вторник, 4 марта 2008 г.

ЖЕКСҰРЫН ШӨЖЕ

Х. АНДЕРСЕН

ЕРТЕГІ

Қала сырты рахат! Жаз келіп, қара бидай сарғайды, сұлы көктеп, жағалай шөмеле қаптады; көгалда ұзын сирақ ләйлек құс ойқастап жүріп, мысырша шатпақтап сөйлеуде – оны енесінен үйренген еді. Атырап пен көгалдың арғы жағы алма-кезек тоғай мен көлдерге ұласқан. Қала сыртында бұдан артық не керек! Айнала арықпен қоршалған ескі мекен күнге шыжығандай сиықта; шарбақтан арыққа дейін ірі жапырағының астына сәби жасырынатындай болып түйежапырақ қаптай өсіпті. Жиі өскен түйежапырақ та өзінше ну ормандағыдай тымтырыс әрі нағыз жабайы көрініс орнаған, міне, сондай бір жерде жұмыртқа басып бір үйрек жатты. Оның жұмыртқа басқанына сонша көп уақыт болса керек, ол жалығып бітті: өйткені, өзгелері онымен бірге барқылдап жатқаннан гөрі арық қуалап жөндерінде жүзіп жүр.
Ақырында жұмыртқа қабығы шытынай бастады. «Шиқ! Шиқ!» деп жұмыртқаның сары уыздарына жан кіріп, жарықтан титтей тұмсықтар шыға бастады.
- Тірі! Тірі!- деп барқылдаған үйректі айнала жұмыртқадан жаңа шыққан сары үрпектер айнала аңқиып, көздеріне алғаш түскен түйежапыраққа барлай қарауда; енесі еркіне қоя берді – жасыл түс көздеріне пайдалы.
- Дүние қандай байтақ! – десті шібилер.
Әрине! Мынау дегенің өздері шыққан қабық ішінен әлдеқайда кең ғой.
- Сендер дүниенің небәрі осы деп тұрсыңдар ма? – деді енесі, - Жоқ! Бұның шегі жоқ, анау бақтан ары, тіпті, сонау тақуаның алаңынан да ары қарай созылып жатыр, бірақ мен туғалы онда болған емеспін!.. Қане, түгелсіңдер ме? – деді де ол түрегелді. – Жоқ,түгел шықпапсыңдар! Ең ірі жұмыртқа бүтін күйінде екен. Бұның ақыры бар ма, тіпті, жалығып кеттім!
Ол амалсыз әлгі жұмыртқаны басып жата кетті.
- Қалай, сенің халың? – деп оған кәрі үйрек сығалай қарады.
- Әлі бір жұмыртқа қалып тұр! – деді жас үйрек. – Басуымда кем жоқ, шығатын емес! Басқасына қараңызшы! Сүйкімді-ақ! Әкесінен аумаған неме, мынау бір! Ол оңбаған маған бір рет те жолықпады!
- Былай тұршы, мен қарап жіберейін жұмыртқаңды! – деді әже үйрек. - Мүмкін бұл күркетауықтыкы болар! Мені солай бір рет сорлатқаны бар! Күркелілерді басып шығам деп сондағы сорлағанымды білсең! Ол құрғырлар судан өлердей қорқады ғой; мен оларға барқылдадым да, шақырдым да, суға итердім де, тіпті, баспады! Қане, қарайын! Айттым ғой! Мынауың күркетауық жұмыртқасы! Таста да өзгелерін жүзуге үйрет, құрысын бұл!
- Аздап басайын енді! – деді жас үйрек. – Қырқына шыдадым, енді біреуіне шыдайын.
- Өзің біл, қарағым!- деді де кәрі үйрек жөніне кетті.
Ақырында ең ірі жұмыртқа да шытынады. «Шиқ! Шиқ!» деп одан сұрықсыз балапан ақтарылып түсті. Үйрек оған зер сала қарады.
- Масқара, ірі екен! – деді ол.- Басқаларына ұқсамайды ғой! Неғып күркетауық болмақ? Итеріп түсірсем де, мұны суға салармын!
Келесі күні ауа райы сондай жайлы болды, күн сәулесіне түйежапырақ жайылған жасыл алқап малынып тұрды. Үйрек бала-шағасымен арыққа шұбырды. Күмп! – етіп үйректің өзі судан бір шықты.
- Қане, еріңдер маған! – деп балапандарын шақырды, үрпектер соңынан бірінен соң бірі суға күмп беріп жатыр.
Әуелі олардың басы судан көрінбеді, сосын шібилер айналасын тамашалау үшін бастарын шығарып жүзе бастады. Бәрі де табаншаларын тынбастан сермеумен болды, сұрықсыз сұры шіби де басқасынан қалар емес.
- Мынау қайдағы күркетауық болсын? – деді үйрек өзінен өзі. – Табаншаларын қалай сермейді, өзін қалай тіке ұстай біледі! Жоқ бұл өзімнің ұлым ғой! Өзіне дұрыстап қарасаң, сонша жаман емес! Қане, қане, ерің маған! Мен сендерді қазір қауымға апарайын – кеттік құс қораға. Бірақ біреу тапап кетпесін, маған жақын жүрің, әсіресе, мысықтан абай болың!
Олар құс қораға да жетті. Туһ! Не деген абыр-сабыр, айқай-шу! Екі жанұя бір жемге таласуда еді, ақыры ол мысыққа бұйырды.
- Көрдіңдер ғой, бұл дүниеде не болып жататынын! – деді де үйрек шешей тұмсығын жалап бір жұтынды,- дәмді жемнен оның да татқысы келді. – Қане, табандарыңды қозғап, анау үйрек әжейге барқылдап сәлем етің! Олар бұл маңдағы бәрінен де абыройлы үйрек! Ол испан нәсілді, сондықтан да сондай семіз. Көрдіңдер ме, оның табанындағы қызыл қиықты? Қандай әдемі! Ол белгіге сирек үйректер ғана ие болады. Адамдар бұл белгімен бағалы үйректі жоғалтып алмаудың қамын жасайды; мұндай белгіні адам да, жануарлар да бірден таниды. Қане, тезірек! Табандарыңды қатар ұстамаң!Тәрбиелі үйрек екі табанды әр бөлек ұстап, әке-шешесі секілді табандарын жазып жүзеді! Міне, былай! Қане, енді иіліп, барқылдаңдар!
Балапандар айтқанды істеді; ал басқа үйректер бұларға қарап, былай деп жатты:
- Ал, міне, тағы да қаптады! Бұларсыз аз едік! Ана біреуі қандай сыйықсыз! Қандай ұнамсыз!
Бір үйрек жалмажан жетіп келді де, сұрықсыз балапанның мойнын қыршып алды.
- Тимеңдер оған! – деп ара түсті үйрек-шеше. - Ол сіздерге не істеп еді!
- Тиіспегені рас, бірақ ол сондай ірі де ерсі екен! – деді әлгі сотқар үйрек. – Оны жүндей түту керек!
- Сенің шібилерің сондай сүйкімді! – деді балағына қызыл қиық шүберек байланған үйрек әжей.- Бәрі де сондай жағымды, ана біреуінен басқасы... Сәтсіз шыққан! Өзін қайта жаратар ма еді!
- Ештеңесі де жоқ, құрметтім! – деп қарсыласты үйрек-шешей. – Ол сұрықсыз, бірақ ол қайырымды, жүзе де біледі, тіпті бәрінен де жақсы жүзеді. Меніңше, ол өскен сайын жақсарып, тұрқы кішірейеді. Ол жұмыртқада көбірек жатып қалғасын, осындай кейіптес болып қалған. – деді де ол ірі шібиін тұмсығымен сипап өтті. – Оның үстіне ол болашақ қораз, сондықтан оған әдемі болу қажетсіз. Өскен сайын ол ержетіп, өз жолын өзі-ақ тауып кетеді!
- Дегенмен, басқалары сондай сүйкімді-ақ! – деуін қоймады кәрі үйрек. – Жарайды, өз үйлеріңдей көріңдер, жем қараңдар, маған әкеліп берулеріңе де болады.
Үйрек-шешей балапандарымен құс қораны өз үйіндей сезіне бастады. Тек жұмыртқасынан кешігіп шыққан сұрықсыз бейшара шібиді үйрегі де, тауығы да шоқып, күлкіге айналдырумен болды.
- Мынау аса ірі ғой!- десті бәрі де, ал өзін әмірші санайтын тепкі тырнақты үнді қоразы кеменің жел үрген желкеніндей қомпайды да, сұрықсыз шібиге қопаңдап келіп, одырая қарап, қанатын қомдады; бар қаны айдарына шапшығандай, өрттей қызарып шыға келді. Бейшара балапан не істерін білмей, сүмірейді. Ол өзінің сұрықсыздығынан құс қорадағы барлық жұрттың күлкісі мен түрткісіне айналды.
Осылайша алғашқы күн өткенімен, бұдан арғы күндер оған тіпті ауыр болды.Оны бәрі қуғынға салды, тіпті ұяластары да оны жек көре:
- Сен секілді кемтарды мысық алып кетпейді екен! – деді.
Ал шешесі оларға қосылып:
- Көзіме көрінбесең екен! - деді.
Үйректер оны шоқып, тауық біткен шымшып, ал жемдеуші қыз аяғымен тебетін болды.
Бұл қорлыққа шыдамаған жексұрын шіби, алды да шарбақтан қарғып кетті! Одан қорыққан ұсақ - түйек құстар шоршып кетті.
«Олар мен сондай жексұрын болғасын шошып кетті!» - деп мұңайған бала үйрек, басы ауған жаққа кете барды. Ол жүгірген бетімен жабайы үйректер тұратын батпақтан бір шықты. Әбден қалжыраған ол жабырқаған күйі түні бойы осында болды.
Ертеңгісін ұяларынан ұшқан үйректер бейтаныс жолдасты көрді.
- Сен кімсің? – деп сұрады олар, ал үйрек шіби жауаптан жалтарумен болды. – Сен қандай сұрықсыз едің! – десті жабайы үйректер. - Әй, бізге бәрібір, бірақ бізбен туыстасамын деп ойлама!
Бейшара! Ол туыс болуды қайдан ойласын! Тек оны қуғындамай, құрақты балшықта отыруға мұрсат беріп, шөлін қандыруға мүмкіндік берсе болғаны. Ол екі күнді батпақта өткізіп еді, үшінші күні екі жабайы қаз балапаны пайда болды.Олар жуырда ғана жұмыртқасынан шықса керек, өздерін сонша маңғаз ұстайды екен.
- Тыңда, тамыр! – десті олар. - Сен сондай сұрықсыз екенсің! Бізбен бірге ұшып, еркін құс болғың келе ме? Осыған таяу батпақта қайырымды жабайы бойжеткен қаздар тұрады. Олар: «Қаңқ,қаңқ!» деп сөйлейді. Сен өзің сұрықсыз болғасын, бәлкім жолың болар!
«Гүрс! Гүрс!» - етіп батпақ үсті жаңғырып кетті де, әлгі екі қаз балапан да қамыс ішіне оқ тиіп серейіп түсті; суға қанды бояу жайылды. «Гүрс! Гүрс!» - деп тағы дыбыс шықты, қамыс арасынан бір топ жабайы қаз дүр етіп аспанға көтерілді. Оқ жауып кетті. Аңшылар батпақты жан-жақтан қоршап тастаған; кейбіреуі батпақ үстіне төнген ағаш бұтағына шығып кетіпті. Ағаш біткенді көгілдір түтін басып кетті де, су бетіне тұтасып қалды. Батпақты аңшы иттері шылпылдатып кезіп кетті; қамыс біткен ырғалуда. Бейшара үйрек бала қорыққанынан басын қанатына тықпалады, қайда қараса да, көздері жанып ырсалаңдап, тілі салаңдаған ит келеді екен. Ол үйрекке жақындап, азуын біледі де, былш-былш етіп жөніне шауып кетті.
- Жаратқанға шүкір!- деп шөже үйрек. – Шүкір! Шүкір! Менің сұрықсыздығым сондай, ит те тістеуге жеркенеді!
Ол қамыс арасына жасырынды; оның үстін ала бытыралар гулеп ұшып, мылтық дауысы шығып жатты.
Атыс кешке қарай ғана саябырсыды, бірақ үйректің тырп етуге жүрегі дауаламады. Ол есін жинап, орнынан қозғалып, көгал мен атырапты аралап кеткенше, бірнеше сағат өтіп кетті. Соққан желдің күштілігі сондай, үйрек шөже орнынан зорға жылжыды.
Түнге қарай сұрықсыз үйрек жадау үйшікке келді. Үйшіктің титықтағаны сондай, қай жағына құлауын білмегендіктен амалсыз тұрғандай екен. Үйрек шөжені ұшырып кетердей дауыл өршелене соққасын, ол жерге жамбастай қалды.
Құйын төніп келді; бейшара балапан қайтсын? Бағы бар екен, ол бір топсасы сынып, қисая жабылған үйшік есігінің саңылауынан кіруді ойлады. Ол сөйтті.
Үйшікте мысығы мен тауығы бар кемпір тұрушы еді. Мысықты ол ұлына балайтын; ол арқасын иіп керіліп, пырылдай алатын және жүнінің жатысына қарсы тараса, ұшқын да шығаратын. Ал кішкене ғана қысқа аяқты тауықты Келтеаяқ деп атайтын; ол жаңылмастан күніге жұмыртқалағасын кемпір оны қызындай көрді.
Олар келімсекті ертеңгісін байқады; мысық пырылдап, тауық қытқыттай бастады.
- Не бар анда? – деп сұрады кемпір, айнала қарап үйрек шөжесін көрді де, көзі дұрыс көрмейтін ол үйінен адасқан семіз үйрек екен деп ойлады.
- Олжа деген осы! - деді кемпір. - Енді менде үйрек жұмыртқалайтын болды, егер бұл аталық болмаса. Не болса да сынап көрейік!
Сөйтіп, үйректі сынауға кірісті,бірақ ол үш апта өтсе де бір рет жұмыртқаламады. Отағасы мысық еді де, ал отанасы тауық болатын, олардың екеуі де: «Біз бір төбе, қалған дүние бір төбе!» дейтін. Олар өздерін дүниенің ең жақсы тең жартысына теңеді. Ал, үйректің бұл жөніндегі пікірі мүлдем басқаша еді.Тауық болса, оның бұл пиғылын жақтырмады.
- Сен жұмыртқалай аласың ба? – деп сұрады ол үйректен.
- Жоқ!
- Ендеше ауызыңды жап! Ал, мысық өз сұрағын былай қойды:
- Сен өз арқаңды бүге аласың ба, пырылдау мен мамығыңды ұшқындату қолыңнан келе ме?
- Жоқ!
- Ендеше ақылды жандардың қасында өз пікірің өзіңе.
Осылайша үйрек бір бұрышта сүмірейіп отыратын болды. Кенет оның есіне таза ауа мен күн сәулесі түсіп, жүзуге сонша ынтықты. Ол шыдай алмастан бұл тілегін тауыққа айтты.
- Саған не болған өзі?!- деді ол. – Еріккеннен ойыңа не болса сол келеді екен! Онан да жұмыртқа тап болмаса пырылда, бәлкім, есіргенің кетер!
- Шіркін, суда жүзгенге не жетсін! – деді шөже үйрек. – Ал, тұңғиыққа сүңгігенді айтсайшы!
- Жетер осы рахаттанғаның! – деді тауық. - Сен жынданғансың ба? Мысықтан сұра, одан ақылды жоқ, ол жүзуді ме, әлді сүңгуді ұната ма екен! Мен өзім жайында айтпай-ақ қояйын! Тіпті, дүниедегі ең ақылгөй, біздің қожайын кемпірден сұра! Қалай ойлайсың, ол жүзуге ме, әлді сүңгуге ме, құштар?
- Сіз мені түсінбей тұрсыз! – деді үйрек.
- Егер сені біз түсінбесек, кім түсінер екен! Сен немене, мені айтпағанда, мысық пен қожайын әжейден ақылдымын деп тұрсың ба? Есірме, одан да сен үшін бәрін қарастырған Жаратушыға алғыс жаудыр! Өзіңді паналатып, есіркеп отырған айналаңдағы қауымнан көп нәрсені үйренуіңе болады ғой, бірақ сен - топассың, сенімен сөйлесудің мәні жоқ! Шындығында, мен саған қайырым тілеймін, «Дос жылатып, дұшпан күлдіріп айтады» деген бар! Ең болмаса жұмыртқалауды болмаса пырылдауды не ұшқындатуды үйренсеңші!
- Меніңше, ең дұрысы - маған басым ауған жаққа кету! – деді үйрек балапан.
- Бар, жолың болсын! – деп жауап берді тауық.
Жексұрын шөже жолға шықты. Ол жүзсе де, сүңгісе де хайуан біткен бұрынғыша оның сұрықсыздығын жаратпады.
Күз түсті; ағаштардың жапырақтары сарғайып, күрең тарта бастады; жел оларды көтеріп алып, шыр айналдыратын болды; биіктеген сайын ауа салқындап, салмақтанған бұлттар мұзбұршақ пен қар себелейтін болды, ал шарбақ үстіне қонып алып, тамағына салқын тиген қарға қоймастан қарқылдайды. Қарр-рық! Суық туралы ойлаудың өзінен бойың салқындайды! Бейшара үйрекке ауыр күндер туды.
Бірде кешқұрым, күн шырайланып барып батты да, бұталардың арғы жағынан әлемет ірі құстардың тобыры көкке көтерілді; үйрек шөже мұндай кербез құстарды жұмыртқадан шыққалы көрмеген: түстері тегіс қардай аппақ, мойындары ұп-ұзын! Бұл аққулар тізбегі болатын. Олар таңғажайып дыбыс шығарып, керім қанаттарын құлаштай сермеп, көк теңіздің арғы жағына салқын тартқан шабындықты тастап жылы жаққа қарай ұшып бара жатты. Олар көктің төріне көтерілген сайын, үйрек байғұстың іші аласапыран күйге түсті. Ол су бетінде зырылдақ ойыншықтай шыр айнала жүзді, мойнын созып, бұл да қатты дауыстап оғаш қиқулады да, онысынан өзі шошып кетті. Ғажап құстар оның ойынан кетер емес, олар көз ұшынан көрінбей кеткенде, ол тұңғиыққа сүңгіді де, іші алай-дүлей болып қайта шықты. Үйрек шөже әлгі құстардың қалай аталатынын және қайда кеткенін білмесе де, оларды бұған дейін ешкімге бүлк етпеген сезіммен ұнатып қалды. Олардың сұлулығын қызғанған жоқ; оларға ұқсау оның ойына да келген жоқ; ол өзінің ең болмаса үйректерге жек көрінішті болмауына риза болар еді. Бейшара сұрықсыз шөже!
Ал қыс болса, қаһарына міне түсті. Үйрек шөжеге су қатпас үшін толассыз жүзуіне тура келді, бірақ түн сайын мұз қатпаған су беті тарыла түсті. Аяздың күшейгені сондай мұз қабаты жарыла бастады. Үйрек болса, шаршамастан табандары толастамады, ақырында әбден қажып, жүзуді қойды да, тұла бойын үсік шалды.
Таңертең ертелетіп, бір шаруа өтіп бара жатып, мұздағы бүрсиген балапанды көрді де, ағаш кебісімен мұзды ойып, үйрек шөжені үйіне әкеліп әйеліне берді. Ол балапанды жылытты.
Балалар мұны қызық көріп, ойнауға құмартты, бірақ әркімнен зәбір көріп қалған ол қорыққаннан ыршып түсіп, шелектегі сүтті төгіп жіберді. Әйел ойбай салып, қолын сермеді; одан үріккен шөже май толы шараға қойып кетті де, одан ұн салған бөшкеге түсті. Масқара, сондағы түрін көрсең! Әйел ойбайлаумен қолына көсеу алып, оның соңына түсті, балалар бір біріне соқтығысып, шиқылдай күліп мәз болысуда. Есіктің ашық болғаны қандай жақсы, үйрек алды да бұталардың арасына қойып кетті, жаңа жауған қарға түскен ол есін жия алмай ұзақ жатты.
Үйрек шөженің қыста көргенін баяндаса, сондай қайғылы оқиға болып шығар еді. Күн шығып, жер бетін қыздыра бастағанда, ол қамысы қаулаған батпақта жатқан-ды. Тырналар тыраулап, көктем де жетті-ау.
Есейген үйрек шөже қанатын қақты да ұша жөнелді; бұл жолы оның қанаттары ауамен үйкеліп шуылдады әрі бұрынғыдан гөрі мықтырақ еді. Ол есін жинап үлгерместен, үлкен баққа жолыға кетті. Алма ағаштарын гүл қаптапты; қош иісті сирен өзінің ұзын да жасыл бұтағын иреңдеген арықтың үстінен асыра иіп тұр.
Шіркін, көктемнің жұпар иісі аңқыған бұл маңда қандай жанға жайлы еді! Кенет тұтаса қаулаған қамыс арасынан үш бірдей аққу жүзіп шыға келді. Олардың жеңіл де жатық жүзгені сондай, су бетінде сырғанап келе жатқандай еді. Сұрықсыз шөже бұл әсем құстарды бұрыннан білетін,содан ба, оның бойын беймәлім мұң биледі.
«Қанеки, мен бұл кербез құстарға қарай ұшайын, бәлкім, олар менің сұрықсыз болғаным үшін өлтіріп тастар. Мейлі! Үйректер мен тауықтардың шоқуы мен құс қорадағы тәлкекті бастан кешіп, қыстағы суық пен аштық азабын тартқаннан, бұлардың мені өлтіріп тастағаны жақсы!»
Ол суға қонды да, бұны көріп ұмтылған сұлу аққуларға қарай қарсы жүзді.
- Өлтіріңдерші мені!- деп бейшара ажалды тосып, басын төмен салды, бірақ ол айнадай таза судан басқаны көрді. Ол өз бейнесін көрген еді, бірақ бұрынғыдай қошқыл сұры құсты емес, нағыз аққуды көрді!
Егер аққудың жұмыртқасынан шықсаң, үйректің ұясында дүниеге келу бәле емес екен ғой!
Ол өзінің соншама қайғы мен азап тартқанына риза еді, - өйткені, ол енді өзінің бақыты мен айналасындағы сұлулықтың құнын жақсырақ кәдірлейтін болды. Үлкен аққулар оны айнала жүзіп, тұмсықтарымен аймалады.
Баққа балақайлар жүгіріп келді; олар аққуларға нан қиқымын тастай бастап еді, олардың ең кішісі айқай салды:
- Жаңа, жаңа аққу!
Оны басқасы жалғастырды:
- Иә, анауысы жаңа ғой, жаңа! – қуанғаннан қолдарын шапаттап, секіре жөнелді; әке-шешелеріне жүгіріп барып, қайта оралып, тағы да нан қиқымы мен тәтті нан тастады. Бәрі де жаңа аққудың басқасынан сұлуырақ екенін айтумен болды. Сондай кішкентай, сүйкімді-ақ! Естияр аққулар да оған бастарын июмен болды. Ал ол болса, неге екенін өзі де білместен, ұялғаннан басын қанатына жасырды. Ол тым бақытты сезінді, бірақ тәкәпәрсымады – оның жайсаң жаны өркөкірек емес еді, - ол өзін жұрттың жек көріп, қудалағанын ұмытар емес. Енді жұрт оған ғажап құстардың ішіндегі ең ғажайыбы дейтін болды! Сирен ағаш судағы бұған өзінің жұпар бұтақтарын иді, күн сәулесін септі... Оның сымбатты мойны созылып, қомдаған қанаты шулап, кеудесінен шабытты дыбыс лықсыды:
- Жексұрын үйрек шөже кезімде, мен мұндай бақытты армандай алар ма едім!

Комментариев нет: