понедельник, 21 января 2008 г.

«ҚОЗЫ КӨРПЕШ – БАЯН СҰЛУ» КҮМБЕЗІ

Тілеген Ахметұлы

Мавзолей деймiз бе, мазар деймiз бе, кесене деймiз бе қалай атасақ та тақиямызға тар келмейтiн осынау көне жәдiгер ескерткiш күздегi қара дауылдың, көктемгi нөсер жауынның астында қалып неге құлазып, неге иен тұр. Неге?
2000 жылы Шәкәрiм атындағы Семей мемлекеттiк университетiнде «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының 1500 жылдығына орай дүбiрлi халықаралық конференция өтiп, онда елiмiзге ғана емес, күллi түркi халқына танымал ғалым, филология ғылымының докторы академик Рахманқұл Бердiбаев ағамыз сөздiң майын тамызып баяндама жасап, одан әрi фольклоршы ғалымдар баяндаманы байытып бiр шықты дерсiң. «Е, осымен жырдың 1500 жылдығы тәмам болды» - деп ойлаған-ды қалың жұрт. Бақсақ бұл ой күпiрлiк екен.
Үкiметiмiз кезiнде «2001-2002 жылдар кезеңiнде республикалық деңгейдегi өткiзiлетiн мерейтойлар мен атаулы күндер тiзбесi» бойынша «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» эпосының 1500 жылдығын өткiзу жөнiнде Қаулы шығарды.
Пәлi деген! Жыр туралы зерттеулер жазылып, ұзақ таңға баяндамалар жасалсын-ақ, белгiленсiн-ақ, ал, жырға тiкелей қатысы бар махаббат күмбезiнiң хал ахуалы нешiк, оған күтiм, жөндеу, кем-кетiгiн түзеу, ретке келтiру бар ғой.
Бұл жай да тек қағаз жүзiнде тiркелiп, мазарға барар жолдағы өзенге көпiр салынып, Таңсық ауылымен екi ортаға асфальт төселiп, күмбез iшiндегi атбесiк жаңаланып, ерте заманда-ақ ұры-қарылардың қолында кеткен мазар маңындағы Ай, таңсық, т.б. бейнеленген балбал тастарды жаңғыртып қайтадан қалпына келтiру сияқты дүниелер көрсетiлген-дi. Үкiмет тарапынан қаржы бөлiнген. Бұл iстердi түгелдей дерлiк Аякөз аудандық әкiмшiлiгi атқаруы тиiс едi. Сол кездегi аудан әкiмi Марат Әкiрамов мырза «қатырамыз жасаймыз» деп бөлiнген миллиондаған теңгенi жоқ қылды. Өйткенi, жоғарыда аталған бiрде-бiр шара iске аспады.
Тек «күрiш арқасында күрмек су iшiптi» дегендей, Таңсық ауылындағы мектеп-интернат жаңаланып қалыпты. Оның өзi де мазар басына тәу етушiлер келгенде жатып тынығатын қонақжай ретiнде. Ал конференцияға қатысушылар мазар басына барып тәу ете тұрып, мазардың тозып кеткендiгiне, иесiздiгiне бас шайқасты.
Сол бiр дүбiр конференциядан соң бұл жайға оралып соққан ешкiм жоқ. «Жабулы қазан жабулы күйiнде» кеттi.
Жауһар жырды жырлаған Сыбанбай, Бекбай, Жанақ, Шөже, Шәкiр (Әбенов) нұсқаларының жиырма түрi болса, ескерткiш туралы Ш.Уәлиханов, А.Пушкин, Әлкей Марғұлан, ал ғалымдар В.Кастанье, Г.Потанин, В.Радлов, Н.Абратов т.б. назар аударған.
Тарихтан белгiлi болғандай А.Пушкин 1830 жылы жыр мазмұнын жаздыртып алып, оны шығыстың Ромео-Джульеттасына теңеген. Ол тiптi шығарма да жазбақ болған деген де дерек бар.
Ал Шоқан болса, ескерткiштi өзеннiң арғы жағында тұрып-ақ көзiмен көрiп, суретiн салған. Ал академик Әлкей Хақанұлы жыр кейiпкерлерiнiң өмiр сүрген заманы сақ дәуiрi деп анықтап кеттi.
Шоқан салған суретте бейнеленген мүсiндер бұл күнде күмбез басында жоқ. Оны немiс ғалымдары 1860 жылдары Германияға алып кетiптi-мыс. Тiптi жарайды, солай-ақ болсын делiк, ескерткiш тонауға ұшырап, қолды болып кеткен күннiң өзiнде, қандай болды дейтiн емес, суреттер бар ғой. Соны негiзге алып, сол бейнелердi жаңғыртып, тастан қайта қашап, неге қалыпқа келтiрмеске.
Тап осы жерде менiң ойыма жазушы Оралхан Бөкейдiң оралғаны ғой. Неге дейсiз ғой? Университетте оқыған жылдарымызда Орағаңмен кездесу соңы әрқашан да оның Б.Майлинның «Шұғаның белгiсi» повесiнен кәнiгi әртiстерше нақышына келтiрiп, үзiндi оқитыны есiмде қалыпты. «Әне, - дедi жолдасым, - әне Шұғаның белгiсi көрiндi... Ой, өзi де Шұға десе Шұға едi-ау!» - деп қойды. Сол жарықтық айтқандай, Таңсық стансасы тұсынан өткенiмiзде бiлетiн жандар әне, Қозы Көрпеш-Баян сұлу мазары, махаббат күмбезi, - деп бұрыннан бiлетiндер бiр-бiрiне көрсетiп жатқанына сан мәрте куә болдым.
Түк табылмағандай Семей педагогикалық институты студенттерiне күмбездi жөндеу турасында әлдеқандай реставрацияны әлiптi таяқ деп бiлмейтiн дүмше бiреулер әлемдiк жауһарға тең ескерткiштi «түзеуге» емес, «бүлдiруге» пәрмен бередi. Ол жарықтықтар өгiздiң мұрнын жұдырықпен тескендей етiп, сыны кетсе де сыры кетпей, өзi-ақ ансамбльдiк қалпын сақтап, ғажап үйлесiм тауып тұрған Арғанаты тауының ерекше жымдасып тұрған Қайрақ тастарын цементтеп алабажақ етiп сылап шыққан. Онымен де қоймай, мазардың алдына ескерткiштiң сынын кетiретiн табалдырық қалаған. Ішiне ат бесiк жасаған. Сөйткен де жөндедiк, әрi қатырдық деп пәленбай мың теңгенi қалтаға басып тайып тұрған.
Мiне, сол кездегi құзырлы мекеме басшыларының iсi осындай «орашолақ», «солақай» болған. Болмаса кәнiгi сәулетшiлер мен реставраторлар құрып қалған жоқ едi ғой.
Сол жылдары Арқат тауларында «Жаушы» көркем фильмi түсiрiлгенi баршамызға белгiлi. Әлдеқандай кадр керек болады да «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» мазарының темiр шарбағы қайтадан қиратылып тасталады. Фильм түсiрiлiп болған соң түгiне де түсiнбеген таңсықтықтар шарбақтарды қайта қалпына келтiрiп қоршап қояды.
Ақын Несiпбек Айтұлы айтады: Көршiлес қырғыздар «Манас», өзбектер «Алпамыс» жырларының 1000 жылдықтарын кезiнде қалай дүркiретiп өткiзгенiн ойласаң iшiң қыз-қыз қайнайды.
«Балық басынан шiридi» дейдi. Болмаса жырдың 1500 жылдығын өткiзуге жауапты комиссия «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» күмбезiнiң он екiде бiр нұсқасы жоқ екенi сол кезде-ақ бастарына неге келмеген. Ай бағып, жұлдыз қараған ба?
Баста там-тұмдап айтып кеткенiмiздей не жоспарланған едi? Өзенге көпiр, шырақшы үйiн, мұражай, қонақ үй салу деген сияқты дүниелер қаралған. Сондай-ақ, туристер үшiн арнайы маршрут ашу да көзделiнген. Турист дегеннен шығады, Абай елiндегi әйгiлi ескерткiштер мен кесенелер жолын осы мазармен ұштастыруға болмас па едi.
Өкiнiштiсi сол, осы уақытқа дейiн (қазiрде 7-8 жылдың жүзiнен ауып барады) атқарылар шараның бiрде-бiрiне қол тимек түгiлi ұмытылып барады.
Істiң осылай аяқсыз қаларын сездi ме, Аякөз қаласының бұрынғы әкiмi Айбек Кәрiмов «қорыққан бұрын жұдырықтайды» немесе «шабан үйрек бұрын ұшадының» керiне бағып шырылдағанмен оның жан айғайын комиссия мүшелерi құлақтарына iлмек түгiлi пысқырып та қарамады.
Алайда «Өткелде ат ауыстырмайды» деген орыс мәтелiн құлағына iлмеген жоғарыдағылар той таяғанда әкiмдi ауыстырып, оның орнына Марат Әкiрәмовтi әкеп қонжита салды.
Бәлкiм жаңа әкiм «Бастаған iстiң басында болмасаң қасында болма» - дегеннiң керiне салды ма әйтеуiр «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» эпосының 1500 жылдығын жетiм қыздың тойындай етiп өткiзе салды.
Десек те алғашқыда әкiмнiң эпос тойына деген қарқыны тым серпiндi көрiндi. «Қазақ әдебиетi» газетiне көлдей мақаласы шықты. Сол мақала ортасынан ойып берiлген «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» мазары тура осындай болады деген макет суретке қарасаңыз қатып кетедi деп мойындауға ерiксiз мәжбүрсiз. Ия, бұл да көзбояушылық дүние болды да шықты.
Сонымен басы таудай болып басталған «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» эпосының 1500 жылдығының аяғы қылдай болып бiттi.
Мазарды жөндеуге деп бөлiнген қаржы Марат Әкiрәмов мырза айтқандай желге ұшты ма, жоқ болмаса жемсауы мол қарынға түсiп кеттi ме әйтеуiр жым-жылас кеттi.
Қазекең айтқыш-ақ халық қой. «Үйрен жақсы әдеттен, жирен жаман қадеттен» дегендi қалай дәл тауып айтқан. Болмаса көршiлес Абай елiнен осы мәселе жөнiнен үйренерiмiз көп-ақ. Бұл ел Абайды, Шәкәрiмдi, Мұхтарды түгендеп болып, ендiгi жерде билерiне, батырларына айта қаларлықтай етiп ескерткiштер соғып жатыр. Аякөзде де мұндай билер-ақындар, әулиелер, батырлар толып-ақ жатыр.
Бiр ғана Сыбан елiнен 17 ақын шықты деп күпсiнген ел сол 17 ақынның қайсысын түгендеп үлгердi екен. Бұл жерде әңгiме «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» турасында болып соның жоғын жоқтап, мұңын мұңдап отырған жоқпыз ба?
«Қозы Көрпеш – Баян сұлу» мазары тұрғызылған сан ғасырды былай қойғанның өзiнде, елiмiз тәуелсiздiгiн алғаннан бергi 16 жыл iшiнде республика көлемiнде жүздеген ескерткiштер бой көтердi. Арысын былай қойғанда осы 16 жыл iшiнде «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» мазарын оңалтуға, оңдауға шамамыздың жетпегендiгiн, жөндемек тұрмақ ұмытып, естен шығарып алғандығымызды не деуге болады.
Жоқ әлде ұялған тек тұрмастың кебiн киiп, «Айтақтай, айтақтай қасқырдан да ұят болды-ау» дегендi өзiмiздiң айтқанымыз, өзiмiз ұялғанымыз жөн шығар.
Тiптi кесене басы жоспарлағандай құрылысы аяқталып жайнап тұрса жырдың 1500 жылдығының тұп-тура соның өз басында өткiзiп, ұлттық ойындарымызды (аламан бәйге, жорға жарыс, жамбы ату т.б.) ақындар айтысы, тiптi Абай атындағы облыстық сазды-драма театры апарып қойған «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» пьесасы маң даладағы махаббат мұнарасы қасында қойылса нұр үстiне нұр болар едi.
Сол той өткелi 8 жылдың жүзi болды. Аз айтты не, көп айтты не? Өткеннен пайда жоқ. Сондықтан да етек-жеңiмiздi жинап, айтылған сыннан қорытынды шығарып, олқылықтың орнын толтыруды мақсат тұтып, етек жеңiмiздi жинап, махаббат мазарын құлазытпай, мазарды тек жастар баратын орын етпей, оған күллi бойыңда айнымас адал махаббаты бар жұрт баратын, тәу ететiн орынға айналдырайық.
Сонда да болса «ештен кеш жақсы» дегендей «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» мазарын ендiгi жерде ұмытпасақ болды ағайын.
«Жол түсiп, ұрпақ,
Таңсыққа барсаң тегiнде,
Бiр соқпай кетпе күмбезге сонау көрiнген.
Қазақтың осынау қасқайып тұрған төрiнде,
Бабаларыңның махаббаттары көмiлген»
- деп ақын Мұқағали бекер қалам тербемесе керек.
Айтпақшы, айтылмай қалып барады екен ғой, атымызды қыстырмай кеттi деп өкпелеп қалып жүрер, Шығыс Қазақстан облыстық ескерткiштердi қорғау қоғамы ма, мәдениет департаментi ме – қайсысы болса да өздерi бiлер, солардың «құлағына да алтын сырға» дұғай-дұғай үшбу сәлем.
Олар да қалғып, мүлгiп отыратын болса керек, болмаса дәл осы iстiң айқайшысы, шын жанашыры, қамқоршысы солар болуы керек едi ғой, шынтуайтына келгенде.
"Дала мен қала" газеті, №02 (230), 18.01.2008ж.

Семей.

«ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҰЛТ» ПЕН «ҮШ ТҰҒЫРЛЫ ТІЛ»

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
ПРЕЗИДЕНТІНЕ,
ПАРЛАМЕНТІНЕ ЖӘНЕ ҮКІМЕТІНЕ


Елбасымыз Н.Назарбаев ескерткендей, қазақ пен қазақ қазақша сөйлеспесе, оның өкінішті зардабы болатындығы күмәнсіз. Бұған «Қазақ халқын ұлтсыздандыру саясатының қалай жүргені және қазіргі таңда қалай жалғасып келе жатқаны» туралы белгілі ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шахановтың бұрынғы және бүгінгі тарихымызға шолу жасай отырып, телеграфты түрде келтірген мәліметтері жұрттың көпшілігі біле бермейтін, әр тарихи мәліметтің өзіне екі-үштен роман арнаса да аздық ететіндей, қасіретті оқиғалар тізбегі айғақ бола алады. Ұлтымыз басынан кешірген ауыр халдерді сараптай келе, қазіргі билікке мынандай талап қоюға қақылымыз:

1. 300 жылдай уақытқа созылған орыстандыру, ұлтсыздандыру процесіне егеменді ел ретінде баға беру. Онсыз рухани тәуелсіздікке қол жеткіздік деп айтуымызға негіз жоқ;

2. «Алаш» партиясы көсемдерінің ұлтты сақтау, қорғау жөніндегі жанқиярлық қажырлы күресі жүйелі түрде зерделенбейінше, 20-30-жылдардағы қолдан ұйымдастырылған ашаршылықтан (кейінгі мәлімет бойынша) 4 миллион 100 мыңдай халықтың қырылуы және оған кінәлі адамдардың атында күні бүгінге дейін елді мекен, мектеп атауларының сақталуы – қазіргі тарихымыздың әділетсіз түзілгенінен хабар берсе керек. Белгілі тарихшылардан, мемлекет, қоғам қайраткерлерінен арнайы комиссия жасақтап, осы бүкілхалықтық маңызы зор істі жүзеге асыру;

3. Қазақстанда 453 газет-журнал ғана (оның басым көпшілігі сөзжұмбақ, хабарландыру, жалаңаш басылымдар) қазақ тілінде шығады екен. Ал орыс тілінде, 2007 жылғы мәлімет бойынша, республикамызда 2303 газет-журналдың жарық көретінін және Ресейден 5248 басылымның келіп тарайтынын ескерсек, оған қоса қалалы жердегі барлық кітап дүкендерінде 90, 95, 100 пайыз тек Ресей баспалары өнімдерінің сатылуы, қазақ тіліндегі кітаптар мен газет-журналдардың тасада қалуы, сондықтан да «біз осы Қазақстанда тұрамыз ба немесе Ресей Федерациясының құрамына кіріп кеттік пе?» деген сұрақтың алға тартылатыны Шаханов мәліметтерінде дәлме-дәл келтірілген.

Әлде бұл Ресей отаршыларының 300 жыл бұрынғы қазақ халқын тілінен, дінінен айыру бағытындағы саясатының жалғасы ма? Телеарналардағы рухсыздық, мемлекеттік тілдегі хабарлардың заңда көрсетілген мөлшерден әлдеқайда азайып кетуі және олардың түн ортасына қарай ысырылуы, тағы басқа толып жатқан келеңсіздіктерді реттеуге Парламенттің, Үкіметтің және тікелей Президенттің араласуын талап етеміз. «Мемлекеттік тіл» туралы арнайы заңның, мемлекеттік тілде тәулік бойы жұмыс істейтін телеарнаның және тәуелсіз қоғамдық телеарнаның шешілер шағы әлдеқашан жетті деп білеміз;

4. Бастауын «американдық ұлттан» алатын «қазақстандық ұлтты» «Қазақстан – 2030» стратегиялық жоспарына биліктің қоғамдық пікірмен санаспай, ендіріп жіберуіне не себеп? Кезінде қазақ тілімен қатар орыс тіліне де мемлекеттік мәртебе беру үлкен қарсылыққа жолыққан. Мұның арғы жағында қазақ және орыс тіліне ағылшын тілін қосып, «үш тұғырлы тіл» атандырып, орыс тілін қайта мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеру идеясы жатқанын аңғару қиын емес.

Сондықтан «қазақстандық ұлтқа» да, «үш тұғырлы тілге» де зиялы қауым өкілдерінің қарсы пікір білдірген хаты Қазақстанның 20-дан астам газет-журналдарында жарияланды. Оны қуаттап, қол қойған адамдардың саны 25 мыңнан асты. Бірақ билік қалың қауымның бұл қарсылығына әлі күнге дейін жауап қайырған жоқ.

Осы көтерілген мәселелер төңірегінде Президенттен, Парламенттен және Үкіметтен түбегейлі шешім күтеміз.

Амангелді АЙТАЛЫ, философия ғылымдарының докторы, профессор;
Мұзафар ӘЛІМБАЕВ, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты;
Бибігүл ТӨЛЕГЕНОВА, КСРО халық әртісі, Еңбек ері;
Тұрсынбек КӘКІШҰЛЫ, филология ғылымдарының докторы, профессор;
Мекемтас МЫРЗАХМЕТОВ, филология ғылымдарының докторы, профессор;
Мәмбет ҚОЙГЕЛДИЕВ, С.Демирель атындағы университеттің профессоры, тарих ғылымдарының докторы;
Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары;
Бексұлтан НҰРЖЕКЕЕВ, жазушы, «Жалын» баспасының директоры;
Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты;
Қоғабай СӘРСЕКЕЕВ, жазушы, «Қазақ» газетінің бас редакторы;
Мереке ҚҰЛКЕНОВ, «Қазақ газеттері» ЖШС-нің бас директоры;
Рысбек СӘРСЕНБАЙҰЛЫ, «Жас Алаш» газетінің бас редакторы;
Айдос САРЫМ, Алтынбек Сәрсенбайұлы қорының жетекшісі;
Смағұл ЕЛУБАЙ, «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысы төрағасының орынбасары;
Әзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы, тарих ғылымдарының докторы;
Ханкелді ӘБЖАНОВ, Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы;
Ермұрат БАПИ, «Тасжарған» (ДАТ) газетінің бас оқырманы;
Мұханбет-Шәріп КЕНЖЕБАЙ, «Халық рухы» демократиялық партиясы төрағасының бірінші орынбасары, доцент;
Клара ХАН, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Корея достық қоғамының вице-президенті;
Асылы ОСМАН, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Әзірбайжан мәдени орталығының төрайымы;
Бөріхан НҰРМҰХАМЕДОВ, «Ақ жол» партиясы атынан, партия төрағасының орынбасары;
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ, жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты;
Марал ЫСҚАҚБАЙ, Қазақстан авторлары қоғамының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері;
Құман ТАСТАНБЕКОВ, Қазақстанның халық әртісі;
Бақтыбек ИМАНҚОЖА, «Желтоқсан рухы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы;
Сайлау БАТЫРША-ҰЛЫ, ҚР дипломатия қызметінің қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Астана қаласы «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының төрағасы;
Серік ӘБДІРАЙЫМҰЛЫ, публицист, халықаралық Д.А.Қонаев қорының вице-президенті; Эрнест ТӨРЕХАНОВ, Алматы қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы;
Темірхан МЕДЕТБЕК, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты;
Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты;
Қали СӘРСЕНБАЙ, «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы;
Асқар АЛТАЙ, «Арда» баспасының директоры;
Серғазы МҰХТАРБЕК, «Қазақстан» газетінің бас редакторы;
Шамшиддин ПАТТЕВ, «Түркістан» газетінің бас редакторы;
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, «Қазақстан-Заман» газетінің бас редакторы;
Қазыбек ИСА, «Жас қазақ үні» газетінің бас редакторы;
Мақсат ТӘЖ-МҰРАТ, «Ана тілі» газетінің бас редакторы;
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК, жазушы, «Тарлан-Үміт» сыйлығының лауреаты;
Серік НЕГИМОВ, филология ғылымдарының докторы;
Қалдыбек ҚҰРМАНӘЛІ, Ш.Қалдаяқов атындағы халықаралық ән фестивалі дирекциясының бас директоры;
Әділғазы ҚАЙЫРБЕКОВ, С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтың мұражай кешенінің директоры;
Жарылқап ҚАЛЫБАЙ, «Жұлдыздар отбасы» журналының бас редакторы;
Әмірқұл ОҢДАСЫН, «Ауыл» газетінің бас редакторы;
Б.СҮЛЕЙМЕНОВ, «Құс жолы» журналының бас директоры;
Шарафаддин ӘМІР, «Заң» Медиа-корпорация» ЖШС-нің президенті;
Әмірхан МЕҢДЕКЕ, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты;
Құрманғазы АЙТМЫРЗА, Желтоқсан қайраткері;
Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ, жазушы;
Аманхан ӘЛІМ, ақын, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты;
Жанкелді ШЫМШЫҚОВ, ҚР Ғылым, білім министрлігі Экономика институтының Астана қаласындағы филиалының директоры, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор;
Шаһизада ӘБДІКӘРІМОВ, ақын, Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты;
Әлібек ҚАЛАМБАЕВ, ҚР халық ағарту ісінің үздігі, Сарыағаш ауданының құрметті азаматы;
Мақсұт ҚАЛЫБАЕВ, Қазақстан Республикасына ерекше еңбек сіңірген зейнеткер;
Бостан ШАХМАНОВ, биология ғылымдарының кандидаты, доцент;
Қалдыбай ӘБЕНОВ, кинорежиссер, «Аллажар» фильмінің авторы;
Дағжан БЕЛДЕУБАЙҰЛЫ, журналист;
Хадиша ӨМІРБАЕВА, ҚР Білім беру үздігі;
Болатбек ӘБДІКӘРІМ, «Семей-ЯП» қоғамдық қорының төрағасы;
Мәрзия АЯҒАНОВА, экономист;
Зәкір АСАБАЕВ, жазушы, мәдениет қайраткері;
Мыңбай Ілес, журналист-зейнеткер, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері;
Серік МАҚЫШ, Қ.Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ-нің доценті, экономика ғылымдарының кандидаты;
Сайпулла САПАНОВ, ҚазМҰУ-нің доценті;
Мамай БЕКҚОЖИЕВ, зейнеткер;
Қуандық ТҮМЕНБАЙ, жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты;
Әлия БӨПЕЖАНОВА, сыншы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты;
Зейнеп АХМЕТОВА, жазушы;
Жанат АХМАДИ, жазушы;
Толымбек ӘЛІМБЕКҰЛЫ, сатирик;
Еркін ЖАППАСҰЛЫ, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты;
Нұрқасым ҚАЗЫБЕКҰЛЫ, жазушы;
Руза БЕЙСЕМБАЙТЕГІ, Павлодар облысы «Ақсусероқорытпа» зауытының жетекші инженері;
Алмас КӨШЕРБАЙ, экономист;
Клара ШАҒИЕВА, Алматы облыстық №15 мектеп-интернаты директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары;
Әзиза МҰХТАРОВА, Алматы облыстық №15 мектеп-интернаты қазақ тілі, әдебиетінің мұғалімі;
Сланқожа ҚАРАҚЫСТЫҚ, ақын;
Бақытжан ТОБАЯҚОВ, ақын;
Кеулімжай ҚҰТТИЕВ, «Ислам және өркениет» газетінің тілшісі;
Әнуарбек ЕРАЛЫ, Астана қаласы «Тіл және мәдениет» қоғамдық бірлестігінің төрағасы;
Сәруар ҚАМАЕВА, Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінің аға оқытушысы, т.б.

Барлығы 103 адам. Қол қою әлі жалғасуда.

ҚАЛТАЛЫ ТЕЛЕФОНҒА ҚАЗАҚЫ ЖОБА ЖАСАҒЫСЫ КЕЛЕТІН ОРАЛМАН БЮРОКРАТТЫҚ БҰҒАУДАН ТҰЙЫҚҚА ТІРЕЛІП ОТЫР

Бiрде баспасөз мәслихатына барғанымда, «арамызда өнертапқыш азамат та отыр» деп таныстырғаны есiмде. Одан бiрнеше уақыт өткеннен кейiн телефон шалып, «өнерiңiз жайлы «Түркiстан» газетiне айтсаңыз болмас па екен» деп едiм, ол кiсi қуана келiстi. Өйткенi, «Оралман мәселесiн тереңiрек зерттеп жазатын бiрден-бiр газет «Түркiстан» газетi» деп ағынан жарылған Мейрам Қабдырахманұлы «бүгiнге дейiн жаңалықтарым жайында бiлгiсi келген талай телеарна мен газеттен келген журналистерге бөлiспеп едiм. Ендi бүгiн соның сәтi түсiп отырған сияқты» деп қуанышын жасыра алмады.

Мейрам Қабдырахманұлы Қытайдан ата-бабасының туған топырағына 2004 жылы атбасын тiреген. Бiрақ ол бәзбiреулер сияқты алақан жайып емес, өнертапқыш қасиетiмен бiрге келдi. Бүгiнде құрқылтайдың ұясындай ғана күркенi жалдап отырған қандасымыз өзiмен алып келген тың идеясын әрi қарай жаңғыртып, дамыту үстiнде көрiнедi. Жоба дайын болғанмен, қаржы мәселесiне бой ұрып отырған жайы бар. Алайда, қанша есiктiң табалдырығын тоздырса да, ешкiмнен қолдау-қолпаштау көрмеген қандасымыз әңгiмесiн осыдан бастап-ақ кеттi.

– Қазақ елiнiң ертеңгi даму болашағына бiркiсiлiк үлес қоссам деп, 9 жылдан берi электрондық салада көптеген жаңалық аштым. Қытайда 6 патент құқығын, Қазақстаннан 2 патент, 1 зияткерлiк құқығын алдым. Ұлттық нақыштағы ұялы телефонға арналған корпусты жасау негiзiнде (3 нұсқалы) өнеркәсiп үлгiсiне арналған алдын-ала патентке ие болдым. Мұнымен қоса, электрондық (универсал) бесiк, электрондық домбыра, қазан (киiз үй үлгiсiндегi еттi 30 минутта пiсiретiн) сияқты 20-ға жуық ұлттық нақыштағы жаңалықтарымды елiме тарту етсем деген арманым бар. Халқымыздың киелi шаңырағы үлгiсiндегi шырақты өндiруге және әлем кемесi атты суретiме де патент алу мүмкiндiгi туды. Бiрақ мұның пайдасы шамалы болып тұр. Себебi, оны iске асырудың бәрi қаржыға тiреледi ғой.

Мейрам Қабдырахманұлы Шыңжан қаласындағы ұялы телефонның түр-түрiн өндiретiн компанияның мамандарымен бiрге жұмыс iстеп, келiсiмге де келiп, ұлттық маркада тауар өндiретiн болып уағдаласқан. Бiрақ төрт айдан кейiн жергiлiктi мамандар уәдесiнен тайқып: «Бiздiң компания идеяңды жүзеге асырады, бiрақ, Қытайдың отандық тауары ретiнде Қазақстанның нарығына шығарады, келiсесiң бе?» деген уәж айтқан екен. Бұл туралы өнертапқыштың өзi де: «Әрине, ертеңгi күнi идеям Қытайдың отандық өнiмi болып базарға шығады. Үзiлдi-кесiлдi бас тарттым. Бұдан кейiн олар ендi басқа жолды таба бастады. Әрбiр екi патентiңдi 100 мың доллардан сатып алайық, сосын бес жыл Қазақстан азаматтығын алмай тұрыңыз, бiз сiзге ай сайын 2 мың доллардан жалақы ретiнде берiп отырайық» деп идеяны алып қалуға барын салып, жанталасқанын айтады.

Әрине, қытайлықтар мұндай пайдаға молынан кенелдiретiн жаңалықтың түбiнде қаншама табыс көзi жатқанын түсiндi. Өнертапқыштың айтуынша, тiптi, 19 млн. тұрғыны бар Шанхай қаласы әкiмiнiң бiрiншi орынбасары арнайы хат жазып: «Қандай талабыңыз бар, бiз бәрiн қанағаттандырамыз, керек десеңiз Шанхайдан төрт бөлмелi үй беремiз деген ұсыныс бiлдiрiптi. Әсте, Қытай ұлттық идеяны өте жақсы бағалайтынын осыдан-ақ аңғартса керек. Тiптi, бұл үшiн өнертапқышқа мiндеттi түрде қомақты ақша төлейтiнi айдан анық. Мiне, осындай мол пайдаға шылқып жатуды ар санап, ұлттық намысының жығылмауын ойлаған ол: «Идеямды Қытайға бермей келдiм. Маған Үкiмет, қалталы азаматтар қаржылай қолдау көрсетсе екен деймiн. Күмән туатын болса, керектi қаржының он пайызын ғана берiп, алдын-ала сынап көрсе. Өйткенi, өзiме, өз тәжiрибеме жүз пайыз сенiмдiмiн. Бәрiнен де отандық өнiмдi жарыққа шығарсақ соның өзi жетiстiк емес пе?!» дейдi үкiлеген үмiтiн арқалап. «Елбасы: «Отандық өнiм өндiрiңдер!» дейдi. Бiз қалай өндiремiз, аз-маз демеп жiбермесе, қолдау көрсетпесе...»

«Егер ұялы телефон жасайтын цех ашатын болсам, жалпы 1 млн. 200 мың доллар қаражат кетедi екен. Керек-жарақтың бiрi болса, екiншiсiн күтiп қарап жүрген жоқпын. Қазiр осы ұялы телефонның жадына енгiзу үшiн композитор Алтынбек Қоразбаев ағамыздан Елбасының «Үш қоңыр» әнiмен қоса, он бес ән алдым. Ол кiсi еш қарсылық танытпай, «Мейрам Қабдырахманұлына бердiм» деп қол қойып жазып бердi. Құдай бұйыртып, iсiм оңға басса, жер шарының қай түкiпiрiнде болсын, ұялы телефонды қосып қалғанда қазақтың әуездi әнi шырқалып тұрса, тақиямызға тарлық ете ме? Оның сыртында ұялы байланыс құралына қазақтың ұлттық ойынының алты түрiн кiргiзсем деген мақсатым да бар. Осының бәрiне бiрталай ақшамды шығарып, жобасын жасап көрдiм». Мейрам Қабдырахманұлы өз елiмiзде отандық ойыншықтың түр-түрiн өндiруге де болатынын айтады. «Елiмiздiң мұнай өндiретiн аймақтарында ойыншық жасауға қажеттi көп шикiзат бөлiнедi. Бұл аздай, ойыншықта да қазақ әнiн шырқату қиын емес. Бәрiн iстеуге мүмкiндiк бар. Осыған көзiм жетсе де, бiрақ ешкiмнiң қолдайтынына көзiм жетпей жатыр» дейдi ол өз сөзiнде.

Оның үстiне өнертапқышқа Гонконгтың «Info max» компаниясы қайта-қайта қоңырау шалып, «Келiңiз, компания құрыңыз, цехыңызды ашыңыз, бәрiн даярлап қойдық» деп шақырып жатыр екен. Алайда, «алдымен менiң идеямды жарыққа шығарамыз» деп талап қойып отырған қандасымыз «Батыс Еуропа, АҚШ берiп отырған технология – озық технология. Ал олар сондай құрал –жабдықты берiп отырғаны үшiн ақша сұрауға құқылы. Оған бере салатын қаржы жағы қол байлауда. Дегенмен, қазiр Қытайдың Гонгконг қаласындағы ұялы телефон өндiретiн компанияның ұлттық нақыштағы ұялы телефонды өндiруге келiсiп отырғандығы қуантса да, жауырды жаба тоқыған қаржы мәселесi көсе-көлденеңдейтiнiн мойындамай қоймайды.

Өнертапқыш Мейрам Қабдырахманұлы Отанына келгелi берi осы идеясының түпкi нәтижесiн көрсету үшiн тыраштанып-ақ келедi. Дүниежүзi қазақтары қауымдастығының төралқа төрағасының бiрiншi орынбасары Талғат Мамашевпен ақылдаса отырып, қала әкiмi Иманғали Нұрғалиұлына «отандық өнiм өндiрем деп тер төгiп жүрген азамат» екендiгiн растап қолы қойылған өтiнiш те жазыпты. Алайда, халқымыздың тарихи мұраларына көңiл бөлiп келе жатқан бiртуар ұлтжанды азаматқа кiрудiң сәтi түспей-ақ келедi» деген ол әлi күнге осы үмiттiң жетегiнде жүрмiн дейдi қамығып.

– Өйткенi, жүрегiмде анамның «Бұл жаңалығыңды Қытайға берме, берсең, жау алдыңда тiзерлеп тұрып, басыңды алдырғанмен бiрдей болғаның» деген бiрауыз сөзi жаңғырып тұр. Қазiр тұйыққа тiрелiп отырмын. Кейде қазақ халқына ұлттық нақыштағы отандық өнiмнiң керегi жоқ-ау деп те ойлап қоямын. Ендi тiптi болмаса, ешкiм көмек бермесе, идеямды сұраған адамға беретiн шығармын. Ештеңе де талап етпеймiн, тек пайдасы үшiн ғана беремiн. Сонда әлi тағы он жыл күтуiм керек пе?

Шыны керек, ұлттық нақышта өнер туындыларын қорғап, зияткерлiк құқығын алып жатқан жалғыз қазақ осы – Мейрам Қабдырахманұлы. Алайда, жиырмаға жуық өнерiн халыққа тарту етудi армандаған қандасымызға қаржы жағынан көмек қолын созатын азаматтар табылып жатса, бiз де қуанышымызды жасыра алмаймыз. Өйткенi, бар топтасқан мақсат-мүдде де отандық өнiмнiң тамырына қан жүгiрту ғана.
http://www.turkystan.kz/page.php?page_id=36&id=1883

ТАҒЫ ДА “ШЫҢҒЫСХАН” ФИЛЬМI ТУРАЛЫ...

Екi бiрдей телеарна жарысып, бiр мезгiлде, бiр уақытта көрсетiлген "Шыңғысхан" фильмi де аяқталды. 30 сериядан тұратын фильмдi қазақ көрерменi қазақша да, орысша да тамашалай алды. Оның себебi, "Қазақстанда" қазақ тiлiнде басталған "Шыңғысхан" фильмi, iле-шала орыс тiлiнде "Хабарда" жалғасты. Жалғасты деген жай сөз, екi арна да көрсетiлiмдi бiр мезгiлде аяқтады.

Екi арнаның бiрдей телесериалды бiр мезгiлде көрсетуiнiң себебiн кейiн ұқтық. Сөйтсек, екi бiрдей телеарна да "Шыңғысханды" бiр уақытта сатып алған екен. Тiптi, телеарналардың екеуi де өздерiнiң бiрiншi сатып алғандығын айтады. Әрине, басты мәселе, аталмыш фильмдi кiмнiң бiрiншi сатып алғандығы емес, бiзге түсiнiксiздеу болып тұрғандығы, "Шыңғысханды" "Хабар" арнасының орыс тiлiнде ұсынғандығы. Бiр уақытта берiлгендiктен, көбiмiздiң орысшадан гөрi қазақша көргендiгiмiз де жасырын емес. Ал, кейбiр ұзынқұлақтардың әңгiмесiне қарағанда, "Хабардың" орысша аудармасының мүлдем нашар екендiгiн айтады. Мүмкiн бұл орыстiлдiлер үшiн аса қажет болған шығар, бiрақ, не десек те, "Қазақстандағы" "Шыңғысханның" тiлi көш iлгерi екенiн мойындасақ керек.

"Шыңғысхан" фильмi демекшi, Шыңғысхан тақырыбы күн тәртiбiнен түспей тұр. Тақырып табудың қиындығы ма, әлде шын мәнiнде әлемдiк киногерлердi Шыңғысхан тақырыбы қызықтыра ма, әйтеуiр әзiрге аты шулы тарихи тұлғаны түсiрушiлердiң саны артып келедi. Оның әуелгiсi өзiмiз жуырда ғана бетпе-бет кездескен 30 сериялы "Шыңғысхан" фильмi. Оны ҚХР Iшкi Моңғолия автономиясы түсiргендiгi белгiлi. Кейбiр деректерге сүйенсек, фильмдi түсiру үшiн Шы Чи компаниясы 60 миллион қытай юанын бөлген екен. Табаны күректей сегiз жыл бойы түсiрiлген фильмдi ҚХР CCTV-1 арнасы 1994 жылдың 24 тамызында алғаш көрсетiптi. Ең қызығы, аталмыш фильмге Қытай үкiметi бiр тиын да шығармаған көрiнедi.

30 сериялы фильмдi түсiру үшiн шығармашылық топты қоспағанның өзiнде екi жүзден астам маман атсалысыпты. Ал басты және қосымша рөлдердi сомдауға үш мыңға жуық актерлер қатысқан екен. 5 мыңнан астам жылқы, мыңдаған киiз үй тiгiлiптi. Жиырмадан астам елдiң тiлiне аударылған "Шыңғысхан" бүгiнге дейiн белдi деген телеарналардың көбiнде көрсетiлiп, көрерменiмен қауышып үлгерген. Сол телеарналардың iзiн ала, қазақ көрерменiне жол тартқан фильмнiң сценарийiн қытай жазушылары – Үй Жы Чиян және Жуй Хуэй Тин мырзалар жазыпты.

"Шыңғысхан" фильмi бұдан да көп сериялы болып түсiрiлмек екен, бiрақ фильмдегi кейбiр оқиғалар, әсiресе дiни тұрпаттағылары цензурадан өтпей қалыпты. «Дiни тұрпат» демекшi, аталмыш фильм көрсетiлгелi берi, көпшiлiктiң арасында әңгiме қаулап тұр. Әсiресе, рулық, тайпалық одақтарға байланысты жiкке бөлiнушiлiк үдей бастаған сыңайлы. "Шыңғысхан пәленше деген руды өйтiптi, түгенше деген руды сөйтiптi-мiс" деген әңгiмелердiң шетi қылтия бастады. "Шыңғысхан" фильмiнiң көркем дүние екендiгi, оның өн-бойында кешегi тарихтың, этнографияның элементтерi бар болғанымен, көркем өнер туындысынан iлiк iздеудiң қажетiнiң шамалы екендiгiн ескерiп жатқандар аз.
Есесiне, аталмыш фильмнен кейiн Шыңғысхан туралы бүгiнге дейiн жеткен аңыз-әпсаналардың көбi жоққа шығарылып, тарихқа әйгiлi тұлғаның қанқұйлы, зұлым билеушiлiгiнен гөрi, ақылды, саналы, әскери қолбасшылығы көбiрек есте қалатын болды. Айтпақшы, бұл фильмнен кейiн кейбiреулер дiн мәселесiне байланысты да ой-толғамдар жасайтын боп алыпты. Бұл бар болғаны кино ғана емес пе?! Оның орнына алып империяны ақылдылықпен, асқан дарындылықпен билеген Шыңғысханның кемеңгер ақыл иесi болғандығын ескергенiмiз жөн шығар. Ең бастысы, фильм көпшiлiктiң көңiлiнен шықты. Шын дүниенi қабылдау қай кезде де оңай.
Мүмкiн, кинодағы кейбiр кемшiлiктер кейбiреулер тұрғысынан сынға да түсiп жатқан шығар. Ол келер күннiң еншiсiндегi дүние. Ресейлiк "Моңғолға" қарағанда, "Шыңғысханның" алар биiгi жоғары. Шындығында да, бiреулер алай тартып, бiреулер былай тартқанымен, "Шыңғысханның" Сергей Бодров түсiрген "Моңғолдан" көп артықшылығы бар. Спецэффектi беру жағынан кемшiлiктерi бар, әрине. Кейбiреулер "Шыңғысханнан" гөрi, "Сұлтан Бейбарыстың" өте сапалы түсiрiлгендiгiн алға тартады. "Сұлтан Бейбарыстың" мықтылығы әуелi Сирия мен Кувейттiң бiрлесiп түсiрген жобасы болғандығында.
Екiншiден, фильмнiң мазмұны жағынан да көш iлгерi екендiгiн мойындауымыз қажет. "Сұлтан Бейбарыспен" салыстырғанда кемшiн тұстары кездескенiмен, "Шыңғысханның" әзiрше өзге "Шыңғысхандардан" оқ бойы озық тұрғанын мойындауымыз қерек.
Әзiрге фильм турасында көрермендердiң арасында алуан түрлi пiкiрлер айтылып жатыр. Ол пiкiрлердiң бiр ширегiн оқырманға ұсынуды жөн көрiп отырмыз.

Бақытбек БӘМIШҰЛЫ, ақын:

— Шыңғысхан әлемдiк тарихқа шыққаннан кейiн оның шаужайына кiм жармаспады дейсiз. Ұлы даладан мұндай телегей теңiз ақыл мен күштiң иесiнiң тууы дүниенiң төрт бұрышын түгелдей дерлiк таң қалдырды. Өйткенi, ойлы адамзат баласы үшiн Шыңғысханның рухани һәм әскери күш қуаты тым сұрапыл әрi аса жұмбақ болды. Аңғарыңыз, аса жұмбақ болды. Осы жұмбақты шешу үшiн жұмылмаған ғалым, ұқсап баққысы келген залым қалмады. Әр кiм өзiне қажеттiсiн зерттедi, тапты, алды, үйрендi. Бұл мәселе бұнымен тоқтап қалмайды. Бiзге бұның ұшқыны ғана жетiп едi, байбалам салып бақтық. Жан-жақты зерттеп, талдап, сараптап дұрысын жаратудың орнына ойбайлап, ат-тонымызды ала қаштық. Лағып кеткендерiмiз де болды. Шыңғысханның тек шығу тегi, ру-тайпасы тарапына ғана мән бердiк. Сөйттiк те, өзiмiздiң өремiздi байқатып алдық. Ол туралы бiлерiмiз тым аз болғандықтан үстiрт пiкiр айтамыз.

Ал мына Қытай, кеше Шыңғысханнан күлталқан болып жеңiлген Қытай, қайтiп жатыр? Бүгiнгi күнi империяға тастүйiн ауызбiрлiк керек екенiн, әр бiр лауазым иесi сол үшiн жанын салу керек екенiн осы фильм арқылы ханның да қараның да құлқына құйып жатыр. Бассыз-баусыздар жазасын алды. Қытайдың мақсаты мыңжылдықтарды көксейдi, империяны құлатпау, дамыту, әлемдi билеу. Фильмнiң шынайылығы бiз бiлетiн тарихи жазба деректерге, соның iшiнде "Моңғолдың құпия шежiресiнде" айтылатын мәлiметтерге ең жақын сомдалған көркем дүние. Шежiреде "Әйел билемеу керек, әйел билiкке сүйеу болу керек" дейдi, фильмде де солай көрсетiледi. Мiне, арам пиғылсыз өнер туындысы өзiнен-өзi ақша әкелiп жатыр. Себебi, "Шыңғыс хан" – шын.

Садықбек ХАНГЕЛДИН, ақын:

— Жуырда Шыңғыс жөнiнде тағы бiр келелi әңгiменiң куәсi болдық. Сол тарихтан мәлiм, аты аңызға айналған Шыңғыс жайлы көп сериялы фильм көрдiк. Көгiлдiр экраннан. Қазақ теледидарының ұлттық арнасы Қытай киношеберлерi түсiрген 30 бөлiмнен тұратын тарихи фильмдi бiзге қазақшалап көрсеттi. Ұлы қаһан төңiрегiндегi әңгiме, аңыз, лақап сегiз ғасырға жуық үзiлмей келе жатқанына қарамастан сол тақырыпқа сусап қалған адамша тағы да демiмiздi iштен алып көк кебежеге демiгiп ентелей ұмтылдық.

Не деуге болады? Етене бiр жақының қол бұлғап алыс сапарға жол тартқандай. Қимастық па? Қыжыл ма? Ажырату қиын. Өз тағдырымызды көргендей болдық қой. Содан да шығар. Өте ауыр фильм. Қазаққа қатысы болғандықтан ғана емес, кәдiмгi өмiрге ашық көзбен үңiлетiн, тарихқа iзгi ықыласпен қарайтын қарапайым пенде болғандықтан да. Адамзат әлемiнiң тарихына түскен, сол дәуiрдегi жеке тұлғалардың басына түскен кешендi салмақ тебiрентпей, ойландырмай, жаныңа батпай, жүрегiңдi сыздатпай қоймайды. (Мүмкiн сол салмақ сол тұстағы өмiрге деген, тарихқа деген, елдiкке деген көзқарасты жаңаша қалыптастырып өткен шығар, бiз соның игi жемiсiн көрiп келе жатқан болармыз?!) Қалайда бейтарап отыра алмадық.

Көркем шығарманың бас кейiпкерi ретiнде Шыңғыс санаңнан өшпейтiн әсер қалдырады. Бұл фильмге қарап Шыңғысты бақытты адам деп айту қиын. Оның өмiрi өмiр емес – азап, қорлық, трагедия. Ашына отырып аяйсың, көңiлiң босайды. Бұл тарихи шындықтың ықпалы ма, әлде фильм жасаушылардың шеберлiгiнен бе - сараптау оңай емес. Бәрi де бар шығар.
Бүкiл фильмдi мұқият көре отырып бiздiң аңдағанымыз және басты атап өтетiн жағдай шығармада тарихи шындықтың көркем бейнелеу тәсiлiмен барынша бұрмаланбай көрсетiлуi. Шындық осындай болғанына немесе соған жуық болғанына сенгiң келетiнi. Осы ретте фильм авторларының әдiлдiгi жаныңды жылытпай қоймайды.
Қаншалықты қайшылықты оқиғаларды сипаттай отырып, қаншалықты қанқұйлы сәттердi суреттей келе (соғыс болған жерде қан төгiлмей тұрмайды ғой) картинаны жасаушылар бiр сәт те дәлдiктен ауытқымайтын сияқты.

Шыңғысхан әлемдi жаулау жорығында Қытайды айналып өтпегенi тарихтан белгiлi. Ол Қытайға өз қолымен дүркiн-дүркiн шабуыл жасап, шығыстағы осы ұлы елдiң тағдырын өзгертуге елеулi үлес қосқаны мәлiм. Осы жорықтарда қисапсыз адам шығынын әкелген қантөгiс айқастар өттi. Соған қарамастан қытайлықтар жасаған шығармада Шыңғысты даттап, өздерiн ақтап көрсету мақсаты байқалмайды.
Керiсiнше әр қырдың астында мал бағып қана күн кешкен, елдiк тұтастығы жоқ, өнер мен ғылымнан бейхабар моңғол жұртын ғана емес, сонау көне дәуiрден даналығымен айналасына әртарапты ықпал етiп келе жатқан кәнiгi қытай тайпаларының ежелгi қым-қиғаш дау-дамаймен қырқысып келген әр бұтағының басын бiрiктiрiп, аса алып мемлекетке айналуына тарихи себепшi болған Шыңғысханға деген iшкi iлтипатын танытатын бiр ризашылық, содан туған белгiлi жылылық та байқалмай қалмайды.

Өз халқының бақытын ойлаған дарынды көсем көздеген мақсатына жеткеннен кейiн ел құрметiне ие болып хан сайланғаннан соң көңiлi тынып, дамыл табуға бет бұрады. Бiрақ ел iшiнде қисынын тауып жарасып кете қоймаған дәстүрлер, қалыпты iзге түсе қоймаған тайпааралық қарым-қатынастар, жақын жатқан көршi елдердiң дүркiн-дүркiн жөнсiз жасаған жосықсыз жорықтары оны тыныш қалдыра алмайды. Қасында орынды өтiнiш, ашық арыз айтып келушiлер, төтенше әрекеттерге жетелеушiлер де аз болмайды. Оның өз жандүниесiнiң осындай жағдайларға төзе алмайтындығы былай тұрсын, әлгi оқиғалар мұны үздiксiз шалт қимылдарға жұмсап, күтпеген күрестерге итермелейдi де отырады. Бұл жолда ол бiрде ұтып, бiрде ұтылып отырады.

Фильм авторлары Шыңғысты тарихта қалатын тұлға ретiнде қалыптастырған өзiнiң жеке басының, немесе әулетiнiң мүддесi ғана емес, тiптi оның мiнезi де емес, оны тудырған Дала мiнезi, Дала тағдыры, Дала мүддесi, Дәуiр талабы деп көрсетедi. Демек Шыңғыс өз дәуiрiнiң құлақкестi құлы да, адал перзентi, мақтаныш етер жарқын тұлғасы да болды.
Бiз бiлемiз ғой дейтiн Шыңғыстың тарихтағы орнын қытайлық киношеберлер осылай көрсетедi. Бiздiңше олардың бұған мөлдек құқығы да бар. Өйткенi Шыңғыс тарихы туралы құжаттардың барлығы дерлiк осы алып елдiң мұрағатында сақталған. Сондықтан олар Шыңғысқа да, тарихқа да қиянат жасай алмаған.

Тарихи өте күрделi тұлға Шыңғыстың қайраткер ретiнде кiсi мойындамай болмайтын көп қыры ашылып көрсетiлген. Оның тарихтан белгiлi қаталдығы қолға алған iсiн жүзеге асыруда аса қажет қасиет. Ол да тағдырдың бұйыртқан сыйлығы. Оның жағдайында қатал болмаса моңғол жұртының ел боп қалыптасуы екiталай екен. Ол қатал болмағанда бiз бiлетiн адамзат мiнезi бүгiнгi тұрпатта қалыптасуы да дүдәмал көрiнедi.

Адам ретiнде қолбасшының ойландыратын жерi аз емес. Өзiн қоршаған қауымға деген ыстық ықылас, жауласып кеткен достарына деген мейiрiм, Ана мен балаға деген махаббат, ағайынға деген айқын талап, шын досқа деген адалдықты көрсететiн эпизодтар көзiңе жас алдырмай қоймайды. Ата дәстүрiн көзiнiң қарасындай сақтау, үлкендi сыйлау, ақылды сөзге құлақ қою – үлгi аларлық-ақ мiнез. Өзiнiң маңайындағы адамдардың пiкiрiмен есептесу, олармен үнемi ақылдасып отыру, қамқорлық жасау, төңiрегiне әлемдегi ақыл иелерiн жинауға талпыну - мұның барлығы күнi бүгiнге дейiн үлгi боларлық, тiптi билiк иелерiнiң iс қағидасына айналарлық қалыптар.

Шығыс даналығын жасаушылар - қытай киношылары бiзге осындай тағлым ұсынады. Шыңғыстың қаталдығы мен даналығын Дала мен тарихи орта қалыптастырды. Оны мойындамай болмайды. Шыңғысқа сын көзiмен қарай бермей, оның әрекеттерiнен тиiмдi сабақ алуға күш салған дұрыс деген қорытынды жасайды. Бұған келiспеу тоңмойындық болар едi.
Бiз фильмнiң көркемдiк деңгейi жайлы, рөлдер мен орындаушылар жайлы ауыз ашпадық. Өйткенi, бiрiншiден, ол бiздiң қолдан келе бермейтiн шаруа, екiншiден, осы әңгiме тұсында ол жайлы сөз қозғауды мiндет деп санамадық. Қалай десек те қазақ өнерiнiң туындысы емес көршi елдiң еңбегi ғой. Бар мүмкiндiктi пайдаланып, бар ықыласын салған сияқты.
http://www.turkystan.kz/page.php?page_id=35&id=1888

воскресенье, 20 января 2008 г.

НАУРЫЗ

Наурыз - әлем халықтары арасындағы ең ежелгі және жылдың жаңаруын ең алғаш әйгілеп, адамзатқа дәстүрлеген бірден бір мереке. Бұл дәстүрдің аталуы мен «наурыз» сөзінің таралу аумағына қарағанда, адамзаттық Жаңа жыл мерекесі екенін мойындауға тура келеді. Наурыз (март) айымен байланыстыра жаңа жылды атап өту патшалық Ресейді былай қойғанда, Рим империясында да қасиетті мерекеге айналып келген.
Саясаттың өзгеруі Наурыз мерекесіне де салқынын тигізіп келді. Мыңдаған жылдар бойы мерекеленіп келген Наурыз мерекесі, кеңес өкіметі тұсында жалпыхалықтық сыйпаттан өңірлік және ауылдық ауқымға ысырылды. Наурыз көптеген атрибуттық және мазмұндық тұрпатынан ажырап, қарабайырланды және сүреңсіз тартты. Мерекелердің мерекесі саналатын Наурыз тек қана кеңес өкіметінен тәуелсіздік алған түрік елдерінде ХХ ғасырдың 90-жылдарынан бастап қана шындап қолға алына бастады.
Енді Наурыздың өз мәртебесі мен мәнін өзіне қайтаратын уақыт келді. Ол үшін оны заман талабына сәйкес тарихи нышандары мен атрибуттарын лайықтап, кәзіргі адам санасы қабылдайтындай, фольклорлық той емес, жалпықазақстандық мереке дәрежесіне жеткізуіміз керек, уақыттас әшекеймен, мүмкіндіктермен байытқанымыз жөн. Бұл жоба да сол ниеттен туылды.

НАУРЫЗ ҚАЛАЙ ТУЫЛДЫ?
«Наурыз» (өткен ғасырда қазақша «науырыз» болып жазылатын) сөзін індетушілер, оны парсының «нау» - жаңа, «ырыз» - күн сөздерінен туындатып жүргені рас. Алайда, Наурыздың ең ежелгі мереке екенін ескерсек, аталмыш сөздің одан да ерте туындағаны шығады.
Қазақ тілінде осы сөздердің мына түрдегі қолданысы, аталмыш мереке атауының ежелгі мәні болғандығына тағы бір дәйек: «ну» + «ырыз» немесе «нуырыс». Қазақша «ну» жасыл ұғымын («Сулы жер - нулы жер») береді де, «ырыз» (ырыс) сөзі сол күйінде, әлі күнге Жаратқанның бұйрықты игілігі деген мағынадағы «құт», «береке» ұғымдарының жыйнақты мәні күйінде қалған.
Енді осы «соны», «тың», «жаңа» ұғымдарын біріктірген «ну» сөзінің қазырғы әр тілдегі «нау», «ноу», «нав» «нов», «новь», «нью» секілді нұсқаларының о бастан келе жатқан басқы көзі деуге негіз бар. Басқаша айтқанда, «жаңа» ұғымы тумас бұрын, оның «жасыл», «жас» аталатын табиғи нұсқалары туындап барып, бірте-бірте «жаңа» ұғымы қалыптасқан.
«Ырыз» сөзінің түбірі «ыр» (ір) түрінде «ие», «қожайын», «іске асырушы» дегенді білдіретін аса ежелгі сөз: тәң+ір - таң, жарық иесі, жарықты жаратушы, иеленуші. Ал, оның екінші бөлігі «ыз» (ыс, іс) түрінде құдыретті заңдылық, пешене, жазмыш дегенді білдірген. Сонда «ырыз» (ырыс) сөзі құдыретті жазмыштың бұйрығымен болатын бұйырым, несібе деген ұғым болып шығады.
Ендеше, «нау» + «ырыз» ежелгі сөйлем ретінде парсылық «жаңа күн» тіркесіне отырық мәдениетке тән, нақтыланған мағына түріне түсіп барып жеткен, ал оның ежелгі мағынасы: «Жаратқанның бұйрығымен жаңа құтқа кенелу». Демек, Наурыздың арғы мәнінде Уақыттың жаңаруын Жаратқанның еркімен болатын табиғаттың жаңарысымен және адамзаттың жаңа құдыретті құбылыс күтуімен байланыс бар, саясатқа айналмаған пәк сенім мен ежелгі түркілік сөздердің күрделенбеген нұсқалары сол күйінде кездеседі.
Наурыздың мәнін аша түсетін қазақтың тағы бір сөзі бар, ол кәдімгі: «жыл», ежелгі нұсқасы – йыл: әлдекімдердің, әлденелердің жыйылу әрекетін әйгілейтін ұғым. Ендеше о баста «жыл» ұғымы ежелгі түркілер түсінігі бойынша ғаламдық деңгейдегі жыйылу сәтін, яғни ғаламдық ауқымдағы Уақыт пен Кеңістік бойынша жыйырылу, «бір қауызға сыйу», бастапқы старттық қалыпқа түсуді білдірген. Басқаша айтқанда, «жыл» сөзінің шығу тегі ғаламдық күйді білдіруден шығып барып, кейінірек уақытты білдіру бірлігіне айналған. Осыдан барып, әлі күнге дейін қазақтар «Жаңа жылыңмен!» демейді, біріне бірі «Жыл(йыл) құтты болсын!» айтады, және бұрынырақта «жаңа» сөзін қоспаған, мұнысы ежелгі жыйылу құбылысының құтты болуын тілеуден шығып тұрған ежелгі тілек екенін қостай түседі.

НАУРЫЗДЫҚ НЫШАНДАР
Кез келген мерекеге тән нышандар болатыны белгілі, Наурызға тән атрибуттарды қарағанда, «йолка» аталып жүрген шыршаның мәнін ескермеу мүмкін емес. Ертедегі түркілер мәңгілік жасыл қарағай текті ағашты айнала, 365 адамды билетіп, тойлау дәстүрі болған. Мұның мәні мынада еді: жасыл ағаш пәктіктің нышаны ретінде Көкке жеткізер жол (йол), ал оны айналу арқылы, жыйырылу, иірім жасаумен ғарыштық сығылу үдерісіне қосылу ниеті жүзеге асқан және болашақ жыл күндерін жасыл ағашты айналумен, Жаратқаннан бұйыратын жаңа ырысқа алдын ала кенелту дәстүрі болған. Қазырғы орыс тілінен «йолка» аталған жыл шыршасының шығу тегі осылай болған-ды.
Ежелгі Наурыздың мерекеленуі ғарыштық үш санатқа (категорияға) негізделген: дәм, үн, түс. Бұлардың әрқайсысы ғарыштық жетілудің кепілі ретінде жеті еселенуден тұрған, яғни, жеті дәмнен – Наурыз көже, жеті түспен – үйді, адамды безендіру, жеті үнмен – жеті қоңыраумен, жетіген аспабымен болмаса жеті адамның хор айтуымен ескі жылды есіркеп, жаңа жылды мадақтау жүзеге асырылған. Осыдан келіп, кәзіргі «хоровод» үрдісі орныққан.
Сонымен бірге, Наурыздың тойлануы жеті күнге созылса керек, оған қазырғы еліміздің батыс тұрғындары 13-14 наурыздан бастап, көрісу мен наурыз көже асуды бастап кететінін қосуға болады. Бұл бұрынғы күнтізбе бойынша наурыздың басқы күндері, ал оған бір апта қоссақ, қазырғы 21-22 наурызды аламыз. Сөйтіп, «Нуырыс» мерекесі жеті күнге созылған.
Наурыз мерекесінің басты атрибуты болып табылатын «наурыз көже» тіркесінің де берері көп. Алғашқы сөздің мәні ашылғанын ескеріп, «көже» сөзіне назар аударғанымыз жөн: кө+же; «кө» ежелгі «Көк» яғни, жоғарғы негіз (төменгі негіз – Жер, йер) және ас дегенді білдіретін «же» сөздерінен құралған аса ежелгі сөз.

НАУРЫЗДЫҚ СЫЙПАТТАР
Наурыздық ұғымдар бүгінде көмескі тартқанымен, қайта қалыпқа келтірерліктей сұлбалар жеткілікті. Наурыз аумағы жағынан жалпыадамзаттық, тарихи сыйпаты турасында ең ежелгі ритуалдық мереке, ал арналымы жағынан барлық ізгіліктің бастауы. Сондықтан да оны «Ұлыстың ұлы күні» атаған.
Наурыз – құбылыс басы.
Құбылыс – Уақыт пен Кеңістің тоғысуында жүзеге асатын әрекет пен болмыстың көрінісі. Бабаларымыз ежелгі замандарда сол құбылысты болдыратын Уақыт пен Кеңістің басы ретінде Күн мен түннің теңесуі болатын сәт пен жер бетіндегі жасыл орманды алқапты таңдаса керек. Сондықтан да, Көкке шаншыла өскен, үшкір ұшты, түсін өзгертпейтін шыршаны Уақыт пен Кеңістің тоғысу нышаны ретінде қалаған, оны Көк пен Жерді қосатын жол (йол) деп есептеген. Ал, Наурыз мерекесін халық болып жабыла мейрамдау бар құбылыстың, яғный жақсылықтың басы ретінде мойындалған. Сондықтан наурыз күні жыл бойына жалғасар істі бастауға тырысқан, жақсылық жасауды ұйымдастырған: кір-ластан құтылу, бұлақ көзін ашу, ағаш егу, егін егу, сүмелектеу (рассада, одан арнайы «сумаляк» деген ас әзірлеу өзбектерде сақталған) т.т.
Наурыз – жыл басы.
Ежелгі аңшы-көшпелі түркілер он екі жылдық мүшелді енгізумен бірге, олардың әрқайсысына айуандық кейіп берген, яғни әрбір жыл белгілі бір айуанның тұрпатымен келетінін насихаттай отырып, оларды астрологиялық жағынан сыйпаттауды меңгерген. Ал, әрбір жылдық айуан жеті түстен тұрса керек, сөйтіп, әрбір мүшелдік жыл жеті дүркін түске бойалумен толық түстік мүшелді өткеретін болған. Бұл – 84 жыл, бұған біржылдық бейтарап нәрестелік кезең қосылғанда, адамның орташа өмір сүру ғұмыры 85 болып шығады.
Наурыз – маусым басы.
Маусым жылдың тірлікке тән мезгілдік кезеңдері болып табылады.Түркілер кеңістікті де, уақытты да төртке бөлген. Жербеті күншығыстан бастап, оңға қарай оңтұс, батыс, солтұс, шығыс болса, әр тұстың өз түсі бар: шығыс – көк, батыс – ақ, оңтұс – қызыл, солтұс – қара.
Жылдық кезең төрт маусымға жіктелген. Әр маусым, жылдың жасына қарай балалық, жастық, егделік, қарттық сыйпатты бейнелеген. Егер жылдық мүшел он екі жылдан тұрса, жылдық уақыт он екі айдан тұрған. Әрбір үш ай бірігіп, бір маусымды құраған. Әр маусымға тән өз түсі бар: көктем – жасыл, жаз – көк, күз – сары, қыс – ақ.
Жыл басы міндетті түрде көктем айының алғашқы күні болып табылған, өйткені, наурыз айында тоқсан күндік қыс кетіп, көктем келеді, ал қыс дегеніміз - ескі жылдың соңғы маусымы. Қыстың нышаны – қар, түсі – ақ, яғни табиғи қартайу шегінің соңы. Көктем нышаны – өсімдіктің көктеуі, түсі – жасыл, яғни табиғи жасару межесінің басы.

НАУРЫЗДЫҚ ҰҒЫМДАР МЕН РӘСІМДЕР
Наурызға тән ұғымдардың барлығы да бір ғана мерекенің мәнін ашудан шыққан десек, қателесеміз. Керісінше, Наурыздың мереке болуының өзі белгілі бір ежелгі адамзаттық идеяның түрлі сенімдер мен тұжырымдарға бөлшектелмей тұрғандағы тұтас үрдісінің шырқауынан шыққан. Бізді осындай ойларға жетелейтін наурыздық мына ұғымдар болып табылады.
Көк – аталық негіз, барлық игіліктің көзі; ғаламды билеуші Жаратқанның тұрағы.
Ұмай ана – аналық негіз, береке мен жақсылықтың көзі, жер бетіне Көктің бұйрығымен дарыған игіліктерді еселеуші, молайтушы мистикалық тұлға; Жердің мифтік бейнесі.
Құт – Көктің батасымен байанды ететіндей кепілі бар құбылыс көзі. Қазақтың «Құтты болсын!» айту дәстүрінің түбінде кез келген қуанышты құбылыстың құдыретті Көктің қолдауына ие болсын дегендей тілек жатыр.
Қыдыр ата – Көктің атынан жер бетін аралаушы және құт үлестіруші, қолдаушы. Құд + ыр, мұндағы «ыр» (ір) – ежелгі түркілік ұғым бойынша құдырет пен құбылыс дарытушы.
Ырыс – Жаратқанның бұйрығымен дарыйтын сый. «Ыс» (іс) – жазмыш, Жаратушының бұйрығы деген ұғымдардан шыққан.
Береке – адамдардың ниетіне рыйзалықтан Көк пен Ұмай тарапынан бұйыратын табыстың тиімділік көрінісі.
Бақ – адам пешенесіне жазылған сыйдың бұйыруы, адам тағдырына жағымды құбылыстың жазылуы.
Жолбақан (йол) – Көк пен Жерді жалғаушы жол әрі Көк күмбезіне «тірелуші» ағаш, Наурыз кезіндегі ғаламдық кіндік нышаны. Жолбақан жердегі адамзатқа жаңа жақсылықтар легі мен жас ырысты өз бойымен жөнелтуші құрал және Көкке адамдардың ниет-тілектерін жеткізуші жол. Жолбақанның рөлін ертеде қарағай текті жасыл ағаштар атқарған.
Наурыз – ежелгі түркілік «ну(нау) ырыс» - «жас, соны, тың, жаңа Көк сыйы бұйыратын сәт» деген ырымнан туындаған ұлы мереке.
Жыл (йыл) – кәзірде мезгілдің бірлік атауы болғанымен, ерте заманда ғаламның бір қауызға жыйылу сәті ретіндегі тұжырымнан, ежелгі түркілік «йыл» (жыйналыс, жыйырылыс, сығылу) сөзінен шыққан. Кейіннен орыс тіліне «йыл» сөзі шыршаның атауы ретінде «ель» түрінде, ал жаңа жылдық безенген шыршаны «йолка» (тағы да «йол» сөзінен) атау қалыптасқан.
Наурыз көже – Наурыз мерекесі кезінде ішілетін қасиетті де жеті дәмнен пісірілетін ас. Көже (Көк асы)– ежелгі түркілі «кө» (Көк) және «же» (ас) сөздерінен құралған, бірнеше дәмнің бірігуінен пісетін сұйық астың атауы.
Жеті үн (жетіген) – жеті дыбыстың бірігуінен шығатын қасиетті әуен. Қазырғы кезде «жетіген» сөзі қазақтың жеті ішекті саздық аспап атауы. Ежелгі түркілік «жетік үн» тіркесінен шыққан. Алайда, бұлайша ертеде кәзіргі «хор» аталатын бірнеше адамның қосылып ән айтуы да аталған болуы мүмкін, өйткені, «хор» сөзінің өзі түркілік «көптің бірігуі» (қор) дегенді білдіретін ұғымнан шыққан.
Кәзіргі қазақы «жеті нан», «жеті шелпек» пісіру де наурыздық ұқтырымдардың сарқыты.
Көрісу – адамдардың бір бірімен төс қағыстыра сәлемдесуі. Сәлемдесудің бұл түрі Наурыздың «жыйылу» принципіне негізделген. Төстің өзі қазақша «көкірек» деп аталады да, ежелгі түркілік көк+ірек (ырақ), яғный «Көкке тиесілі қақпақ» (ірек, ырақ – қақпақ, мысалы: шаң+ырақ) дегенді білдіреді. Көкіректерді түйістіру арқылы, адамдардың бір бірімен бұлайша сәлемдесуі, көкірекке ұялаған түрлі ниеттер мен ойларды біріктіру пыйғылынан шыққан.
Шырақ жағу. Қыдыр атаны күтудің бір рәсімі. Шырақ жалғыз болмауы керек. Шырақ жағудың бірнеше мәні бар: Қыдыр атаның жолына жарық түсіру; отауды аластау, лас қуат пен кірден тазарту; үйдегі құт пен ырысты, жылу мен ошақты қадырлау белгісі; әруақтармен сыйласу, оларға құрмет көрсету нышаны.
Ырыс түні. Бұл – Көктен жаңа ырыс тілеу; жаңа Уақыттың жаңарған Кеңіске (жерге) келуін қамтамасыз ету, пенделік пыйғыл мен ниеттерді бір мезгілде бір арнаға тоғыстырып, Жаратқанға құрмет көрсету, оның назарына ілігу; наурыздың 21-нен 22-не қараған түні ұйықтамай таң атысын күтіп, салтанатпен өткізу рәсімі.
Қыдырсый. Балалар үшін Қыдыр ата атынан ата-аналары мен туыстары арнайы әзірлеген сыйлық.
Ұйқыашар. Бойжеткендер тарапынан ғашық жігіттеріне арнап пісірілген, Ырыс (Қыдыр) түні желінетін тағам.
Селтеткізер. Жігіттер тарапынан бойжеткендерге арнайы, алдын ала, әзірленген сыйлық. Бұл сыйлық аталуы жағынан да, мағынасы жағынан да кәзіргі «сюрприздің» арғы тегі болып табылады, тіпті, «сюр» сөзінің өзі қазақтың «сүр» - ұзақ уақыт бойы сақтаулы деген сөзіне өте жақын.
Жолдық. Наурызда «Жыл құтты болсын!» айта келген қонақтарға, жолыққан таныстарға ұстата салатындай, сондай-ақ, наурыз шарасына қатысушыларға үлестірілетін ұсақ та қарапайым, кәкір-шүкір сыйланымдар. Бұл наурыздық Көк жолына және жаңа жылға рыйзалық ниет білдіруден туындаған ырымдық сыйласу рәсімі.
Жылқоржын. Жолбақанға бекітілген арнайы жолдықтар мен жылсыйлар салынатын жеті түсті әшекеймен безендірілген қос қалталы қоржын.
Жылсый. Кәзіргі заман талабынан туындаған сыйлық түрі, ол жаңа жыл қарсаңында берілетін түрлі атақтар мен төсбелгілер, сыйлықтар, мадақтамалардан құралады. Бұған наурыздық құтпарақтар (аткрыйтка) да қосылады.

НАУРЫЗДЫҚ ПРИНЦИПТЕР
Қалай дегенде де, Наурыздың өз мәнінде мерекеленуі тұтушыларына (носитель), яғный қазақ халқына байланысты. Сол себепті де, көмескі тартқан көп нәрселерді қалпына келтіріп, дәйектей отырып, заман талабына бейімдеу арқылы Наурыздың шырайын шығаруға әбден болады.
Наурызды мейрамдау мынадай тұжырымдарға негізделгені мақұл:
- Наурыз – жыл басы;
- Наурыз – бірігіс;
- Наурыз – жаңарыс;
- Наурыз – жетіліс;
- Наурыз – бастау (старт);
- Наурыз – үміт;
- Наурыз – мереке.
Бұл тұжырымдарды принцип ретінде өз алдына ашайық.
Жыл басы ретінде қабылданып жүрген 1 қаңтардың күнтізбелік мәні ашылмағандықтан, Наурыздың жай ғана көктемгі мереке екені рас. Сондықтан Наурыздың астрологиялық және мүшелдік жылбасы екендігі барынша насихатталуы керек. Әсіресе, еліміздің батысындағыдай 13-14 наурыздан бастап аталып өтетіндігін одан әрі дамыта түсу қажет. Ол үшін 13-20 наурыз аралығында ескі жылмен қоштасу рәсімдері өтуі керек.
Наурыздық бірігіс принципі Наурыз мерекесінің өн бойын қамтыған басынан аяғына дейін басты талап болып табылады және Наурызды жалғыз қарсы алу ырымға жаман болып есептеледі. Өйткені, жалғыздық тек қана Жаратқанға ғана тән, жалғыз мерекелеу күнәһар болудың бір түрі саналған. Бірігіс талабы басты үш санат арқылы жүзеге асады: жеті дәм, жеті үн және жеті түс. Әрбір адам не жанұя, мекеме, топ осы санаттардың біріккен көрінісі болуы керек: наурыз көже ішу не пісіру, біріге өнер көрсету, түрлі түсті жарқын киешек(костюм) киу.
Жаңарыс: әрбір адам не жанұя, мекеме, топ 22-нен бастап, өзінің (өздерінің) жаңа жоспары мен жобаларын, ниеттерін әзірлеуі болмаса іске асыра бастауы қажет; ескі қағаз бен киім 21-не дейін өртелгені мақұл.
Жетіліс принципі ескінің жаңаға ұласуынан көрініс табады, сондықтан әрбір адам не жанұя, мекеме, топ ескі жылдағы басталған істі аяқтауымен есіркеп, жаңа жылда аяқталмаған істі жаңартып бастауды қолға алуы керек. Әрбір жан жаңа киіммен, жаңа үнмен (көңілмен) жаңаша әрекетпен Жолбақанды айналу арқылы өзіне жаңа жол ашпақ.
Бастау: ескі жыл аяқталарда жаңа іс бастамай, оны жаңа жылға қалдырудың мәні зор. Ескі жылдың қуаты кеміп, құты азайады, ырыстың жолы тарығады. Сондықтан 13 наурызға дейін бітпеген істі бітіруге болмаса жаңа жылға жаңартып бастауға әзірленген мақұл. Жыл бойғы барлық әрекет пен істің нәтижесі 20 наурызға дейін қорытылып, 22 наурызда істің ірісі мен уағы бастау алуы керек.
Ежелгі түркілердің сенімі бойынша істің құтты болуы оның басталуына тәуелді деп есептеген және соған зор мән берген. Ал, Наурыз Уақыт пен Кеңісті біріктіруші ең сәтті күн болғандықтан, сол күнгі бастау алған істің сәттілігі зор болмақ. Ал, істің басы оны жүзеге асырудан емес, жобалаудан басталады.
Үміт принципі жаңа Уақыт жолына сену болып табылады. Ал, сену жаңа ғарыштық қуатқа жол ашады. Ендеше, Үміт - болашақ істің, өмірдің жолашары. Сол себепті, Наурызды жай ғана мерекелік сәт деуден гөрі, оның барлық атрибуттары мен көріністеріне назар салып, шынайы көңілмен қарсы алудың мәні де, нәтижесі де зор.
Мерекелік принцип Наурызға жай ғана демалыс күндерінің бірі деп қараған пыйғылдан бастап мәнін жойады. Сол себепті, бұл принципті жүзеге асырудың бір сыры оған әзірлік пен көпшіліктің мәре-сәре мейрамдауында жатыр.

НАУРЫЗДЫ МЕРЕКЕЛЕУ
Наурыз мейрамын мерекелеуде береке болмай тұр. Жасыратыны жоқ, басында өзінің барлық сыйпатына ие бола бастаған Наурыз мерекесі соңғы кездері күн мен түннің теңесуі болмаса көктемнің басы ретінде басқаша мәнге ие бола бастады. Мерекенің бұлайша мағыналық бұлдырлыққа тап болуы, оны өзіне сәйкес мәннен жұрдай етуде. Адамдар үйінде наурыз көже ішумен, ал ұйымдар көшеге қарүй (киіз үй, ағаш үй) тігумен ғана шектеліп, Наурыз мейрамының келбеті сүреңсіздікке ұшырауда. Уақыт жағынан бір-екі айға созылатыны бар. Мерекелік нышандар мен ырым-жоралғылардан жұрдай. Мейрамның мәні бұрмаланып, жаңа жылдық сыйпаты жойылуда. Фольклорлық, этнографиялық алданышқа айналуда.
Наурызды мерекелеудің шынайы мазмұнға сәйкес болуы мен заманға сай қызықты да, сәнді болуы, терең мағынаны қарапайым рәсімдермен «әшекейлеу» арқылы жұртқа тартымды мейрам бейнесін жасақтау ғана оны жағымды да әйгілі етпек.
Сондықтан көпшіліктің көңілінен қағыс қалдырмас үшін барлық мүмкіндікті ойластыра отырып, Наурызды мерекелеудің орны мен ортасына орай бес НҰСҚАҒА бөліп мейрамдауды ұсынып отырмыз:
- шерулік нұсқа;
- ресми мерекелеу;
- алаңдық (көшелік) нұсқа;
- орынжайлық (бөлмелік) нұсқа;
- жанұялық (әулеттік) нұсқа.
Наурызды МЕРЕКЕЛЕУДІҢ басты екі сатысы бар:
- ескі жылмен қоштасу;
- жаңа жылды қарсы алу.

1. Наурызды мерекелеудің ШЕРУЛІК нұсқасы
Наурызшеру. Әрбір елдік мекен (қала, кент, ауыл, микроаудан, көше т.т.) Наурыз мерекесін мейрамдаудың көпшілік сыйпаты болып табылатын наурызшеру ұйымдастыруларына болады.
Шеру – бірнеше лектен тұратын адамдар тобының белгілі бір алаңды болмаса көшені бойлап салтанатты жүріп өтуі. Әрбір лек өз алдына ұйымнан, мекемеден, өз еркімен құрылған топтан, өнериеттік (творчестволық) ұжымнан тұрады. Әрбір лек шеруді ұйымдастыру алқасының (ұйымалқа) арнайы рұқсатымен шеруге қосылуға мүмкіндігі бар. Наурыздық шеру мерекеге қатысты Жеті дәм, Жеті үн, Жеті түс принциптерін қанағаттандыруы - басты шарт.
Ұйымалқа лектен нені талап етуі керек?
• топтың арнайы рәмізі;
• құттықтау жазылған ұрандар мен тілектер;
• шеру тобының құрамында Ұмай ана, жаңа және ескі жыл мен басқа да он жыл кейіптері бейнеленген киешек (костюм) киінген құрам;
• жеті қоңыраулы асатаяқ, одан басқа да жетіген, дауылпаз, шаңқобыз, сыбызғы секілді өзге де этностық аспаптар мен кәзіргі саздық аспаптар болуы мүмкін;
• шеруде орындалатын ән-күйлер;
• жеті түрлі дәмнен жасалған көже құйылған тайқазан және оны құйып тарататын бірмәртелік тостағандар;
• шеру тобындағы арнайы киешегі жоқ адамның болмауы;
• шеруге өзге де ертегілік кейіпкерлердің (ұлттық киімдер болмағаны дұрыс) қатысуы.
Әрбір лек шеруге өз бетінше әзірленіп, қатысатындығы жөнінде 14 наурызда өтініш беруі керек. Шеру 21 наурыз күні түскі сағат 12-де басталуы шарт және шеру жолының ұзындығы небәрі 3-5 шақырымнан аспағаны мақұл. Әрбір лек бір көлікті ғана пайдалана алады.

Шеру бойы хормен болмаса бірнеше аспаптың жабыла тартылуы арқылы ән-күй орындалғаны жөн.
Шеруде ақ(кәрілік пен тозудың, ескіліктің белгісі) пен қара(күңгірт – зұлымдық пен кері тілектің, қара ниеттің белгісі) түстің болмауы тиіс, «ырыс пен құтты үркітеді», «жаңа жылды шошытады».
Шеру бойы жағалай қызықтаған адамдарға наурызкөже тарату қамтылғаны дұрыс.
Шеруді жүріп өткен әрбір лек өздерінің алаңдарына не орынжайларына бет алуы қажет.

2. Наурызды мерекелеудің РЕСМИ нұсқасы
Наурызды ресми түрде мерекелеу мемлекеттік, коммерциялық және басқа да мекемелер мен ұйымдарда жүзеге асыруға ыңғайлы.
Ескі жылмен қоштасу
Аластау: мерекеге қатысушы қызметшілер ескі жылдағы сәтсіздіктердің әрқайсысын жыл (мысалы, доңыз) бейнелі қоңыр парақтарға түсіріп, бір жіпке тізеді де «Ұмай анаға» (оны алдын ала келісім бойынша бір әйел кимешек киіп, ойнауы керек) отқа өртеуге береді; хош иісті отпен ісбөлмені (офис) аралату және екі босағада жағылған от арасынан қызметшілерді, жұмысшыларды өткізу (кәдімгі майшам болуы мүмкін);
Безендірім: аласталған қызметшілер, ескі жылдың сәтсіздігінен аласталған ісбөлмеге Жолбақан (йол) орнатады; Жолбақан басына үкі ретінде шағын шырша қадалған, ұзындығы төбеге жетерлік сырық. Жолбақанға жеті түсті арқан болмаса таспа (лента) бұратыла оралады. Жолбақанға жеті қоңыраулы асатаяқ сүйеулі. Жолбақанның шырша астын ала жан жаққа таратыла бөлмеге шашақты жеті түсті таспалар мен жіптер керіледі. Жолбақанның түбінде қос қалталы («Дәм» және «Түс») қоржын орналасуы керек. Қоржын жәшіктен болмаса тумба болуы ықтимал. Сонымен бірге «жеті түс» санаты бойынша барлық қызметшілер қара түстен өзге, ашық та жарқын түсті киешек(костюм) киінеді.
Мадақтау: ескі жылдағы сәттіліктердің әрқайсысын жыл (мысалы, доңыз) бейнелі ақ парақтарға түсіріп, жіпке тізіп, Жолбақанға байланған түсті әшекей таспаларға ілінеді. Ұйым мүшелерінің барлығы өздерінің Наурызға әкелген тағамдарын Қоржынның «Дәм» қалтасына жайғастырады. Қызметшілер Жолбақанды айнала тұрады; ұйым басшысы ескі жылдағы сәттіліктер мен орындалған жоспарлар мен жобаларды салтанатты жыйында жария етеді, орындалған жақсылықтар үшін сыйланатын мадақтамалар мен сыйлықтар (бұлар – жылсый деп аталады) қоржынның «Түс» қалтасына жасырылады; Басшы сөзінен кейін қызметшілер ескі жылға есіркеу мен рыйзалық сөздерін хормен айтады; әрқайсысы ескі жылдағы жеке табыстары мен сәттіліктерін, ақ парақтарға түсіріп, Ұмайға ұсынады. «Ұмай ана» ақ парақтардағы жетістіктерді жария етіп, Жолбақанға байлайды, ескі жылға арнаған есіркеу сөзін айтып, қоштасу батасын береді.

Жаңа жылмен қауышу
Қоңыраулату: Жолбақанға ілінген жеті қоңыраудың («жеті үн» принципі бойынша жаңа жыл кейпіндегі адам соғады) соғылуы Жаңа жылмен қауышудың алғашқы шарты. Қоңырауды ескі жылдың бейнесіндегі адам соғады. Бұл кезде Ұмай ана түрлі түсті тәттіні шашады, қатысушылар бір бірімен көріседі, Ұмай Жаңа жылға сәлем сөзін бастайды.
Жылмен қауышу. Бұл кезде жыл иесі болып табылатын айуан кейпіндегі қызметші Жолбақан түбіндегі қоржын қасынан маңызды орынды иеленбек. Әркім өз жылының кейпіндегі бетперде тағынып, Жолбақан мен жаңа жылды айнала хор айтады. Бұл – көпшіліктің жылмен қауышуын білдіреді. Жыл иесі қоржынның «Түс» қалтасындағы Жылсыйды үлестіреді. Содан кейін бір біріне қызметшілер жолдық, селтеткізер сыйлауы мүмкін.
Дәм тату – «жеті дәм» санаты бойынша атқарылатын рәсім, әрбір қызметкер пісіріп әкелген Наурыз көжені Ұмай ана бір ыдысқа құйып, барлық қызметшіге үлестіре құйады. Наурыз көже жыл дәмі болып табылады.

1. Наурызды мерекелеудің АЛАҢДЫҚ нұсқасы
Наурызды алаңда мерекелеуді ауыл, қала деңгейінде, тіпті тұрғындық аулаларда өткізуге болады. Бұл нұсқаны қайырымдылық жолымен бейсауат көпшілікке арнап, мейлінше көп адамды тарту үшін мемлекеттік, коммерциялық және басқа да мекемелер мен ұйымдардың жүзеге асыруларына әбден болады.

Безендірім:
Наурыз безендірімі оны мерекелеуге қатысатын жұрттың киімдерінен басталады: киім неғұрлым ашық та жарқын алуан түстерден тұрған абзал, қара, күңгірт түстер болмағаны дұрыс, қара аяқ киімді алуан түсті таспалармен орап әшекейлеуге болады. Әр адам өзінің жылына сәйкес бетперде тағады.
Жолбақан - басына үкі ретінде бір метрлік шағын шырша қадалған, ұзындығы кемінде жеті метрлік, диаметрі кемінде он сантиметрлік солғын жасыл (салат) түсті бағана. Жолбақанға жеті түсті арқан болмаса таспа (лента) бұратыла оралады. Жолбақанға жеті қоңырау ілініп, оларды бір адамның соғу мүмкіндігі жасалады. Жолбақанды айнала әрқайсысының есігі үш жаққа қаратыла, бір біріне қабыстыра үш қарүй (киіз үй) тігіледі; олардың төбелері солғын жасыл (наурыздық түс) түсті туырлықпен жабылады; бұлар «наурыз отау» аталады да, қапталдары жеті түсті құрлардан немесе жалпақ таспалардан ромб тәрізді (текемет түрімен) етіп безендіріледі; отауға кірген адам келесі екі отауға өтетіндей есік қалдырыла жапсарлас тігіледі; әр отаудың аты бар және маңдайшаға жазылады:
- «Дәм отау»; Дәм отауда тайқазан орнатылады және наурыз көженің пісірілуіне және құйылуына бар жағдай жасалады;
- «Үн отау»;Үн отауда дыбыстағыш және саз саймандары орналасады; алдына сахна жайғасады;
- «Түс отау»; Түс отау жылсый мен жолдықтар, селтеткізер салынған қоржындарға толы болады және наурыздық шағын көрме орналасуы мүмкін.
Жолбақанның жоғарғы жағынан отаулардың белдеуіне жеті түсті 21 таспа таратыла байланады; жолбақанның басы отаулардан барынша биік болуы шарт.

Ескі жылмен қоштасу
Аластау: алаңда арасы кемінде екі метр болатындай екі жерге Алас оты жағылады, оны Ұмай ана тұтатады; алаңға жыйналған жұрт ескі жылдағы сәтсіздіктердің әрқайсысын жыл (мысалы, доңыз) бейнелі қоңыр парақтарға түсіріп, бір жіпке тізеді де отқа өртеу үшін Ұмай анаға тапсырады; Ескі жылдың сәтсіздіктері мен қайғысын өртеген жандар бір түзуге тізіліп, Алас отының арасынан өтеді, бұл кезде Ұмай ана «Алас, алас, алас...» деген арнайы ырым сөзін дауыстап тұрады. Аласталған жұрт тізілген күйі Жолбақанды айнала орналасады.
Мадақтау: мерекелеушілер ескі жылдағы сәттіліктердің әрқайсысын жыл (мысалы, доңыз) бейнелі ақ парақтарға түсіріп, омырауларына қадайды, неғұрлым көп парағы бар адам ескі жылға соншалықты рыйзалығын білдіреді.
Қатысушылар Жолбақанды айнала тұрады; Наурыз алаңды Басшы (қалалық мерекелеу болса – қала әкімі, т.с.с) мерекеге қатысушы топтың, ұйымның ескі жылдағы сәттіліктер мен орындалған жоспарлар мен жобаларды салтанатты түрде жария етеді.
Басшы сөзінен кейін қатысушылар ескі жылға есіркеу мен рыйзалық сөздерін хормен айтады; әрқайсысы ескі жылдағы жеке табыстары мен сәттіліктерін, жамырап айтады. Мұның бәрін Ұмай ана басқарады және ол соңынан қорытып, ескі жылға арнаған есіркеу сөзін айтып, жылмен қоштасу батасын береді.

Жаңа жылмен қауышу
Қоңыраулату: Жолбақанға ілінген жеті қоңыраудың («жеті үн» принципі бойынша жаңа жыл кейпіндегі адам соғады) соғылуы Жаңа жылмен қауышудың алғашқы шарты. Ұмай ана шашу шашады, тілектер жазылқан жаңа жыл кейпіндегі парақтар шарларға қосақталып, аспанға ұшырылады, отшашу атылады.
Жылмен қауышу. Ұмай ана жаңа жыл кейпімен жеті рет көріседі.Бұл кезде шараға қатысушы әрбір жан кемінде жеті адаммен көрісуі керек. Түсотаудың алдына қойылған таққа жыл иесі болып табылатын «айуан» жайғасады. Әркім өз жылының кейпіндегі бетперде тағынып, Жолбақан мен жаңа жылды айнала хор айтады. Бұл – көпшіліктің жылмен қауышуын білдіреді. Жыл иесі Түсотаудағы Жылсыйларды иелеріне табыстайды. Содан кейін жыйналғандар өз таныстарына жолдық сыйлауға мүмкіндік алады. Жыл иесі жұртшылықты көңіл көтеруге шақырады, одан әрі ән-күй, ойын, сергу басталады.
Дәм тату – Ұмай ана Дәмотауға жұртты біртіндеп Наурызкөжеден дәм татуға шақырады. Жұртшылық кезекке тұрған күйі Дәмотаудың есігінен кіріп, көже құйдырып, келесі есіктен тізілген күйі шығып кетеді. Одан әрі ойын-сауық тамашалау басталады. Наурызкөже ішу – наурыз мерекесінің «жеті дәм» принципін қанағаттандырушы рәсім.
«Жетіген». Бұл – наурыздық жеті үндік принципке сәйкес ұйымдастырылған ойын-сауықтан тұратын рәсім. Мұнда өнерпаздар өздерінің жаңа жылдық жаңа ән-күйлері мен билерін, түрлі өнерлерін паш етеді. Сәнгерлер жаңа жылдық сән үлгілерін, суретшілер жаңа суреттерін жаяды.т.т. Негізінен жаңа жылға арналған тың өнерлерге орын беріледі. Орындаушыларға жолдық таратылады. Ойын-сауық соңында жұртшылыққа Жаңа жыл мен Ұмай ана алдағы Қыдыр түнін қызықты өткізуге сәттілік тілеп, қоштасады.

4. Наурызды мерекелеудің ОРЫНЖАЙЛЫҚ нұсқасы
Кез келген топтар, ұйымдар мен мекемелердің Наурызды ғыймарат ішіне, орынжайға өткізуіне арналған нұсқа. Бұл нұсқа әсіресе, бюджеттен қаржыланатын мекемелерге(балабақ, мектеп, аурухана т.б.) тиімді.
Безендірім:
Наурыз безендірімі наурыздық «жеті түс» принципін қанағаттандыра отырып, оны мерекелеуге қатысатын жұрттың киімдерінен басталады: киім неғұрлым ашық та жарқын алуан түстерден тұрған абзал, қара, күңгірт түстер болмағаны дұрыс, қара аяқ киімді алуан түспен әшекейлеуге болады. Киешек (костюм) барынша қыйали, таң қаларлықтай тұрпатта болғаны абзал. Әр адам өзінің жылына сәйкес бетперде тағады.
Жолбақан - басына үкі ретінде шағын шырша қадалған, ұзындығы орынжай төбесіне жетерлік, жасыл (салат) түсті жуан сырық. Жолбақанға жеті түсті арқан болмаса таспа (лента) бұратыла оралады.
Жолбақанды айнала үш жағына үш нәрсе қойылады:
- Жеті дәм – наурызкөже құйулы тайқазан;
- Жеті үн – жеті қоңыраулы асатаяқ;
- Жеті түс – жылсый мен жолдықтар салынған қоржын.
Жолбақанның жоғарғы жағынан салбыраған күйі төбеге жеті түсті 21 шашақты таспа(арқан) бекітіледі.

Ескі жылмен қоштасу
Аластау: орынжайға кірер есіктің екі босағасына жеті шырақтан екі майшам орналастырылады; орынжайға кірген әрбір қатысушы майшамның біріне келіп, екі алақандарын отқа тосып, беттерін сыйпайды, осылай үш рет аласталғаннан кейін ғана орынжайға өтеді. Орынжайға жыйналған жұрт жаңа жылдың түсі мен сыйпатына орай жеті түсті қатыстыра киешек (костюм) киінеді және әркім өз жылына сәйкес бетперде тағынады.
Наурыз кешін жүргізуші ескі жылмен қоштасу рәсімін жариялап, Ұмайды ортаға шақырады. Ұмай өзіне көмекшілерін (олар ескі жылда туылған жастар болуы мүмкін) шақырып, қолдарына бір-бір майшам береді де, «Алас, алас, алас...» деген арнайы ырым сөзін дауыстап тұрады. Көмекшілер әрбір топты немесе дастархан басында отырғандарды отпен аластайды. Арнайы ән болмаса музыйка ойналады.
Содан кейін Ұмай ана қатысушыларға ескі жылдағы сәтсіздіктердің әрқайсысын жыл (мысалы, доңыз) бейнелі қоңыр парақтарға жазып беруді өтінеді. Көмекшілер қатысушыларға қоңыр парақтар мен қалам таратып береді, әркім өзінің ескі жылдағы сәтсіздіктері мен сүреңсіз сәттерін түсіреді. Бұл кезде «Ескі жылды есірке» тақырыбына арналған ән орындалады. Осы сәтте көмекшілер жұрттың қоңыр парақтарын жыйнап бір жіпке тізеді де, отқа жағу үшін Ұмай анаға тапсырады. Ұмай ескі жылдың сәтсіздіктері мен қайғысын алып, жеті бөлек етіп қыйады да, ішінде оты бар арнайы қазаншаға салып өртейді. Бұл кезде Ұмай ана «Алас, алас, алас...» деген арнайы ырым сөзін дауыстап тұрады. Ал жұрт қол шапалақтап, «Алас! Алас! Алас!» деп хормен дауыстап тұрады.
Мадақтау: Ұмай ана мерекелеушілерден ескі жылдағы сәттіліктердің әрқайсысын жыл (мысалы, доңыз) бейнелі ақ парақтарға түсіруді ұсынады.
Қатысушылар Жолбақанды айнала тұрады; Ұмай ана қатысушылардың ескі жылдағы басты да қызықты сәттіліктері мен орындалған жоспар-жобаларын салтанатты түрде жария етеді. Жыл иесі Жылсыйларды иелеріне табыстайды. Мұның құрметіне «Ескі жылға мың алғыс!» тақырыбына ән немесе өнер көрсетіледі. Содан соң ақ парақтарды қатысушылар омырауларына болмаса Жолбақанға қадайды немесе үйлерін безендіру үшін өздері алады.
Ұмай қатысушыларға ескі жылға есіркеу мен рыйзалық сөздерін хормен айтқызады; әрқайсысы ескі жылдағы жеке табыстары мен сәттіліктерін, жамырап айтады. Ұмай ана соңынан қорытып, ескі жылға арнаған есіркеу сөзін айтып, жылмен қоштасу батасын береді. Ескі жыл кейіпті кісі қоштасу биін билейді де, ақ бетпердені тастап, өзге түсті бетперде тағады. Ұмай ана ескі жылдың келгендігін жария етеді.

Жаңа жылмен қауышу
Қоңыраулату: «жеті үн» принципі бойынша жаңа жыл кейіпті кісі жеті қоңыраулы асатайақты қолға алып, билей жүріп қоңырау соғады. Ұмай ана жаңа жылдың келгендігін жария етіп, шашу шашады. Аққайнар атылады, түрлі қуаныш рәсімдері жасалады.
Жылмен қауышу. Ұмай ана жаңа жыл кейпімен жеті рет көріседі. Бұл кезде шараға қатысушы әрбір жан кемінде жеті адаммен көрісуі керек. Жолбақан жанына қойылған таққа жыл иесі болып табылатын «айуан» жайғасады. Әркім өз жылының кейпіндегі бетперде тағынып, Жолбақанды, Ұмай мен жаңа жылды айнала хор айтады. Бұл – көпшіліктің жылмен қауышуын білдіреді. Жұрт солғын жасыл түсті жаңа жылдық кейіптегі парақтарға жаңа тілектер жазып Жаңа жылға жыйнап береді, ол тілек парақтарын Жолбақанға бекітеді де, қатысушыларға жолдық үлестіреді. Жыл иесі жұртшылықты дәм татуға, көңіл көтеруге шақырады, одан әрі ән-күй, ойын, сергу басталады.
Дәм тату – Ұмай ана жұртқа біртіндеп Наурызкөжеден дәм татырады. Наурызкөжені «жаңажылдықтар» өзге қатысушыларға құйып таратады. Ұмай ананың міндеті осымен тәмәмдалады. Ол жұртқа жаңа жылда табыс пен бақыт тілеп қош айтысады. Одан әрі жаңа жылдық ойын-сауық басталады.
«Жетіген». Бұл – наурыздық жеті үндік принципке сәйкес ұйымдастырылған ойын-сауықтан тұратын рәсім. Оны жаңа жыл қазақтың жетіген аспапмен күй тартудан бастайды. Өнерпаздар өздерінің жаңа жылдық жаңа ән-күйлері мен билерін, түрлі өнерлерін паш етеді. Сәнгерлер жаңа жылдық сән үлгілерін, суретшілер жаңа суреттерін жаяды.т.т. Негізінен жаңа жылға арналған тың өнерлерге, әсіресе, жекедара орындаушылар емес, топ болып өнер көрсетуге орын беріледі. Орындаушыларға жолдық таратылады. Ойын-сауық соңында жұртшылыққа Жаңа жыл алдағы Қыдыр түнін қызықты өткізуге сәттілік тілейді.

5. Наурызды мерекелеудің ЖАНҰЯЛЫҚ нұсқасы
Бұл нұсқа жанұялар мен әулеттерге арналған.
Безендірім:
Наурыз безендірімі наурыздық «жеті түс» принципін қанағаттандыра отырып, оны мерекелеуге қатысатын жұрттың киімдерінен басталады: киім неғұрлым ашық та жарқын алуан түстерден тұрғаны абзал, қара, күңгірт түстер болмағаны дұрыс, қара аяқ киімді алуан түспен әшекейлеуге болады. Бет-жүзді де алуан түспен әлеміштеуге болады. Киешек (костюм) барынша қыйали, таң қаларлықтай тұрпатта болғаны абзал. Әр адам киешегін өз жылына сәйкестеп алғаны жөн.
Үйді безендіру: үйдің басты есіктерінің маңдайшасына жеті түсті шашақпен, ал босағалар жетітүсті жіптен (таспадан) өрілген арқанмен әшекейлеген жөн. Безендіруге жанұя мүшелерінің жылдарына сәйкес айуан кейіптес парақтардан жіпке тізілген салпыншақтар тізген мақұл. Үйдің төрбөлмесіне жолбақан орнатылады.
Жолбақан - басына үкі ретінде шағын шырша қадалған, ұзындығы төбеге жетерлік, жасыл (салат) түсті жуан сырық. Жолбақанға жеті түсті арқан болмаса таспа (лента) бұратыла оралады. Жолбақанның жоғарғы жағынан төбеге жеті түсті 21 шашақты таспа(арқан) салбырата бекітіледі.
Жолбақанды айнала үш жағына үш нәрсе қойылады:
- Жеті дәм – наурызкөже құйулы тайқазан;
- Жеті үн – жеті қоңыраулы асатаяқ;
- Жеті түс – жолдықтар салынған жылқоржын.
Ескі жылмен қоштасу
Аластау: төрбөлмеге кірер есіктің екі босағасына жеті шырақтан екі майшам қойылады; төрбөлмеге кірген әрбір қатысушы майшамның біріне келіп, екі алақандарын отқа тосып, беттерін сыйпайды, осылай үш рет аласталғаннан кейін ғана төрге өтеді. Төрбөлмеге жыйналған жұрт жаңа жылдың түсі мен сыйпатына орай жеті түсті қатыстыра киешек (костюм) киінеді және әркім өз жылына сәйкес бетперде тағуына болмаса беттерін әлеміштеп бойауға болады.
Отана (жанұя анасы) үйдің бар бөлмесін арнайы майшаммен аластайды. Алас оты қураған адыраспан секілді шөп-шаламнан емес, арнайы майшаммен жасалады. Үйде арнайы ән болмаса музыйка ойналады.
Жанұя мүшелері әрқайсысы ескі жылдағы сәтсіздіктердің әрқайсысын жыл (мысалы, доңыз) бейнелі қоңыр парақтарға жазып, бір жіпке тізеді де, оны отана аластау рәсімімен, жеті бөлек етіп қыйады да, ішінде оты бар арнайы қазаншаға салып өртейді. Күлді гүл егетін топыраққа қосады. Бұл топырақ ыдысқа салынып, жаңа гүл не ағаш өскіні егіледі.
Мадақтау: Жанұя мүшелері ескі жылдағы сәттіліктердің әрқайсысын жыл (мысалы, доңыз) бейнелі ақ парақтарға түсіреді. Содан соң ақ парақтарды Жолбақанға қадайды.
Ескі жыл бойы алынған сыйлар мен мадақтамалар жыйналып, ескі жылдағы жақсылық ретінде еске алынып, Отаға ескі жылға жанұя атынан алғыс айтады, балалар өнер көрсетеді. «Ескі жылға мың алғыс!» тақырыбына ән айтылады.

Жаңа жылмен қауышу
Наурыздың 21-нен 22-не қараған түнгі сағат 00-де жаңа жылдың уақыты келді деп есептеледі. Жанұядағы жаңа жыл кейіпті жан болмаса Отаға жеті қоңыраулы асатайақты қолға алып, билей жүріп қоңырау соғады. Отана шашу шашады. Жанұямүшелері Жолбақанды айнала тұрып, оң қолдарын жүрекке қойып сәлем етіп, жеті рет иіледі. Сосын бір бірімен көріседі. Аққайнар атылады, түрлі қуаныш рәсімдері жасалады.
Сосын бәрі жаңа тілектер жазып, тілек парақтарын Жолбақанға бекітеді де, отана әркімге жолдық таратады. Отана наурыз қазанға құйылған көжені жанұя мүшелеріне құйып береді.
Қыдыр күту.Одан әрі Қыдыр атаны күту басталады. Қыдыр атаға арнап дастархан жайылады, оған жеті дәм қойылады. Төрбөлменің шамы өшіріліп тек қана майшам жағылады. Жанұя мүшелері «ұйқыашар» аталатын арнайы пісірілген жеңсік ас ішеді. Ал, жанұяның жастары құрбыларымен бірге күтуге «селтеткізер» сыйлықтарын алып, кетулеріне болады.
«Жыл сый». Жаңа жылдық сыйлық ретінде алдын ала жанұя мүшелері бір біріне сыйлық әзірлеуіне болады. Оның селтеткізерлік мәні болса, тіпті, жақсы. Әсіресе, балалар үшін арнайы әзірленген Қыдырсыйды білдірмей, жылқоржынға салып қойған мақұл. Оны ертеңгісін оянған бала түнде Қыдыр ата әкелгендей, тауып алуы керек. Бұл басқа жағынан алғанда, қоржынға салынған сыйзат Қыдыр атаның батасы мен қуаты түседі деген сенімді бекітеді.
Ұмай ана. Жанұя үшін қызығырақ болу үшін арнайы түрде Ұмай анаға тапсырыс жасауға болады. Ұмай аластау, ескі жылмен қоштасу және жаңа жылмен қауышу рәсімдерін өткізіп, жолдық таратады. Ұмаймен бірге жетігеншілер-өнерпаздар болуы мүмкін.


КЕРЕК-ЖАРАҚТАР

1. ТАҢБА. Наурыздың таңбасы бір біріне сүйір бұрыштары түйістіріле бірігіп, бірінің үстіне бірі орналасқан қос үшбұрыштан тұрады: үстіңгі үшбұрыш Көктің немесе аталық негіздің белгісі, астыңғы үшбұрыш Жердің немесе аналық негіздің белгісі. Үстіңгі үшбұрыш ішіне жаңа жылдың кейпі ретінде сәйкес айуанның басы (ол жыл сайын өзгеріп тұрады), ал астыңғы үшбұрыш ішіне тұрақты түрде өсімдік сыйпатты қазақы ою бөлігі суреттеледі және бұл бейнелер солғын жасыл түсті болады. Үстіңгі үшбұрыш көгілдір түске, астыңғысы күрең түске боялғаны жөн.

2. ҰМАЙ ана кимешегі, қамзолы, көйлек – аналық негіз, береке мен жақсылықтың көзі, жер бетіне Көктің бұйрығымен дарыған игіліктерді еселеуші, молайтушы мистикалық тұлға; Жердің мифтік бейнесі.
Кимешек: өңі солғын жасыл (салат түсті). Нәзік те жіңішке азын-аулақ оюмен кестеленген. Ою қазақы классикалық ою елементтеріне өсімдік сыйпатын берген жөн. Ою түсі - қанық жасыл.
Қамзол: өңі көгілдір немесе көк түс болғаны жөн. Арқасына Наурыз рәмізі қызғыш түспен түсіріледі. Алдыңғы өңірлеріне сары не алтын түсті масақ (тышқанның сүйікті асы) түскені жөн.
Көйлек: қызғыш не күрең (топырақ түсті) болып, етегі мен жеңдерін жиектей тышқан басты (сары не алтын түсті) ою салынғаны болмаса кестелегені жөн.

3. ЖЫЛҚОРЖЫН. Жолбақанға бекітілген арнайы жолдықтар мен жылсыйлар салынатын жеті түсті әшекеймен безендірілген қос қалталы қоржын.
Қатқыл матадан тігіледі де, сары не алтын түсті масақ (тышқанның сүйікті асы) ою бастырылады. Маңдайына Наурыз рәмізі тігіледі.
Жылқоржын екі түрлі өлшеммен әзірленеді:
үлкен түрі: 40х50х20;
кіші түрі: 30х40х10.

4. ЖЫЛСЫЙ. Наурыздық белгішектер, мадақтамалар.
Белгішектер үш формада жасалады:
дөңгелек;
тышқан кейіпті;
Наурыз рәмізі.

5. ҚҰТПАРАҚ (аткрыйтка).
7 түрлісі жасалады:
дөңгелек;
төртбұрышты;
тышқан кейіпті;
айқара бетті;
Наурыз рәмізі кейіпті;
Кимешек кейіпті;
ромб кейіпті.

6. ЖОЛДЫҚ. Наурызда «Жыл құтты болсын!» айта келген қонақтарға, жолыққан таныстарға ұстата салатындай, сондай-ақ, наурыз шарасына қатысушыларға үлестірілетін ұсақ та қарапайым, кәкір-шүкір сыйланымдар, кестелі (кесте наурыздық бейнелер мен рәміздерден, жылдық бейнелерден тұрады) орамал;
кестелі ұсақ қалташалар (ішіне айна-тарақ секілді кәкір-шүкір салынатындай);

7. НАУРЫЗДЫҚ КИІМДЕР: «жеті түс» принципін қанағаттандыра отырып, ашық та жарқын алуан түсті (қара, күңгірт түстері жоқ);
Қазақы киімдерді оюларсыз, түрлі түсті өң беріп тігу керек:
қалпақ;
төбетей;
тақия;
қамзол;
белдемше;
кеудеше;
бешпет;
шапан;
жейде;
көйлек т.т.
Оюдың орнына түрлі геометриялық фигуралар мен өсімдіктердің, аң-жануарлардың бастарын, тұрпаттарын қолдану арқылы шешуге болады. Мысалы, масақты немесе бидай дәнінен ою құрау секілді.

8. НАУРЫЗДЫҚ БЕТПЕРДЕЛЕР
Түрлі аң-құстар мен жануарлардың, өсімдіктердің бейнелері мен тұрпатынан бетперде жасалғаны дұрыс.

9. ТАЙҚАЗАН
Тайқазан ішіне піскен наурыз көже құйылып таратылатындай ыдыс болғаны жөн. Оны ағаштан, әлеуменнен, тот баспайтын болаттан, шойыннан, былғарыдан т.б. жасауға болады. Тайқазанның тұғыры болғаны дұрыс. Мес түрінде де жасауға болады. Оған қоса ожау болғаны мақұл.

10. НАУРЫЗАЯҚ – наурыз көже ішуге арналған арнайы ыдыс. Бұл ыдыс күмістен, ағаштан, шыныдан және басқа материалдан жасалуы мүмкін. Наурызаяқ сырттай қарағанда кәзіргі қыл мойын бакалды елестетеді, бірақ қыл мойыннан төменгі жағы үстіңгі көже құйылатындай тұрпатта болады да, ол қоңыраудың рөлін атқарады, яғни наурызаяқ - әрі ыдыс әрі қоңыраудың орнына жүретіндей құрал. Сондықтан оның ыдысы ағаштан, қоңырауы күмістен болуы мүмкін болмаса өңкей шыныдан құйылуы ықтимал.

11. ЖЕТІГЕН немесе ЖЕТІК ҮН.
Арнайы тұрпаты бар ағашқа жеті қоңырау бекітіледі.
Жетігеннің өлшеміне орай үш түрін жасауға болады:
алаңға арналған үлкен жетіген, бойы 1,5м, қоңыраулары барынша ірі;
орынжайға арналған орташа жетіген, бойы 1 м, қоңырауларының ірілігі орташа;
үйге арналған шағын жетіген, бойы 0,5м, қоңыраулары барынша шағын.

12. ӘШЕКЕЙ. Жолбақанға бекітілген шығырдан жан жаққа тарайтын бойына түрлі түсті шашақтар тізілген баулардан немесе таспалардан тұрады. Әшекей баулардың санына қарай үш немесе жеті жаққа тарайтындай сәйкес түрде үш баулы немесе жеті баулы болып бөлінеді. Әрбір баудың бойында жеті шашақ бекітіледі.
Әшекейлі баулардың бір ұшы жолбақанға бекітілген шығырға байланады, келесі ұшы орынжайдың қабырғасына(төбесіне) бекітіледі. Әшекей барынша жеңіл болғаны жөн.

13. ШЫРАҒДАН немесе ШАМТҰҒЫР болмаса ОТАЯҚ. Орынжайға болмаса төрбөлмеге кірер есіктің екі босағасына жеті шырақты қос екі тұғыр болмаса қос шыраққа арналған шырағдан немесе аластауға арналған от аяқ. Жерден кемінде жарты метр биіктігі бар тұғырға орнатылғаны мақұл немесе, қабырғаға бекітілетіндей бекітпесі болуы керек.Отқа төзімді өртке қауыпсыз материалдан жасалады.

14. ЖОЛБАҚАН - басына үкі ретінде шағын шырша қадалған, шыршаның астын ала әшекей баулар бекітілетін шығыры бар шеңберше және төменгі тұсынан да үлкен шеңбер бекітілген, екі шеңбер арқылы (жеті түсті 3 қайтара керілген) 21 баумен немесе таспамен әшекейленген, өне бойына жеті түсті таспа оратылған бақан немесе сырық.
Жолбақан алаңға, орынжайға және үйге арналған түрлеріне орай үш түрлі болады да, олардың өшемдері де соған сәйкеседі:
алаңдық жолбақан: ұзындығы - 5-10 м , диаметрі - 10-30 см;
орынжайлық жолбақан: ұзындығы - 2-3 м , диаметрі - 7-10 см;
жанұялық жолбақан: ұзындығы - 1-2 м , диаметрі - 5-7 см.
Жолбақанның өне бойына жеті түсті арқан болмаса таспа (лента) бұратыла оралады. Жолбақан әр бөлігі бір метрге бөлшектеліп, құралатындай ыңғайлы болғаны абзал. Оны ағаштан, әлеуменнен, пластикалық материалдардан жасауға болады. Аяғы орнық болатындай тұғыр болғаны жөн.