понедельник, 6 августа 2007 г.

БАСПАНА - БІТЕУ ЖАРА

Алматыда баспаналық бітеу жараға айналған “Шаңырақ”, “Бақай” секілді атауларға астаналық “Қоянды” қосылатын түрі бар. Халқымыздың тарихында “Қоянды” атауы әйгілі жәрмеңкеге қатысты болса, бүгінде астанамызға таяу жерге “оралман” атауын арқалап, отанына азып-тозып жеткен қандастарымызға қатысты болуда.
2004 жылғы тамызда Көші-қон агеттігінің сол кездегі басшысы Алтыншаш Жағанова мен Астана қаласы әкімінің орынбасары Төлеген Мұхамеджанов бастап, оларды Нұх Оразхан мен Қайрат Солтанбай бастаған бірнеше оралмандар нөкері қостап, болашақ іргелі ауылдың қазығы қағылады, ақсарбас айтылып, садақа беріледі, той жасалады, жорналшылар арқылы жамағатқа жар салынады, қысқасы, оралмандарға үй салуға жер бөліктері теліне бастайды. Сөйтіп, сол жылы 8 үй бой көтеріп, Қояндының қысын қыстайды. Аталмыш мәселе бойынша оралмандардың мүддесін қорғап, баспасөз мәслихатын өткізген “Азаматтық қоғам” қорының қызметкерлері Зәуреш Батталова, Бауыржан Шақарбекұлы, қояндылық оралмандар тобының мүшелері – Алуайұлы Бақыт пен Ақатұлы Қапардың айтуларына қарағанда, мәселенің шешіміне тиек болған аталмыш екі мемлекеттік ұлық болғанмен, басты ұйымдастырушы “Жаңа қадам” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұх Оразханұлы көрінеді. Тағдырлас жанұялардың әрқайсысынан мыңдаған теңгені телімделген жер ақысы ретінде жинаған Нұх (ауызың пайғамбар дей жаздайды екен) мәселені аяғына жеткізбей, құжатталмаған жер телімдерін қоянша шұбырған оралмандардың Қояндыға жиналған 655 отбасына шүленше таратыпты, бірақ, жинаған қаржының не құжаты жоқ, не есебі жоқ. Бір қызығы, бастаған істерін қадағаламастан, сиырқұйымшақтанған мәселені шешпестен, Астаналық әкімнің композитор орынбасары мен “оралмандану” үдерісінің бас бұйдасын ұстаған Алтыншаш тәтей өздерінің сол кездегі лауазымдарын өзгесіне айырбастағалы да біраз жылдың жүзі болды. Олар неге екені белгісіз, үй салуға бөлінген жердің құжатталу керектігінен хабарсыз болған ба, әлде, оны атқартуға тиісті органдарды таба алмағаны ма болмаса Қоянды жерінің Ақмола облысы Целиноград ауданына қарасты екенінен хабарсыз болғаны ма, әйтеуір, өздері бастаған істі шешілдіге санап, 2007 жылғы 5-мамырдағы аталмыш ауданның ұлықтары келіп “Жерлерің заңсыз, күреп тастаймыз!” дегенше, қаннен қаперсіз жүре беріпті. Айтпақшы, былтыр мамырдың 15-де Төкең бастаған алты депутат, облыс әкімінің орынбасары Отаров қостаған ауыл-аудан әкімдері мен Көші-қон комитетінің орынбасары, Астана қаласы көші-қон департаментінің бастығы екінші рет келіп, “Үйлеріңді алаңсыз сала беріңдер, заңдастырып береміз, тек жоба бойынша болсын” деп тағы да той-томалақтатса керек.
Әйтсе де, осы екі арадағы уақыт ішінде, ыждағатты қандастарымыз 81 үй, 114 уақытша үйшік қалап, 210 үйлік іргетас құйып үлгерген. Бұған мемлекет бөлген квоталық соманың кеткені және рас. Сөйтіп, Астананың Қарағандыға шығар жолының бойындағы бүйірінен орын тепкен, отансырап келген ағайынның жағдайы тұйыққа тірелгелі біршама уақыт болып, ал елдегі заңға орай мүлікті заңдастыратын уақыттың бітуіне 1 айдан сәл асатын мерзім қалды. Олардың бармаған босағасы, қақпаған есігі қалмаған. Ақыры, мәселе ұшығып, Целиноград аудандық әкімшілігі тарапынан төнген қауіпке ұлғая бастағасын, өз ара құқықтық қорғану тобын құрып, “Азаматтық қоғам” қорына келіп ақылдасуға мәжбүр болған. Аталмыш қордың астаналық жетекшісі З.Батталова бастаған қоғамдық комиссия құрылып, аудан басшылығының есігін басқаша қағуды қолға ала бастапты. Соған орай, әкімдіктегі бұған дейін өзгеше сайраған шенділер шекелерін қасып, жер телімдерін заңдандыруды қолға алуға кірісетіндей жай байқатыпты. Алайда, ауызы күйген қояндылықтар, Конституция белгілеген өздерінің наразылық еріктерін пикет арқылы бой көрсетумен, саяси ұстанымдарын бекітуді ұйғаруда. Сөйтіп, отанға оралып, Қояндыға орын тепкен қазақтар 3 шілдеде пикетке, 8 шілдеде митингке шығуға әкімдікке өтініш түсірсе, аудан әкімі ол өтінішті орындауды аудандық мәслихат хатшысына жүктепті де, өзіне тиесілі міндетті өзгеге ысыра салып, мәселеден басын ала қашыпты.
Шынтуайтына келгенде, Қояндыдағы оралған қазақтардың жайын қорыта келе, аталмыш сала бойынша атқару билігінің өз міндетін жоғары деңгейде де, төменгі ауқымда да атқара алмай, жұртты қор қылып отырғанына көз жетеді. Бұл жайт билікті сауатсыздық пен дәрменсіздік жайлағандай әсер қалдырады. Әйтпесе, үш жыл бойы үш мыңнан аса адамды өркениеті өркендеген 21-ғасырда, экономикасы өрлеген Қазақстандағы қаңырап жатқан қара жерді бөлуге заңнан бап таба алмай қаңғыртып, құзырдың құтын қашырардай қандай қара басып еді?! Бар мәселе, сол биліктің қалай жасақталуында емес пе екен?

Комментариев нет: