вторник, 20 ноября 2007 г.

ЕЛТОЛҒАМ

Мақаланың басығына (заголовок) қарап, оқырман мынау қалай сілтер екен деп селт етері сөзсіз. Алайда, соншалықты селтеткізерім шамалы. Бар болғаны – соңғы кезде орыстілді үш азаматтың үш еңбегімен танысу арқылы ұлтқа кімнің қалай бас қатырып жүргені ойландырғанын бөліскім келді. Ол үшеуі – Нұрболат Масанов (марқұм), көшегентанушы, саясаттанушы, этнограф, тарих ғылымының докторы; Нұрлан Әміреқұлов, философ, мәдениеттанушы; Берік Әбдіғалиев, саясаттанушы.
Нұрболаттың ұлт үшін құнды ойлары оның «Мы - маргиналы» деген сұхбатында айтылыпты, оны құнды дейтініміз, Нұрекеңнің қазақ деген халықтың шынайы әлеуеті мен көшегендік сыйпатын ашқандығында; бұл біз үшін қазырғы кезде және болашақта қалай болуымыз керек деген сауалға жауап таптыратын ойлар. Сондықтан да, ол сұхбатты асыға-аптыға қазақшаға қотарып шықтым.
Нұрланның бұрыннан жаңа дәуірге арналған жаңаша қоғамдық формация құру жөніндегі ойларын оқып жүретінмін. Бұл жолы ол өзінің соңғы «Держава неба, или будем счастливы вместе» еңбегінде сол бастамасын жетілдіре түсіпті. Нұрекең көшегендіктің жаңа дәуірі басталғандығын алға тарта отырып, қазырғы дәуірге соған сай көшегендік сыйпаттағы формацияны қалай құруды сөз етіпті, онысы назар аударуға тұрарлық. Әйтеуір, Солженыйцыйнның «Как обустроить Россиюінен» кем емес. Арқаң қозады,тіпті, бір кездегі дүниені дүрілдеткен көшегендердің ұрпағы ретінде бүгінгі дәуірдің де жалына жармасардай алақаныңды еріксіз ысқылайсың. Оған негіз де жоқ емес.
Ал, енді Беріктің (Ахмеджанов Асқармен бірігіп жазған) «Қазақ миссиясы» аталатын Қазақ ұлтын жандандыру тұжырымдамасы да назар аударуға тұрарлық тақырып. Бұл да енді қалай ел боламыз деген сауалды қаужаған еңбек. Алайда, оған көңіл аударып жатқан қазақтілді қауымды көрмедім.
Шын мәнінде, аталған үш еңбек те орыстілді бауырларымыздыкы. Ауызекі сөзі тым жақсы Берік бауырым оған ренжімесін, тіпті, бұлардың орыстілділігі - солардың артықшылығы да. Өйткені, бұлар Масановша айтқанда - «сарттанған» қазақтар – отырықтанған. Ал, біздер, қазақтілділер, әлі де көшіп жүрміз, яғни бұл жолы ойымыз тұрақтамай, әр нәрсеге алаңдап, көшкен бұлттай сенделісте. Бір де бір қазақтілді азамат мұндай деңгейдегі ой-толғанысқа барған жоқ, әйтпесе, сәті түспей келді. Сондықтан да, орыстілділердің барған тақырыбының өзін сараптауға не шамамыз, не құнтымыз жоқ, әлі де – көшегенбіз. Ал, бұлардың қозғап отырған тақырыбы да сол – ҚАЛАЙ ЕЛ БОЛАМЫЗ?
Алдыңғы екі еңбектің философиялық жүгі басым болғандықтан, оны саралау уақыттың еншісі; сондықтан қазырғы қазаққа тікелей қатысты «Қазақ миссиясына» аз-кем мойын бұруды жөн санадық. Бұл еңбектің басты көздегені – Қазақстандағы басты саяси әлеует те, этнос та, субъект де қазақ халқы, соны дамытуды қолға алу керек деген ой. Сонысымен де бұл, философиялық сыйпаттан гөрі саяси тұжырымдама болып табылады.
Алайда, еңбекте нағыз көздеген әрекет тұжырымы айқындалмаған, оның орнына «Жаңа қазақи иденттілікті қалыптастыру үшін әлеуметтік жауапкершілікті көтере алатын жаңа элита, зиялы қауым керек» деген қауқарсыз ұсыныспен тұжырылған. Жаңа элита да, зиялы қауым да уақыттың еншісі екендігі ескерілмеген. Егер біз «жаңа элита» дегенді Нұрболаттың анықтамасына салып ұғып, саяси шешім қабылдауға қауқарлы немесе соған ықпал етерлік жоғарғы топ ретінде түсінсек, онда оның керектігі онсыз да көрініп тұр. Басқа жағынан қарағанда, жаңа элита бізде бар, бірақ ол ұлттан да, халықтан да оқшау, жырақ. Міне, мәселе осында... Тұжырымдаманың осы мәселені шешуге айтары болуы керек еді. Ол жоқ! Бар болғаны «Егер қазіргі заманның жаңа талабына дайын болғымыз келсе, егер елдің гүлденуін қаласақ, біз ұлтты модернизациялауды, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруды қолға алуымыз керек. Болашақ иек астында тұр. Оның талаптарына дайындығы жоқ болса, Қазақстан әлемдік қауымдастықтың шаңын жұтып қалмақ.» деген сықылды әлдекімді қамшылау ғана. Бар мәселе, әлдебір анекдоттағыдай мысықтың құйрығына қоңырауды кімнің байлай алатынында ғой.
Ал, «Жаңа қазақи иденттілікті қалыптастыру үшін әлеуметтік жауапкершілікті көтере алатын» зиялы қауым әзір қалыптасып үлгерген жоқ, біздің зиялы қауым атап жүргеніміз, кеңестік өкіметтің идеологтары ғана. Сол себепті, оны жаңа элита пысқырмайды, менсінбейді. Сондықтан да, олар қанша тыраштанса да, зиялана алмауда. Енді не істеу керек? Бұған бір-екі адамның басы қатып жазған тұжырымдамасы жауап бере алмас, ол мүмкін емес. Бұл еңбектің құндылығы сол – ұлтты ел болу бағытына бас қатыруға шақыру, үндеу ғана. Ал, одан әрі бұл тақырыпты қауымдасып, қаумаласып қазу керек, дөңгелек үстелге жыйналып, баспасөз бетінде ой таласып, жентектеліп, түрлі топ құрып, бір бірімізбен жарысып, бәсекелесіп, тіпті, алуан қорлар мен ұйымдар құрып қана бірегей ұлттық тұжырымның соқпағы мен әрекетіне түсерміз. Әйтпесе, Нұрболаттың сараптап кеткен көшегендік сыйпатын ескермесек, Нұрланның заман талабынан туындап отырған өзіндік бастамасын пысқырмасақ, Беріктің жасаған тұжырымдамасының құны бола қоймайды. Себебі, қазақтың бағы да, соры да – көшегендікте, соны зерттемей, біз өзімізге дәуір жауабын таба алмаймыз. Қазақ миссиясының қазырғы құндылығы – оның күн тәртібіне қойылуында!
Бізге ең бастысы жаңаша әдіспен әдіптелген ірі ұлттық форумдар керек – конференция, бас қосулар қажет. Оған орыстілді, қазақтілді, қытайтілді қазақтар деп жіктелу үшін емес, сол жіктелгендерді біріктіретіндей, бір мақсатқа жұмылатындай, бүкіл ұлт болып бір кісінің тілеуін тілеу үшін емес, соның әлеуетін ғана ашу үшін не насихаттау үшін емес, керісінше, бір ғана қазақ ұлтының жаңа әлемдегі жаңа әлеуетін ашу үшін қам жасауымыз қажет-ақ! Қазақстанға да, ондағы басқа текті азаматтарға да керегі сол, олар оны түсініп отыр, иесіз жерде тірлік кешу оларға да қатерлі екендігін сезіп отыр. Сол үдерісте ғана өзінен өзі элита да, зиягер де пайда болады. Бізге үдеріс (процесс) керек! Ол үшін бастысы бар – ол аталған басқатырымдар, тұжырымдамалар, идеялар. Енді соған назар керек, қолдау мен қолпаш керек, құнт керек! Бастысы – жұмылу мен жұғысу қажет!

Комментариев нет: