вторник, 5 февраля 2008 г.

БҰЛБҰЛ

Х.Андерсен
Ертегі

Қытайда ол кезде әмірші де, оның бағыныштылары да– қытайлар еді. Бұл оқиға ертеде болыпты. Сондықтан да ұмытылмай тұрып, оны тыңдап алған мақұл! Ол кезде дүниеде қытай әміршісінен басқа жақсы сарай болмаған еді; ол түгелдей қымбат кәрленнен салынған екен, бірақ уатылғыш болғандықтан, оған тиіп кетудің өзі қатерлі еді. Бақта таңғажайып гүлдер өсті; олардың ішіндегі ең көрнектісіне күміс қоңыраушалар байланды да, гүл маңынан өткен жан қарамай өтпес үшін олар ылғи да сыңғырлап тұрды. Қалай қитұрқы ойлап табылған десеңші! Бақтың үлкендігі сондай, бағбанның өзі оның шетіне жеткен емес. Бұл бақтан ну тоғайға қалай тап болғаныңды білмес едің; жалтыраған терең көлдер көк теңізге ұласып жатты. Кемелер өтетін су жолына төне өскен ағаштардың бұтақтарында сайраған бұлбұлды тыңдаған адам қайғысын да ұмытып кететін; тіпті, кедейліктен титықтаған бейшара балықшы да елтіп тыңдайтын. «Қандай керемет еді!» - деген сөз балықшының ауызынан еріксіз шығып кететін де, ол бұлбұлды жайына қойып, өз ісіне кірісетін де, келесі түнде тағы да елти тыңдап: «Қандай керемет еді!» деп бас шайқайтын.
Әміршінің астанасына дүниенің түкпір-түкпірінен саяхатшылар келіп жатты; олардың бәрі де ғажайып сарай мен баққа қайран қалып, ал, бұлбұлдың сайрағанын тыңдап: «Мынау бәрінен де ғажайып!» десті.
Елдеріне қайтқан саяхатшылар көргендерін таңдана әңгімелейтін; оқымыстылар да астананы суреттей жазып, әміршінің сарайы мен саябағын ұмытпайтын, ал бұлбұл жайында арнайы әңгімелеп, оны ғажаптың ғажабы санады; көк теңіздің жағасындағы тоғайда тұратын әлгі сандуғашқа ақындар керім өлең арнайтын.
Өлең басылған кітаптар дүниенің төрт бұрышына тарап жатты; сол кітаптардың біршамасы әміршінің назарына ілікті. Ол өзінің алтын тағында отырып, кітапты оқығанда мезет сайын басын изеп есі шықты– оған өзінің астанасы мен сарайын, бағын мақтау сондай жақты. «Бірақ, бұлбұл бәрінен де ғажайып екен!» – деген тұжырым болды кітапта.
- Не дейді? – деп таңырқады әмірші. - Бұлбұлы несі? Мен оны неге білмеймін! Менің елімдегі жеке бағымдағы таңғажайып құс туралы ештеңе естімеппін! Ол жайында біреудің кітабынан оқу сұмдық қой!
Ол жалма-жан өзінің ең жақын нөкерін шақырып алды; мансабы төмен бұ кісі өзімен сөйлесуге батылы барған біреуге болмаса әлдене сұрай қалған жанға, маңғаздана қалып: «Ыһы!» дей салатын, ал, бұнысынан бірдеңе ажыратып көр!
- Біздің бағымызда таңғажайып бұлбұл бар көрінеді. Оны жұрт менің байтақ елімнің басты көрнегі дейді екен! – деді де әмірші. – Ол жөнінде маған неге ештеңе айтпағансың? – деп сұрады.
- Мен, тіпті, ол жайында білген емеспін! – деп басын ала қашты басты нөкері. – Ол бұлбұлдың ешуақытта сарайға қатысы болған емес!
- Мен оның бүгін кешкісін осында болып, менің алдымда сайрауын қалаймын!- деді әмірші.- Ол туралы бүкіл әлем біледі, ал мен өзім білмеймін, не масқара!
- Ондай құс жөнінде естісем бұйырмасын, тақсыр! – деуін қоймады бас нөкер. – Бірақ мен оны табайын!
Әрине, уәде беру оңай! Қайдан табар екен, тағы құсты?
Бас нөкер баспалдақтан жоғары төмен жүгіріп, сарайдың барлық бөлмесі мен дәлізін шарласа да, кездескен ешбір жан бұлбұл туралы ештеңе естімеген болып шықты. Амалы құрыған бас нөкер әміршіге жүгіріп келіп, бұлбұл туралы кітап басушылар ойлап шығарған болар деді.
- Мәртебелі тақсыр, кітапта жазылғанның бәріне сене беруге болмайды: оның бәрі әншейін ертегі, адамды арбайтын көзбояушылық!
- Бірақ, бұл кітапты маған Жапонияның құдіретті әміршісі арнайы жіберген, мұнда жалғандық болуы мүмкін емес! Мен бұлбұлдың сайрауын тыңдағым келеді, сенің былшылыңды емес! Мен оған деген марқабатымды жасырмаймын! Егер ол дер кезінде мұнда болмаса, мен кешкі астан соң сарай қызметшілерінің бәрінің қарындарына дүре соқтырам!
- Ләббай!- деді де бас нөкер тағы да баспалдақпен жоғары-төмен зыр жүгіріп, сарайдың бар бөлмесі мен дәліздерін шарлады; онымен бірге сарайдағы бар игі жақсылар жүгірісті,- ешкім де қарынына дүре соқтырғысы келмеді. Бәрі де бүкіл әлем білетін, ал сарайда ешкім білмейтін бұлбұлды ойлап бас қатырды.
Ақырында асханадан бір бейшара қызбала табылды да былай деді:
- Бұлбұл дейсіздер ме! Мен оны білем. Қалай ғажап сайрайды десеңдерші! Мен ылғи да кешкісін кедей шешеме астың қалдығын апарушы едім. Анам теңіздің тап жағасында тұрады, қайтарда мен тоғайда отырып, тынығам, сонда ылғи да бұлбұлдың сайрауын тыңдаймын! Көздерімнен жас парлап, анам аялағандай жаным жадырап қалады!..
- Ыдыс жуушы! - деді бас нөкер. – Егер сен бізге бұлбұлды тауып берсең, мен сенің қызметіңді жоғарлатып, әміршінің тамақтануын қараушы етемін! Бұлбұл бүгін кешке сарайға шақырылды!
Бәрі жабылып бұлбұл сайрайтын тоғайға аттанды; тоғайға сарай қызметшілерінің жартысына жуығы кетті. Жүріп келеді, жүріп келеді, кенет, сиырдың ыңырсығаны естілді.
- Міне! – деді жас қызметшілер. – Тап сол! Күші қандай еді, өзінің! Мынадай ыңырсу жұдырықтай жаратындыға тән болғаны ма! Бірақ біз мұндай дыбысты бұрын да естіген секілдіміз!
- Бұл ыңырсыған сиыр ғой! – деді қызбала. – Бізге әлі бірталай жүру керек.
Тоғанға келгенде бақалар бақылдады.
- Ғажап дыбыс! - деді сарай тақуасы. – Мен бұлбұлды естіп тұрмын! Біздің ғибадатханадағы қоңырау дыбысынан аумайды екен!
- Жоқ, бұл бақалардың дауысы! – деді қызбала. – Міне, тыңдаңдар, бұлбұлдың нақ өзі! – деді де ол бұтаққа қонған кішкене ғана сұрғылт құсты нұсқады.
- Рас сол ма! – сеніңкіремеді бас нөкер. – Бұлбұлдың мұндай екенін кім білген! Түрінде ешбір ғажаптық жоқ қой! Ол шынында да, соншама сарай маңғаздарының алдында жұпыны көрінді.
- Бұлбұлтай! – деп айқайлап жіберді қызбала. – Біздің қайырымды әміршіміз сенің дауысыңды естігісі келеді!
- Өте қуаныштымын! – деп сайрағанда, дауысы керемет шықты.
- Шыны қоңыраудың сыңғырындай секілді екен! – деді бас нөкер. – Қараңдар, мына бір титтей кеңірдектің сайрауын! Мұны бұрын қалай естімегенбіз! Бұл сарайдың сәні болатын болды!
- Әміршіге арнап тағы да шырқайын ба? – деді бұлбұл. Ол осында әміршінің өзі де тұр деп ойлады.
- Теңдессіз бұлбұлтай! – деді бас нөкер. – Маған сонша маңызды тапсырма беріліп, сені бүгінгі кеште болатын мерекеге әмірші сарайына шақыра келдім. Сенің әміршімізді таң-тамаша қалдыратыныңа менің күмәнім жоқ!
- Менің әнімді ну тоғайда тыңдаған әлдеқайда жағымды! – деді бұлбұл, бірақ ол әміршінің сарайға келуін қалайтынын біліп, баруға қуана келісті.
Сарайда мерекеге қызу әзірлік жүріп жатты. Сарайдың едені де, қабырғасы да кәрлен болғандықтан, оған мыңдаған алтын жылтырақтар шағылысады; дәлізге қазқатар етіп күміс қоңыраулы керемет гүлдер қойылған, олар жүгіріскен қызметшілердің лебінен сыңғырлап, адам дауысын естіртер емес. Әмірші отырған кең залдың ортасында бұлбұлға арналып, алтын сырық қадалған. Сарай қызметшілерінің құрамы толық жиналды; босағаға ыдыс жуушы қызбаланың да тұруына рұқсат етілді, - енді ол сарай аспазы болып тағайындалған болатын. Киімдері жайнаған кілең жақсылар мен жайсаңдар өнеріне әміршіні риза еткен жұдырықтай сұрғылт құстан көз алмады.
Бұлбұлдың тамаша сайрағаны сондай, әміршінің көзінен жас парлап, бетін шылады. Бұлбұл онан сайын шырқады; оның сайрауы жүректі шымырлатты. Аса риза болған әмірші бұлбұлдың мойнына алтын кебіс ілетінін жария етті. Бірақ бұлбұл сыйлықтан бас тартып, құрметке онсыз да риза екенін жеткізді.
- Мен ризашылықтан әміршінің көзінен шыққан жасты көрдім, одан артық маған марапат керек емес! Әміршінің көз жасында ұлы күш бар! Жаратқан көріп тұр ғой – мен асыра марапатталдым!
Ол керемет дауысымен тағы да шырқай жөнелді.
- Қандай қылымсу! – деді сарай бикештері, - мұның мәнін олардан артық білер ешкім жоқ еді, бикештер біреумен сөйлескенде бұлбұлша сыңғырлау үшін ұрттарына су толтырып алатын болды, су бүлкілдеп дауысты өзгертеді. Бұлбұлға, тіпті, қызметшілер де ризалықтарын жасырмады: өйткені, сарайдағы осы топтың көңілін табу қиын еді. Сөйтіп, бұлбұл ешкім жетпеген жетістікке жетті.
Бұлбұлға арнайы бөлме бөлініп, оны сарайға алып, оған күндіз екі рет, түнде бір рет он екі қызметшімен бірге баққа серуендеуге рұқсат етілді; қызметшінің әрқайсысы бұлбұлдың аяғына байланған жібек таспаны ұстап жүрді. Мұндай серуеннен барлығы да рахаттанды!
Әнші құс жайында бүкіл қала гуледі, егер көшеде екі таныс кездесе қалса, біреуі «бұл» десе, екіншісі оған қоса тағы «бұл» деп, олар сөйтіп, бірін бірі оңай ұғысатын болды.
Ұсақ-түйек сатушы саудагер өзінің он бір баласының әншіліктері болмаса да, есімдерін бұлбұлдың құрметіне қатыстыра қойыпты.
Бірде әміршіге «Бұлбұл» деген жазуы бар үлкен қоржын әкелді.
- Міне, біздің әйгілі құсымыз туралы тағы бір жаңа кітап шығыпты, - деді әмірші.
Бірақ бұл кітап емес, әзілді әрекет еді: қорапта жандыдан аумайтын жасанды бұлбұл жатты, үстіне гауһар, маржан, лағыл тастар себіліпті. Әлгі құсты алып қоттап жіберіп еді, алтынмен аптап, күміспен қапталған құйрығын бұлғаңдатып, нағыз бұлбұлдың бір әуенін алды да шырқай жөнелді. Жасанды құстың мойнындағы таспаға «қытай әміршісінің бұлбұлымен салыстырғанда, жапон әміршісінің бұлбұлы аянышты» деп жазылыпты.
- Қандай керемет! – десті де сарай маңындағылар, құсты әкелген жапон әміршісінің шабарманына «әміршінің бұлбұлмен төтенше қамтушысы» деген атақ берісті.
- Енді екі бұлбұл қосылып шырқасын да екілік құрсын!
Бірақ бұл пиғыл іске аспады: нағыз бұлбұл өзінше шырқады да, ал жасандының бұрамалы шырылдақ аспаптан айырмасы болмады.
- Бұл оның кемшілігі емес! – деп өзеуреді ән баптаушы. – Ол менің тәсілімді бұзбастан, әуеннің бабын сол күйінде орындап тұр.
Жасанды бұлбұлдың өзін шырқатты. Ол нағыз бұлбұлдан қалыспады, бірақ қымбат тастары жарқылдап әшекейі асып түсті!
Жасанды бұлбұл бір әнді отыз үш рет қайталаса да шаршамады. Тыңдармандар әлі де тыңдай берер еді, бірақ әмірші енді жанды бұлбұлды тыңдауды бұйырды. Бірақ ол сарайда жоқ болып шықты. Ашық терезеден ұшып шығып, тоғайға тартып тұрғанын ешкім де байқамай қалған еді.
- Оған не болды, мұнысы несі! – деп абыржыды әмірші, ал қызметші біткен бұлбұлды қайырым білмес қайырсыз екен десті.
- Қолымызда жақсы құс бар, несіне сасамыз! – деді де, жансыз бұлбұлға отыз төртінші рет бір әнді қайталатты.
Бірақ, әлгі әуенді ешқайсысы есіне сақтай алмады, әуен сондай ауыр еді. Ән баптаушы жасанды құстың тек қана әшекейімен емес, нағыз бұлбұлдан ішкі қасиетімен де асып түсетінін айтып, мақтауын жетістірді.
- Ал, жанды бұлбұлды алсақ, мәртебелім және қайырымды мырзалар, оның алдын ала не шырқайтынын біліп болмайсың, жасанды бұлбұлдың жайы белгілі ғой! Тіпті, жасандының өнерін талдауға және оны қақыратып ішкі құрылымын да көрсетуге, әрі оның адам ақыл-ойының жемісі екенін әйгілеуге болады!
- Мен солай ойлаймын! - деген пікірді әрбір қатысушы мақұлдап жатты да, ән баптаушы жасанды бұлбұлды келесі жұмада бұқараға көрсетуге рұқсат алды.
- Бұқара да оны тыңдап, бағасын берсін! – деді әмірші.
Бұқара жасанды құстың дауысын тыңдап, қытай шайына елтігендей болды. Шаттанған қарапайым жұрт жабылып, қытайша «О!» деп, бас бармақтарын көтеріп, ризалықтан бастарын изеді.
Ал, нағыз бұлбұлды тыңдап қалған кедей балықшылар былай деп жатты:
- Бұлбұлға ұқсағанымен, әуенге бірдеңе бәрібір жетіспей тұр!Не жетпейтінін өзіміз де білмейміз!
Жанды бұлбұлды мемлекет аумағынан аласталған құс ретінде жария етілді.
Жасанды бұлбұл әмірші төсегінің қасынан жібек тысты жастық үстінен орын алды. Оның айналасына асыл бұйымдардан ағыл-тегіл шашу шашылды. Оны енді «әміршінің түнгі үстеліндегі сол жақ басты шырқаушысы» деп атады. - әмірші оны өзінің жүрек жақ тұсына жайғастырды. Ән баптаушы болса, жансыз бұлбұлдың өнері туралы қытайдың оқымыстыларының пікірін жинап, небір ес тандырар әсем сөздермен әспеттеп жиырма бес том кітап жаздырды.
Алайда, сарай маңындағылар оның көңілі үшін оқып шығып, амалсыз түсіндік деп салқын ғана мақұлдап шықты, әйтпесе, оларды топас ретінде кінәлап, қарындарына дүре соғар еді.
Осылайша бір жыл өтті; әмірші өзінің сарай қызметшілерімен бірге, тіпті бұқараға дейін жасанды бұлбұл әуенінің әрбір нотасына дейін жатқа айтатын болды, енді олар құсқа қосыла шырқайтын болғасын оның әнін барған сайын ұнатты. Көше кезген балақайларға дейін: «Шиқ-шиқ-шиқ! Шоқ-шоқ-шоқ!» деп шуласатын болды. Әмірші де солай әнге басты.Оның қай жері керемет екенінде ешкімнің де шаруасы болмады.
Бірақ бір күні төсекте жатқан әміршіге сайрап тұрған жасанды құстың ішінде әлдене ыжылдап-быжылдап, әлдебір дөңгелек шыр айналды да, әуен шорт үзілді.
Әмірші ұшып тұрып, дереу емшіге адам жүгіртті, бірақ ол жансызға не істесін! Сағатшыны шақыртты, ол да шұқылап-шұқылап ілекерлеп жөндеді де, оны абайлап ұстау керектігін жеткізді: қырықаяқ дөңгелегінің тістері желінгенін, ал жаңа қырықаяқ салу мүмкін еместігін айтты. Бұл бір сұмдық болды! Енді жасанды шырқауықты жылына бір рет қоттау мүмкін еді. Бұл ауыр жағдай болды, ән баптаушы қысқа да нұсқа сөзбен құстың жаман жасалмағанын жеткізді. Солай болса, солай шығар.
Бес жыл өткен соң, ел қайғыға тап болды: әміршіні бәрі де құрметтейтін, ол болса өлім халында жатты. Болашақ жаңа әміршіні жария етсе де, халық топ-тобымен бас нөкерден қарт әміршінің халын сұраумен болды.
Ол болса - «Ыһы!» - деп басын қиқаң еткізетін еді.
Қарт әмірші өзінің ғажайып төсегінде қаны қашып, денесі мұздап жатты; сарай маңындағылардың бәрі оны өлдіге санап, жаңа әміршіге жағуға тырысты. Қызметші еркектер әрі-бері жүгірісіп, қауесет тасумен болса, қызметші әйелдер уақытты шай сораптап өсек соғумен өткізді. Бөлме мен дәліз біткенге аяқ дыбысы естілмес үшін кілем төселгендіктен, сарайда өлі тыныштық орнаған. Алайда, әмірші әлі көз жұмбаған еді, алтынмен апталып, күміспен күптелген құс төсекте ол қаны қашып сұлқ жатқан-ды. Ашық терезеден әлсіз әмірші мен бұзық жасанды құсқа толған ай сығалайды. Бейшара әмірші кеудесінде біреу отырғандай тынысы тарылып жатыр. Көзін ашып еді, кеудесіндегі Ажал екенін көрді. Ол басына әміршінің тәжін киіпті, бір қолына оның алтын қылышын, екінші қолына оның әсем кестеленген байрағын ұстапты. Мақпал шапанының қыртысынан алуан түрлі оғаш әлпеттер сығалады: біреуі жексұрын, енді бірі сүйкімді. Бұл Ажалдың әмірімен сүйретіліп шыққан әміршінің өміріндегі атқарған зұлым және қайырымды істері еді.
- Мынау есіңде ме? – деп олар кезек пе кезек сыбырлады. – Анау ше? – деп олар бірінен соң бірі жарыса әңгімелегенде, әміршінің маңдайынан салқын тер шыпылдады.
- Мен білмеймін, - деп беріспеді әмірші. - Әуен керек, әуен! Үлкен қытай дауылпаздарын тартыңдар! Мен мыналардың әңгімесін естігім келмейді.
Бірақ,аналар оған тоқтайтын емес, ал, Ажал болса, қытайға тән әдетпен басын шұлғумен болды.
- Әуен керек, ойбай әуен! – айқай салды әмірші. – Ең болмаса сен шырқашы, қайырымды алтын құсым! Мен сені алтынмен аптап, күміспен күптеп ем ғой, мен сенің мойныңа алтын кебісті ілдім, шырқасаң нетті!
Бірақ құстан дыбыс шықпады – оны қоттамағасын, ол шырқай алмас еді. Ажал әміршіге үлкен үңірейген көз ұясымен қарай берді. Бөлмеде құлаққа ұрған танадай тыныштық орнаған.
Кенет терезенің арғы жағынан таңғажайып әуен естілді. Бұл әміршінің сырқат екенін естіп, көңілін сергіту үшін келген жанды бұлбұл еді. Ол шырқаған сайын әміршінің бетіне қан жүгіре бастады; Ажалдың өзі еріксіз тыңдап қалды да: «Шырқа, шырқай түс, бұлбұлтай!» – деді.
- Ал, сен маған әнім үшін алтын сапты қылышты бересің бе? Әсем кестеленген байрақты ше? Тәжді ше? – деп Ажалдан сұрағыштай берді.
Ал Ажал болса, амалсыздан бұлбұл сайраған сайын асыл бұйымдарды бірінен соң бірін бере берді. Міне, ол тірілердің өлгендерді жоқтап, тамған көз жасынан айналасына ақ раушан шешек атқан, шөбі жайқалған тымтырыс мола туралы сайрады… Кенет Ажал өзінің бағын аңсап кетті де, аппақ салқын тұманға айналып, терезеден шығып ғайып болды.
- Рахмет, рахмет, саған қайырымды сандуғаш! – деді әмірші. – Сен менің есімдесің! Мен сені елден қуған едім, сен менің төсегімнен сұмдық елестерді, тіпті, Ажалдың өзін қудың! Сені немен риза етсем екен!
- Сен мені мәңгіге риза еттің! – деді бұлбұл. – Мен сайрағалы сенің жанарыңнан алғаш рет көз жасын көрдім, - мен мұны ешқашан ұмытпаспын! Көз жасы - әнші үшін баға жетпес марапат. Енді ұйықта да, сауығып, сергіп оян! Мен сені әніммен әлдилейін!
Әмірші сергек те рахат ұйқыға шомды.
Ол ұйқысынан оянғанда, күн нұрын төгіп тұрды. Қызметшілерінің бір де бірі бас сұқпады; барлығы да оның сауалуынан үмітсіз еді, тек жалғыз бұлбұл ғана шырқай берді.
- Сен менің қолымда өмір бойы қалуың керек! – деді әмірші. – Сен өз қалауың бойынша сайрайтын боласың, ал мен ойыншық құсты быт-шыт қыламын!
- Олай істемегін! – деді бұлбұл. – Ол қолынан келген пайдасын тигізді ғой! Ол бұрынғыдай сенде қала берсін! Ал мен сарайда тұра алмаспын. Маған өз қалауымша келіп-кетуге мүмкіндік бер. Сонда мен күн сайын кешкісін келіп, шырқап берем; менің әнім сені шаттандырады, әрі ойға жетелейді! Мен саған өз айналаңдағы бақыттылар мен бақытсыздар туралы, қайырым мен зұлым жайында жырлаймын. Жұдырықтай сандуғаш сенен жырақтағы кедей балықшы мен шаруаның лашықтарына да барып шырқауы қажет. Мен сені тәжіңнен гөрі сезімтал жүрегің үшін ұнатамын. Дегенмен сенің тәжің сондай ерекше қасиетті әсерге толы! Мен саған ылғи да келіп шырқайтын болам. Бірақ бір нәрсеге уәде ет!..
- Мақұл! – деді де әмірші өзінің үйреншікті патшалық кейпіне ене қалды; ол өзінің әміршілік киімі мен қолына алтын сапты қылышын қыса ұстай қалыпты.
- Бір нәрсені ғана өтінем – сен ешкімге де барлығын баян ететін кішкентай құс барын айта көрме. Сонда шаруаң тезірек оңғарылады!
Бұлбұл өтінішін айтты да ғайып болды.
Қызметшілер өлі әміршіні қарауға барды да, табалдырықта сілейген күйі сап түзеп қалды, әмірші болса, оларға былай деді:
- Аман-сау барсыңдар ма!