четверг, 9 августа 2007 г.

ДАЛАЛЫҚ ӨНЕРДІҢ БІТІМІ

НЕМЕСЕ
ҚАЗАҚЫ ӨНЕРДІ ӨГЕЙСІТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖӨНІНДЕ

Көшпенді мен көшеген

Әңгімеміз көшпенділік өнерге қатысты өрбіп отыр. Осыған орай мына жайтты ашып кеткен жөн. Қазыр сіңісіп кетсе де, қайта-қайта талқыға ұшырап жүрген «көшпенді» термині дұрыс па? Бізше, жоқ. Өйткені, «көшпенді» сөзі кейбір оқымыстыларымыз айтып жүргендей жағымсыз мағынамен шектелетін сөз емес, көш үдерісінің салдарын ғана білдіретін ұғым. Дәл осындай белгілі бір процестің салдарымен шектелетін алқынды, шайынды, қосынды, азайтынды, көбейтінді, туынды секілді сөздерді тізе беруге болады, бірақ олар жағымсыз мағынаға ие емес. Демек, көш үдерісімен өмір сүретін халықтарды «көшпенді» деу дұрыс болмайды. Далалықтарды көшпелі өмірдің салдары деп қана қарау жеткіліксіз, олар көш үдерісінің тұтушысы (носителі). Шын мәнінде «көшпенді халықтар» деп жүргеніміздің өзі үнемі көше беретіндер емес, олардың жатаққа айналуы да, отырық елге сіңуі де оңай болған, тіпті «көшпенділер» егіншілікпен де, қала өмірін бағындырумен де, басқарумен де, бірнеше қалалардың экономикасын бақылаумен де айналысқан. Әсіресе, көшпелі халықтар үшін «Туған жер» ұғымы кие болып табылады және ол Бұдүниедегі темірқазық ұғымымен тең категория. Әрине, «көшпенділер» ұғымы шын мәнінде отырықшылар тарапынан далалықтарға таңылған атау және де аталмыш терминді қазақтардың өздері отырықтанған соң дүниеге келтірді.
Ендеше, «көшпенділер» деп сыған секілді, бір кеңістіктен екінші бір кеңістікке өтушілерді атаған жөн. Ал, біртұтас Дала атты кеңістікте қыдырыстап жүріп өмір сүру тәсілін меңгерген далалықтарды көшегендер деген барынша әділ. Далалықтар ғарышты біртұтас кеңістік ретінде қарастырады да, адам өлгенде сол кеңістікте бір күйден (пендеден) екінші (аруаққа) бір күйге өтеді деп санап, келген жағына қайтты деген түсінікпен өмір сүреді. Далалықтар үшін біртұтас өмірдің Бұдүниедегі тірлігі жалған да уақытша, Одүниедегі көрінісі шынайы және мәңгі. Осы жағынан алғанда далалықтар Бұдүниеге қыдырып кету үшін (қазырғыша - Одүниеден іссапарға) келетіндей өмір сүреді және ӨМІР деп Жаратқанның ғана өнімі болып табылатын адам жанының екі дүниеде бірдей көшіп жүруін мойындайды да, бұдүниедегі өмірді де сол тұжырымға бағындырып, көшпелі тірлікті місе тұтқан. Басқаша айтқанда, адамзаттың бұл бөлігі кеңістік пен уақыттың ауанымен өмір сүру салтын орнықтырған. Сөйтіп, физиканың заңы бойынша қуаттың қозғалыста ғана туындайтынын ескерсек, көшегендердің пассионарлық қуатқа жиі жолығуы олардың кеңістіктегі қозғалысқа негізделген тірлігіне байланыстылығы шығады. Ал, ғарыштық қуат дегеніміз - басқа жағынан алғанда ақпарат! Егер де өнердің Ғаламның төрінен күй, ән, жыр ретінде келетін ақпарат (шабыт) екенін мойындасақ, бұл жағынан отырық жұрттардың көшегендерден дарынды болуы мүмкін емес! Бірақ, отырықшылар өздерінің бұл «кемістігін» көшегендерден сіңіру арқылы толықтырып отырады. Аталмыш процесті белгілі бір даму деңгейіне көтеріліп болған батыс елдерінің әрі-беріден соң интеллектуалдық тоқырауға ұшырап, идеяны дамушы елдерден таситынынан көретініміз сондықтан. АҚШ-тың өзінің барлық ғылыми жаңалығын дерлік эмигранттар (қазырғы көшегендер) есебінен толтыратыны осыған негізделген. Демек, дамушы елдер даму жолындағы яғни қозғалыстағы елдер. Ал, қазырғы отырық елдер қозғалысты аяқтауға айналған жұрттар. Әрине, қозғалыс категориясы бұл жерде кең мағынасында ішкі және сыртқы қозғалыстың бірігімі түрінде қаралғаны жөн: ішкі қозғалыс дегеніміз – дамудың қуаты, ал сыртқы қозғалыс дегеніміз – кеңістіктегі орын өзгерту. Біз айтып отырған көшегендер қозғалыстың осы екі сыйпатын үйлестіре пайдаланған. Олар көшу арқылы кеңістікті өзгерте отырып, өзге әлемге (құрлыққа, мемлекетке) безбейді, өз жайлауын, күздеуін, қыстауын және көктеуін жағалайды; осылайша экологиялық тазалық принципін сақтай отырып, көктің қуатын тартып, ішкі қозғалысты (шабытты) іске қосады. Көшегеннің өмір салты аспандық принципке негізделген; қазақтар үшін Темірқазық аспандағы басты объект, ол жылжымайтын және өзгермейтін базистік субиект болса, жер бетіндегі Темірқазықтың рөлі көшеген үшін кіндігі кесілген Туған жер болып табылады. Мәні әлі күнге ашылмай отырған қазақтың емірене айтатын «Айналайын!» сөзі, бәлкім, әлгі «темір қазықты» марапаттау мен табынудан шыққан болуы ғажап емес.

Өнер бөлек, искусство басқа
Қазақ халқының сөз бен саз өнері негізінен импровизацияға негізделген. Бұл жағынан алғанда мұны далалық өнердің басты ұстанымы дей отырып, батыстың (дәлірегі – отырық елдердің) искусствосынан гөрі ерекшелейтін қасиетін атаған жөн. Отырық өркениеттің искусствосы адамның айналасына қарым-қатынасынан туындаса, далалық өнер адамға КӨКтің немесе ғарыштық құдыреттің ықпалынан болмаса көшегеннің КӨК-ке қатынасынан өнеді. Сол себепті де қазақ халқы өнерді кие тұтып, Жаратқанның сыйы деп қабылдап, өнер иесін сол құдыреттің кәдесіне жараушы ретінде қадырлейді. Сондықтан да көшегеннің өнері мен тамашалаушының арасында сахна жоқ, кулуар секілді қуыс-қолтықсыз, делдалсыз, өнердің туу сәтінен бастап, оның орындалуына дейінгі барлық процесс тұтынушысының көз алдында ашық өтіп жатады. Бұл жағынан алғанда, қазақ өнеріне жететін демократиялық сипаты бар өнер аз, бірақ бұл - искусство емес. Өйткені, искусство адамға ғана тән болса, ал импровизация Көктің төрінен «тартылатын» (суырылатын) және «өнетін» құдыреттің бір бөлшегі болып табылады. Сол себепті де, далалықтар саз өнеріне қатысты «тарту» ұғымын пайдаланады: домбыра тарту, қобыз тарту, сырнай тарту. Мұның түбінде саз сарынын Көктің төрінен суыртпақтап тарту үдерісін мағыналау жатыр. Бұл жағынан қарағанда көшегендердің өнер турасындағы түсінігі отырықшылардан әлдеқайда бөлек. Себебі, отырықшы халық саз аспабымен «ойнайды»: «играть на гитаре», «играть на балалайке», «играть на домбре» т.б. ұғымдары осыны көрсетеді. Олар үшін өнер өнер емес – искусство, адам қолынан жасалатын өнериеттік өнім. Ал, өнер - бұл далалық өмірде ғана барынша сақталатын және Көк пен өнерпаздың бірлесу процесінің нәтижесі, алайда қазырғы отырықтанған қазақтардың мұндай өнерге ие болуы аса сирек. Сондықтан да суырып салып күй шығарған қазаққа қазыр жолығуымыз екіталай. Бұл – қазырғы қазақтың отырықтану үдерісіне ұшырағанының белгісі. Отырық өркениеттің искусствошылдығы сонда - адамның кеңістікте бір ғана қоныспен шектеліп, айналаның (қоршаған ортаның) ғарышпен қатынасына мүмкіндік жасайтындай экологиялық кедергіге тап болуында, құдыретті өнерді қабылдауға қажетті бойдағы қабылет көздерінің бірте –бірте бітелетіндігінде.
Жалпы, о бастағы далалық өнердің туындысы қазыр искусство ретінде мойындалып жүргенімен, оның арналу мақсаты адамның көңілкүйін білдіруі емес, Адам мен ЖАРАТУШЫНЫҢ арасындағы қарым-қатынастан туындайтын болуы керек. Бірақ мұндай қатынас адамзат мойындаған киелі жерлерде іске асуы ықтимал. Біздің пайым бойынша, сондай киелі жерлердің бірі ежелгі түркілердің кие тұтқан Қайлас тауы болуы ғажап емес. Әрине, ондай құдыретті мекендерді экологиялық жағынан әлгіндей қатынасқа қолайлы болатындығымен киелі деп есептеу керек болар. Бертін, далалықтардың бойындағы бұл қатынас дами келе, өнердің (күйдің, жырдың, айтыстың, әннің) туындау процесіне айналған болса керек те, сонымен бірге көшегендердің бойына сіңген экологиямен арадағы тығыз қарым-қатынас олардың тірлігінің мәніне айналған. Міне, сондықтан да көшегендердің өнері секілді ішкен асы да соншалықты қарапайым, әсіре өңдеуден өтпейді, барынша табиғи. Симфония мен күйді, қымыз бен шарапты салыстыра отырып, осындай ойға амалсыз келуге болады. Симфония өңдеусіз қалмайды және оның бір ноталық ноқатын өзгерту мүмкін емес. Ал, күй қалай шықса, солай тартыла береді, бірақ әр күйшінің өзінше орындау мүмкіндігі бар, өзінің қосары мен өзгертері бар. Былайша айтқанда «жабайы». Егер «жабайы» сөзінің ұғымына адамның қолына қатысы шамалы айналаны жатқызатын болсақ, отырық халықтардың көшегендерді о баста осылай атауының мәні – оларды мәдениетсіздікке жатқызғандығында емес, тірлігінің табиғатпен сіңісіп кеткендігінен атаса керек. Яғни далалықтар жасандылыққа емес, бар болмысын табиғилыққа (натура - жабайы) арнаған. Алайда, отырық саясаттың нәтижесінде аталмыш көшпелі болмыс бара-бара келемеж бен күстәнәға айналған. Алайда, отырықшылар қай нәрсені де өңдеуге қабылетті, ал көшегендерге басқы туындатушылықпен шектелу тән.

Өнерге сай жағдай қажет
Сонымен көшеген қазақтың өнері искусствоға жатпайды, Жаратқанның көңіл-күйі іспетті шынайы үдеріс туындысы, сонысымен табиғи кен секілді «олпы-солпы», сонысымен табиғи да пәк өнер. Сондықтан да қазақ өнерін тудыру үшін кулуар да, сахна да керек болмаған, керек болған бір нәрсе ол - өнерпаз бен тамашалаушы ортаны біртұтас ететін бірыңғай аудитория ретінде, ғаламдық моделдің аян қабылдаушы үлгісі - қарүй болса жеткілікті болған. Өйткені, екі дүние арасында қыдырушыларға айналасы жұп-жұмыр өнер тудыру міндетті болмаған, соған сәйкес оның театр деп аталатын шеберханасы да қажет емес, себебі, далалықтар үшін табиғатты жатсыну ұғымы жоқ, олар үшін театр үдерісі кеңістік пен уақыт аясында туындайтын өнер болып табылады.
Қазақ өнерінің ғаламдық туындылық қасиеті оны ғарыштық жағымды қуат әкелуімен ерекшелейді. Осылайша ғарыш моделі – киізүйдегі өнер Көктен «өнген» күйінде сол бойда импровизациялық процеспен адам бойына делдалсыз сіңірілген. Мұндай саф өнер - киелі. Жағымды да жасампаз тірі қуатты қазақ кие деп атайды. Кие неғұрлым Далаға еркін тараса, соғұрлым оның жасампаздық ықпалы зор болған, Дала құтханаға, ал қарүй храмға айналған.
Қазырғы кезде Кеңес заманынан бастау алған қазақ өнерін ебропалау дәстүрі оны «театрландыруды» бастан кешіруде. Сондықтан да айтыскерлеріміз әртіске көбірек ұқсас, жыршыларымыз болса сахнаға «сыймауда». Сахна біртұтас болып табылатын қазақ өнерінің орындаушысы мен тұтынушысы арасын ажыратып жіберді. Бұл өнерпаздардың бойына жағымсыз қылық дарытуда. Қазырғы айтыс өнер көзі емес, табыс көзіне айналды, бірақ айтыс өзінің мазмұны жағынан бұрынғы деңгейіне жете қойған жоқ. Жыр мен терме тек қана фольклорлық маңызы бар дүние ретінде тамсандыруда. Қазақ өнері үшін бұл жеткіліксіз. Аталмыш өнер түрлері фольклорлық шеңберден шығып, заманның классикалық (қадырлы) өнер нұсқаларына айналуы қажет. Ал, ол үшін сол өнердің табиғатына сай жағдай жасалғаны жөн. Қысқасы, қазақтың төл өнерлерін сахнаға қамауды доғарып, тұтынушымен кіріктіріп, ежелгі өнер үдерісін жасақтау қажет. Бұл жағдай аталмыш өнерді фольклорлық ауқымнан классикалық ауқымға кеңейту мен өнердің төл сипатына сай жағдай жасауды талап етеді.
Осылайша Өнердің өзіне тән әлемін жасақтау күн тәртібінде тұр. Себебі, қазақтың сағаттап көсілетін айтысына, жырына, термесіне сәйкес арнайы өнержай қажет, қазырғы ебропалық ғимарат тұрқы қазақы өнердің киесін кетіріп, рухын түсіріп, кеудесін қысуда. Қысқасы, киелі Далаға Көк қуатын тартатын және ұлтқа шабыт шақыратын қазақтың сөзі мен сазына арнайы сарай салудың уақыты келді.

Комментариев нет: