четверг, 15 ноября 2007 г.

Сөйлегеннен, кейде күйсеген жөн...

Біздің елде қазақтың мүддесін көздей басталған идеологиялық әңгіменің шешім қабылдануда оның мүддесіне тұп-тура қарсы бағытталатындай дағды қалыптасқан. Қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілер кезде айтысып-тартысып жүріп, заң қабылданғанда ақыры орыс тілінің «ресмиленіп» шыға келгені бар да, ал әңгіменің басты нысаны болған қазақ тілі жалаң мәртебемен далада қалған-ды. Сондай тақырыптың қатарына Құрбан-айт мейрамын ресмилендіреміз деп бастама көтерген депутаттардың ауызға алғанына 5-6 жылдың жүзі болып, «әрі тарт та бері тартқа» ұшыраған мәселені атауға мәжбүрміз. Бұл бастама да енді «шешілгелі тұр». Бірақ «әруақыттағыдай». Енді Құрбан-айттың мерекеленуі жалғыз емес, оған христиандық Рождество серіктеспек. Әрине, тіл мәселесі мен дін жайы заң тұрғысынан алғанда салыстыруға келмейтін жайт, бірақ бұл жердегі қазқатарлық – екі процеске де бір процедураның қатысуында: бастапқы ұлттық мүдденің міндетті түрде процедура салдарының құрбаны болатындығында. Сонымен мәселені таратайық.
Әрине, сайлауалды науқаны кезінде электоратты өзіне тарту мақсатымен талай жағымды идея мен бастамалар көтеріліп жатады. Бұл табиғи құбылыс. Осы жолы соның бірі болып ойда жоқта билік жағынан Құрбан-айт пен Рождествоға ресми мәртебе беріледі деген айтылып қалғанда, қитұрқы саясаттың желі шығар дегендер табылған. Енді қарасақ ол расқа айналып, Парламенттің қоржынына бұл тақырып бойынша заңжобалар жарыса топырлауда, біреулер жаңа заңжобасын, енді біреулер ескі заңға өзгерістерін тықпалауда. Тіпті, ұлтшыл азаматтарымыздың өзі де діни мерекені өзге діннің мерекесімен қосақталып ресмилеуге жабыла кірісуде. Бұл неғылған жанталас?
Мәселе – қазақ халқының әлі де саяси субъект болып қалыптаспағандығында болып отыр. Сондықтан да оның мүддесі көтерілген сайын оған қарсы шешімдер жарыса қабылдана бермек және саясат әлемінде ең құнды тауар - сапаланып үлгермеген, оңды-солын айыра алмайтын, өз мүддесін қорғай алмайтын әлеуметтік топ. Мұндай топ пышақкесті талап кетуге аса ыңғайлы және саяси асқазанға қорытуға сондай жайлы болып табылады. Сол себепті де, қазақы мүддені көздегендер мәселені соңына дейін алып бара алмай, орта жолда жүгі ауып қалып жүр. Сондықтан да бізде 70=30 деген формула пайда болып отыр. Әйтпесе, Қазақстанның ныспылық (титульдық) ұлты қазақ екендігін былай қойғанда, 75 % -ы мұсылман бола тұрып мемлекеттің мойындауына екінші бір дінді тықпалау неден шығуда? Біз бұған дейін ішімізге де, сыртымызға да мұсылман елміз деген бейресми доктринамызға не болмақ, ислам елдері легіне мүше болып отырғанымыз қайда қалмақ? Басқасын былай қойғанда, бір дінді қарық қыла алмай, күнде додаға түсіп жатқанымыз аз ба? Әлде, солтұстағы көршіміздің құшағына қайта құлаудың алғышарттары осылайша жасала бастағаны ма? Айта берсе - әңгіме көп, қоя берсек - сауал жетеді.
Бірақ бұл мәселенің рухани-қоғамдық жағы ғана. Оның ең даулы жағы – заңдық негізде болып тұр. Тіпті, о баста Құрбан-айтты мемлекеттік мәртебе берейік деп қазақтың мүддесін көксегендер де мына мәселені ескеруі керек еді: Қазақстан атазаңында көрсетілгендей – зайырлы ел, мемлекет діннен, дін мемлекеттен бөлінген. Ендеше Қазақстан мемлекетінің мінбері қайсыбір діннің пайдасына әңгіме айтуға арналмаған деген сөз. Бұл жерде, тіпті, мұсылмандардың саны 70 % түгілі 100 % болса да, ештеңе өзгеруге тиіс емес: заңның аты заң. Ал, бейресми мұсылмандығымызды ресмилегіміз келсе, әңгімені атазаңға «Қазақстан – ислам мемлекеті болып табылады» деп тайға таңба басқандай болмаса «Қазақстан – ислам құндылықтарын мойындайтын ел» деген бәсеңдеу уәжімізді заңдандырып алуымыз керек. Олай қыла алмайды екенбіз, ендеше халықты шынайы мұсылмандандыруға көшіп алып, сосын заңдандыру секілді тактикаға көшу бар емес пе. Ақырында, көбіктей көпірген популистік бастама Қазақстанды «ислами-христандық» мемлекет болу шебіне әкеп тіреп қойды. Енді заңгерлер Конституцияға қайшы келетін діни мерекелердің бояуын солғындатып барып, Құрбан-айт пен Рождествоға ресмилендіру заңжобасына бас қатыруда. Бұдан кім не ұтады? Діндарлар ма, олар онсыз да тойлап жүр, тіпті діни мерекені рсемилендіру діндарлар тарапынан тікелей болған сұраныс емес. Демек, бұл мәселені саясатшылар мен олардың аңдушылары көздеуде. Ал, қазақтар мен қазақ еместер ше? Бір бірімен әуелі қоғамдық, сосын діни, ал кейін саяси тәжікеге баруы ықтимал. Себебі, ресмиленген мереке мемлекет қай дінге жақынырақ деген сауалды күн тәртібіне еріксіз қойдыратын болады. Бұл әрекетті ежелгі Хазарияның түбіне жеткен тарихпен қатар қойсақ қателеспейміз. Онда да күн тәртібіне Хазарияның қай дінді мемлекеттік деп тануы керек деген мәселе көтерілген-ді. Енді екі дінді мерекелеу арқылы ресмилендірген Қазақстанда әлгі діндегі азаматтар ең әуелі екі түрлі әлеуметтік топ ретінде екі түрлі саяси электорат болып қалыптаспақ, сөйтіп, қазақстандықтар саяси түрде жіктелуге мәжбүр болмақ.
Аталмыш мәселені Конституциялық кеңестің қарауына жіберіп, діни мерекелерді мемлекеттік мейрамдар қатарына енгізу атазаңға қаншалықты сыйымды деген сауалға түсіндірме күтпестен-ақ, Мәжілістің бастапқы шешімді қабылдап жібергені өкінішті. Бұл - біздің өңкей мұсылман елі болудан бас тартқанымыздың алғашқы қадамы. Халық қалаулыларының санаулы сайлаушылардың сұранысын қанағаттандырғанын есептемегенде, бұл олардың қазіргі саясатты терең түсінетіндігіне және олардың қаншалықты мемлекеттік қайраткер екендігіне сын. Себебі, бұдан кейін біздің елдің мұсылман елі болып аталуға қақысы болмайды және Қазақстан – қазақ елі деген ұғымның ауылы алыстай түспек. Аталмыш, жайт бір қарағанда ұсақ-түйек болып көрінгенімен, біртұтас қазақстандықтарды бөле-жара қарайтын және қазақ ұлтының өз мемлекетіне біржақты билік ете алатындығына күмән келтіретін жағдай. Қысқасы, мәселе, мейрамды мерекелеуде емес, оның салдарында болып тұр. Бар мәселе аумалы-төкпелі идеологияның ауық-ауық мемлекеттік тұжырымға қатер төндіруінде. Әрі беріден соң, ала-құла діни мерекелерді бүкіл ел болып тойлауға деген қажеттіліктен гөрі популизм мен әлдекімнің жетегінде кету жатыр. Біреулердің тапсырысы орындалғанымен, мынадай сауалдардың бас көтеруіне ешбір кепілдік жоқ: Азаматтың діни тұтынымына нұқсан келмейтіндей қамқорлық жасау міндетін Мемлекет неге әрбір ұжым мен ұйымға жүктей алмай, өз мүддесін кемсітуге көшіп, қадырын кетіріп, көрінген топтың добына айналады? Абзалы, саяси кеңістікте абайлап сөйлеп, аңдап жүруді қашан үйренеміз? Әлде белгілі жарнамадағы «Сөйлегеннен, кейде күйсеген жөн» деген уәждің өміршең болғаны ма?

1 комментарий:

massagan комментирует...

Shynynda da...

Bakytnur