четверг, 9 августа 2007 г.

Конституция және мемлекеттік тіл: Қазақстан халқы бірлесуінің басты факторы

Қазіргі заманда мемлекеттің рухани және заңды басты базисі болып табылатын Конституция барлық саяси және әлеуметтік субъектілердің мемлекетпен арадағы ара қатынасын анықтайтын маңызды фактор. Алайда, Конституцияның толық қанды бұл маңызы елдегі заңқойлықтың қаншалықты дәрежеде орныққанына байланысты. Егер де атазаңға жазылған талап пен құқықты мемлекет қайраткерлерінен бастап, балабақтағы бүлдіршіндердің ата-анасына дейін тәрк ететін болса, ауызға іліккен көбігі көп қызыл сөзден ешбір пайда жоқ.

Қазақстан Конституциясындағы маңызды жайттардың бірі – 7-бапта айқындалған мемлекеттік тілдің мәртебесі. Бұл мәртебе менің ойымша, мемлекеттік дәрежедегі қазақ тілінің қоғамдық, саяси және ресми орны болып анықталғанымен, осы 10 жыл бойы бұл мәртебені мемлекеттік емес, этностық тілдің мәртебесі деп түсініп келгеніміз рас. Яғни, қазақтілділер «біздің тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие» деп қоқиланса, басқалар «біз сендерге тілдік мәртебені көрсетерміз» дегендей ішкі қарсылықпен тірлік кешті. Ақырында мемлекеттің Конституциясына жазылған тілдік мәртебе тәрк етіліп, 10 жыл бойы мемлекет мылқау күйінде өз тіліне өзі ие бола алмай келеді. Ал, шын мәнінде мемлдекеттік тілдің мәртебесіне қазақтілділердің де, басқалардың да сезімінің қатысы болмауы керек еді, тілдің мәртебесіне мемлекеттің өзі жауап беріп, соны іске асырып, мемлекеттік мылқау күйден арылуды ойластыруы қажет болатын.
Нәтижесінде не болды? Меніңше, жазылғаны орындалмайтын Конституция емес, атазаңның басты атрибуттары болып табылатын түрлі мәртебелер мен құқықтар, талаптар орындалуы арқылы ғана мемлекет өзін егемен елдің тұтқасы ретінде көрсетеді. Ал, мемлекеттік тілінің мәртебесін аяққа басқан елдің егемендігі де, Конституциясының шынайылығы мен қауқары да дүдамал күйге еніп, оны басқа түгелі өз халқы күстаналайтын ахуал қалыптасса, мемлекеттік Конституцияның жеке басқа, қоғамға және мемлекетке қатынасын қалай сезінеміз, қалай тұщынамыз? Ондай Конституцияны сөзіміздің басында айтқанымыздай, атазаңды мемлекеттің рухани және заңды басты базисі ретінде кім құрметтейді?

Қазіргі заманда халқының этникалық жағынан ала-құла болмай отырған мемлекет саусақпен санарлық. Ал, бұрынғы КСРО елдерінің ішінде өз аумақтарындағы бірыңғай этнос ретінде армяндар мен грузиндерді ғана алуға болар. Қалғаны көпэтностық мемлекетке ие болып отыр, алайда, ала бөле Қазақстанның неге «көпұлтты» аталып, әлі күнге Қазақстан аталатын елде басты этностың анықталмай отырғандығы бұл елді әрі-сәрі күй кешіп отырған Ауғанстанмен рухани жағынан теңестіріп отыр. Ауғаныстанда да бірнеше этнос бар, алайда, пуштундардың қоғамдық ролі өзгеше. Ал, саны жағынан 60 пайызға жеткен қазақтардың Қазақстандағы ролін оның тілдік жағынан қағажу көріп отырғанын немен түсіндіреміз? Әсіресе, өмірге келгеніне 10 жыл болған Конституция аясында қазақтардың есебінен космополиттер мен нигилистер армиясының тұтасқан тұлғасы қалыптасқанына өз алдына бөлек концеренция мен ғылыми көзқарас бөлі қажеттігін айтқанымызға біршама уақыт болды.
Егер Конституцияда белгіленген мемлекеттік тіл секілді халықты бірыңғайлау мен ұжымдау факторы өз қауқарында болмаса, онда мемлекеттік ахуалдың белгілі бір сырқауы бар деген сөз. Демек, Конституцияның басты факторы болып табылатын мемлекеттік тіл өз мәртебесі ауқымында тәрк етіліп, оның мемлекетті нығайтуға қабілеті іске аспай отыр деп мойындауымыз керек те, сол осалдықты жоюға міндеттенуіміз қажет.
Мемлекеттік мүддені нығайтуда оны қоғамдық-әлеуметтік мүдделермен шатастыру ешбір қайраткерлік емес. Мәселен, мемлекеттік тілді дамыту этносаралық жағдайды ушықтырады деген пікір мемлекеттік мүддеден гөрі аймақтың не бір қаланың сұранысын жоғары қоюмен тең. Ендеше ондай мемлекеттің кімге қажеті бар? Мемлекеттік мүддені дамытуда қоғамдық пікірге жалтақтау неге қажет? Демек, Қазақстан халқының бірлесу факторы болып табылатын мемлекеттік тілді қасқана дамытпау ел мүддесінен гөрі 10 жыл бойы әлде бір әлеуметтік топтың мүддесін жоғары қойып келдік дегенмен парапар.
Кезінде мемлекеттік тілді дамыту ұғымын қазақ тілін білмейтіндердің құқығын шектеумен теңестірген бейшара ахуалдың белең ала келіп, мемлекет алдына үлкен кесел туғызатынын және туғызып отырғанын ғылыми жағынан дәйектеу үшін ғалымдарға не кедергі болып отыр? Мемлекеттік органдардың мемлекеттік мүдденің бір саласы ретіндегі қазақ тілінде іс жүргізу мен ұйымдастырудың қарапайым қазақстандықтардың құқығына қандай залалы болды? Тіпті, мемлекеттік тілді мемлекет дәлізінде сөйлете отырып, орыс және басқа тілдердің ахуалын сақтауға қазақ тілінің қандай кеселі болды? Бұған дейін осы жайттар неге ашық сараланбай келді? Шешуін іздейтін сауал көп.
Егер мемлекеттік тілді қазақстандықтарды тұтастандыру факторы десек және оның шынайы ахуалын есептесек, Қазақстан халқы біртұтастанған жоқ деуге ешкім қарсы дау айта алмайды. Ендеше бұл салада мемлекеттік қауіпсіздік мәселесін қолға алу шаралары қаулап шыға келмек. Әсіресе, мәселе тілдің мемлекеттік және ресми мәртебелерін қасақана шатастыру арқылы жүзеге асуда. ҚР Конституциясында мемлекеттік тіл қазақ тілі болғанымен, онымен тең дәрежеде ресми түрде қолданылатын орыс тілінің мәртебесі түсініксіз. Егер оны ресми тіл десек, онда оның мемлекеттік тілден айырмасы қайсы? Ал, мемлекеттік тілдің ресми қолданылуы қай шамада болмақ? Бұл жайт Конституцияның 7 – бабынан туындап отырған бұлдырлық.
Мемлекеттік тіл қазіргі кезде өзінің Қазақстан халқын жұмылдыру міндетінен гөрі аудармалық сипатқа ұшыраған қызметін де дұрыс атқара алмауда. Бұл жөнінде Парламент палаталарының спикерлеріне жасаған депутаттық мәлімдемемде атап өткенмін. Өкінішке қарай, менің сол конституциялық міндетке орай жасаған сауалыма Мәжіліс төрағасы қың демей келсе, Сенат спикері өзінің аударма бөлімінің басшысының пікірі деңгейінде ғана жауап берді.
Қазіргі кезде қазақ тілі қазақстандықтарды бірлестірмек түгелі, дамуы кері кеткендіктен, қазақ этносын да біріктіре алмайтын мүшкіл халге келіп тірелді. Өз тілін білмейтін қазақтардың саны КСРО кезеңіндегіден екі есеге көбейген (белгілі саясаттанушы Ә. Ғалидың пікірінше өз тілінде сөйлеп жазатын қазақтардың үлесі – 71% қана). Қазақтардың орыс және қазақтілді болып екіге жарылуы он жылдығын атап отырған осы Конституцияның тұсында қалыптасқан жағдай. Ендеше, Қазақстан он жыл бойы өз халқын біріктіретін мемлекеттік мүддеден бас тартып келді деген саяси қылмысты мойындауымыз қажет те, мәселені шешуге тікелей бет бұруымыз керек. Қазақстан халқын тұтастандыруды ойласақ, оның басты факторы мемлекеттік тілдің позциясын шұғыл нығайту қазіргі мемлекеттік басты мүдденің бірі және мемлекеттік қауіпсіздікті нығайтудың жолы.

Комментариев нет: