понедельник, 6 августа 2007 г.

«АЛДАСПАН» ЖАЙЛЫ БІРЕР СӨЗ

немесе жас баскерлерге* тарихи дәріс
ЭССЕ

АҢДАТУ
Қазіргі демократиялық қоғам қазақы ұғыммен айтқанда, үш жүзден (сектордан) тұрады: мемлекеттік, коммерциялық және қоғамдық жүздер.
Қазіргі кезде «үкіметтік емес ұйымдар», «коммерциялық емес ұйымдар» деген сыңайдағы атауларға ұшыраған қоғамдық бірлестіктер туралы мемлекеттік тілде сөз арнай бастайтын уақыт жетті. Әсіресе, жастар ұйымдарының тақырыпқа талғажау болуы өзекті болып отыр. Өйткені, елдегі соңғы кездегі саяси үрдістің қалыңдауына байланысты жас ұрпақты қоғамдық-саяси науқанға тарту ерікті де, еріксіз де сипат алып отырғаны аян. Жастарымыз, қоғамдағы саяси субъект болғаннан гөрі «тегін қосалқының» (бесплатное предложение) ролін атқара бастады. Қазақстанда 300-ге тарта жастар ұйымы болғанмен, солардың бір де бірі қазырғы заманның Ғани Мұратбаевын баскер ретінде шығара алмауда. Бұған басты себеп, жастарға қоғамның қолбаласы деп қараудан туындайтын көзқарас орныққандықтан. Бір де бір партияның «жастар қанаты» шын мәнінде қиял мен істі самғата алмауда. Қысқасы, жастардың ерікті ұйымдарының пайда болуына мүмкіндік жасайтын уақыт туды. Ол үшін ең бастысы – жастардың өздерінің бастамашылдық қабілетін ұштай білуі қажет. Бұл жолда осы мақалаға өзек болып отырған өткен ғасырдың 90-жылдары Ақтөбе облысында пайда болып, қоғамдық ортадан өз орнын алған «Алдаспан» ұйымы жайындағы естелік, қазырғы жас баскерлерімізді ойға қалдырар деген мақсатпен жариялап отырмыз.
Өкінішке орай, қазақ тарихшылары жаңаша тарихты (новейшая история) зерделеп үлгере алмауда. Соның бір дәлелі - ХХ ғасырдың 90-жылдары құрылған ұйымдардың тарихын әлі күнге халқымыздың тарихы ретінде қарамауы, жаза алмауы.Содан да болар, қазырғы пайда болып жатқан қоғамдық бірлестіктер бұрынғы тарихқа қарап зерделеуге мүмкіндігі болмағандықтан, бұрынғы қатені қайталауда, «балалық аурудан» арыла алмауда. Сол себепті де бірінші жақтан баяндалса да, тарихшы болмасақ та, тарих жасақтаушы субъектінің бір бөлшегі ретінде осы жолдарды риясыз жариялап отырмыз, кем-кетігімізді оқырман кешірер.
Ақтөбе облысындағы қоғамдық ұйымдар көшін бастағанымен, қазіргі ұрпаққа беймәлімдене бастаған «Алдаспан» бірлестігі туралы жастарға мәлімет беру қисынды болар еді. Бұл қисынға соңғы кездері еліміздегі жастар арасында қоғамдық-саяси жағынан жаппай ояныс бола бастағанын да қосқан жөн. Аға ұрпақтың осындайда жас буынға қамшы салдырмай-ақ жол көрсеткені жөн болар деген оймен осы мақаланы қазіргі қоғамтанушы жастарға арнағанды міндет қылдық.
Оның үстіне Ақтөбеде, тіпті Қазақстан бойынша тұңғыш құрылған қоғамдық ұйымдар қатарынан саналатын «Алдаспан» бірлестігінің ең әуелі жастардың пікірталас клубы түрінде дүниеге келгеніне 2005 ж 24 қаңтарда 15 жыл толған-ды.
Серік Әбдірешұлы - «Алдаспан» бірлестігінің негізін салушылардың бірі.


* Баскер - лидер

«Алдаспанның» Үнгісі (девизі) : Өз тағдырымызға - өзіміз қожайынбыз!

«Алдаспанның» Ұраны:
Елім үшін жігерді тауға сүйреп,
Халық үшін басымды тасқа ұрам.
Қазақ үшін жанымды көрге сүйреп,
Қажет болса, өзімді басқа қылам!


Рухани - пассионарлық қуат – отаншылдықтың көзі.
Қазіргі кездегі қоғамдық-әлеуметтік салалардың түрлісін қамтыған қоғамдық ұйымдардың бастауында 20-ғасырдың 90-жылдарында ұлттық мүддені нысана еткен ұйымдар құрыла бастаған болатын. Әдетте мұндай құбылысқа қоғамдағы болып жатқан түрленулер ықпал етпей қоймаушы еді. Сол себепті де еліміздің батыс аймағындағы Маңғыстау облысында Жаңаөзен оқиғасының дүмпуімен «Парасат» қоғамы дүниеге келсе, Ақтөбеде 1990 жылғы қаңтарда «Алдаспан» пікірталас клубы құрылған болатын.
«Алдаспан» ұйымы туралы аз-кем жаза отырып, қазіргі жастарға үлгі боларлық және қитұрқысы мол қоғамның қатпарына үңілуге ой сала кетейік.
Қалғыған ұлттық рухты оятатын да, оны қажетті арнаға бұратын да бойына ұлттық жігер жинаған, азаматтық пассионарлық қуаты кеудесін керген құлшынымпаз (энтузиаст) адамдар. Олар өзіне тиісті пайданы өзгеге, халыққа, ұлтқа деп қана өмірді оздырады. Мұндайлар өздеріне бар болғаны ұлттық рухтың биіктегенінен рахат табумен шектеліп, тіпті, абырой да, жалған өмірдің азды-көпті табысына да қарық болмаған күйі өтуі ғажап емес. Осылайша ондайлардың өмірлік мұраты да, тағдыры да солай қалыптасады.
Ақтөбеде 1990 жылы 24 қаңтарда сағат 18-де алғашқы жиналысы өткен кішкентай ғана «Алдаспан» клубы құрылғанда, оны құрушыларды ұлттық рухтың субъектісі болар деп ойламақ түгілі, «жік шықты, екі аяғы тік шықты» деп қудалауға салғандар да болған еді. Бірақ, бойды буған жастықтың бұла күші ме, әлде Жаратқаниеден даритын ұлттық рухани қуат па, 25-35 арасындағы жас қыз-жігіттердің сағын ешкім де, ештеңе де сындыра алмады. Олар Ақтөбені қойып, нағыз алдаспандай жарқырап, Алматыдағы интеллигенттердің ауызына түсті. Клуб бірлестік болды, оның арты Азаматтық «Азат» қозғалысына ұласты. Бұл топ қазақ халқының тәуелсіздігі жолындағы күресте алдыңғы сапта болып, ақыл-ойымен де, ұйымдастырғыш қабілетімен де ерекшеленді. Бұларға тиісті назар, құрмет, тағылған өңірдек болмаса да, күш-жігерлері талмастан, дауыстары қарлықпастан, жүректері қаймықпастан әлі келеді. Олар қазір ересек саясат жүргізуге, ел басқаруға бейім болса да, бір кездері Ақтөбе қалалық кеңесіндегі 24 депутаттық орынның үштен бірін иеленсе де, шектен шығып, билікке өліп-өшпесе де, одан қағажу көрсе де халық үшін бой көрсетулерін қояр емес. Бәлкім, ұлттық мүддені мақсат еткен күштердің тарихи сыбағасы да осымен шектелер, кім білсін...

ХХ ғасырдың 90-жылдарының басындағы
Қазақстандағы саяси ауан.

Қазақстанның тәуелсіздік алуы қарсаңында саяси партиялар мен қозғалыстардан гөрі қазір бейүкіметтік немесе үкіметтік емес деп аталып жүрген ұйымдар көп болушы еді. Оларға сол кездегі қызыл импреиялық жүйе «неформальдар» деп айдар тағып, сол кезгі қоғамның көзтүрткісіне айналдыруға тырысатын-ды. Ал, сол кездегі Қазақстан жағдайында саяси қозғалыстардан гөрі, мұндай ұйымдардың көтірек бой көрсетуі, қазақ халқының сол кездегі саяси хал-ахуалының саясатқа әлі де болса жетіле қоймағандығын білдіретін жайт еді. Сол себепті де, Балтық бойы мен Кавказ елдерінде, Украина мен Беларуста саяси ұлттық майдандар құрылып жатқанда, біздегі жұрт ең әуелі «Қазақ тілі» қоғамы құрылып, ұлттық тілдің мәртебесі жөніндегі майданға кірісумен шектелген-ді. Күн тәртібіне ұлттық тәуелсіздіктің орнына тіл мәселесін қойған бұл жағдай - сол кездегі Қазақстандағы ұлтшыл саяси ауанның әлжуаздығын білдіретін көрініс-ті.

Ақтөбедегі алғашқы қоғамдық ұйымдар.
Дей тұрсақ та, Қазақстан бойынша қоғамдық белсенім тудырған екі бағыттағы қозғалысты атаған жөн, олар: қазақтілді азаматтар үшін «Қазақ тілі» қоғамының құрылуы болса, халықтың қалған бөлігі үшін қоғамдық түрткі болған «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының дүниеге келуі болатын.
Ақтөбе облысы бойынша «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының бөлімшесі болып құрылған «Жем» антиядролық тобын аймақтағы алғашқы қоғамдық құрылым ретінде атауға болады, дегенмен бұл топ өз дауысын экологиялық салада шығара алғанмен, облыстағы экологиялық ахуалдың басқа өңірлеріне қарағандағы шиеленісі бәсең болуына орай, кейіннен бұл топты құрушылар қазақ тілінің мүддесін қорғауға ойысқан болатын.
Өз уақытында Қазақстанның тәуелсіздігі жолындағы ағымға Ақтөбе өңірі де өзіне тән қоғамдық - саяси ұйымдарымен үлес қосты. Бұл облыста ең алғашқы қоғамдық күрес көшін екі бағыттағы топ бастаған болатын: олар - қоғамдық-саяси-мәдени «Алдаспан» бірлестігі мен Ақтөбе қаласының демократиялық күштер одағы (ДКО) .
«Алдаспанды» жас қазақтілді ұлттық-патриоттар құрса, ал ДКО-ны демократиялық көңіл-күйдегі номенклатуралық интеллигенция жасақтап, оның басында көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Марат Турдыбекұлы Оспанов тұрған болатын.
Бірақ бүгінгі әңгіме «Алдаспан» жөнінде болғандықтан, қазіргі жас ұрпаққа қоғамдық секторда қызмет етпес бұрын қандай дағды керек деген сауалға жауап бере кетсек деген мақсат бар.

Қоғамдық мәселе - ұйымның құрылуына түрткі
Кез келген қоғамдық ұйым құрыларда оған қоғамдық мәселе түрткі болып құрылады, егер ондай жағдай болмаса, ресми тіркелген ұйым қағаз жүзінде қалып, тарих әлгі шала-жансар «шарананы» елеместен жерлеп тастай беретіні бар.
Қазақстанда ұлттық сана болмысы қарапайым ғана қазақ тілінің қоғамнан шеттелілуіне қарсы жан ашуы негізінде бой көтерді. Бұл жайт Прибалтика, Кавказда, Украина мен тіпті, Өзбекстанда саяси шаруа Одақтан бөлінуге сайығанда миыққа күлкі үйіретін жағдай еді. Қысқасы, біздегі саяси басты талап о баста Қазақстанның егемендігі емес, әуелі қазақ тілінің мәртебесі туралы басталған болатын. Сөйтіп, қазақы қоғам саяси мәселенің себебінен емес, салдарынан бастаған еді. Ал, шын мәнінде себепке бас салуға ұлттық дәрмен сәйкес емес болатын. Бұл көрініс – қазақ халқының басқа одақтас республика ұлттарынан гөрі еселеп езілгендігінің салдары-тын. Сөйтіп, Қазақстанда осындай «тілдік ағым» толқынында біршама ұлттық саясатшылар саяси сахнаға шықты.
Осы жолдардың авторы да солардың қатарында саясатшы болып қалыптасқан еді. Жас саясатшы ретінде ол кезде мен жан жағыма барлаудан бастадым. Алдымен Ақтөбедегі, әсіресе, Алматыдағы белгілі зиялы азаматтармен қатынасқа түстім. Сөйтіп, елде «Қазақ тілі» қоғамын құру сөзден іске айнала бастады.

Қоғамдық ұйым құрудағы алғашқы сатылар
1989 жылы қазанда болған Алматыдағы Тіл білімі институтының Ғарифолла Әнесов пен Аманғос Мектепов секілді бірқатар жас қызметкерлерінің ұсынысымен «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайына мен де барған болатынмын. Бірақ, барлық областардағыдай құрылтайдың ақтөбелік делегациясы да сол кездегі билік тұтқасы болып табылатын Компартияның облыстық комитетінің тікелей қатысуымен іріктелген еді. Қысқасы, бұған дейін өзімді неформаль ретінде көрсетіп алғандықтан мен әлгі ресми делегаттар тізіміне енбей қалдым. Оған қарамастан мені құрылтай ұйымдастырушылар Алматыға қояр да қоймай шақырған еді. Өйткені, сол кезде әлгі «Қазақ тілі» қоғамына билік пен тіл жанкүйерлерінің көзге көрінбейтін таласы жүріп жатқан-ды. Себебі, аталмыш ұйымға қазақтілді ортаның ықпалды күштері қосылып, билікке біршама нұқсан келтіретін сыңайы байқалды. Сол себептен, сол кездегі билік оның алдын алып, аталмыш ұйымның құрылуына тікелей атсалысу арқылы оны бақылауға немесе ауыздықтауға тырысты.
Осылайша, қоғамдық ұйымның құрылтайын өткізу мен оған делегаттарды сайлауды сол кездегі биліктің тұтқасы Компартия өзі атқарған еді де, оны облыстарда обкомдар жүзеге асырды. Мен обкомның ешбір көз қырындағы адам болмағандықтан, компартиялық делегаттардай емес, жол шығынымды көтеретін өзімнен басқа ешкім жоқ еді. Дегенмен, сол кездегі жұмыс орным «Актюбнефтегазгеология» өндірістік бірлестігінің кәсіподақ басшысынан жол қаражатымды шығартып алып, обкомдық делегаттармен мен де Алматыға ұшатын самғауырға (ол кезде ұшу билеті ұмытпасам 46 сом/рубль) отырған едім.
«Алматы» мейманханасында делегаттардың барлығына алдын ала орын алынып қойылған екен. Ұйымдастырушылардың өздері шақырғасын мен де өзімнің орналасуыма күдіктенген жоқпын. Сөйтіп, кезегіммен қонақ үй әкімшілігіне таяй бергенімде, обкомның идеология жөніндегі бөлімінің орынбасары болып жүрген қандас ағамыз бөлім бастығы орынтағындағы Плотников деген орыс ағайға сыбыр ете қалды. Мен оның «мына жігіт біздің тізімде жоқ, ол - неформаль» дегенін қиындықсыз естідім. Сөйткен бойда менің тізімде жоқтығымды бөлім бастығы қонақ әкімшісі орнындағы тікбақай орыс әйеліне құшырлана айтты. Әлгі әйел маған бүгінгі түнді «Алматы» мейманханасында өткізуге дәмеленбей-ақ қоюым керектігін кескінімен де, кесіп айтқан сөзімен де жеткізді. Мұның бәрін бақылап тұрған Идош (Асқаров – «Актөбе» газеті бас редакторының сол кездегі 1-орынбасары) маған өз бөлмесіне жүріп түнеп шығуды ұсынды, бірақ мен рахметімді айтып шығып кеттім. Сөйтіп, Анатіл үшін күрестің алғашқы түнін сол кездегі астанамыздың күзгі көшесінде өткеруге тура келді. Ертеңіне, әрине, мені ешбір қиындықсыз Тіл білімі институтының жігіттері сол қонақ үйге орналастырды, алайда кеудеде өз Отаныңда тұрып, жігерді құм етіп кемсіткен түнгі жайт өмір бойына өз тыртығын қалдырды. Бұл – 1989 жылдың қазан айы болатын. Біле білсек, бұл менің басымдағы емес, ұлт басындағы өз тілі мен еліне ие бола алмау көрінісі еді. Мен оны жас та болса жүрекшер ретінде қабылдадым. Бұл - менің өз халқым үшін ұмтылыс жолындағы алғашқы жеген таяғым болғанмен, қоғамдық күрмеуді шешуге итермелеген бірден бір түрткі болатын.
Келесі күні ертеңгісін М.Әуезов атындағы драма театр ғимаратында «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайы басталып, оған Республиканың түкпірінен жиналған «шөпті бүлдіретіндердің» барлығы бас қосып еді. Бір қызығы құрылтайдың алғашқы бірнеше сағаты қоғамды қалай атаймыз деген төңіректегі көкезу айтысқа айналып, шықпай қойды. Оны жүргізіп отырған Компартияның 3-хатшысы марқұм Ө.Жәнібеков те, идеология бөлімінің басшысы М.Жолдасбеков те жалығып кеткендігі көзге көрініп тұрды. Құрылтайдың алғашқы күні осылайша нәтижесіз құрғақ сөзбен бітті. Сөйлеушілердің барлығы да атақ-даңқтары зор зиялы қауым өкілдері болса да, бір тоқтамға келіп, бір-біріне ғана емес, ең болмаса сөзге қонақ берсейші, шіркіндер! Жоқ! Сөзден ешкімге дес бермей, қазақ тілі «гүл болмаса пұл болсын» дегендей өздерін ғана көрсетіп қалумен өршеленген атақтылардың дым көрмегендей әрекеттері адамның жүрегін айнытты. Мен бұдан аға буын мен зиялы қауымның саяси қимыл мен іргелі істерге дайын еместігін түсіндім. Ұлттық мүддеден гөрі көкіректерін өзімшілдік шелі қаптағандарға айтарымды айтып жөніме кеткім келді. Солай істеудің сәті де түсті. Қонақ үйге келіп, түнгі екіге дейін екі беттік хат дайындап, ертең Құрылтайдың төралқасына беруге бекіндім. Ертеңіне хатымды залдан төрге жүгіртіп жібердім. Хат әуелі Жәнібековке барды, ол аздап оқи бастады да, қасындағы Жолдасбековке бере салды. Мырзатай ағамыз хатқа шұқшиды да қалды, соңын ала келе басын шайқап, Өзбекәлі ағаға қайтып берді. Сөйтіп, сол бойда маған сөз берілді. Бұл - менің халық үшін әрекеттегі алғашқы жеңісім болатын. Өйткені, ығай мен сығайлардың ортасын қақ айырып бұлайша сөз алу мүмкін де емес-тұғын. Әрине, сөздің қадірін білетін Мырзатай мен Өзбекәлілер болмаса, кім білсін, не боларын.
Сөйтіп, мен өмірімде ең алғаш рет ұлы мінбеге шығып, алдын ала жазылып дайындалмаған баяндамасыз сөйлеп шығуға тура келді. Сөзімнің басты барысы кешеден болып жатқан нәтижесіз тәжікелесу жақсы істің басы емес екендігі болды. Сөз соңында мұндай қоғамның нәтижелі іс атқаратынына күмәнім барлығын жасырмадым. Сөйтіп, сөз берген ағаларға мың алғысымды айтып, шығып кеттім. Сол кезде кездейсоқ менімен пікірлес бір азаматпен жолыға кеттім, бақсам, суретші-мүсінші Бақытжан Әділов екен. Ол мына құрылтайдан ештеңе шықпайтындығын айтып, маған қазір «Невада-Семей» қозғалысының митингісі болып жатқандығын және соған баруға шақырды - мен құп алдым.

Жекедара талпыныс пен көпшіліктің қолдауы
Алматыдан оралған соң бұдан әрі не істеу керектігін көп ойландым. Ақыры жас ұрпақ болып тың ұйым құру қажеттігіне іштей тоқталдым, бірақ ешкімге ашпадым. Содан «Ақтөбе» газетіндегі Идош ағамыз арқылы 1-бетке ««Қазақ тілі» қоғамы жанынан қазақ тіліндегі пікірталас клубы ашылмақ. Соған мүше болушылар шақырылады» деген хабарламаны басып жібердім. Бұл бір жағынан тәуекелдік шара болатын. Өйткені, мұндай әрекет «Қазақ тілі» қоғамының басшылығымен келісілген шаруа емес және олардың келісім бермейтініне де сенімді едім. Сондықтан да осындай тәуекел әрекетке бару қажет болды. «Қазақ тілі» қоғамының атауы маған алғашқы адамдарды жинап алуға ғана керек еді, одан арғысы өзіміздің шаруа болатын. Әрине, әлгі хабарландыруды бастырған Идош ағамыз кішкентай ғана қол ұшын беруі арқылы қандай тарихи ұйымның дүниеге келуіне түрткі болғанын бүгін ғана саралап отырмын.
Сөйтіп, 1990 жылдың 24 қаңтары күні кешкі сағат 18-де сол кездегі басты саясат үйі болып табылатын Облыстық саяси-ағарту үйінің ғимаратына 50-ге тарта адам жиналды. Оның 30-дайы студенттер мен оқытушылар да, қалғаны тіл жанашырлары мен «Қазақ тілінің» белсенділері болатын. Жиналысты өзім шақырғасын өзіме ашуға тура келді. Бұл да менің ең алғашқы көпшілікпен жасаған әрекеттерімнің басы болатын. Дегенмен, ойымды, толық та түсінікті етіп жеткізіп, жиналған қауымнан қолдау күттім. Бірақ қолдау емес, ең бірінші тұқырту басталды. Сол кездегі қалалық «Қазақ тілі» қоғамының басшылығы өре түрегеліп, мені бар кінәмен айыптап, өздері тайып тұрғанымен қоймай, жұртшылыққа да тараңдар деген бұйрық тасталды. Ең алғашқы рухани қолдауды азаматтан емес, азаматшадан алдым. Ол - Күләш Ибрагимова деген қарапайым ұстаз апай болатын. Апай сөз алды да, бастан аяқ идеяны мақұлдап, жұртшылықты қолдауға шақырды. Осылайша, менің ішкі есебім дұрыс болып шықты - түптің түбінде «шөпбүлдіргіштер» емес, қарапайым көпшілік қолдауға тиіс болатын. Содан кейін сөз алған Сұлтанбек Ташкенбаев, Айтқали Италиев, Мұхамедияр Аманғалиев, Қаңтарбаева Нұрсұлу, Кемелбаев Болатбек, Дүйсенбина Әсима және бір топ студенттерді ертіп келген Абат Пангереев, Оңдасын Оразалиндер (соңғысы – қазір Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары) мен жағында қалды да барды. Сөйтіп, отырыстың келесі бөлігі толықтай менің қарауымда болып, көпшілік ұсынысымды түгелдей қолдап, «Алдаспан» атты пікірталас клубы дүниеге келген еді. Клубтың атауының өзі де оның құрылған күніне дейін іштей ойластырылған шаруа болатын. Алдаспан - көшпенділердің өткір қынсыз қылышы, яғни қандай жағдайға да даяр қаруы болған, біз оны сол кезде жүріп жатқан Қайта құру саясатының қаруы, керітартпалықты қиып түстетін алмас қылышы деп түсіндірдік. Бірақ, ұйымға қарудың атауын алу да сол кездегі түсінік бойынша қабылдана қояр шаруа емес еді. Бір қызығы, клубтың алғашқы күні қаншама қарсылықтар болса да, Алматыда өткен «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайынан анағұрлым нәтижелі болды. Клубтың нағыз жақтаушылары қиын-қыстауда туылды, атауы бекіді, кімнің кім екендігі көзге түсті. Бұл бейүкіметтік ұйым құру кезінде болатын алғашқы саты еді және менің қоғамдық баскер (лидер) ретіндегі тұңғыш дүниеге келуім болатын. Осылайша бастапқы сатылардан сүрінбей өттік. Ал, табиғи түрде туылған «Алдаспанның» ұстанымы «Қазақ тілінікінен» гөрі барынша айқын және жалтақсыз өмірдің өзінен өзі туындап жатты.

Туу бар да, өсу бар
Туылған клубты одан әрі дамыту оны құрғаннан да қиын екен. Өйткені, бізді ресми обком қолдаған жоқ, оның қолдағаны - «Қазақ тілі» болды. Сөйтіп, біздің алдымызда әрбір әрекетке сай тактика құрып іске асырудан басқа амал жоқ еді. Біз әуелі, тұрақты жиналатын орынды шештік. Ол саяси -ағарту үйінің сол кездегі меңгерушісі Нұртаза Абдоллаев ағамыз қанша жиналсақ та бір бөлмені біз үшін даярлап қойды. Қазақ осындайда «Жауда да бір үйің болсын» дегенін айтса керек. Үлкен ұрпақ туралы бір қырын пікіріміз осы жерге келгенде ыңғайсыз болып шықты, өйткені, аға буынның барлығы бірдей бізге қарсы шығып, аяқтан шалған жоқ. Нұртаза, Идош сияқты ағаларымыз қажет деген жерде демеп жіберіп, жігерімізді жанып отырды, жастарға содан басқа ештеңенің де керегі болмайтын, қалғанының барлығы өздерінің бойларынан табылуға тиіс екен. Сөйтіп, басында аптасына бір рет жиналатын біз, бас қосуды жиілеттік, өйткені, ұлт мүддесін ашық қорғауға тиіс, бізден басқа күш болмаған еді. Біз болсақ, жастық максималистігімізден болар, ұлттық мүддеге қатысты бар шаруаны өз міндетіміз деп түсініп шапқылай бердік. Бұл шапқылау құрғақ емес, өз жемісін бере бастады. Бізге ақтөбелік зиялы қауым мойын бұрып, беделіміз арта бастады. Осылайша 1990 жылы түкірігі жерге түспей тұрған КСРО-ның облыстық саяси-ағарту үйінің жанына екі бірдей киіз үйді бір біріне тіркестіре тігіп, 22 наурыз күні қалада алғаш рет ұлттық ірі шара жасап, наурыз көже үлестіріп, жақтастарымызды молайта түстік. Бұл - біздің қала деңгейіндегі өзімізді ресми органдарға мойындатқан алғашқы қадамымыз болатын. Осылайша «Алдаспан» даңқы Ақтөбені қойып, Алматыға да жетіп жатты. Астанадағы зиялы қауым мен лауазымды адамдардан туралай сәлемдеме қабылдайтын күйге жеттік. Солардың бірі сол кездегі Білім министрі Шаяхметов пен жазушы Қалтай Мұхаметжанов ағалар еді. Біздің өз күшімізге сенімімізді бұл жайттар нығайта түсті.

Қоғамдық ықпал мен шешуші сәт
Клуб өз жұмысын пікірталас сипатынан саяси ықпал етуге кеңейте бастады, өйткені басқаша мәселе шешу мүмкін болмады. Мәселен, қазақ ата-аналар бізге балабақ, мектеп ашу мәселесімен көптеп келетінді шығарды. Ал, біз оларды кері қайтаруға тиіс емес едік, өйткені, бірден бір ұлттық мүддені жақтаушы күш ретінде олай істеу бізге жараспайтын. Әрине, ондай адамдарды «Қазақ тілі» қоғамына сілтеп қарап отыруға да болатын. Алайда, біз өзімізді арқа тұтқан адамдардан бас тартуға жүрексіндік, санымыз бен сапамызды молайтқымыз келді. Осындай ұстанымның арқасында қатарымызға Естай Жайлыбаев, Сейілхан Мұстафин, Көшкінбай Ахметов, Оразова Ақжелең, Қуаныш Қарабалаев, Шерәлі Бәймбетов, Оразбай Жұматов, Кәрімхан Қиқымбаев, Сәбит Сүлейменов, Сатанова Таңсұлу, Нысанбаева Ғалия, Тілеубаева Ботагөз т.б. қосылып жатты. Біздің ықпалымыздан қаладағы ұлттық мәселелер ресми түрде амалсыз шешілуге жата бастады, тіпті, ондай шараларға бізді кірістіріп, басы-қасында жүруге шақыру жергілікті басшылық деңгейіндегі дәстүрге айнала бастап еді. Мәселен, «Қазақ тілі» қоғамының облыстық құрылтайында алдын ала залдың әр жеріне орналасып алған «алдаспандықтар» Колбиннің кадры болып табылатын Ақтөбе облыстық компартия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Котуновты қыспаққа алып, Ақтөбеде республика бойынша ең тұңғыш қоғамдық «Тілтағдыр» газетін шығаруға келісім алғанбыз. Сол кезде аталмыш газетті тіркеуге обкомның қиналғаны есімізде, өйткені, ол кезде мұндай қоғамдық газет шығарудың заңдылығы облыста атымен болмаған. Әрине, ол газет обкомның тікелей бақылауында болғанымен, оның басы-қасында бізге ниеттес Қуаныш Тектіғұлов сияқты азаматтар барын салып жалақысыз еңбек етті. Кейін әлгі қысымға шыдамаған обкомның 3-хатшысы Котунов келген жағына кері қайтты, да оның орнына бізбен ниеттес Асылан Мусин (қазіргі Атырау облысының әкімі) сайланды. Осылайша, Ақтөбе облыстық компартия комитетінің идеология жөніндегі жаңа хатшымен арамыз жақындай түсті.
Біздің, әсіресе, намысымызға батқаны, қалада қазақтар тұрғындардың төрттен бірін құраса да, жалғыз 21-орта мектеп пен аралас 6-мектептің болуы еді. Ақыры қазақтілді балабақ пен мектеп ашу мәселесіне білекті сыбанып кірістік. Әсіресе, ата-аналардың өздерін оятып, олардың тізімін жасақтап, қала басшылығына жеткізудің өзі, одан әрі әлгі ата-аналардың үмітін нақты нәтижеге айналдыру қиямет те, қыруар шаруа еді. Біз соның бәрін қызығып жүріп кірістік, өйткені, жастық көңіл содан ғана ләззат тауып, жігерге жігер қоса алды.
Осылайша, пікірталас сипатынан гөрі әр алуан мәселе қарау әрекетіне ұласқан клуб жұмысы бір күні қаланы шулатқан бір мәселені шешуіне тура келді. Ол - аралас 6- мектеп жайы еді. Мектеп директоры Зура Ықсанғалиқызы апамыз сырттай біздің клубтың жақтасы болатын және өз мектебін өңкей қазақшаға аударуға құмартты. Бұл жайт облыстағы сол кездегі шовинистік көзқарастағы білім беру басқармасының бірқатар басшылығына ұнамаса керек, Зура апайды зейнетке шығарып жіберіп, тіпті, әлгі мектепті толықтай орысшаға аудару әңгімесі шыға бастаған. Сөйтіп, Зура апайдың хабарламасы бойынша, клубтың бір күнгі отырысын осы мектепке арнауға тура келді. Бұл - 1990 жылдың қыркүйек айының басы еді.
Клуб өз күн тәртібін аса мұқиятпен бекітіп, ашық та мәдениетті пікірталас күйінде талқылау жүргізіп, ашық дауыс берумен шешетін. Қысқасы, өз ара біршама айтыс-тартыстан соң, сол кездегі облыстық кеңес төрағасы Золотарев мырза атына ультиматум түріндегі ашық хатымызды жөнелтуді шештік. Онда, егер де 6 - мектеп таза қазақ тіліндегі оқытуға көшпесе, саяси шараға баратынымызды ескертіп, уақыт бердік. Бұл шешім бізге оңайлықпен келген жоқ, өз ішімізде қорқа соқтаған мүшелеріміз де болды және одан қандай нәтиже болмақ деген орынды сауалдар жан жақты талқыға түсті. Бірақ бізде басқаша қару да, мүмкіндік те жоқ болатын. Бұл саяси қадам біздің клубты бірден жоғары деңгейлі саяси сатыға көтерді. Өйткені, «алдаспандықтармен» ойнауға болмайтынын бұған дейінгі әрекеттерімізден түсінген облыс басшылығы бізді аталмыш мәселені шешу жобаларымен таныстырудан ұялған жоқ, ал біз оған мүдделі тарап ретінде өз ұстанымымызды сақтай отырып, бірге шешістік. Сөйтіп, осы шараның нәтижесі ретінде облыстық білім беру басқармасы бастығының орынтағы қазақ азаматқа тиді. Ол - қазіргі Ақтөбе облысының әкімі Елеусін Сағындықов болатын. Ал, 6-мектеп жайы өзінен өзі шешілді. Зура апай болса, одан кейін бірнеше жыл директор болып, «Елім-ай» авторлық бағдарламасын енгізіп, абыройлы зейнетке шықты. Білім беру саласындағы бұл өзгеріс Ақтөбедегі ұлттық білім беру мәселесін шешудегі түбегейлі бетбұрыс болды. Өйткені, бір кезде жалғыз қазақ орта мектебі бар Ақтөбе қаласында қазір 60-қа жуық мектептің жартысынан астамы қазақтілді білім ошағы болып отыр.

Клубтан бірлестікке
Бұл нәтиже «Алдаспан» клубының одан әрі мәртебесін кеңейтуі керектігіне тіреді. Сөйтіп, 1990 жылдың қазан айында республика көлемінде қонақтар шақырып, «Алдаспан» қоғамдық рухани-мәдени бірлестігінің құрылтайын ұйымдастырдық. Бұл шара - аталмыш клубтың ұйымдық деңгейге көтерілгендігі ғана емес, жаңа сатыдағы жауапкершілік болатын. Аталмыш жауапкершілік біздің Ақтөбе қалалық атқару комитетінде ресми тіркелуден өтуге тиіс екенімізді алға жайды. Осылайша, өмірімізде алғаш рет заңды негіздегі бірлестіктің жарғысын жасап, оны тіркеуге бет алдық. «Бірлестіктің бір-ақ төрағасы болсын, Серік, өзің бола салсайшы»- деген жігіттердің қолқасына қарамастан, бір емес 3 төрағаластың болуы керектігін өзімше дәлелдеп, Естай Жайлыбаев пен Сұлтанбек Ташкенбаевтарды ұсынып, теңтөраға ретінде сайландық. Мұның себептері көп болатын: біріншіден, қабілетті жігіттердің барлығы да баскер облып қалыптасуы керек болды, екіншіден, бір басшының ыңғайымен басқалары жүре берсе, бар ауыртпалық бір адамға түсер еді; тағы бір себеп, сырт көзге бір ғана баскердің барын көрсету емес, бірнеше тұлғаның барын таныту ұйымның беделін арттырып, ұжымдық мақтаныш орната түсетіндігін түсіндік.
«Алдаспанның» әрекеті барысында жазылмаған болса да, үрдіске айналған нәрселер көп болатын-ды. Мысалы, бірлестіктің тең төрағалары мен белсенділерінің өздеріне тән атқаратын саласы болды. Өзім жалпы стратегиялық басшылықты, Естай сыртқы ортамен байланысты алып, Сұлтанбек ұйымның ішкі мәселелерімен айналысса, ал Көшкінбай ұйымның материалдық жағдайына жауапкер, Айтқали жалпы шаруашылықты қолға алды. Бұл ұйымның ішкі қайшылықтарға ұрынбауынан сақтайтын жүйелілік еді.

Ақтөбедегі тұңғыш тіркелген қоғамдық бірлестік

Сөйтіп жүріп, қалалық аткомға (ол кезде әділет басқармасы болған емес) барлық құжаттарымызды даярлап ұйымды тіркеуін күтіп жүргенімізде, бір күні сол кездегі қалатком басшысы Сергей Николаевич Лапшин мұндай қоғамдық ұйымды тіркейтін заңдық негіз жоқ дегендей жауап берді. Бұл дегеніңіз - біздің одан әрі ресми ұйым ретінде қалу - қалмауымыз неғайбыл деген сөз еді де, бейресми қимыл әрекеттің аясы тар болатыны рас. Сонымен бізге тағы да ізденуге тура келіп, ресейлік ұйымдардың қалайша тіркеліп жатқандығын сұраттық, сөйтіп, Ресейде 50-жылдардағы Министрлер Кеңесінің әлдебір қаулысына негізделіп тіркеудің жүріп жатқандығын біліп, оны Ақтөбе аткомына жеткіздік. Ақыры, Ақтөбеде «Алдаспан» бірлестігі ең алғашқы қоғамдық ұйым ретінде осылайша тіркеуден бірінші болып өтті. Ал, бізден кейін тіркелгендеріне намыстанған Ақтөбе қаласының демократиялық күштер одағының кейбір өкілдері біздің лас жолмен бірінші болып тіркелгенімізді айтып лақап таратқаны бар. Алайда, ұлттық бағыттағы мұндай ұйымдарды қандай пара алып та тіркеуге сол кездегі биліктің зауқы соқпайтын.
Ресми тіркелу ұйымның мәртебесін одан да зорайтып, біз қоғамның бір бөлшегі екенімізді сезініп, бұрынғыдан да еркін қимылға көштік.
Сөйтіп, «Алдаспан» сол кездегі бюрократиямен күрес деген саяси желеуді пайдаланып, Ақтөбедегі ұлттық кадр мәселесін шешуде іргелі істер тындырды. Бірақ мұндай ірі мәселелер биліктің араласынсыз шешілмейтіні аян, ал «Алдаспан» бірлестігі өз кезегінде қоғамдық ықпалды билікке сезіндіре білді.

Ұлттық деңгейдегі сұраныс
Бұл кезде Алматыда енді ғана құрыла бастаған «Азат» қозғалысы облыстардан өздеріне жақтастар мен бөлімдер құруға мүдделі болды. Ақтөбе аймағынан біздің ұйымнан басқа топ таба алмаған «Азат» басшылығы ақыры біздерге шықты. Ақтөбеге арнайы келген қазірде марқұм болған Сәбетқазы Ақатаев пен Батырхан Дәрімбетовтың қолқасымен облыстық көлемде әйгілі болған «Алдаспан» бірлестігі 1991 жылы 6 сәуірде сол кезде Ақтөбеге белгісіз, бірақ ұлттық деңгейдегі «Азат» қозғалысының облыстық бөлімі болып жарияланды. Сөйтіп, бізге өз ұйымымызды өз қолымызбен «өлтіріп», басқа ұйымның гөй-гөйімен айналысуға және бәрін де басынан қайта бастауға тура келді. Бірақ, бұл - жалпыұлттық мүдденің сұранысы болатын.

Қорыту
Мұның барлығы қазірде тарих. Алайда, еліміздің жаңаша тарихын тарихшылардың жазуға асықпауы, сол тарихты жасаушылардың өздеріне қаламды амалсыз алдыруда. Өйткені, жас ұрпаққа өмірімізді болмаса да, өнегемізді қалдыруға біз мүдделіміз. Дегенмен де, тарихты жасаушылар емес, жазушылардың өздері жазғанға не жетсін! Ал, жас ұрпақ бұл жолда ізденсе ғой, шіркін!
Сөйтіп, бұдан былай қоғамдық сектор саласына атсалысам дейтін жас ұрпақ, сөз болып өткен «Алдаспан» ұйымының құрылу, даму, нығаю сатыларына зер салып, сараптаудан өткізу үшін бұл тақырыпты талғажау еттік. Әсіресе, баскердің (лидер) жеке басының қалыптасу кезеңі мен оның сапалық даму жолдарын сыни көзбен қараған дұрыс. Баскер болу үшін соңыңнан көпшілікті ерте білу шарт және ортаның қажетіне жарай білу ләзім. Әрі беріден соң баскерлік – қоғамдық мәселелердің көшін алып жүре білу деген сөз.
Баскердің жеке басын алсақ, оған қоғамдық мәселелерді тарата және сараптай білу, оның ішінен маңыздысын таңдай алу және оны шешу үшін уақыт пен тактиканы дер кезінде пайдалана алу тән. Ең басты шарттың бірі - баскерге қажетті абыройдың тазалығы. Өйтпеген жағдайда, әлгі баскер жападан жалғыз қалуы ықтимал. Әрине, аталған сапалардан басқа жаза білу, шешендік, ұйымдастырғыштық пен сауат секілді көптеген қасиеттердің қажеттілігінде сөз жоқ. Қысқасы, тоталитарлық қызыл империя кезінде «бәрін шешетін мамандар» болса, демократиялық қоғамда бар мәселе баскерлерге тіреледі, қоғамды алға сүйрейтіндер осылайша табиғи жолмен қалыптасқан тұлғалар екеніне көз жіберетін уақыт келді. Жасанды баскерлердің де туылып, нағыздардан көпшіліктің көңілін бұратын, адастыратын кездері аз емес. Ең бастысы, қоғамдық мәселе шешпес бұрын, баскер өз мәселесін шеше алатындай және жеке басын алып жүре алатындай сапалық деңгейге көтерілгені дұрыс.
Соңғы кездері қоғамдық ұйымдар бір ғана баскердің ықпалымен құрыла алмайтын күйге жетті. Ол үшін қолдаушы топ пен қаржы іздестіре алатын дағдыны да бойға сіңіру керектігі туындауда. Көптеген бастамашыл азаматтар, ұйымдарын дамыта алмағандықтан, бағыттарынан ауытқып, басқа нәрсенің шылауына түсіп, дау-дамайға қалып жататыны - осындай күрделі құрылымды басқара және дамыта алмағандықтан болуда. Олар өздері ойлаған бастапқы қалпынан ауытқып жеке басты көрсетуге тырысып, басқа сала мен бағытқа лағып кетуде.
Баскер болу үшін талпыныста жас баскерлер мақтаншылық пен популизмнен аулақ болса, соғұрлым нағыз іске жақын келеді, істерінен берекет таба бастайды. Әдетте жалған баскер ісінде тоқырау басталғанда барлық күшті сыртқы көрнекілікке жұмсап, популизмге ұрынып, «батыр» атануға жүгіреді де, әлдекімнен тұмсықтан тойтарыс алып барып, таяғын жеп барып тынши қалады. Бірақ, о бастағы ойластырылған тым жақсы бастама жайына қалады да қоғамдық құлшыныс өліп тынады. Сөйтіп, әлгі «баскер» өзіне де, өзгеге де зиянын тигізеді.

Комментариев нет: