сайттарға және ішінара сұхбаттарымда сыйпаттап жариялап жіберген болатынмын. Сол идеялар сол күйінде көрініс тауып отыр.
Бірақ автор ретінде, бір жағынан жоба идеясының діттеген мақсатқа жеткеніне рыйзамын. Айтыс ұйымдастырудағы монополия жойылды, халық ненің жақсы, ненің нашар екенін таңдайтын халға тап келді. Айтыс шал-кемпірдің қарайтын өнері болудан гөрі, қазақтілді ортаның қызықтайтын телеөніміне айнала бастады.
Алайда, бұл «аламан айтыста» қате мен кемшілік жеткілікті. Соның бірі телефон арқылы дауыс беруде. Жуырда телефонмен дауыс беріп көрсем, «Дауысыңыз қабылданды, енді таңдаған айтыскерге тағы бес дауыс үстеме бергіңіз келсе, мына нөмірге хабарласыңыз, құны - бәлен теңге» дегендей хабарламаны естігенде, аң-таң қалдым. Соған қарағанда, дауыс беру дұрыс жолға қойылмаған, бір көрермен қалаған айтыскеріне отырып алып, ондаған дауыс беруіне болады деген сөз. Қол телефонмен хабарлама арқылы берілетін дауыстың да шынайылығы күдік келтіреді. Өйткені, бір телефоннан қайталап дауыс қабылдамау сүзгісі жасалмаған. Яғный жұртты алдау тоқтамай отыр.
- Жалпы, кәзіргі айтыстың сапасы жөнінде не айтар едіңіз?
- Жалпы, Жүкең айтысты аман алып қалуға еңбек сіңірген кісі. Ал, айтыстың сапасы оны ұйымдастыруға тәуелді. Жүрсін ағамыздың айтысы кеңқолтық, уақытты көп алатын нұсқа және жанр мен түр, сапа дегендерге жол аз қалған. Әйтеуір, сыпыра айтыс. Таптаурын. Арналған тақырып та жайына қалады, тігілген жүлде ойналса, жеткілікті секілді. Дегенмен, айтыскерлердің таланты ол кемшілікті қымтап, жуып-шайып жатады.
Ал, тікелей эфирдегі жек пе жек айтыстың біршама сапасы бар. Қайым айтыс көз алдымызда даму жолына түсе бастады. Уақытқа байланысты айтыскердің де шыйрауы пайда болды. Поэтикалық сапа да бар. Тақырыпты ашуға тырысу жақсы.
Айтысты бұдан да әлдеқайда дамытудың жолы бар. Ол үшін айтыс өнеріне құрылым мен зерттеме керек. Еңбек болмаса, айтыскерлерге семинар ұйымдастыру қажет. Мұның бәрін мен айтыскерлер одағын құру арқылы қолға алуға болатынын айтып келемін. Сол арқылы айтысты жеке бас пен субъективизмнен құтқаруға болар еді. Алайда, оны арнайы білім ордаларындағы оқуға айналдыру кәзір дұрыс емес. Ондай деңгейге айтыс жөніндегі білім мен зерттеме жүйеленбеген, бағдарлама жоқ, осындайда оны оқу нысаны етсек, айтысты біреулердің табыс көзіне тағы айналдыратын болармыз.
Тіпті, айтыстың қандай өнер екені әлі нақтыланған жоқ деп есептеймін. Бұған дейінгі қалыптасқан «Айтыс – қазақ ауыз әдебиетінің айырықша түрі» деген уәждің барған сайын дұрыс еместігі айқындала түсуде. Меніңше, айтыс - әдебиет емес, журналистикаға әлдеқайда жақын нысан, дәлірегі – поэтикалық журналистика. Өйткені, әдебиет - өмірді философиялық тұрғыдан бейнелейтін мәдени туынды болса, журналистика - өмірді шынайы көрінісі. Қысқасы, айтыстың әдеби туынды болуынан гөрі, оның шара ретіндегі ықпалы басым және оған барды - бар, жоқты - жоқ деуге бейімделген поэтикалық тілі бар журналистік тәсіл тән. Айтыс өнімін ешкім де әдеби мұра ретінде (зерттеушілер болмаса) оқи қоймайды, оны тек қызықтайды.
Айтысқа әдебиеттің бір бөлігі болмаса поэзияның бәсекелесі деп қарау түбірімен дұрыс емес. Дұрысында, айтыс - поэтиканы ерттеп мініп, музыйканы серік еткен, әлеуметтік мәселені ақтаруға арналған, сыни көзқараспен азықтанған журналистика. Сондықтан да жазба ақындар мен жазушылар бұл өнерге шошына қарайды, ал халық шындық іздеумен әуре. Сол себепті де, айтыстың «тұзы жеңіл», тағдыры ауыр. Сондықтан да айтыскер мен ақынның арасында айырмашылық жер мен көктей; айтысты «ақындар айтысы» дегеннен гөрі, жай ғана «Айтыс» деген дұрыс. Айтыскердің бәрі поэзияның өкілі бола алмайды, ал ақынның бәрі айтыскер болуды міндетсімейді.
Жалпы, кәзіргі айтыс – біздің көшегендіктен отырық өркениетке алып кірген сәйгүлігіміз, сондықтан да оған жаңаша ұйымдастыру мен жаңа көзқарас керек, сәйкес бап қажет. Әркімге көрсетіп көрімдік сұрағаннан опа таппаймыз, оны шынайы даму жолына салу керек. Бұл тұжырым біздің бар рухани саламызға тән болғаны жөн.
- Секе, жуырда жаңа әліпби тұжырымдамасын жарияладыңыз, бұл қандай мақсатты көздейтін еңбек?
- Тіл мәселесіне көңіл бөліп жүріп, кәзіргі әліпбидің қазақ тіліне қатыстылығы шамалы екеніне көзім жетті. Сөйтіп жүріп, бұл жайындағы көп әңгімеге қатысқаннан гөрі нақты нәрсе жасайын деген ниетпен осы «Жаңа әліпби тұжырымдамасын» дәйектеп шықтым, Бұл - ресми бекімеген, авторлық жоба. Мақсатым – болашақта болмай қоймайтын ұлттық әліпбиімізді жасаушыларға ой тастау және тұжырымдарды қазақтілді ортаға жария ету еді. Алайда, біздің қазақы орта ондай жаңалықты қаузауға шорқақ па, әлде құнтсыз ба, ешқандай реакция жоқ.
Бұл әліпби негізгі төрт принципке негізделген:
- қазақ тілінің конституциясы болып табылатын Үндесім заңдылығына;
- әліпбиде қарастырылған дыбыстардың қазақ тіліне сәйкестігіне;
- қазақ әліпбиінің ежелгі руникалық нұсқасының сыйпатына байланыстылығы;
- харып (шрифт) таңдаудағы уақыт пен техникалық талаптарға сәйкестілік. Жаңа емле ұсынылып отыр. Ол бойынша жазу 20-25 пайызға қысқарады. Меніңше, біз тілді сақтағымыз келсе, әліпби мен емлені барынша қарапайымдатып, заманға сәйкестендіруіміз керек.
- Пікіріңізге көптен көп рахмет, Секе!

Сұхбаттасқан – Б. Қайратұлы

ЖЕКСҰРЫН ШӨЖЕ

Х. АНДЕРСЕН

ЕРТЕГІ

Қала сырты рахат! Жаз келіп, қара бидай сарғайды, сұлы көктеп, жағалай шөмеле қаптады; көгалда ұзын сирақ ләйлек құс ойқастап жүріп, мысырша шатпақтап сөйлеуде – оны енесінен үйренген еді. Атырап пен көгалдың арғы жағы алма-кезек тоғай мен көлдерге ұласқан. Қала сыртында бұдан артық не керек! Айнала арықпен қоршалған ескі мекен күнге шыжығандай сиықта; шарбақтан арыққа дейін ірі жапырағының астына сәби жасырынатындай болып түйежапырақ қаптай өсіпті. Жиі өскен түйежапырақ та өзінше ну ормандағыдай тымтырыс әрі нағыз жабайы көрініс орнаған, міне, сондай бір жерде жұмыртқа басып бір үйрек жатты. Оның жұмыртқа басқанына сонша көп уақыт болса керек, ол жалығып бітті: өйткені, өзгелері онымен бірге барқылдап жатқаннан гөрі арық қуалап жөндерінде жүзіп жүр.
Ақырында жұмыртқа қабығы шытынай бастады. «Шиқ! Шиқ!» деп жұмыртқаның сары уыздарына жан кіріп, жарықтан титтей тұмсықтар шыға бастады.
- Тірі! Тірі!- деп барқылдаған үйректі айнала жұмыртқадан жаңа шыққан сары үрпектер айнала аңқиып, көздеріне алғаш түскен түйежапыраққа барлай қарауда; енесі еркіне қоя берді – жасыл түс көздеріне пайдалы.
- Дүние қандай байтақ! – десті шібилер.
Әрине! Мынау дегенің өздері шыққан қабық ішінен әлдеқайда кең ғой.
- Сендер дүниенің небәрі осы деп тұрсыңдар ма? – деді енесі, - Жоқ! Бұның шегі жоқ, анау бақтан ары, тіпті, сонау тақуаның алаңынан да ары қарай созылып жатыр, бірақ мен туғалы онда болған емеспін!.. Қане, түгелсіңдер ме? – деді де ол түрегелді. – Жоқ,түгел шықпапсыңдар! Ең ірі жұмыртқа бүтін күйінде екен. Бұның ақыры бар ма, тіпті, жалығып кеттім!
Ол амалсыз әлгі жұмыртқаны басып жата кетті.
- Қалай, сенің халың? – деп оған кәрі үйрек сығалай қарады.
- Әлі бір жұмыртқа қалып тұр! – деді жас үйрек. – Басуымда кем жоқ, шығатын емес! Басқасына қараңызшы! Сүйкімді-ақ! Әкесінен аумаған неме, мынау бір! Ол оңбаған маған бір рет те жолықпады!
- Былай тұршы, мен қарап жіберейін жұмыртқаңды! – деді әже үйрек. - Мүмкін бұл күркетауықтыкы болар! Мені солай бір рет сорлатқаны бар! Күркелілерді басып шығам деп сондағы сорлағанымды білсең! Ол құрғырлар судан өлердей қорқады ғой; мен оларға барқылдадым да, шақырдым да, суға итердім де, тіпті, баспады! Қане, қарайын! Айттым ғой! Мынауың күркетауық жұмыртқасы! Таста да өзгелерін жүзуге үйрет, құрысын бұл!
- Аздап басайын енді! – деді жас үйрек. – Қырқына шыдадым, енді біреуіне шыдайын.
- Өзің біл, қарағым!- деді де кәрі үйрек жөніне кетті.
Ақырында ең ірі жұмыртқа да шытынады. «Шиқ! Шиқ!» деп одан сұрықсыз балапан ақтарылып түсті. Үйрек оған зер сала қарады.
- Масқара, ірі екен! – деді ол.- Басқаларына ұқсамайды ғой! Неғып күркетауық болмақ? Итеріп түсірсем де, мұны суға салармын!
Келесі күні ауа райы сондай жайлы болды, күн сәулесіне түйежапырақ жайылған жасыл алқап малынып тұрды. Үйрек бала-шағасымен арыққа шұбырды. Күмп! – етіп үйректің өзі судан бір шықты.
- Қане, еріңдер маған! – деп балапандарын шақырды, үрпектер соңынан бірінен соң бірі суға күмп беріп жатыр.
Әуелі олардың басы судан көрінбеді, сосын шібилер айналасын тамашалау үшін бастарын шығарып жүзе бастады. Бәрі де табаншаларын тынбастан сермеумен болды, сұрықсыз сұры шіби де басқасынан қалар емес.
- Мынау қайдағы күркетауық болсын? – деді үйрек өзінен өзі. – Табаншаларын қалай сермейді, өзін қалай тіке ұстай біледі! Жоқ бұл өзімнің ұлым ғой! Өзіне дұрыстап қарасаң, сонша жаман емес! Қане, қане, ерің маған! Мен сендерді қазір қауымға апарайын – кеттік құс қораға. Бірақ біреу тапап кетпесін, маған жақын жүрің, әсіресе, мысықтан абай болың!
Олар құс қораға да жетті. Туһ! Не деген абыр-сабыр, айқай-шу! Екі жанұя бір жемге таласуда еді, ақыры ол мысыққа бұйырды.
- Көрдіңдер ғой, бұл дүниеде не болып жататынын! – деді де үйрек шешей тұмсығын жалап бір жұтынды,- дәмді жемнен оның да татқысы келді. – Қане, табандарыңды қозғап, анау үйрек әжейге барқылдап сәлем етің! Олар бұл маңдағы бәрінен де абыройлы үйрек! Ол испан нәсілді, сондықтан да сондай семіз. Көрдіңдер ме, оның табанындағы қызыл қиықты? Қандай әдемі! Ол белгіге сирек үйректер ғана ие болады. Адамдар бұл белгімен бағалы үйректі жоғалтып алмаудың қамын жасайды; мұндай белгіні адам да, жануарлар да бірден таниды. Қане, тезірек! Табандарыңды қатар ұстамаң!Тәрбиелі үйрек екі табанды әр бөлек ұстап, әке-шешесі секілді табандарын жазып жүзеді! Міне, былай! Қане, енді иіліп, барқылдаңдар!
Балапандар айтқанды істеді; ал басқа үйректер бұларға қарап, былай деп жатты:
- Ал, міне, тағы да қаптады! Бұларсыз аз едік! Ана біреуі қандай сыйықсыз! Қандай ұнамсыз!
Бір үйрек жалмажан жетіп келді де, сұрықсыз балапанның мойнын қыршып алды.
- Тимеңдер оған! – деп ара түсті үйрек-шеше. - Ол сіздерге не істеп еді!
- Тиіспегені рас, бірақ ол сондай ірі де ерсі екен! – деді әлгі сотқар үйрек. – Оны жүндей түту керек!
- Сенің шібилерің сондай сүйкімді! – деді балағына қызыл қиық шүберек байланған үйрек әжей.- Бәрі де сондай жағымды, ана біреуінен басқасы... Сәтсіз шыққан! Өзін қайта жаратар ма еді!
- Ештеңесі де жоқ, құрметтім! – деп қарсыласты үйрек-шешей. – Ол сұрықсыз, бірақ ол қайырымды, жүзе де біледі, тіпті бәрінен де жақсы жүзеді. Меніңше, ол өскен сайын жақсарып, тұрқы кішірейеді. Ол жұмыртқада көбірек жатып қалғасын, осындай кейіптес болып қалған. – деді де ол ірі шібиін тұмсығымен сипап өтті. – Оның үстіне ол болашақ қораз, сондықтан оған әдемі болу қажетсіз. Өскен сайын ол ержетіп, өз жолын өзі-ақ тауып кетеді!
- Дегенмен, басқалары сондай сүйкімді-ақ! – деуін қоймады кәрі үйрек. – Жарайды, өз үйлеріңдей көріңдер, жем қараңдар, маған әкеліп берулеріңе де болады.
Үйрек-шешей балапандарымен құс қораны өз үйіндей сезіне бастады. Тек жұмыртқасынан кешігіп шыққан сұрықсыз бейшара шібиді үйрегі де, тауығы да шоқып, күлкіге айналдырумен болды.
- Мынау аса ірі ғой!- десті бәрі де, ал өзін әмірші санайтын тепкі тырнақты үнді қоразы кеменің жел үрген желкеніндей қомпайды да, сұрықсыз шібиге қопаңдап келіп, одырая қарап, қанатын қомдады; бар қаны айдарына шапшығандай, өрттей қызарып шыға келді. Бейшара балапан не істерін білмей, сүмірейді. Ол өзінің сұрықсыздығынан құс қорадағы барлық жұрттың күлкісі мен түрткісіне айналды.
Осылайша алғашқы күн өткенімен, бұдан арғы күндер оған тіпті ауыр болды.Оны бәрі қуғынға салды, тіпті ұяластары да оны жек көре:
- Сен секілді кемтарды мысық алып кетпейді екен! – деді.
Ал шешесі оларға қосылып:
- Көзіме көрінбесең екен! - деді.
Үйректер оны шоқып, тауық біткен шымшып, ал жемдеуші қыз аяғымен тебетін болды.
Бұл қорлыққа шыдамаған жексұрын шіби, алды да шарбақтан қарғып кетті! Одан қорыққан ұсақ - түйек құстар шоршып кетті.
«Олар мен сондай жексұрын болғасын шошып кетті!» - деп мұңайған бала үйрек, басы ауған жаққа кете барды. Ол жүгірген бетімен жабайы үйректер тұратын батпақтан бір шықты. Әбден қалжыраған ол жабырқаған күйі түні бойы осында болды.
Ертеңгісін ұяларынан ұшқан үйректер бейтаныс жолдасты көрді.
- Сен кімсің? – деп сұрады олар, ал үйрек шіби жауаптан жалтарумен болды. – Сен қандай сұрықсыз едің! – десті жабайы үйректер. - Әй, бізге бәрібір, бірақ бізбен туыстасамын деп ойлама!
Бейшара! Ол туыс болуды қайдан ойласын! Тек оны қуғындамай, құрақты балшықта отыруға мұрсат беріп, шөлін қандыруға мүмкіндік берсе болғаны. Ол екі күнді батпақта өткізіп еді, үшінші күні екі жабайы қаз балапаны пайда болды.Олар жуырда ғана жұмыртқасынан шықса керек, өздерін сонша маңғаз ұстайды екен.
- Тыңда, тамыр! – десті олар. - Сен сондай сұрықсыз екенсің! Бізбен бірге ұшып, еркін құс болғың келе ме? Осыған таяу батпақта қайырымды жабайы бойжеткен қаздар тұрады. Олар: «Қаңқ,қаңқ!» деп сөйлейді. Сен өзің сұрықсыз болғасын, бәлкім жолың болар!
«Гүрс! Гүрс!» - етіп батпақ үсті жаңғырып кетті де, әлгі екі қаз балапан да қамыс ішіне оқ тиіп серейіп түсті; суға қанды бояу жайылды. «Гүрс! Гүрс!» - деп тағы дыбыс шықты, қамыс арасынан бір топ жабайы қаз дүр етіп аспанға көтерілді. Оқ жауып кетті. Аңшылар батпақты жан-жақтан қоршап тастаған; кейбіреуі батпақ үстіне төнген ағаш бұтағына шығып кетіпті. Ағаш біткенді көгілдір түтін басып кетті де, су бетіне тұтасып қалды. Батпақты аңшы иттері шылпылдатып кезіп кетті; қамыс біткен ырғалуда. Бейшара үйрек бала қорыққанынан басын қанатына тықпалады, қайда қараса да, көздері жанып ырсалаңдап, тілі салаңдаған ит келеді екен. Ол үйрекке жақындап, азуын біледі де, былш-былш етіп жөніне шауып кетті.
- Жаратқанға шүкір!- деп шөже үйрек. – Шүкір! Шүкір! Менің сұрықсыздығым сондай, ит те тістеуге жеркенеді!
Ол қамыс арасына жасырынды; оның үстін ала бытыралар гулеп ұшып, мылтық дауысы шығып жатты.
Атыс кешке қарай ғана саябырсыды, бірақ үйректің тырп етуге жүрегі дауаламады. Ол есін жинап, орнынан қозғалып, көгал мен атырапты аралап кеткенше, бірнеше сағат өтіп кетті. Соққан желдің күштілігі сондай, үйрек шөже орнынан зорға жылжыды.
Түнге қарай сұрықсыз үйрек жадау үйшікке келді. Үйшіктің титықтағаны сондай, қай жағына құлауын білмегендіктен амалсыз тұрғандай екен. Үйрек шөжені ұшырып кетердей дауыл өршелене соққасын, ол жерге жамбастай қалды.
Құйын төніп келді; бейшара балапан қайтсын? Бағы бар екен, ол бір топсасы сынып, қисая жабылған үйшік есігінің саңылауынан кіруді ойлады. Ол сөйтті.
Үйшікте мысығы мен тауығы бар кемпір тұрушы еді. Мысықты ол ұлына балайтын; ол арқасын иіп керіліп, пырылдай алатын және жүнінің жатысына қарсы тараса, ұшқын да шығаратын. Ал кішкене ғана қысқа аяқты тауықты Келтеаяқ деп атайтын; ол жаңылмастан күніге жұмыртқалағасын кемпір оны қызындай көрді.
Олар келімсекті ертеңгісін байқады; мысық пырылдап, тауық қытқыттай бастады.
- Не бар анда? – деп сұрады кемпір, айнала қарап үйрек шөжесін көрді де, көзі дұрыс көрмейтін ол үйінен адасқан семіз үйрек екен деп ойлады.
- Олжа деген осы! - деді кемпір. - Енді менде үйрек жұмыртқалайтын болды, егер бұл аталық болмаса. Не болса да сынап көрейік!
Сөйтіп, үйректі сынауға кірісті,бірақ ол үш апта өтсе де бір рет жұмыртқаламады. Отағасы мысық еді де, ал отанасы тауық болатын, олардың екеуі де: «Біз бір төбе, қалған дүние бір төбе!» дейтін. Олар өздерін дүниенің ең жақсы тең жартысына теңеді. Ал, үйректің бұл жөніндегі пікірі мүлдем басқаша еді.Тауық болса, оның бұл пиғылын жақтырмады.
- Сен жұмыртқалай аласың ба? – деп сұрады ол үйректен.
- Жоқ!
- Ендеше ауызыңды жап! Ал, мысық өз сұрағын былай қойды:
- Сен өз арқаңды бүге аласың ба, пырылдау мен мамығыңды ұшқындату қолыңнан келе ме?
- Жоқ!
- Ендеше ақылды жандардың қасында өз пікірің өзіңе.
Осылайша үйрек бір бұрышта сүмірейіп отыратын болды. Кенет оның есіне таза ауа мен күн сәулесі түсіп, жүзуге сонша ынтықты. Ол шыдай алмастан бұл тілегін тауыққа айтты.
- Саған не болған өзі?!- деді ол. – Еріккеннен ойыңа не болса сол келеді екен! Онан да жұмыртқа тап болмаса пырылда, бәлкім, есіргенің кетер!
- Шіркін, суда жүзгенге не жетсін! – деді шөже үйрек. – Ал, тұңғиыққа сүңгігенді айтсайшы!
- Жетер осы рахаттанғаның! – деді тауық. - Сен жынданғансың ба? Мысықтан сұра, одан ақылды жоқ, ол жүзуді ме, әлді сүңгуді ұната ма екен! Мен өзім жайында айтпай-ақ қояйын! Тіпті, дүниедегі ең ақылгөй, біздің қожайын кемпірден сұра! Қалай ойлайсың, ол жүзуге ме, әлді сүңгуге ме, құштар?
- Сіз мені түсінбей тұрсыз! – деді үйрек.
- Егер сені біз түсінбесек, кім түсінер екен! Сен немене, мені айтпағанда, мысық пен қожайын әжейден ақылдымын деп тұрсың ба? Есірме, одан да сен үшін бәрін қарастырған Жаратушыға алғыс жаудыр! Өзіңді паналатып, есіркеп отырған айналаңдағы қауымнан көп нәрсені үйренуіңе болады ғой, бірақ сен - топассың, сенімен сөйлесудің мәні жоқ! Шындығында, мен саған қайырым тілеймін, «Дос жылатып, дұшпан күлдіріп айтады» деген бар! Ең болмаса жұмыртқалауды болмаса пырылдауды не ұшқындатуды үйренсеңші!
- Меніңше, ең дұрысы - маған басым ауған жаққа кету! – деді үйрек балапан.
- Бар, жолың болсын! – деп жауап берді тауық.
Жексұрын шөже жолға шықты. Ол жүзсе де, сүңгісе де хайуан біткен бұрынғыша оның сұрықсыздығын жаратпады.
Күз түсті; ағаштардың жапырақтары сарғайып, күрең тарта бастады; жел оларды көтеріп алып, шыр айналдыратын болды; биіктеген сайын ауа салқындап, салмақтанған бұлттар мұзбұршақ пен қар себелейтін болды, ал шарбақ үстіне қонып алып, тамағына салқын тиген қарға қоймастан қарқылдайды. Қарр-рық! Суық туралы ойлаудың өзінен бойың салқындайды! Бейшара үйрекке ауыр күндер туды.
Бірде кешқұрым, күн шырайланып барып батты да, бұталардың арғы жағынан әлемет ірі құстардың тобыры көкке көтерілді; үйрек шөже мұндай кербез құстарды жұмыртқадан шыққалы көрмеген: түстері тегіс қардай аппақ, мойындары ұп-ұзын! Бұл аққулар тізбегі болатын. Олар таңғажайып дыбыс шығарып, керім қанаттарын құлаштай сермеп, көк теңіздің арғы жағына салқын тартқан шабындықты тастап жылы жаққа қарай ұшып бара жатты. Олар көктің төріне көтерілген сайын, үйрек байғұстың іші аласапыран күйге түсті. Ол су бетінде зырылдақ ойыншықтай шыр айнала жүзді, мойнын созып, бұл да қатты дауыстап оғаш қиқулады да, онысынан өзі шошып кетті. Ғажап құстар оның ойынан кетер емес, олар көз ұшынан көрінбей кеткенде, ол тұңғиыққа сүңгіді де, іші алай-дүлей болып қайта шықты. Үйрек шөже әлгі құстардың қалай аталатынын және қайда кеткенін білмесе де, оларды бұған дейін ешкімге бүлк етпеген сезіммен ұнатып қалды. Олардың сұлулығын қызғанған жоқ; оларға ұқсау оның ойына да келген жоқ; ол өзінің ең болмаса үйректерге жек көрінішті болмауына риза болар еді. Бейшара сұрықсыз шөже!
Ал қыс болса, қаһарына міне түсті. Үйрек шөжеге су қатпас үшін толассыз жүзуіне тура келді, бірақ түн сайын мұз қатпаған су беті тарыла түсті. Аяздың күшейгені сондай мұз қабаты жарыла бастады. Үйрек болса, шаршамастан табандары толастамады, ақырында әбден қажып, жүзуді қойды да, тұла бойын үсік шалды.
Таңертең ертелетіп, бір шаруа өтіп бара жатып, мұздағы бүрсиген балапанды көрді де, ағаш кебісімен мұзды ойып, үйрек шөжені үйіне әкеліп әйеліне берді. Ол балапанды жылытты.
Балалар мұны қызық көріп, ойнауға құмартты, бірақ әркімнен зәбір көріп қалған ол қорыққаннан ыршып түсіп, шелектегі сүтті төгіп жіберді. Әйел ойбай салып, қолын сермеді; одан үріккен шөже май толы шараға қойып кетті де, одан ұн салған бөшкеге түсті. Масқара, сондағы түрін көрсең! Әйел ойбайлаумен қолына көсеу алып, оның соңына түсті, балалар бір біріне соқтығысып, шиқылдай күліп мәз болысуда. Есіктің ашық болғаны қандай жақсы, үйрек алды да бұталардың арасына қойып кетті, жаңа жауған қарға түскен ол есін жия алмай ұзақ жатты.
Үйрек шөженің қыста көргенін баяндаса, сондай қайғылы оқиға болып шығар еді. Күн шығып, жер бетін қыздыра бастағанда, ол қамысы қаулаған батпақта жатқан-ды. Тырналар тыраулап, көктем де жетті-ау.
Есейген үйрек шөже қанатын қақты да ұша жөнелді; бұл жолы оның қанаттары ауамен үйкеліп шуылдады әрі бұрынғыдан гөрі мықтырақ еді. Ол есін жинап үлгерместен, үлкен баққа жолыға кетті. Алма ағаштарын гүл қаптапты; қош иісті сирен өзінің ұзын да жасыл бұтағын иреңдеген арықтың үстінен асыра иіп тұр.
Шіркін, көктемнің жұпар иісі аңқыған бұл маңда қандай жанға жайлы еді! Кенет тұтаса қаулаған қамыс арасынан үш бірдей аққу жүзіп шыға келді. Олардың жеңіл де жатық жүзгені сондай, су бетінде сырғанап келе жатқандай еді. Сұрықсыз шөже бұл әсем құстарды бұрыннан білетін,содан ба, оның бойын беймәлім мұң биледі.
«Қанеки, мен бұл кербез құстарға қарай ұшайын, бәлкім, олар менің сұрықсыз болғаным үшін өлтіріп тастар. Мейлі! Үйректер мен тауықтардың шоқуы мен құс қорадағы тәлкекті бастан кешіп, қыстағы суық пен аштық азабын тартқаннан, бұлардың мені өлтіріп тастағаны жақсы!»
Ол суға қонды да, бұны көріп ұмтылған сұлу аққуларға қарай қарсы жүзді.
- Өлтіріңдерші мені!- деп бейшара ажалды тосып, басын төмен салды, бірақ ол айнадай таза судан басқаны көрді. Ол өз бейнесін көрген еді, бірақ бұрынғыдай қошқыл сұры құсты емес, нағыз аққуды көрді!
Егер аққудың жұмыртқасынан шықсаң, үйректің ұясында дүниеге келу бәле емес екен ғой!
Ол өзінің соншама қайғы мен азап тартқанына риза еді, - өйткені, ол енді өзінің бақыты мен айналасындағы сұлулықтың құнын жақсырақ кәдірлейтін болды. Үлкен аққулар оны айнала жүзіп, тұмсықтарымен аймалады.
Баққа балақайлар жүгіріп келді; олар аққуларға нан қиқымын тастай бастап еді, олардың ең кішісі айқай салды:
- Жаңа, жаңа аққу!
Оны басқасы жалғастырды:
- Иә, анауысы жаңа ғой, жаңа! – қуанғаннан қолдарын шапаттап, секіре жөнелді; әке-шешелеріне жүгіріп барып, қайта оралып, тағы да нан қиқымы мен тәтті нан тастады. Бәрі де жаңа аққудың басқасынан сұлуырақ екенін айтумен болды. Сондай кішкентай, сүйкімді-ақ! Естияр аққулар да оған бастарын июмен болды. Ал ол болса, неге екенін өзі де білместен, ұялғаннан басын қанатына жасырды. Ол тым бақытты сезінді, бірақ тәкәпәрсымады – оның жайсаң жаны өркөкірек емес еді, - ол өзін жұрттың жек көріп, қудалағанын ұмытар емес. Енді жұрт оған ғажап құстардың ішіндегі ең ғажайыбы дейтін болды! Сирен ағаш судағы бұған өзінің жұпар бұтақтарын иді, күн сәулесін септі... Оның сымбатты мойны созылып, қомдаған қанаты шулап, кеудесінен шабытты дыбыс лықсыды:
- Жексұрын үйрек шөже кезімде, мен мұндай бақытты армандай алар ма едім!

Қазақтар Өріске қалай басып кірді

Серик МАЛЕЕВ

Тарих оқулықтарын тағы да қайта жазуға тура келер. Әсіресе, Бату хан бастап, кәзіргі моңғолдардың ата-бабасы Өріске (Русь) басып кіргендігі жөніндегі бөлігі. Өйткені, бұл басып кіруге моңғол дегеннің қатысының жоқтығынан. Бұл - кәзірде ешбір дауы жоқ, ғылыми дәлелді дәйек.
Алайда, мұндай уәждің болуы неліктен орын алды? Себебі, Бату қолының басында тұрған найман тайпасы моңғолдық болып есептелді. Осыған сәйкес қорытулар да қоздады. Бұлайша қоздату, ерте ме, кеш пе, әйтеуір, орын алуға тиісті жайт жарқ еткенше ғана жүрді. Ақыры, моңғолтанушы-оқымыстылар алдына бұл тайпаның ежелгі түркілік бабақазақтық тегі жөніндегі бұлтартпастай дәйекті жайып салынған еді. Бұдан былай, дәлірегін айтақ, 2001 жылдан бастап, найман, қоңырат, меркіт түрік тайпаларына жатқызылды. Ал, шын мәнінде Шыңғысханның өзі шыққан қиятты қосқанда төрт тайпа 1206 жылғы құрылтайда өз қаһандарын таңдаған еді.
Одан әрі не болғаны белгілі. Шыңғысхан қолы Қытайды, Қорезмді, Иранды жаулап алып, әлемдегі енапат империяны құрды. Одан әрі ұлы қолбасшының немересі Батудың қол астына біріккен қазақ тайпалары: найман, керей, қоңырат, меркіт, арғын, жалайыр, қыпшақ, дулат, алшын, ошақты, ысты, шапырашты, барлас, татарлардың қолдауымен Өрісті(Русь) жаулауға бет алды. Сондықтан да Батудың Өріске жорығын орыс жеріне басып кірген моңғолдық емес, қазақ-татар басқыны деп өз атымен атаған дұрыс.Егер шындықтың соңына түскіміз келсе, әрине.
Өзімізден қосарымыз, ол кезде орыстар өз тарихына сәйкес алсақ, бірімен бірі қырылысып жататын. Сондықтан да православ шіркеуіне сүйенген әрі католиктік Папаның қолдауымен бір бірімен ырғасқан, өзара қарсы одақтас орыс кінәздерінің қолдарын оп-оңай ғана талқандап, біртұтас орыс мемлекеттігінің негізін ұзақ ғасырларға бекітіп берді.
Бірақ мұны бәріміз де білеміз. Мәселе басқада: әлгі жаңа ілім негізінде моңғолтанушылар өз ұстанымдарын қалай қорғауда? Олар кәзір найман, қоңырат және меркіттердің көне қазақ тайпалары екендігі жөніндегі бұлтартпастай дерек пен дәйектің қыспағында қалып отыр емес пе? Енді олар Шыңғысхан шыққан қият руының моңғол екендігін қасарысқан түрде бекіте түсумен әуре болуда.
Әрине, оларды бір жағынан түсінуге болады. Өйткені, бұл - олардың бүгінгі қорғанатын жалғыз қалқаны. Тірек бекінісі. Бұл - олардың ғылыми абыройдан жұрдай болса да, барын салып қорғануға көшкен шебі.
Алайда, моңғолтанушылардың қорғанысы барлық тігіс бойынша сөгіле түсуде. Ол бейшараларды майданда да, тылда да талқандауда. Барлық жағынан боршалауда. Бейне бір алдымызда бас шабуыл тұрғандай секілденеді. Олардың маңдайын қасқайтып тұрып соққылауда. Моңғолтанушыларға мынадай сұрақ қойылуда: – «Егер қытай жылнамаларына сенсек, Шыңғысханның жорығына неге бір де бір моңғол емес, кілең түрік тайпалары қатысқан? – Олар болса, партизан секілді үнсіз. Неліктен – түріктік мемлекеттік құрылым орын алған? Шыңғысхан түріктерді ғана барша қолдауға алады, ал тарихта неге моңғолдар турасында ештеңе жоқ? – Моңғолтанушылар болса, тағы үнсіз. Сол кезде бүгінгі халха-моңғолдардың арғы бабалары секілді Бұғы анаға табынбай, Шыңғысхан моңғол болса, өгей түріктің Тәңіріне табынған. – Неліктен? – деп құмартушылар тағы мазалайды. Моңғолтанушылар тарапынан тағы да көрдегідей тыныштық орнаған. Дәл солай. Мен қателеспеппін. Естеріңізде ме, ежелгі түріктік Тәңірге қатысты «ұлтшылдық» ұранның бар екені: «Ей, түрік билері! Көк айналып Жерге түскенше, Жер қақ айырылып, жоқ болғанша, естеріңде болсын, түрік ұлысы, түрік мемлекеті, түрік шаңырағы жоғалмас. Қанымыз өзен болып тасыса да, сүйегіміз тау болып үйілсе де, тізе бүкпеңдер! Ей, түрік ұлысы, осыны есіңде ұста, мадақ тұт!»
Әлгі сауалдарға жауап бермесе де, олар, моңғолтанушлар, бірдеңені бықсытып ойнағысы келеді. Өздеріне ғана мәлім карта ойыны. Оларға мынаны:
– Ежелгі «Оғызнама» жырының жазбасында, белгілі ресейлік шуаштекті оқымысты Бичуриннің біздің дәуірімізге дейінгі IV ғасырда делінетін ежелгітүріктік Қият руы туралы мынадай аңыз бар: «Рубасы аса мерген садақшы болған, ол қиялап атса да, нысанаға дәл тигізеді екен. Сондықтан да рубасы Қият деген лақап атқа ие болған.» айтса, біздің моңғолтанушылар былайша дүрсе қоя береді:
– Бұл - жалған нәрсе. Шыңғысханды түріктерге жатқызу үшін жасалған айла-шарғы.
Мәссаған?! Жалған нәрсе?! Енді жүздеген жылдар кейін болмақшы оқиғаны біздің дәуірімізге дейінгі IV ғасырда жазылған жылнама алдын ала бұрмалап жазып қойғаны ғой!!! Ал, саған керек болса! Міне, кеңестік дәйек деген!
Айтпақшы, тағы да біреулер үшін жағымсыз бір тарихи шынайы жайт бар. Мәселен, ХХ ғасырдың басына дейін, дәлірек айтқанда, 1921 жылға дейін кәзіргі Моңғолия аумағы неліктен Түркістан аталған?
Демек, о бастан бұл аумақ көшпелі түріктердің жері болған да, XIII ғасырда олар Шыңғысханмен бірге кәзіргі қазақ жеріне, өздері құрған империяның қақ ортасы ретінде орын ауыстыруға мәжбүр болған, жауланған енапат аумақты басқаруға қолайлы болуы үшін. Бұл енді қыйсынға әбден келетін нәрсе.
Бұл даудағы біздің соңғы дәйегімізді келтірейік. Кеңестік мектептің моңғолтанушылары Шыңғысханның моңғолдық тамырын іздей жүріп, «Моңғолдардың құпия шежіресінің» орысша аудармасына сілтеме жасауға әуес. Ал, бұл аударманың КСРОның сол кездегі жалғыз одақтасы болған Моңғол халық республикасының жиырма жылдығына Сталин жолдастың жарлығы бойынша, тарихшы С.А.Козиннің қолымен тәржімаланғаны ескерілмейді. Сондықтан да, онда бұрмаламдар жеткілікті. Ал, моңғол тарихшыларының өздері «Моңғолдардың құпия шежіресі» мәтінін түпнұсқадан емес, кәзіргі тілдеріне бұрмаланған орыс нұсқасын алады да, ауытқыған мәтінге өздерінің тазартпаларын қосқылайды. Бұған дәлелдер қазақстандық белгілі тарихшы әрі жазушы Қалибек Данияровтың кітабында келтірілген.
Тіпті, мұның КСРОны өзге әлемнен бөлген темір перде кезеңіне қатысты екенін ұмытпағанымыз абзал. Ол кезде тарих Сталинше айтқанда, «өткен шаққа бағытталған саясат» болғаны рас болатын. Бұл жағдайда да кеңес өкіметі, ресейлік самодержавие секілді далалықтарға олардың аңызға айналған шежіресін жасыруға мүдделі еді.
Ал, енді перде жойылған жоқ па? Бүгін де тарихшы Қалибек Данияровтың қыруар еңбегіне сәйкес қазақтілді және орыстілді оқырмандар ортасы «Шыңғысханның батырлық жырын» түпнұсқадан оқуға мүмкіндік алды. Ежелгі жылнаманың түпнұсқасы дәл осылай аталған. (көрдіңіз бе, кеңестік мектептің моңғолтанушылары әуелгі көздеректің атауына дейін адам танымастай еткен). Бұл жерде де, ежелгі моңғолдық жазбадан «Шыңғысханның батырлық жырын» латыншаға мүлтіксіз түрде аударма жасаған батыстық ғалымдарға риза болмау мүмкін емес.
Бізді енді тағы бір таңқаларлық ашылым күтіп тұр. Данияровтың «Қазақстанның жаңа тарихы туралы» кітабында «Шыңғысханның батырлық жырынан» латынша қарыппен үзінді келтіріліпті:
– Erte udur – ece jeeinjisun okin-o
Onketen; ulus ulu temecet
Qasar qoa okid-i
Qaqan boluqsan – a taho
Qasaq terken – tur unoiju
Qara buura kolkeji
Qataralsu otcu
Qatun saulumu ba
Ulus irken ulu te temecet ba
Onke sait Okid-iyen ockeju
Olijke tai terken-tur unouliu
Ole buura kolkeju
Euskeju otcu
Undur saurin-tur
Orecle etet sauqui ba
Erfenece Kunqirat irket.
Көз алдымызда «Шыңғысханның батырлық жырынан» келтірілген, Есугеймен келісу үстіндегі Бөртенің әкесінің кішкене Теміршінге өз қызын беруге дайын екендігін айтқан әңгімесінен үзік қана. Жырдың пайда болуынан кейін сандаған ғасырлар өтсе де, тіл өзгерсе де, көптеген сөздер сол күйінде жылы ұшырасады. Қалибек Данияров келтірген кейбір сөздерді көрейік:
– Qacar – ғасыр; Qatun – қатын; Okid-i – оқыйды; Qaqan – қаған; Boluqsan – болсаң; Kunqirat – қоңырат; Qasaq terken tyr – қазақ төркін тұр; Erfenece kunqirat irken – ертеңнен қоңырат еркін.
Ежелгі моңғол тілі осындай болған ба? Бұл, өзіміздің нағыз ет жақынымыз – ғасырлар түкпірінен сол күйінде бұзылмастан жеткен қазақ тілі емей немене!
Шыңғысханның туыстары, әйелдері, батырлары мен нойондарының есімдері барынша қазақша айтылуы енді түсінікті болды. Егер Шыңғысхан мен оның айналасы тек қана осы тілде сөйлессе, басқаша болуы мүмкін емес еді.
Сонда, Шыңғысхан өз айналасына ылғый қазақ тайпаларын шоғырландырып, қазақ мемлекеттігін құрып, қазақ Тәңіріне сыйынып, қазақ әйелдеріне үйленіп, қазақша сөйлеп, өзінен кейін қазақша жырланатын «Шыңғысханның батырлық жырын» қалдырса – оның қазақ болмай, кім болғаны? Жоқ! Дұрыс айтасың! Дәл солай – моңғол болғаны...
«Как казахи вторглись на Русь,
или Об альтернативной истории, ставшей отныне безальтернативной»,
№ 2 (367) от 21.01.2008 «МЕГОПОЛИС»
Орысшадан қотарған – С.Әбдірешұлы