четверг, 9 августа 2007 г.

Волонтер – қайырпаз

немесе "еріктінің" бәрі волонтер емес


Соңғы кездері кірме сөз - «волонтер» ауызға да, құлаққа да көп ілігуде. Алайда, оның мәнісіне көп адамдар назар аудара бермейді.
Елімізге демократиялық дәстүрлердің ене бастауына орай, бұл ұғым да күнделікті өмірімізден орын ала бермек. Волонтерды тікелей қазақшаласақ – қайырпаз деген сөз, қайырсыз ғұмыр кешпеген қазақ халқы үшін бұл ұғым жаңалық болмаса да, оның қазіргі жаңа қоғамдағы орны ерекше және әлеуметтік маңызды мағынасы бар. Сонымен қайырпаз (волонтер)- мәжбүрлеусіз, өз еркімен, ақысыз түрде белгілі бір игілік қабылдаушының мүддесіне негізделген әлеуметтік маңызды қызмет көрсететін адам. Қайырпаздық қызметтің қоғамдық ортадағы көріністері сан алуан болып келеді. Ақтөбе қаласында болған қайырпаздардың маңызы турасындағы семинарда ауылдық жерден келген мемлекеттік қызметкерлер «біз бұған соншалықты бұрын мән бермейтінбіз» – деп тегін қайыр тигізу шараларын біздің халықтың бойына сіңген қасиет ретінде немқұрайлы айта салды. Алайда, нарықты экономика мен тірлік күрделенген демократиялық қоғамда әр нәрсеге мән беріп, өз алдына дамытуды керек ететін жағдай қалыптасатыны белгілі. Қанша дегенмен, халықтың салты мен өмір сүру үлгісі өзгере бастады. Адам өз еңбегінің ақысынсыз аттап баспайтын заманға тірелдік. Міне, осындай жағдайда қайырпаздық құрылымды жаңа дәуірге лайықтап дамыту қажеттігі туындауда.
Қайырпаздықты еркін қоғамда дамытып өрге бастыратын басты күш қоғамдық ұйымдар болып табылады. Үкіметтік емес ұйымдар қайырпаздарды біріктіріп белсендіруде алдарына басқа ұйымды салмайды. Сол себепті қайырпаздықтың дамуымен қатар тіпті, қоғамдық ұйымдардың да даму деңгейін бағалауға болады.
Қайырпаздардың ісі тіпті ел экономикасында да өзіндік үлесі барлығы сезілуде. 2001 жылғы көрсеткіш бойынша Қазақстанның ішкі ұлттық табысының 3,8% - ы қайырпаздардың еңбегінен құралған көрінеді. Өкінішке орай Ақтөбе облысы бойынша мұндай көрсеткіш әлі есептеле қоймаған. Дегенмен жыл сайын қоршаған ортаны тазалауда мыңдаған адамдар көшеге шығып тегін еңбек ететіні белгілі. Алайда, қайырпаздық әрекет биліктің командасынан гөрі адамдарды қызық та тартымды шара ретінде ұйымдастырудың маңызы зор. Қазіргі кезде қаланы тазартуға қайырпаздарды шақыру түріп жатыр. Алайда, құр шақырудан гөрі оны арнайы жоба ретінде жүргізсе, одан келер нәтиже көп, қайырпаздық ерікті-мәжбүрлеу түрінде емес, адамдардың нағыз еркіне сүйенген бұқаралық шараға айналар еді.Ақтөбе қаласында Сазды өзенінің аңғарын жыл сайын тазартуды дәстүрге «Шығыс әйелдері» ұйымы айналдыруда. Сондай-ақ, «Иматон» орталығы да қаладағы есірткіге қарсы шараларға көптеген қайырпаздарды тартып жүр. Ал, соның барлығына қаржы шығара берсе, қанша болатынын есептеу қиын емес.
Мұндай ұсақ түйек шаруаны былай қойғанда, облысымызда қайырпаздардың еңбегі арқасында әлеуметтік ғимараттар салынып жатқандығы да рас. Мәселен, Байғанин ауданындағы Қаражар ауылының клубын салуға «ДемОрда» мемлекеттік емес мекемесі Халықаралық Каунтерпарт Консорциум ұйымынан 5 мың АҚШ доллары көлеміндегі алған грантқа құрылыс материалдарын сатып жеткізіп берген. Содан кейінгі жұмыс жергілікті тұрғындарды қайырпаздық іске белсендіру болған. Соның нәтижесінде әрбір жанұя 300 саман кірпішін әзірлеумен айналысып қоймай, ауық-ауық үме үлгісімен жиналып құрылыс жұмыстарын қолға алған. Ақырында небәрі 5000 АҚШ долларына татитындай жұмысты ауылдық волонтерлар атқарып шығып отыр.
Мұндай қызмет түрі жұртшылықтың бірлігін нығайтып, қоғамға ықпалын күшейтетіні рас. Тіпті, қайырпаздар осындай әрекет барысында өздеріне көптеген дағдыларды қалыптастырып, рухани және тұлғалық жағынан шыңдалады. Сол себепті, мұндай шараларға мемлекеттік органдар тарапынан оңды назар мен қоолдау болғаны нұр үстіне нұр болар еді. Себебі, қайырпаздықты дамыту ондай іске тартылған адамдарды әртүрлі жағдайда ынталандыру жасап тұруды қажет етеді. Жалпы, қайырпаздықты шыңдау теориялық жағынан белгілі бір қағидаларды меңгеруді де қажетсінеді. Сол себепті, осындай мақсатта көптеген қоғамдық ұйымдар семинарлар өткізумен айналысуда. Мәселен, Ақтөбе қаласында қызметтің осындай түрімен «Оникс» қоғамдық бірлестігі айналысуда. Ал, «Азаматтық бастамалар одағы» қауымдастығы облыстағы волонтерлықты дамытуды арнайы жоспармен дамытуды қолға алуда.
2004ж

1 комментарий:

Асхат Еркімбай комментирует...

Еріктілер десек те түсінікті тәрізді еді ғой. Қайырымпаз деген сөздің әдеби реңкі басымдау болғандықтан, көпшілікке қабылдау қиын болар деп ойлаймын. Әйтсе де ойларыңыз ұнады.