понедельник, 10 декабря 2007 г.

Идеология туралы бас қатыру

1. Қазақстанда идеология бар ма, бар болса бізге олардың ең пайдалысы, ең зияндысы қайсысы? Бұл сауалды жауаптандырмас бұрын идеология терминінің басын ашып алған дұрыс. Ожеговтың сөздігі бойынша: идеология - қандай да бір әлеуметтік топты, класты, саяси партияны, қоғамды сипаттайтын көзқарастар, идеялар жүйесі. Демек, идиологияның өзінен бұрын әлгі әлеуметтік топ не партия, қоғам бар ма, болса қандай деген сауалдарға тоқталуға тура келеді. Бұл жағынан алғанда идеология қоғамның даму деңгейіне тәуелді. Яғни, қаншалықты тобымыз, партиямыз, класымыз, қоғамымыз болса, идеологияның түрі де, сипаты да соншалықты болады. Бізде мемлекеттік идеология болғанмен, мемлекетшіл идеология болған емес. Қирау мен жоқшылықтың идеологиясы ауыл тарапынан, мұғалімдер мен медицина саласынан көрініс тапқанмен, ертеректегі жекешелендіру кезеңінде барымыздан айырыламыз деген қорқыныш идеологиясы баспасөз бетінде «нарықтың қыспағы» деген айдармен кең жайылған болатын. Бұл идеология бұқара тарапынан болғаннан кейін оған мемлекет тарапынан лауазымдылардың ауызымен қарсы идеология жүргізілді де, оның басты тіні - «бұл уақытша қыспақ, бәріміз де ұшпаққа жетеміз, ешкім де ештеңесіз қалмайды» деген сарындағы мемлекеттік идеология жүретін-ді. Барлық мемлекеттік кәсіпорындарды жаппай жекелендіру кезеңінде «кәсіпорындар иесіздіктен тұралап жатыр, оларға қожайын керек»- деген сылтау идеологияға айналған-ды. Ондай жекешеленудің нәтижесін шықпаған көз көріп тынды.Кейін дәл осындай сылтау жерге қатысты айтылды: «ойбай, жер иесіз қалды, сондықтан оған ешкім қарамауда, тыңайтқыш сеппейді, тіпті, егін де егілмеуде, жер кепілдікке өтпеуде…». Алайда, мемлекеттік деп отырған идеологияның өзі белгілі бір иеленімпаз (буржуазиялық) кластың идеологиясы екені көзге көрініп те тұр. Қысқасы, мемлекетке кімнің қолы жақын болса, идеология ырғауышын сол қолданатынын осыдан-ақ көруге болар. Қоғамда барынша демократиялық сипат барда мемлекетке жалпыхалықтық ықпал болатындықтан идеология да халықтық сипатта жүргізіліп, қоғамның барлық сылымының (слой) көңіл күйі көрініс берер еді.
Жалпы, идеологияның сипаты насихат пен үгіттен тұрмайды, аталмыш сөздікте көрсетілгендей, бірнеше әрекеттер мен қылықтардан да көрініс табады. Тіпті, кейде, қоғамға бір ғана терминді енгізу арқылы солайымен соған сай идеология қоса жүріп жатады. Айталық, Қазақстанға импортталатын тауарлардың етикет қағазының орыс-ағылшын тілдерінде ғана болуының өзі біздің елдегі сол тілдердің қолдаушы идеологиялық тұтқасының бір көрінісі ғана, ал мұндай мысалдар қаншама десеңізші! Демек, идеология сөз болғанда, соған ие болып отырған қандай ықпалды күштер барлығы қоса сөз болмақ. Сонымен бірге бір мемлекетте бір ғана идеология тек қана диктатуралық, тоталитарлық жүйеде ғана мүмкін.Ал, жалпы, иделогияның ең ірісі де ықпалдысы да мемлекеттік сипатта болуы орынды, қалай мемлекеттік идеология басқа ұсақ идеологиялардың көлеңкесінде қалса, мемлекеттік қауіп мәселесі солай туындай бастайды. Мәселен, Кеңестік ел ыдыраған КСРО компартиясы идеологиясының пышыраған сәтінен бастап, қызыл империяның ыдырауы басталды дей аламыз. Қысқасы, идеология дегеніміз - материалдық процестің рухани көрінісі, қоғамда қандай идеология басым және ықпалды болса, көп ұзамай соған сәйкес қоғамдық материалдану процесі жүреді.
Әдетте, біз мемлекеттік дегенде, оны мемлекетшілдік идеологиясынан арашалап алғанымыз дұрыс болар. Өйткені, мемлекет дегеніміздің өзі құрал екенін ескерсек, ол құралға кім ие болса, сол арқылы өзінің идеологиясын жүргізіп отыратыны анық.
Топтар дегенде Қазақстандағы тілге қарай бөлініп отырған орыстілді және қазақтілді топтарды байқамау мүмкін емес. Орыстілді қауымның идеологиясы ұлыимпериялық үстемдік пен мүмкіндікті (ұлтына қарамастан) пайдалана отырып, қазақтілді топтың бұрынғы «төмен» қауым екенін одан әрі мойындата түсу пиғылына негізделген идеологияны қайткенде сақтап қалу болса, қазақтілді топтың идеологиясы жаңа мемлекетке енді өздерінің қожайын екендігін сездіру пиғылына негізделген жай ғана дабыра екендігі белгілі. Бірақ, кез келген идеологияның экономикалық және механизмдік тетіктерге сүйенетінін ескерсек, бұл тұста кімнің сәйгүлігі топты жарып келе жатқандығы тағы аян. Оның бер жағында қазақстандықтарды әрі тартып, бері жығып жатқан діни жартыкеш идеологиялардың да жетіп артылатыны бар.
Ал, енді саяси партиялар идеологиясына келсек, шын мәніндегі қандай партия болып еді, қандайы бар деген сауал тағы да жауапқа алғышарт болмақ. Мұндайда, еске ұлттық-демократиялық бағытты ұстанған «Азат» қозғалысы түссе, онымен бірге ресми билік құрған түрлі жасанды партиялардың «Қазақстан - көпұлтты ел, тыныштық керек, экономика гүлденсе болды, басқа проблемалар өзінен өзі шешіледі» деген тұжырымды ұстанып біршама уақыт талғажау еткені белгілі. Тіпті, Қазақстанды көпжұртты демей, көпұлтты деу арқылы, оның алуан этносты халқын біртұтас ұлтқа айналдырудан әлдекімдер саналы түрде қашқақтап, әдейі қазақстандықтарды бір-біріне жақындатпай, ылғи да «Сендер әр түрлі ұлтсыңдар, әр түрлі ұлтсыңдар!» деген идеологиямен өз қадірін арттыруды көздегендей ме, қалай деген күдік амалсыз келеді. Өйткені, қазіргі заманда есі дұрыс адамның бір мемлекетте азаматтарының құқығы бірдей біртұтас ұлттың болатыны олардың тегіне қатыссыз екеніне әлдеқашан көзі жеткен жағдай ғой.Бұл жағынан алғанда мемлекеттік идеология мен мемлекетшілдік идеологияның бір-біріне кереғарлығы көрініп қалады. Қазақстандағы идеологияның ең зияндысының өзі де сол - шетелде әлдеқашан қазақстандықтарды ұлтына қарамастан «қазақтар» деп атап та, мойындап та болған жайттың, елдің ішінде әлі күнге мойындалмақ түгелі, одан зәре құты қалмай қашқақтайтын «көпұлтты» сипатқа ие «идеологияға» айналғаны.
Бұдан басқа оппозициялық партиялардың идеологиясын да сөз етуге болады, алайда олардың басты нысанасы ресми билікке қарсы бағытталғандықтан, әдісі де, мазмұны да соған сай болуы заңды. Көбіне көп оппозициялық идеологияның сипаты демократияны дәріптеу секілді болып көрінгенмен, оның ресми билікке өшпенді көзқарас түрінде ғана көрініс тауып жүргені де белгілі. Бұдан идеологияны жүргізе алудың да өз алдына бір мәселе екендігі шығады.
Ең шынайы идеология болғанда, Қазақстан тарихында қандай мемлекеттік идеология жүргізілуі тиіс еді деген жолшыбай мәселеге ат басын бұра кетсек. Бұл жағдай елдің кезең-кезеңге бөлінген даму сатысына сай болғаны дұрыс болар еді:
- ырықты (нарықты) экономика басталғанда азаматтарға өздерін қандай үрдіске дайындалу идеологиясы жасалып, адамдардың құлдық мінезден қожайынға айналу жағдайына дайындық идеологиясы қажет болатын;
- елдің экономикасы жаңа сипатқа ие бола бастағанда мемлекет дамуы үшін әрбір азаматтың салық төлеушілік және сайлаушылық мінездерін қалыптастыратын саяси-экономикалық идеология қажет еді;
- ең соңында қазақстандықтарды біртұтас елдің бірыңғай құқықты азаматтары болуға итермелейтін және титулды ұлт ретінде қазақтардың мойынына үлкен жауапкершілік жүктейтін бірыңғай ұлттық идеология жүргізу қажеттігі болатын.
Өкінішке орай қазір «Қазақстан» атты елден гөрі солай аталатын территория ғана нақтырақ фактіге айналып отыр. Сол себепті, қазақстандықтар мемлекеттік патриотизмге зәру, ал қазақтар ұлттық рухқа мұқтаж, мұның барлығы жоғарыда жүргізілген қойыртпақ, «сен тимесең мен тимен, бадырақ көз» тұжырымына негізделген идеологияның нәтижесі еді. Шын мәнінде қазір пайда болған «жаңа қазақтар» ұғымының тұтқыштары (носителі) Қазақстанның қалыптасу және даму тарихы бойынша байыған қазақтар емес, өздерін бір ұлттың бөлінбейтін бөлшегі сезінген, былай шыққанда, «Сен қазақсың!» дегенге арланбайтын кез келген қазақстандық жұрттың өкілі, мәселен Герольд Белгер, Асылы Османова сияқтылар.
Идеологияның ең тәуірі әділетке құрылған нақты әрекет. Мәселен, соғыстан қираған Германияда тасталған жеке бағалы тастар мен металдарды мемлекеттің аяққа тұруына уақытша ортаға салуын өтінген үндеуді халық мемлекетке сенімі болғандықтан және оның әркімге нақты қандай пайдасы болатындығы ашық жария етілгендіктен жаппай қолдауға айналды, ал Қазақстандағы Алматы облысы бойынша Заманбек Нұрқаділов үндеуінің шыбын шаққан құрлы болмауы шын мәнінде халықтың мемлекетке деген сенімінің жоқтығынан деп қабылдап, соған сай іле-шала әрекеттер қолға алынуы керек еді. Өкінішке орай халық пен мемлекеттің бір-біріне сенімсіздігі қазірде адамдардың бойына сіңгендігі сондай, мемлекет тарапынан қандай уәде етілсе де, жалпы халықтың бүлк етпеуі дағдыға айналып, тіпті, мемлекеттің қандай идеологиясы да қарапайым халықты алдауға негізделген әрекеттей қабылданатын күйге ұшырады.
Қазақстандағы жақсы идеологиялық үрдіске мысал келтіру қиындау. Өйткені, шынайы идеология әділет пен нақты болмысқа негізделеді, ал біздің елдің жағдайында әзірге халық әділетсіз байығандарға кіріптар және идеология солардың көзқарасына тұжырымдалған. Бұл дегеніміз - мемлекеттік идеологияның мемлекетшіл еместігі, мемлекеттік басты қауіп те осында жатқандығында. Әсіресе, пайдасыз идеология - қазақтілділер үшін олардың қоғамдағы бейшара да ықпалсыз топ қана екендігінде, ал орыстілділер үшін олардың айбынды да, қауқарлы, ықпалды топ болып қалатындығын баса айқындай түсетін және алғашқысының сан жағынан бірте-бірте мүжіле беретіндігіне аңдаусыз да байқаусыз дөрекі идеологияның жүріп жатқандығында, сөйтіп, қазақтардың егемен болғандағы асқақ арманы көзден бұлбұл ұшқандай тұйыққа тірелуінде. Қысқасы, қоғамда алуан идеология болатыны сөзсіз, алайда, олардың барлығының «крышасы» мемлекеттік салиқалы да сырбаз идеология болуы міндетті.
2. Мемлекеттік идеология мен ұлттық идеологияның айырмашылығы неде? Егер біз мемлекетті елдегі барлық адамдардың ортақ шаңырағы екендігін мойындасақ, онда ол елде әрине, біртұтас мемлекеттік (мемлекетшіл) идеология азаматтар мен мемлекеттің шынайы ара қатынасына негізделген, нысанасы барынша отаншылдықты көздейтін саланы қамтиды және мемлекеттік идеология өз азаматтарын алдаусыратуға емес, әділетті әрекеттер мен пәк сезімдерді паш етуге бағытталады. Ал, ұлттық идеология ретінде қазір көбіне қазақтілділердің ұғып жүргені бойынша титулдық этносқа арналған және соның менталитетіне негізделген идеология болар. Мемлекеттік идеология мен ұлттық идеологияның айырмасы жер мен көктей. Мемлекеттік идеологияның тұтқышы (носителі) мемлекеттік тұтқаға ие кластар, ал ұлттық идеологияның тұтқышы сол ұлтты өркендетуге құштар күштер. Ендеше ұлттық идеология болуы үшін ең әуелі сол ұлтты ұшпаққа шығаруға ұмтылатын әлеуметтік-саяси күш болуға тиіс, ондай күш болмаған күннен бастап, идеологиясы құрыған ұлт та өз тірлігіне нүкте қояды. Осыған сәйкес қазақы қоғамның басында қазір аталмыш ұлттық күш ретінде ұлттық интеллигенция бар ма, Совет заманында оның қауқары қаншалықты болды деген сауалдарға жауап іздеу басталып кетті. Шын мәнінде, совет заманында ұлттық интеллигенцияның болғаны рас, бірақ оның қауқары сол «советтік» болып бітуге ғана жетті, жаңа егемендік заманда жаңаша рухта шыңдалған ұлттық интеллигенция қалыптасып болмағандығын және әлгі советтік интеллигенция өзінің сол сипатын жаңа жағдайға өзгерте алмағандығын мойындайтын кез келді. Сол себепті де, кеңестік үлде мен бүлдеге оранған интеллигенцияның ұлт үшін жан алып, жан беруі неғайбыл және ол үшін оны кінәлау да артық, өйткені, ол интеллигенцияның күні өтті, ол өзінің өмірден алар соңғы үлде-бүлдесі үшін жанталасуда. Ал, қазақ ұлты үшін қазір барынша жемісті де айбынды интеллигенциялық лек 25-50 жас арасындағы зиялы қауымнан шығуы керектігі және бұлардың аяқ алысы мен әрекеті алдыңғы құлданған ұрпақтан айырықша болуға тиіс екендігіне назар аударатын уақыт жетті. Сондықтан да алдыңғы интеллигенцияның жаңа заманға өлмей шығатын өнегесі ғана жаңа интеллигенцияға үлгі болып, жанына қуат бітіретіні анық. Сол себепті де кеңестік Қазақстандағы жүздеген ақын-жазушының бүгін де тырнаққа ілігетіні соншалықты аз, өйткені олардың барлығы дерлік кеңестік идеологияның тұтқышы болатын. Тек қана ұлттық идеология мен рухтың тұтқышы болуға жараған Есенберлин, Мұқағали, Шәкен, Шәмшілер ғана сондықтан бүгінде мәңгірген халықты өз мұрасының иіріміне қайта-қайта айналдырып соға береді.
Әрине, кейбіреулердің айтуы бойынша, мемлекеттік идеологияны ұлттық идеологиямен алмастыруға болады. Бірақ, оған әлгі ұлттың қауқары қаншалықты, ол соншалықты іске асырымды жайт. Егер де өзінің барлық потенциалы сол идеологияны жүргізуге жететін болса, мәселен украиндардай неге жүргізбеске, ал ондай өре болмаса, қанша әуре болсақ та, Черномырдынше айтқанда «әр уақыттағыдай» болмақ. Мәселен, 90-жылдары жазылған Солженицынның көшпенділерге қатысты айтқан идеологиялық соққысына соған сай дәрежеде жауап болды ма? Жоқ! Бар болғаны әр жерден эмоциялық дауыс шықты, ал концептуальды да интеллектуальдық деңгейдегі тойтарыс әлі күнге жоқ. Сол секілді беріде айтылған Своиктың идеологиялық «ударына» қандай жауап бере алдық, бар болғаны сезімнің сіңбірігіне малынған оны сыбау ғана. Бұдан біз идеологияның ойға не келсе, соны сандалау еместігін ұғынуымыз қажет. Ұлттық идеология жүргізу үшін ұлттық қоғамның нәтижесі ретіндегі сана қалыптасу керек. Ұлттық сана дегеніміз - мемлекетті басқаруға қатысуға дәрменді азаматтардың бірыңғайланған санасы. Ал, қазақтың бар өскені, Кеңес заманында кәсіпорын емес, совхоз ғана басқарғанын еске алайық, бұл жағынан біз өзбектерден көш кейін болдық, өйткені, өзбектер өз кәсіпорнын басқаратын мүмкіндікке ие болып, сананы да соған сай көтерген. Алайда, Совет заманында қазақы ұлттық идеология болды. Ол - Бауыржанның тұлғасы, Олжастың «Аз и я-сы», Шахановтың поэзиясы секілді айбындарға негізделіп, халыққа рух беретін.
Қазіргі кезде көзі тірі айбындарды қолпаштаудан сескену үрдісі бар, сондықтан да сүйегі қураған тарихи айбындарға иек арта береміз. Бірақ, әр заманның өз ұрпағына рухани қуат болатындай сол заманның айбыны ұлттық идеологияға негіз болғаны жөн ғой, бұл жағынан қазақ халқы да өлі ғұмыр кешіп жатпағанын сезінбейінше, өзін қаншалықты ұлт сезіне алмақ? Бұл жағынан алғанда, өткен тарихтағы мыңдаған батырлардың тұлғасынан гөрі қазіргі жастарға бір ғана Тоқтар Әубәкіровтың өзі орасан рухани қуат болар еді. Бірақ, біз Тоқөтар сияқтыларды қаншалықты дәріптей алып отырмыз?!
Жоғарыда аталған екі идеологияның екі бөлек болғаны жөн бе деген сауал біршама күрделі жауапты қамтиды. Әрине, төрт құбыласы түгелденген мемлекеті бар ұлт үшін оның мемлекеттік идеологиясы да, ұлттық идеологиясы да бірыңғай болуы мүмкін. Бұған АҚШ идеологиясын алуға болар.Алайда, ол бәрі бір мемлекеттік қабілет-қауқарға тәуелді жағдай. Дегенмен, ұлттық идеология қай кезде де ұлттық сипаты бар фактор болып қала бермек. Қанша қауқарың бар - сонша идеологияң жетік. Құрғақ насихаттан туатын нәрсе жоқтың қасы.Ал, Қазақстан жағдайында, қазақтар мемлекет игеретін сананы меңгеріп болмағандықтан, оны меңгерісіп отырған басқа жұрттардың есебінен әлі де бірыңғай ұлт қалыптасып болмағандықтан, мемлекеттік идеология бірнеше салалық және әлеуметтік топқа арналуы қажет, себебі, ұлттық ахуалдың күрделі жағдайына орай идеологияның да тұрпаты күрделі болмақ. Қазақстан жағдайында идеология басты үш топқа арналғаны абзал: қазақтілділер үшін, орыстілділер үшін, азсанды жұрттар үшін. Бұлардың барлығына жасалатын идеологияның басты нысанасы бірыңғай Қазақстан ұлтын қалыптастыру болуы керек. Себебі, бірегей ұлт (бұл ұғыммен этнос терминін шатастырмаған дұрыс) қалыптаспайынша, бірыңғай мемлекеттің қалыптасып дамуы екіталай. Жалпы, Қазақстан жағдайында күрделі саты бірегей ұлттың қалыптасуы болмақ, оның екі жолы бар: біріншісі - қазақ ұлтының аясында бәсекелесіп отырған өзге жұрттардың ұлттық мемлекет екенін мойындауы; екіншісі елдегі барлық жұрттардың бірегейленіп, америкаланған ұлттың пайда болуы. Бұл процестер ешбір идеологиямен емес, нақты ықпалмен ғана, қай-қайсысы да кім шын мәнінде әлеуетті соған орай қалыптасатын жолдар. Әзірге жағдай бейқазақы жағына қарай ойысыңқы. Ұлттың ықпалдылығы сөз болғанда демографиялық басымдықтан гөрі есепке экономикалық басымдық алынады. Бұл жағынан қазақтар мақтана алмайтынын ескерген жөн. Бұл жерде мәселе - қазақтардың қалтасындағы ақшасында емес, олардың түптің түбінде күрделі экономикалық қатынастардың тұтқышы бола алу-алмауында және экономикалық тұтқыш болған қазақтың қазақы менталитеттің тұтқышы болып қала алуында.Ұлттық идеология да екі менталитетке арналып, олардың бірыңғайлануына бағытталғаны жөн: қазақтілді қазақтар үшін және орыстілді қазақтар үшін. Әрбір әлеуметтік топтың өз мүддесі ескеріле отырып жүргізілмейтін идеология діттеген жеріне ешқашан да жетпейді. Бұл жағынан алғанда әзірге Қазақстанда президенттің ауызынан басқа идеологиялық механизм болмай отыр.
Бірақ, идеологияның қай түріне де өзек болатын бір нәрсе болуы керек, өйтпейінше әлгі идеологиялар бір-біріне қайшылыққа түсіп, қоғамда кереғар құбылыстар туғызбақ. Қазақстан жағдайында әділетке негізделген, демократияға бағытталған Қазақстанның азаматын қалыптастыру діттелген және қазақ ұлтының мемлекеттік жауапкершілігін ұштайтын идеология жүргізілуі керек. Шын мәнінде ұлттық идеологияны демократиясыз елестету қиын, өйткені, ұлтты шындайтын бірден бір тетік ол - демократия. Диктатура жағдайындағы идеология ұлтты идеологиялық жағынан қамсыздандырып, мүлгіткені болмаса, ол тек қана диктатураның гөй-гөйін соғатыны белгілі. Демек, демократия қазақ ұлтының пісіп жетілуін күтуі керек емес, басқа жағынан алсақ, қандай демократиялық дүрбелең де ұлт дамуын алға қарай еріксіз жетелей алмайды, демократия мен ұлттың пісіп-жетілуі бірге жүретіндей процесс керек.
Оппозициялық күштердің денін орыстілділер (орыстар деп біржақты қабылдамаған дұрыс) құраған кезде қазақтілділерді демократия жолындағы жолбайлаудай көріп, оларды менсінбегені рас. Қазіргі кезде қазақтілділердің мемлекеттік тұтқаға барар жолдағы белгілі бір сандық көрсеткіші барын ресми билік те, оппозициялық күштер де мойындай бастады. Сол себепті, Қажыгелдиннің партиясын өңкей қазақтілді Атырау облысы тегеурінді түрде қолдағанын жасыру мүмкін емес. Осыдан барып, мемлекеттік саясатта ауыл тақырыбы пайда болғаны рас. Демек, қоғамда қағыс қалатындай идеологиялық саңылау болуы мүмкін емес және қандай топ болса, соған лайық идеология жасақталып отыруы қазіргі заманның бір көрінісі болып отыр.
3. Қазақстан ұлттық мемлекет құру жолында қандай бағыт ұстанғаны жөн? Қазақстан ұлттық мемлекет құру жолында ұлттың өресін өсіретін бағыт ұстанғанда ғана соған сай идеология өзінен өзі шығады. Идеологияға шындық арқау болғанда ғана ол нағыз идеологиялық сипатқа ие болып, ұлттың әжетіне жарап, өзі түгел өзгені де еріксіз мойындатады.
Ал, қазіргідей «бесік жыры» деңгейіндегі идеология қазақ ұлтын тағы бір ғасырға кейін серпитіні сөзсіз. Себебі, қай жағдайды да дамытатын тек қана процес, ал, демократияның азаматтық сана мен экономиканың даму процесі екенін ескерсек, бізге басқа жол жоқ, тіпті, әлемде басқа жолдың қуырылғаны қашан. Қазір өз жолыңды қорғаштаудан гөрі жарысқа түсіп, қана өз жолың бар екенін басқаға көрсете аласың, басқа жағдайда бөгденің шаңын қауып, өзгенің жолына адасып түсу ғана қалады. Ұлттық даму жолына мемлекеттік әрбір даму сатысы қазақ жұртының дәрменімен санаса жүргізілгенде ғана мұратқа жетерміз. Ал, соңғы кезде пайда болған «қазақстандық ұлт» турасындағы дүмбілез идеологияның шығуы ұлт қауқарын менсінбегендер мен мемленкеттік идеологияға талғаджау боларлық ештеңе таппағандардың әрекетінен шыққан жайт. Бұл жөніндегі әңгіменің арқауы басқаша толғауды қажет етеді.

Комментариев нет: