вторник, 11 декабря 2007 г.

Демократиялық үш жүз және азаматтық қоғам

Кез келген қоғамдық формацияның өзіне сай саналық сипаты мен құрылымдары бар. Өкінішке орай, кеңестік империя жерленгенмен, оның қазақы санадағы зардабы әлі де жойылмай отыр, оның өзіндік себебі бар. Оған көз жеткізу үшін тоталитарлық жүйе мен демократиялық жүйеге тереңірек назар аудару қажет болады. Әдетте кеңестік биліктің көрінісі болған тоталитарлық (барлық билік бір қолға шоғырланған) қоғамда бұқара санасы үнемі бақылауда және қамқорлықта болды. Сол себепті де соған сай идеологиялық құрылым қалыптасты да, бұл құрылым ерікті сана үшін бұғаулық сипатта болғаны рас. Жалпы қоғамдық сана енжар және бастамашыл болмайтын, сондықтан да кеңес қоғамында «бастама - жазаланбақ» (инициатива - наказуема) деген мәтел таралған еді. Сөйтіп, алып мемлекеттік машина қоғамға тиесілі адамдардың санасын тұмшалаумен ғана айналысты және ерікті сана жазалаулы екенін қоғамдық моральға айналдырды. Өз еркімен ойлай алмайтын және оған ынтықпайтын сана үшін осыдан артық жүйе де, ештеңе де керек емес еді. Ал, алда-жалда бастамашылдар болса, олар орта ғасырдағы күнәһарлардың кебін киіп жатты.
Мұндай қоғамда адам санасы ерікті субъектіден гөрі мемлекеттің асырауындағы объект болудан әрі аспайтын. Сондықтан да кеңестік адамдар қаптаған асырандыларды (иждивенцы) елестетті. Бұл қоғамдағы қарапайым адам санасында адамды билейтін бір ғана құдірет ол - өкімет, яғни мемлекет болатын. Сондықтан да, ол кездегі «бисмилаһи» деген басты сөзді «үкімет пен партия» тіркестері алмастырған еді. Ал, ол құдыретке қарсы тұру немесе тайталасу күәһарлықпен тең болатын. Сөйтіп, қысқасы, адам мұндай ортада өзін мемлекеттің басыбайлы құлы болуға өз еркімен көндігетін, солай болды да. Алайда, адам санасын бұғаулау арқылы бүкіл ұлттық потенциал да бұғауланатынын, ұлттық гүлденудің мүмкін еместігін, сайып келгенде қоғамда тоқырау деген кері кету жүзеге асып, әлгі құдырет-мемлекеттің күндердің күнінде ту-талақайы шығатынын бұғау-мемлекеттің быламық милы идеологтары болжай да алмады және болжаған күннің өзінде ондай күнәһарлыққа баруға дәттері шыдамай жүре берді.
Енді, қазіргі күні айтыла-айтыла мәні кете бастаған демократиялық қоғамды алсақ, әрине, бұл да Черчиль айтқандай, кейбір жайттарын айтпағанда, оңып тұрған қоғамдық сипат емес, алайда, мұнан басқа адамзат дамуына барынша қолайлы әзірге басқа формация болмай отыр. Бұл қоғам еріктілер үшін ең алдымен іздегенге сұрағандай орта. Ал, еріксіздер мен оң-солын ойластыруға шорқақтар үшін, саналық қапаста қамалғандар үшін аса қатерлі қоғамдық орта. Өйткені, демократиялық қоғам адамнан белсенді де ерікті ойлауды талап етеді, оған көндікпегендер мен енжарлар бұл қоғамдық ортаның төменгі бейшара сатысынан бір шығады. Сол себептен де, тоталитарлық қоғамнан демократиялық қоғамға өту кезеңінде ең әуелі қызыл империя езгісінде болған халық осындай ерікті санаға үйретілу керек еді. Басқаша айтқанда, саналық бұғауды бастан кешкен ұлт үшін екі басты идеология қатар жүргізілуі қажет болатын: оның бірі халықты ырықты экономикалық қатынастарға баулу болса, екіншісі демократиялық қоғамдық қатынастың ұстыны болып табылатын азаматтану (граждановедение) негіздерін игерту еді. Сөйтіп, осындай идеология барысында кешегі санасы құрсалған мәңгүрт халық экономикалық жағынан салық төлеуші екенін, қоғамдық қатынас саласында сайлаушы болып табылатынын және мемлекеттің құлы емес оның субъектісі, яғни азаматы болғанын санасына сіңіріп барып, демократия аталған формацияға өтуі керек болатын. Алайда, кешегі КСРО халқы оны бастан кешпеді де, сол территориядағы оңды-солын өз бетімен таныған жандардан басқасы саяси соқыртеке ойынының құрбаны болып шыға келді: адамдардың көпшілігі ырықты экономиканың ең төменгі сатысы болып табылатын саудагерліктен әлі де шыға алмауда.
Бір қызығы, демократиялық құрылымды қазақы санадағы бар ұғыммен ұштастыру әрі тиімді, әрі сіңірімді. Көшпелі қазақы мемлекет сипатындағы үш жүз құрылымын алайық: қазіргі тарихшылар мұны үшке бөлінген әкімшілік-территориялық құрылым дегенмен, бұлардың біртұтас мемлекет үшін өз алдарына қойылған миссиясы бар құрылымдар болғанын және бұл жүздік құрылым бір-бірін толықтырған қоғамдық секторлар екенін амалсыз мойындататын «ұлы жүзді қауға беріп, малға қой, орта жүзді қалам беріп дауға қой, кіші жүзді найза беріп жауға қой» афоризмі болатын. Мұның қазіргі күнде қоғамдық орта тарапынан үш жүз ретінде қарастыратын мемлекеттік органдардың, кәсіпкерлік орта мен қоғамдық-саяси сектордың өз ара қатынасы ретінде көрініс табуы өмір шындығы.
Ал, қазақы қоғам назарынан таса етіп отырған бұл «үш жүзді» Дүние жүзі әлде қашан мойындап оларды: мемлекеттік, коммерциялық және қоғамдық секторлар деп атап келеді. Егер бұларды сәйкес түрде ұлы, орта, кіші қоғамдық жүздер десек, жүзімізді ешкім де тырнап алуға құқығы болмайды, бұлар шынында да, бірін бірі толықтырып, біртұтас демократиялық қоғамды құрап тұрған секторлар.
Енді, демократия дегенді әбден көкезу ұғымға айналдырғанымызды ескере отырып, бұл қоғамның анықтамасы қазақша айтқанда, әлгі аталған үш жүздің өз ара тең дәрежедегі ықпалдаса отырып тірлік кешуі десек, тағы ешкім бізге кінә артпас деп ойлаймыз. Егер де мемлекеттік органдар «ұлы жүздігін» істеп, өзге секторларды тықсырса, онда ондай қоғамнан тағы да әлгі тоталитарлық ортаның үлгісін аламыз, ал егер мемлекеттік және коммерциялық секторлар өз ара жымдасып кетсе, жемқорлық жайлаған авторитарлық жүйе орнығып шыға келеді. Ең дұрысы, демократиялық қоғам орнату дегеніміз - әлгі үш қоғамдық жүздің өз ара тең дәрежедегі ықпалдасуы.
Қазіргі кезде қоғамдық сектор жетім баланың күйін кешіп отырғанын жасырып керек емес. Бұл «кіші жүзді» құрайтын кәсіподақтардың, саяси және діни ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің қоғамдағы ықпалы мен маңызына қарап, демократияның қай елде қандай мөлшерде екенін қиналмай-ақ ажыратуға болады. Көптеген аймақтарда, жергілікті билік үкіметтік емес ұйымдарды өздерінің қамқорлығына алып, бұрынғы кеңестік асырандылық сипат беріп, олардың маңыздарын түсіргісі келеді. Әрине, мұндай асыранды қоғамдық ұйымдар қоғамдық сананы дамытпақ түгілі кері кетіретіні рас. Дегенмен, Қазақстанның елбасы 2003 жылы бастама көтеріп, Азаматтық форум шақырғалы бері қоғамдық «жүз» өзін ресми түрде таныта бастағандай. Алайда, қоғамдық сектордың ахуалы бәрібір сөзіміздің басында айтқанымыздай, қоғамдық сананың деңгейіне тәуелді, неғұрлым азаматтардың санасы демократиялық сананы меңгерсе, соғұрлым әлгі қоғамдық үш сектордың өз ара ықпалдасуы қызу да тиімді болмақ. Сондықтан бір кездері Н.Назарбаевтың біздің халық демократияға әзір емес дегендей пікірінің жаны бар болатын, бірақ бұл халықтың әзірлігін күтіп отыру керек деген де сөз емес, оның дайындығын өз мойнына мемлекет алуы қажет. Сонда ғана демократиялық үш жүз орнығып дамиды да, елдің жан жақты дамуына мүмкіндік туындайды. Алайда, демократиялық қоғамның идеологиясын мемлекет белгілегенімен, оны жүзеге асыратын «кіші жүз» – қоғамдық сектор. Бұл бәрінен бұрын қалған екі жүзді бақылаушы болып табылады. Неғұрлым қоғамдық ұйымдар демократиялық идеологияны жүргізуді меңгерсе, сол елде соғұрлым демократиялық қауқар зор болмақ. Соңғы кезде қоғамда пікірталас тудырып отырған мемлекет қауіпсіздігін сылтауратып, қоғамдық ұйымдардың заң жағынан позициясын тықсыру елдің шын мәнінде қауіпсіздік сақтауға тиісті органдарының әлеуетіне деген сенімсіздік туғызбақ. Өйткені, қазіргі заң мемлекеттің қауіпсіздігін қамтуға тиісті органдарға қажетті құзырды әлдеқашан беріп қойған. Ендігі мәселе, азаматтардың мемлекетшіл ынтасын қолдана отырып, оның қауіпсіздігін нығайту болуы керек еді. Әзірге Елбасшы қол қойып үлгермеген әлгі заңжоба біздің қоғамымыздағы азаматтық қоғам орнатудағы көлденеңке (шлагбаум) болып тұр.
Өкінішке орай, Қазақстанда қазір демократияның деңгейін саяси партиялардың санымен өлшеу салты орнығып отыр, бұл түбірімен қате, тіпті, қоғамдық ұйымдар, әсіресе, үкіметтік емес ұйымдар дамымай, саяси партиялардың жабағы жүні де көтерілетіні неғайбыл. Қоғамдық ұйымдар қоғамдық сананы орнықтырып дамытатын болса, саяси партиялар тек қана билік үшін таласып, соған ену арқылы өз ықпалдарын жасай алады, ал үкіметтік емес ұйымдар билікке енбестен, қоғамдық сананы түрлендіру арқылы ықпал етеді. Қазіргі кезде елдегі кейбір партиялар үкіметтік емес ұйымдардың ісін атқарып кеткендігі жасырын емес, бұл дегеніміз – олардың қоғамдағы өз міндеттерін шатастырып алғандығын көрсетеді. Демек, демократия саяси партиялардың көптігімен де өлшенбейді, қоғамдық сектордың мемлекеттік және кәсіпкер орталарға бақылау орнатуынан көрініс табады. Мұның барлығы демократия дегеніміз - көкезулердің ісі емес, нақты құрылымы мен сәйкес сана қалыптастырған қоғамдық орта екенін түсінетін уақыт жеткендігін көрсетеді.

Комментариев нет: