четверг, 6 декабря 2007 г.

1. КӨСЕГЕ ҚАЙТСЕ КӨГЕРЕР ...

(«Алашорданың» 75 жылдығына арналды)

Осы еңбекті 1992 жылы жариялаған «Ақтөбе»газетінің сол кездегі бас редакторы ТЕКТІҒҰЛ Қуанышқа, сондай-ақ, мұны елдің саяси ауқымына жеткізген сол кездегі Қазақстан Жоғарғы кеңесінің депутаты Ізбасқан АЙМАҒАМБЕТОВКЕ аса зор ырзалығымды білдіремін.

Кіріспе
Бодан болғанымызға әрісін білмейміз, берісі - 300 жыл. Ал, соңғы 70 жыл отар екенімізді де ұмыттырып, мәңгүрткені мәлім.
Айтып - айтпай не керек, азаттығымызды жарияладық. Иә, оны алған жоқпыз, жариялаған болатынбыз. Алдық деп айтуға әлі күнге мемлекет, ұлт тарапынан субъективтік жайттар жеткіліксіз. Ал, тәулсіздігімізді жариялатқан объективтік жағдай ғана. Сондықтан да, айтулы күш жұмсамай, алыспай-жұлыспай жариялаған Азаттыққа басқаны қойып, өзіміз де кейде менсінбей қарайтындаймыз.Тер сіңбеген жемістің қадыры әруақытта солай ғой. Азаттық та - еңбек пен күрес арқылы ауызға түсетін жеміс. Қай халыққа да бодандық бұғауын бұзу жеңіл болмаған, оңай бұзғанның өзінде оның артында түйедей төлемі жатады.
Қазақ халқы да Азаттық атты арманды Тарихтан қарызға алып, жариялап отырғандай. Уақыт-қожайын бәрібір оның төлемін сұрайды.Ал, біздің соған дайындығымыз қалай?
Азаттық дегеніміз – бодандық бұғаудан құтылуға қаншалықты күш-қайраттың қажеттігін ұлттан талап ететін категория. Қаншалықты тырбынсақ, азаттығымыздың көлемі де, құны да соншалықты. Азаттық үшін декларация мен демогогия емес, ең керегі философиялық және физикалық екі шаманың үйлескен көрінісі: ақыл+қайрат. Осы қосынды ғана ұлтқа қажетті Азаттықты әпереді. Ал, Азаттық қана - көсегені көгертетін аспап.

Сан мен сапа және уақыт

Әдетте аталмыш аспаптың іске жарауы ұлттың субъективті жағдайына (қара басына) байланысты. Ал, ол жағдай ұлттың саны мен сапасынан тұрады.
Мемлекетіміздегі санымыздың аздығына өзіміз қынжылып, жауымыз бетке салық етуде...
Ал, сапамыздың төмендігі сөз болғанда ұлттың бастан кешкен тарихи объективті жағдайын ескермей, оның субъективті міндерін санамалап кететініміз бар. Ашығын айтсақ, жалқаулық ауызбірсіздік, парықсыздық, дарақылық, іске икемсіздік сияқты міннің бәрі қазақы кемшілік емес. Бұл міндер - қазақтың қанына сіңген субъективті жайттар емес, бар болғаны объективті жайттардың салдары екендігіне көз жеткізетін уақыт жетті. Мұндай міндерді түзеуге мүмкіндік те, ұлттық қажыр-қасиет те жеткілікті. Ол үшін тек қана Уақыт керек. Бұл жерде уақыт ретінде республикадағы Тыныштық, Татулық мерзімін атаған жөн.
Қазақстан үшін қазырғы өтпелі кезең мен мемлекетті нығайту дәуірінде Тыныштық валютадан да аса қымбат. Бізге неғұрлым тыныштық болған сайын, Азаттығымыз беки түседі, көтерем күйімізге шыр бітеді. Сондықтан да жауларымыз әлсін әлі от лақтырып, арандату әрекетін жасап бағуда. Тыныштықпен Уақыт ұтатын Қазақстан өзінің кәзіргі жауы үшін сол себепті де қорқынышты. Қазақтың тұңғыш президентінің ұлтаралық шиеленістен алтын көзесін сындыратындай шошитыны да сондықтан. Сол себепті де, біздің басты байлығымыз – кәзіргі сәтте далыйған Даламыз емес, бал татыған Татулық! Бұл үшін басқаны шамадан тыс басындырмай, өзіміз өзгенің арандату тұзағына ілінбей, шыдампаздық танытуға тура келеді. Бұл – кеше ғана тәуелсіздік туын желбіретуге мұрсат берген Тарихтың басты шарты.
Бейбіт кезең - әруақытта сан мен сапаның кепілі. Бейбітсіз мезгіл санды да, сапаны да кемітетіні белгілі ғой.
Азаттық жолындағы қазырғы Алаштың осыған дейінгі ұтқаны – Тыныштық. Қалған жетістігіміз осы себептің салдары ғана.

Саясатта батырлық емес, батылдық бар
Саясаттағы тактиканың мәнін тайыз ұғатындар ұшқары да үстем сөйлейтін қайраткерлерді нағыз саясатшы деп түсінетіні бар. Сөйтіп, бәсең сөйлеуші саясатшыны жалтақ, қорқақ санайды, оның әрекетін саяси жеңіліс деп бағалайды. Ал, жалпы саясатта «қорқақ», «батыр» деген ұғымдар атымен жоқ, егер батыр екендігін дәлелдеуге тырысқан саясатшы болса, оның шын аты – популист! Бірақ, саясаттың сүйікті қасиеті – батылдық. Батыл қадам жасалмаса, саяси бейшаралық – сол! Сондықтан кейбір политикандардың Нұрсұлтанның тактикасын түсінбей, қорқақ санауы ұғымсыздық. Себебі, саясатта қорқақтың орнына шарасыздық қана жүреді.Ал, қазақтың президентін шарасыз деп айту – Нұрсұлтанды кемсіту емес, дүние жүзінің қазақты танып отырғанын жоққа шығару.
Жалпы, саяси тайыздық екі ұғымнан басқаны білмейді, оның мойындайтыны: батырлық не қорқақтық, күштілік не әлсіздік. Батырлық тек қана соғысқа тән екенінен хабарсыз, батылдық тек қана тактикаға қажет екенін қайдан білсін. Саясатта күшке емес, тактикаға сүйенесің, сол себептен де батылдықтың қажеттігі осында.
Кейбіреудің Нұрекең тактикасына түсінбейтіндігін бүркемелеу үшін оны қорқақ, жалтақ ретінде ғана сынауы әлгінің саяси саяздығы. Оның орнына президент қатесін тап басып айтып, бүге-шүгесіне дейін саяси талдау ондайлар үшін, әрине, алынбас асу. Ондайларға ең оңайы бір-ақ сөзбен, «Әй, соны қойшы, жалтақ!» деу.

Қазаққа кәзір қай қаблет қажет?
Басқаның қандай екені емес, бізге бәрінен бұрын кәзіргі таңда өзіміздің қандай екенімізді тану өзіміз үшін әлдеқайда қажет. Әрине, кей ағайынның «қазақтың қандай екенін әлі күнге білмейтін не қылған жан?» - деп күйіп-пісуге қақысы бар. Оның үстіне алашты Абайдан асырып тану да мүмкін болмас.
Десек те, Абай заманындағы көшеген қазақ қазыр ебропаланып, отырықтанды. Осымен бірге көшпелі өркениетті отырық өркениетімен алмастырып, қазақы мінезін бұрынғыдан гөрі өзгертті.
Абай атаған мін азайған жоқ, үстемеленді. Ең ауыры қазақы парасаттан (интеллект) ажырап, ебропалық парасатты игере алмай орта жолда қалып отырмыз. Бұл – ұлттығымыздың ең осал тұсы.
Ұлттық парасат – ұлттың рухани діңгегі. Бұл діңгек ұлттың тағдырына байланысты қалыптасқан объективті жағдайға байланысты не көгеріп, не қурап отырады. Қазақы парасатқа үлкен нұқсан келтірген осы ғасырдың 4 онжылдығы.
ХХ ғасырдың 30 –жылдары қазақ тарихында оны сандай да, сапалай да жұтатқан жылдар болды. Қазақ халқы 30-жылдардың зұлматы болмаса, репрессиядан қанша арыстарынан айырылса да, рухани белі қайыспаған болар еді.Өйткені, ХХ ғасырдың басы қазақ үшін сандай да, сапалай да өсім берген дәуір еді. Ұлттың парасатын құрайтын зиялы лек қанша қырғынға ұшыраса да, ұлттың келесі жеткіншек буыны оның рухани сағын сындырмас еді де, бұл рухани тірек ұлттық парасатқа айналып үлгерер еді. Мұндай жайтты біз қазыр украин, өзбек, қырғыз, грузин, т.б. халықтардың еңсесінің биік, рухының ұлттық бояуынан көреміз.
Кез келген толыққанды ұлт бір бірімен байланысты үш буыннан тұрады: бала, аға, ата буын. Әр буын ұлттың белгілі бір жүгін көтерер. Ата буын – ұлттың кешегі келбетін сақтап, халықтың әдебін ұстайды, өткен әлектен сақтандырады, тәрбиелейді. Аға буын – ұлттың жасампаз буыны, Ұлттың кешегісін ескеріп, келешегіне рухани, материалдық қамту жасайды. Ұлттың үрдісті дамуына тиек болады. Бала буын – ұлт болашағының кепілі, оның келешек резерві.
Аштық жылдары қазақ ұлтының қауқарсыз ата және бала буынын негізінен қаусатып кеткенін ескерсек, ұлттың тауқыметі аға буынға түскенін көреміз. Осыдан келіп, ата буынның тақсыретінен ұлттық тәлім мен әдет, әдепке үлкен нұқсан келді. Ал, мұның бәрі сайып келгенде ұлттық келбетті, сыйықты құрайтын еді. Бала буынның селдіреуі ұлттың санына ғана емес, оны санасыздыққа, парасатсыздыққа, пайымсыздыққа және парықсыздыққа итермеледі.
Бүкл бір ұлттың тауқыметін бір буын көтерген халықта басқамен теңесерлік парасат қайдан болсын?! Ал, бізге қазыр керегі де жалпы ұлттық парасатты қалпына келтіру. Әдеттегі жекелеген адамдардың парасатын (Нұрсұлтанның, Олжастың, Әбіштің интеллектісін) бүкіл ұлтқа телуге болмайды. Олардың парасаты әлемдік деңгейде болса да жалпыұлттық деңгей төмен екенін мойындау қажет. Мұның барлығы ұлттың субъективтік бейшаралығы емес, объективтік жайттардың салдары.
Қазақты ұлы болашаққа апаратын оның тамаша екі қасиеті бар: икемділік пен төзімділік. Бұлар – біздің ішкі ұлттық ресурсымыз. Әрине, қазақтың кім екенін, қандай ұлт екенін сұрасаң, біреу оның әлі ұлт еместігін, енді біреу ауызбірлігінің жоқтығын, енді біреу қой мінезділігін, жалқаулығын тізіп ала жөнелетіндігі белгілі. Бірақ, мына нәрсені әр уақытта есте ұстаған жөн: жоғарыдағы аталған қаптаған кемшілік бүгінгі күнге қазақты аман-есен жеткізбеген болар еді.
Біреуге бодан болған халықтың сол сәттен бастап ұлттық сыйпатына нұқсан келе бастауы әбден белгілі жайт. Ұлт дегеніміздің өзі - әуелі ешкімге тәуелсіз халық. Қандай деңгейдегі ұлтты да бодандық арқылы ұлтсыздандыруға болады. Керісінше, қандай ұлтсызданған бодан елді Азаттық арқылы қайта түлетуге болады.
Жалқаулық пен бірліксіздік - әр уақытта құлға тән мінездер. Құлды сабамаса, өздігінен еңбектенбейді, сонымен бірге олардың бірігуі де қыйын процесс. Демек, қазақтың көптеген жаман қылықтары – құлдық психологияның салдары. Құлдық мінезді қазақтың бойынан ғана емес, отар болған басқа да ұлттың бойынан табу қыйын емес. Грузиндерді алыңыз. Армян, азербайжандар әуелі бірігіп, бодандық бұғауын бұзуға тырыспай, бір бірін қырып жатқанын ескеріңіз. Ендеше құлдық қылық – бодандықтың белгісі, соның салдары. Ал, жалқаулық, даукестік – құлдық нышан. Құлдық мінезден құтылуың басты негізі – сананы жетілдіру, басқаның кемшілігінен үйрену. Сондықтан «қазақ анадай да мынадай» деп өзімізді жазғыруға тиек болатын қылықтар қазақтың маңдайына жазылған мінездер емес, ұлттың субъективтік нашарлығы емес. Оның орнына осыған душар еткен объективтік жайттарды саралау қажет.

Ұлттық сана мен парасат
Ұлттық сана дегеніміз – кез келген ұлттық мәселеге бүкіл халық болып бас қатыру көрінісі болса керек. Бұл жағынан алғанда, Аллаға шүкір, ұлттық санамыз орнығып, тіл, дін, жер, болашақ жөнінде жаппай жарыса толғаныс баршылық. Алайда, ұлттық сана халық мәселесін көтеруге ғана қауқарлы болғанымен, оны шешуге келгенде дәрменсіз. Ұлттық мәселелерді қанша көтеріп, ұлттық санамызбен қаншама даурығыссақ та, оның шешу жолы үшін әлдебір сапа керек. Ол сапа – Азаттықты іс жүзіне асыруға бірден бір қауқарлы да жігерлі ұлттық парасат (интеллект). Ал, парасат деп отырғанымыз – арлы, намысты ақыл мен ойдың жыйынтығы.
Ұлттық парасат – ұлттың асыл қаруы. Парасат болмай, ұлттық бірлік те қылаң бермейді. Парасат болмай, ешбір ұлттық асу алынбайды. Ұлттық парасаттың болуы өз алдына,оны ұлттың игілігіне жарата білу - ерекше бөлек мәселе. Пайымдауымызша, парасат ұлтымызда қажетті деңгейде емес, оның үстіне барымызды ұқсата алмай отырған жайымыз бар. Жеткілікті дәрежеде парасатты ұлт қай мәселеде де даурығыспай, аптықпай, асып-саспай шара қолдануды қолға алады. Сөзінен ісі алда жүреді. Демек, бізге қайткенде де парасатты көтеру керек.
Оны дамытудың басты жолы – ұлтты жүйелі ойлау дәрежесіне жеткізу. Қай мәселені шешу де, оны жүйелі түрде ойлап, ұйымдастыруға байланысты. Ал, кәзіргі кезде біз тыңғылықты ойластырып, бүге-шүгесіне дейін ешбір істі жүйелі түрде ұйымдастыра алмаймыз. Қай ісімізден де «әттеген-ай» жылтыңдап тұрғаны. Мұны бәрі парасатты түрде ойлап, пішпегендіктен.
Мәселен, 1989 жылы улап-шулап тіл мәселесін көтердік. Сөйтіп жүріп, әйтеуір, жаратқанның құдыретімен, жекелеген жандардың қайратымен тілді мемлекет мәртебелі еттік – дұрыс-ақ! Бірақ істі сонымен біттіге санадық. Іске асуы неғайбыл программа-жоспарлар жасап, оны бірнеше рет өзгертумен әуре болдық. «Қазақ тілі» қоғамын құрдық. Алғашқы жақсы нышанды, жемісті де көре бастадық. Бірақ тіліміздің әлі де тұрмыстық ахуалдан жоғары көтерілмегені белгілі. Бұрынғы арынымыз басылып, тіпті, тілдің мемлекеттік мәртебесін сақтай аламыз ба, жоқ па деп қыбыжықтай бастадық. Тіл жайы жауға айнала жаздап та жүргені тағы бар. Міне, осы тіл майданының өзінен ұлттық парасаттың жетімсіздігі көрініп-ақ тұр.
Біріншіден, тілдің мүшкіл халының өзі жете зерттелмей отыр. Тілдің бұл ахуалы қандай дәрежеде екендігі айқындалмады. Оның бір ғана тұрмыстық дәрежеде қалғандығын білу жеткіліксіз еді, одан арыға ойжүйеміз (мышление) жібермеді. Парасаттың керегі осындайда.
Екіншіден, «тілді дамытудың қандай сфералары бар?» деген сауалға әлі жауап жоқ.
Үшіншіден, тілді қайткенде дамытамыз, тазалаймыз деген мәселеге әлі жауап ізделген жоқ. Және оны кім атқару керектігі де белгісіз. Шамасы, мұның бәрін біз үшін тіл туралы заң атқарады деп ойлағандықтан болар. Мемлекеттік тіл комитетінің құрылуы саяси жағдайға байланысты кешігуде, алайда, оның ісін қоғамдық жолмен де атқаруға болар еді. Міне, осындай жерде керегі, әлгі – Парасат. Бұл қаблет бізге жоқтан барды жасатар еді.
Ұлттық парасаттың көрінісі әруақытта зиялы қауымның әрекетінен көрінген. Әр салалы сферадағы зиялы қауым өз міндетін жүйелі құра отырып, іске асырса, ұлт тағдырын шешу соншалықты қиын емес. Ал, біздің зиялы қауымда ауызбірліктің жоқтығы ұлт бірлігінің жоқтығы болып табылады. Ол әркім айта беретін ұлттық мінездің кесірі емес,зиялы қауым парасатының төмендігінен. Алайда, зиягерлердің бірлігі бұған дейін қазақта болғанын ұмыта қалатынымыз ұят. «Алаштың» ардагерлері ұлтты қалай оятып, қалай біріктіріп еді?!
Ұлт парасатын жаппай дамытудың бір тәсілі әрі ыңғайлы түрі – ұлттық идеологияға негізделген көсемсөзді (публицистиканы) дамыту. Парасаттың даму көрінісі көсемсөздің деңгейінен көрінеді. Көсемсөз дамыса, онымен бірге парасат та өсті деуге болады. Ал, көсемсөзді дамытудың бірден бір көзі – көпшілік ақпарат құралдарына жағдай жасай отырып, оларға биік те нәтижелі талап қою.

Азаттық көсемсіз алынбайды
Дәл солай! Ұлтазаттық процес – ұлы іс. Ұлы іс әруақытта ірі тұлғаларды қажетсінеді және тудырады, өсіреді. Оның мысалы аз емес: Әмрикада – Вашингтон, Үндістанда – Джавахарлал, Түркиеде – Ататүрік, т.б. осылай тізіліп кете береді. Егер біз қазырғы жайымызды ұлтазаттық процес ретінде мойындасақ, онда осы процесте ірі тұлғалардың жүруін қалауымыз қажет және оны тани білгеніміз жөн. Қысқасы, Азаттық әруақытта ұлттық көсемнің болуын қалайды, олай болмаған күнде процес жүрмейді, жүрсе де кесірге тап болады.
Әрине, қызыл идея «көсем» ұғымын «пайғамбармен» қатарластырып, асыра насихаттап, мәніне нұқсан келтіргені рас. Ал, «көсемнің» о бастағы мәніне ой жіберсек, ол – бар болғаны ұлтты ұлы іске жұмылдырушы. Ал, кәзіргі Қазақ жағдайында бұл мағынаны қанағаттандыратын тұлға ретінде Нұрекеңді (Нұрсұлтан Назарбаев) мойындау әділетті әрі шынайы. Оны бұлайша тану – оның портретіне құлдық ұру емес, оған ұлттың жауапкершілігін арту. Қазырғы кезде ұлттың жүгін көтеретіндей тұлға таба алмасақ, ұлтпыз деп Азаттыққа ұмтылудың өзі қатерлі.
Көсем – ұлтқа жалауша желбірейтін пайғамбар емес, халықтың бағыт-бағдарын бастаушы, оның тағдырын талапайға түсірмей, ұлттық потенциалды ұлы іске жұмылдыру үшін қажет категория.

Саяси қалып
Кәзіргі саясатта әр мемлекет саясатының іргетасы болып табылатын саяси қалыптың болатындығын байқау қиын емес. Саяси қалып әр елдің саяси мінезі, тұрғысы іспетті. Ол – мемлекеттің ішкі-сыртқы саясатының мүмкіндігінен ғана туындамайды, мемлекет басшылығының субъективтік, елдің объективтік жағдайына қатысты фактор. Саяси қалып – мемлекеттік субъективтік саяси іргетас.
Саяси қалып негізінен сыртқы саясатта өзін көбірек байқатады. Мәселен, АҚШ кәзіргі кезде дүние жүзіне бірден бір саяси ықпал етуші ретінде паңдана қимылдауда. Ал, Ресей өзін бұрынғы КСРО-ның қаншалықты мұрагері етуге тырысқанымен, оның саяси қалыбына бұл амбиция сыймай отыр. Ресей қазыр бейне бір шайпау әйел секілді. Бірде бұлай, бірде олай. Бұдан оның жаңа мемлекет ретіндегі жаңа саяси қалыбы әлі қалыптаспағандығын көреміз. Ендеше оның саяси іргетасы қаланбағаны. Бұл Ресей үшін ғана емес, өзгелер үшін де қауып. Бұл жағынан Қазақстан өзінің саяси кейпін біршама қалыптастыру үстінде. Оның саяси қалыбына ұстамдылық, байсалдылық, ұмтылғыштық пен бейбітқойлық тән екендігі айқындала бастады.
Дегенмен, саяси қалып мемлекет дамуына орай немесе ішкі-сыртқы саяси күштердің ықпалымен өзгеруі мүмкін.
Саяси қалыпты таңдау мемлекет тағдырының бірден бір басты жайы. Алайда, саяси қалыпты таңдау мүмкіндігіне Қазақстан секілді жас мемлекет Тыныштықпен уақыт ұту арқылы ғана ие болады.
Бұрынғы КСРО жераумағындағы шиеленіске тап болған мемлекеттерде саяси қалып бар деуге болмайды. Оны қалыптастыруға олардың мұршасы да жоқ.

Геосаясат – елдің сыртқы тұрпаты
Қайбір тәуелсіз мемлекет өзінің дүниеге келуімен бірге саяси дүниеден өзінің орнын ала отырып, айналасымен қарым-қатынастық ауан дәйектейтіні бар. Саяси айналаны (геосаясатты) дәйектеуде кәзіргі саяси қалыптың біраз ықпалы бар. Шынын айту керек, Қазақстанның ішкі кейпі күрделі болғандықтан, оның геосаясаты да қарапайым бола қоймайды. Сондықтан бұл жайт Қазақстан жағдайында ежіктеліп барып, сомдалатын болар. Жалпы, Қазақстанның болашақ ірі мемлекеттер қатарынан табылатын қайнарын ескере отырып, оның саяси айналасын былайша кейіптеген жөн:
- экономика жағынан еброазиялық бөрі, бұған мол байлық пен халықтың аса икемділігі, жастығы кепіл;
- географиялық жағынан Дүниежүзілік саяси кіндік, оған батыс-шығыс, оңтұс-солтұс көпірлер торабы болу мүмкіндігі мен географиялық орны куә;
- этнодемографиялық жағынан – түркілік қарашаңырақ, оған тарих та, объективтік жағдай да, барлық түркілердің Қазақстанды айнала орналасуы да итермелейді;
- діни сенімі жағынан – дүниежүзілік дін тартысының ешбіріне аса жақтаспайтын зайырлы мемлекет.

Осы аталған геосаяси жағдайы Қазақ мемлекетінің қазырдан бастап сыртқы ниетінің қалыптасуына негіз етілгені жөн.

Қандай одақ қажет?
Жұрттың бәрінің есінде, федерация үшін де, конфедерация үшін де біздің президентіміздің бәрінен бұрын одақшыл ынтасының болғандығы. Тіпті, ақырында ТМДсыз қалатынымызға бөгет болған да сол. Не себеп? Президент сонша неге одақшыл? Бар мәселе: Қазақстан жағдайында империялық бұғаудан босаудың тактикасында. Ол бұл тактика бойынша Ресейден іргені үзілді-кесілді аулақ салу қаншалықты қауып екенін жақсы біледі. Оны тек әсіре азатшылдарға сездіру қиын. Олар үшін армияны құру да, ақшаны шығару да, шекараны жауып, басқаны қуу да оп-оңай. Бейнебір жапандағы жалғыз отар қоймен тәуелсіздіктің тәуекел шыңына шығатындай!
Барлай білген адамға, Қазақстанның солтұс шекарасы Ресеймен жымы білінбей жымдасып жатқандығы рас. Ол жікті шекаралық шарбақпен ажырату мүмкін емес. Оған уақыт пен объективтік жағдай керек екендігін мойындау ләзім.Міне, сол уақыт пен жағдайды ұту үшін ұтыры келген қай одаққа да (әйтеуір, отар одақ емес) бас шұлғып, ынталану қажет екендігі рас. Бұл – президенттің одақшылдығы емес, азатшылдығы деп ұққан жөн. Әрине, бір күн, не бір ай, бір жыл азат болып, қайта бұғауға түсу – біздің таңдауымыз емес. Ендеше түпкілікті тәуелсіздік үшін уақытша «тәуелділікке» көніп, қайыс ноқтаның шіріп түсуін күткеннен өзге амал жоқ.
Одақ демекші, ТМДдан қайран жоқ екені рас. Алайда, оның қаусаған сықпытының өзі Қазақстан үшін, айталық, Қытай секілді қорқаудан қорғайтын серік екені рас. Және әркім өзімен өзі кеткеннің өзінде біздегі өзге ағайындар дәл кәзіргідей момақан болып жүре беруіне кім кепіл? Сол себептен де қазақ өкіметінің бұғанасы қатып, мемлекеттің қабырғасы бекігенше Ресеймен қол ұстаса тұрудан басқа жол көрінбейді.
Әрине, одақтың бір нұсқасы: Орта Азия-Қазақстан. Алайда, бұл одақтан Қазақстаннан басқасына ғана саяси пайда көбірек. Ал, біздің солтұс шекараны әлдеқандай жағдайда ортазиялық бауырлардың қорғасуға дәті бара ма? Тіпті, бұл одақтың Тәжікстан шиеленісіне де араласуы неғайбыл. Демек, өтпелі дәуірге тәжікелессек те, дәрменсіз ТМД тәуір. Жалпы, ТМДның күрт ыдырауынан сақтанған жөн. Бұл одақсымақты ең болмағанда мемлекетті толық қалыптастырғанша, барынша пайдаланып қалған мақұл. «Жыланнан түк тартсаң да пайда!». ТМДның шұғыл ыдырауы КСРОның жераумағында жаппай азамат соғысының ұласуына апаруы мүмкін.
Ал, болашақты көздесек, түркілік конфедерация сағымдай бұлдырайтыны рас. Түптің түбінде осы сағымды нысаналаудан танбау қажет. Ондай түркілік одақты алғышартсыз, объективтік жағдайсыз бөлек қой отарларын бір біріне жамыратқандай күй кешуге және болмайды. Сондықтан ойда түркілік конфедерация тұрса да әзірге тарихи-мәдени-экономикалық бауырластықтан бастаған мақұл болар.
Түркілік одақ қаншалықты мүмкін? Таяу мезгілде мұндай одақ жөніндегі бастаманың бола қоюы да неғайбыл. Бола қалғанның өзінде Қазақстанның ішкі әлпеті ондай одаққа жібере қоюы екіталай.
Жалпы бұл одақтың жүзеге асуы бастаманы кімнің көтеруіне байланысты.Егер кешегі бодан елдер бірігуді қолға алса, оның одақ болып жарытуы белгісіз. Себебі, толық азаттық жолынан өтпей, әрқайсысы өзінің толық мемлекет екеніне көзі жетпей, бодандық мінезден айырылмай, бодан елдердің ерікті одақ құрып көктеуі екіталай.
Ал, бұл бастаманы жалғыз егемен түркі елі Түркия қолға алса, үміт молырақ. Бірақ, жағалай жалаңаш елге жалғыз Түркия қамсау болуға жүрегі дауаламас. Және дүние жүзінің бірыңғай қандас одақтың дүниеге келуіне түрткі болатын Түркияға қалай қарайтыны белгісіз.
Қазырғы ең ұтымды да болашақ ұлы одақтың бастамасы боларлық қадам – түркі қоғамдастығының стратегиялық нысанасын діттейтін Түркия бастаған іс жүзіндегі өзара бауырластық. Осы бауырластық түбінде одаққа айналатынына шүбә жоқ.

Қоғамдық саяси сықпыт
Саяси ұйымдардың саны жөнінен мақтана алмайтынымыз рас. Кәзіргі өтпелі өлара кезең үшін бұл біздің бағымыз да шығар. Экономикалық қуатсыз, әлеуметтік әлсіз кезде саяси белсенім қоғам үшін бәрінен бұрын басты кесел. Мұны, ТЖМКден (ГКЧП) кейін алғаш құрылған республикашыл (1991 жылы «Азаттың» негізінде құрылған) партияның бастамашысының бірі болсақ та, ащы шындық ретінде мойындауға тура келеді. Қоғамдағы саяси белсенділік, әсіресе, біздің мешеу де жас мемлекет үшін аса қауыпты. Ондай белсенім үкімет ауыстыруға құштар, сол қылығымен-ақ, мемлекеттің дамуын жолдан қалдырады, тәуелсіздену қарқынын тежейді.
Қазақстан үшін қазырғы мемлекеттік құрылыс аяқталмай, жалпыұлттық билік орнықпай, қазырғы үкіметке тайталас (оппозиция) болудан сақтану керек, оған апаратын арандатудан абай болған жөн. Мұндай арандатуға ұрынып үлгерген мамыр айындағы «азаттықтардың» қылығын саяси даурықпалық демеске лаж жоқ. Сол әрекеттің басқасын былай қойып, қатенің бір қырын алсақ та, жеткілікті: коалициялық үкіметке орындық бөлісуде «Азатқа» ауыл шаруашылығы, білім беру мен денсаулық сақтау ғана тиер. Өзге сала бойынша бастамашы «Азат» тырп ете алмаған болар еді. Ал, осыны жақсы сезген орыстілді баспасөз ішкі қуанышын жасырса да әркімнен сүйінші сұрағандай жеткізді. Ендеше саяси қадамды осылай жасау ақылсыздық емей немене?
Шынын айту керек, әлдебір тарихи жағдай қалыптаспаса, қазырғы саяси ұйымдардың ықпалы жоқ. Бәлкім, бұл пайдалы да болар. Әйтпесе, «Азатпен» қосарланып «Единство» аренаны бермесе, мемлекетіміз не күйде болмақ. Әрине, бұл уақытша жағдай және осы саяси ауан әлеуметтік жабағы көтерілгенше сақтала тұрғай.
Осы жерде ұлттық зиялы қауымның мұншама ұзақ ұйқысын жазғырмай өтуге болмайды. Біздің ойымызша, дәл қазырғы кезде жас азат мемлекетімізге демеу ретінде дүниежүзілік қазақ зиялылар коалициясы немесе Алаш ассамблеясы іспетті ұйым ұлтымызға аса пайдалы нақты істер атқарған болар еді. Өкінішке қарай, быйылғы І бүкілқазақтық құрылтай ұлттық потенциалды қайратқа айнала алмай, бар болғаны шетелдік қазақтарға Атажұртты таныстыру мәнінен әрі аса алмады. Зиялы қауымның қазақ қоғамына пайдасының өзі де сонда, оның қазырғы жаңадан тұсауы кесілген шағында, ақыл, зерде, парасат жағынан демеуге мұқтаждықты жоюда ғой.
Қазыр Қазақстандағы саясатпен үш жақ айналысуда. Біріншісі - ресми басшылық, екіншісі - қоғамдық-саяси ұйымдар болса, үшіншісі - ең енжар да бірақ дүлей саяси күш – қарапайым бұқара. Соңғы жақ әзірге, ұйымдарға да, басшылыққа да төтенше де тұтқиыл қарсылық көрсете алмайды. Оған қоғамдық психология жетілмеген және әлеуметтік көнбістілік етек басады. Рас, бұқара түрлі еңбек ұжымдары деңгейінде басшылыққа талап қою көрінісімен өз наразылығын білдіруде. Алайда, мұндай жайтты қазырғы әккі «коммунистік» басшылық айналып өту тәжірибесін игеріп те алды. Ендеше Қазақстан саясатына алғашқы екі жақ қана ауан жасайды.
Рас, Қазақстанның тәуелсіз айлары, бір қызығы, бұрынғы коммунистік басшылықпен жасалуда. Бұл жерде мынадай заңдылықты ашып өткен жөн. Бұрынғы КСРО республикалары тәуелсіздік алғаннан кейін дәрмені жеткенше коммунистік басшылық кезеңіне тап болады екен де, оның қауқары кетіп, өздерін демократтар санайтындардың қолына үкімет көшкеннен кейін қоғам біраз сырқайды екен. Бұл, сірә, қоғамның жаңа басшылық дүркініне үйренісе алмауынан болар, қоғам басшылығының жаппай өзгеріп, необольшивизмге ұрынуынан шығар. Айтпақшы, бір қызығы, необольшивизм тән ұйымдардың бәрі де өздерін коммунистік тайталас санайтындар. Осыдан бір жыл бұрын бір необольшевик «Егеменді Қазақстанды» соттауды көтерген еді...
Жалпы, жас радикал ұйымдар қолына тиген үкіметті биліктің алғашқы кезеңінде жасампаздыққа емес, қиратымпаздыққа көбірек арнайды. Міне, Қазақстанды осы кезеңнен құтқарып тұрған, билікке сусап келген жас ұйым емес, биліктің бешпетін тоздырған бұрынғы коммунистер екендігін мойындау кейбіреуге күлкілі болса да шындық. Бұл басшылыққа не тән? Темірдей тәртіп, жоғарының айтқанын бұлжытпай орындау, басты ауыртып ойланбау, бірақ үлкен лауазымды не істесе, соны сол күйінде қайталау. Ал, мұндай қасиет қоғамға қай кезде қажет? Дәл кәзіргідей өтпелі дәуірде және ең жоғарғы лауазымды адам қаблетті болса.
Алайда, бұдан Қазақстанды қасаң әрекетті, құбылма ойлы «коммунистік» басшылық ұшпаққа шығарар деген ой тумауы қажет. Қазақстан басшылығына тән болып отырған кәзіргі партократиялы-тоталитарлық өңез жаңа қоғамды құруға алғышарт жасағанмен оны құруды өз мойнына ала алмайды. Өйткені, правосыз қоғамда өмір сүрген бұл басшылыққа праволы қоғамның заңын ескі әдет бойынша аттап кетуін қоймайды және базаргөй экономика талап ететін еңбекқорлықтың ерекше түрін өңі түгілі түсінде көрмеген басшылық өтпелі дәуірді барынша соза түсіп, одан қарпып қалуға тырысады. Бұл бәріне тән деген сөз емес.
Сондықтан Қазақстан басшылығы қаблетіне қарай жаңа жылдан бастап ұдайы жаңа күш өкілдерімен толығып тұруы оның басшылығының жаппай жаңа күшпен өзгеруіне соқтырмай, оның өтпелі сырқатын болдырмауға септік етеді. Ескі басшылықтың жаңаға айналуы бірте-бірте жүреді.

Идеологиялық босаң (вакуум)
КСРОның ыдырауымен бірге күйреген марксизм-ленинизмнің орны жыны аласталған сарайдай даңғырайтыны рас. Әрине, аталмыш идеологиядай тұғыртасты болмағанмен, оның өткінші түрлері иесіз қалған ескі үйде соққан өкпектей азынап өтуде. Айталық, ТЖМКден кейін барлық республикалар жаппай тәуелсіздік идеологиясына бас қойды. Одан соң базаргөй экономика мінбеден сөз алды. Ал, соңғы кездері ыссылай қапқан жайттар жайына қалып, бауырластық, мамыражай кезең аңсалуда.
Әрине, кейбір мемлекеттер діни идеяны тұғыр етуге жармасқанымен, жалпылай алғанда, КСРОның бұрынғы субъектілері рухани жағынан бір бірінен алыстай қойған жоқ. Қазақстанда демократия, гуманизм, еңбек, татулық әңгіме түрінде сөз болса да, ол президенттің өз аузымен ғана айтылып, жалпы идеологияға айналып үлгерген жоқ. Бұған басты себеп – идеологиялық үстем болмаса да бағыттаушы органның жоқтығы.
Айталық, базаргөй экономика туралы көп насихаттың орнына, бұрынғы коммунистік идея таптаурын еткен санаға қажетті қарапайым да нәзік идеология арқылы шаруа адамына қалай баюдың, шағын кәсіпорынды қалай құрып, басқарудың негіздері үгіттеліп отырса, қоғам қаншалықты алға басып, бұқара нақты іспен айналысуды бастап, ескі жүйенің құрым киізін жамылуды дереу тастаған болар еді.
Қазақстанның іші мен сыртынан ұлттық мемлекетке дұшпанкөз идеология бас көтермей тұрып, Қазақстан отаншылдығына, бауырластыққа, демократия мен базаргөй экономикаға табан тіреген прагматикалық идеологияны жолға салатын уақыт жетті. Әрине, идеология құр насихат пен үгіттен тұрып, оның өмірдегі нақты көрінісі болмаса, ол демогогиялы мылжыңнан әрі аспайтынын тағы ескеру керек.

Билік құрылымы
Қазақстанның билік құрылымын зерделеу үшін оның ежелгі (хандық дәуір), ескі (кеңес дәуірі), кәзіргі (өтпелі дәуір) және жаңа (болашақ дәуір) нұсқаларын шартты түрде бөліп қарастырайық.
Жалпы мемлекеттік билік құрылымын геометриялық тәртіппен көлбеу (горизонталь) және тігіңкі (вертикаль) сыйпатты деп түсіндіруге болады. Көлбеу билік дегеніміз – кәдімгі биліктің бөлісу көрінісі, яғни, атқару, заңдаушы және сот биліктерінің қазқатар (параллель) жүруі.
Ежелгі Қазақстанда көлбеу биліктің қазырғы келбеті болмағанмен, оны сыйпаты, мәні болғаны рас: атқару – хандық билік, заң билігі – хандық кеңес, сот – билер кеңесі арқылы жүзеге асқаны белгілі және бұл сол заманғы қажетті халықтық билік процесін толығымен жүзеге асыра білді. Ал, тігіңкі билік ұлыстық, жүздік, рулық болып таратылып, мемлекеттік билік оның өн бойына қантамырдай жайылды. Мәселен, руды билеу мемлекеттік биліктің ру ауқымындағы көрінісі болып, атқару үкіметін рубасы, сотты ру биі, ал, заңдық билікті ру ақсақалдарының кеңесі атқарғаны аян. Әр ауыл болса, сол ауылдың байымен биленді. Әрбір бай өз ауылын әлеуметтік, экономикалық жағымен қамтыды, басқа салалар тікелей ру көлемінде биленді. Бұл билік Қазақстан отарланғанға дейін өзін өзі қамтып, ал отар болғаннан кейін ұлттық билік құрылымы патшалы Ресейдің қол жаулығына айналып, халықты ұлтсыздандыруға, яғни ұлтсызданған ұлтты жүздік, рулық жікке бөлуге, сайып келгенде бөлшектеп алып, билей беруге сәтті қолданылғаны белгілі.
Кеңес дәуірлі ескі Қазақстанда шын мәнінде көлбеу биліктің орнына, тоталитаризм жүгені ғана болды, ал көлбеу биліксіз қоғамда тігіңкі билік әруақытта бодандық пен демократиясыздықтың белгісі болып табылмақ.
Қазырғы Қазақстан билігін сөз етсек, көлбеу, биліктің, яғни, билік бөлісінің іргетасы қалануда, алайда, Қазақстанның кәзіргі жағдайы оған түпкілікті нақты ұлттық сыйпаттағы билік құрылымын белгілеуге мүмкіндік бермей отыр. Сол себептен де Қазақстан өзінің билік құрылымын құруда да, атазаң (конституция) қабылдауда да өтпелі сыйпатты дүние иеленуге душар болуда.
Айталық, бізге кеңес өкіметіне, мұра боп қалған қазырғы Жоғарғы Кеңес ала-құла заңдарды балалататын орган ғана емес, оның дұрыс орындалу барысын бақылау мен қабылданған заңдарды бұқараға ұғындыру, насихаттау жайын іске асыру мүмкіндігінен тыс қалып келеді. Бұл – заңдық биліктің қауқарсыздығының көрінісі.
Ал, енді мемлекетіміздің қазырғы жергілікті аталып жүрген өкіметінің де сорақы жағы аз емес. Әдетте, өркениеті кемел мемлекеттің көлбеу және тігіңкі билігінің болуы оған жеткіліксіз. Ол үшін сонымен бірге бұл биліктердің бір бірімен қайшылықсыз, айқассыз қабысуын болдыру қарастырылып, әсіресе, билікті тігінен таратқанда аса сақтық қажет болады.
Кәзіргі тігіңкі билікке тән кемшіліктің бірі – түрлі атқару және заңдаушы өкіметтердің мәртебелері көптеген жағдайларда айқасып кететіндігі немесе бірін бірі жұтып, ара жігі ажыратылмай белгіленетіндігі. Мәселен, облыстық, аудандық деңгейге дейін көлбеу және тігіңкі билік бір бірімен жымдасып тұрғандай сыйпатта болғанымен заңдаушы биліктің өкілі болып табылатын кеңестерде мүлдем қауқар жоқ десек, қателесеміз бе? Кеңестердің бар қадыры аудандық, облыстық сессияларды шақыру ғана, оларда қаралатын мәселе де әкімнің белгілеуімен бекіте салу, газет редакторлары мен әзірленген сот өкілдерін сайлау сияқты бір мәртелік істер ғана. Ал, басқа кезде ол кеңестер не бітірмек? Ең болмаса қабылданған заңдардың дұрыс орындалуы мен олардың тежелу, бұрмалау көріністерін неге жұмыс қылмасқа? Ал, ауылдық кеңестің халы, тіпті, мүшкіл. Қарап отырсақ, ауылкеңес – ішінара істері бойынша ауылдық әкімшіліктен азаматтық актыларды жазу, ішкі істер, мәдениет пен білім, денсаулық салалары бойынша атқару билігінің ауылдық звеносы да, ал ауылдық кеңес сессиясы аудандық кеңестің ауылдық звеносы екен. Сонда ауылдық кеңес биліктің екі түрлі тармағына бағынышты орган болып отыр ғой.
Әрбір ауылда колхоз, не совхоз барын ескерсек, бұлар да аудандық әкімшіліктің ауылдық звеносы. Өйткені, әр шаруашылық (әсіресе, совхоз) кадр, қаражат, әлеуметтік, экономикалық жағынан аудандық әкімшілікке бағынышты. Ал, ауылкеңес бейшара орган есебінде осы шаруашылыққа барлық жағынан іс жүзінде кіріптар. Демек, ауылдағы биліктің өзі де тоталитарланған күйінде өзгеріссіз келе жатыр. Ауыл дегеніміз – Қазақстанның іргетасы. Сол себепті ауылдарда мемлекеттік деңгейдегі алынып жатқан үкіметтік шаралар іске аспайтыны түсінікті. Қысқасы, ауыл билігінің мәртебесі анықталып, нақтыланып, өкіметтің дәрменді ең төменгі звеносы болмай, жалпымемлекеттік шаралардың жүзеге асуы неғайбыл. Өйткені,үкіметтің ауылдағы тізгіні совхоз директорының қолында болып, ал шылбыры әкімде болса, ауылдық меншікке ие болуға ұмтылған совхоз бөлімшелеріне ауылдық кеңес төрағасы совхоз директорының алдында неге араша түсу қауқары болмайды?
Ондай дәрменсіз үкіметтің қай ауылға қажеті бар? Ауылдық кеңеске ауыл тағдырының аудандық билік пен кеңестен қалған өкіметін үлестейтін уақыт жетті. Бұл үшін, бәлкім, ауылдық кеңес аудандық әкімшіліктің тікелей звеносы болып, ал оның сессиясы аудандық кеңестің ауылдық үлгісі болғаны тиімді болар еді. Ал, шаруашылықтарды ауылкеңес құзырына есепті (бағынышты болмағанмен) қылса, көтерем совхоздар ауылға жүк болудан қалып, олардың тағдырын ауылдық кеңес бірге шешіскен болар еді. Қысқасы, ауылдың өңіне қан жүгірту үшін, оны тек қана езбеу, билемеу керек, сонымен бірге оған да биліктің бір ұшын ұстататын уақыт әлдеқашан жетті. Ал, қазырғы ауылды «асырап» та, билеп-төстеп те отырған совхоз, колхоздар оларды көркейтуден гөрі, ең әуелі сүліктей соруға арналған кешегі тоталитаризмнің бірден бір төменгі звеносы болатын.
Жаңа Қазақстанның билік құрылымы кез келген мемлекет сияқты оның жераумақ бойынша билік бөлісіне байланысты. Қазақстанда кәзіргі кезеңде билік құрылымын жетілдіруге мүмкіндік бермей отырған себептің бірі де осы әкімшілік-жераумақтық бөлініс. Мемлекеттің қазырғы бұл бөлінісі тоталитарлық отарланған қуыршақ мемлекетке арналған тамаша жүйе екенін мойындайық. Тоталитарлық тәуелді облысқа, аудан-қалаларға одан ауыл-қыстаққа бөлінім, ашса - алақанында, жұмса – жұдырығында бола қалады. Және алда-жалда оның бір бөлігін Ресейге қосу керек (ондай сәт 70 жыл ішінде кез келген уақытта мүмкін еді) болса, солтұстан бастап облыстарды аумақ-аумағымен шекітіп ала бер. Ал, егер де олай болмай, Қазақстан бірден аудандарға бөлінгенде ол тоталитарлы түрде билеуге де мүмкін емес. Және саяси жағынан ресейлік орталықтың уысынан шыққан болар еді. Ал, Қазақстанды облыстарға бөлу оларды тікелей Мәскеуге бағындыратын өлкелерге айналдыруға да оп-оңай болатын. Қысқасы, Қазақстанның қазырғы әкімшілік бөлінісі тәуелсіз елдің жүйесі емес, отар елдікі.
Азат Қазақстанның билік-жераумақ бөлінісі қандай болуында оның бірегей (унитарлы) мемлекет екендігі, жераумағының кеңдігі, демографиялық алуандығы және дамушы ел екендігі ескеріліп барып, әрі қазақ халқының тарихи әкімшілік бөлінісінің дәстүрлері көрініс табатындай болуға тиіс. Ең бастысы – болашақ өркениетті де құқылы, демократиялық Қазақстанның ішкі саясатының ойдағыдай жүргізілуін қамтитындай мемлекеттің ішкі органы жан жақты ойластырылғаны абзал.
Кәзіргі кездегі жергілікті әкімшілік бөлініске жататын және бір бірін билік жағынан қайталап, ауқымы жағынан ғана ажыратылатын облыс пен ауданнан бір ғана бірлік жасақтаған тиімді. Дәлірек айтқанда, облыстық бірлік жойылғаны жөн. Мұндай бөлініс мемлекеттік биліктің ортаңғы звеносы болып табылатын облыста жөнсіз қаралмай-ақ, аудандарға ықпалын бірден тигізуге ыңғайлы және иерархиялы түрде аудандарды тоталитарлық жүйемен бағындырып келген облыстың ендігі жерде мәні де, сәні де жоқ, демографиялық әлеует те көтермейді, әрі атқару билігі үшін ұлыстық биліктің бірден аудандарға таралуы мемлекеттік билік тәртібін тиімді етеді.
Кәзіргі жағдайға орай атап өтетін бір жайт, бұдан былай әрбір облыс белгілі бір саяси объектіге айналып, мемлекетке іріткі салу ықтималдығы күшейе түсетін де түрі бар.
Әрине, облыстық бөлініс бірлігі қысқарған жағдайда аудандардың мән-мағынасы облысқа теңесіп қоймай, олардың жераумағы да үлкен өзгеріске түсері хақ. Сонымен, нақты айтсақ, кәзіргі 220-ға таяған аудандардың санын 200-бен шектеу қажет. Бұл аудандар жераумағын, демографиялық жағдайы мен экономикалық, әлеуметтік ахуалдарының бір біріне барынша қарайлас болуы байланыстырыла қарастырылып барып қайта құрылуы керек.Ауданға қазырғы облыстық бағыныстағы қалалар жатқызылатын болады. Сонда кәзіргі аудандардың жераумағы біршама өзгеріп қоймай, кеңейіп, ал, кейбір аудандар қысқарысқа түседі. Әрбір ауданды ауылдар, кенттер (поселка) мен қалалар құрайды.
Әрине, 200 ауданды тікелей астанаға бағындыру мүмкін емес, ол белгілі бір дәрежеде тиімсіз де. Сондықтан бірыңғай аймақтағы аудандарды біріктіріп, топтастырып, мемлекеттік деңгейдегі үйлестіру аймақтарын құрған мақұл. Бұл үшін әр аймақтағы (шығыс, батыс, оңтұс, солтұс және орталық) 40 ауданды біріктіріп, бір аймақ құру қажет. Осылайша, Қазақстан бес аймаққа бөлінетін болады. Ол аймақтарды ежелгі түркіше: шығыс - ақ, батыс - қара, оңтұс – қызыл, солтұс – көк және орталық – сары аймақ деп атанғаны тарихи діңгекті болар еді. Алайда, билік бөлісі, яғни, көлбеу биліктің үш тармағы таратылғанымен, олар аймақтарға толық енгізілмейді. Аймақтар бойынша төбе бидің (жоғарғы сот) өкілдігі мен елбасшының аймақтық ордасы енгізілгені жөн. Ал, әрбір ауданнан сайланған елгерлер (депутат) құрамы – 200-ден тұратын ұлы Құрылды (құрылтайдың түбірі, моңғолша «хуралдың» қазақы нұсқасы) құрайды.
Бұдан әрі осы тақырыптың жалғасы іспетті жаңа Қазақстанның мемлекеттік құрылымын толық елестету үшін қажет болатын кейбір мәртебелі қалалар жайын сөз етейік.

Астана және кіндік қалалар
Астана – қашаннан да мемлекет құрылысындағы айырықша қасиетті құрамта (компонент). Қазақстандай ірі мемлекет үшін астанаға бірнеше ерекше жағдай қажет. Атап айтқанда, жағырапиялық жағынан елдің орталық аумағында орналасуы; көлік қатынастары мен байланыстың астаналық торабының болуы; демографиялық құрамының ұлттық үлес пайдасында болуы; қоғамдық-саяси ауаны мен экологиялық жайлылығы және табиғат көркемдігі, сондай-ақ тарихи қасиетті мекенге жайласуы мен ел халқы үшін ерекше қасиетті орын екендігі; сонымен бірге қазырғы өркениетке сай сәулетті де сәнділігі. Ал, біздің Алматымыз астананың мұндай талабына сай келе ме?
Әрине, бір ғана қанағаттандыратын талабы – көркем табиғаты. Оның өзі де қаншалықты табиғи әсем болса, соншалықты жерсілкініс қаупы мол жағдайы тағы бар. Басты кемшілігінің тағы біреуі – оның еліміздің оңтұс шығыс шекарасына таяу орналасқандығы. Мұндай астананы бір самғауыр (самолет) немесе бір ұшаққа (вертолет) жүк болатын десант тобы-ақ басып алуы қыйын емес. Қысқасы, Алматы астана болар талапты қанағаттандырмайды. Оның үстіне соңғы кездегі қоғамдық-саяси ауаны мен әдеті жағымсыз үрдіске айналуда. Себебі, кәзірдің өзінде Алматыдағы қоғамдық-саяси қатпар (слой) саяси ілімсіз, қағидасыз, шулы тобырға көбірек ұқсап, ірі мемлекеттік қадамдар кезінде дұрыс ықпалдан гөрі кесірі тиіңкіреуде.
«Әйелді сынасаң, ішінде анаң да кетеді» демекші, астаналықтарға топырақ шашқандай болсақ та, байқалған мына бір сорақылықтарды атасақ, жала деп ешкім сөкпес. «Әкесі өлсе де естіртеді»: алматылық ағайындар елдің басқа өңірлерінен астанаға ынтыға барғандар үшін көбіне лепірмелік, даңғойлық, даурықпалық, мансапқойлық, іштарлық, менмендік, жікшілдік дағдыларымен көрінуі. Әрине, өте өкінішті.
Әсіресе, астана ретінде қазақ ұлтын біріктіру факторы болудың орнына, керісінше, жүзге, руға бөлініп, жіктелудің ордасы іспетті; қай жүз, қай рудан екеніңді Алматыдан үйреніп қайтатының ештеңе емес, рулық, жүздік деңгейдегі жіктеліске бой алдырып, оралатыныңа астана түрткі болса, қынжылудан басқа амал қалмайды. Бір қызығы, астанада әлі күнге аталған сорақылықтарға қарсы атойлап шыққан зиялы қауымды көре алмай отырмыз. Бейне бір шетінен зиялы қауымның өкілі емес, интеллигенттер (зиялы қауым мен интеллигенция ұғымдары қабыспайды) ғана секілді. Ал, егер бірлі-жарымы (Олжас, Мұхтар, Нұрсұлтандар) аттан салса, басқалары өзге елдің адамдарындай әлгі атойға мән бермейді.
Алматының астана болуының өзі әуел баста күмән тудырады. Өйткені, кеңес империясы Қазақ астанасына басында солтұстағы Орынборға келіседі, империялық өкімет орныққасын Ақмешітке көшіріп, оны «Қызылорда» атап нықтайды, ал сонан соң Қазақстанның ұланғайыр жераумағын оңтұсқа қарай тықсырғысы келгендей, астананы оңтұс шығыстағы Верный қалашығына бір-ақ аударды. Қыйтұрқылық қайда жатыр! Әрине, тәуелсіздік алған Қазақстан бұл қыйтұрқылыққа көз жұмуы мүмкін емес. Жоғарыда аталған астаналықтардың мінезі бір жағынан кешіріммен қарауға болатындай объективті себептері де бар. Өйткені, Алматы қазақ үшін жұмақпен тең болды. – республикадағы ең ірі, ең әуелі ең, ең... астана! Сол себепті сол жұмаққа жеткен қазақтың көкірегіне нан пісетіні, әрине, бір жағынан мойындарлық жайт. Оның үстіне қызыл империя қазақ ұлтына құлдық, мәңгүрттік мінезді мықтап еккені белгілі.
Жалпы, астана туралы соңғы кезде әңгіме көп. Оның ең басты түйіні әркім әр қаланы ұсынып, астанаға айналдыруды қалайтын сияқты. Шындығын айтсақ, Қазақстандағы үй де, көрнекті қалалардағы бір де бір нәрсе қазаққа астана болатындай ыстық та қасиетті емес, жайлы да жағдайлы емес. Кәзіргі қалалар жайлы мойындайтын ащы шындық – олардың қазақты отарландыра түсудің тетігі, тұқырта түсудің тиегі немесе құлдығының көрінісі болып келгендігінде. Бізше, жаңа Қазақстан астанасы да жаңалай салынып, қазақтың Вашингтонындай әлемдегі әккі қалаға айналғаны дұрыс. Кәзіргі айтылып жүрген бар қалалардың бірін астанаға айналдыру мен жаңадан астана салудың құны бір, тіпті, алғашқы нұсқа қымбатырақ тұруы ғажап емес. Себебі, ескіні жаңғыртудан әруақытта жаңаны жасау әрі оңай, әрі тиімді екені белгілі.
Астана, әрине орталық сары аймаққа ірге тепкені құба құп. Орнын дәлірек айтсақ, астанаға лайықты әрі көпшіліктің ауызында жүрген, тарихтың өзі куә Ұлытау бар екені рас. Шындығына көз жіберсек, Сары арқа Алаштың әмір Темірге дейінгі Тайқазаны – ортақ жайлауы да, Ұлытау асатаналық мекені болғаны, оған соңғы рет Ұлы Темір қыпшақтектіні жыйнап, көктен түскен ғарыштасқа (метеорит) бар рудың таңбасын бастыруы куә. Ұлытау биіктігіне орай емес, өзінің көшегендер үшін мәні зор астаналығына байланысты, ұлы мәселелер бірігіп шешіліп, тарыдай шашыраған Алаштың (ежелгі түркілердің) ауық-ауық ірі істері қаралып, бас қосатын орнына орай аталса керек, әрине. Оның үстіне аңыз бойынша жерді қаптаған топан судан төбесі көрінген жалғыз нүкте Қазығұрт та осы үстірттің қасиетті шыңдарының жалғасы болып есептеледі.
Ал, Сарыарқа сол маңның түсінің немесе шөбінің сарылығына қарай емес, ол ежелден түркілік ұғымдағы ортақ немесе ортаңғы арқа (жер, мекен) деген түсінікке қарай аталуы тағы да ғажап емес. Өйткені, «сары» сөзінің түсті білдіруі беріде қалыптасқан жағдай. Жалпы, ол әуелгі ұғымда алтын түсті дегенді білдіріп, ол о баста «сар» (ортаңғы билік, сар-ай(үй), сар-дар, сар-баз) аталуы мүмкін. Осыдан барып орыстың «царь» сөзі бастау алып жатуы ықтимал. Басқа жағынан алғанда, қазақ даласының шөбі қурап, сарғаймайтын пұшпағы жоққа тән. Сол себепті, Сарыарқадай қасиетті мекенді түсіне орайластырып, қадырын төмендетудің қажеті жоқ.
Ұлытаудағы тағы бір ерекшелік: кәзіргі Қазақстанның нақ ортасы (эпицентрі) екендігі және шөлейт-шөлді белдеу мен суы да нулы белдеу аралығы болып табылады, мал шаруашылығы мен солтұсты қаптай орналасқан егін шаруашылығы қыйылысқан, батыстан шығысқа қарай созылған жолақта орналасқандығы, демографиялық жағынан: Ұлытау маңы негізінен малды мекен болғандықтан, қазақ жұрты тұтаса тұрып жатыр және өзге жұртты солтұстың демографиялық белдеуімен шектелуі көңіл аударарлық жайт.
Ал, енді болашақ астананың қоғамдық-саяси ахуалы мен мәдени ауаны, әрине, өзімізге байланысты. Егер де 300-400 мыңдық тұрғыны болатын астаналық қаланы салушыларды іріктей білсек, астана тұрғындары да солар болып шыға келеді. Ұлттық астана боларлық Алаш қаласы салынар болса, оның сәулеті де ұлттық өрнекке малынған ерекше қала болары сөзсіз. Сөйтіп, ол республикадағы барлық қалалардың сәулеттік сымбатына ықпал етер еді. Ұлытаудан орын тебер Алаш қаласы Қазақстанның геосаяси айналасына кіндік болатыны тағы белгілі, өйткені, ол республика үшін төрт құбылаға түгел бірдей аралықта орналасып, геосаясаттың іске асуына бірден бір септігі тиер еді және мұндай географиялық орын көлік қатынасы мен байланысқа ыңғайлы екені аян.

Алматы
Әрине, көз үйреніп, ойға сіңген, жол тораптанып, бойға біткен қазырғы астана туралы қасаң пікірден жеме жемге келгенде арылу да оңай емес. Дегенмен, ару Алматы бәрінен бұрын сұлулықтың нышанындай өнер мен спорттың, туризм мен саяхаттың және білім беру мен бизнестің қаласына айналса, құба құп болар еді, әрі осы бағытқа лайықты да. Алматы мұндай мәртебені алар болса, оған алғышарт жасалғаны жөн. Ол үшін ірі өндіріс орындарын көшіріп, табиғи айналасын тазартып, сәулетіне ұлттық әр мен сәулетті қоса түсіп, жетістіре түсу қажет. Сонда ғана Алматыға келген қазақтың досы да, дұшпаны да сұқтана түседі. Айтпақшы, Алматыны алақанымен көмкеріп тұрған Тәңіртаудың «Тянь-Шань» атауымен ауысуын қолға алуды үлкен саяси іс деп ұққан жөн.

Түркістан
Йассы қаласының Түркістан аталып, жалпытүркілік астана болуы да Темір әмірдің атымен байланысты. Ол маңды Ақсақ Темір неге таңдады? Оған басты екі себеп бар еді:
- сол кезде Йассының Темір хандығы үшін орталық орын болғандығында;
- Йассының екінші Мекке бола алатындай жағдайы мен түркілерді топтастыру рухының барлығында. Міне, сол себепті де астана аты Йассы болып қайта аталмай, Түркістан болып жаңғырды. Ал, бұл түркілерге жалауша желбіреген атау еді;
- Қ.А.Йассауи мазары екінші (түркілер үшін) қажылық орынға айналуы қажет (ең болмаса рухани);
- түркілік және әлемдік тілдер зерттеу институты, түркілік және әлемдік тарихты зерттеу институты, түркілік өнер мен мәдениет, этнография зерттеу институты ашылуы тиіс;
- сәулеттік келбетін жандандыру үшін жер бетінде қанша түркі жұрты болса, сонша болатын және сәулеттік сыйпаты сол жұрттарға тән микроаудандар салынса құба құп;
- сондай-ақ арап харыпты баспахана құру шаһардың белді келбеті мен мазмұны болар еді.

Байқоңыр (Ленинск)
Ленинск аталып жүрген болашақ Байқоңыр қаласының дүние жүзі бойынша адамзат тарихында ғарыш қақпасын алғаш айқара ашқан қала ретінде-ақ оның тағдырына енжар қарауға қақымыз жоқ. Әрі оның қазырғы мәні де бір мемлекетке жетерлік абырой. Алайда, Байқоңырдың кәзіргі өтпелі тағдыры өте қынжыларлық, дегенмен, Дүние жүзіндегі ірі ғарыш айлағы болып қалатынында күмән жоқ.
Сондықтан да оның мәртебесі техникалық прогресс болып белгіленіп, әлемдік деңгейдегі техника жаңалығының лабораториясы мен Қазақстанның ғарыштық жанарына айналғаны мақұл болар еді. Бұл үшін, сірә, Байқоңырда ғаламшар, ғарыш және жер зерттеу институты құрылғаны жөн болар.

Дегелең (Курчатов)
Түбінде осы қаланың атауы, жұлым-жұлымы шығып, ядролық жарылыс кесірінен жер астына жұтылған Дегелең тауының атауын алса, оңды болар еді. Дегенмен, оның атына емес, затына тоқталайық. Курчатов қаласында дүние жүзіндегі ең ірі әскери полигонды ғылыми қамтыған ғалымдар шоғыры қазырғы кезде сетіней бастаған болар. Әйтсе де, қазаққа төрт бірдей ұлы адам (Құнанбай, Абай, Шәкәрім, Мұхтар) сыйлаған бұл топыраққа дүниеге келген қаланың да тағдыры бекер емес деп ойлаймыз. Сондықтан бұл қаланы ыдыратудан Қазақстан үлкен зиян шегеді. Оған, тіпті, кеңес кезіндегі мәртебеден де жоғары саты белгілеген жөн.
Егер Курчатов кеңес кезеңіндегі ядролық жабық қала болса, енді ол барлық табиғи ғылым саласы және технология қаласы болып мәртебеленуі әлдеқайда пайдалы және ықтимал жайт.
Сонымен, астананы қоса есептегенде, мәртебелі қалалар мемлекеттік бағыныста болатындығы онсыз да аңғарылып тұр. Бұл қалалар өздеріне қажетті жераумағымен ешбір ауданға не кірмеуі, не бағынбауы дұрыс. Сондай-ақ, бұлардың бас жоспар бойынша ғана дамуы қолға алынса, нұр үстіне нұр.

(Жалғасы бар.)

Комментариев нет: