понедельник, 6 августа 2007 г.

«МЕМТІЛ» ОЙЫНЫ

немесе ұлт тағдырымен жасырынбақ ойнау

Сырт көзге бір қарағанда биліктің мемлекеттік тілге деген көзқарасы шұғыл өзгеріп, елбасшының Қазақстан халықтары ассамблеясының 12-сессиясында сөйлеген сөзі осы бағыттағы саясаттың күрт өзгеру көрінісі десек, үлкен кәтеге ұрынамыз. Өйткені, әлгі сессия ел саясатын күрт өзгертуге апаратындай соншалықты ықпалды саяси немесе қоғамдық құрылым емес, Бұл – Қазақстанның ұлттық саясаты ылғый да жүрдім-бардым, тиянақсыз шешіліп жүргендігінің тағы бір көрінісі. Әйтпесе, мұндай мәселе, Қауыпсыздық Кеңесінде болмаса Парламенттің біріккен отырысында неге қаралмайды немесе Президенттің жылсайынғы халыққа жолдауында неге басты көрініс таппайды? Бар мәселе, елдің басты проблемаларының осылайша тайғанақ жағдайда шешім қабылдануында. Мұндайды басқа елде «ұлт тағдырымен жасырынбақ ойнау» деп бағалар еді.
Қалай болғанда да Қазақстанда қалыптасқан жағдайға қарап, бұған да шүкір дейміз, оның болмауы да,тіпті, керісінше, шешімнің қабылдануы да бек мүмкін...
Алайда, елбасшының жоғарыдағы тарихи бастамасын заңды да, пәрменді дей алмаймыз, оның үстіне ол ықпалды құжат болып табылмайды. Тіпті, іргелі бастама болған күннің өзінде елдегі тіл саясаты соншалықты түбірлі өзгеріске түсіп жатқан жоқ, жай ғана сылап-сыйпау мен бірдеңе істегенсу болып табылады. Қысқасы, елдің алдына енді «Мемтіл» аталатын жаңа ойын тасталып отырғандай. Бұл ойын елбасшының әлгі сөзін талғажау етіп, әржерлерде отырыстарды қоздатумен және іске өмірі аспайтын әрі қадағаланбайтын пәрменсіз іс-шараларды желбіретуге арналған. Бәлкім, Айталы Амангелді ақсақалдың тіл жөніндегі қыйсылына мен үкіметке сенбеймін деуі содан да шығар. Егер бұл ойын болмай, байсалды мемлекеттік саясат болғанда мына жайттар өзінің қыйсынды нәтижесін берген болар еді:
- отыздан аса Мәжіліс депутатының 2006 жылғы ұсынысы бойынша Конституциялық кеңеске елдегі басты ресми тілді атамай отырғандығы;
- «Мемлекеттік тіл» туралы заңжобаның қаралмауы;
- Мемлекеттік органдардағы жүргізілмекші әкімшілік реформасының өзегі ретінде олардың мемлекеттік тілді мойындауы мен білу талабының қойыла бастамауы;
- Мемлекеттік тіл ахуалының нақты көрінісін бағамдау үшін барлық сала бойынша тілдік мониторинг жасала бастамауы;
- Тілдерді дамытуға бөлініп отырған екі миллиард ақшаның бюджетке Көктен түскендей болмай, алдын ала негізделген жобаларға бөлінбеуі;
- бұған дейінгі бөлінген қаржылардың тиімділігінің қаралмауы;
- Мемлекеттік тілді дамытудағы басты бағыттардың анықталмауы;
- Тіл комитеті мен департаменттердегі біліксіз де кездейсоқ басшылардың кетірілмеуі және бұл салаға конкурс арқылы ең жақсы жобалар мен бағдарлама ұсынған адамдардың іріктелмеуі;
- Білім беру саласындағы тіл мен мемлекеттік тілді енгізу және дамыту саласының ара жігін ажыратып, құзырдың айырылып сәйкес органдарға бөлінбеуі;
- Елдегі тіркелген бес мың ақпарат құралының қазақ тіліндегісінің бар-жоғы 8-9 пайыз екендігіне талдау жасап, сәйкес шешімнің қабылданбауы;
- Шетелдік БАҚ-ға Қазақстан заңдарына сәйкес талаптың қойылмауы;
- Қазақтілді БАҚ-ды дамыту бағдарламасының жасалмауы;
- «Жарнама туралы заңда» тіл саясатының көрініс таппай отыруы;
- Халықты мемлекеттік тілдегі ақпаратпен қамту мәселесінің арнайы қаралмауы т.с.с.
Бір тіксінтетін жайт, биік лауазымдағы орыстілділердің телеэкран алдында «шпаргалканы» оқып тұрып, қазақ халқын әумесер көруге жаппай әуестігі! Бұрын бұл жағынан Ертісбаев лидер болса, енді бұл топты Премьер бастайтын сыңайы бар. Мұнымен қоймай, енді қазақ тілін шала сөйлейтін, бұрын түсімізде көрмеген, телевизиялық біліктілікті игермеген қазақ емес жастар экран алдындағы жаңалықшылар қатарына оңай қосыла қалды. Ал, бұл оған бес жыл бойы оқыған қазақтілді қазақтардың қолы жетпей жүрген армандары емес пе?! Тағы бір шыжық, Қазақстанның Конституциясын тікелей бұзуды енді мемлекеттік органдардың өздері президенттің әлгі сөзіне сілтеме жасау арқылы, ұйымдарындағы іс-шараға айналдыруда: ол – мекемелердегі қазақ тілін игерген қазақ еместерге бөле-жара сыйақы беру мәселесі. Сөйтіп, мемлекеттік ұйымдар ел азаматтарын ұлттық жіктеуді көзбе көз іске асыра бастады. Мұндағы мақсат – қазақтілді қазақтарды қайткенде де мемлекет басқаруға жеткізбей, жұлынын қыйу екені көрініп тұр. Сонда Шелектегі ұйғыр отандасымыздың «Жер – сіздікі, билік – біздікі!» дегені бекер айтылмаған болып шыққаны ма?! Сірә оның жауапқа тартылмай отыруы да осының шындығында болар... Тіпті, кәзір кейбір қазақтардың әзіл-шыны аралас болса да, құжаттағы ұлтын өзгертіп жазу мәселесін де айта бастағаны өтірік емес. Кім біледі, бұл да Қытайда болып өткен «Мәдени сілкіністің» қазақы нұсқасы болар.

Әңгімені көпке созбасақ, талай жылдар бойы айтылып келе жатқан осы мәселелердің пәрменді де тиянақты шешімін таппауы, кәзіргі тіл саясатының әншейін ойын екендігіне еріксіз сендіреді. Алда-жалда бұлар қолға алынып жатса, біздің елдің де етегін жабуға шынымен де ес жыйғаны болар деп түйер едік. Бірақ, Амангелді ақсақалдың айтқаны болып жүрмесін...

Комментариев нет: