четверг, 15 ноября 2007 г.

18 минуттық пленумнан 180 минуттық баспасөз конференциясына дейін

Қайта құру саясатының көбігі көрінген кезде Одақты дүр сілкінткен Қазақстандағы 1986 жылы желтоқсан оқиғасы. Өзінің тамырымен де, шығу мезгілімен де, барысымен де Совет Одағының ішкі саясатының болмысын танытқан жайт болды.Сол себепті, тарихқа айналып үлгерген осы бір оқиғаны тек бар болғаны оқиға деп қарау республика, Одақ тағдырына нем құрайлы қараумен пара пар.
Шын мәнісінде Желтоқсан оқиғасы қайта құру саясатының желісіндегі өмір толқыны еді. Қайта құрудың нағыз жанкүйерлері өмір толқынына мұқият зер салып, саяси кемені соған сай айдауда қолға алғанда бәлкім, қайта құру кемесінің штурвалына зақым келтірердей Желтоқсан оқиғасы іспетті келеңсіздіктер орын алмас еді. Бұдан: қайта құруды бастаушылар шын ниетімен бастады ма екен, әлде кездейсоқ жариялана салып, өздері әрі-сәрі күй кешіп жүргені содан ба екен – деген бір күдікті ой еріксіз шығады. Әйтпесе, өзінің болмысымен де, көлемімен де бүтін бір мемлекет болып табылатын Қазақстанға, ертедегі ханның өз баласына ұлысынан енші бергендей әлдекімді әкеліп отырғыза салуды қалай түсіндіруге болады? Жалпы бұл жайт қазақтарды ғана емес, бүкіл қазақстандықтарды менсінбеу, болып көрінді де, қазақстандықтардың жаппай ашу – ызасына келтірді.
Демек, бұл жерде тоталитарлық режимнің бадырайған қылмыстық қолтаңбасы көрініп – ақ тұр.
Қылмыскер әрқашан да өз қылмысының көлемін азайтып көрсетуге мүмкін болса, оны жоқ қылуға даяр. 1986 жылы 17-25 желтоқсан аралығында Қазақстанды шарпыған оқиға барлық жағынан кішірейтілуі арқылы нағыз қылмыскер жасырылды.
Біріншіден, көлемі жағынан Алматы қаласы ғана емес, бүкіл республиканы қамтыған және соған тұратын көтерілісті «Алматы оқиғасы» деп жариялады. Тіпті, бұл көршілес Қырғызстанға да жайыла жаздағаны белгілі.
Екіншіден, бір аптаға созылған дүмпуді екі-ақ күн мен шектеп көрсетті.
Үшіншіден, оқиғаның шығу мәні түбірімен көлегейленіп, «ұлтшыл элементтер арандатқан жастардың сана сезімі толыспаған бөлігі», «Мафия. Жемқор туысшылдық. Астыртын ұлтшыл ұйым», «қайта құруға қарсы күштердің» әрекеті болып әлме әлі өзгертіліп жарияланып, құлақ құрышын қандырып жатты. Мұның арты жаппай соттау, моральдық репрессиялау қолға алынып, ақыры «қазақ ұлтшылдығы» деген жаңа термин дүниеге келіп, бүкіл бір ұлт кінәлі екендігін жарияға жар салынды. Бұл жағынан 40-50 жылдардағы репрессияның бүкіл ұлтты жаппай азғын ретінде көрсетіп қудалауының көрінісі қайтадан бас көтеріп барып, басылғанын мойындайтын мезгіл жетті. Қырым татарлары өз жерлерімен қуылып, репрессияланса, қазақтар өз жерінде азғын аталып, өз мекенінде моральдық репрессияға ұшырады. Ұлттық интеллигенцияға іріткі салынып, ұлттық кадр мәселесі теріс қарай шешілді, жоғары оқу орындарында процентомания мен жергілікті ұлт жастарына шектеулі мөлшерде қабылдау тәртібі орнады. Сөйтіп, бір зұлымдық басқа зұлымдықтарды туып жатты. Солардың кейбіреуін ғана келтірейік.
Қадыр Мырзалиев, 22 қыркүйек 1983 жылы «Қазақ әдебиеті» газетіне берген интервьюінде: «Сексен алтыншы жылдың декабрь дүрбелеңінен кейін қазақ ақын - жазушылардың бұрын – соңды жазылған ескілі – жаңалы елеулі дүниелері қайта ақтарылып, әр кітап, әр шығармадан пәле іздеу науқаны басталып кете жаздады емес пе?! Басқа – басқа Қазақ ССР – нің ресми гимінің өзіне күдікпен қарау, оның өлеңін қайта жазу жөнінде «ұсыныстар» түсе бастаған жоқ па?» .
Жуырдағы ССРО көмір өнеркәсібі министрлігінің мәжіліс залында болған баспасөз конференциясында Мұқтар Шаханов: «барлық қылмыстық істер өте асығыс (кейбірі тіпті бірнеше күнің ішінде – ақ аяқталған, тек біржақты айыптау сарынымен өтіп, адамдарды нақты кінәсін мойына қойылып, дәлелденбей – ақ үкім шығарыла берген» - деді. Мұның барлығы қайта құру көсемдерінің ішкі саясаттағы көргенсіздігі емей немене?
Аталмыш оқиғаның барысына тоқталып, соңғы кездері таптаурын бола бастаған тақырыпқа жаңалық қоспаспыз. Оның орнына оқиғаның болмысына талдау жасап, оның барысының басты сатыларын атайық:
- 1986 жылы 16 желтоқсанда болған Қазақстан компартиясы ОК – нің 5 – пленумы 18 минут ішінде республиканың басшылығын алмастырып, жариялылық пен демократиялық сөз жүзіндегі аяқ алысын іс жүзіндегі кертартпалықпен сүріндірді.
- Қоғамдағы демократиялық қоғамдарға моральдық, психологиялық жағынан бейімделе бастаған бұқара бұған өзінің заңды қарсылығын жасады;
- Оқиғаның шиеленісуі – Совет одағындағы тоталитарлық режимнің барлық болмысын әйгілеген саяси қылмыс демонстрациясы болды;
- Қазақстандағы желтоқсан оқиғасы Совет одағындағы ұлтараздық көрністердің бастамасына айналды және бұндай жағдай қайта құру саясатының алға басуын тежеген бірден бір тұсауға айналды;
- 1986 жылы желтоқсан оқиғасы Қазақстанда қайта құру саясатының басқа республикаларға қарағанда тежелуіне апарып соқты және республикада оның тағдырына бірден бір қауіп тудыратын сепаратистік, шовинистік, экстремистік күштердің өріс алуына бірден бір негіз болды.
Қазақстандағы 1986 жылы желтоқсан оқиғасының дұрыс бағаланып, оның жан-жақты жариялылыққа ие болуы Совет Одағындағы ішкі саяси ахуалмен өте тығыз байланысты. Себебі, оқиғаның өзі ішкі саясаттың перзенті болатын. Ендеше, Қазақстанның Желтоқсан оқиғасын қайта қорғау Одақ көлеміндегі іргелі істердің беташары болып табылады. Желтоқсан оқиғасын тотолитаризмнің алғашқы әйгіленуі мен жас демократияның алғашқы бой көрсетуі десек, сол оқиғаның шын мәніндегі бағалануы, бәлкім, тоталитаризмнің тұншығуы мен демократияның аяққа тұрғандығының белгісі болар. Ендеше бұл оқиғаға Қазақстанның ғана мәселесі деп қарау - демократиялық күштердің топтаса алмағандығы болып табылады. Республиканы қамтыған желтоқсан оқиғасы Ақтөбе облысын айналып өткен жоқ. Атап өтсек, спорт мектебінің жаттықтырушысы Болат Телеуов, Болат Арынғазиев, училище мұғалімі Берік Тайбөкеновтер өздеріне бөлінген мерзімді өтеуге мәжбүр болды. Бұл, әрине, жекелеген азаматтардың басындағы хал, ал, бүкіл коллективке теріс ықпал еткен жайттарды атамауға болмайды. Желтоқсан оқиғасына байланысты 20 жылға таяу мәдени – ағарту училищесінің директоры болған Ақшат Баймұратовтың бұрынғы коллективі қазір қандай күйде екенін білсеңдер ғой. Оның орнына ұлтшылдықтың ордасын бұзу тапсырмасымен келген Дегтеренко училище тағдырын оңды – солды қақпақыл етіп, ақырында Ақтөбе қалалық халық депутаттары советінің төрағасының орынбасарлығына өсіп отыр. Бұл директор тату коллективке ұлттық бөлініс алып келуімен дараланды; ол іс жүзінде «үлгі» көрсетті. Атап айтсақ, қасақана түрде ылғи қазақ жастары білім алатын оркестр, суретшілік бөлімін жойып, олардың орнына кадрдың жоқтығына қарамай, би бөлімін ашты. Бұл бөлімге алғашқы кезде студенттер сабақ берді, ал жабылған бөлімнің мамандары жел айдаған қаңбақтай пышырады. Мәдени–ағарту училищесінің коллективтік берекеден айырылғаны сондай, бір жыл бойы директор сайлай алмай келеді.
Ақтөбе облысында желтоқсан оқиғасын желеу етіп ұлттық ар - намысқа тиюде алдына жан салмаған марқұм бұрынғы Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Трофимов жолдас болатын. Ол өзінің бұл позициясын кадр іріктеуде де жүзеге асырды. Трофимов жолдастың Ақтөбе облысына келуі облыстағы ұлттық кадрдың оңды – солды орын босатуына түрткі болды. Ал, мұның бәрі - Желтоқсан оқиғасының мұрасы еді. Сонымен бас–аяғы 18 минутқа созылған пленум - зұлымдықтың көзі ғана емес, қоғамдық сыртқатқа айналды және оны төрт жыл өткен соң ғана Москвада болып 180 минутқа созылған баспасөз конференциясында қайраткер-ақын Мұқтар Шаханов жариялай алды.

Желтоқсан көтерілісіне арналған «Алдаспан» клубының жиында жасалған баяндама.
Ерғалиев С.
Ақтөбе. 1990 ж. Желтоқсан

Комментариев нет: