понедельник, 29 декабря 2008 г.

КӘЖ деген немене?

Көшпелі заманда қазақтың әр ауылында бір бай болғаны бар. Ол ауылдың экономикалық білегі де, әлеуметтік тірегі де сол бай болатын. Сондықтан да әр бай мырза болуға да, сараң болуға да қақысы бар еді. Мырза болатыны – «у ішсең - руыңмен іш», «өле жегенше – бөле же» деген антирыйноктық ұстанымды ұстамау, кәзіргідей аумақтық-әкімшілік бөлініске емес, рулық-ағайындық бөлініске негізделген қазақ қоғамының іргесін шайқалтумен парапар жәйт. Ал, «сараң» болмасаң, жылдап жыйнаған байлықтан күндеп айырылып қалудың қатері және бар. Оның үстіне маңдай терімен таппаған табысты иеленген пенденің байлық қадырын білгені шамалы. Айтып-айтпай не керек, қазақтың байында бүгінде көп айтылатын әлеуметтік жауапкершілік болған жоқ деуге ешкімнің дәйегі жоқ.
Сол дәстүр сабақтастығы бүгінгі Қазақстанда бар ма? Әрине, бар! Бірақ оны «кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігі», яғни – КӘЖ дейтін болдық. «Бақсақ - бақа екен!» демекші, халықаралық «стандарт» бойынша бұл ұғым мүлде басқаша аталады екен: Корпоративтік Әлеуметтік Жауапкершілік, бірақ бұл да – КӘЖ!
Сонда қазақстандық пен халықаралық КӘЖдің айырмасы неде, міне, қызық сонда! Біздегі КӘЖ бойынша кәсіппен айналысатындар (бірақ ол күнкөріс пе, әлде кәсіпкерлік пе, оны да ажырата қойған жоқпыз-ау) әкімнің иек қағуымен болмаса ықпалды партияның ымдауымен әлдебір «мемлекеттік маңызы бар» шараны қаржылауға тиіс болып шығады. Әгәрәки, қарсылық болса - жақсылық күтпе! Қоғам алдында әлеуметтік жауапкершіліктен жұрдай кәсіпкер ретінде «жауап» бересің.
Бірақ, отандық КӘЖі ойдағыдай кәсіпкерлердің ұтылып жатқаны жоқ: олар бере жүріп, алудан қағыс қалмайды. Мәселеңки, өзіне болмаса туысына мемлекеттік құйқалы жерден лауазым тиетіні елімізде кәдімгідей табиғи заңдылыққа айналған жәйт. Тіпті, болмаса өзі Мәслихаттың не Мәжілістің мандатын иеленеді дегендей. Ондай болмаған жағдайда аспандағы ай құлағандай, аңырып қалатын әдетіміз бар. Ал, шетелдік инвесторлар да өз КӘЖдерін жасақтап алған. Мәселеңки, елдің батысындағы шығыстық ірі компания әлеуметтік саланы тек қана облыс әкімі арқылы қаржыландырады, ұсақ-түйек, улап-шулаған қоғамдық ұйымдарға көз қырын да салмайды. Олар солай қазақ үкіметімен келісіп, ара-жігін ашып алған. Біздің үкімет пен жергілікті билікке де керегі сол, шетелдік инвестор ақшасын өз қалтасынан шығарғандай елге міндетси мақтанып PR жасауға шебер болып алған. Сондықтан ол жердің қай жерінде КӘЖ, қай жерінде «мазь» (жағар май) барын болжап немесе көріпкелдердің көмегімен білуге болады. Сондықтан да әлгі шығыстық айдаһар фирма жергілікті азаматтардың айлығын бірнеше есе, аз беруге «құқылы», олардың әлеуметтік қажеттеріне қарайламауға «құзырлы». Тіпті, жергілікті жұмысшыларды өз елдерінің әнұрандарын айтқызып, басынуға да мүмкіндіктері мол. Мұның бәрі орын алып, кәдімгі көз бен құлақ үйренген жәйттер. Ал, оны қорғай алатын жергілікті үкіметтік емес ұйымдардың халдары мүшкіл, сыздықтатып, тыйын татыратын әлгі әкімдерге кіріптар. Тиісті құқық күзететін мемлекеттік органдары да көздерін жұмып отыруға мәжбүр. Осылайша, КӘЖ мәселесі түгіл, кей жағдайда мемлекеттік құзырдың өзі кейбір инвесторларға әлі келмейді.
Қойшы, біздегі КӘЖ нұсқасының соншалықты адам шошырлықтай түрі жоқ, керісінше, әлеуметтік алшақтық пен құлдыраудың алдын алу құралына айналғандай сипаты орнығып-ақ қалды. Қысқасы, «береген қолым - алаған» ұстанымының жүйесі орнығып, қоғамымыз сонымен «зырғып» келеді.
Ал, КӘЖ мәселесі дамумен дандайсыған елдерде қалай? Оларда КӘЖ дегеніміз - күрделі! КӘЖдің америкалық, ебропалық жапандық, үнділік секілді ұлттық түрлері бар екен, олардың өздеріне тн ерекшеліктері тағы жетеді. Дегенмен, әлем мойындаған КӘЖге тән ортақ нәрсе – оның тек қана кәсіпкерлерге емес, билікке де жауап жүктейтіні. Сөйтіп, басқа жұрттарда әлеуметтік жауапкершіл билік (ӘЖБ) деген ұғым бар екен! ӘЖБ бойынша, билік бизнеске үлгі көрсетіп, елдегі ең ірі жұмыс беруші болып табылады және ашық түрде сатып алу мен тендер өткізіп, оған мөлдір сипат береді. КӘЖді басып-жанышпайды, ынталандырады, сонымен бірге жыл сайын әлеуметтік сараптамалық есеп жариялайды т.т. Бұған қоса, өзін өзі әлеуметтік жағынан қамтыған қалалар санын көбейтумен тағы айналысады екен. Осы жерде қолжайды болған шағын қалаларымыздың жайы амалсыз еске түседі. Ал, оның әрбір ахуалы әлемде өлшеніп-пішілген дәстүр екен.Тіпті, үкімет елдегі әрбір ұйымның КӘЖін бақылауға алады болмаса нығайтуға шешім қабылдайды. Сөйтіп, сол ұйымдарға қатысты әлеуметтік жауапкершіл ұйым (ӘЖҰ) деген тағы бір ұғым шығады.

Қорыта келгенде, КӘЖ дегеніміз - қоғамға ортақ жауапкершілік болып табылады, оны кәсіпкердің жеке міндеті ету биліктің жауапсыздығы болар еді.
С. Әбдірешұлы.