воскресенье, 20 января 2008 г.

НАУРЫЗ

Наурыз - әлем халықтары арасындағы ең ежелгі және жылдың жаңаруын ең алғаш әйгілеп, адамзатқа дәстүрлеген бірден бір мереке. Бұл дәстүрдің аталуы мен «наурыз» сөзінің таралу аумағына қарағанда, адамзаттық Жаңа жыл мерекесі екенін мойындауға тура келеді. Наурыз (март) айымен байланыстыра жаңа жылды атап өту патшалық Ресейді былай қойғанда, Рим империясында да қасиетті мерекеге айналып келген.
Саясаттың өзгеруі Наурыз мерекесіне де салқынын тигізіп келді. Мыңдаған жылдар бойы мерекеленіп келген Наурыз мерекесі, кеңес өкіметі тұсында жалпыхалықтық сыйпаттан өңірлік және ауылдық ауқымға ысырылды. Наурыз көптеген атрибуттық және мазмұндық тұрпатынан ажырап, қарабайырланды және сүреңсіз тартты. Мерекелердің мерекесі саналатын Наурыз тек қана кеңес өкіметінен тәуелсіздік алған түрік елдерінде ХХ ғасырдың 90-жылдарынан бастап қана шындап қолға алына бастады.
Енді Наурыздың өз мәртебесі мен мәнін өзіне қайтаратын уақыт келді. Ол үшін оны заман талабына сәйкес тарихи нышандары мен атрибуттарын лайықтап, кәзіргі адам санасы қабылдайтындай, фольклорлық той емес, жалпықазақстандық мереке дәрежесіне жеткізуіміз керек, уақыттас әшекеймен, мүмкіндіктермен байытқанымыз жөн. Бұл жоба да сол ниеттен туылды.

НАУРЫЗ ҚАЛАЙ ТУЫЛДЫ?
«Наурыз» (өткен ғасырда қазақша «науырыз» болып жазылатын) сөзін індетушілер, оны парсының «нау» - жаңа, «ырыз» - күн сөздерінен туындатып жүргені рас. Алайда, Наурыздың ең ежелгі мереке екенін ескерсек, аталмыш сөздің одан да ерте туындағаны шығады.
Қазақ тілінде осы сөздердің мына түрдегі қолданысы, аталмыш мереке атауының ежелгі мәні болғандығына тағы бір дәйек: «ну» + «ырыз» немесе «нуырыс». Қазақша «ну» жасыл ұғымын («Сулы жер - нулы жер») береді де, «ырыз» (ырыс) сөзі сол күйінде, әлі күнге Жаратқанның бұйрықты игілігі деген мағынадағы «құт», «береке» ұғымдарының жыйнақты мәні күйінде қалған.
Енді осы «соны», «тың», «жаңа» ұғымдарын біріктірген «ну» сөзінің қазырғы әр тілдегі «нау», «ноу», «нав» «нов», «новь», «нью» секілді нұсқаларының о бастан келе жатқан басқы көзі деуге негіз бар. Басқаша айтқанда, «жаңа» ұғымы тумас бұрын, оның «жасыл», «жас» аталатын табиғи нұсқалары туындап барып, бірте-бірте «жаңа» ұғымы қалыптасқан.
«Ырыз» сөзінің түбірі «ыр» (ір) түрінде «ие», «қожайын», «іске асырушы» дегенді білдіретін аса ежелгі сөз: тәң+ір - таң, жарық иесі, жарықты жаратушы, иеленуші. Ал, оның екінші бөлігі «ыз» (ыс, іс) түрінде құдыретті заңдылық, пешене, жазмыш дегенді білдірген. Сонда «ырыз» (ырыс) сөзі құдыретті жазмыштың бұйрығымен болатын бұйырым, несібе деген ұғым болып шығады.
Ендеше, «нау» + «ырыз» ежелгі сөйлем ретінде парсылық «жаңа күн» тіркесіне отырық мәдениетке тән, нақтыланған мағына түріне түсіп барып жеткен, ал оның ежелгі мағынасы: «Жаратқанның бұйрығымен жаңа құтқа кенелу». Демек, Наурыздың арғы мәнінде Уақыттың жаңаруын Жаратқанның еркімен болатын табиғаттың жаңарысымен және адамзаттың жаңа құдыретті құбылыс күтуімен байланыс бар, саясатқа айналмаған пәк сенім мен ежелгі түркілік сөздердің күрделенбеген нұсқалары сол күйінде кездеседі.
Наурыздың мәнін аша түсетін қазақтың тағы бір сөзі бар, ол кәдімгі: «жыл», ежелгі нұсқасы – йыл: әлдекімдердің, әлденелердің жыйылу әрекетін әйгілейтін ұғым. Ендеше о баста «жыл» ұғымы ежелгі түркілер түсінігі бойынша ғаламдық деңгейдегі жыйылу сәтін, яғни ғаламдық ауқымдағы Уақыт пен Кеңістік бойынша жыйырылу, «бір қауызға сыйу», бастапқы старттық қалыпқа түсуді білдірген. Басқаша айтқанда, «жыл» сөзінің шығу тегі ғаламдық күйді білдіруден шығып барып, кейінірек уақытты білдіру бірлігіне айналған. Осыдан барып, әлі күнге дейін қазақтар «Жаңа жылыңмен!» демейді, біріне бірі «Жыл(йыл) құтты болсын!» айтады, және бұрынырақта «жаңа» сөзін қоспаған, мұнысы ежелгі жыйылу құбылысының құтты болуын тілеуден шығып тұрған ежелгі тілек екенін қостай түседі.

НАУРЫЗДЫҚ НЫШАНДАР
Кез келген мерекеге тән нышандар болатыны белгілі, Наурызға тән атрибуттарды қарағанда, «йолка» аталып жүрген шыршаның мәнін ескермеу мүмкін емес. Ертедегі түркілер мәңгілік жасыл қарағай текті ағашты айнала, 365 адамды билетіп, тойлау дәстүрі болған. Мұның мәні мынада еді: жасыл ағаш пәктіктің нышаны ретінде Көкке жеткізер жол (йол), ал оны айналу арқылы, жыйырылу, иірім жасаумен ғарыштық сығылу үдерісіне қосылу ниеті жүзеге асқан және болашақ жыл күндерін жасыл ағашты айналумен, Жаратқаннан бұйыратын жаңа ырысқа алдын ала кенелту дәстүрі болған. Қазырғы орыс тілінен «йолка» аталған жыл шыршасының шығу тегі осылай болған-ды.
Ежелгі Наурыздың мерекеленуі ғарыштық үш санатқа (категорияға) негізделген: дәм, үн, түс. Бұлардың әрқайсысы ғарыштық жетілудің кепілі ретінде жеті еселенуден тұрған, яғни, жеті дәмнен – Наурыз көже, жеті түспен – үйді, адамды безендіру, жеті үнмен – жеті қоңыраумен, жетіген аспабымен болмаса жеті адамның хор айтуымен ескі жылды есіркеп, жаңа жылды мадақтау жүзеге асырылған. Осыдан келіп, кәзіргі «хоровод» үрдісі орныққан.
Сонымен бірге, Наурыздың тойлануы жеті күнге созылса керек, оған қазырғы еліміздің батыс тұрғындары 13-14 наурыздан бастап, көрісу мен наурыз көже асуды бастап кететінін қосуға болады. Бұл бұрынғы күнтізбе бойынша наурыздың басқы күндері, ал оған бір апта қоссақ, қазырғы 21-22 наурызды аламыз. Сөйтіп, «Нуырыс» мерекесі жеті күнге созылған.
Наурыз мерекесінің басты атрибуты болып табылатын «наурыз көже» тіркесінің де берері көп. Алғашқы сөздің мәні ашылғанын ескеріп, «көже» сөзіне назар аударғанымыз жөн: кө+же; «кө» ежелгі «Көк» яғни, жоғарғы негіз (төменгі негіз – Жер, йер) және ас дегенді білдіретін «же» сөздерінен құралған аса ежелгі сөз.

НАУРЫЗДЫҚ СЫЙПАТТАР
Наурыздық ұғымдар бүгінде көмескі тартқанымен, қайта қалыпқа келтірерліктей сұлбалар жеткілікті. Наурыз аумағы жағынан жалпыадамзаттық, тарихи сыйпаты турасында ең ежелгі ритуалдық мереке, ал арналымы жағынан барлық ізгіліктің бастауы. Сондықтан да оны «Ұлыстың ұлы күні» атаған.
Наурыз – құбылыс басы.
Құбылыс – Уақыт пен Кеңістің тоғысуында жүзеге асатын әрекет пен болмыстың көрінісі. Бабаларымыз ежелгі замандарда сол құбылысты болдыратын Уақыт пен Кеңістің басы ретінде Күн мен түннің теңесуі болатын сәт пен жер бетіндегі жасыл орманды алқапты таңдаса керек. Сондықтан да, Көкке шаншыла өскен, үшкір ұшты, түсін өзгертпейтін шыршаны Уақыт пен Кеңістің тоғысу нышаны ретінде қалаған, оны Көк пен Жерді қосатын жол (йол) деп есептеген. Ал, Наурыз мерекесін халық болып жабыла мейрамдау бар құбылыстың, яғный жақсылықтың басы ретінде мойындалған. Сондықтан наурыз күні жыл бойына жалғасар істі бастауға тырысқан, жақсылық жасауды ұйымдастырған: кір-ластан құтылу, бұлақ көзін ашу, ағаш егу, егін егу, сүмелектеу (рассада, одан арнайы «сумаляк» деген ас әзірлеу өзбектерде сақталған) т.т.
Наурыз – жыл басы.
Ежелгі аңшы-көшпелі түркілер он екі жылдық мүшелді енгізумен бірге, олардың әрқайсысына айуандық кейіп берген, яғни әрбір жыл белгілі бір айуанның тұрпатымен келетінін насихаттай отырып, оларды астрологиялық жағынан сыйпаттауды меңгерген. Ал, әрбір жылдық айуан жеті түстен тұрса керек, сөйтіп, әрбір мүшелдік жыл жеті дүркін түске бойалумен толық түстік мүшелді өткеретін болған. Бұл – 84 жыл, бұған біржылдық бейтарап нәрестелік кезең қосылғанда, адамның орташа өмір сүру ғұмыры 85 болып шығады.
Наурыз – маусым басы.
Маусым жылдың тірлікке тән мезгілдік кезеңдері болып табылады.Түркілер кеңістікті де, уақытты да төртке бөлген. Жербеті күншығыстан бастап, оңға қарай оңтұс, батыс, солтұс, шығыс болса, әр тұстың өз түсі бар: шығыс – көк, батыс – ақ, оңтұс – қызыл, солтұс – қара.
Жылдық кезең төрт маусымға жіктелген. Әр маусым, жылдың жасына қарай балалық, жастық, егделік, қарттық сыйпатты бейнелеген. Егер жылдық мүшел он екі жылдан тұрса, жылдық уақыт он екі айдан тұрған. Әрбір үш ай бірігіп, бір маусымды құраған. Әр маусымға тән өз түсі бар: көктем – жасыл, жаз – көк, күз – сары, қыс – ақ.
Жыл басы міндетті түрде көктем айының алғашқы күні болып табылған, өйткені, наурыз айында тоқсан күндік қыс кетіп, көктем келеді, ал қыс дегеніміз - ескі жылдың соңғы маусымы. Қыстың нышаны – қар, түсі – ақ, яғни табиғи қартайу шегінің соңы. Көктем нышаны – өсімдіктің көктеуі, түсі – жасыл, яғни табиғи жасару межесінің басы.

НАУРЫЗДЫҚ ҰҒЫМДАР МЕН РӘСІМДЕР
Наурызға тән ұғымдардың барлығы да бір ғана мерекенің мәнін ашудан шыққан десек, қателесеміз. Керісінше, Наурыздың мереке болуының өзі белгілі бір ежелгі адамзаттық идеяның түрлі сенімдер мен тұжырымдарға бөлшектелмей тұрғандағы тұтас үрдісінің шырқауынан шыққан. Бізді осындай ойларға жетелейтін наурыздық мына ұғымдар болып табылады.
Көк – аталық негіз, барлық игіліктің көзі; ғаламды билеуші Жаратқанның тұрағы.
Ұмай ана – аналық негіз, береке мен жақсылықтың көзі, жер бетіне Көктің бұйрығымен дарыған игіліктерді еселеуші, молайтушы мистикалық тұлға; Жердің мифтік бейнесі.
Құт – Көктің батасымен байанды ететіндей кепілі бар құбылыс көзі. Қазақтың «Құтты болсын!» айту дәстүрінің түбінде кез келген қуанышты құбылыстың құдыретті Көктің қолдауына ие болсын дегендей тілек жатыр.
Қыдыр ата – Көктің атынан жер бетін аралаушы және құт үлестіруші, қолдаушы. Құд + ыр, мұндағы «ыр» (ір) – ежелгі түркілік ұғым бойынша құдырет пен құбылыс дарытушы.
Ырыс – Жаратқанның бұйрығымен дарыйтын сый. «Ыс» (іс) – жазмыш, Жаратушының бұйрығы деген ұғымдардан шыққан.
Береке – адамдардың ниетіне рыйзалықтан Көк пен Ұмай тарапынан бұйыратын табыстың тиімділік көрінісі.
Бақ – адам пешенесіне жазылған сыйдың бұйыруы, адам тағдырына жағымды құбылыстың жазылуы.
Жолбақан (йол) – Көк пен Жерді жалғаушы жол әрі Көк күмбезіне «тірелуші» ағаш, Наурыз кезіндегі ғаламдық кіндік нышаны. Жолбақан жердегі адамзатқа жаңа жақсылықтар легі мен жас ырысты өз бойымен жөнелтуші құрал және Көкке адамдардың ниет-тілектерін жеткізуші жол. Жолбақанның рөлін ертеде қарағай текті жасыл ағаштар атқарған.
Наурыз – ежелгі түркілік «ну(нау) ырыс» - «жас, соны, тың, жаңа Көк сыйы бұйыратын сәт» деген ырымнан туындаған ұлы мереке.
Жыл (йыл) – кәзірде мезгілдің бірлік атауы болғанымен, ерте заманда ғаламның бір қауызға жыйылу сәті ретіндегі тұжырымнан, ежелгі түркілік «йыл» (жыйналыс, жыйырылыс, сығылу) сөзінен шыққан. Кейіннен орыс тіліне «йыл» сөзі шыршаның атауы ретінде «ель» түрінде, ал жаңа жылдық безенген шыршаны «йолка» (тағы да «йол» сөзінен) атау қалыптасқан.
Наурыз көже – Наурыз мерекесі кезінде ішілетін қасиетті де жеті дәмнен пісірілетін ас. Көже (Көк асы)– ежелгі түркілі «кө» (Көк) және «же» (ас) сөздерінен құралған, бірнеше дәмнің бірігуінен пісетін сұйық астың атауы.
Жеті үн (жетіген) – жеті дыбыстың бірігуінен шығатын қасиетті әуен. Қазырғы кезде «жетіген» сөзі қазақтың жеті ішекті саздық аспап атауы. Ежелгі түркілік «жетік үн» тіркесінен шыққан. Алайда, бұлайша ертеде кәзіргі «хор» аталатын бірнеше адамның қосылып ән айтуы да аталған болуы мүмкін, өйткені, «хор» сөзінің өзі түркілік «көптің бірігуі» (қор) дегенді білдіретін ұғымнан шыққан.
Кәзіргі қазақы «жеті нан», «жеті шелпек» пісіру де наурыздық ұқтырымдардың сарқыты.
Көрісу – адамдардың бір бірімен төс қағыстыра сәлемдесуі. Сәлемдесудің бұл түрі Наурыздың «жыйылу» принципіне негізделген. Төстің өзі қазақша «көкірек» деп аталады да, ежелгі түркілік көк+ірек (ырақ), яғный «Көкке тиесілі қақпақ» (ірек, ырақ – қақпақ, мысалы: шаң+ырақ) дегенді білдіреді. Көкіректерді түйістіру арқылы, адамдардың бір бірімен бұлайша сәлемдесуі, көкірекке ұялаған түрлі ниеттер мен ойларды біріктіру пыйғылынан шыққан.
Шырақ жағу. Қыдыр атаны күтудің бір рәсімі. Шырақ жалғыз болмауы керек. Шырақ жағудың бірнеше мәні бар: Қыдыр атаның жолына жарық түсіру; отауды аластау, лас қуат пен кірден тазарту; үйдегі құт пен ырысты, жылу мен ошақты қадырлау белгісі; әруақтармен сыйласу, оларға құрмет көрсету нышаны.
Ырыс түні. Бұл – Көктен жаңа ырыс тілеу; жаңа Уақыттың жаңарған Кеңіске (жерге) келуін қамтамасыз ету, пенделік пыйғыл мен ниеттерді бір мезгілде бір арнаға тоғыстырып, Жаратқанға құрмет көрсету, оның назарына ілігу; наурыздың 21-нен 22-не қараған түні ұйықтамай таң атысын күтіп, салтанатпен өткізу рәсімі.
Қыдырсый. Балалар үшін Қыдыр ата атынан ата-аналары мен туыстары арнайы әзірлеген сыйлық.
Ұйқыашар. Бойжеткендер тарапынан ғашық жігіттеріне арнап пісірілген, Ырыс (Қыдыр) түні желінетін тағам.
Селтеткізер. Жігіттер тарапынан бойжеткендерге арнайы, алдын ала, әзірленген сыйлық. Бұл сыйлық аталуы жағынан да, мағынасы жағынан да кәзіргі «сюрприздің» арғы тегі болып табылады, тіпті, «сюр» сөзінің өзі қазақтың «сүр» - ұзақ уақыт бойы сақтаулы деген сөзіне өте жақын.
Жолдық. Наурызда «Жыл құтты болсын!» айта келген қонақтарға, жолыққан таныстарға ұстата салатындай, сондай-ақ, наурыз шарасына қатысушыларға үлестірілетін ұсақ та қарапайым, кәкір-шүкір сыйланымдар. Бұл наурыздық Көк жолына және жаңа жылға рыйзалық ниет білдіруден туындаған ырымдық сыйласу рәсімі.
Жылқоржын. Жолбақанға бекітілген арнайы жолдықтар мен жылсыйлар салынатын жеті түсті әшекеймен безендірілген қос қалталы қоржын.
Жылсый. Кәзіргі заман талабынан туындаған сыйлық түрі, ол жаңа жыл қарсаңында берілетін түрлі атақтар мен төсбелгілер, сыйлықтар, мадақтамалардан құралады. Бұған наурыздық құтпарақтар (аткрыйтка) да қосылады.

НАУРЫЗДЫҚ ПРИНЦИПТЕР
Қалай дегенде де, Наурыздың өз мәнінде мерекеленуі тұтушыларына (носитель), яғный қазақ халқына байланысты. Сол себепті де, көмескі тартқан көп нәрселерді қалпына келтіріп, дәйектей отырып, заман талабына бейімдеу арқылы Наурыздың шырайын шығаруға әбден болады.
Наурызды мейрамдау мынадай тұжырымдарға негізделгені мақұл:
- Наурыз – жыл басы;
- Наурыз – бірігіс;
- Наурыз – жаңарыс;
- Наурыз – жетіліс;
- Наурыз – бастау (старт);
- Наурыз – үміт;
- Наурыз – мереке.
Бұл тұжырымдарды принцип ретінде өз алдына ашайық.
Жыл басы ретінде қабылданып жүрген 1 қаңтардың күнтізбелік мәні ашылмағандықтан, Наурыздың жай ғана көктемгі мереке екені рас. Сондықтан Наурыздың астрологиялық және мүшелдік жылбасы екендігі барынша насихатталуы керек. Әсіресе, еліміздің батысындағыдай 13-14 наурыздан бастап аталып өтетіндігін одан әрі дамыта түсу қажет. Ол үшін 13-20 наурыз аралығында ескі жылмен қоштасу рәсімдері өтуі керек.
Наурыздық бірігіс принципі Наурыз мерекесінің өн бойын қамтыған басынан аяғына дейін басты талап болып табылады және Наурызды жалғыз қарсы алу ырымға жаман болып есептеледі. Өйткені, жалғыздық тек қана Жаратқанға ғана тән, жалғыз мерекелеу күнәһар болудың бір түрі саналған. Бірігіс талабы басты үш санат арқылы жүзеге асады: жеті дәм, жеті үн және жеті түс. Әрбір адам не жанұя, мекеме, топ осы санаттардың біріккен көрінісі болуы керек: наурыз көже ішу не пісіру, біріге өнер көрсету, түрлі түсті жарқын киешек(костюм) киу.
Жаңарыс: әрбір адам не жанұя, мекеме, топ 22-нен бастап, өзінің (өздерінің) жаңа жоспары мен жобаларын, ниеттерін әзірлеуі болмаса іске асыра бастауы қажет; ескі қағаз бен киім 21-не дейін өртелгені мақұл.
Жетіліс принципі ескінің жаңаға ұласуынан көрініс табады, сондықтан әрбір адам не жанұя, мекеме, топ ескі жылдағы басталған істі аяқтауымен есіркеп, жаңа жылда аяқталмаған істі жаңартып бастауды қолға алуы керек. Әрбір жан жаңа киіммен, жаңа үнмен (көңілмен) жаңаша әрекетпен Жолбақанды айналу арқылы өзіне жаңа жол ашпақ.
Бастау: ескі жыл аяқталарда жаңа іс бастамай, оны жаңа жылға қалдырудың мәні зор. Ескі жылдың қуаты кеміп, құты азайады, ырыстың жолы тарығады. Сондықтан 13 наурызға дейін бітпеген істі бітіруге болмаса жаңа жылға жаңартып бастауға әзірленген мақұл. Жыл бойғы барлық әрекет пен істің нәтижесі 20 наурызға дейін қорытылып, 22 наурызда істің ірісі мен уағы бастау алуы керек.
Ежелгі түркілердің сенімі бойынша істің құтты болуы оның басталуына тәуелді деп есептеген және соған зор мән берген. Ал, Наурыз Уақыт пен Кеңісті біріктіруші ең сәтті күн болғандықтан, сол күнгі бастау алған істің сәттілігі зор болмақ. Ал, істің басы оны жүзеге асырудан емес, жобалаудан басталады.
Үміт принципі жаңа Уақыт жолына сену болып табылады. Ал, сену жаңа ғарыштық қуатқа жол ашады. Ендеше, Үміт - болашақ істің, өмірдің жолашары. Сол себепті, Наурызды жай ғана мерекелік сәт деуден гөрі, оның барлық атрибуттары мен көріністеріне назар салып, шынайы көңілмен қарсы алудың мәні де, нәтижесі де зор.
Мерекелік принцип Наурызға жай ғана демалыс күндерінің бірі деп қараған пыйғылдан бастап мәнін жойады. Сол себепті, бұл принципті жүзеге асырудың бір сыры оған әзірлік пен көпшіліктің мәре-сәре мейрамдауында жатыр.

НАУРЫЗДЫ МЕРЕКЕЛЕУ
Наурыз мейрамын мерекелеуде береке болмай тұр. Жасыратыны жоқ, басында өзінің барлық сыйпатына ие бола бастаған Наурыз мерекесі соңғы кездері күн мен түннің теңесуі болмаса көктемнің басы ретінде басқаша мәнге ие бола бастады. Мерекенің бұлайша мағыналық бұлдырлыққа тап болуы, оны өзіне сәйкес мәннен жұрдай етуде. Адамдар үйінде наурыз көже ішумен, ал ұйымдар көшеге қарүй (киіз үй, ағаш үй) тігумен ғана шектеліп, Наурыз мейрамының келбеті сүреңсіздікке ұшырауда. Уақыт жағынан бір-екі айға созылатыны бар. Мерекелік нышандар мен ырым-жоралғылардан жұрдай. Мейрамның мәні бұрмаланып, жаңа жылдық сыйпаты жойылуда. Фольклорлық, этнографиялық алданышқа айналуда.
Наурызды мерекелеудің шынайы мазмұнға сәйкес болуы мен заманға сай қызықты да, сәнді болуы, терең мағынаны қарапайым рәсімдермен «әшекейлеу» арқылы жұртқа тартымды мейрам бейнесін жасақтау ғана оны жағымды да әйгілі етпек.
Сондықтан көпшіліктің көңілінен қағыс қалдырмас үшін барлық мүмкіндікті ойластыра отырып, Наурызды мерекелеудің орны мен ортасына орай бес НҰСҚАҒА бөліп мейрамдауды ұсынып отырмыз:
- шерулік нұсқа;
- ресми мерекелеу;
- алаңдық (көшелік) нұсқа;
- орынжайлық (бөлмелік) нұсқа;
- жанұялық (әулеттік) нұсқа.
Наурызды МЕРЕКЕЛЕУДІҢ басты екі сатысы бар:
- ескі жылмен қоштасу;
- жаңа жылды қарсы алу.

1. Наурызды мерекелеудің ШЕРУЛІК нұсқасы
Наурызшеру. Әрбір елдік мекен (қала, кент, ауыл, микроаудан, көше т.т.) Наурыз мерекесін мейрамдаудың көпшілік сыйпаты болып табылатын наурызшеру ұйымдастыруларына болады.
Шеру – бірнеше лектен тұратын адамдар тобының белгілі бір алаңды болмаса көшені бойлап салтанатты жүріп өтуі. Әрбір лек өз алдына ұйымнан, мекемеден, өз еркімен құрылған топтан, өнериеттік (творчестволық) ұжымнан тұрады. Әрбір лек шеруді ұйымдастыру алқасының (ұйымалқа) арнайы рұқсатымен шеруге қосылуға мүмкіндігі бар. Наурыздық шеру мерекеге қатысты Жеті дәм, Жеті үн, Жеті түс принциптерін қанағаттандыруы - басты шарт.
Ұйымалқа лектен нені талап етуі керек?
• топтың арнайы рәмізі;
• құттықтау жазылған ұрандар мен тілектер;
• шеру тобының құрамында Ұмай ана, жаңа және ескі жыл мен басқа да он жыл кейіптері бейнеленген киешек (костюм) киінген құрам;
• жеті қоңыраулы асатаяқ, одан басқа да жетіген, дауылпаз, шаңқобыз, сыбызғы секілді өзге де этностық аспаптар мен кәзіргі саздық аспаптар болуы мүмкін;
• шеруде орындалатын ән-күйлер;
• жеті түрлі дәмнен жасалған көже құйылған тайқазан және оны құйып тарататын бірмәртелік тостағандар;
• шеру тобындағы арнайы киешегі жоқ адамның болмауы;
• шеруге өзге де ертегілік кейіпкерлердің (ұлттық киімдер болмағаны дұрыс) қатысуы.
Әрбір лек шеруге өз бетінше әзірленіп, қатысатындығы жөнінде 14 наурызда өтініш беруі керек. Шеру 21 наурыз күні түскі сағат 12-де басталуы шарт және шеру жолының ұзындығы небәрі 3-5 шақырымнан аспағаны мақұл. Әрбір лек бір көлікті ғана пайдалана алады.

Шеру бойы хормен болмаса бірнеше аспаптың жабыла тартылуы арқылы ән-күй орындалғаны жөн.
Шеруде ақ(кәрілік пен тозудың, ескіліктің белгісі) пен қара(күңгірт – зұлымдық пен кері тілектің, қара ниеттің белгісі) түстің болмауы тиіс, «ырыс пен құтты үркітеді», «жаңа жылды шошытады».
Шеру бойы жағалай қызықтаған адамдарға наурызкөже тарату қамтылғаны дұрыс.
Шеруді жүріп өткен әрбір лек өздерінің алаңдарына не орынжайларына бет алуы қажет.

2. Наурызды мерекелеудің РЕСМИ нұсқасы
Наурызды ресми түрде мерекелеу мемлекеттік, коммерциялық және басқа да мекемелер мен ұйымдарда жүзеге асыруға ыңғайлы.
Ескі жылмен қоштасу
Аластау: мерекеге қатысушы қызметшілер ескі жылдағы сәтсіздіктердің әрқайсысын жыл (мысалы, доңыз) бейнелі қоңыр парақтарға түсіріп, бір жіпке тізеді де «Ұмай анаға» (оны алдын ала келісім бойынша бір әйел кимешек киіп, ойнауы керек) отқа өртеуге береді; хош иісті отпен ісбөлмені (офис) аралату және екі босағада жағылған от арасынан қызметшілерді, жұмысшыларды өткізу (кәдімгі майшам болуы мүмкін);
Безендірім: аласталған қызметшілер, ескі жылдың сәтсіздігінен аласталған ісбөлмеге Жолбақан (йол) орнатады; Жолбақан басына үкі ретінде шағын шырша қадалған, ұзындығы төбеге жетерлік сырық. Жолбақанға жеті түсті арқан болмаса таспа (лента) бұратыла оралады. Жолбақанға жеті қоңыраулы асатаяқ сүйеулі. Жолбақанның шырша астын ала жан жаққа таратыла бөлмеге шашақты жеті түсті таспалар мен жіптер керіледі. Жолбақанның түбінде қос қалталы («Дәм» және «Түс») қоржын орналасуы керек. Қоржын жәшіктен болмаса тумба болуы ықтимал. Сонымен бірге «жеті түс» санаты бойынша барлық қызметшілер қара түстен өзге, ашық та жарқын түсті киешек(костюм) киінеді.
Мадақтау: ескі жылдағы сәттіліктердің әрқайсысын жыл (мысалы, доңыз) бейнелі ақ парақтарға түсіріп, жіпке тізіп, Жолбақанға байланған түсті әшекей таспаларға ілінеді. Ұйым мүшелерінің барлығы өздерінің Наурызға әкелген тағамдарын Қоржынның «Дәм» қалтасына жайғастырады. Қызметшілер Жолбақанды айнала тұрады; ұйым басшысы ескі жылдағы сәттіліктер мен орындалған жоспарлар мен жобаларды салтанатты жыйында жария етеді, орындалған жақсылықтар үшін сыйланатын мадақтамалар мен сыйлықтар (бұлар – жылсый деп аталады) қоржынның «Түс» қалтасына жасырылады; Басшы сөзінен кейін қызметшілер ескі жылға есіркеу мен рыйзалық сөздерін хормен айтады; әрқайсысы ескі жылдағы жеке табыстары мен сәттіліктерін, ақ парақтарға түсіріп, Ұмайға ұсынады. «Ұмай ана» ақ парақтардағы жетістіктерді жария етіп, Жолбақанға байлайды, ескі жылға арнаған есіркеу сөзін айтып, қоштасу батасын береді.

Жаңа жылмен қауышу
Қоңыраулату: Жолбақанға ілінген жеті қоңыраудың («жеті үн» принципі бойынша жаңа жыл кейпіндегі адам соғады) соғылуы Жаңа жылмен қауышудың алғашқы шарты. Қоңырауды ескі жылдың бейнесіндегі адам соғады. Бұл кезде Ұмай ана түрлі түсті тәттіні шашады, қатысушылар бір бірімен көріседі, Ұмай Жаңа жылға сәлем сөзін бастайды.
Жылмен қауышу. Бұл кезде жыл иесі болып табылатын айуан кейпіндегі қызметші Жолбақан түбіндегі қоржын қасынан маңызды орынды иеленбек. Әркім өз жылының кейпіндегі бетперде тағынып, Жолбақан мен жаңа жылды айнала хор айтады. Бұл – көпшіліктің жылмен қауышуын білдіреді. Жыл иесі қоржынның «Түс» қалтасындағы Жылсыйды үлестіреді. Содан кейін бір біріне қызметшілер жолдық, селтеткізер сыйлауы мүмкін.
Дәм тату – «жеті дәм» санаты бойынша атқарылатын рәсім, әрбір қызметкер пісіріп әкелген Наурыз көжені Ұмай ана бір ыдысқа құйып, барлық қызметшіге үлестіре құйады. Наурыз көже жыл дәмі болып табылады.

1. Наурызды мерекелеудің АЛАҢДЫҚ нұсқасы
Наурызды алаңда мерекелеуді ауыл, қала деңгейінде, тіпті тұрғындық аулаларда өткізуге болады. Бұл нұсқаны қайырымдылық жолымен бейсауат көпшілікке арнап, мейлінше көп адамды тарту үшін мемлекеттік, коммерциялық және басқа да мекемелер мен ұйымдардың жүзеге асыруларына әбден болады.

Безендірім:
Наурыз безендірімі оны мерекелеуге қатысатын жұрттың киімдерінен басталады: киім неғұрлым ашық та жарқын алуан түстерден тұрған абзал, қара, күңгірт түстер болмағаны дұрыс, қара аяқ киімді алуан түсті таспалармен орап әшекейлеуге болады. Әр адам өзінің жылына сәйкес бетперде тағады.
Жолбақан - басына үкі ретінде бір метрлік шағын шырша қадалған, ұзындығы кемінде жеті метрлік, диаметрі кемінде он сантиметрлік солғын жасыл (салат) түсті бағана. Жолбақанға жеті түсті арқан болмаса таспа (лента) бұратыла оралады. Жолбақанға жеті қоңырау ілініп, оларды бір адамның соғу мүмкіндігі жасалады. Жолбақанды айнала әрқайсысының есігі үш жаққа қаратыла, бір біріне қабыстыра үш қарүй (киіз үй) тігіледі; олардың төбелері солғын жасыл (наурыздық түс) түсті туырлықпен жабылады; бұлар «наурыз отау» аталады да, қапталдары жеті түсті құрлардан немесе жалпақ таспалардан ромб тәрізді (текемет түрімен) етіп безендіріледі; отауға кірген адам келесі екі отауға өтетіндей есік қалдырыла жапсарлас тігіледі; әр отаудың аты бар және маңдайшаға жазылады:
- «Дәм отау»; Дәм отауда тайқазан орнатылады және наурыз көженің пісірілуіне және құйылуына бар жағдай жасалады;
- «Үн отау»;Үн отауда дыбыстағыш және саз саймандары орналасады; алдына сахна жайғасады;
- «Түс отау»; Түс отау жылсый мен жолдықтар, селтеткізер салынған қоржындарға толы болады және наурыздық шағын көрме орналасуы мүмкін.
Жолбақанның жоғарғы жағынан отаулардың белдеуіне жеті түсті 21 таспа таратыла байланады; жолбақанның басы отаулардан барынша биік болуы шарт.

Ескі жылмен қоштасу
Аластау: алаңда арасы кемінде екі метр болатындай екі жерге Алас оты жағылады, оны Ұмай ана тұтатады; алаңға жыйналған жұрт ескі жылдағы сәтсіздіктердің әрқайсысын жыл (мысалы, доңыз) бейнелі қоңыр парақтарға түсіріп, бір жіпке тізеді де отқа өртеу үшін Ұмай анаға тапсырады; Ескі жылдың сәтсіздіктері мен қайғысын өртеген жандар бір түзуге тізіліп, Алас отының арасынан өтеді, бұл кезде Ұмай ана «Алас, алас, алас...» деген арнайы ырым сөзін дауыстап тұрады. Аласталған жұрт тізілген күйі Жолбақанды айнала орналасады.
Мадақтау: мерекелеушілер ескі жылдағы сәттіліктердің әрқайсысын жыл (мысалы, доңыз) бейнелі ақ парақтарға түсіріп, омырауларына қадайды, неғұрлым көп парағы бар адам ескі жылға соншалықты рыйзалығын білдіреді.
Қатысушылар Жолбақанды айнала тұрады; Наурыз алаңды Басшы (қалалық мерекелеу болса – қала әкімі, т.с.с) мерекеге қатысушы топтың, ұйымның ескі жылдағы сәттіліктер мен орындалған жоспарлар мен жобаларды салтанатты түрде жария етеді.
Басшы сөзінен кейін қатысушылар ескі жылға есіркеу мен рыйзалық сөздерін хормен айтады; әрқайсысы ескі жылдағы жеке табыстары мен сәттіліктерін, жамырап айтады. Мұның бәрін Ұмай ана басқарады және ол соңынан қорытып, ескі жылға арнаған есіркеу сөзін айтып, жылмен қоштасу батасын береді.

Жаңа жылмен қауышу
Қоңыраулату: Жолбақанға ілінген жеті қоңыраудың («жеті үн» принципі бойынша жаңа жыл кейпіндегі адам соғады) соғылуы Жаңа жылмен қауышудың алғашқы шарты. Ұмай ана шашу шашады, тілектер жазылқан жаңа жыл кейпіндегі парақтар шарларға қосақталып, аспанға ұшырылады, отшашу атылады.
Жылмен қауышу. Ұмай ана жаңа жыл кейпімен жеті рет көріседі.Бұл кезде шараға қатысушы әрбір жан кемінде жеті адаммен көрісуі керек. Түсотаудың алдына қойылған таққа жыл иесі болып табылатын «айуан» жайғасады. Әркім өз жылының кейпіндегі бетперде тағынып, Жолбақан мен жаңа жылды айнала хор айтады. Бұл – көпшіліктің жылмен қауышуын білдіреді. Жыл иесі Түсотаудағы Жылсыйларды иелеріне табыстайды. Содан кейін жыйналғандар өз таныстарына жолдық сыйлауға мүмкіндік алады. Жыл иесі жұртшылықты көңіл көтеруге шақырады, одан әрі ән-күй, ойын, сергу басталады.
Дәм тату – Ұмай ана Дәмотауға жұртты біртіндеп Наурызкөжеден дәм татуға шақырады. Жұртшылық кезекке тұрған күйі Дәмотаудың есігінен кіріп, көже құйдырып, келесі есіктен тізілген күйі шығып кетеді. Одан әрі ойын-сауық тамашалау басталады. Наурызкөже ішу – наурыз мерекесінің «жеті дәм» принципін қанағаттандырушы рәсім.
«Жетіген». Бұл – наурыздық жеті үндік принципке сәйкес ұйымдастырылған ойын-сауықтан тұратын рәсім. Мұнда өнерпаздар өздерінің жаңа жылдық жаңа ән-күйлері мен билерін, түрлі өнерлерін паш етеді. Сәнгерлер жаңа жылдық сән үлгілерін, суретшілер жаңа суреттерін жаяды.т.т. Негізінен жаңа жылға арналған тың өнерлерге орын беріледі. Орындаушыларға жолдық таратылады. Ойын-сауық соңында жұртшылыққа Жаңа жыл мен Ұмай ана алдағы Қыдыр түнін қызықты өткізуге сәттілік тілеп, қоштасады.

4. Наурызды мерекелеудің ОРЫНЖАЙЛЫҚ нұсқасы
Кез келген топтар, ұйымдар мен мекемелердің Наурызды ғыймарат ішіне, орынжайға өткізуіне арналған нұсқа. Бұл нұсқа әсіресе, бюджеттен қаржыланатын мекемелерге(балабақ, мектеп, аурухана т.б.) тиімді.
Безендірім:
Наурыз безендірімі наурыздық «жеті түс» принципін қанағаттандыра отырып, оны мерекелеуге қатысатын жұрттың киімдерінен басталады: киім неғұрлым ашық та жарқын алуан түстерден тұрған абзал, қара, күңгірт түстер болмағаны дұрыс, қара аяқ киімді алуан түспен әшекейлеуге болады. Киешек (костюм) барынша қыйали, таң қаларлықтай тұрпатта болғаны абзал. Әр адам өзінің жылына сәйкес бетперде тағады.
Жолбақан - басына үкі ретінде шағын шырша қадалған, ұзындығы орынжай төбесіне жетерлік, жасыл (салат) түсті жуан сырық. Жолбақанға жеті түсті арқан болмаса таспа (лента) бұратыла оралады.
Жолбақанды айнала үш жағына үш нәрсе қойылады:
- Жеті дәм – наурызкөже құйулы тайқазан;
- Жеті үн – жеті қоңыраулы асатаяқ;
- Жеті түс – жылсый мен жолдықтар салынған қоржын.
Жолбақанның жоғарғы жағынан салбыраған күйі төбеге жеті түсті 21 шашақты таспа(арқан) бекітіледі.

Ескі жылмен қоштасу
Аластау: орынжайға кірер есіктің екі босағасына жеті шырақтан екі майшам орналастырылады; орынжайға кірген әрбір қатысушы майшамның біріне келіп, екі алақандарын отқа тосып, беттерін сыйпайды, осылай үш рет аласталғаннан кейін ғана орынжайға өтеді. Орынжайға жыйналған жұрт жаңа жылдың түсі мен сыйпатына орай жеті түсті қатыстыра киешек (костюм) киінеді және әркім өз жылына сәйкес бетперде тағынады.
Наурыз кешін жүргізуші ескі жылмен қоштасу рәсімін жариялап, Ұмайды ортаға шақырады. Ұмай өзіне көмекшілерін (олар ескі жылда туылған жастар болуы мүмкін) шақырып, қолдарына бір-бір майшам береді де, «Алас, алас, алас...» деген арнайы ырым сөзін дауыстап тұрады. Көмекшілер әрбір топты немесе дастархан басында отырғандарды отпен аластайды. Арнайы ән болмаса музыйка ойналады.
Содан кейін Ұмай ана қатысушыларға ескі жылдағы сәтсіздіктердің әрқайсысын жыл (мысалы, доңыз) бейнелі қоңыр парақтарға жазып беруді өтінеді. Көмекшілер қатысушыларға қоңыр парақтар мен қалам таратып береді, әркім өзінің ескі жылдағы сәтсіздіктері мен сүреңсіз сәттерін түсіреді. Бұл кезде «Ескі жылды есірке» тақырыбына арналған ән орындалады. Осы сәтте көмекшілер жұрттың қоңыр парақтарын жыйнап бір жіпке тізеді де, отқа жағу үшін Ұмай анаға тапсырады. Ұмай ескі жылдың сәтсіздіктері мен қайғысын алып, жеті бөлек етіп қыйады да, ішінде оты бар арнайы қазаншаға салып өртейді. Бұл кезде Ұмай ана «Алас, алас, алас...» деген арнайы ырым сөзін дауыстап тұрады. Ал жұрт қол шапалақтап, «Алас! Алас! Алас!» деп хормен дауыстап тұрады.
Мадақтау: Ұмай ана мерекелеушілерден ескі жылдағы сәттіліктердің әрқайсысын жыл (мысалы, доңыз) бейнелі ақ парақтарға түсіруді ұсынады.
Қатысушылар Жолбақанды айнала тұрады; Ұмай ана қатысушылардың ескі жылдағы басты да қызықты сәттіліктері мен орындалған жоспар-жобаларын салтанатты түрде жария етеді. Жыл иесі Жылсыйларды иелеріне табыстайды. Мұның құрметіне «Ескі жылға мың алғыс!» тақырыбына ән немесе өнер көрсетіледі. Содан соң ақ парақтарды қатысушылар омырауларына болмаса Жолбақанға қадайды немесе үйлерін безендіру үшін өздері алады.
Ұмай қатысушыларға ескі жылға есіркеу мен рыйзалық сөздерін хормен айтқызады; әрқайсысы ескі жылдағы жеке табыстары мен сәттіліктерін, жамырап айтады. Ұмай ана соңынан қорытып, ескі жылға арнаған есіркеу сөзін айтып, жылмен қоштасу батасын береді. Ескі жыл кейіпті кісі қоштасу биін билейді де, ақ бетпердені тастап, өзге түсті бетперде тағады. Ұмай ана ескі жылдың келгендігін жария етеді.

Жаңа жылмен қауышу
Қоңыраулату: «жеті үн» принципі бойынша жаңа жыл кейіпті кісі жеті қоңыраулы асатайақты қолға алып, билей жүріп қоңырау соғады. Ұмай ана жаңа жылдың келгендігін жария етіп, шашу шашады. Аққайнар атылады, түрлі қуаныш рәсімдері жасалады.
Жылмен қауышу. Ұмай ана жаңа жыл кейпімен жеті рет көріседі. Бұл кезде шараға қатысушы әрбір жан кемінде жеті адаммен көрісуі керек. Жолбақан жанына қойылған таққа жыл иесі болып табылатын «айуан» жайғасады. Әркім өз жылының кейпіндегі бетперде тағынып, Жолбақанды, Ұмай мен жаңа жылды айнала хор айтады. Бұл – көпшіліктің жылмен қауышуын білдіреді. Жұрт солғын жасыл түсті жаңа жылдық кейіптегі парақтарға жаңа тілектер жазып Жаңа жылға жыйнап береді, ол тілек парақтарын Жолбақанға бекітеді де, қатысушыларға жолдық үлестіреді. Жыл иесі жұртшылықты дәм татуға, көңіл көтеруге шақырады, одан әрі ән-күй, ойын, сергу басталады.
Дәм тату – Ұмай ана жұртқа біртіндеп Наурызкөжеден дәм татырады. Наурызкөжені «жаңажылдықтар» өзге қатысушыларға құйып таратады. Ұмай ананың міндеті осымен тәмәмдалады. Ол жұртқа жаңа жылда табыс пен бақыт тілеп қош айтысады. Одан әрі жаңа жылдық ойын-сауық басталады.
«Жетіген». Бұл – наурыздық жеті үндік принципке сәйкес ұйымдастырылған ойын-сауықтан тұратын рәсім. Оны жаңа жыл қазақтың жетіген аспапмен күй тартудан бастайды. Өнерпаздар өздерінің жаңа жылдық жаңа ән-күйлері мен билерін, түрлі өнерлерін паш етеді. Сәнгерлер жаңа жылдық сән үлгілерін, суретшілер жаңа суреттерін жаяды.т.т. Негізінен жаңа жылға арналған тың өнерлерге, әсіресе, жекедара орындаушылар емес, топ болып өнер көрсетуге орын беріледі. Орындаушыларға жолдық таратылады. Ойын-сауық соңында жұртшылыққа Жаңа жыл алдағы Қыдыр түнін қызықты өткізуге сәттілік тілейді.

5. Наурызды мерекелеудің ЖАНҰЯЛЫҚ нұсқасы
Бұл нұсқа жанұялар мен әулеттерге арналған.
Безендірім:
Наурыз безендірімі наурыздық «жеті түс» принципін қанағаттандыра отырып, оны мерекелеуге қатысатын жұрттың киімдерінен басталады: киім неғұрлым ашық та жарқын алуан түстерден тұрғаны абзал, қара, күңгірт түстер болмағаны дұрыс, қара аяқ киімді алуан түспен әшекейлеуге болады. Бет-жүзді де алуан түспен әлеміштеуге болады. Киешек (костюм) барынша қыйали, таң қаларлықтай тұрпатта болғаны абзал. Әр адам киешегін өз жылына сәйкестеп алғаны жөн.
Үйді безендіру: үйдің басты есіктерінің маңдайшасына жеті түсті шашақпен, ал босағалар жетітүсті жіптен (таспадан) өрілген арқанмен әшекейлеген жөн. Безендіруге жанұя мүшелерінің жылдарына сәйкес айуан кейіптес парақтардан жіпке тізілген салпыншақтар тізген мақұл. Үйдің төрбөлмесіне жолбақан орнатылады.
Жолбақан - басына үкі ретінде шағын шырша қадалған, ұзындығы төбеге жетерлік, жасыл (салат) түсті жуан сырық. Жолбақанға жеті түсті арқан болмаса таспа (лента) бұратыла оралады. Жолбақанның жоғарғы жағынан төбеге жеті түсті 21 шашақты таспа(арқан) салбырата бекітіледі.
Жолбақанды айнала үш жағына үш нәрсе қойылады:
- Жеті дәм – наурызкөже құйулы тайқазан;
- Жеті үн – жеті қоңыраулы асатаяқ;
- Жеті түс – жолдықтар салынған жылқоржын.
Ескі жылмен қоштасу
Аластау: төрбөлмеге кірер есіктің екі босағасына жеті шырақтан екі майшам қойылады; төрбөлмеге кірген әрбір қатысушы майшамның біріне келіп, екі алақандарын отқа тосып, беттерін сыйпайды, осылай үш рет аласталғаннан кейін ғана төрге өтеді. Төрбөлмеге жыйналған жұрт жаңа жылдың түсі мен сыйпатына орай жеті түсті қатыстыра киешек (костюм) киінеді және әркім өз жылына сәйкес бетперде тағуына болмаса беттерін әлеміштеп бойауға болады.
Отана (жанұя анасы) үйдің бар бөлмесін арнайы майшаммен аластайды. Алас оты қураған адыраспан секілді шөп-шаламнан емес, арнайы майшаммен жасалады. Үйде арнайы ән болмаса музыйка ойналады.
Жанұя мүшелері әрқайсысы ескі жылдағы сәтсіздіктердің әрқайсысын жыл (мысалы, доңыз) бейнелі қоңыр парақтарға жазып, бір жіпке тізеді де, оны отана аластау рәсімімен, жеті бөлек етіп қыйады да, ішінде оты бар арнайы қазаншаға салып өртейді. Күлді гүл егетін топыраққа қосады. Бұл топырақ ыдысқа салынып, жаңа гүл не ағаш өскіні егіледі.
Мадақтау: Жанұя мүшелері ескі жылдағы сәттіліктердің әрқайсысын жыл (мысалы, доңыз) бейнелі ақ парақтарға түсіреді. Содан соң ақ парақтарды Жолбақанға қадайды.
Ескі жыл бойы алынған сыйлар мен мадақтамалар жыйналып, ескі жылдағы жақсылық ретінде еске алынып, Отаға ескі жылға жанұя атынан алғыс айтады, балалар өнер көрсетеді. «Ескі жылға мың алғыс!» тақырыбына ән айтылады.

Жаңа жылмен қауышу
Наурыздың 21-нен 22-не қараған түнгі сағат 00-де жаңа жылдың уақыты келді деп есептеледі. Жанұядағы жаңа жыл кейіпті жан болмаса Отаға жеті қоңыраулы асатайақты қолға алып, билей жүріп қоңырау соғады. Отана шашу шашады. Жанұямүшелері Жолбақанды айнала тұрып, оң қолдарын жүрекке қойып сәлем етіп, жеті рет иіледі. Сосын бір бірімен көріседі. Аққайнар атылады, түрлі қуаныш рәсімдері жасалады.
Сосын бәрі жаңа тілектер жазып, тілек парақтарын Жолбақанға бекітеді де, отана әркімге жолдық таратады. Отана наурыз қазанға құйылған көжені жанұя мүшелеріне құйып береді.
Қыдыр күту.Одан әрі Қыдыр атаны күту басталады. Қыдыр атаға арнап дастархан жайылады, оған жеті дәм қойылады. Төрбөлменің шамы өшіріліп тек қана майшам жағылады. Жанұя мүшелері «ұйқыашар» аталатын арнайы пісірілген жеңсік ас ішеді. Ал, жанұяның жастары құрбыларымен бірге күтуге «селтеткізер» сыйлықтарын алып, кетулеріне болады.
«Жыл сый». Жаңа жылдық сыйлық ретінде алдын ала жанұя мүшелері бір біріне сыйлық әзірлеуіне болады. Оның селтеткізерлік мәні болса, тіпті, жақсы. Әсіресе, балалар үшін арнайы әзірленген Қыдырсыйды білдірмей, жылқоржынға салып қойған мақұл. Оны ертеңгісін оянған бала түнде Қыдыр ата әкелгендей, тауып алуы керек. Бұл басқа жағынан алғанда, қоржынға салынған сыйзат Қыдыр атаның батасы мен қуаты түседі деген сенімді бекітеді.
Ұмай ана. Жанұя үшін қызығырақ болу үшін арнайы түрде Ұмай анаға тапсырыс жасауға болады. Ұмай аластау, ескі жылмен қоштасу және жаңа жылмен қауышу рәсімдерін өткізіп, жолдық таратады. Ұмаймен бірге жетігеншілер-өнерпаздар болуы мүмкін.


КЕРЕК-ЖАРАҚТАР

1. ТАҢБА. Наурыздың таңбасы бір біріне сүйір бұрыштары түйістіріле бірігіп, бірінің үстіне бірі орналасқан қос үшбұрыштан тұрады: үстіңгі үшбұрыш Көктің немесе аталық негіздің белгісі, астыңғы үшбұрыш Жердің немесе аналық негіздің белгісі. Үстіңгі үшбұрыш ішіне жаңа жылдың кейпі ретінде сәйкес айуанның басы (ол жыл сайын өзгеріп тұрады), ал астыңғы үшбұрыш ішіне тұрақты түрде өсімдік сыйпатты қазақы ою бөлігі суреттеледі және бұл бейнелер солғын жасыл түсті болады. Үстіңгі үшбұрыш көгілдір түске, астыңғысы күрең түске боялғаны жөн.

2. ҰМАЙ ана кимешегі, қамзолы, көйлек – аналық негіз, береке мен жақсылықтың көзі, жер бетіне Көктің бұйрығымен дарыған игіліктерді еселеуші, молайтушы мистикалық тұлға; Жердің мифтік бейнесі.
Кимешек: өңі солғын жасыл (салат түсті). Нәзік те жіңішке азын-аулақ оюмен кестеленген. Ою қазақы классикалық ою елементтеріне өсімдік сыйпатын берген жөн. Ою түсі - қанық жасыл.
Қамзол: өңі көгілдір немесе көк түс болғаны жөн. Арқасына Наурыз рәмізі қызғыш түспен түсіріледі. Алдыңғы өңірлеріне сары не алтын түсті масақ (тышқанның сүйікті асы) түскені жөн.
Көйлек: қызғыш не күрең (топырақ түсті) болып, етегі мен жеңдерін жиектей тышқан басты (сары не алтын түсті) ою салынғаны болмаса кестелегені жөн.

3. ЖЫЛҚОРЖЫН. Жолбақанға бекітілген арнайы жолдықтар мен жылсыйлар салынатын жеті түсті әшекеймен безендірілген қос қалталы қоржын.
Қатқыл матадан тігіледі де, сары не алтын түсті масақ (тышқанның сүйікті асы) ою бастырылады. Маңдайына Наурыз рәмізі тігіледі.
Жылқоржын екі түрлі өлшеммен әзірленеді:
үлкен түрі: 40х50х20;
кіші түрі: 30х40х10.

4. ЖЫЛСЫЙ. Наурыздық белгішектер, мадақтамалар.
Белгішектер үш формада жасалады:
дөңгелек;
тышқан кейіпті;
Наурыз рәмізі.

5. ҚҰТПАРАҚ (аткрыйтка).
7 түрлісі жасалады:
дөңгелек;
төртбұрышты;
тышқан кейіпті;
айқара бетті;
Наурыз рәмізі кейіпті;
Кимешек кейіпті;
ромб кейіпті.

6. ЖОЛДЫҚ. Наурызда «Жыл құтты болсын!» айта келген қонақтарға, жолыққан таныстарға ұстата салатындай, сондай-ақ, наурыз шарасына қатысушыларға үлестірілетін ұсақ та қарапайым, кәкір-шүкір сыйланымдар, кестелі (кесте наурыздық бейнелер мен рәміздерден, жылдық бейнелерден тұрады) орамал;
кестелі ұсақ қалташалар (ішіне айна-тарақ секілді кәкір-шүкір салынатындай);

7. НАУРЫЗДЫҚ КИІМДЕР: «жеті түс» принципін қанағаттандыра отырып, ашық та жарқын алуан түсті (қара, күңгірт түстері жоқ);
Қазақы киімдерді оюларсыз, түрлі түсті өң беріп тігу керек:
қалпақ;
төбетей;
тақия;
қамзол;
белдемше;
кеудеше;
бешпет;
шапан;
жейде;
көйлек т.т.
Оюдың орнына түрлі геометриялық фигуралар мен өсімдіктердің, аң-жануарлардың бастарын, тұрпаттарын қолдану арқылы шешуге болады. Мысалы, масақты немесе бидай дәнінен ою құрау секілді.

8. НАУРЫЗДЫҚ БЕТПЕРДЕЛЕР
Түрлі аң-құстар мен жануарлардың, өсімдіктердің бейнелері мен тұрпатынан бетперде жасалғаны дұрыс.

9. ТАЙҚАЗАН
Тайқазан ішіне піскен наурыз көже құйылып таратылатындай ыдыс болғаны жөн. Оны ағаштан, әлеуменнен, тот баспайтын болаттан, шойыннан, былғарыдан т.б. жасауға болады. Тайқазанның тұғыры болғаны дұрыс. Мес түрінде де жасауға болады. Оған қоса ожау болғаны мақұл.

10. НАУРЫЗАЯҚ – наурыз көже ішуге арналған арнайы ыдыс. Бұл ыдыс күмістен, ағаштан, шыныдан және басқа материалдан жасалуы мүмкін. Наурызаяқ сырттай қарағанда кәзіргі қыл мойын бакалды елестетеді, бірақ қыл мойыннан төменгі жағы үстіңгі көже құйылатындай тұрпатта болады да, ол қоңыраудың рөлін атқарады, яғни наурызаяқ - әрі ыдыс әрі қоңыраудың орнына жүретіндей құрал. Сондықтан оның ыдысы ағаштан, қоңырауы күмістен болуы мүмкін болмаса өңкей шыныдан құйылуы ықтимал.

11. ЖЕТІГЕН немесе ЖЕТІК ҮН.
Арнайы тұрпаты бар ағашқа жеті қоңырау бекітіледі.
Жетігеннің өлшеміне орай үш түрін жасауға болады:
алаңға арналған үлкен жетіген, бойы 1,5м, қоңыраулары барынша ірі;
орынжайға арналған орташа жетіген, бойы 1 м, қоңырауларының ірілігі орташа;
үйге арналған шағын жетіген, бойы 0,5м, қоңыраулары барынша шағын.

12. ӘШЕКЕЙ. Жолбақанға бекітілген шығырдан жан жаққа тарайтын бойына түрлі түсті шашақтар тізілген баулардан немесе таспалардан тұрады. Әшекей баулардың санына қарай үш немесе жеті жаққа тарайтындай сәйкес түрде үш баулы немесе жеті баулы болып бөлінеді. Әрбір баудың бойында жеті шашақ бекітіледі.
Әшекейлі баулардың бір ұшы жолбақанға бекітілген шығырға байланады, келесі ұшы орынжайдың қабырғасына(төбесіне) бекітіледі. Әшекей барынша жеңіл болғаны жөн.

13. ШЫРАҒДАН немесе ШАМТҰҒЫР болмаса ОТАЯҚ. Орынжайға болмаса төрбөлмеге кірер есіктің екі босағасына жеті шырақты қос екі тұғыр болмаса қос шыраққа арналған шырағдан немесе аластауға арналған от аяқ. Жерден кемінде жарты метр биіктігі бар тұғырға орнатылғаны мақұл немесе, қабырғаға бекітілетіндей бекітпесі болуы керек.Отқа төзімді өртке қауыпсыз материалдан жасалады.

14. ЖОЛБАҚАН - басына үкі ретінде шағын шырша қадалған, шыршаның астын ала әшекей баулар бекітілетін шығыры бар шеңберше және төменгі тұсынан да үлкен шеңбер бекітілген, екі шеңбер арқылы (жеті түсті 3 қайтара керілген) 21 баумен немесе таспамен әшекейленген, өне бойына жеті түсті таспа оратылған бақан немесе сырық.
Жолбақан алаңға, орынжайға және үйге арналған түрлеріне орай үш түрлі болады да, олардың өшемдері де соған сәйкеседі:
алаңдық жолбақан: ұзындығы - 5-10 м , диаметрі - 10-30 см;
орынжайлық жолбақан: ұзындығы - 2-3 м , диаметрі - 7-10 см;
жанұялық жолбақан: ұзындығы - 1-2 м , диаметрі - 5-7 см.
Жолбақанның өне бойына жеті түсті арқан болмаса таспа (лента) бұратыла оралады. Жолбақан әр бөлігі бір метрге бөлшектеліп, құралатындай ыңғайлы болғаны абзал. Оны ағаштан, әлеуменнен, пластикалық материалдардан жасауға болады. Аяғы орнық болатындай тұғыр болғаны жөн.

Комментариев нет: