понедельник, 10 сентября 2007 г.

Қазақстандық банктар қазаққа қызмет еткісі жоқ па?

Жуырда мені әрлі-берлі құбылған АҚШ долларының бағамы, қолдағы азын-аулақ ақшаның құнын сақтау мақсатымен елдегі еңсесі биік үш банктың бірінің табалдырығын аттатты. Күз келсе де, солтұстағы астанамыздың өзінде аптабы апшымызды қуырған ыстықта салқындатқышы жоқ әлгі банк бөлімшесінің тап-тар орынжайы криматори секілді бойыңды өртеп бара жатса да, көкейдегі ойымды орындауға деген мұқтаждық амалсыз көндірді: баяғы ширатта тұрып, жұрт қатарлы біршама уақытты біз де өлтірдік. Итшілік азапқа үйренген банк қызметкерлері де, келгіншілер де, банк орынжайының ыстығы мен жайсыздығына көңіл аударып, алабұртып жатқаны шамалы, қайда қарасаң да - қазаққа тән құлдық төзім.
Кезегім келгенде мен де құжатымды тапсыра бергенім сол еді, Жанар есімді банк бойжеткені менің аты-жөнімнің қазақша жазылғанына қайран қалғанымен бірге, оны қысыла-қымтырыла орыс тіліне аудара алмай әуре болды. Мен өзімше білгішсініп, қазақы аты-жөннің орысшалауға болмайтынын, мен өз еліміздегі мемлекеттік тілдің барын, аты–жөнді бұлайша өзгертіп жазудың дұрыс еместігін қара көзді қарындасыма сыпайы жеткізіп едім, ол да обалына не керек сыпайылықпен банктағы барлық жазбаның тек қана орыс тілінде толтырылатыны қарастырылғанын айтып, мені әрі қайран, әрі қапы қалдырды. Мен оған сенбестен, дереу «саяси-идеологиялық қаруларымды» шығардым да, банк басшысын шақыртуды талап еткенім сол еді, Жанар дереу банк бөлімшесінің директорына жөнелді. Есіме, осыдан үш жыл бұрынғы бір досымның осы банктың бір бөлімшесін бланкасы қазақша болмағаны үшін сотқа бергені түсті – соның нәтижесінде Ақтөбеде бланкаларды жаппай қазақшаға аударғаны бар еді, ал елордамыздағы мына жағдай одан да сорақы болып шықты!
Ақыры, директордың орнына қарындасымның өзі қайтып келді, мықты сасқаны көрініп тұр: өзінің бүгін жұмысқа алғаш шыққанын айтып, қазақша білмейтініне де кешірім сұрады, өзінің де, директорының да бұл кемшілікке қатысы шамалы екенін жеткізіп жатыр. Мен де түсіне қойдым: әрине, бұлар – қарапайым ғана атқарушылар, ал банктың қожайындары да, басшылары да мұндай қапырық орынжайда не қылсын, оның үстіне қарапайым халықтың өкілі болып табылатын Жанар мен оның директорының ештеңе шеше алмайтыны тағы түсінікті. Бастағы жүйке мен шүйкеден ғана айырыласың, өзге нәтиже сол бойда болмайтыны рас.
Сонымен сабама түсіп, өрекпіген өкпемді басып, банкер қарындасқа, ағылшынша толтырсақ қайтеді десем де, ол тек қана орыс тілінде болуы керектігін айтып жалынғандай болды. Не қылған жаны сірі тіл еді деймін, ішімнен. Ақыры, өз тілінде мақұрым қарындас өтінгесін, қазақша аты-жөнді Ресейдің мемлекеттік тіліне қотаруға кірістім. Осы жерде, бой менен ойдағы лингвистикалық сауаттың бәрін іске қоссам да, марқұм қойшы әкетайымның есімі орысшаға икемделмей-ақ қойғаны: Әбдірешұлы. Қалай орысшаласаң да дұрыс, бірақ қайсысы заңды: Эбдрешулы ма, Эбдирешулы ма, Абдрешулы ма болмаса Абдирешулы ма? Айтпақшы, мұны ажырататын бекіген заң да, лингвистикалық норма да жоқ қой! Қазақ тілі мен орыс тілінің арақатысын реттейтін транкрипциялық та, транлитерациялық та, не сөздік, не ереже жоқ! Жуырда агенттікке айналмақшы жарықтық Тіл комитеті бірнеше жыл бойы не қарап келді десеңші? Тілге қаншама қаражат бөлініп жатқанын жариялап, мақтанудан басқасын атпағанда. Ойың құрмағыр он саққа жүгіреді екен. Қойшы, әйтеуір, Жанар екеуміз өз ережемізбен «Әбдірешті» икемге келтіргендей болдық. Алайда, алда–жалда (оның беті әрмән) әлгі банк заңға жүгініп, менің әлгі орысшаланған аты-жөнімнің шынайы еместігін алға тартса, менің дипозитке салған қаржымды бермеуіне мүмкіндік мол! Өйткені, куәліктегі мен келісімшарттағы аты-жөннің арасы жер мен көктей. Заңдамада аты–жөнді бұлайша бұрмалау қарастырылмағаны өз алдына бір әңгіме. Ал заң саласында әріп түгілі үтірдің өзі тағдырды басқаша бұрып жіберетіні тағы белгілі. Міне, қазақтың, кешіріңіз, қазақ болуға тырысқан адамның көрген күні – осы! Басқаша айтқанда, Қазақстандық банктар қазаққа қызмет етуге қарсы ма деген оңбаған сауал осындайда ойды он орап алмай қайтсін...

Қазақшылдар һәм ұлтшылдар

Ұлт деген ұғымның мағынасы- мемлекетке ие болып отырған этнос. Алайда, оның мұнан да кеңірек ұғымға ие екендігін де ұмытуға болмайды, яғни ұлттың тағы бір анықтамасы бойынша ол- этностық текке қатыссыз, елдегі барлық әлеуметтік топтардың жиыны. Ұлт дегенде әсіресе, соңғы анықтама басты роль атқаратынын жоққа шығару қиындау. Алайда, жер бетіндегі көптеген елдерде мемлекетті құраушы басты этностың ықпалымен ұлттық мемлекет құралады да, соған сай сол елдегі әлгі басты этнос ұлт ретінде аталып, қалғаны этностық диаспоралар ретінде мойындалады. Дегенмен, бұл жағдай басты этностың өз мемлекетіндегі ықпалының орнықтылығына сәйкес туындап отыратынын бажайлаған дұрыс. Осы жағынан қарағанда, қазіргі Қазақстандағы ұлттың қазақстандық болып аталуымен, мәселен, Ауғанстандағы ұлттың ауғандық болуы сол елдердегі басты этностың анықталмағандығынан екеніне көз жеткізу қиын емес. Әрине, «қазақстандық» деген ұлт атауы қазақтардың, соның ішінде қазақтілділердің намысына қанша тигенімен, одан жағдайдың өзгеруі екіталай, өйткені, қазақтар өз жерінде саны 60%-дық межеге жеткенімен, мәселен, өз жерлерінде әлдеқайда азшылықта отырған латыштар мен эстондарға қарағанда, өздерінің мемлекеттегі салмағына орай «қазақстандық» аталған ұлттың ішінен табылуға мәжбүр. Ал, Латвиядағы ұлттың латыш екені мен Эстониядағы ұлттың эстондар екендігіне күмән келтірмейтін не нәрсе, ол - сол мемлекет құраушы этностардың мемлекеттегі шешуші роліне байланысты болып отырған фактор екендігі. Демек, қазақтардың өз мемлекетінде ұлт ретінде өздерін ауызекі дәлелдегенмен бітетін іс жоқ, мәселе – олардың өздерін ұлт ретінде көрсетуінде болып отыр және бұған соншалықты кедергі келтіріп отырған елде басқа этнос та жоқтың қасы.
Сонымен, Қазақстанды мемлекет ретінде құраушы қазақ халқының ұлт ретінде елдегі ықпалының әлсіздігін ескерсек, оның осы елдегі диаспоралық этностардан айырмасы азайып шыға келеді. Бұны, тіпті, «дуалы ауыздардан» шығатын «Қазақстан – көпұлтты мемлекет» деген мәтелге айналған дәйексөзі де растайды. Ендеше, Қазақстан бұл жағынан ұлттық мәйегі анықталмаған Ауғанстан секілді елдердің қатарында амалсыз табылуына тура келеді. Енді осыған орай, «ұлтшылдар» деген ұғымға да өзінен өзі «түзету» енгізуге тура келеді, ұлтшылдар дегеніміз – қазақстандықтарды біртұтас ұлт ретінде қарастырып, соның мүддесін көздеушілер де, ал қазіргі «ұлтшылдар» деп жүргеніміз қазақшылдар болады да шығады. Бұл шын мәнінде солай, себебі, өзге де этносқа ала-бөле бүйрегі бұратындардың бәрін бірдей өз алдына ұлтшылдар дей алмайтынымыз секілді, қазақтар да елдегі көп «ұлттың» бірі болса, онда бұл этностың мүддесін жекедара жоқтаушыларды қазақшылдар демеске амал қалмайды.
Енді қазақшылдардың жалпы сипаттамасын көзге елестетсек, былай болып шығады. Бұлар негізінен ниеті қазақ этносын Қазақстандағы басты ұлт ретінде дәйектеуге бағытталғанымен, іс-әрекеті тар шеңберде қалып, ықпалы жағдайды өзгертуге әсер етпейтіндей, бар болғаны өздерінің бар екенін білдіретін шаң-шұң дауыс шығарудан әріге көтере алмағандар. Бұны ұйқылы-ояу жатып, арасында әншейін ғана үріп қоятын ауыл төбеттерінің әрекетімен теңестіруге болады. Қазақшылдарға тән басты сипаттар: қазақтың созылмалы ауруына айналған тіл, жер, діл секілді осал тақырыптарын талғажау етіп көзге көріну ғана, алайда, оны түзетудің жолын білмеу, нақты әрекетке шорқақтық және біріктіруге келгенде жарқын лидердің (Жириновский секілді) болмауы. Сонда қазақшылдардың бейнесі қазақ халқының жоқ-жітігін шешкеннен гөрі, қоғамға жаю арқылы өздерін бейшара етіп көрсету мен жоғын жоқтап отырған халықты қадірсіздендіру болады да шығады. Әрі-беріден соң, өздеріне сенімді саяси күшке ауатын жұрттың байсалды назарынан гөрі бәленің көзі ретіндегі имиджге ие болу ғана бұйырмақ. Бұған ішкі әлеуеттерін өз ара айтыс-тартысқа жұмсау мен әрқайсысы бір «мықты» боларлық даңғазаны қосыңыз. Осының бәрі айналып келгенде, қазірде «ұлтшылдар» аталып жүрген қазақшылдардың бейнесін қордалайды да, бұларға деген өзге саяси күштердің бұларды өз мақсаттарына пайдаланып қалу ниетін қоздырады. Сөйтіп, қазақшылдар көтерген қазақ мәселесі «жабулы қазанның» сипатынан арыға аса алмай, тиянақты түрде шешілместен қордалана береді. Ең бастысы, қазақшылдардың арқасында қазақ халқы Қазақстандағы басты ұлт деңгейіне көтерілгеннен гөрі «көптің» бірі болып қалуы жағдайын өзгертер емес.
Енді ұлтшылдарға келейік, бұл санаттағыларды «ұлт» ұғымының жоғарыдағы қазіргі заманға сай мағынасымен бағаласақ, елдегі басты этносты қазақ ете отырып, бар мәселені шешуді қолға алушылар деуге болар еді. Әзірге мұның аналогы тек қана тарихта, ол – «Алашордашыл» топтар еді. Қазақ халқының өз жеріндегі басты этнос болу заманы 20-ғасырдың басында патшалы Ресейдің жүйесінде қалыптасқан ұлтшылдардың тегіс жойылуы мен халықтың жаппай ашаршылықта қырылуына байланысты 1 ғасырға жуық уақытқа кері шегерілсе керек...Қазіргі қазақ «ұлтшылдарының» бар айтатыны – «санымыз аз ғой, біз көпұлтты елміз ғой...». Нашар бишіге не болса сол кедергі, бұл уәж – шарасыздықтың белгісі. Осы шарасыздық мемлекеттің қарыштап дамуына да тұсау болып отырғандығы бар. Сөйтіп, барлық қазақстандықтарды бірегей ұлттың өкілі деп тани отырып, қазақ халқын басты этнос ретінде Қазақстанның даму өзегі ете білетіндей ұлтшылдар дүниеге келе алмауда.
Сайып келгенде, кейбір БАҚ-дың қазақшылдарды бірікпейді деуі бекершілік. Өйткені, нақты саяси күшке айналмаған және лидері қалыптаспаған топтың бірігуге де қауқары болмайтыны белгілі. Бұндай процесті, шамасы, жаңа ұрпақтың үлесі ретінде қараған мақұл болар.