среда, 15 августа 2007 г.

КӨСЕГЕ БҮЙТСЕ КӨГЕРЕР

(Тәуелсіздігіміздің 3 жылдығына)

Аталмыш мақала 1992 жылы “Ақтөбе” газетінде жарияланған “Көсеге қайтсе көгерер?” атты мақаланың жалғасы ретінде 1994 жылы жазылып, Қазақстан президентіне, сол кездегі бас министр Ә. Қажыгелдинге жөнелтілгенмен басылым беттерінде жарық көрмеген болатын. Мақаланың бұдан сегіз жылға жуық бұрын 1994 жылы жазылғанына қарамастан, елдің дамуы соншалықты ілгері кете қоймағандықтан, нақты мәселелерді шешуге ұсынылған ұсыныстар әлі де өз мәнін жоя қойған жоқ. Сонымен бірге аталмыш еңбекте айтылған көптеген ұсыныстар кезінде мемлекеттік шешім қабылдауға өз ықпалын тигізгендігін көзі қарақты оқырман ел тарихын ойша шола отырып және жарияланып отырған мақалаға зер сала отырып көзін жеткізер деген ойдамыз.
ЕРҒАЛИ Серік Әбдірешұлы.

Аңдату
“Қайта құру” ұранымен басталған кеңестік жүйені дамыту идеясы он жылға созылған ол жүйенің ыдырауымен аяқталып отыр. “Одақтың” ыдырау нәтижесінің Евразия құрлығына жаңа мемлекеттердің бой көтеріп, олардың жаңа жүйенің жетегіне жармасып, жаңа қоғам құруына итермеледі. Аталмыш он жыл кеңестік менталитеттің сарсаңға түсе ыдырап, жаңа психология мен жаңа көзқарасқа негізделген жаңа әрекет қана жаңа қоғам тудыратынын мойындатуда. Сонымен, келмеске кеткен кеңесшілдік жойылғанымен, алдымыздан жаңа қоғам құрудың объективті жағдайы біз күткендей құшағын жаймады. Осылайша, егемендік елесті қуғызған он жылдың қалай өткенін де байқамай қалыпыз. Егемендік дегеніміз - жаңа қоғам құру екен. Ал, біз оның үстіне жаңа формациялы қоғамды қолға алудамыз. Жаңаны құру үшін ескінің жойылуы заңды болса, сол ескінің ыдырауына “еңбек еткен” он жыл бос кетті деуге негіз жоқ. Бұл мерзім ескі жүйені жоюға жұмсалған болып шықты. Демек, қазіргі экономикалық божырау мен әлеументтік әлсіздік - қалай ойлағанда да объективті жайт.
Ендеше, қазақтың “өткен іске өкінбе” деуі “объективтілікті мойындап, бұдан былай субъективтік әрекетті талап ететін заманға дайын бол” дегені екен.
Қазіргі, ырықты экономиканы өз еркіне көндіріп, дамыған ел атанған мемлекеттердің тарихы мен тәжірибесін саралай келе, ырықты экономиканың негізін салатын сол елде басты қос фактордың болуына көз сүрінеді:
1. Үйлестіру факторы - елдің бар мүмкіндігін экономиканың өрістеуіне тиімді де интенсивті түрде үйлестіре білетін өкімет (демократиялық па, тоталитарлы ма, авторитарлы ма – бәрібір);
2. үйлесім факторы - ырықты экономикалық қатынасқа психологиялық, дағдылық және менталитеттік жағынан дайындығы бар халық.
Сөйтіп, жаңа экономика үшін ең бастысы: елдің сауаттылығы, жердің байлығы емес, шетелдің қаражаты да, тәжірибесі де емес, ең әуелі экономикалық өскіннің бүр жаруы үшін төл топырақ болып табылатын халықтың басқа ештеңеге алаңдамай, меншік қаржысы болуға дайындығы мен өкіметтің ырықты экономика жүгені мен қамшысын меңгере алатындай қабілетті болуы. Ал, қалғанының барлығы жолайы пайда болып, нәтижесін жолшыбай қосатын қосымша факторлар.Өзгенің, басқа елдің ақылына зәру емес өкімет қана алаңсыз, өз елінің потенциалына сүйеніп, сыртқы потенциалды тарта алады. Өйтпегенде, өкімет өзге елдің түрлі шараларын өз елінің потенциалы мен жағдайын ескермей енгізумен әуре болып, басқарылу объектісін божыратып, басқару субъектісін құрай алмайды. Әр елдің өз “ғажайыбы” өзнің ішкі мүмкіндігіне барынша негізделіп, сыртқа жағдайға бейімделе алғанда ғана пайда болады.
Басты фактор ретінде аталып жүрген шетел инвестициясын жеткілікті түрде тарту соншалықты қиын емес, егер де батыл да нақты заңдар қорын қабылдайтын. Парламент қабілетті болса; халыққа алып сатарлықтан гөрі өз өнімін шығару әрі ләззат беріп, әрі әл – ауқатын жақсартар еді, егер де Үкімет жағдайды өндірімпаздық бағытқа бұрса; коррупция соншалықты қаупіке айналмас еді, егер де сот органының құрылымы мен қауқары әділдік жолында қатал құқылық сипатқа ие болса. Сөйтіп, өкіметтің үш бұтағы бір бірімен ит - ырқылжың қатынастан гөрі, бірін бірі толықтыру қатынасына көшіп, біртұтас өкімет құрап, үйлестіру факторын негіздегенде ғана соны асу алынар. Ал, басқаша жағдайда қоғам қажетті уақытын қажетсіз сергелдеңге сарп етеді.
Сондай-ақ, қожалық психологияны бойына дарытып үлгермеген халық ырықты экономиканың үйлесім факторын құрай алмайды. Сондықтан жекешелендіру саясаты халық қаншалықты қожалық қасиетке ие болуына сай жүргізілу қажет еді. Егер жекешелендіру қоғамдағы қожайындық сипаттан кешіксе, немесе озып кетсе, ол процесс белгілі бір теріс нәтижеге тіреледі.
Алайда, үйлестіру факторы үйлесім факторының қалыптасуын жетелеп, оның өздігінен қалыптасуын күтіп, босқа уақыт өткізбегені абзал. Айталық, қаладан гөрі ауылда әлі күнге қожайындық мінез толық қалыптасқан жоқ және бұған өкімет тарапынан қажетті жағдай, үгіт, насихат жеткілікті де, көрнекті де емес.
Сонымен, сайын келгенде елдегі жаңа экономикалық қатынас үйлестіру мен үйлесім факторларының орнығып, олардың бір біріне қатынасының әділдік, құқылық сипатының қалыптасуына көрініс табады да, басқа жағдайдың барлығы осы көріністің қажеттілігінен туындап, реттеліп отырады. Өйткені, үйлесім факторы болып табылатын халық сонымен бірге ырықты экономиканың басты объектісі де, ол үйлестіру факторы болып саналатын өкімет, сонымен қатар ырықты экономиканың басты субъектісі ғой.
Құрғалы отырған қоғамның құқыққа негізделген демократиялық қоғам болғандықтан, оған сәйкес әділетті әрекет пен жаңа құрылым жасамай, нәтижеге жету мүмкін емес екенін ескеретін уақыт жетті.
Жоғарыда аталған жайтты қалыптастырып, дамуын жеделдететін шаралар ұсына отырып, бұлардың жүзеге асу жолдары мен аргументін көпшіліктің өз талқысына қалдыруды жөн көрдім.

Жоғарғы Кеңес

Маркстік – Лениндік ілім Кеңестік жүйенің арқауы болса, демократиялық қоғамның арқауы - адам мен қоғамның бір біріне қатынасын міндет пен құқыққа негіздеген заңдар. Ал, демократиялық қоғамның бар болмысы мен бітімін әйгілейтін айнасы - ЖК. Сол себепті ЖК қаншалықты ұжым ретінде қалыптасса, соншалықты оның демократиялық орган болғаны, соншалықты заңшығарыс ісіне қабілетті болғаны. ЖК қоғамға ең алдымен заң шығарумен еңбек сіңіріп, ықпал етеді.
ЖК – тің кемелденуіне тілектес бола отырып, мындай ұсыныс:
- екі жарым жылға дейін ЖК депутаттары сайлаушылар алдындағы есепті, 3-5 депутаттан құралған топпен өздері сайланған округпен шектелмей, жалпылама ел аралау мен алмастыру; ел аралау қабылданған заңдар мен нормативтік актылардың өміршеңдігі мен іске асырылуын тексеруге, экономика мен әлеуметтік жағдайдың кері кету себептерін іздеуге негізделу қажет;
-әрбір депутаттың заңжобаны дайындауға қатысы туралы сайлаушыларға тұрақты түрде мәлімет беру;
- әрбір депутаттың мәжіліске қатысымы туралы мәліметті тұрақты түрде жариялау;
- әрбір депутаттың өз ғұмырына творчествалық салаға қаншалықты қатысы барлығы туралы мәлімет жариялап тұру;
- қабылданған заңжоба авторларының еңбегін ақылау және заңжоба жасаудағы бәсекелестік туғызу жолында Үкіметпен бірлескен заңшығарыс қорын ұйымдастыру.

Сот

Өкіметтің Сот билігі жаңа жағдайға бейімдеу оның қазіргі “үшбасты” сипатын біртұтастандырумен байланысты. Біртұтас биліктің бір бірімен байланыссыз мемлекеттік үш органға жіктелуі басқа дәйекті былай қойғанда ақылға сыймайды.
Нақты түрде Сот құрылымы туралы мынадай ұсыныс: Конституциялық және Жоғарғы Сот пен төрелік соттарды біріктіріп, бір ғана Ұлттық Сот құру қажет; Ұлттық Сот жоғарғы және төменгі коллегиядан тұрады.
Жоғарғы коллегия Конституция және мемлекеттік деңгейлі сипаттағы соттық істі қарайды, ал Ұлттық Соттың төменгі коллегиясы шаруашылық және жоғарғы коллегия қарауына енбейтін соттық істерді қарайды. Жоғарғы коллегия 9 адамнан: төртеуін Жоғарғы Кеңес, төртеуін Президент тағайындайды да, төрағаны Президент ұсынуымен Жоғары Кеңес бекітеді. Ал, төменгі коллегия құрамын түгелдей Президент тағайындайды.
Жергілікті соттар да екі коллегиядан: азаматтық іс жөніндегі және шаруашылық сот коллегияларынан тұрады. Жергілікті судьяларды Президент ғұмырбойы мерзімге тағайындап, ал төрағаларды (бұл жерде аудандық соттар жөнінде) маслихаттың ұсынысымен Президент бекітеді.

Әкімшілік - аумақтық бөлініс

Қазақстанның әкімшілік – аумақтық бөлінісі (ӘБ) жаңа формацияға орай, ырықты экономикалық қатынастың сипаты, демографиялық ахуал мен аумақтық мүмкіндігі ескеріле отырып, қайта құрылуы қажет. Нақтылай айтқанда, ӘБ қазіргі облыстық звеноның жойылып, делдал әкімшілік бөліністі уақыт талабына сай мемлекеттік органдармен алмастыру арқылы басы артық әкімшіл - әміршіл жүйесінің түбірімен аластауына батыл әрекет жасалғаны жөн. Республиканың аумағы 200 ауданға бөлініп, әр аудан муниципиалдық мүдде мен мемлекеттік төменгі ауқымдағы мүдденің объектісі болады. Аудандар экономикалық қауқарына орай шартты түрде;
- индустриялы (ИА);
-агросекторлы (АСА);
-аралас (АА) болып жіктеледі.
ИА – ды ірі қала, оған таяу поселкелер, селолар мен ауылдар аумағы құрайды, ал АА – ды оның экономикалық қуатын айқындайтын орташа қала мен оған таяу поселкелер, шағын қала, селолар мен ауылдар аумағы біріктіреді. АСА болса, негізгі экономикасы ауыл шаруашылығына негізделген елді мекендер мен шағын қала, поселкелерден тұрады. Аудандық бұлайша шартты жіктелуі мемлекет тарапынан олардың ерекшелігіне орай дифференциалды дамыту мен олардың бір бірімен интеграциялау мүддесін көздеуді талап етеді. Бұл үшін әр аймаққа орналасқан шамамен 40 аудандық экономикалық - әлеуметтік және мемлекеттік атқару билігінің әкімшілік арқылы баянды болуын ұйымдастырып және үйлестіріп, атқаруын бақылайтын аймақтық министрліктер сәйкес аймаққа орналасуы қажет болады. Сонымен ел аумағы шартты түрде бес аймаққа: шығыс,батыс,түстік, терістік және орталық болып бөлінеді. Алайда, бұл аймақтар әкімшілік – аумақтық бөлініске жатпайды, себебі, аймақ бойынша өкіметтің өзге биліктері (мәслихат, сот) органдарын құрмайды. Сөйтіп, мемлекеттік өкімет қазіргідей 3 сөрелі (ярусты) емес 2 сөрелі болып нығаяды: жоғарғы және төменгі. Сот билігін алсақ – Ұлттық Сот және аудандық сот, өкілдік билік – Жоғарғы Кеңес (Мәжіліс) және аудандық (ауылдық, қалалық, поселкелік) мәслихаттар, ал атқару билігі – Президент пен Үкімет және аудандық (ауылдық қалалық, поселкелік) әкімшіліктер. Атқару билігінің қызметін нақтылайтын болсақ; Министрлер кабинеті Президент белгілеген міндеттің стратегиялық және тактикалық шешімін анықтап, іске асу жолдарын нақтылайды; Аймақтық министірлік шешімді іске асыруды аймақ бойынша ұйымдастырады, үйлестіреді және бақылайды, ал аудандық әкімшіліктер шешімді іске асыруды атқарады. Аудандық әкімшіліктер мұнан басқа муниципалдық мүліктерге қожалық етіп, муниципалдық органдарды басқарады. Жергілікті өкіметтің атқару саласы бойынша сәйкес түрде ауыл, поселке меңгерушілері мен қала әмірлері (мэр) аудан әкімінің ұсынуы арқылы мәслихаттарда сайланады. Ал, аудан әкімі тиісінше Президент ұсынысымен аудандық мәслихатта сайланады. Сонымен бірге әрбір ауылда, поселкеде және қала бөліктерінде (микроаудан) ақсақалдар алқасын құрып, оған заңды түрде мынадай функция ұсынуға болады:
- зейнеткерлер, көпбалалылар мен жалғызбастылар мәселелерін шешуге қатысу;
- моралдық – рухани ақсақалдық сот ұйымдастыру;
- сәйкес аумақ бойынша балалар мен жасөспірімдер тәрбиесіне араласу т.б.
Әрбір аудан муниципалдық деңгейдегі дербестікке ие болып, өзін өзі басқарады, соған орай әр ауданның қажеті мен мүмкіндігіне сәйкес мәдениет, білім, денсаулық, тәртіп қорғау және коммуналдық т.б. сала бойынша меншігі болуы керек.
Аудандық бюджет жергілікті салықтан құралады, ол жетпеген жағдайда аймақтық министрлік құзырымен дотация көлемі анықталып, мемлекеттік бюджеттен толықтырылады.
Сөйтіп, әкімшілік өз құзыры, белгілі бір мөлшерде өз қаражаты, мүлкі арқылы жергілікті мәселелерді шешумен өзін өзі басқарудың толыққанды бірлігі болады, сондай-ақ, Үкіметтің вертикал бағыныстағы төменгі звеносы ретінде мемлекеттік орган болып табылады..
Мемлекеттік бағыныстағы шаруашылық субъектілерінің қызметін өзіне тиісті аймақ мүддесінің экономикалық, әлеуметтік және басқа салалары бойынша белгіленген мақсатқа жұмылдыра отырып, сәйкес Аймақтық министрлік сол аймақтағы жойылған облыстық әкімшіліктердің саяси, экономикалық, меншіктік, құрылымдық мұрагері болып табылады. Бұл құрылымның ісі мығым болуы үшін Министрлер кабинеті жөніндегі заңда арнайы бір тарау Аймақтық Министрлік жөнінде болып, ал Министрдің кабинет мүшесі болуы қажет болмақ.
Әкімшілік – аумақтық бөліністің бұлайша әлпеттенуі әр сала бойынша бұрынғы жергілікті мекеме, органдардың аудандық және жалпымемлекеттік болып, функциялық және бағыныс жағынан, қаржылай, мүліктей қамту жағынан жіктелуіне тура келеді. Айталық, бұрынғы облыстық Ішкі Істер басқармалары біріктіріліп, өз аймақтары бойынша бір
басқарма құрайды, яғни 19 – дың орнына 5 басқарма құрылады, ал аудандық бөлімдер аудан көлеміне орай іріленіп, оның функциясы, әкімшілікпен ара қатысы тиісті заңда көрсетіліп, кадр, қаржы, мүлік, меншік жағынан түгелімен жалпымемлекеттік бағынысқа түседі. Ал, муниципалдық
өкімет қарауына учаскелік милиционерлер тобы мен бюджет шамасына қарай өзге де бөлімшелер болуы мүмкін. Сонымен, жойылған 19 облыстық және 20 – дан аса аудандық
әкімшілікке тиесілі мүліктер мен үнемделген бюджеттік қаржыны былай жұмсауға болады:
-Жаңадан жасақталған (іріленген) аудандардың қажетін толықтыру;
-құрылған бес Аймақтық Министрліктің қажетін қанағаттандыру;
-қалған мүлік пен қаржының ақшаға шаққандағы мөлшерінің жартысын беске бөліп, әр аймақты дамыту қорын (АДҚ) құруға бөлу, ал қалған жартысын астананы көшіру қорын құруға қосу.
АДҚ Аймақтық министрлік құзырында болып, ол Қазақстанды өркендету банкасының қызметінен тыс саланы қамтуға бағытталуы тиіс.
Сондай-ақ, әрбір аймақ бойынша Президенттің ресми өкілді органы құрылғаны да жөн болар еді.
Сайып келгенде, елдің әкімшілік – аумақтық бөлінісін бұлайша “ойсырата” өзгертуге ырықты экономикалы демократиялық қоғам жағдайында тиімді де қауқарлы және арзан басқару организмін құрауға итермелейтініне көп ұзамай-ақ көз жетеді. Ал, қазіргі бөліністің соншалықты оралымсыз да икемсіз әрі қымбат екенін, 22 млн-дық халқы бар Өзбекстанда 13 облыс екенін, ал 17 млн-дық Мәскеу облысы мен өзімізді салыстыру арқылы көз жетеді. Ырықты экономика жағдайында мемлекет басқару органының көлемі оның демографиялық және аумақтық (территория) сипатына байланысты болатынын ескеру ләзім.

ИДЕОЛОГИЯ
Біздің елдің қазіргі жағдайына жаңа формацияның принциптері мен елдік менталитетке негізделеген жаңа идеологияны біртұтас идеологиялық органмен нақты жүзеге асырған жөн. Бұл орган Президент аппараты жанындағы экспертті – идеологиялық орталық болып, оның әр аймақ бойынша Президент өкіліне қарайтын бөлімшелері болса.
Идеология үш салаға: құқылық, ырықты экономикалық және азаматтық идеология болып бөлінуі тиіс.
Әр қызметкері әрі сарапшы, әрі идеолог болуға тиіс.
Сараптамалы – идеологиялық орталыққа (СИО) қойылатын талап азаматтардың құқылық мүмкіндігін білуге, мемлекет алдындағы міндеттерін сезінуге, оларға жаңа экономикалық қатынастың қыр – сырын танытуға, жалпы - адамзаттық ынтымақ пен әдеп жолдарын насихаттап, қазақстандық біртұтас мәдениет құруға жұмылдырумен бірге, қазақстандықтарды патриоттыққа бағыттап, қоғамдық құқылық, экономикалық, азаматтық салаларға сергек көзқараспен, сарапшылық деңгеймен баға беріп отыру, Үкімет жұмысына ішкі саясат саласы тұрғысынан баға мен бағыт сілтеуге негізделуі қажет.

ЖЕР РЕФОРМАСЫ
Бұл реформа жерге меншікті сипат берумен ғана жүзеге аспақ. Ол үшін Қазақстанның барлық жер көлемін. Жалпы мемлекеттік жер қоры (ЖЖҚ) және меншіктелетін жер көлемі (МЖК) ретінде екі бөліп қарастыру қажет. МЖК – не жекешеленген және оған жататын барлық объектілердің жер алаңы, жеке меншіктегі үй, саяжай, гараж, түрлі меншіктегі шаруашылық, өндіріс орналасқан жер алаңдарының көлемі жатады да, ал ЖЖҚ – ға қалған жер көлемінің барлығы тиісті болады.
ЖЖҚ мемлекеттік стратегиялық жер қоры болып табылып, қажетке қарай оның белгілі бір бөлігі сатылып отыруы мүмкін.
МЖҚ жерді реформалаудың бірден бір объектісі болып табылады. Жерді реформалау үшін МЖҚ – нің нақты сандық шамасы анықталады. Әрбір жан басына тиісті жер көлемін (ЖТК) жекешелендіру арқылы сайып келгенде реформа жүзеге аспақ. МЖК сандық шамасын Қазақстан халқының саны (ХС) мен шетелдік қазақ диаспоры санының (ДС) қосындысына бөлу арқылы ЖТК анықталады: ЖТК = МЖК: (ХС+ДС).
Жерді жекешелендіру екі тәсілдің қабат жүргізілуі арқылы жүзеге асады. Алдымен жеке қожалығы (үй, саяжай, гараж, фермерлік шаруашылығы) бар адамдарға (жанұя) ЖТК – нен аспайтын жер алаңдарының жалпы көлемі құжаттанады, әр объект орналасқан жер алаңына сәйкес Жер куәлігі беріледі де, құжаттанған жер көлемі ЖТК – ге жетпеген жағдайда қалған бөлігінің сандық шамасы көрсетілген жер купондары (ЖК) беріледі. Ал, иелігінде ешқандай жер көлемін қажет ететін объектісі жоқ адам (жанұя) түгелдей ЖТК шамасы бар ЖК иеленеді. Қолданыстағы жер көлемі ЖТК – нен асып кетсе, ол адам (жанұя) жер көлемінің ЖТК – нен асқан шамасына сәйкес ЖК сатып алу арқылы қалған жер алаңын өз иелігіне көшіріп құжаттайды.
Таратылған ЖК жер алаңын алуға немесе құнды қағаз ретінде сатылуға мүмкіндігі болмақ, сондай-ақ, оларды инвестициялық жекешелендіру қорларына (ИЖҚ) өткізу арқылы акцияға ие болуға жағдай туғызылуы қажет.
Жер алаңы мен ЖК сату және сатып алу процесі арнайы құрылған Жылжусыз мүлік (недвижимость) биржасы (ЖМБ) арқылы жүреді. ЖК- ын қабылдаған ИЖҚ оны жекешелендіру купоны тәрізді жекешеленген не соған тиісті объектілердің жер алаңын сатып алуға жұмсайды да, ЖК қожайындары сол объектінің акционері болып тіркеледі.
ЖМБ – ның бақылау пакетіне мемлекет атынан ие болатын Жер қатынасы және оны реформалау (ЖҚРК) комитеті мен Құрылыс министрлігі жарғылық қордың кемінде 25% - тін жасақтап, қалғаны түрлі меншікті субъектілер құрайды. ЖМБ ЖК – ның номиналы мен сатысқа түскен жердің 1 шаршы метрінің орта нарқын айқындауға және жердің талан – таражға түспеуі мен заңсыздық объектісіне айналмауына, сондай-ақ түрлі қағазбастылық пен кедергілерді аластауға үлес қосуы қажет. ЖМБ – ның әр аймақта филиалы болмақ.
Жер реформасы кезінде мыналарға көңіл бөлуге тура келеді:
- ЖҚРК –ның талапқа сай қайта құрылуы;
- ЖК – ның азаматтық куәлігі барлар мен олардың жанұясына және қазақ диаспорасының Қазақстандағы өкілдері мен жанұяларына берілуі, әр шетелдік қазаққа тиесілі ЖК- не сәйкес жер көлемінің сақтаулы болуы;
- ЖК – ны сату мен сатып алу, оны құнды қағазға айырбастау ЖМБ арқылы жүзеге асуы;
- Жер алаңының шетелдік (азаматтарға емес) инвесторларға ғана шектеулі көлемде сатылуы;
- Жер алаңының шетел азаматтарына (қазақ диаспорасы мен Қазақстан азаматынан басқа) сатылуын болдырмау;
- шетелдік инвесторларға жер алаңының кепіл ретінде тіркелуі арнайы комиссияның шешімімен ғана жүзеге асуы;
- жекеменшік жер алаңының интенсивті түрде және кесірсіз, зиянсыз пайдалануын тұрақты назарда ұстау;
- жер алаңына қожалық куәлігі Азаматтық куәлігі(төлқұжаты) бар адамға ғана тіркелуі;
- ЖК – на құнды қағаз түрлеріне салынатын салықтың таралуы;
- жекешеленген жер алаңына арнайы жер салығының салынуы;
- мемлекеттің стратегиялық мүддесіне қатысты жер алаңдарының алдын ала айқындалып, жекешелендіру процесі басталмастан оның жалпы мемлекеттік меншік ретінде жариялануы;
- жер қойнауының мемлекеттік меншік екендігі.

ТІЛ САЯСАТЫ
Тіл саясатының саясатшылдық пен түрлі саяси амбицияның аренасына айналуынан сақтайтын бірден бір шара – іс жүзіндегі ресми қостілділік пен қоғамдық (бұқаралық) көптілділік. Қай тіл қандай мәртебе алса да тілдік тартыс ешбір тілді де ұшпаққа шығармайды және қандай заңды да іске асырудағы әрекетсіздік оның дұрыстығы мен қауқарына күмән туғызып, бір заңды екіншісімен алмастыратындай қақпақыл жағдайға душар боламыз. Сондықтан Атазаңға тілдер жөнінде өзгеріс енгізуді төмендегідей нақты шараны іске асырумен алмастырып, тілдер мәртебесінің бұрынғы қабылданған күйін әлі де іс жүзіне асыруға жұмыстандыруды ұсынамын. Басқаша айтқанда, Қазақстан ең әуелі қазіргі ресми біртілділіктен (орыстілді) ресми қостілділік және бұқаралық қостіліктен (орыс - қазақ) бұқаралық көптілділік объектісіне көшіру керек.
Бұл шараны іске асыру жолында Тілдер комитеті мен басқармалары тілдер жөніндегі аттестациялық комиссия (ТАК) құрады. Бұқаралық көптілділік (БК) шарасы іске асыруда өз еркімен аттестацияланатын азаматтарды ТАК мына категорияларға (ТК) аттестация қабылдау арқылы жіктеп, арнайы куәлік береді:
1- категориялы: ауызекі тілді түсінуші:
2- категориялы: ауызекі тілді еркін меңген, сол тілде әңгімелесе алушы;
3- категориялы: жазба тілді түсінуші (демек, 1-2 категорияны да меңгерген деген сөз);
4- категориялы: тілді меңгерген, яғни бұл тілде өз ойын жаза білушілер ( демек, алдыңғы категорияларды да меңгерген).
Аттестацияланған азаматтар ана тілі мен қай тілде қандай категориямен меңгергендігі жөніндегі мәліметі бар куәліктерге ие болумен бірге, материалдық ынталандыру құқығына ие болады. Бұл үшін, айталық, аттестант өзінің мемлекетке төлейтін табыс салығын мынадай процентке азайтады:
100% табыс салығы - ( әр тіл бойынша категория нөмірлерінің қосындысы) = Х %, мұндағы Х - табыс салығын азайту проценті. Ана тілі категорияланбайтынын ескерсек, біртілді адамның табыс салығы ешуақытта азаймайды.
Ресми қостілдік (РҚ) шарасына депутаттар мен министрлерден бастап, аудан әкімінің хатшысына дейін міндетті түрде кірістіріледі және әрбір категорияны меңгеруге бір жылдан беріледі. Сөйтіп, 4 жылда қостілді (қазақ-орыс) ресми органға ие болу мұраты іске асуы қажет. Ал, 4 жылда бір тілді меңгере алмаған адамда мемлекеттің қандай шаруасы болуы мүмкін?
Алайда РҚ үшін табыс салығының азайту формуласы былай болғаны жөн:
100% табыс салығы – 2 х (категория нөмірі) = Х%.
Сондай-ақ, БК мен РҚ шаралары үшін шет тілінің қатысы жоқ, қатыс тек қана қазақстандық этнос тілдеріне болуға тиіс. Алайда, мұның барлығы да тұрмыстық тіл деңгейіндегі критерий болғаны орынды. БК - Қазақстан жұрттарының бір бірінің тілін үйреніп, дамытуға көтермелейтін негіз болу шарасы.

КАДР
“Кадрлар бәрін шешеді”. Ел жағдайы қиын кезде оның аяққа тұрып, дамуына кепілдік те – кадр. Жаңаша ойлау қабілеті тоқыраған ескі кадрдың орнын жаңа заман кадрының басуы да уақыт талабы. Ендеше ескілерді ығыстырып, қабілетті жаңаларды тартатын механизм “Болашақ - жастардыкы” деген емес, “өткен шақ- қарттардыкы, осы шақ – жастардыкы, болашақ – баланыкы” деген қисынды девизге иек артқан мақұл. Мұндай механизмді кадрлардың мәлімет банкасын (КМБ) құрудан көремін. Бұл дегеніміз – мемлекет қызметіндегі және онан тыс нағыз қабілетті де жарақты кадрлардың мәліметін жинау арқылы оларды мемлекеттік органдарда өсіруге жағдай жасау және қызметке тартуда кадрды іріктеу мүмкіндігін туғызу. Сөйтіп, мемлекеттік кресло кез келгенге орын еместігін сездіре отырып, кадрлар элитасын қалыптастыру.Аталмыш шара ауыл меңгерушісінен бастап, жоғарғы эталондағы қатардағы қызметкерлерге дейін міндетті түрде тестіден өту арқылы жүзеге асады. Ал, мемлекеттік органдардан тыс қызметтегі азаматтар өз еркімен тестіден өту арқылы кадрлар резервін құрған болар еді.
Әрине, мұндай тест қызметкердің лауазымға сәйкестігі мен оның қаншалықты қабілеті барын анықтайтындай өте нәзік критерий бойынша бағалануы қажет. Басқа жағынан алғанда бұл шара мемлекет органдарын кездейсоқ адамдардан тазартып, қабілетті кадрдың тартылу механизміне айналар еді.

ЕҢБЕКПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ МИГРАЦИЯ
Жұмыссыздықтың белең алуына орай алдағы жылы әлеуметтік салада еңбекпен қамту ең маңызды болмақ. Ал, бұл саладағы қазіргі еңбекпен қамту (ЕҚ) қанағаттанғысыз. Оны жолға қою үшін қазіргі жұртшылықты еңбекпен қамту қоры (ЖЕҚ) негізінде мемлекеттік еңбек банкасын (ЕБ) құруды ұсынамын. ЕБ- ның мақсаты:
- кәсіпорындарға кадр сапасын жақсарту үшін несие беру;
- өз мамандығын немесе білімін жетілдіру мақсаты үшін азаматтарға несие беру;
- еңбек орнын көбейтуге бағытталған нақты жобаларды несиелеу;
- жеке адамдардың шеберханасын, өндіріс цехтарын ұйымдастыруға бағытталған жобаларды несиелеу;
- ЕҚ органдарының басқа да шараларын қаржыландыру.
Еңбек министрлігінің басты назарында болатын бір жайт - әдеттегі туылу деңгейі жоғары ауданның еңбекпен қамтылуын нығайтып, ол жер тұрғындарының миграцияға ұшырауын тоқтату. Сондай-ақ, ЕҚ органдары шағын және орта, фермерлік кәсіпорындарға еңбекті ұйымдастыру, еңбекшілерді басқару секілді жайттардан тұрақты кеңес беруді қолға алғандары нұр үстіне нұр.
Сонымен бірге еңбек кітапшасының жаңа түрін шығарып, онда еңбеккердің еңбек қабілетінің әрбір жұмыс орнында істегендегі мәліметінің толық көрнісі болатындай орын берілсе, бұл жайт, жұмыс берушіге дерек, жұмысшыға (еңбеккер) жауаптылық орнатар еді.

ӘЛЕУМЕТТІК САЛА
Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға Халық банкасының (ХБ) жағдайы мен дәрежесін нығайтып, оның мүмкіндігін пайдалану арқылы ықпал етуге болады. Ол үшін ХБ – сын акцияландырып, мемлекет қарауына бақылау пакетімен бірге акцияның 25% - тін қалдырып, қалғанын жеке адамдар мен шағын мекемелер мен кәсіпорындарға сатқан жөн. ХБ – ның жарғылық қорын мейлінше көбейтіп, оның акция құны мен санын молайту арқылы акционерлердің санын ұлғайтумен банкаға нағыз халықтық сипат беру қажет. Алайда, бұдан бұрын ХБ-ның бұған дейін инфляцияға ұшыраған салым көлемін компенсациялап, салымшылардың Үкімет пен ХБ –ға деген теріс көзқарасын оңдауға тура келеді. ХБ- ға жаңадан мынадай міндет пен құқық беру керек:
- жеке азаматтарға үй мүлкін сатып алуға, оқу мен денсаулық, туризм, демалыс саласына жұмсауға несие беру;
- азаматтар мен шағын өндіріс ұйымдарының кіші цех, шеберхана, лаборатория жасақтауы жолында шағын жекешелендіруге қатысу мақсатын несиемен қаржыландыру;
- құнды қағаздармен жұмыс және клиенттерге қызмет.
Мұнымен бірге банка жанынан әрбір аудандық филиалы болатындай, “итеріспе базарға” бәсеке туғызу, халық тұтынатын тауарлар бағасын реттеп, отандық өндірушілер бұйымының сұранысын айқындап отыру, сондай – ақ құнды қағаздар базарын қалыптастыруды дамыту мақсатымен Халықтық тауар биржасын құрған мақұл.

ЗЕЙНЕТАҚЫ МЕН ЖӘРДЕМАҚЫ
Мемлекеттік зейнет (пенсия) саласын дамытуға төмендегідей шаралар легі ұсынылады:
- зейнетақы қорын жою;
- зейнетақыға тиесілі салықты жергілікті әлеуметтік қамту (ӘҚ) (Собес) бөлімдерінің есепшотына түсіру;
- ол есепшоттарды міндетті түрде ХБ бөлімдерінде ашу;
- ӘҚ министрлігі мен ХБ арасында заңды қатынас (келісім – шарт, құрылтайшылық немесе акционерлік) орнатылуы. Осы шаралардан соң Үкімет кемінде мемлекеттік зейнетақының бір айлық мөлшерінде ӘҚМ – тің ХБ – на депозитер ретінде салым салуға жағдай жасайды. Сөйтіп айналыстағы бір айлық мемлекеттік зейнетақы мөлшері мен ай сайын түсетін зейнет салығы зейнетақының тұрақты түрде берілуін қамтиды. Мұндай жағдайда ӘҚ органдарының қызметі мындай болмақ:
- зейнетақы мен жәрдемақының мөлшерін шығару (есептеу, қайыра есептеу);
- ХБ – ның бөлімдерімен қарым- қатынас;
- әлеуметтік төлемдердің мезгілінде және дұрыс таратылуын ұйымдастыру және қадағалау.

ТҰРҒЫНЖАЙ
Тұрғынжай мәселесін шешудің басты арқауы ретінде.Тұрғынжай – құрылыс банкасының (ТҚБ) қазіргі күйіне қан жүгірту үшін оны акционерлеу қажет те, акцияның 25% - мен бақылау пакетін ғана мемлекетте қалдырып, қалғанын инвестқорларға аукцион арқылы тұрғынжай купондарына айырбастау керек. Сондай – ақ:
- банктың әрекет аясы кеңейтіліп, оған жылжусыз мүліктерге (ЖМ) лизингілік қызмет үшін несие бөлу қарастырылса;
- ЖМ биржасын құруға атсалысу мүмкіндіктерін жасаған жөн. ЖМБ арқылы үй, пәтер, жер алаңы, құрылыс материалдарын сату; үй, пәтер жалдау әрекеттеріне ресми сипат беріп, оның нақты да айқын нарқын орнатуға ықпал жасағаны қолайлы.
Ал, жеке тұрғын үй салушыларға берілетін несиенің талабын өмір жағдайына жақындатқан дұрыс та, мұндай несиені қалада 30 жылға емес, 10 жылға, ал ауылда 20 жылға беру қажет.

САЛЫҚ ЖЕҢІЛДІГІ
Жаңадан қабылданбақ салық жүйесін (СЖ) қолданудан айрықша шаруашылық субъектілеріне бағыттауды қолдап, СЖ-гін шартты түрде үшке бөліп қарастыруды ұсынамын:
1) ынталандыру СЖ (ЫСЖ): жаңа құрылмақ өндірушіге (ЖӨ) бір жылға дейін әлеуметтік салық - ӘС (табыс, зейнет, еңбекпен қамту салықтары) түрлерінен басқасын жартылай салып, екінші жылдан бастап пайдаға салынатын салықтан өзгесін ұстау, ал үшінші жылдан бастап нағыз СЖ – не көшіру;
2) жеңілдік СЖ-сі (ЖСЖ): ЖӨ-ге бір жылға дейін ӘС түрлерінен жергілікті салықтан (ЖС). Өзгесін қолданбау, ал екіншісі жылдан бастап ЫСЖ – не көшіру;
3) айрықша салық жүйесін (АСЖ): ЖӨ - ге екі жылға дейін ӘС түрлері мен ЖС түрлерін ғана салу, ал үшінші жылдан бастап ЫСЖ – не көшіру.
Аталған СЖ – лерін қолдану үшін елдің экологиялық, әлеуметтік, коммуникациялық ахуалына қарай мынадай географиялық сипатты ЖӨ тобын қарастырамыз:
1. Экологиялық апатты және әлеуметтік мешеуленген әкімшілік – аумақтық бөлініс субъектісі (ауыл, поселке, қала аудан) аумағына орналасқан ЖӨ (ЭЖӨ);
2. Әлеументтік мешеу аумақта құрылған ЖӨ (ӘЖӨ);
3. Коммуникациясы нашар аумақта құрылған ЖӨ (КЖӨ).
ЖӨ ретінде жаңадан құрылған шағын және біріккен кәсіпорын алынады.
Сондай – ақ, бұл топқа жатпайтын, бірақ, көтермелеуді қажет ететін өндіріс саласында өндіруші кәсіпорындардың (СӨК) шағын және біріккен сипатты түрлері үшін (1995 жылдан бастап құрылғандарға) кіріспе СЖ – сін (КСЖ) қолдану өнеркәсіп өнімдерін шығаруда серпіліс туғызар еді.
4.Кіріспе СЖ- сі (КСЖ): ЖӨ - ретінде Ауыл шаруашылық өнімдерін беретін, құрылыспен айналысатын және құрылыс материалдарын шығаратын, халық тұтынатын тауарлар өндіруші субъектілер үшін алты айға дейін салықтың ӘС және ЖС түрлерін ғана қолдану, одан нағыз салық жүйесіне көшіру. Қорыта келе, СЖ мен ЖӨ топтарының сәйкестік кестесі төмендегідей болады:
1) КСЖ – СӨК
2) ЫСЖ – КЖӨ
3) ЖСЖ - ӘЖӨ
4) АСЖ - ЭЖӨ
Бұл шараны жүргізу үшін елдің әкімшілік – аумақтық бірліктерін экологиялық, әлеуметтік және коммуникациялық жағдай бойынша іріктеуге тура келмек.

ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУ
Жекешелендіру саласындағы қазіргі жаңаша қарастырымды қолдай отырып, оны жүзеге асыруда мына жағдайларды ескеру пайдалы болар еді:
- Жекешелендіру органдарының екіге бөлінуі кезінде мемлекеттік мүлікті жекешелендіру аппараттары, әсіресе, жергілікті әкімшілік аппаратынан бөлек құрылғаны, сөйтіп, оны тігінен бағыныстағы тек қана Министрлер Кабинетіне тәуелдендіру;
- Жекешелендіру аукциондарын бес аймақ бойынша өткізіп отыру;
- Шағын жекешелендіруді арнайы ережемен жергілікті өкімет арқылы жүргізіп, бақылауды Мемлекеттік жекешелендіру органына тапсыру;
- агросекторды жекешелендіруді жүргізу барысына жаңа меншікті шаруашылық басшыларын сайлауда әкімдердің ықпалын жою механизмін жасап, шаруашылық мүшелерінің энтузиазмын тұқыртып отырған жайттарды болдырмау.

ЭЛЕКТР ЭНЕРГИЯСЫ
Елде ірі электр қуаты көздерін нығайтумен бірге, оған бәсекелік жағдай ретінде және Қазақстан үшін тиімді де қолайлы дәстүрден тыс электр көздерін қалыптастыру өз жемісін берер еді. Бұл үшін жел, күн, өзен күштеріне негізделген шағын, дербес электр станцияларының технологиясын дәйектейтін мекемелер мен енгізетін ұйымдарға мейлінше жағдай жасау қажет.
Мұндай шара энергия саласындағы шешуші де маңызды тактикалық әрекет екенін түсінетін мезгіл жетті.

КӨЛІК
Аз санды халқы бар Қазақстанның ұланғайыр территориясын әуе жолымен қамтуда жақын және орта қашықтыққа арналған шағын самолет өндірісін, вертолет жасау саласын қолға алған қолайлы болар еді. Бұл жолда қолда бар екі жөндеу зауытын шетелдік инвестиция мен технологияға тарту тиімді.Ең әуелі шағын да арнаулы салаға арналған (ауыл шаруашылығы, өрт қызметі, медициналық, геологиялық, жеке адамдар үшін) әуе техникаларын шығару өзін өзі тез ақтар еді.
Елдің теміржол саласын тәуелсіз елдің жол индустриясының көрнісі етіп қайта құратын кез келді. Ол үшін қазіргі басқарушылар монополиясына айналған ірі үш теміржол (ТЖ) басқармаларын шағындап бес аймақ бойынша бес басқармаға жіктеу керек те, 14 бөлімшенің орнына Алматы, Арыс, Қандыағаш, Бейнеу, Көкшетау, Тобыл, Ақмола, Семей сияқты тораптар негізінде жеті бөлімше қалдыру қажет. Қысқасы, теміржолдарды біртұтас Қазақстан теміржолы етіп біріктіру керек. Сөйтіп, артылған мүлік жекешеленіп, одан түскен қаржы мен үнемделген қаражатты жаңа жолдар салуға жұмсаған жөн.
Сондай-ақ, елдің ішкі бағыты бойынша жолаушылар қозғалысын тиімсіз де шығынды маршруттарды қысқартып, дербес(персональный) вагондарды бос қаңтару “мәртебесіне” босатып, жаңа составтар құру арқылы қанағаттандыру қажет.

МЕМЛЕКЕТТІК ТЕЛЕРАДИО
Қазірде қазақ теледидарының қаржының жоқтығы, сайманның тозықтығы, кадрдың сапасыздығы және басқа себептердің кесірінен дискредитацияға ұшырағанын ешкім де жоққа шығара алмас.
Жуырда Үкіметтен жеткілікті жағдай жасалса да, жасалмаса да ескірген қолапайсыз да мұсалдат жүйені жаңаша қалыптастыратын уақыт туды.
Теледидар жүйесінің атынан гөрі затын өзіне сай, ықшам, уақыт үдесіне төзімді, шығыны аз, өнімі көп жүйе ретінде қайта құру облыстық телекомпаниялар мәртебесін өзгертуге саяды. Аталмыш құрылымдардың бәрі бірдей облысты түгел ақпаратпен, идеологиямен қамтып отырған жоқ және оған мүмкіндік те жоқ, оның үстіне тәуелсіз құрылымдармен салыстыруға келмейтіндей, уақыт тезіне төтеп бере алмай, іскерлікті талап ететін заман шаңын қауып қалып отыр да, жүздеген адам мен мәнсіз телеуақыт Корпорация бюджетінің шығынына мағынасыз түрде ортақтасуда.
Ұзын сөздің қысқасына көшсек, жергілікті телерадиокомпанияларды бас аяғы он адамдық Телестудияларға айналдырған жөн. Бұлар барлық жағынан корпорация меншігі болуы керек және жергілікті өкіметтен ешқандай тәуелсіз мекеме болып құрылғаны жөн.
Корпорацияның облыстарда қолданып отырған және компанияларды студияларға айналдырудан ауысқан барлық мүліктер, саймандар мен ғимараттар Үкімет келісімімен жекешелендіріле отырып, қаржысы Корпорация бюджеті мен жарғылық қорына түсуі қажет.
Ал, облыстық, аудандық, қалалық радиотораптарының жергілікті радиотораптарын жасақтауға жететін мүлкі жергілікті өкіметке табыс етіліп, муниципалдық меншіктегі радиотораптары құрылуға тиіс. Қалған мүлік Корпорация иелігіне өтіп, бұл иелікпен де телекомпаниялық мүлік тәрізді шара жасалған дұрыс.
Аталған әрекеттен түсетін қаржы Корпорацияға ұлттық ансамбль, дыбыс студиясын, тігінхана, шаштараз, шеберхана және әр ауданнан телеөкілдіктер, сондай-ақ, дубляж және мультипликациялық студия құрып, телефильмдік өндірісті нығайтуға мүмкіндік бермек.

Ақтөбе, 16 желтоқсан 1994 ж.

Комментариев нет: