четверг, 9 августа 2007 г.

Осалданған ел егеменсіздікке ұшырайды

Елдің егемендікке ие болған күні халықтың дүниеге келуімен пара пар күн болып ескерілетіні рас. Өз мемлекеті бар, тәуелсіздікке ие болған қай халық үшін де жыл сайын тойланатын бұл күн меркелеудің ғана емес, өз тарихын таразылап, өз дамуының сара жолына сыни көзбен қарап, алдағы күндерден адаспау жағын қарастыруы сіңісті жайт.
Осы жағынан алып қарасақ, біз де өз тәуелсіздігімізді қай кезде, қалай жоғалттық деген сауалға әлі де шынайы жауап берілмей келеді-ау деген күмәннан арыла алмай отырып, мынадай ойды ортаға салуды жөн көрдік.
Тәуелсіздікті қарапайым сөзбен, әр халықтың өз басын өзі алып жүретін ықтияры деген анықтамамен бастасақ. Халық өзінің әлгі ықтиярынан қандай жолмен айырылса да, сол ырықты бойынан қауқар кеткен күні Тәуелсіздікпен хош айтысып, бодандықпен қол алысады. Демек, бұл жерде жаулап алушыны кінәлаудан гөрі жауланушыны кінәлау әділеттірек болуы керек. Өйткені, жауланушы жаулаушының еркіне бағынатындай бейшара халге түсуі ең әуелі жауланушының өз күнәсінен болар. Тіпті, бодандықтың қамытын киген халық өзін өзі көбірек кінәлағаны абзал. Өйткені, бір халықтың өз тәуелсіздігін өзгенің бостандығын жаулаумен нығайтуы тарихтың әділетсіз болса да тиегіне айналғаны рас. Ендеше халық болып ғұмыр кеше тұра, алдын ала белгілі әлгі алапатқа қарсы тұрарлық қауқардан айырылған күні Егемендіктен ажырауға негіз қаланады.Олай болса, бір елдің тәуелсіздігін жаулаған өзге елді кінәлау тек қана тарих пәні тарапынан дұрыс болғанмен, бодандыққа түсіп божыраған халық тарапынан тек қана тарихи ақталу болмақ. Мұндайда күшті болсаң, егемендігіңнен айырылмаудың қамын істеп бақ деген ұстамды төңіректеген мақұл болар. «Бәлен ғасыр бойы бізді езіп келді,жаншып келді» деген байбаламның өзі көрші баладан таяқ жеп ата-анасына шағынған жасық баланың кейпі ғана.
Енді осы әңгімені өзімізге қарай бағыттасақ, шын мәнінде, бізді орыстардың жаулап алған күні жоқ. Бар болғаны біз өзіміз жауландық. Ол жауланған күнді Әбілқайыр ханның бодандыққа келіскен күнінен емес, одан бұрынғы қазақ хандығының іріп-шіріген күндерінен іздегеніміз мақұл. Бұл шара бізді тәуелсіздіктен әлдеқашан бұрын айырылған жағдайды мойындауымызға мәжбүр етіп, бұдан әрі ондай бейшаралыққа барудан халқымызды қорғаштайды.
Негізінде “тәуелсіздіктен әлдеқашан бұрын айырылуымыз” біздің халықтың өз егемендігін алып жүретін қауқардан ажыраудан басталған болатын. Ол қауқардың шын атауы – бірлік пен береке болатын. Қазақ хандығының өз алдына мемлекет болып өмір сүру қауқары жоқ болғанда, қойынына алуға даяр тұрған Ресей патшалығының болғанына Жаратқанға мың шүкіршілік! Ал, егер ұйғырлардай қытайдың құшағында қалсақ қайтер еді?
Бір қызығы, 300 жыл бойы Ресей қазақтың өзін де, көзіндей жерін де жұтатын мүмкіндігі болатын. Ол оны жүзеге асырған жоқ, ал қазақ тарапынан оны жүзеге асыртпайтындай тегеурінді қарсылық қаншалықты болды дегенді тереңірек қарастыратын уақыт туды. Егер осы бодандық қытай тарапында болса қайтер еді№ онда ұйғырдың күнін көріп отырар ма едік? Тарихты қайта шолу арқылы, өзгені кінәлау өз бейшаралығыңды ақтау ғана екенін түсінетін уақыт жетті. Егер бізде егемендікті тұта алатын елдік ерік пен халықтық қауқар болса және тәуелсіздігімізден айырылмауға қанша күш-жігер қажет болып, сонша қайрат бізден табылса, кімнің бізде шаруасы болар еді? Өзімізді өзіміз өтірік ақтап, бар пәлені өзгеге таңу мен өзімізді өзіміз жалған қанағатпен алдау – қол жеткізген Тәуелсіздіктің жарқын бейнесін көлегейлеу болып жүрмесін! Шындықпен ойнау болып жүрмегей! Ал шындықтың Жаратқанның тынысы екені рас болса ше? Біздің егемендігіміз сол Құдіреттің бере салған сыйы болса ше? Ендеше ол егемендіктен де қадірі артық болып табылатын Жаратқанның қазаққа деген назары болса?
Соңғы жылдары егемендік туралы сөз сұйылып, тіпті, оның мәні басқа құндылықтармен көлегейленіп бара жатқандығы аса қауіпті. Жемқорлыққа белшесінен батқан, бар билікті бауырына басқан, мемлекеттілікті жекешелендіргендерді көріп отырып, егемендіктің қаншалықты құнсызданғанын амалсыз мойындайтын күйге жеттік. Тек қана, бізге егемендік бір ғана Жаратқанның бұйрығымен тигенін көңілге медеу етіп, ел тағдырын қақпақыл еткен тасырларды бір күнде сабасына салатынына сеніп, күте тұрғаннан басқа амал жоқ.Ұлттың баласы мен байлығын сатқандарға егемендікті сату түкке тұрмайтын шара екенін білсек те, бұл жолы да Аллатағаланың келесі бір бұйрығын төзімділікпен күтейік.

Комментариев нет: