понедельник, 17 сентября 2007 г.

ТІЛ МАЙДАНЫНДАҒЫ ТҮЙТКІЛДЕР

ЗАҢ «АУЫЛЫНДАҒЫ» АЛЖАСУ

Өткен ғасырдың басында қазақстандық большевиктік үкіметті басқарған тұңғыш қазақ Нұрмақов Нығмет Мәскеуге тікелей бағына тұрып, өзінің атылғанға дейінгі қысқа ғұмыры мен лауазымында ұлттық мемлекетшілдіктің ұлан-асыр үлгісін көрсетіп үлгерді. Соның бірі - қазақ тіліне мемлекеттік сипат беру еді. Әрине, Ныхаңда Мәскеуге жағыну арқылы мансапқа өрмелеудің ұшан-теңіз мүмкіндігі болды, соның бірі - Кремльдің мүддесін алға бастыра отырып, өз ұлтының мүддесін аяқасты етуге оның шамасы еді. Бірақ, жеке басты ұлттан бөлек қарамау, сол кездегі халқымыздың өзегіне түсіп үлгермеген құлдық жегінің жоқтығынан болса керек. Десек те, одан бергі ұлттың құлданған кезеңдерінде де ұлттық мемлекетшілдіктің жарқын үлгісін танытқан Жұмабай Тәшеновтер аз болды ма?
Тірлігі күрделенген қазырғы заманда заңдамалау (заңнама – «жылнаманың» ізімен алғанда: «законопись», заңдау - законодать, заңдаушы – законодатель, заңдама - законодательство) да, оны өмірге енгізу де күрделеніп кетті. Қалай десек те, ұлттық тағдыр халықтың бас көтерер баскерлерінің (лидер) ырқына келіп тірелетінін тарихтан да, тарихи тұлғалардың әрекетінен де көреміз. Сол баскерлер ырқынан да елдің даму және заңдамалық тұжырымдамалары туындайтынын жоққа шығару қиын. Ендеше елдің елитасы (элита) қаншалықты қауқарлы болса, соншалықты дәрменді заңдар туылмақ.
Еліміздің бас гәзиті «Егемен Қазақстанда» басылған «Көкпарға түскен тіл» (31.01.06. – Сейфолла Шайынғазы) атты мақала тым жақсы мәселені көтеріпті, бірақ мақала аптыры тілдің қаншалықты көкпарға түскенін және нақты кімдердің «көкпаршы» екенін көрсете алмай, жоқты-барды қазбалап кетіпті. Тілші қазырғы тіл жанашырларын әлдекімнің нұсқауымен сынға алғысы келгенімен, мақсаты айдалаға барып шиша атқылаған бұзақы баланың қылығымен шектелген. Шынында да, қазақтың тілі арғы жағын қозғамай, беріден алғанда, әлгі Н.Нұрмақов кезеңінен бастау алады. Бірақ, Н. Нұрмақов, С.Сейфуллин сияқтылар Анатілді (ескі әнұранда келтірілген бұл ұғым «атамекен» секілді қасиетті, Қазақстандағы тілдердің тілі дегенді білдірсе керек) көкпарға тартқызбауға жандарын салған. Өкінішке қарай, «кемелденген социализм» тұсында көкпартартқы ретінде қазақ тілі таптырмас ойыншыққа айналдырылды. Міне, сол тұста тілді тұншықтырушы шовинистер мен нигилистерге бермеуге біршама қазақ зиялысы әрекет еткені белгілі. Егер осы тартысты «Егеменнің» тілшісі көкпарға теңеп отырса, онда оның жөні бөлек және оны оқырманға ашыңқырауға тура келер еді. Алайда, тіл майданын көкпарға баласақ, онда тілді тартқыға салып жүргендердің бір жағында кім, екінші жағында кім екендігін ашып айтып керегі болмайды - түсінікті. Тек қолдарында қару да, қауқар да қалмаған тіл жанашырларын жазғыруды мұрат тұтқан тілшіміздің нигилистер жағының жалауын желбіреткенін түсінбей дал боламыз. Өйткені, қанша дегенмен «Егемен Қазақстан» - «Еңбекші Қазақстан» немесе «Социалистік Қазақстан» емес қой! Әлде бас гәзитіміз ХХ ғасырдағы басты бағдарынан жаңылмағаны ма? Жарайды, бас гәзитті басынып жарытпаспыз…
Сонымен заңымызға оралайық. Даурығып жүріп қабылданған қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі де біздің елитаның бар болмысын білдіретін көрініс. Әрине, ішкі-сыртқы тартуыл күштердің болғанын жасырмаймыз, бірақ тілге бір қолмен мәртебе беріп, екінші қолмен оны тартып алатындай, Атазаң қабылданарда күрделі жағдай қалыптасқан еді дей алмаймыз. Тіпті, Конституцияның атышулы 7 бабының 2 тармағына тайға таңба басқандай «Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады » деп, орыс тілін қазақ тілінің көлеңкесі етпей-ақ, «қолданылуы мүмкін» деген уәжбен тоқтауға болатын еді. Бірақ қазыр керісінше, қай тіл қайсысының көлеңкесі екені белгілі.Ал, қазыр өз алдына ойлаудан қалған қазақы сана орыс тілін «ресми тіл» деп қақсауын қояр емес. Осы орайда, тілдің мәртебесі ҚР «Тіл туралы» заңының «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi» аталған 4-бабында былайша таратып айтылған: «Мемлекеттiк тiл - мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi». Мемлекеттік тілдің не екеніне мәртебе беру дегеніміз – осы! Ал, орыс тілінің «ресми мәртебесі» осы заңның «Орыс тiлiн қолдану» («Ресми тілді қолдану» делінбеген!) деген тақырыппен 5-бабында: «Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi Өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады» - делініпті. Мұндағы «ресми түрде» деген сөз тіркесі ешқандай да мәртебені беріп тұрған жоқ! Бір қызығы, бұл уәжді орыстілділер айтуға жүрексінеді, себебі олар орыс тілінің тиянақты түрде ресми мәртебесі жоқтығын жақсы біледі. Ал, арандауға әрқашан әзір тұратын қазақтілділер әлі күнге «ресми» мен «мемлекеттік» мәртебенің бір ұғым екенін айыра алмай-ақ қойды.
Заң қабылданарда бұл уәж орыс тіліне берілген «сәл-пәл» ғана мәртебе ретінде мойындалғанымен, бұл о баста тиянақсыз қазақы санаға бағытталған қитұрқы әрекет еді. Бұл «мәртебені» енгізушілер кімді қалай шатастыратынын жақсы білді. Сөйтіп, о баста олқы мәртебеге ие орыс тілі қазыр нағыз ресми тіл болып шыға келді. Өйткені, елдегі барлық ресми мемлекеттік органдар тек сол тілде ғана күн көруде. Ал, атазаңның 7 бабының 1 тармағының қаһарынан құтылу үшін, қазақ тіліне міндетті түрде аударма жасауды «заңдандырып алды». Мәселен, Әділмин заңды тұлғаларды тіркеуде ұйымдардың жарғысын мемлекеттік тілде қабылдамайды, егер оның орыс тілдегі нұсқасы болмаса. Яғни, елдегі заңдаманы басты атқару органы Конституцияның 7 бабының 1тармағын мойындамай отыр деген сөз. Тіпті, заңдамалау да өңкей орыс тілінде жүретіні енді ғана айтыла бастады. Бұл – Қазақстан заңдамасындағы қасақана қитұрқы ғана емес, жоғарыда сөз еткен ұлттық елитаның қауқарынан хабар беретін жағдаят. Тілдің тартқыға ұшырауы дегеніміз, міне – осы, Сейфолла мырза! Ал, заң бабының бір тармағын екінші тармағының жоққа шығаруы, заңдамадағы алжасу емей немене?!
Бір қызығы, заңдағы «мемлекеттік тіл» мен «ресми түрде» қолданылатын тілдің айырмашылығын ашуға тиісті Конституциялық Кеңес әлі күнге жұмған ауызын ашпай келеді. Демек, тілді көкпарға түсіріп отырғандар кімдер дегенге осы ауылдан жауап алып қалмаймыз ба?

ТІЛ МАЙДАНЫНДАҒЫ КӨКПАРШЫЛАР

Соңғы кезде тілді тартқыға салатын жаңа ойыншылар пайда бола бастады. Тіпті, аталмыш тақырыпты саяси ахуалды өзгертуге қолдану әрекеті жүзеге асып отыр. Бұған орыс, слабиан және казак қауымдастығының атынан С. Терещенко бастаған топтың қазақ тіліне қарсы уәж айтуға тырысушылығынан байқадық. Бұл топ біздің қоғамға мынадай іріткі салуға ұмтылыс білдіріп отыр:
– тілдік негізде Қазақстанда орыстілділердің мүддесі ескерілмей отыр–мыс;
– Қазақстандағы мемлекеттік іс жүргізудің қазақ тіліне көшуі орыс тілін қолдануды қоғамнан мүлдем ығыстырып шығарады–мыс.

Ниеттерін баспасөз мәслихаты арқылы бұлайша білдірген аталмыш топ, шын мәнінде билікке қоқан–лоққы көрсетуді мақсат тұтқан, әйтпесе, олар Қазақстандағы тіл саясатының қазақтілділер (орыстілділер емес) құқығының аяқасты болуының бірден бір көрінісі екенін өте жақсы біледі. Бұған қоса, егемен Қазақстанның тұңғыш премер–министрі және елдегі етносаралық келісімнің бірден бір тұтқасы болып табылатын Қазақстан халықтары ассамблеясы (ҚХА) төрағасының орынбасары С. Терещенконың «тілдік көкпарға» құлшына кірісуі елдегі бұл мәселе бойынша тиянақсыз саясаттың бар екенін де хабар береді. Өз пайдасына асыруға тырысып отырған С.Терещенко секілді кәнігі саясатшы бұл осалдықты бекер қолға алып отырған жоқ. Басқа жағынан алғанда жартылай мемлекеттік орган болып қалыптасқан ҚХА–ның енді осындай саясатшылардың саяси тұтқасына айнала бастағанын да байқауға болады. Ал, оның басшысының бірі С.Терещенко үшін бұл орган тарлық ете бастаған да сыңайы бар. Осының бәрін қорыта келіп, мемлекеттік этносаралық мәселелерді шешуге тиісті мемлекеттік сипат берілген қоғамдық орган өзінің осалдығын анық таныта бастағандай. Бұның тіпті, Қазақстан заңдылығына сәйкестігі де дау туғызған жайттары да аз емес. Оның үстіне әлі күнге бұл органның қаншалықты нәтиже бергенінен де хабарымыз жоқ, себебі, мұның жұмысына мониторинг жасалып, сандық, сапалық баға берілген емес. Шамасы орнығып қалған осы жауапсыздық бұл органдағы кейбіреулердің ішін пыстырып, енді саясатқа араласуға итермелей бастаған сыңайы бар.
Шын мәнінде, ел етностарының тіл–мәдениетін көркейтуді үйлестіруге елбасының тікелей араласуға шамасы да келмейді және оның тікелей міндетіне де жатпайды, сондықтан бұл жартылай мемлекеттік орган болып отырған ассамблеяны нақты мемлекеттік орган етіп, оны Қазақстан этностарын дамыту жөніндегі ұлттық комиссия ретінде құратын мезгіл жетті.Ал, саясатқа араластырмау үшін етностық–мәдени орталықтарға бюджеттен тек нақты жобаға арналған гранттарды конкурс негізінде үлестіріп, оның іске асуын қатаң қадағалау қажет. Жоғарыда айтылған етносаралық іріткі салушыларды құқық күзету (қорғаумен шатастырмаған абзал) органдары заңдылықты сақтау мәселесі бойынша тәртіпке шақыратын да реті бар.

ТІЛІМІ ШЫҚҚАН ТІЛ МӘРТЕБЕСІ

Орыс тілінің Қазақтандағы басты ақпарат көзі екендігін жоққа шығара алмаймыз, алайда, оның мемлекеттік тілді толық алмастыратындай нық мәртебесі болуы заңдық және саяси казус. Басқа жағынан, оның біздің еліміздегі нықты орнын нақты бағалай отырып, кейбір жағдайда мемлекеттік тілмен қатар қолданылу ықтималдығын қалдыруға мәжбүрміз және басқа нұсқаны өткізу қалыптасқан қазырғы саяси ахуал жағдайында мүмкін емес. Бірақ мұның барлығы да қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін бәсеңдетуге негіз болып жарытпайды. Шын мәнінде мемлекеттік тіл мәртебесі қарапайым азаматтарға ешбір міндет артпайды, ол негізінен мемлекеттік қызметкерлер мен мемлекеттік органдарға, мекемелерге, ұйымдарға (коммерциялық және қоғамдық құрылымдарға қатыссыз) міндет жүктейді.Тіпті, мемлекеттік дәліздегі мемлекеттік тілдің қызметіне елдегі демографиялық жағдай да, оны тұтынатындардың санының да ешбір қатысы жоқ. Себебі, мемлекеттік тіл заңдық құзырдың іске асуының бірден бір көрсеткіші. Егер мемлекет өз заңының орындалуына сылтау тауып орындамауды «заңдандырса», онда оны мемлекет деп атау қиындау.
Біздің қоғамда қарапайым азаматтардан бастап, ең жоғарғы лауазымдыларға дейін мемлекеттік тілдің талабын қою кезінде халықтың демографиялық көрсеткішіне болмаса елдегі етностық алуандыққа жүгіну етек алған. Ал, қазақ тілі шын мәнінде мемлекет үшін ресми тіл болса, қарапайым қазақтар үшін ана тілі ғана, ал қазақ еместер үшін еліміздің заңдамасы бойынша оларға ешбір жүк артпайды. Алайда, орыс тілін білу – Ресей азаматтығын алушыларға міндет. Егер осы міндетті біз де жүктесек, Терещенколардың жүрегі ұстап қалар ма еді?! Демек, тіл мәселесін сөз еткенде, біз мемлекет пен азаматтардың өз ара қатынасын былықтырып, содан саясаттың сауысын жасап жүрміз. Сөйтіп, мемлекеттік тілді білу әрбір мемлекеттік қызметкердің міндеті саналуға тиіс болса да, біз «жоқ, былайғы қазақтардың тең жартысы өз тілін сөйлемесе, біз қазақ еместерден қалай талап етеміз» дейтін делқұлы пікірді жазылмаған заңға, одан әрі саясатқа айналдырдық. Мемлекеттің дәлізінде мемлекет тілін менсінбейтін бірден бір ел екенімізде шаруамыз жоқ.Тіпті, заңға жазылғандықтан бұл елде 9 млн қазақ түгілі, елде қазақша сөйлейтін 9 қазақ қалса да, қалмаса да, мемлекеттік органдар мемлекеттік тілді меңгеруге міндетті екенін ескермейміз! Бұған мемлекеттік қызметте істемейтіндердің ниеті, саны мен сапасының қатысы да, қазақ тілінен олардың ала алмай жүрген құны да жоқ! Ал, мемлекеттік тілді білмейтін, білгісі келмейтін қарапайым орыстардың болмаса басқа азаматтардың құқығына қазақ тілінің не қатысы бар? Әгәрәки, олар мемлекетте қызмет еткісі келсе, яғни мемлекеттік қызметкер болғысы келсе, онда мемлекеттің (қазақтың емес) тілін меңгеріп, заңға сәйкес жолдармен өз мансабын жасақтауда тұрған ештеңе жоқ! Яғни, мемлекеттік қызметкерлердің міндеттеріне ҚХА секілді қоғамдық ұйымдардың болмаса Терещенко секілді саясатқұмарлардың ойынының қандай қатысты бар? Қысқасы, мемлекет міндетінің орындалуы мен адам құқығының арасында бітіспестей қандай антагонизм болуы мүмкін және оны мемлекет мүддесін аяқасты ету саясатына айналдырудың астарында не бар? Шынын айтқанда, бұл сұрақтар біздің елдің қаншалықты егемен және мемлекеттің қаншалықты қауқарлы екеніне көз жеткізетін айғақтар секілді.
Аталған жайттарды саралай келсек, мемлекеттік тіл қазақ тілі болғанымен, халықтың қатынас құралы ретінде мемлекеттік тілдің болуы заңмен бекітілмеген және оған шала бүлінуге негіз жоқ. Әлдебір әлеуметтік топтың заңды түрдегі мемлекеттік атрибуттарды (мемлекеттік тіл солардың бірі) саяси ойынға айналдыруы мемлекетке қауіп төндіру ретінде қабылдануы мемлекеттігі қалыптасқан елдегі қалыпты жағдай. Бірақ біз оған куә болмай отырмыз.
С.Әбдірешұлы
2005ж.

Комментариев нет: