четверг, 9 августа 2007 г.

«Ақмоланың арғы тегі»

“Ақмола” сөзінің шығу тегіне назар оның қазіргі астананың бұрынғы атауы болуына байланысты емес, қаланың тың көтеру аймағының орталығына айналуына орай ертеректе ауған болатын.Әйтсе де, “ақмола” сөзі нені білдіреді, қалай шықты деген этнолингвистикалық тұрғыдағы сауалға әлі де толық жауап жоқтығы өз алдына, бір кезде аталмыш сөз қазақ тіліндегі “ақ мол ,ә!” дейтін сүттің көптігіне таңданыстан туған деген қиғаш талдаулар да болған.
Оқырманды “ақмола” сөзінің қала атауына айналуға дейінгі тағдырына ой жүгірте отырып, оның этнонимдік шежіресіне жетелеп көрсек. Мақсатқа жету үшін “ақмола ” сөзінің тіліміздегі “мола” ұғымынан алшақтау әбестік болар еді. Қазақ тіліндегі топонимикалық дағды ретінде “ақмола”, “қарамола”, “көкмола”, “көпмола” секілді сөздік қорды зорлап аластау мүмкін емес.
Жалпы “мола” сөзінің қазақ топонимикасында жиі кездесуі, әрине, халық танымы мен тарих тағдырына байланысты. “Мола” сөзі бір кезде, ислам дәуіріне дейінгі көшпенді ата-баба салтында ғибадатхана мағынасын ауыстырды десек артық болмас. Өйткені, ежелгі діни наным ретінде Евразияны жайлаған көшпенділер өз табыну объектісін, бақилық жандардың мекенін - моланы қастерлеу, соған түнеу, қолдау күту шараларын жүзеге асырған. Әрине, мұның бастауында соқыр сенім жатыр деуге болмайды. Қазіргі ғылымда өлген адам аруағы мен оның жерленген орны арасында байланыс бар екені белгілі, алайда, бұл басқа тақырып. Демек, тылсым құбылысты табиғатқа етене ата-бабамыздың терең танып, соған сәйкес өз нанымын қалыптастырғаны айқын. Бір қызығы, моланың топонимикаға қатысы көшпенділік дәурені дүркіреген бүкіл Евразия аумағына ерекше тән, осы құрлықты мекендеген халықтар тіліне шегелене кіріккен.
“Мола” сөзінің шығу жағдайын кеңірек зерделеу үшін оның қазақ тіліндегі нұсқасы мен қолдану аясы жеткіліксіз. Тіпті, түркі тілдерін былай қойғанда, славян тілдеріндегі “моланың ” бір варианты – могила болуы көп жайды аңғартады. Могилаға қарап, моланың бастапқы бір нұсқасы моғұла болуы мүмкін деуге негіз бар. Бір қарағанда миыққа күлкі үйіретін бұл пайымдауға, мына жайтты қоса ескертсек те болады: қазіргі тіліміздегі “батыр” сөзі бұрынырақта “баһадүр” болып айтылғандығынан тіл құбылысын бағушы жандар хабардар. Мұның эволюциялық өзгерістерін былайша беріп жүргені мәлім: баһадүр – баадыр – батыр.
Осыған қарап, мола сөзінің алдыңғы “ұрпағын” жаңғыртсақ : мола – моола (моғұла) – моһұла. Һ дыбысын кейде айтпай, кейде орнына ғ,қ,х дыбыстарын қолданатын қазақ тілінде моһұла сөзінің түбірі аталмыш дыбыстардың қатысуымен болуы да мүмкін.
Моланың бастапқы нұсқасы моһұланың да, могиланың да түбірі тылсым, күш, қайрат, құдірет, білік ұғымдарының жинақы мағынасын білдіретін қазақ тілінде “мық” ( мықты, мықшыңдау, мықшеге т.б.) орыс тілінде “мог” (мощь, могу, могучий) сөздері бар. Екі тілдегі сөз түбірінің айтылуы да, білдіретін мағынасы да жақын және аталмыш түбір сөздердің ескілігі сондай, оларды сөз талабының қайсысынан да зат, сын есімдер тіпті, етістік ретінде кездестіреміз. Соған қарағанда әр тілдегі аталмыш бір буынды сөздер есте жоқ ескі заманда бабаларымыз табынатын обиектінің әжетіне толық жараған, ортақ ұғымды білдірген сөздің түбірі болса керек. Дегенмен, орыс тілде “мола” сөзінің етістікке айналып, құдіретке табыну мағынасын жоймаған нұсқасы да қалған: молиться.Ал, бұл әрекетті бейнелейтін қазақ ұғымында мөлию деген де сөз бар.Мөлиген адам әдетте бұдүниені ұмытып, көзін бір нүктеге қадап, ойы мен жаны басқа жақты шарлап кететіндігі бұл жерде айқындалмаса да, бір сөздің “уысына” сыйғызылып тұр. Мөлиюді қазіргіше айтқанда медитация десек алшақтамаспыз. Демек, мөлию ұғымы бар халықтың медитациялық қабілетке де иек артып көргендігіне күмән жоқ.
Қорыта келе , қазіргі “мола” сөзі о дүниелік жандардың жерлеген жерін ғана емес, табыну обиектісіне айналған танымдық мағынаның не ұғымның жұрнағы екендігіне тірелеміз.

Осалданған ел егеменсіздікке ұшырайды

Елдің егемендікке ие болған күні халықтың дүниеге келуімен пара пар күн болып ескерілетіні рас. Өз мемлекеті бар, тәуелсіздікке ие болған қай халық үшін де жыл сайын тойланатын бұл күн меркелеудің ғана емес, өз тарихын таразылап, өз дамуының сара жолына сыни көзбен қарап, алдағы күндерден адаспау жағын қарастыруы сіңісті жайт.
Осы жағынан алып қарасақ, біз де өз тәуелсіздігімізді қай кезде, қалай жоғалттық деген сауалға әлі де шынайы жауап берілмей келеді-ау деген күмәннан арыла алмай отырып, мынадай ойды ортаға салуды жөн көрдік.
Тәуелсіздікті қарапайым сөзбен, әр халықтың өз басын өзі алып жүретін ықтияры деген анықтамамен бастасақ. Халық өзінің әлгі ықтиярынан қандай жолмен айырылса да, сол ырықты бойынан қауқар кеткен күні Тәуелсіздікпен хош айтысып, бодандықпен қол алысады. Демек, бұл жерде жаулап алушыны кінәлаудан гөрі жауланушыны кінәлау әділеттірек болуы керек. Өйткені, жауланушы жаулаушының еркіне бағынатындай бейшара халге түсуі ең әуелі жауланушының өз күнәсінен болар. Тіпті, бодандықтың қамытын киген халық өзін өзі көбірек кінәлағаны абзал. Өйткені, бір халықтың өз тәуелсіздігін өзгенің бостандығын жаулаумен нығайтуы тарихтың әділетсіз болса да тиегіне айналғаны рас. Ендеше халық болып ғұмыр кеше тұра, алдын ала белгілі әлгі алапатқа қарсы тұрарлық қауқардан айырылған күні Егемендіктен ажырауға негіз қаланады.Олай болса, бір елдің тәуелсіздігін жаулаған өзге елді кінәлау тек қана тарих пәні тарапынан дұрыс болғанмен, бодандыққа түсіп божыраған халық тарапынан тек қана тарихи ақталу болмақ. Мұндайда күшті болсаң, егемендігіңнен айырылмаудың қамын істеп бақ деген ұстамды төңіректеген мақұл болар. «Бәлен ғасыр бойы бізді езіп келді,жаншып келді» деген байбаламның өзі көрші баладан таяқ жеп ата-анасына шағынған жасық баланың кейпі ғана.
Енді осы әңгімені өзімізге қарай бағыттасақ, шын мәнінде, бізді орыстардың жаулап алған күні жоқ. Бар болғаны біз өзіміз жауландық. Ол жауланған күнді Әбілқайыр ханның бодандыққа келіскен күнінен емес, одан бұрынғы қазақ хандығының іріп-шіріген күндерінен іздегеніміз мақұл. Бұл шара бізді тәуелсіздіктен әлдеқашан бұрын айырылған жағдайды мойындауымызға мәжбүр етіп, бұдан әрі ондай бейшаралыққа барудан халқымызды қорғаштайды.
Негізінде “тәуелсіздіктен әлдеқашан бұрын айырылуымыз” біздің халықтың өз егемендігін алып жүретін қауқардан ажыраудан басталған болатын. Ол қауқардың шын атауы – бірлік пен береке болатын. Қазақ хандығының өз алдына мемлекет болып өмір сүру қауқары жоқ болғанда, қойынына алуға даяр тұрған Ресей патшалығының болғанына Жаратқанға мың шүкіршілік! Ал, егер ұйғырлардай қытайдың құшағында қалсақ қайтер еді?
Бір қызығы, 300 жыл бойы Ресей қазақтың өзін де, көзіндей жерін де жұтатын мүмкіндігі болатын. Ол оны жүзеге асырған жоқ, ал қазақ тарапынан оны жүзеге асыртпайтындай тегеурінді қарсылық қаншалықты болды дегенді тереңірек қарастыратын уақыт туды. Егер осы бодандық қытай тарапында болса қайтер еді№ онда ұйғырдың күнін көріп отырар ма едік? Тарихты қайта шолу арқылы, өзгені кінәлау өз бейшаралығыңды ақтау ғана екенін түсінетін уақыт жетті. Егер бізде егемендікті тұта алатын елдік ерік пен халықтық қауқар болса және тәуелсіздігімізден айырылмауға қанша күш-жігер қажет болып, сонша қайрат бізден табылса, кімнің бізде шаруасы болар еді? Өзімізді өзіміз өтірік ақтап, бар пәлені өзгеге таңу мен өзімізді өзіміз жалған қанағатпен алдау – қол жеткізген Тәуелсіздіктің жарқын бейнесін көлегейлеу болып жүрмесін! Шындықпен ойнау болып жүрмегей! Ал шындықтың Жаратқанның тынысы екені рас болса ше? Біздің егемендігіміз сол Құдіреттің бере салған сыйы болса ше? Ендеше ол егемендіктен де қадірі артық болып табылатын Жаратқанның қазаққа деген назары болса?
Соңғы жылдары егемендік туралы сөз сұйылып, тіпті, оның мәні басқа құндылықтармен көлегейленіп бара жатқандығы аса қауіпті. Жемқорлыққа белшесінен батқан, бар билікті бауырына басқан, мемлекеттілікті жекешелендіргендерді көріп отырып, егемендіктің қаншалықты құнсызданғанын амалсыз мойындайтын күйге жеттік. Тек қана, бізге егемендік бір ғана Жаратқанның бұйрығымен тигенін көңілге медеу етіп, ел тағдырын қақпақыл еткен тасырларды бір күнде сабасына салатынына сеніп, күте тұрғаннан басқа амал жоқ.Ұлттың баласы мен байлығын сатқандарға егемендікті сату түкке тұрмайтын шара екенін білсек те, бұл жолы да Аллатағаланың келесі бір бұйрығын төзімділікпен күтейік.

Волонтер – қайырпаз

немесе "еріктінің" бәрі волонтер емес


Соңғы кездері кірме сөз - «волонтер» ауызға да, құлаққа да көп ілігуде. Алайда, оның мәнісіне көп адамдар назар аудара бермейді.
Елімізге демократиялық дәстүрлердің ене бастауына орай, бұл ұғым да күнделікті өмірімізден орын ала бермек. Волонтерды тікелей қазақшаласақ – қайырпаз деген сөз, қайырсыз ғұмыр кешпеген қазақ халқы үшін бұл ұғым жаңалық болмаса да, оның қазіргі жаңа қоғамдағы орны ерекше және әлеуметтік маңызды мағынасы бар. Сонымен қайырпаз (волонтер)- мәжбүрлеусіз, өз еркімен, ақысыз түрде белгілі бір игілік қабылдаушының мүддесіне негізделген әлеуметтік маңызды қызмет көрсететін адам. Қайырпаздық қызметтің қоғамдық ортадағы көріністері сан алуан болып келеді. Ақтөбе қаласында болған қайырпаздардың маңызы турасындағы семинарда ауылдық жерден келген мемлекеттік қызметкерлер «біз бұған соншалықты бұрын мән бермейтінбіз» – деп тегін қайыр тигізу шараларын біздің халықтың бойына сіңген қасиет ретінде немқұрайлы айта салды. Алайда, нарықты экономика мен тірлік күрделенген демократиялық қоғамда әр нәрсеге мән беріп, өз алдына дамытуды керек ететін жағдай қалыптасатыны белгілі. Қанша дегенмен, халықтың салты мен өмір сүру үлгісі өзгере бастады. Адам өз еңбегінің ақысынсыз аттап баспайтын заманға тірелдік. Міне, осындай жағдайда қайырпаздық құрылымды жаңа дәуірге лайықтап дамыту қажеттігі туындауда.
Қайырпаздықты еркін қоғамда дамытып өрге бастыратын басты күш қоғамдық ұйымдар болып табылады. Үкіметтік емес ұйымдар қайырпаздарды біріктіріп белсендіруде алдарына басқа ұйымды салмайды. Сол себепті қайырпаздықтың дамуымен қатар тіпті, қоғамдық ұйымдардың да даму деңгейін бағалауға болады.
Қайырпаздардың ісі тіпті ел экономикасында да өзіндік үлесі барлығы сезілуде. 2001 жылғы көрсеткіш бойынша Қазақстанның ішкі ұлттық табысының 3,8% - ы қайырпаздардың еңбегінен құралған көрінеді. Өкінішке орай Ақтөбе облысы бойынша мұндай көрсеткіш әлі есептеле қоймаған. Дегенмен жыл сайын қоршаған ортаны тазалауда мыңдаған адамдар көшеге шығып тегін еңбек ететіні белгілі. Алайда, қайырпаздық әрекет биліктің командасынан гөрі адамдарды қызық та тартымды шара ретінде ұйымдастырудың маңызы зор. Қазіргі кезде қаланы тазартуға қайырпаздарды шақыру түріп жатыр. Алайда, құр шақырудан гөрі оны арнайы жоба ретінде жүргізсе, одан келер нәтиже көп, қайырпаздық ерікті-мәжбүрлеу түрінде емес, адамдардың нағыз еркіне сүйенген бұқаралық шараға айналар еді.Ақтөбе қаласында Сазды өзенінің аңғарын жыл сайын тазартуды дәстүрге «Шығыс әйелдері» ұйымы айналдыруда. Сондай-ақ, «Иматон» орталығы да қаладағы есірткіге қарсы шараларға көптеген қайырпаздарды тартып жүр. Ал, соның барлығына қаржы шығара берсе, қанша болатынын есептеу қиын емес.
Мұндай ұсақ түйек шаруаны былай қойғанда, облысымызда қайырпаздардың еңбегі арқасында әлеуметтік ғимараттар салынып жатқандығы да рас. Мәселен, Байғанин ауданындағы Қаражар ауылының клубын салуға «ДемОрда» мемлекеттік емес мекемесі Халықаралық Каунтерпарт Консорциум ұйымынан 5 мың АҚШ доллары көлеміндегі алған грантқа құрылыс материалдарын сатып жеткізіп берген. Содан кейінгі жұмыс жергілікті тұрғындарды қайырпаздық іске белсендіру болған. Соның нәтижесінде әрбір жанұя 300 саман кірпішін әзірлеумен айналысып қоймай, ауық-ауық үме үлгісімен жиналып құрылыс жұмыстарын қолға алған. Ақырында небәрі 5000 АҚШ долларына татитындай жұмысты ауылдық волонтерлар атқарып шығып отыр.
Мұндай қызмет түрі жұртшылықтың бірлігін нығайтып, қоғамға ықпалын күшейтетіні рас. Тіпті, қайырпаздар осындай әрекет барысында өздеріне көптеген дағдыларды қалыптастырып, рухани және тұлғалық жағынан шыңдалады. Сол себепті, мұндай шараларға мемлекеттік органдар тарапынан оңды назар мен қоолдау болғаны нұр үстіне нұр болар еді. Себебі, қайырпаздықты дамыту ондай іске тартылған адамдарды әртүрлі жағдайда ынталандыру жасап тұруды қажет етеді. Жалпы, қайырпаздықты шыңдау теориялық жағынан белгілі бір қағидаларды меңгеруді де қажетсінеді. Сол себепті, осындай мақсатта көптеген қоғамдық ұйымдар семинарлар өткізумен айналысуда. Мәселен, Ақтөбе қаласында қызметтің осындай түрімен «Оникс» қоғамдық бірлестігі айналысуда. Ал, «Азаматтық бастамалар одағы» қауымдастығы облыстағы волонтерлықты дамытуды арнайы жоспармен дамытуды қолға алуда.
2004ж

ДАЛАЛЫҚ ӨНЕРДІҢ БІТІМІ

НЕМЕСЕ
ҚАЗАҚЫ ӨНЕРДІ ӨГЕЙСІТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖӨНІНДЕ

Көшпенді мен көшеген

Әңгімеміз көшпенділік өнерге қатысты өрбіп отыр. Осыған орай мына жайтты ашып кеткен жөн. Қазыр сіңісіп кетсе де, қайта-қайта талқыға ұшырап жүрген «көшпенді» термині дұрыс па? Бізше, жоқ. Өйткені, «көшпенді» сөзі кейбір оқымыстыларымыз айтып жүргендей жағымсыз мағынамен шектелетін сөз емес, көш үдерісінің салдарын ғана білдіретін ұғым. Дәл осындай белгілі бір процестің салдарымен шектелетін алқынды, шайынды, қосынды, азайтынды, көбейтінді, туынды секілді сөздерді тізе беруге болады, бірақ олар жағымсыз мағынаға ие емес. Демек, көш үдерісімен өмір сүретін халықтарды «көшпенді» деу дұрыс болмайды. Далалықтарды көшпелі өмірдің салдары деп қана қарау жеткіліксіз, олар көш үдерісінің тұтушысы (носителі). Шын мәнінде «көшпенді халықтар» деп жүргеніміздің өзі үнемі көше беретіндер емес, олардың жатаққа айналуы да, отырық елге сіңуі де оңай болған, тіпті «көшпенділер» егіншілікпен де, қала өмірін бағындырумен де, басқарумен де, бірнеше қалалардың экономикасын бақылаумен де айналысқан. Әсіресе, көшпелі халықтар үшін «Туған жер» ұғымы кие болып табылады және ол Бұдүниедегі темірқазық ұғымымен тең категория. Әрине, «көшпенділер» ұғымы шын мәнінде отырықшылар тарапынан далалықтарға таңылған атау және де аталмыш терминді қазақтардың өздері отырықтанған соң дүниеге келтірді.
Ендеше, «көшпенділер» деп сыған секілді, бір кеңістіктен екінші бір кеңістікке өтушілерді атаған жөн. Ал, біртұтас Дала атты кеңістікте қыдырыстап жүріп өмір сүру тәсілін меңгерген далалықтарды көшегендер деген барынша әділ. Далалықтар ғарышты біртұтас кеңістік ретінде қарастырады да, адам өлгенде сол кеңістікте бір күйден (пендеден) екінші (аруаққа) бір күйге өтеді деп санап, келген жағына қайтты деген түсінікпен өмір сүреді. Далалықтар үшін біртұтас өмірдің Бұдүниедегі тірлігі жалған да уақытша, Одүниедегі көрінісі шынайы және мәңгі. Осы жағынан алғанда далалықтар Бұдүниеге қыдырып кету үшін (қазырғыша - Одүниеден іссапарға) келетіндей өмір сүреді және ӨМІР деп Жаратқанның ғана өнімі болып табылатын адам жанының екі дүниеде бірдей көшіп жүруін мойындайды да, бұдүниедегі өмірді де сол тұжырымға бағындырып, көшпелі тірлікті місе тұтқан. Басқаша айтқанда, адамзаттың бұл бөлігі кеңістік пен уақыттың ауанымен өмір сүру салтын орнықтырған. Сөйтіп, физиканың заңы бойынша қуаттың қозғалыста ғана туындайтынын ескерсек, көшегендердің пассионарлық қуатқа жиі жолығуы олардың кеңістіктегі қозғалысқа негізделген тірлігіне байланыстылығы шығады. Ал, ғарыштық қуат дегеніміз - басқа жағынан алғанда ақпарат! Егер де өнердің Ғаламның төрінен күй, ән, жыр ретінде келетін ақпарат (шабыт) екенін мойындасақ, бұл жағынан отырық жұрттардың көшегендерден дарынды болуы мүмкін емес! Бірақ, отырықшылар өздерінің бұл «кемістігін» көшегендерден сіңіру арқылы толықтырып отырады. Аталмыш процесті белгілі бір даму деңгейіне көтеріліп болған батыс елдерінің әрі-беріден соң интеллектуалдық тоқырауға ұшырап, идеяны дамушы елдерден таситынынан көретініміз сондықтан. АҚШ-тың өзінің барлық ғылыми жаңалығын дерлік эмигранттар (қазырғы көшегендер) есебінен толтыратыны осыған негізделген. Демек, дамушы елдер даму жолындағы яғни қозғалыстағы елдер. Ал, қазырғы отырық елдер қозғалысты аяқтауға айналған жұрттар. Әрине, қозғалыс категориясы бұл жерде кең мағынасында ішкі және сыртқы қозғалыстың бірігімі түрінде қаралғаны жөн: ішкі қозғалыс дегеніміз – дамудың қуаты, ал сыртқы қозғалыс дегеніміз – кеңістіктегі орын өзгерту. Біз айтып отырған көшегендер қозғалыстың осы екі сыйпатын үйлестіре пайдаланған. Олар көшу арқылы кеңістікті өзгерте отырып, өзге әлемге (құрлыққа, мемлекетке) безбейді, өз жайлауын, күздеуін, қыстауын және көктеуін жағалайды; осылайша экологиялық тазалық принципін сақтай отырып, көктің қуатын тартып, ішкі қозғалысты (шабытты) іске қосады. Көшегеннің өмір салты аспандық принципке негізделген; қазақтар үшін Темірқазық аспандағы басты объект, ол жылжымайтын және өзгермейтін базистік субиект болса, жер бетіндегі Темірқазықтың рөлі көшеген үшін кіндігі кесілген Туған жер болып табылады. Мәні әлі күнге ашылмай отырған қазақтың емірене айтатын «Айналайын!» сөзі, бәлкім, әлгі «темір қазықты» марапаттау мен табынудан шыққан болуы ғажап емес.

Өнер бөлек, искусство басқа
Қазақ халқының сөз бен саз өнері негізінен импровизацияға негізделген. Бұл жағынан алғанда мұны далалық өнердің басты ұстанымы дей отырып, батыстың (дәлірегі – отырық елдердің) искусствосынан гөрі ерекшелейтін қасиетін атаған жөн. Отырық өркениеттің искусствосы адамның айналасына қарым-қатынасынан туындаса, далалық өнер адамға КӨКтің немесе ғарыштық құдыреттің ықпалынан болмаса көшегеннің КӨК-ке қатынасынан өнеді. Сол себепті де қазақ халқы өнерді кие тұтып, Жаратқанның сыйы деп қабылдап, өнер иесін сол құдыреттің кәдесіне жараушы ретінде қадырлейді. Сондықтан да көшегеннің өнері мен тамашалаушының арасында сахна жоқ, кулуар секілді қуыс-қолтықсыз, делдалсыз, өнердің туу сәтінен бастап, оның орындалуына дейінгі барлық процесс тұтынушысының көз алдында ашық өтіп жатады. Бұл жағынан алғанда, қазақ өнеріне жететін демократиялық сипаты бар өнер аз, бірақ бұл - искусство емес. Өйткені, искусство адамға ғана тән болса, ал импровизация Көктің төрінен «тартылатын» (суырылатын) және «өнетін» құдыреттің бір бөлшегі болып табылады. Сол себепті де, далалықтар саз өнеріне қатысты «тарту» ұғымын пайдаланады: домбыра тарту, қобыз тарту, сырнай тарту. Мұның түбінде саз сарынын Көктің төрінен суыртпақтап тарту үдерісін мағыналау жатыр. Бұл жағынан қарағанда көшегендердің өнер турасындағы түсінігі отырықшылардан әлдеқайда бөлек. Себебі, отырықшы халық саз аспабымен «ойнайды»: «играть на гитаре», «играть на балалайке», «играть на домбре» т.б. ұғымдары осыны көрсетеді. Олар үшін өнер өнер емес – искусство, адам қолынан жасалатын өнериеттік өнім. Ал, өнер - бұл далалық өмірде ғана барынша сақталатын және Көк пен өнерпаздың бірлесу процесінің нәтижесі, алайда қазырғы отырықтанған қазақтардың мұндай өнерге ие болуы аса сирек. Сондықтан да суырып салып күй шығарған қазаққа қазыр жолығуымыз екіталай. Бұл – қазырғы қазақтың отырықтану үдерісіне ұшырағанының белгісі. Отырық өркениеттің искусствошылдығы сонда - адамның кеңістікте бір ғана қоныспен шектеліп, айналаның (қоршаған ортаның) ғарышпен қатынасына мүмкіндік жасайтындай экологиялық кедергіге тап болуында, құдыретті өнерді қабылдауға қажетті бойдағы қабылет көздерінің бірте –бірте бітелетіндігінде.
Жалпы, о бастағы далалық өнердің туындысы қазыр искусство ретінде мойындалып жүргенімен, оның арналу мақсаты адамның көңілкүйін білдіруі емес, Адам мен ЖАРАТУШЫНЫҢ арасындағы қарым-қатынастан туындайтын болуы керек. Бірақ мұндай қатынас адамзат мойындаған киелі жерлерде іске асуы ықтимал. Біздің пайым бойынша, сондай киелі жерлердің бірі ежелгі түркілердің кие тұтқан Қайлас тауы болуы ғажап емес. Әрине, ондай құдыретті мекендерді экологиялық жағынан әлгіндей қатынасқа қолайлы болатындығымен киелі деп есептеу керек болар. Бертін, далалықтардың бойындағы бұл қатынас дами келе, өнердің (күйдің, жырдың, айтыстың, әннің) туындау процесіне айналған болса керек те, сонымен бірге көшегендердің бойына сіңген экологиямен арадағы тығыз қарым-қатынас олардың тірлігінің мәніне айналған. Міне, сондықтан да көшегендердің өнері секілді ішкен асы да соншалықты қарапайым, әсіре өңдеуден өтпейді, барынша табиғи. Симфония мен күйді, қымыз бен шарапты салыстыра отырып, осындай ойға амалсыз келуге болады. Симфония өңдеусіз қалмайды және оның бір ноталық ноқатын өзгерту мүмкін емес. Ал, күй қалай шықса, солай тартыла береді, бірақ әр күйшінің өзінше орындау мүмкіндігі бар, өзінің қосары мен өзгертері бар. Былайша айтқанда «жабайы». Егер «жабайы» сөзінің ұғымына адамның қолына қатысы шамалы айналаны жатқызатын болсақ, отырық халықтардың көшегендерді о баста осылай атауының мәні – оларды мәдениетсіздікке жатқызғандығында емес, тірлігінің табиғатпен сіңісіп кеткендігінен атаса керек. Яғни далалықтар жасандылыққа емес, бар болмысын табиғилыққа (натура - жабайы) арнаған. Алайда, отырық саясаттың нәтижесінде аталмыш көшпелі болмыс бара-бара келемеж бен күстәнәға айналған. Алайда, отырықшылар қай нәрсені де өңдеуге қабылетті, ал көшегендерге басқы туындатушылықпен шектелу тән.

Өнерге сай жағдай қажет
Сонымен көшеген қазақтың өнері искусствоға жатпайды, Жаратқанның көңіл-күйі іспетті шынайы үдеріс туындысы, сонысымен табиғи кен секілді «олпы-солпы», сонысымен табиғи да пәк өнер. Сондықтан да қазақ өнерін тудыру үшін кулуар да, сахна да керек болмаған, керек болған бір нәрсе ол - өнерпаз бен тамашалаушы ортаны біртұтас ететін бірыңғай аудитория ретінде, ғаламдық моделдің аян қабылдаушы үлгісі - қарүй болса жеткілікті болған. Өйткені, екі дүние арасында қыдырушыларға айналасы жұп-жұмыр өнер тудыру міндетті болмаған, соған сәйкес оның театр деп аталатын шеберханасы да қажет емес, себебі, далалықтар үшін табиғатты жатсыну ұғымы жоқ, олар үшін театр үдерісі кеңістік пен уақыт аясында туындайтын өнер болып табылады.
Қазақ өнерінің ғаламдық туындылық қасиеті оны ғарыштық жағымды қуат әкелуімен ерекшелейді. Осылайша ғарыш моделі – киізүйдегі өнер Көктен «өнген» күйінде сол бойда импровизациялық процеспен адам бойына делдалсыз сіңірілген. Мұндай саф өнер - киелі. Жағымды да жасампаз тірі қуатты қазақ кие деп атайды. Кие неғұрлым Далаға еркін тараса, соғұрлым оның жасампаздық ықпалы зор болған, Дала құтханаға, ал қарүй храмға айналған.
Қазырғы кезде Кеңес заманынан бастау алған қазақ өнерін ебропалау дәстүрі оны «театрландыруды» бастан кешіруде. Сондықтан да айтыскерлеріміз әртіске көбірек ұқсас, жыршыларымыз болса сахнаға «сыймауда». Сахна біртұтас болып табылатын қазақ өнерінің орындаушысы мен тұтынушысы арасын ажыратып жіберді. Бұл өнерпаздардың бойына жағымсыз қылық дарытуда. Қазырғы айтыс өнер көзі емес, табыс көзіне айналды, бірақ айтыс өзінің мазмұны жағынан бұрынғы деңгейіне жете қойған жоқ. Жыр мен терме тек қана фольклорлық маңызы бар дүние ретінде тамсандыруда. Қазақ өнері үшін бұл жеткіліксіз. Аталмыш өнер түрлері фольклорлық шеңберден шығып, заманның классикалық (қадырлы) өнер нұсқаларына айналуы қажет. Ал, ол үшін сол өнердің табиғатына сай жағдай жасалғаны жөн. Қысқасы, қазақтың төл өнерлерін сахнаға қамауды доғарып, тұтынушымен кіріктіріп, ежелгі өнер үдерісін жасақтау қажет. Бұл жағдай аталмыш өнерді фольклорлық ауқымнан классикалық ауқымға кеңейту мен өнердің төл сипатына сай жағдай жасауды талап етеді.
Осылайша Өнердің өзіне тән әлемін жасақтау күн тәртібінде тұр. Себебі, қазақтың сағаттап көсілетін айтысына, жырына, термесіне сәйкес арнайы өнержай қажет, қазырғы ебропалық ғимарат тұрқы қазақы өнердің киесін кетіріп, рухын түсіріп, кеудесін қысуда. Қысқасы, киелі Далаға Көк қуатын тартатын және ұлтқа шабыт шақыратын қазақтың сөзі мен сазына арнайы сарай салудың уақыты келді.

Конституция және мемлекеттік тіл: Қазақстан халқы бірлесуінің басты факторы

Қазіргі заманда мемлекеттің рухани және заңды басты базисі болып табылатын Конституция барлық саяси және әлеуметтік субъектілердің мемлекетпен арадағы ара қатынасын анықтайтын маңызды фактор. Алайда, Конституцияның толық қанды бұл маңызы елдегі заңқойлықтың қаншалықты дәрежеде орныққанына байланысты. Егер де атазаңға жазылған талап пен құқықты мемлекет қайраткерлерінен бастап, балабақтағы бүлдіршіндердің ата-анасына дейін тәрк ететін болса, ауызға іліккен көбігі көп қызыл сөзден ешбір пайда жоқ.

Қазақстан Конституциясындағы маңызды жайттардың бірі – 7-бапта айқындалған мемлекеттік тілдің мәртебесі. Бұл мәртебе менің ойымша, мемлекеттік дәрежедегі қазақ тілінің қоғамдық, саяси және ресми орны болып анықталғанымен, осы 10 жыл бойы бұл мәртебені мемлекеттік емес, этностық тілдің мәртебесі деп түсініп келгеніміз рас. Яғни, қазақтілділер «біздің тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие» деп қоқиланса, басқалар «біз сендерге тілдік мәртебені көрсетерміз» дегендей ішкі қарсылықпен тірлік кешті. Ақырында мемлекеттің Конституциясына жазылған тілдік мәртебе тәрк етіліп, 10 жыл бойы мемлекет мылқау күйінде өз тіліне өзі ие бола алмай келеді. Ал, шын мәнінде мемлдекеттік тілдің мәртебесіне қазақтілділердің де, басқалардың да сезімінің қатысы болмауы керек еді, тілдің мәртебесіне мемлекеттің өзі жауап беріп, соны іске асырып, мемлекеттік мылқау күйден арылуды ойластыруы қажет болатын.
Нәтижесінде не болды? Меніңше, жазылғаны орындалмайтын Конституция емес, атазаңның басты атрибуттары болып табылатын түрлі мәртебелер мен құқықтар, талаптар орындалуы арқылы ғана мемлекет өзін егемен елдің тұтқасы ретінде көрсетеді. Ал, мемлекеттік тілінің мәртебесін аяққа басқан елдің егемендігі де, Конституциясының шынайылығы мен қауқары да дүдамал күйге еніп, оны басқа түгелі өз халқы күстаналайтын ахуал қалыптасса, мемлекеттік Конституцияның жеке басқа, қоғамға және мемлекетке қатынасын қалай сезінеміз, қалай тұщынамыз? Ондай Конституцияны сөзіміздің басында айтқанымыздай, атазаңды мемлекеттің рухани және заңды басты базисі ретінде кім құрметтейді?

Қазіргі заманда халқының этникалық жағынан ала-құла болмай отырған мемлекет саусақпен санарлық. Ал, бұрынғы КСРО елдерінің ішінде өз аумақтарындағы бірыңғай этнос ретінде армяндар мен грузиндерді ғана алуға болар. Қалғаны көпэтностық мемлекетке ие болып отыр, алайда, ала бөле Қазақстанның неге «көпұлтты» аталып, әлі күнге Қазақстан аталатын елде басты этностың анықталмай отырғандығы бұл елді әрі-сәрі күй кешіп отырған Ауғанстанмен рухани жағынан теңестіріп отыр. Ауғаныстанда да бірнеше этнос бар, алайда, пуштундардың қоғамдық ролі өзгеше. Ал, саны жағынан 60 пайызға жеткен қазақтардың Қазақстандағы ролін оның тілдік жағынан қағажу көріп отырғанын немен түсіндіреміз? Әсіресе, өмірге келгеніне 10 жыл болған Конституция аясында қазақтардың есебінен космополиттер мен нигилистер армиясының тұтасқан тұлғасы қалыптасқанына өз алдына бөлек концеренция мен ғылыми көзқарас бөлі қажеттігін айтқанымызға біршама уақыт болды.
Егер Конституцияда белгіленген мемлекеттік тіл секілді халықты бірыңғайлау мен ұжымдау факторы өз қауқарында болмаса, онда мемлекеттік ахуалдың белгілі бір сырқауы бар деген сөз. Демек, Конституцияның басты факторы болып табылатын мемлекеттік тіл өз мәртебесі ауқымында тәрк етіліп, оның мемлекетті нығайтуға қабілеті іске аспай отыр деп мойындауымыз керек те, сол осалдықты жоюға міндеттенуіміз қажет.
Мемлекеттік мүддені нығайтуда оны қоғамдық-әлеуметтік мүдделермен шатастыру ешбір қайраткерлік емес. Мәселен, мемлекеттік тілді дамыту этносаралық жағдайды ушықтырады деген пікір мемлекеттік мүддеден гөрі аймақтың не бір қаланың сұранысын жоғары қоюмен тең. Ендеше ондай мемлекеттің кімге қажеті бар? Мемлекеттік мүддені дамытуда қоғамдық пікірге жалтақтау неге қажет? Демек, Қазақстан халқының бірлесу факторы болып табылатын мемлекеттік тілді қасқана дамытпау ел мүддесінен гөрі 10 жыл бойы әлде бір әлеуметтік топтың мүддесін жоғары қойып келдік дегенмен парапар.
Кезінде мемлекеттік тілді дамыту ұғымын қазақ тілін білмейтіндердің құқығын шектеумен теңестірген бейшара ахуалдың белең ала келіп, мемлекет алдына үлкен кесел туғызатынын және туғызып отырғанын ғылыми жағынан дәйектеу үшін ғалымдарға не кедергі болып отыр? Мемлекеттік органдардың мемлекеттік мүдденің бір саласы ретіндегі қазақ тілінде іс жүргізу мен ұйымдастырудың қарапайым қазақстандықтардың құқығына қандай залалы болды? Тіпті, мемлекеттік тілді мемлекет дәлізінде сөйлете отырып, орыс және басқа тілдердің ахуалын сақтауға қазақ тілінің қандай кеселі болды? Бұған дейін осы жайттар неге ашық сараланбай келді? Шешуін іздейтін сауал көп.
Егер мемлекеттік тілді қазақстандықтарды тұтастандыру факторы десек және оның шынайы ахуалын есептесек, Қазақстан халқы біртұтастанған жоқ деуге ешкім қарсы дау айта алмайды. Ендеше бұл салада мемлекеттік қауіпсіздік мәселесін қолға алу шаралары қаулап шыға келмек. Әсіресе, мәселе тілдің мемлекеттік және ресми мәртебелерін қасақана шатастыру арқылы жүзеге асуда. ҚР Конституциясында мемлекеттік тіл қазақ тілі болғанымен, онымен тең дәрежеде ресми түрде қолданылатын орыс тілінің мәртебесі түсініксіз. Егер оны ресми тіл десек, онда оның мемлекеттік тілден айырмасы қайсы? Ал, мемлекеттік тілдің ресми қолданылуы қай шамада болмақ? Бұл жайт Конституцияның 7 – бабынан туындап отырған бұлдырлық.
Мемлекеттік тіл қазіргі кезде өзінің Қазақстан халқын жұмылдыру міндетінен гөрі аудармалық сипатқа ұшыраған қызметін де дұрыс атқара алмауда. Бұл жөнінде Парламент палаталарының спикерлеріне жасаған депутаттық мәлімдемемде атап өткенмін. Өкінішке қарай, менің сол конституциялық міндетке орай жасаған сауалыма Мәжіліс төрағасы қың демей келсе, Сенат спикері өзінің аударма бөлімінің басшысының пікірі деңгейінде ғана жауап берді.
Қазіргі кезде қазақ тілі қазақстандықтарды бірлестірмек түгелі, дамуы кері кеткендіктен, қазақ этносын да біріктіре алмайтын мүшкіл халге келіп тірелді. Өз тілін білмейтін қазақтардың саны КСРО кезеңіндегіден екі есеге көбейген (белгілі саясаттанушы Ә. Ғалидың пікірінше өз тілінде сөйлеп жазатын қазақтардың үлесі – 71% қана). Қазақтардың орыс және қазақтілді болып екіге жарылуы он жылдығын атап отырған осы Конституцияның тұсында қалыптасқан жағдай. Ендеше, Қазақстан он жыл бойы өз халқын біріктіретін мемлекеттік мүддеден бас тартып келді деген саяси қылмысты мойындауымыз қажет те, мәселені шешуге тікелей бет бұруымыз керек. Қазақстан халқын тұтастандыруды ойласақ, оның басты факторы мемлекеттік тілдің позциясын шұғыл нығайту қазіргі мемлекеттік басты мүдденің бірі және мемлекеттік қауіпсіздікті нығайтудың жолы.

вторник, 7 августа 2007 г.

ТҮЙМЕ ҚЫЗ

("Бота" блогындағы боталарға арналады)


Х. АНДЕРСЕН
ЕРТЕГІ

Ерте, ерте, ертеде бір әйел болыпты; ол бала асырап алғысы келді, бірақ оны қайдан алсын? Сөйтіп, ол тәуіп кемпірге барып былай деді:
- Мен бала асырап алғым келеді; баланы қайдан тапсам екен?
- Сол да сөз бе! – деді тәуіп. – Мә, саған арпаның дәні; бірақ бұл жай дән емес, егетін де, тауыққа шашатын да емес; мұны гүлқұмыраға егесің, сосын көресің не боларын!
- Рахмет! – деді де әйел тәуіпке он екі мәнет берді; үйіне барып әйел арпа дәнін гүлқұмыраға егіп еді, сол бойда бәйшешекке ұқсас үлкен әсем гүл өсіп шыға келді, бірақ ол әлі шешек атпаған күйі бүрісіп тұрған еді.
- Қандай керемет бәйшешек! – деді де әйел оның сары жолақты қызыл шешегін сүйіп алды.
Гүл бүлк етті де, шешек атты. Сөйтсе, бұл нағыз бәйшешек екен, оның шұңғылында жасыл орындықшада түймедей ғана қызбала отыр. Ол сондай нәзік те, кішкентай, бойы шынашақтан да кіші еді. Сол себепті оның есімі Түйме болды.
Оған бесікті жаңғақтың жылтыр қабығынан жасап, көгілдір майдагүл - төсек болып, ал раушангүлдің шешегі жамылғыға жарады; қызбала түнгісін бесікке бөленіп, ал күндіз ол үстел бетінде ойнады. Үстел үстіне әйел табақшаға су құйып қойды да, оның жиегіне гүлдесте сүйеді; суға гүл сабақтары малынып, ал ыдыс жиегінде қызғалдақтың жалпақ шешегі қалқып жүрді. Бұл шешекті қайық етіп Түйме қыз табақшаның бір шетінен келесі шетіне өтіп жүрді; ескек етіп ол аттың екі ақ қылын алды. Бұл бір тамаша көрініс еді! Түйме қыз ән шырқай алатын, оның нәзік те әсем дауысын бұрын - соңды ешкім естімеген!
Бірде ол бесігінде жатса, терезенің сынығынан ішке былшырақ та сиықсыз балпанақтай бақа ыршып кірді! Майдагүл жамылып, жайбарақат бесікте жатқан Түйме қыз, бесігімен үстел үстінен бір-ақ шықты.
- Ұлыма қалыңдық табылды! – деп бақа, қызды жаңғақ бесігімен бірге алды да терезеден баққа бір-ақ ырғып шығып кетті.
Бақты жағалап үлкен өзен ағып жататын; жағасы қапас та, жабысқақ балшық еді; осындағы балдыр арасында бақа ұлымен тұратын. Ища-ай! Бақаның баласы да шешесінен аумаған жиіркенішті еді!
- Ба-аақ, ба-аақ! – деп бақылдауды ғана білетін ол, жаңғақ бесіктегі титтей қызды көргенде де айтқаны сол болды.
- Тыныш! Оянып кетсе, бізден қашып кетер, - деп ойбай салды кемпір бақа. – Қыз аққудың мамығынан да жеңіл екен! Оны өзен ортасына жалпақ жапыраққа жайғастырайық - бұл дегенің титтей қыз үшін аралмен бірдей, ол бұдан қашып кете алмас, біз ұямызды жинастырғанша. Онда екеуің енді талай өмір кешерсіңдер, ұлым!
Өзенде су бетіне жапырағы жайылған көкорай шалғын өсетін. Ең үлкен жапырақ жағадан шалғай еді, кемпір бақа қызды бесігімен өзеннің ортасындағы әлгі жапыраққа жайғастырды.
Бейшара Түйме ертеңгісін оянды да, қайда жатқанын білген қыз жылап жіберді: айналасы қоршаған су, жағаға шығу мүмкін емес еді!
Ал кәрі бақа болса, балдырдағы үйін қамыс–құрақпен әлеміштеп жатқан – жас келінді жаңа отауға кіргізу қамы еді бұл! Ол сиықсыз ұлын ертіп, жылап отырған Түйме қыз жайғасқан жапыраққа келді. Кәрі бақа қыздың бесік-кереуетін қалыңдықтың болашақ жатынжайына әкету үшін келген-ді. Кәрі бақа қыздан төмен, су бетінде отырды да, былай деді:
- Мынау – менің ұлым, сенің болашақ күйеуің! Екеуің әлі біздің балдыр ауылымызда жарасып-ақ кетесіңдер.
- Ба-аақ, ба-аақ! – деп бақылдады ұлы.
Олар кереуетшені үйлеріне алды да кетті, ал қыз жасыл жапырақ үстінде жападан жалғыз қалып, өксіп-өксіп жылады, - ол жиіркенішті кәрі бақа үйіне барғысы келмеді, сиықсыз ұлына күйеуге шығуға, тіпті, қарсы еді.
Су астындағы шабақтар, кәрі бақаны ұлымен бірге көріп, оның әңгімесін де естіп қалды, тіпті, олар титтей қалыңдықты көру үшін су бетіне бастарын да шығарып қарады. Олар үшін Түйме қыздың кәрі бақаның балдырына тұру сондай аянышты көрінді. Олай болуы мүмкін емес! - десті олар. Шабақтар жалпақ жапырақ тіреулі құрақ сабағының бойын айнала жиналды да, оны тістерімен кеміре бастады; сабақтан босаған жапырақ ағыспен алысқа аға жөнелді … Енді бақаға Түймені қуып жету мүмкін болмады!
Осылайша Түйме қыз көгалды жағаны бойлап жапырақпен жүзе берді, оны көрген кішкене құстар оған арнайы ән шырқап, былайша тамсанды:
- Қандай титтей әсем қыз!
Түйме мінген жапырақ ағыспен қалқып отырып, ақыры бақалар батпағынан ұзап кетті.
Қызды айналшықтап бір әдемі көбелек ұшып жүрді де, оның жапырағына қона кетті – Түйме қыз оған сонша ұнап қалған-ды! Қыз оған есі кете қуанды: жексұрын бақа көрінбейді, айнала болса, сондай көркем суреттей еді! Су бетіне түскен күн бейнесі алтын түсті! Түйме қыз белдігін шешіп, бір шетін көбелекке орап, екінші шетін жапыраққа байлап еді, қайығы онан сайын жылдам жүзді.
Таяу маңда қанқоңыз ұшып жүрген, ол қызды көрді де, белінен қапсыра құшақтап, ағашқа қарай алды да ұша жөнелді, ал жапыраққа байлаулы көбелек ағып кете барды.
Қоңыздың құшағында кеткен қыздың есі шыға қорықты! Ол бәрінен бұрын жапыраққа байлаулы өзенде қалған көбелекті аяды, ол бейшара одан босамаса, босқа өледі ғой! Ал, қанқоңыз оның бірін де сезер емес.
Ол Түймені алып барып ең үлкен жапыраққа қонып, қызды тәтті гүл сөлімен тамақтандырды да, оған қанқоңызға ұқсамаса да, керемет сұлулығын айтып мақтауға көшті.
Көп ұзамай оларға әлгі ағашта тұратын өзге де еркек қанқоңыздар келе бастады. Олар қызды бастан аяқ көріп тамсанса, бойжеткен қоңыздар да мұртшаларын жыбырлатып:
- Мынаның аяғы екеу-ақ екен! Қарауға аянышты ғой!
- Мынада мұртша жоқ қой!
- Белі сондай нәзік екен! Туһ! Адам секілді ғой өзі! Сондай көріксіз! – деп шуласты қоңыз бикештер.
Түйме қыз сондай сүйкімді болатын! Мұны әкеткен қанқоңызға да басында ол ұнамаған, ал қоңыздар оны сиықсыз деп жабыла жамандағанда, ол қызды одан әрі ұстағысы келмеді – қайда барса, онда барсын. Өзінің сондай сиықсыздығын, қоңыздардың да өзін қалдырғысы келмейтінін айтып, қыз да жылай бастады! Ал шындығында, ол сондай ару жаралған жан еді: нәзік, раушанның шешегіндей аяулы еді.
Сөйтіп, жалғыз қалған Түйме орманда жаз бойы өмір сүрді. Ол өзіне кереуетше өріп алды да, оны үлкен жапырақ астына орналастырды – оған жаңбыр суы тимес еді. Түйме қыз тәтті гүл тозаңымен қоректеніп, жапыраққа қонған таңғы шықты ішіп жүрді.
Осылайша, жаз да, күз де өтіп, қаһарлы қыс келді. Шырқауық құстар жылы жаққа кетіп, шөп пен гүл біткен қурады. Мұнымен бірге астында Түйме қыз тұрған жалпақ жапырақ та қурап, ширатылып қалды. Түйме қыз болса, салқыннан өлердей тоңатын болды: оның көйлегі тозып, өзі суыққа төзбестей нәзік жан болатын! Қар жауды, оған тиген әрбір қар ұшқыны күрек толы қардай еді! Ол құрғақ жапырақ оранып көріп еді, жапырақ жылытпады, суықтан қалшылдаған қыз жапырақша дірілдеді.
Қыз тұрған орман маңында егіні жиналған алқап болатын, тоңды жерден қураған егін сабақтары сояудай шошайып тұрды. Түйме қыз үшін бұлар да ормандай көрінді! Бейшара қыз суықтан қалай құтыларын білмеді! Сөйтіп жүріп ол саршұнақтың ініне тап болды. Есігі құрғақ шөп–шаламмен жабылған тесік екен. Саршұнақ жылы–жұмсақта тұрып жатқан–ды: барлық қамбасы астыққа толы; асханасы мен қоймасы жинаған қоректен жарылардай еді! Түйме қыз қайыршыдай қолын созып, бір уыс арпа сұрады – ол екі күн бойы нәр татпаған–ды!
- Бейшара! – деді саршұнақ: ол негізінде қайырымды кемпір тышқан еді. – Кір де жылын, менімен бірге тамақтан!
Қыз қарияға ұнап қалды да, ол былай деді:
- Сен менімен бірге қыстап шығуыңа болады, тек менің бөлмелерімді жинап, маған ертегі айтсаң болғаны – мен сондай ертекшілмін.
Түйме де бұған келісе кетті, саршұнақтың бұйрығын орындап, жақсы тұрып жатты.
- Бізге қонақ келеді, - деді бірде саршұнақ. – Менің көршім әдетте маған аптасына бір соғып кетеді. Ол менен де бай тұрады: оның бөлмелері сондай кең, ал оның кигені - керемет мақпал тон. Егер сен соған күйеуге шықсаң ғой! Сен тамаша өмір кешер едің! Оның кемшілігі сол - көрсоқырлығында; бірақ оған қызықты ертегі айтсаң болғаны.
Бірақ қыз бұл әңгімеге көңіл бөлмеді: ол саршұнақтың көршісіне күйеуге шыққысы келмеді – ол көртышқан еді. Бірде ол шынында да саршұнаққа қонаққа келді. Үстінде қара мақпал тоны, өзі бай да білімді көрінді; саршұнақтың айтуынша, оның үй–жайы бұдан жиырма есе кең, бірақ көртышқан күн көзін де, жайнаған гүлдерді де жаратпады – ол тіпті, өмірінде жарық дүниені көрмеген екен. Қызға ән шырқауға тура келді де, ол «Ұша бер, қанқоңыз» және «Көгал кезген тақуа» деген екі ән айтты. «Көгал кезген тақуа» әнін көртышқанның жақтырғаны сондай, ол Түйме қызды ұнатып қалды. Бірақ ол тіс жарып ештеңе айта қоймады – көртышқан өзінше маңғаз да кербез мырза болатын.
Көп ұзамай көртышқан өз үйінен саршұнақтың қақпасына дейін ұзын да кең дәліз қазып шықты да, тышқан мен қызға емін–еркін серуенге жол ашты. Көртышқан көршілерінен дәлізде жатқан құс өлімтігінен қорықпауды ғана өтінді. Ол кәдімгі қауырсын мен тұмсығы бар құс екен, жуырда өлсе керек, көртышқан оны қыс түскенде дәліз қазылар маңға көмген екен.
Көртышқан дәлізді жарық ету үшін ағаш шіріндісін алып шығып, кәдімгі майшамдай жарық қылып жүрді. Олар құс өлімтігіне жеткенде, әлгі шіріндіні дәліз төбесіне түйреп тесіп еді, ішке жарық сау етті. Дәліздің қақ ортасында қарлығаштың өлігі жатты; әдемі қанаттары денесіне жабысып, аяқтары мен басы қауырсыннан көрінбейді; бейшара құс суыққа тоңып өлсе керек. Қыз оны қатты аяп кетті, ол жаз бойы ән шырқайтын бұл құстарды жақсы көруші еді; көртышқан алды да мықыр аяғымен құс өлігін түртіп қалып:
- Олақ болсаң, ысқырғаннан не пайда! Бейшара болып тусаң, ақырың осы! Жаратқанға шүкір, менің балаларым енді бұдан қорықпайды! Құс болып, шырылдағаннан не бітуші еді - қыста қатып өлесің де теңкиіп жатасың!
- Дұрыс айтасың, көрші, бұның неткен ақыл еді! –деді саршұнақ. – Бос шырылдан не пайда! Ол қыста жылу мен қорек бола ма? Әрине, болмайды!
Түйме қыз үндей қоймады, көршілер құс өлігіне теріс қарағанда, қауырсынды ысырып, өліктің жұмулы көзінен сүйіп алды. «Мүмкін сен, былтыр жаздағы шырқаған құс боларсың! – деп ойлады қыз. – сонда сен маған қандай шаттық сыйладың, әнші құс!»
Көртышқан тесікті бітеп, бикелерді шығарып салды. Қыз түнімен ұйықтай алмады. Ол төсегінен тұрды да, құрғақ шөп–шаламнан үлкен алаша тоқыды. Алашаға құс өлігін орады да, саршұнақтың қалған-құтқан мамығын алып, жылы жатсын деп өлікке айнала жауып шықты.
- Қош бол, қадырлы құс, - деді Түйме. – Қош бол! Ағаштары жап–жасыл, күн шуақты жаз бойы маған шырқаған әндерің үшін саған рахмет!
Сөйтті де, ол құстың кеудесіне басын тигізіп еді, шошып кетті – бірдеңе дүрсіл қақты. Бұл құстың жүрегі болып шықты: ол өлмеген екен, тек қана суық өтіп есінен танған, бойына жылу тарағасын, ес жия бастағаны екен. Әдетте қарлығаштар күзде жылы жаққа кетеді, егер кешігіп суыққа ұрынса, осылай сіресіп қалады да, есінен танып құлап түседі, сосын оны қар басып қалады.
Қыз қорыққаннан қалтырап кетті – қанша дегенмен қарлығаш Түймемен салыстырғанда алып көрінді, - қыз қорқынышын басып, құс денесін қымтай түсті, жүгіріп барып, өзі жамылып, мыж–мыжы шыққан жапырақты әкеліп құстың басына орады.
Келесі түні де Түйме жай басып қарлығашқа келді. Құс бейшараның жаны кіріп қалған екен, дегенмен қызға көзін әлсірей ашып қарады – оның қолында шірінді шам ғана болатын.
- Саған алғысым шексіз, қайырымды қыз! – деді науқас қарлығаш. – Менің бойым жылынды. Көп ұзамай мен сауығармын да көкке самғармын.
- Қазыр күн суық, қар жауып тұр! – деді қыз, - Жылы жерде бола тұр, мен сені бағамын.
Түйме гүл шешегіне құйып құсқа су әкелді. Құс қанып ішті де, қызға тікенді бұтаққа қанатын қалай жарақаттап алып, басқа құстармен бірге жылы жаққа кете алмағанын, жерге қалай құлап түскенін айтып берді... Одан әрі ол не болғанын, мұнда қалай жеткенін білмеді.
Қарлығаш қыстап шықты, Түйме оны бағып-қақты. Бұл жөнінде саршұнақ та, көртышқан да білмеді – олардың құсты жаратпайтыны белгілі ғой.
Көктем келіп, күн шуағы айналаны қыздырғанда, қарлығаш қызбен қоштасты, Түйме оған көртышқан тескен тесікті ашып берді.
Күн шуағы тесіктен сау етті, қарлығаш қыздан бірге кетуге қалай қарайтынын сұрады, - құстың арқасына отырып алса, олар жап-жасыл орманға бір-ақ жетер еді! Бірақ Түйме саршұнақты тастап кеткісі келмеді, - тышқан әжей сонша қамығар еді.
- Жоқ, болмас! – деді қыз қарлығашқа.
- Ендеше қош, қайырымды Түйме! – деді де қарлығаш ұшып ала жөнелді.
Түйме оның соңынан көз жасы сорғалап қала берді, - ол бейшара құсқа бауыр басып қалған-ды.
- Шыр-рр, шыр-рр! – деді де қарлығаш құс жасыл орманға сіңіп жоқ болды.
Қызға көңілсіз күндер басталды. Оған тіпті, күн көзіне шығуға да рұқсат болмады, егін алқабының масақтары жайқалды, бейшара титімдей қызға ол ну ормандай көрінді. – Жазда саған жасау әзірлеу керек! – деді саршұнақ кемпір оған.
Сөйтсе, мақпал тонды томсырайған көрші бұған құда түсіп қойған екен.- сенің жасауың барынша дәулетті болғаны мақұл, көртышқан байға күйеуге шыққасын ештеңеге де тарықпайсың!
Сөйтіп, қыз күндіз бой көрсетпейтін болды, ал саршұнақ кемпір төрт өрмекшіні жалдап, күні–түні мата тоқытты.
Күн сайын кешқұрым көртышқан саршұнаққа келіп, жуырда жаз бітіп, күннің ыстығы басылатынын көпірумен болды,- бұған саршұнақ кекіреюмен жүрді – күзге қарай некетой болмақ. Қыз болса, бұған қуана қоймады: оған жалықтырғыш көртышқан ұнамады. Күн сайын таң атарда және күн батарда Түйме қыз тышқан інінен басын сыртқа шығарып қарап жүрді; кейде жел тұрып, масақтарды ырғағанда оның көк аспанға көзі түсіп қалатын. «Қандай жарық, еркін өмір қандай жақсы еді!» - деп ойлап ол қарлығашты еске алатын болды; ол құсты көруге ынтықты, бірақ ол көріне қоймады: шамасы ол алыстағы жасыл орманда болар!
Күзге қарай Түйменің барлық жасауы әзір болды.
- Бір айдан соң - некетой! – деді саршұнақ кемпір.
Түйме бұған жылап жіберді де, бұйығы көртышқанға тұрмысқа шыққысы келмейтінін айтты.
- Сандалама! - деді саршұнақ кемпір. – Қиқарланба, қыршып алармын – көрдің ғой, менің өткір тістерімді? Сенің күйеуің керемет болады. Тіпті, патшаханымның өзінде де оның үстіндегідей мақпал тон жоқ! Ал, қоймасы қамбаға толы! Мұндай күйеу табылғанына шүкір ет!
Ақыры некетой болар күн де келді. Көртышқан қалыңдығына келді. Енді қызға көртышқанның жер астындағы інін отау етіп, күн көзін көрмей өмір сүру керек, - өйткені, көртышқан күн сәулесін жек көреді! Ал, бейшара Түймеге жарықпен мәңгі қоштасу сондай ауыр еді! Саршұнақпен бірге ол анда-санда болса да, жер бетіне шығып тұратын.
Тағдырына көнген Түйме қыз күн көзін соңғы рет көруге аттанды. Егін жиналып, қураған дән сабақтары ғана сорайып қалған. Қыз іннен алысырақ кетіп, күнге қолын соза:
- Қош, жарық күн, қош бол! – деді.
Сосын ол титімдей ғана қолымен жақын маңда өсіп тұрған кішкене қызыл гүлді құшып былай деді:
- Менің атымнан сүйкімді қарлығашқа иіліп сәлем ет, көрсең!
- Шыр-рр, шыр-рр! – деді кенет төбесінен бір құс.
Түйме қыз басын көтерсе, қарлығаш екен. Қарлығаш та қызды көре сала қуанып кетті, қыз болса жылап жіберіп, өзінің жексұрын көртышқанға күйеуге шыққысы келмейтінін, күн сәулесі түспейтін жер астында өмір сүргісі келмейтінін айтып шағынды.
- Қыс та келіп қалды, - деді қарлығаш, - мен болсам, алысқа жылы өлкеге кетем. Менімен сол жаққа ұшқың келе ме? Сен менің арқама отырып, белбеумен мықтап бекініп ал. Сосын біз жексұрын көртышқаннан көк теңіздің арғы жағына, күн сәулесі мол, әрқашан да жаз орныққан әрі гүлдері жайқалған жылы жаққа ұшып құтыламыз! Кеттік, қайырымды Түйме! Мен қыста суықтан өлердей болғанда құтқардың ғой сен.
- Жарайды, мен сенімен ұшайын! – деді де Түйме қыз, құс арқасына жайғасты да, аяқтарын қос қанатқа тіреп, өзін белбеумен үлкен қауырсынға мықтап таңып тастады.
Қарлығаш атылған жебедей зулады, ну орманның да, көк теңіздердің де, қар басқан биік таулардың да үстінен ұшты.Салқын жел тоңдырғасын, Түйме қарлығаштың жылы мамығына оранып алды да, басын ғана шығарып айналаның әсем көрінісін қызықтап отырды.
Ақыры жылы өлкеге де жетті! Мұнда күн сәулесі мол түсіп, аспан биігірек көрінді, арықты жағалай жүзімнің жасылы да, қарасы самсап өсіп тұр. Бақтарда лимон, апелсин пісіп қалған, жұпар да ашымақ иіс аңқып тұр. Жол бойы балақандар ала шұбар көбелектерді қуалап жүр. Қарлығаш болса, одан әрі ұша берді, ұша берді, барған сайын тамаша көрініс ұлғая түсті. Көгілдір әсем көлдің жағасындағы жасыл бұйра ағаштар ортасында ескі аппақ мәрмәр сарай тұр. Жүзімнің шағыры оның биік бағаналарын жағалап өрмелей өсіпті. Ал, шатыр астында қарлығаш ұялары соғылыпты. Солардың бірінде Түймені әкелген қарлығаш та тұратын.
- Міне, менің үйім! – деді қарлығаш. – Ал, енді сен төмендегі бір әдемі гүлді таңда, мен соған сені түсірем, сен енді керемет өмір кешетін боласың!
- Мен сондай қуаныштымын! – деп айқай салды титімдей қыз, алақандарын шапаттап.
Төменде мәрмәрдің ірі кесектері жатыр, - бұл бағанның бірінен түсіп үшке бөлінген еді де, олардың арасына ірі ақ гүлдер өсіп шыққан екен. Қарлығаш төмендеді де, гүлдің жалпақ шешегіне отырғызды. Керемет! Әлгі гүлдің шұңғылында біреу отыр, өзі аппақ та, мөлдір шыны секілді. Басында алтын тәж жарқырап, иықтарынан жылтыраған қанатшалар көрінеді, ол Түймеден ірі емес еді.
Бұл үлп еді. Әрбір гүлде үлп болады, ербала не қызбала, ал Түймемен қатар отырған үлптердің патшасы болатын.
- Қандай көркем жігіт! – деп сыбырлады Түйме қарлығашқа.
Титімдей патша қарлығашты көріп шошып кетті. Өзі кішкентай ғана болғасын, оған құс аждаһадай көрінді. Бірақ ол Түймені көріп қуанып кетті. Ол өмірінде мұндай ару қызды көрмеген еді! Ол жалма жан өзінің тәжін шешті де, Түйменің басына кигізіп, оның есімін сұрады. Тіпті, өзіне тұрмысқа шығып, үлптердің патшаханымы болуға, гүлдердің ханшасы болуға қалай қарайтынын сұрап үлгерді. Ал, саған күйеу керек болса! Бұны бақаның ұлы мен мақпал тонды көртышқанмен теңестіруге болмас. Қыз бірден келісімін берді. Сол кезде әрбір гүлден бір ербала, бір қызбала – үлптер шыға бастады, сондай ғажап дерсің! Олардың барлығы да Түймеге сыйлық беріп жатты. Сыйлықтың ең жақсысы шегірткенің мөп–мөлдір үлпілдеген жұп қанаты болды. Қанаттарды Түйменің арқасына орнатып берді, енді ол да гүлден гүлге ұшып–қонып, үлпілдейтін болды! Түйменің қуанышында шек жоқ! Қарлығаш болса, жоғарыдағы ұясында отырып, барынша әнге басты. Бірақ оған сонша көңілсіз еді: ол да титімдей қызға бауыр басып қалып, одан айырылғысы келмеді.
- Енді сенің есімің Түйме болмайды! - деді патша үлп. – Бұл есім саған сай емес! Біз сені Майгүл деп атаймыз!
- Қош, қош! – деп шыр–шыр етті де қарлығаш бұл жолы жылы жақтан шалғайдағы Данияға жөнелді. Ол жақта оның кішкене ғана ұясы бар еді, ол ұя ертегі айтқыш бір адамның үйінің терезесінің маңдайына соғылған. Қарлығаш барып соған өзінің «Шыр-рр, шыр-рр» әнін шырқаса керек, ал біз болсақ, осы оқиғаны әлгі адамның ауызынан естігенбіз.

НАҒЫЗ ПАТШАЙЫМ

(Әлемшырмаққа алғаш жол тартқан тұңғыш бала блоггеріміз - Меруертке арнаймын)
Х. АНДЕРСЕН

ЕРТЕГІ

Ерте, ерте, ертеде бір патшазада болыпты да, ол нағыз патшайымға үйленгісі келіпті. Патшазада әлемді шарлап, қанша іздесе де, қалаған қалыңдық таба алмады. Әрине, патшайыммын дегендер жетеді, бірақ, олардың қайсысы нағыз, мәселе сонда еді. Сөйтіп, ол үйіне көңілі қалаған нағыз патшайымды таппастан, қапаланып оралыпты.
Бір күні ауа райы бұзылып, найзағай ойнап, күн күркіреді, жаңбыр шелектеп құйды десе болады; дүние астан–кестең еді!
Кенет қала қақпасын біреу қағып, кіргісі келетінін білдірді, кәрі патша қақпаны ашуға беттеді.
Қақпаны ашса, бір патшайым тұр. Ойпырым-ай, сол сәттегі оның түрін көрсең! Оның шашы мен көйлегінен сорғалаған су кебісіне құйылып, одан өкшесінен тамшылап жатты. Ал, қыз болса, өзін нағыз патшайыммын деуден танбады!
«Сенің нағыз кім екеніңді білерміз, бәлем!» - деп ойлады да кәрі патшаханым, ештеңе деместен, жатынжайға кіріп кетті. Ол барды да, төсектің бәрін сыпырып тастап, төсекағашқа бір түйір бұршақ дәнін қойды; дәннің үстінен жиырма шақты жай көрпе төсеп, оның үстінен тағы да жиырма мамық көрпе салды.
Осылайша, қызды түнгісін әлгі төсекке жатқызды.
Ертеңгісін қыздан қалай ұйықтап шыққанын сұрады.
- Сұрамаңыз! – деді патшайым. – Көзім ілінсе – бұйырмасын! Төсектің астында не жатқанын, кім білсін! Әйтеуір, бірдеңенің етіме батқаны сондай, денемнің көгермеген жері қалмады! Масқара!
Қыздың нағыз патшайым екеніне жұрттың көзі жетті! Өйткені, ол қырық көрпе астындағы түйір дәнді сезді – мұншалықты аса бапқой келетін тек қана нағыз патшайым еді.
Патшазада қызға үйленді. Бұл қыздың нағыз патшайым екеніне оның көзі әбден жеткен еді! Ал бұршақ дәнін сол күні–ақ құмыраға жөнелткен; егер оны біреу ұрлап кетпесе, әлі де сонда болар.
Сенсең де, сенбесең де осылай болған!

понедельник, 6 августа 2007 г.

«МЕМТІЛ» ОЙЫНЫ

немесе ұлт тағдырымен жасырынбақ ойнау

Сырт көзге бір қарағанда биліктің мемлекеттік тілге деген көзқарасы шұғыл өзгеріп, елбасшының Қазақстан халықтары ассамблеясының 12-сессиясында сөйлеген сөзі осы бағыттағы саясаттың күрт өзгеру көрінісі десек, үлкен кәтеге ұрынамыз. Өйткені, әлгі сессия ел саясатын күрт өзгертуге апаратындай соншалықты ықпалды саяси немесе қоғамдық құрылым емес, Бұл – Қазақстанның ұлттық саясаты ылғый да жүрдім-бардым, тиянақсыз шешіліп жүргендігінің тағы бір көрінісі. Әйтпесе, мұндай мәселе, Қауыпсыздық Кеңесінде болмаса Парламенттің біріккен отырысында неге қаралмайды немесе Президенттің жылсайынғы халыққа жолдауында неге басты көрініс таппайды? Бар мәселе, елдің басты проблемаларының осылайша тайғанақ жағдайда шешім қабылдануында. Мұндайды басқа елде «ұлт тағдырымен жасырынбақ ойнау» деп бағалар еді.
Қалай болғанда да Қазақстанда қалыптасқан жағдайға қарап, бұған да шүкір дейміз, оның болмауы да,тіпті, керісінше, шешімнің қабылдануы да бек мүмкін...
Алайда, елбасшының жоғарыдағы тарихи бастамасын заңды да, пәрменді дей алмаймыз, оның үстіне ол ықпалды құжат болып табылмайды. Тіпті, іргелі бастама болған күннің өзінде елдегі тіл саясаты соншалықты түбірлі өзгеріске түсіп жатқан жоқ, жай ғана сылап-сыйпау мен бірдеңе істегенсу болып табылады. Қысқасы, елдің алдына енді «Мемтіл» аталатын жаңа ойын тасталып отырғандай. Бұл ойын елбасшының әлгі сөзін талғажау етіп, әржерлерде отырыстарды қоздатумен және іске өмірі аспайтын әрі қадағаланбайтын пәрменсіз іс-шараларды желбіретуге арналған. Бәлкім, Айталы Амангелді ақсақалдың тіл жөніндегі қыйсылына мен үкіметке сенбеймін деуі содан да шығар. Егер бұл ойын болмай, байсалды мемлекеттік саясат болғанда мына жайттар өзінің қыйсынды нәтижесін берген болар еді:
- отыздан аса Мәжіліс депутатының 2006 жылғы ұсынысы бойынша Конституциялық кеңеске елдегі басты ресми тілді атамай отырғандығы;
- «Мемлекеттік тіл» туралы заңжобаның қаралмауы;
- Мемлекеттік органдардағы жүргізілмекші әкімшілік реформасының өзегі ретінде олардың мемлекеттік тілді мойындауы мен білу талабының қойыла бастамауы;
- Мемлекеттік тіл ахуалының нақты көрінісін бағамдау үшін барлық сала бойынша тілдік мониторинг жасала бастамауы;
- Тілдерді дамытуға бөлініп отырған екі миллиард ақшаның бюджетке Көктен түскендей болмай, алдын ала негізделген жобаларға бөлінбеуі;
- бұған дейінгі бөлінген қаржылардың тиімділігінің қаралмауы;
- Мемлекеттік тілді дамытудағы басты бағыттардың анықталмауы;
- Тіл комитеті мен департаменттердегі біліксіз де кездейсоқ басшылардың кетірілмеуі және бұл салаға конкурс арқылы ең жақсы жобалар мен бағдарлама ұсынған адамдардың іріктелмеуі;
- Білім беру саласындағы тіл мен мемлекеттік тілді енгізу және дамыту саласының ара жігін ажыратып, құзырдың айырылып сәйкес органдарға бөлінбеуі;
- Елдегі тіркелген бес мың ақпарат құралының қазақ тіліндегісінің бар-жоғы 8-9 пайыз екендігіне талдау жасап, сәйкес шешімнің қабылданбауы;
- Шетелдік БАҚ-ға Қазақстан заңдарына сәйкес талаптың қойылмауы;
- Қазақтілді БАҚ-ды дамыту бағдарламасының жасалмауы;
- «Жарнама туралы заңда» тіл саясатының көрініс таппай отыруы;
- Халықты мемлекеттік тілдегі ақпаратпен қамту мәселесінің арнайы қаралмауы т.с.с.
Бір тіксінтетін жайт, биік лауазымдағы орыстілділердің телеэкран алдында «шпаргалканы» оқып тұрып, қазақ халқын әумесер көруге жаппай әуестігі! Бұрын бұл жағынан Ертісбаев лидер болса, енді бұл топты Премьер бастайтын сыңайы бар. Мұнымен қоймай, енді қазақ тілін шала сөйлейтін, бұрын түсімізде көрмеген, телевизиялық біліктілікті игермеген қазақ емес жастар экран алдындағы жаңалықшылар қатарына оңай қосыла қалды. Ал, бұл оған бес жыл бойы оқыған қазақтілді қазақтардың қолы жетпей жүрген армандары емес пе?! Тағы бір шыжық, Қазақстанның Конституциясын тікелей бұзуды енді мемлекеттік органдардың өздері президенттің әлгі сөзіне сілтеме жасау арқылы, ұйымдарындағы іс-шараға айналдыруда: ол – мекемелердегі қазақ тілін игерген қазақ еместерге бөле-жара сыйақы беру мәселесі. Сөйтіп, мемлекеттік ұйымдар ел азаматтарын ұлттық жіктеуді көзбе көз іске асыра бастады. Мұндағы мақсат – қазақтілді қазақтарды қайткенде де мемлекет басқаруға жеткізбей, жұлынын қыйу екені көрініп тұр. Сонда Шелектегі ұйғыр отандасымыздың «Жер – сіздікі, билік – біздікі!» дегені бекер айтылмаған болып шыққаны ма?! Сірә оның жауапқа тартылмай отыруы да осының шындығында болар... Тіпті, кәзір кейбір қазақтардың әзіл-шыны аралас болса да, құжаттағы ұлтын өзгертіп жазу мәселесін де айта бастағаны өтірік емес. Кім біледі, бұл да Қытайда болып өткен «Мәдени сілкіністің» қазақы нұсқасы болар.

Әңгімені көпке созбасақ, талай жылдар бойы айтылып келе жатқан осы мәселелердің пәрменді де тиянақты шешімін таппауы, кәзіргі тіл саясатының әншейін ойын екендігіне еріксіз сендіреді. Алда-жалда бұлар қолға алынып жатса, біздің елдің де етегін жабуға шынымен де ес жыйғаны болар деп түйер едік. Бірақ, Амангелді ақсақалдың айтқаны болып жүрмесін...

БАСПАНА - БІТЕУ ЖАРА

Алматыда баспаналық бітеу жараға айналған “Шаңырақ”, “Бақай” секілді атауларға астаналық “Қоянды” қосылатын түрі бар. Халқымыздың тарихында “Қоянды” атауы әйгілі жәрмеңкеге қатысты болса, бүгінде астанамызға таяу жерге “оралман” атауын арқалап, отанына азып-тозып жеткен қандастарымызға қатысты болуда.
2004 жылғы тамызда Көші-қон агеттігінің сол кездегі басшысы Алтыншаш Жағанова мен Астана қаласы әкімінің орынбасары Төлеген Мұхамеджанов бастап, оларды Нұх Оразхан мен Қайрат Солтанбай бастаған бірнеше оралмандар нөкері қостап, болашақ іргелі ауылдың қазығы қағылады, ақсарбас айтылып, садақа беріледі, той жасалады, жорналшылар арқылы жамағатқа жар салынады, қысқасы, оралмандарға үй салуға жер бөліктері теліне бастайды. Сөйтіп, сол жылы 8 үй бой көтеріп, Қояндының қысын қыстайды. Аталмыш мәселе бойынша оралмандардың мүддесін қорғап, баспасөз мәслихатын өткізген “Азаматтық қоғам” қорының қызметкерлері Зәуреш Батталова, Бауыржан Шақарбекұлы, қояндылық оралмандар тобының мүшелері – Алуайұлы Бақыт пен Ақатұлы Қапардың айтуларына қарағанда, мәселенің шешіміне тиек болған аталмыш екі мемлекеттік ұлық болғанмен, басты ұйымдастырушы “Жаңа қадам” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұх Оразханұлы көрінеді. Тағдырлас жанұялардың әрқайсысынан мыңдаған теңгені телімделген жер ақысы ретінде жинаған Нұх (ауызың пайғамбар дей жаздайды екен) мәселені аяғына жеткізбей, құжатталмаған жер телімдерін қоянша шұбырған оралмандардың Қояндыға жиналған 655 отбасына шүленше таратыпты, бірақ, жинаған қаржының не құжаты жоқ, не есебі жоқ. Бір қызығы, бастаған істерін қадағаламастан, сиырқұйымшақтанған мәселені шешпестен, Астаналық әкімнің композитор орынбасары мен “оралмандану” үдерісінің бас бұйдасын ұстаған Алтыншаш тәтей өздерінің сол кездегі лауазымдарын өзгесіне айырбастағалы да біраз жылдың жүзі болды. Олар неге екені белгісіз, үй салуға бөлінген жердің құжатталу керектігінен хабарсыз болған ба, әлде, оны атқартуға тиісті органдарды таба алмағаны ма болмаса Қоянды жерінің Ақмола облысы Целиноград ауданына қарасты екенінен хабарсыз болғаны ма, әйтеуір, өздері бастаған істі шешілдіге санап, 2007 жылғы 5-мамырдағы аталмыш ауданның ұлықтары келіп “Жерлерің заңсыз, күреп тастаймыз!” дегенше, қаннен қаперсіз жүре беріпті. Айтпақшы, былтыр мамырдың 15-де Төкең бастаған алты депутат, облыс әкімінің орынбасары Отаров қостаған ауыл-аудан әкімдері мен Көші-қон комитетінің орынбасары, Астана қаласы көші-қон департаментінің бастығы екінші рет келіп, “Үйлеріңді алаңсыз сала беріңдер, заңдастырып береміз, тек жоба бойынша болсын” деп тағы да той-томалақтатса керек.
Әйтсе де, осы екі арадағы уақыт ішінде, ыждағатты қандастарымыз 81 үй, 114 уақытша үйшік қалап, 210 үйлік іргетас құйып үлгерген. Бұған мемлекет бөлген квоталық соманың кеткені және рас. Сөйтіп, Астананың Қарағандыға шығар жолының бойындағы бүйірінен орын тепкен, отансырап келген ағайынның жағдайы тұйыққа тірелгелі біршама уақыт болып, ал елдегі заңға орай мүлікті заңдастыратын уақыттың бітуіне 1 айдан сәл асатын мерзім қалды. Олардың бармаған босағасы, қақпаған есігі қалмаған. Ақыры, мәселе ұшығып, Целиноград аудандық әкімшілігі тарапынан төнген қауіпке ұлғая бастағасын, өз ара құқықтық қорғану тобын құрып, “Азаматтық қоғам” қорына келіп ақылдасуға мәжбүр болған. Аталмыш қордың астаналық жетекшісі З.Батталова бастаған қоғамдық комиссия құрылып, аудан басшылығының есігін басқаша қағуды қолға ала бастапты. Соған орай, әкімдіктегі бұған дейін өзгеше сайраған шенділер шекелерін қасып, жер телімдерін заңдандыруды қолға алуға кірісетіндей жай байқатыпты. Алайда, ауызы күйген қояндылықтар, Конституция белгілеген өздерінің наразылық еріктерін пикет арқылы бой көрсетумен, саяси ұстанымдарын бекітуді ұйғаруда. Сөйтіп, отанға оралып, Қояндыға орын тепкен қазақтар 3 шілдеде пикетке, 8 шілдеде митингке шығуға әкімдікке өтініш түсірсе, аудан әкімі ол өтінішті орындауды аудандық мәслихат хатшысына жүктепті де, өзіне тиесілі міндетті өзгеге ысыра салып, мәселеден басын ала қашыпты.
Шынтуайтына келгенде, Қояндыдағы оралған қазақтардың жайын қорыта келе, аталмыш сала бойынша атқару билігінің өз міндетін жоғары деңгейде де, төменгі ауқымда да атқара алмай, жұртты қор қылып отырғанына көз жетеді. Бұл жайт билікті сауатсыздық пен дәрменсіздік жайлағандай әсер қалдырады. Әйтпесе, үш жыл бойы үш мыңнан аса адамды өркениеті өркендеген 21-ғасырда, экономикасы өрлеген Қазақстандағы қаңырап жатқан қара жерді бөлуге заңнан бап таба алмай қаңғыртып, құзырдың құтын қашырардай қандай қара басып еді?! Бар мәселе, сол биліктің қалай жасақталуында емес пе екен?

ЖЫЛ МЕН ЖЫЛСАНАҚТЫҢ ӘУРЕСІ

Сырт көзге байқала бермейтін мәдени шаралардың соңғы жылдары жаһандану үрдісіне байланысты маңызы мен өзектілігі артып отыр. Тіпті, ұлттық мерекелердің өзі ұлттық идея мен идеологияның негізін құрауда. Мәселен, көпке белгілі жаңа жыл мейрамының өзі әр құрлықта, әр елде әр алуан тойланғанымен, сайып келгенде осы мерекеге байланысты сол мемлекеттерге тән саясаттың негізі көрініс беріп жатады. Алайда, жер бетінде жаңа жылды екі сипатта екі дүркін атап өтетін елдер саны көп емес, оған Кіндік Азиялық жаңа тәуелсіз мемлекеттерді ғана жатқызуға болар. Соның ішінде біздің ел де бар.
Жалпы, жаңа жыл Ресейдің өзінде де ұлттық мереке деңгейіне Кеңес саясатының арқасында ие болды, оған дейін Жаңа жыл мерекесі Иса пайғамбардың туылу рәсімімен ғана шектеліп келгені рас. Діни мерекеден халықты қашырып, орнын жасанды мейрамдармен толықтырған Кеңес өкіметі белгілі бір нәтижеге қол жеткізді: орыс халқы үшін Жаңа жылды тойлау Рождестводан гөрі маңызды әрі қызықты элементтерге, идеяларға толықты. Оның есесіне орыстық дәстүр ретінде қабылданып, соған сәйкес салттар орын алып, сіңіскен (Дед мороз, Снегурочка) көріністер менмұндалайды. Тіпті, құттықтау сөздердің өзі де әбден орныққаны сондай, «(Поздравляю) С новым годом!» деген бір-ақ сөз арқылы жылы тілек өзге тілдерге тікелей қабылданатын болды. Осыдан барып, қазақ тілінің сөйлем құрауына жат болса да, кәзірде «Жаңа жылмен!», «Жаңа жылыңызбен!» дейтін нақұрыс құттықтаулар елдің бүкіл көшелерін жаулауда. Жұқпалы мұндай сөз тіркесі енді қазақы мерекелерге де тән бола бастады, мысалы, «Құрбан айттарыңызбен!» деген құттықтау да тілдік қорымызға дендеуде. Бұл өзге идеологиялық көріністің өзге сананы жаулау көрінісінің бірі ғана.
Әрине, қазақ халқы Кеңес өкіметіне дейін жылды қарсы алу мерекесін өзінің дәстүріне сай жүргізіп келгені мәлім. Соған сәйкес қазақ халқының ұғымында жылдың ескіріп-жаңаруы соншалықты идеологиялық мәнге ие болып көрген емес, оның үстіне қазақы түсінікте жылдың ескіруінен гөрі оның қартаюы мен туу үрдісі көрініс тапқан ұғым бар.Мұны қазақтың «жаңа» мен «ескі» сөздерін кірістірмей, «Жыл құтты болсын!» дейтін ғана құттықтауынан көреміз. Демек, қазақ ұғымында жыл ескіретін жансыз нәрсе емес, қартаятын және туылатын (келетін) жанды нысан түрінде қабылданған. Мұның астарында жаңа нәрсенің жаңа рухани күшке (кие, аура) ие болу қабілетін меңзеу бар. Әрине, мұның барлығы да Наурыз мерекесінің бойына жыйнаған үрдісі еді.
Жаңа жыл мерекесінен қазақы мән табу үшін оның ұлттық қалыбына назар аударған жөн. Қазырғы кезде елдегі мемлекеттік мерекелер тізімінде екі бірдей жаңа жылдық мейрамдау күнінің енгізілуі ұлттық сананы да сарсаңға салуда. Жоғарыда айтқанымыздай, мемлекеттік мерекелердің ұлттық идеологияның көрінісі екенін ескерсек, біздің идеологиямыз да әлі күнге біртұтастана алмай отырғаны рас. Дегенмен, екі жаңа жылға екі түрлі көзқарастың қалыптасып, соған сәйкес оларды тойлау да сол деңгейде жүріп жатқандығы көз алдымызда.Жаңа жылға қатысты жасалатын мемлекеттік шаралардан бастап, оған бөлінетін мемлекеттік ұйымдардағы жұмсалатын шығындарды Наурызға бөлінетін қаржымен салыстыру мүмкін емес. Әрине, бұл шығынның бәрі өз халқымыздың игілігіне арналып жатқанымен, мерекенің тұжырымдамасын нысанаға алсақ, ол шығындар шын мәнінде жат идеологияны санаға сіңіруге жұмсалуда ғана емес, өзге идеологияны да қаржыландырып жатқандай әсер бар. Мәселен, еліміздегі Жаңа жылға арналған құтпарақтардың (аткрыйтка) 90 пайызы Ресейден келетінін ескерсек, солтұстық көршіміздің құтпарақ шығару өндірісіне қаншалықты инвестор болып отырғанымызды осыдан-ақ аңғаруға болар. Ал, бұған жаңажылдық мерекенің барлық атрибуттары мен керек-жарағын қосыңызшы, көз алдыңызға мерекелік индустрия еріксіз елестейді. Соған қарамастан кәзіргі жаңажылдық басты атрибут саналатын шыршаның (ёлка, ель) орыс тіліндегі нұсқасының өзі о бастағы түркілік «йол», яғни аспандағы темірқазықты айнала қозғалатын жұлдыздар жолы дегенді білдіретін рәсімі мен «жыл» сөзінің ежелгі нұсқасы «йыл» сөздерінен туындағанын, тіпті, «хоровод» рәсімінің өзі де ежелгі түркілердің жылдың өзгеруіне орай аспан тойын мерекелеуден алынғандығы несіне дәлелденуі керек. Ал, сыйлық үлестіргіш «аяз ата» түркілердің ежелгі Қыдыр ата ұғымының негізі емес пе?
«Мерекенің көп болғаны жақсы ғой» деген енжар пікірдің халықты қаншалықты идеологиялық қармаққа түсірудің басы болса, ел экономикасын да соншалықты мұсалдат етуге үлес қосатыны рас. Енді бір ай бойы жаңажылдық индустрияның әр алуан экономикалық-идеологиялық шаралары жүретіні мен Наурыз мерекесі үшін бір ай бойы көже ішумен, қарүй тігумен ғана шектелетін әрекетімізді салыстырайықшы: осының өзі-ақ төл мерекеміздің қаншалықты солғын тарту себебін анықтап тұр. Бұған жаңа жыл қарсаңында басталатын барлық жыл қорыту шаралары мен марапаттарды қосыңыз, ал Наурызда мұның бірі болмағандықтан оның қандай қадыры қалмақ! Тіпті, әкімдердің жұрт алдындағы есебіне дейін қаңтарда басталады, телеарналар бағдарламаларын жылсанақтың өзгеру күніне тірейді.
Осының бәрін ескере келіп, тіпті, «жаңа жыл» ұғымының өзі атына сай еместігіне мән беретін уақыт келді. Біздің «жаңа жыл» атап, екі күн бойы ұлттық мереке ретінде тойлап жүрген қаңтардың алғашқы күндері шын мәнінде жыл жаңаратын күн емес, бар болғаны жылсанақтың басы (начало летосчисление) ғана, яғни соған сәйкес 1-қаңтарға жылсанақ күні деген мәртебе берілсе, жетіп жатыр. Ал жаңа жыл қазақ халқының есебі мен түсінігі бойынша наурыз айында келетіні рас. Тіпті, 1-қаңтардан бастап, ит жылын кетіріп, доңыз жылын келтіруіміз қалай, өзі? Ондай есеп пен түсінік орыс халқының өзінде де жоқ. Оның үстіне Рождествоны бөлек тойлайтынымыз және бар емес пе?! Бұған исламша жаңа жыл тойлаудың да қылтия бастағанын қосайық!?
Ендеше, мемлекеттік мерекелеріміздің ұлттық идеологияның басты көріністері екенін ескеріп, оларға жаңаша көзқараспен қарайтын сәт келген секілді.

«АЛДАСПАН» ЖАЙЛЫ БІРЕР СӨЗ

немесе жас баскерлерге* тарихи дәріс
ЭССЕ

АҢДАТУ
Қазіргі демократиялық қоғам қазақы ұғыммен айтқанда, үш жүзден (сектордан) тұрады: мемлекеттік, коммерциялық және қоғамдық жүздер.
Қазіргі кезде «үкіметтік емес ұйымдар», «коммерциялық емес ұйымдар» деген сыңайдағы атауларға ұшыраған қоғамдық бірлестіктер туралы мемлекеттік тілде сөз арнай бастайтын уақыт жетті. Әсіресе, жастар ұйымдарының тақырыпқа талғажау болуы өзекті болып отыр. Өйткені, елдегі соңғы кездегі саяси үрдістің қалыңдауына байланысты жас ұрпақты қоғамдық-саяси науқанға тарту ерікті де, еріксіз де сипат алып отырғаны аян. Жастарымыз, қоғамдағы саяси субъект болғаннан гөрі «тегін қосалқының» (бесплатное предложение) ролін атқара бастады. Қазақстанда 300-ге тарта жастар ұйымы болғанмен, солардың бір де бірі қазырғы заманның Ғани Мұратбаевын баскер ретінде шығара алмауда. Бұған басты себеп, жастарға қоғамның қолбаласы деп қараудан туындайтын көзқарас орныққандықтан. Бір де бір партияның «жастар қанаты» шын мәнінде қиял мен істі самғата алмауда. Қысқасы, жастардың ерікті ұйымдарының пайда болуына мүмкіндік жасайтын уақыт туды. Ол үшін ең бастысы – жастардың өздерінің бастамашылдық қабілетін ұштай білуі қажет. Бұл жолда осы мақалаға өзек болып отырған өткен ғасырдың 90-жылдары Ақтөбе облысында пайда болып, қоғамдық ортадан өз орнын алған «Алдаспан» ұйымы жайындағы естелік, қазырғы жас баскерлерімізді ойға қалдырар деген мақсатпен жариялап отырмыз.
Өкінішке орай, қазақ тарихшылары жаңаша тарихты (новейшая история) зерделеп үлгере алмауда. Соның бір дәлелі - ХХ ғасырдың 90-жылдары құрылған ұйымдардың тарихын әлі күнге халқымыздың тарихы ретінде қарамауы, жаза алмауы.Содан да болар, қазырғы пайда болып жатқан қоғамдық бірлестіктер бұрынғы тарихқа қарап зерделеуге мүмкіндігі болмағандықтан, бұрынғы қатені қайталауда, «балалық аурудан» арыла алмауда. Сол себепті де бірінші жақтан баяндалса да, тарихшы болмасақ та, тарих жасақтаушы субъектінің бір бөлшегі ретінде осы жолдарды риясыз жариялап отырмыз, кем-кетігімізді оқырман кешірер.
Ақтөбе облысындағы қоғамдық ұйымдар көшін бастағанымен, қазіргі ұрпаққа беймәлімдене бастаған «Алдаспан» бірлестігі туралы жастарға мәлімет беру қисынды болар еді. Бұл қисынға соңғы кездері еліміздегі жастар арасында қоғамдық-саяси жағынан жаппай ояныс бола бастағанын да қосқан жөн. Аға ұрпақтың осындайда жас буынға қамшы салдырмай-ақ жол көрсеткені жөн болар деген оймен осы мақаланы қазіргі қоғамтанушы жастарға арнағанды міндет қылдық.
Оның үстіне Ақтөбеде, тіпті Қазақстан бойынша тұңғыш құрылған қоғамдық ұйымдар қатарынан саналатын «Алдаспан» бірлестігінің ең әуелі жастардың пікірталас клубы түрінде дүниеге келгеніне 2005 ж 24 қаңтарда 15 жыл толған-ды.
Серік Әбдірешұлы - «Алдаспан» бірлестігінің негізін салушылардың бірі.


* Баскер - лидер

«Алдаспанның» Үнгісі (девизі) : Өз тағдырымызға - өзіміз қожайынбыз!

«Алдаспанның» Ұраны:
Елім үшін жігерді тауға сүйреп,
Халық үшін басымды тасқа ұрам.
Қазақ үшін жанымды көрге сүйреп,
Қажет болса, өзімді басқа қылам!


Рухани - пассионарлық қуат – отаншылдықтың көзі.
Қазіргі кездегі қоғамдық-әлеуметтік салалардың түрлісін қамтыған қоғамдық ұйымдардың бастауында 20-ғасырдың 90-жылдарында ұлттық мүддені нысана еткен ұйымдар құрыла бастаған болатын. Әдетте мұндай құбылысқа қоғамдағы болып жатқан түрленулер ықпал етпей қоймаушы еді. Сол себепті де еліміздің батыс аймағындағы Маңғыстау облысында Жаңаөзен оқиғасының дүмпуімен «Парасат» қоғамы дүниеге келсе, Ақтөбеде 1990 жылғы қаңтарда «Алдаспан» пікірталас клубы құрылған болатын.
«Алдаспан» ұйымы туралы аз-кем жаза отырып, қазіргі жастарға үлгі боларлық және қитұрқысы мол қоғамның қатпарына үңілуге ой сала кетейік.
Қалғыған ұлттық рухты оятатын да, оны қажетті арнаға бұратын да бойына ұлттық жігер жинаған, азаматтық пассионарлық қуаты кеудесін керген құлшынымпаз (энтузиаст) адамдар. Олар өзіне тиісті пайданы өзгеге, халыққа, ұлтқа деп қана өмірді оздырады. Мұндайлар өздеріне бар болғаны ұлттық рухтың биіктегенінен рахат табумен шектеліп, тіпті, абырой да, жалған өмірдің азды-көпті табысына да қарық болмаған күйі өтуі ғажап емес. Осылайша ондайлардың өмірлік мұраты да, тағдыры да солай қалыптасады.
Ақтөбеде 1990 жылы 24 қаңтарда сағат 18-де алғашқы жиналысы өткен кішкентай ғана «Алдаспан» клубы құрылғанда, оны құрушыларды ұлттық рухтың субъектісі болар деп ойламақ түгілі, «жік шықты, екі аяғы тік шықты» деп қудалауға салғандар да болған еді. Бірақ, бойды буған жастықтың бұла күші ме, әлде Жаратқаниеден даритын ұлттық рухани қуат па, 25-35 арасындағы жас қыз-жігіттердің сағын ешкім де, ештеңе де сындыра алмады. Олар Ақтөбені қойып, нағыз алдаспандай жарқырап, Алматыдағы интеллигенттердің ауызына түсті. Клуб бірлестік болды, оның арты Азаматтық «Азат» қозғалысына ұласты. Бұл топ қазақ халқының тәуелсіздігі жолындағы күресте алдыңғы сапта болып, ақыл-ойымен де, ұйымдастырғыш қабілетімен де ерекшеленді. Бұларға тиісті назар, құрмет, тағылған өңірдек болмаса да, күш-жігерлері талмастан, дауыстары қарлықпастан, жүректері қаймықпастан әлі келеді. Олар қазір ересек саясат жүргізуге, ел басқаруға бейім болса да, бір кездері Ақтөбе қалалық кеңесіндегі 24 депутаттық орынның үштен бірін иеленсе де, шектен шығып, билікке өліп-өшпесе де, одан қағажу көрсе де халық үшін бой көрсетулерін қояр емес. Бәлкім, ұлттық мүддені мақсат еткен күштердің тарихи сыбағасы да осымен шектелер, кім білсін...

ХХ ғасырдың 90-жылдарының басындағы
Қазақстандағы саяси ауан.

Қазақстанның тәуелсіздік алуы қарсаңында саяси партиялар мен қозғалыстардан гөрі қазір бейүкіметтік немесе үкіметтік емес деп аталып жүрген ұйымдар көп болушы еді. Оларға сол кездегі қызыл импреиялық жүйе «неформальдар» деп айдар тағып, сол кезгі қоғамның көзтүрткісіне айналдыруға тырысатын-ды. Ал, сол кездегі Қазақстан жағдайында саяси қозғалыстардан гөрі, мұндай ұйымдардың көтірек бой көрсетуі, қазақ халқының сол кездегі саяси хал-ахуалының саясатқа әлі де болса жетіле қоймағандығын білдіретін жайт еді. Сол себепті де, Балтық бойы мен Кавказ елдерінде, Украина мен Беларуста саяси ұлттық майдандар құрылып жатқанда, біздегі жұрт ең әуелі «Қазақ тілі» қоғамы құрылып, ұлттық тілдің мәртебесі жөніндегі майданға кірісумен шектелген-ді. Күн тәртібіне ұлттық тәуелсіздіктің орнына тіл мәселесін қойған бұл жағдай - сол кездегі Қазақстандағы ұлтшыл саяси ауанның әлжуаздығын білдіретін көрініс-ті.

Ақтөбедегі алғашқы қоғамдық ұйымдар.
Дей тұрсақ та, Қазақстан бойынша қоғамдық белсенім тудырған екі бағыттағы қозғалысты атаған жөн, олар: қазақтілді азаматтар үшін «Қазақ тілі» қоғамының құрылуы болса, халықтың қалған бөлігі үшін қоғамдық түрткі болған «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының дүниеге келуі болатын.
Ақтөбе облысы бойынша «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының бөлімшесі болып құрылған «Жем» антиядролық тобын аймақтағы алғашқы қоғамдық құрылым ретінде атауға болады, дегенмен бұл топ өз дауысын экологиялық салада шығара алғанмен, облыстағы экологиялық ахуалдың басқа өңірлеріне қарағандағы шиеленісі бәсең болуына орай, кейіннен бұл топты құрушылар қазақ тілінің мүддесін қорғауға ойысқан болатын.
Өз уақытында Қазақстанның тәуелсіздігі жолындағы ағымға Ақтөбе өңірі де өзіне тән қоғамдық - саяси ұйымдарымен үлес қосты. Бұл облыста ең алғашқы қоғамдық күрес көшін екі бағыттағы топ бастаған болатын: олар - қоғамдық-саяси-мәдени «Алдаспан» бірлестігі мен Ақтөбе қаласының демократиялық күштер одағы (ДКО) .
«Алдаспанды» жас қазақтілді ұлттық-патриоттар құрса, ал ДКО-ны демократиялық көңіл-күйдегі номенклатуралық интеллигенция жасақтап, оның басында көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Марат Турдыбекұлы Оспанов тұрған болатын.
Бірақ бүгінгі әңгіме «Алдаспан» жөнінде болғандықтан, қазіргі жас ұрпаққа қоғамдық секторда қызмет етпес бұрын қандай дағды керек деген сауалға жауап бере кетсек деген мақсат бар.

Қоғамдық мәселе - ұйымның құрылуына түрткі
Кез келген қоғамдық ұйым құрыларда оған қоғамдық мәселе түрткі болып құрылады, егер ондай жағдай болмаса, ресми тіркелген ұйым қағаз жүзінде қалып, тарих әлгі шала-жансар «шарананы» елеместен жерлеп тастай беретіні бар.
Қазақстанда ұлттық сана болмысы қарапайым ғана қазақ тілінің қоғамнан шеттелілуіне қарсы жан ашуы негізінде бой көтерді. Бұл жайт Прибалтика, Кавказда, Украина мен тіпті, Өзбекстанда саяси шаруа Одақтан бөлінуге сайығанда миыққа күлкі үйіретін жағдай еді. Қысқасы, біздегі саяси басты талап о баста Қазақстанның егемендігі емес, әуелі қазақ тілінің мәртебесі туралы басталған болатын. Сөйтіп, қазақы қоғам саяси мәселенің себебінен емес, салдарынан бастаған еді. Ал, шын мәнінде себепке бас салуға ұлттық дәрмен сәйкес емес болатын. Бұл көрініс – қазақ халқының басқа одақтас республика ұлттарынан гөрі еселеп езілгендігінің салдары-тын. Сөйтіп, Қазақстанда осындай «тілдік ағым» толқынында біршама ұлттық саясатшылар саяси сахнаға шықты.
Осы жолдардың авторы да солардың қатарында саясатшы болып қалыптасқан еді. Жас саясатшы ретінде ол кезде мен жан жағыма барлаудан бастадым. Алдымен Ақтөбедегі, әсіресе, Алматыдағы белгілі зиялы азаматтармен қатынасқа түстім. Сөйтіп, елде «Қазақ тілі» қоғамын құру сөзден іске айнала бастады.

Қоғамдық ұйым құрудағы алғашқы сатылар
1989 жылы қазанда болған Алматыдағы Тіл білімі институтының Ғарифолла Әнесов пен Аманғос Мектепов секілді бірқатар жас қызметкерлерінің ұсынысымен «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайына мен де барған болатынмын. Бірақ, барлық областардағыдай құрылтайдың ақтөбелік делегациясы да сол кездегі билік тұтқасы болып табылатын Компартияның облыстық комитетінің тікелей қатысуымен іріктелген еді. Қысқасы, бұған дейін өзімді неформаль ретінде көрсетіп алғандықтан мен әлгі ресми делегаттар тізіміне енбей қалдым. Оған қарамастан мені құрылтай ұйымдастырушылар Алматыға қояр да қоймай шақырған еді. Өйткені, сол кезде әлгі «Қазақ тілі» қоғамына билік пен тіл жанкүйерлерінің көзге көрінбейтін таласы жүріп жатқан-ды. Себебі, аталмыш ұйымға қазақтілді ортаның ықпалды күштері қосылып, билікке біршама нұқсан келтіретін сыңайы байқалды. Сол себептен, сол кездегі билік оның алдын алып, аталмыш ұйымның құрылуына тікелей атсалысу арқылы оны бақылауға немесе ауыздықтауға тырысты.
Осылайша, қоғамдық ұйымның құрылтайын өткізу мен оған делегаттарды сайлауды сол кездегі биліктің тұтқасы Компартия өзі атқарған еді де, оны облыстарда обкомдар жүзеге асырды. Мен обкомның ешбір көз қырындағы адам болмағандықтан, компартиялық делегаттардай емес, жол шығынымды көтеретін өзімнен басқа ешкім жоқ еді. Дегенмен, сол кездегі жұмыс орным «Актюбнефтегазгеология» өндірістік бірлестігінің кәсіподақ басшысынан жол қаражатымды шығартып алып, обкомдық делегаттармен мен де Алматыға ұшатын самғауырға (ол кезде ұшу билеті ұмытпасам 46 сом/рубль) отырған едім.
«Алматы» мейманханасында делегаттардың барлығына алдын ала орын алынып қойылған екен. Ұйымдастырушылардың өздері шақырғасын мен де өзімнің орналасуыма күдіктенген жоқпын. Сөйтіп, кезегіммен қонақ үй әкімшілігіне таяй бергенімде, обкомның идеология жөніндегі бөлімінің орынбасары болып жүрген қандас ағамыз бөлім бастығы орынтағындағы Плотников деген орыс ағайға сыбыр ете қалды. Мен оның «мына жігіт біздің тізімде жоқ, ол - неформаль» дегенін қиындықсыз естідім. Сөйткен бойда менің тізімде жоқтығымды бөлім бастығы қонақ әкімшісі орнындағы тікбақай орыс әйеліне құшырлана айтты. Әлгі әйел маған бүгінгі түнді «Алматы» мейманханасында өткізуге дәмеленбей-ақ қоюым керектігін кескінімен де, кесіп айтқан сөзімен де жеткізді. Мұның бәрін бақылап тұрған Идош (Асқаров – «Актөбе» газеті бас редакторының сол кездегі 1-орынбасары) маған өз бөлмесіне жүріп түнеп шығуды ұсынды, бірақ мен рахметімді айтып шығып кеттім. Сөйтіп, Анатіл үшін күрестің алғашқы түнін сол кездегі астанамыздың күзгі көшесінде өткеруге тура келді. Ертеңіне, әрине, мені ешбір қиындықсыз Тіл білімі институтының жігіттері сол қонақ үйге орналастырды, алайда кеудеде өз Отаныңда тұрып, жігерді құм етіп кемсіткен түнгі жайт өмір бойына өз тыртығын қалдырды. Бұл – 1989 жылдың қазан айы болатын. Біле білсек, бұл менің басымдағы емес, ұлт басындағы өз тілі мен еліне ие бола алмау көрінісі еді. Мен оны жас та болса жүрекшер ретінде қабылдадым. Бұл - менің өз халқым үшін ұмтылыс жолындағы алғашқы жеген таяғым болғанмен, қоғамдық күрмеуді шешуге итермелеген бірден бір түрткі болатын.
Келесі күні ертеңгісін М.Әуезов атындағы драма театр ғимаратында «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайы басталып, оған Республиканың түкпірінен жиналған «шөпті бүлдіретіндердің» барлығы бас қосып еді. Бір қызығы құрылтайдың алғашқы бірнеше сағаты қоғамды қалай атаймыз деген төңіректегі көкезу айтысқа айналып, шықпай қойды. Оны жүргізіп отырған Компартияның 3-хатшысы марқұм Ө.Жәнібеков те, идеология бөлімінің басшысы М.Жолдасбеков те жалығып кеткендігі көзге көрініп тұрды. Құрылтайдың алғашқы күні осылайша нәтижесіз құрғақ сөзбен бітті. Сөйлеушілердің барлығы да атақ-даңқтары зор зиялы қауым өкілдері болса да, бір тоқтамға келіп, бір-біріне ғана емес, ең болмаса сөзге қонақ берсейші, шіркіндер! Жоқ! Сөзден ешкімге дес бермей, қазақ тілі «гүл болмаса пұл болсын» дегендей өздерін ғана көрсетіп қалумен өршеленген атақтылардың дым көрмегендей әрекеттері адамның жүрегін айнытты. Мен бұдан аға буын мен зиялы қауымның саяси қимыл мен іргелі істерге дайын еместігін түсіндім. Ұлттық мүддеден гөрі көкіректерін өзімшілдік шелі қаптағандарға айтарымды айтып жөніме кеткім келді. Солай істеудің сәті де түсті. Қонақ үйге келіп, түнгі екіге дейін екі беттік хат дайындап, ертең Құрылтайдың төралқасына беруге бекіндім. Ертеңіне хатымды залдан төрге жүгіртіп жібердім. Хат әуелі Жәнібековке барды, ол аздап оқи бастады да, қасындағы Жолдасбековке бере салды. Мырзатай ағамыз хатқа шұқшиды да қалды, соңын ала келе басын шайқап, Өзбекәлі ағаға қайтып берді. Сөйтіп, сол бойда маған сөз берілді. Бұл - менің халық үшін әрекеттегі алғашқы жеңісім болатын. Өйткені, ығай мен сығайлардың ортасын қақ айырып бұлайша сөз алу мүмкін де емес-тұғын. Әрине, сөздің қадірін білетін Мырзатай мен Өзбекәлілер болмаса, кім білсін, не боларын.
Сөйтіп, мен өмірімде ең алғаш рет ұлы мінбеге шығып, алдын ала жазылып дайындалмаған баяндамасыз сөйлеп шығуға тура келді. Сөзімнің басты барысы кешеден болып жатқан нәтижесіз тәжікелесу жақсы істің басы емес екендігі болды. Сөз соңында мұндай қоғамның нәтижелі іс атқаратынына күмәнім барлығын жасырмадым. Сөйтіп, сөз берген ағаларға мың алғысымды айтып, шығып кеттім. Сол кезде кездейсоқ менімен пікірлес бір азаматпен жолыға кеттім, бақсам, суретші-мүсінші Бақытжан Әділов екен. Ол мына құрылтайдан ештеңе шықпайтындығын айтып, маған қазір «Невада-Семей» қозғалысының митингісі болып жатқандығын және соған баруға шақырды - мен құп алдым.

Жекедара талпыныс пен көпшіліктің қолдауы
Алматыдан оралған соң бұдан әрі не істеу керектігін көп ойландым. Ақыры жас ұрпақ болып тың ұйым құру қажеттігіне іштей тоқталдым, бірақ ешкімге ашпадым. Содан «Ақтөбе» газетіндегі Идош ағамыз арқылы 1-бетке ««Қазақ тілі» қоғамы жанынан қазақ тіліндегі пікірталас клубы ашылмақ. Соған мүше болушылар шақырылады» деген хабарламаны басып жібердім. Бұл бір жағынан тәуекелдік шара болатын. Өйткені, мұндай әрекет «Қазақ тілі» қоғамының басшылығымен келісілген шаруа емес және олардың келісім бермейтініне де сенімді едім. Сондықтан да осындай тәуекел әрекетке бару қажет болды. «Қазақ тілі» қоғамының атауы маған алғашқы адамдарды жинап алуға ғана керек еді, одан арғысы өзіміздің шаруа болатын. Әрине, әлгі хабарландыруды бастырған Идош ағамыз кішкентай ғана қол ұшын беруі арқылы қандай тарихи ұйымның дүниеге келуіне түрткі болғанын бүгін ғана саралап отырмын.
Сөйтіп, 1990 жылдың 24 қаңтары күні кешкі сағат 18-де сол кездегі басты саясат үйі болып табылатын Облыстық саяси-ағарту үйінің ғимаратына 50-ге тарта адам жиналды. Оның 30-дайы студенттер мен оқытушылар да, қалғаны тіл жанашырлары мен «Қазақ тілінің» белсенділері болатын. Жиналысты өзім шақырғасын өзіме ашуға тура келді. Бұл да менің ең алғашқы көпшілікпен жасаған әрекеттерімнің басы болатын. Дегенмен, ойымды, толық та түсінікті етіп жеткізіп, жиналған қауымнан қолдау күттім. Бірақ қолдау емес, ең бірінші тұқырту басталды. Сол кездегі қалалық «Қазақ тілі» қоғамының басшылығы өре түрегеліп, мені бар кінәмен айыптап, өздері тайып тұрғанымен қоймай, жұртшылыққа да тараңдар деген бұйрық тасталды. Ең алғашқы рухани қолдауды азаматтан емес, азаматшадан алдым. Ол - Күләш Ибрагимова деген қарапайым ұстаз апай болатын. Апай сөз алды да, бастан аяқ идеяны мақұлдап, жұртшылықты қолдауға шақырды. Осылайша, менің ішкі есебім дұрыс болып шықты - түптің түбінде «шөпбүлдіргіштер» емес, қарапайым көпшілік қолдауға тиіс болатын. Содан кейін сөз алған Сұлтанбек Ташкенбаев, Айтқали Италиев, Мұхамедияр Аманғалиев, Қаңтарбаева Нұрсұлу, Кемелбаев Болатбек, Дүйсенбина Әсима және бір топ студенттерді ертіп келген Абат Пангереев, Оңдасын Оразалиндер (соңғысы – қазір Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары) мен жағында қалды да барды. Сөйтіп, отырыстың келесі бөлігі толықтай менің қарауымда болып, көпшілік ұсынысымды түгелдей қолдап, «Алдаспан» атты пікірталас клубы дүниеге келген еді. Клубтың атауының өзі де оның құрылған күніне дейін іштей ойластырылған шаруа болатын. Алдаспан - көшпенділердің өткір қынсыз қылышы, яғни қандай жағдайға да даяр қаруы болған, біз оны сол кезде жүріп жатқан Қайта құру саясатының қаруы, керітартпалықты қиып түстетін алмас қылышы деп түсіндірдік. Бірақ, ұйымға қарудың атауын алу да сол кездегі түсінік бойынша қабылдана қояр шаруа емес еді. Бір қызығы, клубтың алғашқы күні қаншама қарсылықтар болса да, Алматыда өткен «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайынан анағұрлым нәтижелі болды. Клубтың нағыз жақтаушылары қиын-қыстауда туылды, атауы бекіді, кімнің кім екендігі көзге түсті. Бұл бейүкіметтік ұйым құру кезінде болатын алғашқы саты еді және менің қоғамдық баскер (лидер) ретіндегі тұңғыш дүниеге келуім болатын. Осылайша бастапқы сатылардан сүрінбей өттік. Ал, табиғи түрде туылған «Алдаспанның» ұстанымы «Қазақ тілінікінен» гөрі барынша айқын және жалтақсыз өмірдің өзінен өзі туындап жатты.

Туу бар да, өсу бар
Туылған клубты одан әрі дамыту оны құрғаннан да қиын екен. Өйткені, бізді ресми обком қолдаған жоқ, оның қолдағаны - «Қазақ тілі» болды. Сөйтіп, біздің алдымызда әрбір әрекетке сай тактика құрып іске асырудан басқа амал жоқ еді. Біз әуелі, тұрақты жиналатын орынды шештік. Ол саяси -ағарту үйінің сол кездегі меңгерушісі Нұртаза Абдоллаев ағамыз қанша жиналсақ та бір бөлмені біз үшін даярлап қойды. Қазақ осындайда «Жауда да бір үйің болсын» дегенін айтса керек. Үлкен ұрпақ туралы бір қырын пікіріміз осы жерге келгенде ыңғайсыз болып шықты, өйткені, аға буынның барлығы бірдей бізге қарсы шығып, аяқтан шалған жоқ. Нұртаза, Идош сияқты ағаларымыз қажет деген жерде демеп жіберіп, жігерімізді жанып отырды, жастарға содан басқа ештеңенің де керегі болмайтын, қалғанының барлығы өздерінің бойларынан табылуға тиіс екен. Сөйтіп, басында аптасына бір рет жиналатын біз, бас қосуды жиілеттік, өйткені, ұлт мүддесін ашық қорғауға тиіс, бізден басқа күш болмаған еді. Біз болсақ, жастық максималистігімізден болар, ұлттық мүддеге қатысты бар шаруаны өз міндетіміз деп түсініп шапқылай бердік. Бұл шапқылау құрғақ емес, өз жемісін бере бастады. Бізге ақтөбелік зиялы қауым мойын бұрып, беделіміз арта бастады. Осылайша 1990 жылы түкірігі жерге түспей тұрған КСРО-ның облыстық саяси-ағарту үйінің жанына екі бірдей киіз үйді бір біріне тіркестіре тігіп, 22 наурыз күні қалада алғаш рет ұлттық ірі шара жасап, наурыз көже үлестіріп, жақтастарымызды молайта түстік. Бұл - біздің қала деңгейіндегі өзімізді ресми органдарға мойындатқан алғашқы қадамымыз болатын. Осылайша «Алдаспан» даңқы Ақтөбені қойып, Алматыға да жетіп жатты. Астанадағы зиялы қауым мен лауазымды адамдардан туралай сәлемдеме қабылдайтын күйге жеттік. Солардың бірі сол кездегі Білім министрі Шаяхметов пен жазушы Қалтай Мұхаметжанов ағалар еді. Біздің өз күшімізге сенімімізді бұл жайттар нығайта түсті.

Қоғамдық ықпал мен шешуші сәт
Клуб өз жұмысын пікірталас сипатынан саяси ықпал етуге кеңейте бастады, өйткені басқаша мәселе шешу мүмкін болмады. Мәселен, қазақ ата-аналар бізге балабақ, мектеп ашу мәселесімен көптеп келетінді шығарды. Ал, біз оларды кері қайтаруға тиіс емес едік, өйткені, бірден бір ұлттық мүддені жақтаушы күш ретінде олай істеу бізге жараспайтын. Әрине, ондай адамдарды «Қазақ тілі» қоғамына сілтеп қарап отыруға да болатын. Алайда, біз өзімізді арқа тұтқан адамдардан бас тартуға жүрексіндік, санымыз бен сапамызды молайтқымыз келді. Осындай ұстанымның арқасында қатарымызға Естай Жайлыбаев, Сейілхан Мұстафин, Көшкінбай Ахметов, Оразова Ақжелең, Қуаныш Қарабалаев, Шерәлі Бәймбетов, Оразбай Жұматов, Кәрімхан Қиқымбаев, Сәбит Сүлейменов, Сатанова Таңсұлу, Нысанбаева Ғалия, Тілеубаева Ботагөз т.б. қосылып жатты. Біздің ықпалымыздан қаладағы ұлттық мәселелер ресми түрде амалсыз шешілуге жата бастады, тіпті, ондай шараларға бізді кірістіріп, басы-қасында жүруге шақыру жергілікті басшылық деңгейіндегі дәстүрге айнала бастап еді. Мәселен, «Қазақ тілі» қоғамының облыстық құрылтайында алдын ала залдың әр жеріне орналасып алған «алдаспандықтар» Колбиннің кадры болып табылатын Ақтөбе облыстық компартия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Котуновты қыспаққа алып, Ақтөбеде республика бойынша ең тұңғыш қоғамдық «Тілтағдыр» газетін шығаруға келісім алғанбыз. Сол кезде аталмыш газетті тіркеуге обкомның қиналғаны есімізде, өйткені, ол кезде мұндай қоғамдық газет шығарудың заңдылығы облыста атымен болмаған. Әрине, ол газет обкомның тікелей бақылауында болғанымен, оның басы-қасында бізге ниеттес Қуаныш Тектіғұлов сияқты азаматтар барын салып жалақысыз еңбек етті. Кейін әлгі қысымға шыдамаған обкомның 3-хатшысы Котунов келген жағына кері қайтты, да оның орнына бізбен ниеттес Асылан Мусин (қазіргі Атырау облысының әкімі) сайланды. Осылайша, Ақтөбе облыстық компартия комитетінің идеология жөніндегі жаңа хатшымен арамыз жақындай түсті.
Біздің, әсіресе, намысымызға батқаны, қалада қазақтар тұрғындардың төрттен бірін құраса да, жалғыз 21-орта мектеп пен аралас 6-мектептің болуы еді. Ақыры қазақтілді балабақ пен мектеп ашу мәселесіне білекті сыбанып кірістік. Әсіресе, ата-аналардың өздерін оятып, олардың тізімін жасақтап, қала басшылығына жеткізудің өзі, одан әрі әлгі ата-аналардың үмітін нақты нәтижеге айналдыру қиямет те, қыруар шаруа еді. Біз соның бәрін қызығып жүріп кірістік, өйткені, жастық көңіл содан ғана ләззат тауып, жігерге жігер қоса алды.
Осылайша, пікірталас сипатынан гөрі әр алуан мәселе қарау әрекетіне ұласқан клуб жұмысы бір күні қаланы шулатқан бір мәселені шешуіне тура келді. Ол - аралас 6- мектеп жайы еді. Мектеп директоры Зура Ықсанғалиқызы апамыз сырттай біздің клубтың жақтасы болатын және өз мектебін өңкей қазақшаға аударуға құмартты. Бұл жайт облыстағы сол кездегі шовинистік көзқарастағы білім беру басқармасының бірқатар басшылығына ұнамаса керек, Зура апайды зейнетке шығарып жіберіп, тіпті, әлгі мектепті толықтай орысшаға аудару әңгімесі шыға бастаған. Сөйтіп, Зура апайдың хабарламасы бойынша, клубтың бір күнгі отырысын осы мектепке арнауға тура келді. Бұл - 1990 жылдың қыркүйек айының басы еді.
Клуб өз күн тәртібін аса мұқиятпен бекітіп, ашық та мәдениетті пікірталас күйінде талқылау жүргізіп, ашық дауыс берумен шешетін. Қысқасы, өз ара біршама айтыс-тартыстан соң, сол кездегі облыстық кеңес төрағасы Золотарев мырза атына ультиматум түріндегі ашық хатымызды жөнелтуді шештік. Онда, егер де 6 - мектеп таза қазақ тіліндегі оқытуға көшпесе, саяси шараға баратынымызды ескертіп, уақыт бердік. Бұл шешім бізге оңайлықпен келген жоқ, өз ішімізде қорқа соқтаған мүшелеріміз де болды және одан қандай нәтиже болмақ деген орынды сауалдар жан жақты талқыға түсті. Бірақ бізде басқаша қару да, мүмкіндік те жоқ болатын. Бұл саяси қадам біздің клубты бірден жоғары деңгейлі саяси сатыға көтерді. Өйткені, «алдаспандықтармен» ойнауға болмайтынын бұған дейінгі әрекеттерімізден түсінген облыс басшылығы бізді аталмыш мәселені шешу жобаларымен таныстырудан ұялған жоқ, ал біз оған мүдделі тарап ретінде өз ұстанымымызды сақтай отырып, бірге шешістік. Сөйтіп, осы шараның нәтижесі ретінде облыстық білім беру басқармасы бастығының орынтағы қазақ азаматқа тиді. Ол - қазіргі Ақтөбе облысының әкімі Елеусін Сағындықов болатын. Ал, 6-мектеп жайы өзінен өзі шешілді. Зура апай болса, одан кейін бірнеше жыл директор болып, «Елім-ай» авторлық бағдарламасын енгізіп, абыройлы зейнетке шықты. Білім беру саласындағы бұл өзгеріс Ақтөбедегі ұлттық білім беру мәселесін шешудегі түбегейлі бетбұрыс болды. Өйткені, бір кезде жалғыз қазақ орта мектебі бар Ақтөбе қаласында қазір 60-қа жуық мектептің жартысынан астамы қазақтілді білім ошағы болып отыр.

Клубтан бірлестікке
Бұл нәтиже «Алдаспан» клубының одан әрі мәртебесін кеңейтуі керектігіне тіреді. Сөйтіп, 1990 жылдың қазан айында республика көлемінде қонақтар шақырып, «Алдаспан» қоғамдық рухани-мәдени бірлестігінің құрылтайын ұйымдастырдық. Бұл шара - аталмыш клубтың ұйымдық деңгейге көтерілгендігі ғана емес, жаңа сатыдағы жауапкершілік болатын. Аталмыш жауапкершілік біздің Ақтөбе қалалық атқару комитетінде ресми тіркелуден өтуге тиіс екенімізді алға жайды. Осылайша, өмірімізде алғаш рет заңды негіздегі бірлестіктің жарғысын жасап, оны тіркеуге бет алдық. «Бірлестіктің бір-ақ төрағасы болсын, Серік, өзің бола салсайшы»- деген жігіттердің қолқасына қарамастан, бір емес 3 төрағаластың болуы керектігін өзімше дәлелдеп, Естай Жайлыбаев пен Сұлтанбек Ташкенбаевтарды ұсынып, теңтөраға ретінде сайландық. Мұның себептері көп болатын: біріншіден, қабілетті жігіттердің барлығы да баскер облып қалыптасуы керек болды, екіншіден, бір басшының ыңғайымен басқалары жүре берсе, бар ауыртпалық бір адамға түсер еді; тағы бір себеп, сырт көзге бір ғана баскердің барын көрсету емес, бірнеше тұлғаның барын таныту ұйымның беделін арттырып, ұжымдық мақтаныш орната түсетіндігін түсіндік.
«Алдаспанның» әрекеті барысында жазылмаған болса да, үрдіске айналған нәрселер көп болатын-ды. Мысалы, бірлестіктің тең төрағалары мен белсенділерінің өздеріне тән атқаратын саласы болды. Өзім жалпы стратегиялық басшылықты, Естай сыртқы ортамен байланысты алып, Сұлтанбек ұйымның ішкі мәселелерімен айналысса, ал Көшкінбай ұйымның материалдық жағдайына жауапкер, Айтқали жалпы шаруашылықты қолға алды. Бұл ұйымның ішкі қайшылықтарға ұрынбауынан сақтайтын жүйелілік еді.

Ақтөбедегі тұңғыш тіркелген қоғамдық бірлестік

Сөйтіп жүріп, қалалық аткомға (ол кезде әділет басқармасы болған емес) барлық құжаттарымызды даярлап ұйымды тіркеуін күтіп жүргенімізде, бір күні сол кездегі қалатком басшысы Сергей Николаевич Лапшин мұндай қоғамдық ұйымды тіркейтін заңдық негіз жоқ дегендей жауап берді. Бұл дегеніңіз - біздің одан әрі ресми ұйым ретінде қалу - қалмауымыз неғайбыл деген сөз еді де, бейресми қимыл әрекеттің аясы тар болатыны рас. Сонымен бізге тағы да ізденуге тура келіп, ресейлік ұйымдардың қалайша тіркеліп жатқандығын сұраттық, сөйтіп, Ресейде 50-жылдардағы Министрлер Кеңесінің әлдебір қаулысына негізделіп тіркеудің жүріп жатқандығын біліп, оны Ақтөбе аткомына жеткіздік. Ақыры, Ақтөбеде «Алдаспан» бірлестігі ең алғашқы қоғамдық ұйым ретінде осылайша тіркеуден бірінші болып өтті. Ал, бізден кейін тіркелгендеріне намыстанған Ақтөбе қаласының демократиялық күштер одағының кейбір өкілдері біздің лас жолмен бірінші болып тіркелгенімізді айтып лақап таратқаны бар. Алайда, ұлттық бағыттағы мұндай ұйымдарды қандай пара алып та тіркеуге сол кездегі биліктің зауқы соқпайтын.
Ресми тіркелу ұйымның мәртебесін одан да зорайтып, біз қоғамның бір бөлшегі екенімізді сезініп, бұрынғыдан да еркін қимылға көштік.
Сөйтіп, «Алдаспан» сол кездегі бюрократиямен күрес деген саяси желеуді пайдаланып, Ақтөбедегі ұлттық кадр мәселесін шешуде іргелі істер тындырды. Бірақ мұндай ірі мәселелер биліктің араласынсыз шешілмейтіні аян, ал «Алдаспан» бірлестігі өз кезегінде қоғамдық ықпалды билікке сезіндіре білді.

Ұлттық деңгейдегі сұраныс
Бұл кезде Алматыда енді ғана құрыла бастаған «Азат» қозғалысы облыстардан өздеріне жақтастар мен бөлімдер құруға мүдделі болды. Ақтөбе аймағынан біздің ұйымнан басқа топ таба алмаған «Азат» басшылығы ақыры біздерге шықты. Ақтөбеге арнайы келген қазірде марқұм болған Сәбетқазы Ақатаев пен Батырхан Дәрімбетовтың қолқасымен облыстық көлемде әйгілі болған «Алдаспан» бірлестігі 1991 жылы 6 сәуірде сол кезде Ақтөбеге белгісіз, бірақ ұлттық деңгейдегі «Азат» қозғалысының облыстық бөлімі болып жарияланды. Сөйтіп, бізге өз ұйымымызды өз қолымызбен «өлтіріп», басқа ұйымның гөй-гөйімен айналысуға және бәрін де басынан қайта бастауға тура келді. Бірақ, бұл - жалпыұлттық мүдденің сұранысы болатын.

Қорыту
Мұның барлығы қазірде тарих. Алайда, еліміздің жаңаша тарихын тарихшылардың жазуға асықпауы, сол тарихты жасаушылардың өздеріне қаламды амалсыз алдыруда. Өйткені, жас ұрпаққа өмірімізді болмаса да, өнегемізді қалдыруға біз мүдделіміз. Дегенмен де, тарихты жасаушылар емес, жазушылардың өздері жазғанға не жетсін! Ал, жас ұрпақ бұл жолда ізденсе ғой, шіркін!
Сөйтіп, бұдан былай қоғамдық сектор саласына атсалысам дейтін жас ұрпақ, сөз болып өткен «Алдаспан» ұйымының құрылу, даму, нығаю сатыларына зер салып, сараптаудан өткізу үшін бұл тақырыпты талғажау еттік. Әсіресе, баскердің (лидер) жеке басының қалыптасу кезеңі мен оның сапалық даму жолдарын сыни көзбен қараған дұрыс. Баскер болу үшін соңыңнан көпшілікті ерте білу шарт және ортаның қажетіне жарай білу ләзім. Әрі беріден соң баскерлік – қоғамдық мәселелердің көшін алып жүре білу деген сөз.
Баскердің жеке басын алсақ, оған қоғамдық мәселелерді тарата және сараптай білу, оның ішінен маңыздысын таңдай алу және оны шешу үшін уақыт пен тактиканы дер кезінде пайдалана алу тән. Ең басты шарттың бірі - баскерге қажетті абыройдың тазалығы. Өйтпеген жағдайда, әлгі баскер жападан жалғыз қалуы ықтимал. Әрине, аталған сапалардан басқа жаза білу, шешендік, ұйымдастырғыштық пен сауат секілді көптеген қасиеттердің қажеттілігінде сөз жоқ. Қысқасы, тоталитарлық қызыл империя кезінде «бәрін шешетін мамандар» болса, демократиялық қоғамда бар мәселе баскерлерге тіреледі, қоғамды алға сүйрейтіндер осылайша табиғи жолмен қалыптасқан тұлғалар екеніне көз жіберетін уақыт келді. Жасанды баскерлердің де туылып, нағыздардан көпшіліктің көңілін бұратын, адастыратын кездері аз емес. Ең бастысы, қоғамдық мәселе шешпес бұрын, баскер өз мәселесін шеше алатындай және жеке басын алып жүре алатындай сапалық деңгейге көтерілгені дұрыс.
Соңғы кездері қоғамдық ұйымдар бір ғана баскердің ықпалымен құрыла алмайтын күйге жетті. Ол үшін қолдаушы топ пен қаржы іздестіре алатын дағдыны да бойға сіңіру керектігі туындауда. Көптеген бастамашыл азаматтар, ұйымдарын дамыта алмағандықтан, бағыттарынан ауытқып, басқа нәрсенің шылауына түсіп, дау-дамайға қалып жататыны - осындай күрделі құрылымды басқара және дамыта алмағандықтан болуда. Олар өздері ойлаған бастапқы қалпынан ауытқып жеке басты көрсетуге тырысып, басқа сала мен бағытқа лағып кетуде.
Баскер болу үшін талпыныста жас баскерлер мақтаншылық пен популизмнен аулақ болса, соғұрлым нағыз іске жақын келеді, істерінен берекет таба бастайды. Әдетте жалған баскер ісінде тоқырау басталғанда барлық күшті сыртқы көрнекілікке жұмсап, популизмге ұрынып, «батыр» атануға жүгіреді де, әлдекімнен тұмсықтан тойтарыс алып барып, таяғын жеп барып тынши қалады. Бірақ, о бастағы ойластырылған тым жақсы бастама жайына қалады да қоғамдық құлшыныс өліп тынады. Сөйтіп, әлгі «баскер» өзіне де, өзгеге де зиянын тигізеді.

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ МЕН ҚАЗАҚ ТІЛІ

Біздің қоғамда қазақ тіліне байланысты шатаса қалыптасқан ұғым бар, ол: қазақ тілі – мемлекеттік тіл және керісінше деп қабылдау. Осыдан келіп, оны оқыту мен үйрету мәселесі күрделене түсіп отыр. Шын мәнінде қазақ тілі - қазақ халқының этникалық тілі, яғни бұл тұрмыстық тілден бастап, ғылыми тілге дейінгі барлық салаларды қамтитын кешенді тіл. Ал, мемлекеттік мәртебеге ие болып жүрген тіл – бар болғаны мемлекеттік міндетті атқаруға қажетті барлық органдар мен азаматтардың ауызша-жазбаша қарым-қатынас тілі, оны басқаша ресми тіл деп атайды. Ал, біз ресми атауды орыс тіліне өткізіп жібергесін, мемлекеттік мәртебе алған тіл өз міндетін атқарудан қалып отырғаны рас.
Сонда, қазақ тілін оқытумен және игертумен, тіпті дамытумен айналысатын Білім және ғылым министрлігі ғана болуы керек. Ал, мемлекеттік құрылымдардың дәлізіне мемлекеттік тілді енгізетін яғни мемлекетті ресми тілдендіретін Тіл комитеті болуы қажет еді. Өкінішке орай, әлі күнге бұл салалардың ара-жігі ажыратылмай отырғандықтан, құзырлық шекара да араласуда, міндеттер былығуда. Соның кесірінен қазақ тілі мен мемлекеттік тілді оқытуды шатастырудамыз. Қазақ тілін оқыту сәбиден бастап, ересек ғалымдарға дейінгі жас аралығын және тілдің алуан салаларын қамтыса, мемлекеттік тілді үйрету тек қана мемлекеттік қызметшілер мен әлеуметтік-қоғамдық саланы қамтитынын ескермей отырмыз.
Қоғамдағы қасаңданған тағы бір жайт – «Іс қағаздарын (ісжүргізімді) мемлекеттік тілге көшіру» деген делқұлы пікір. Шын мәнінде ресми тіл екі тармақтан тұрады: ауызекі тіл – бұл мемлекеттік ұйымдар мен мекемелердің, органдардың мәжілістегі, отырыстағы қатынасу тілі, ал екіншісі – іс қағаздарын жүргізу тілі. Сөйтіп, мемлекеттік тілдің ауызекі және жазбаша түрінде қолдануы мемлекеттік қызметкерлерге міндет екені рас. Ал, біз бірінші кезекте ресми тілдің кімге қай тармағын үйретуді әлі шешпей отырмыз. Осыны шешсек, көп мәселе өзінен өзі-ақ жойылады. Мәселен, мемлекеттік органдардағы отырыстарда мемлекеттік қызметкерлердің ресми (мемлекеттік) тілді ауызекі түсінуі бірінші кезекте жеткілікті, ондай адам жиналыстағы ауызекі әңгіменің не жөнінде болып жатқанын ұғады, бірақ өзі сөйлегенде орыс тілін қолдануы мүмкін. Бұл жағдай, елді «орыстілділер мемлекеттік тілді түсінбейді, соларға түсінікті болу үшін ...» дейтін аурудан сауықтырады. Егер біз осындай талаптан бастасақ, бір жыл ішінде барлық мемлекеттік қызметкерлерге сөйлеу, оқу және жазу емес, тек қана ауызекі тілді ұғу талабын енгізу арқылы ресми дәліздерге мемлекеттік тілді именбей ауызекі тармағын енгізе аламыз және ол бір жылдың ішінде жүзеге асады. Келесі сатыда сөйлемесе де, жазбаса да, оқи алу міндетін жүктеу арқылы мемлекеттік қызметкер қазақ тіліндегі қағаздың шамамен не жөнінде екенін аңдау деңгейіне көтерілмек және тілін өз бетінше сындыратындай жазбаны оқи алу мүмкіндігіне ие болады, сондай-ақ қазақ дыбыстарын дұрыс айта алуға алғышарт жасайды. Ал, келесі сөйлеу мен жазу сатыларына да бір жылдан мүмкіндік беру арқылы мемлекеттік тілді бас-аяғы төрт жылда ресмилендіруге әбден мүмкіндік туар еді. Сөйтіп, Тілдерді дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған бағдарламаның алғашқы алты жылы нәтижесіз өтіп кеткенін ескерсек, қалған төрт жылда ол нәтижеге қол жеткізуге әбден мүмкіндік бар.
Қазыр іс жүргізуді «ресми тілден» «мемлекеттік тілге көшірген» облыстар мемлекеттік тілге толық көшкендер қатарына қосылып жүр, шын мәнінде ол облыстардың барлығындағы мемлекеттік ұйымдар мен мекемелер өз отырыстарын орыс тілінде жүргізуде, яғни мемлекеттік тіл мемлекеттік дәлізге жартылай ғана енуде, біз мұндай атүстілікке көз жұмып отырмыз.
Сонымен, күн тәртібінде мемлекеттік тілдің ресмилену саясаты тұр, ол саясат екі мәселенің шешілуінен тұрады:
- мемлекеттік қызметкерлердің ауызекі тілді меңгеруі;
- мемлекеттік қызметкерлердің жазба тілді меңгеруі. Бұл міндет мемлекеттік тілді меңгерудің төрт сатылық үйрету жүйесін қамтиды.
Бұл міндет еліміздің тіл саясатына жаңаша қарауды талап етеді.