пятница, 29 мая 2009 г.

Ел боламыз десек, БАҚты түзеу керек

Журналист Серік Ерғалимен сұхбат

Сұрақ: Сіздің мамандығыңыз журналистік саладан жырақ, табиғи ғылым саласы. Математиксіз. Қалай журналист болдыңыз?
Жауап: Ол рас, қызыл дипломды математикпін. Сол үшін ұстаздарымның еңбегін еш кетіргендей, ыңғайсыз да сезінемін. Математикаға бейім болғанмен, адамның жаны құмар іс болады екен. Жас кезден жазуға құмарланып өстік, ақыры журналистиканың барлық саласы мен жанрын меңгердім десем, мақтану үшін емес, білімнің бәрі адамға мамандық бола бермейтінін айтқаным. Бірақ мен өзімнің журналистік қабілетімді математикалық логикасыз елестете алмаймын, мені журналист еткен – Математика! Өйткені, журналист дегеніміз - Өмірге қияли қарау емес, оны шынайы бағалау, ал ол – нақты ойлаудың жемісі. Сөйтіп, теле-радио мен басылым саласындағы өмірлік мектептен өттік. Ал, жанр бойынша сараптама, репортаж, ток-шоу дейсің бе, оң жамбасқа келгенін қаузап келеміз. Бірақ, біздің мамандықты бағалайтын бірден бір субъект – оқырман, көрермен және тыңдарман ғой.
Сұрақ: Жалпы, қазақ журналистикасының тарихы қаншалықты терең деп ойлайсыз?
Серік Ерғали: Журналистиканы ақпарат өндіру мен таратуға қатысты алсақ, қазақ журналистикасы ежелгі түркілік тарихи ескерткіштермен астасып жатыр. Ондаған ғасыр бұрын тасқа жазылған Орхон жазбаларында сол кезге тән ақпарат мол, таскітап заманға қажетті маңызды да терең ақпаратты беріп кеткен. Бұ жағынан ақпарат тарату түркілерде тек қана кеңістік бойынша емес, уақыт бойынша да жүзеге асып отыр. Біздің журналистика «тасгазеттерден» басталса, оның бергі жағында ақын-жыраулардың туындысы жалғастырды, оларды бірыңғай әдебиет деуге болмайды, оларға журналистикалық жанды сипат тән. Сондықтан да көшегендердің жыры поэзиядан гөрі поэтикалық журналистика болып табылады. Қазақ журналистикасының көкесі – айтыс! Біржан-Сара айтысы - тұнып тұрған қоғамдық үрдісті талдау! Сол кезгі қоғамның қандай екенін ешбір көсемсөз ол кезде дәл ондай қылып ашқан емес.
Кез келген айтыс үдерісінде туылған туынды әдеби өнім емес, ең әуелі – журналистік сипатқа толы ақпарат пен көзқарас тартысы, қоғамдық пікір шарпысы, поэтикалық дебат. Ал, поэтика айтыс үшін бар болғаны сайман рөлін атқарып жүр. Алайда, біз айтысты әдебиет ретінде біржақты бағалау арқылы оны тоқыратып отырмыз. Айтыскерді ақын дейміз, кешіріңіз, Мұқаметжан Мұқағали бола алмайды, айтыс үстінде. Мұқағалидан айтыскер шықпас еді, өйткені, ол журналист емес, «барды бар, жоқты жоқ» дейтіндей, ол – Ақын! Бұл айтыскерді де, ақынды да кемсіту емес, біз ненің не екенін ажыратпасақ, бүлдіріп тынамыз. Журналистикаға ситуацияны нақты да шынайы бағалау тән болса, әдебиетке ситуацияны бағалау емес, оны туындыға талғажау ету тән. Айтыс ақынының өлеңі айтыс үстінде ғана қызық, оны поэзия туындысы ретінде оқу ләззат бермейді, ал поэзия керісінше туылу үстінде емес, туылған соң тұтынысқа түседі. Ендеше, айтыстың өне бойында о бастан ток-шоулық жанр жасырулы жатыр. Қазақтың әңгімешілдігін алсақ, ол да ауызекі журналистика. Демек, журналистика қазақта о бастан бар.
Сұрақ: Сіз қазақ журналистикасының қазіргі ахуалын көбірек сынайтындардың бірісіз. Сыныңыз қаншалықты ақтаулы? Әлде бұл өзіңізді өзге «ауылдан» сезінгеннен туылатын көзқарас па?
Серік Ерғали: Екеуі де болуы мүмкін. Бірақ мен кәзір өзімді журналистикасыз елестете алмаймын, оның бұлағына түкіретіндей халда емеспін. Журналистиканы бүкіл ұлтқа теңегеннен гөрі «Қазақы журналистика» атап, оған журналистерге жүкті көбірек түсірген дұрыс. Біздің журналистиканы мен секілділердің сынауы, шын мәнінде сын да, мін де емес, көзге көрініп тұрған нәрсені журналистік түрде шынайы бағалау.
Қазақы журналистика ойдағыдай деңгейде болса, елдегі қазақтілді кеңістікке ие болған болар еді. Өкінішке қарай, оны кәзір орыстілді БАҚтар қылғыту үстінде. Ал, одан әрі ағылшынтілді, қытайтілді, түріктілді т.т. алуан тілді ақпарат құралдары қылдай бөліп алу қатері төніп келеді. Қалалаларда қазақ газеттері орыстілді басылымдардың астында көмулі қалып жатыр. Бұл – масқара, сорлылық! Оның үстіне, ай сайын бір басылым орыс тілінде балалауда. Басты себеп: ақпарат кеңісімізге қожа бола алмаудан туып отыр, дәлірегі, қазақы журналистиканың қауқарсыздығынан.
Сұрақ: Нақтырақ айтқанда, ол қандай қауқарсыздық?
Серік Ерғали: Біздің журналистика ақпарат өндірісінен кенже қалып отыр. Жалпы, өнім өндірудің орнына, біреудің қаңсығын көшірумен шектелу әбден орнығып отыр. Барымызды уақыт талабына сай өңдей алмай отырмыз, жанрға сәйкестей алмаудамыз. Мен жұмыс орныма көрнекті Дулат пен Смағұл жазушыларымыздың мынадай нақылдарын жайғастырып қойдым: «Теледидар қандай болса – халық та сондай», «Ел болғың келсе, екраныңды түзе». Телеекранға қарасақ, қауқарсыздық менмұндалап тұр. Бойына ұлттық нәрді айтпағанда, қарапайым азаматтық мәдениет дарып үлгермеген сарыауыздар «қораздың» рөлін атқаратын болды. Одан не ақпарат, не өнеге, не жаңалық алып қарық қылмайсың. Немене, енді екранға отырғызатын адам қалмады ма, елде? Бар! Кәсіпқой қалыстасқан бір толқынды келесі біреулер қуумен келеді, ақырында ұлт зардап шегіп отыр.
Мәселе - біздің қоғамның қабілет пен қасиетке деген талабы мен сұранысының құлдырағанында. Әлгі шикілер өздерін екранға шыққанына мәз болып бір жыл жүрсе, ауылдастарымен тікелей эфирге шығып, олар піссін деп біз отырсақ, қашан ұлт болып ұйысамыз?! Талантты тарқапасқа тастап, тасырға жол ашқандағы жеткіміз келген мұратымыз осы ма?! Сосын тіл біледі екен деп, қазақты да, қазақ еместі де екранға қарапайым журналистикалық талапты меңгермегендерді қонжиту қандай сарабдал саясат!? Телеекран біреулрге кәсіп үйрететін орын емес, оған кәсіпті меңгергендерді тарту керек. Халтураның басына су қоятын уақыт жетті. Телеекран ойыншық па? Бұл – мәдени саланы мәдениетсіздіктің жайлап кеткендігінен, телеекранның қадыры мен кәсібін меңгермегендер басқаруынан. Сондықтан да, қазақ телеекраны ойыншыққа айналуда. Әсіресе, кеңестік көзқарас пен дағдыға малынғандардың кәзіргі радио-теле өнерді меңгеруі кісі күлерлік жағдай. Біз неге кешеге құмармыз?! Мәселен, Позднер мен Якубовскилеріміз болса, қарсылық жоқ. Рас, кешенің үлгісі мен дағдысын алуға болады, бірақ кешемен өмір сүру нағыз бейшаралық қой! Бізге жеке бастың тоқыраған беделі емес, телевизияның ортақ ұлттық абыройы керек! Әйтпесе, халықты өгей телеекранға телміртіп, өзімізден жирендіріп тынамыз.
Кәзіргі журналистиканың қоғамда сан алуан міндеті мен орны бар. Егер соларды елдің төл журналистикасы атқара алмаса, оны өгей журналистика қолға алады. Бұл «Өз елінің әскерін қамдамаған ел, өзгенің әскеріне жем болады» деген тұжырымнан туады. Кәзір асырып айтқанда, Қазақстанның ақпарат кеңісін қазақтілді басылымның қамтуы он пайыз. Ал, осыдан екі жыл бұрынғы мәжіліскер Мұхтар Шахановтың депутаттық сауалындағы мәлімет бойынша бұл көрсеткіш бес–ақ пайыз! Оған тиісті министрлік жұмған ауызын ашпағанына қарағанда, оның удай шындық болғаны. Осындай мәліметті жуырда жазушы-депутат Алдан Смайыл мырза да өз сауалына арқау етті. Бұл - егемен ел үшін ақпараттық апат! Мұндайға дені дұрыс ел шыдамас еді. Өйткені, бүгінгі заманның қорегі – ақпарат! Оған кім ие болса, елге - сол қожа!
Журналистикада қандай міндеттер мен мүмкіндіктер бар? Қоғамды насихатпен емес, ақпаратпен қамту, қоғам дертін дендеп тергеу, мәселені ашу, тіпті, оның шешілу жолдарын да көрсету, билік пен қоғамдағы алуан топтарға ықпал ету, қоғамдық пікір қалыптастыру т.т. тіпті, ұлтты ұйыту да, іріту де журналистиканың қолында. Оның «төртінші билік» аталуы да сондықтан.
Ал, бізде қандай ахуал қалыптасып отыр? Бізде (санаулы газет пен көрсетім, тыңдатымды айтпағанда) қазақы БАҚ БНҚ-ға (бұқаралық насихат құралы) айналып кеткен. Таптаурын тақырыпты талғажау ету, ауылдастан басқаны екранға әкеле алмау, әйгілілердің зықысын шығарып қайта-қайта жарнамалау, тақырыпты аша алмау, жаңа тұлғалардың бетін ашу біздің журналистика үшін асуға айналып барады. Әлгі БНҚ біз атаған міндеттерді емес, басқа міндеттерді атқаруға бейім екені сөзсіз. Ондай құралдың ақпарат таратумен емес, құлдардың құлағына «кеспе ілумен» ғана айналысатыны белгілі.
Сұрақ: Бұл күйімізге кім кінәлі?
Серік Ерғали: Бәріміз. Мемлекет те, журналистер де, оның тұтынушылары да. Мемлекет өзінің ақпараттық кеңістігін әркімге талатып қарап отыр, бұның артында мемлекеттік қауіпсіздік деген басы қауғадай үлкен мәселенің құлағы қылтиып тұр. Журналистер құлдық мінезден арыла алмай қалуда, сөйтіп, әлгі БНҚ-ны «гүлдетіп» отыр. Соның кесірінен бүкіл қазақтілді орта зардап шегіп, өз мәселесі мен үнін қоғамға өткізе алмауда. Қазақтілді орта керең, мылқаудың күйін кешіп отыр. Ал, оқырмандарымыз, көрермендеріміз бен тыңдармандарымыздың дені қазақы журналистиканы тұтынбастан, орыстілді «аулаға» тайып тұрды. Мұның басқа нәтижесін айтпағанда, қазақ тілінің айналымы мен ортасының тарылуына әкеліп соғуда. Ал, қазақ журналистикасы мұсалдаттың күйін кешуде. Көрдіңіз бе, журналистиканың қандай құдырет екенін және оны біз қандай мүшкіл халға жеткізгенімізді!? БАҚ деген батыс елдері үшін 4-билік болса, шығыс елдері үшін - ҰСТАЗ! Сондықтан ел болғымыз келсе, БАҚты түзеу керек!
Сұрақ: Сіз арнайы мамандық алмасаңыз да, журналистиканың ортасынан ойып орын алып жүрсіз. Жалпы, журналистерді жоғары оқу орындарында әзірлеудің қисыны бар ма?
Серік Ерғали: Қисыны шамалы. Әрине, журналистиканың стратегиялық сипаты мен теориясын, меңгеруін, күрделі техникасын қамтитын мамандар болмаса, журналистерді жылдап оқытып керегі жоқ. Менің құрақшы-инженерім өздігінен үйренген Әскербек деген филолог жігіт. Ал, видеоны құрақтау жеңіл шаруа емес. Әр саланың мамандарынан үш айлық, алты айлық әрі кеткенде тоғыз айлық курстардан өткізу арқылы түрлі жанр бойынша берілген сертификат кәзіргі дипломдардан әлдеқайда артық. Ал, ондай курстар үшін оқу орнын ашып керек емес, кез келген оқу-ағарту мекемесі, БАҚ-дың өздері де арнайы техникалық жарақтану арқылы зерделі мамандарды тартумен әлгі курстарды ұйымдастыруға мүмкіндігі бар. Болашақ журналистерді белгілі бір БАҚтың қолдау хаты арқылы курсқа қабылдауға болады, әрине, ол тегін болады деу дұрыс болмас. Алайда, сертификат кемінде үзіліссіз үш жыл бойы қолданысқа түспесе, күшін жоюға жатқызылу арқылы, оған ие болғандарды журналистика саласында жұмыс істеуге мәжбүрлеуге болады. Сонда ешкім керексіз «қатырма» жинаумен айналыспайды. Сонда басты салмақ болашақ журналистің қалтасына түседі де, шала-жансар маман болудан жұрт қашатын болады, оның үстіне журналистиканың нақты саласын ғана меңгеру тереңдетіледі. Оның есесіне төрт-бес жыл мен қыруар қаржысын босқа кетіріп, қазақ жанұясы «банкротқа» ұшырамайды. Ал, ЖОМды (жоғарғы оқу мекемелерінде) журналистика саласы бойынша «ауа сатудан» құтқарамыз. Керісінше, нағыз ұстаздар өз біліктерін маман журналист даярлаудың тиімді жолына жұмсайды, табысы да қомақты болады. Ұстаз бен шәкірт деген ұлы ұғымды қалпына келтіреміз. Өз басым жас сарапшыны кәзір тегін әзірлеуге даярмын, бірақ оған орта әзір емес, сұраныс жоқ. Қазақтілді сарапшылардың қадыры жоқ. Тіпті, біздің журналистикада мамандану дағдысы жоқ, сарапшы мен шолушыны шатастырады, продюсураны меңгеру атымен жоқ.
Менімше, аталмыш мәселені әуелі Журналистер одағының қолға алғаны жөн болар еді. Тіпті, әлгі курстарды соның бақылауымен өткізген мақұл, ал грантты қазақтілді журналистер даярлауға Мәдениет және ақпарат министрлігі конкурспен таратсын. Бұл мәселені түбегейлі шешу жолы емес, бірақ кәзіргі батпақтан осылай шықпаса, жағдай мүшкіл. Масқара болғанда, сөйлем құрай алмайтындар диплом алып шығып, жұмыссыз қалуда.
Сұрақ: Қазақы журналистиканың басты мәселесі қаржыға тіреліп тұр емес пе?
Серік Ерғали: Қаржы мәселесі – қазақы журналистиканың басты дерті. Оған біздің БАҚтар бас қатырмай былайша шешіп алған. Басылымдар жазылу мен министрліктің грантына жүгінеді болмаса құрылтайшысы бар, яғни газет табыс таппайды (бірен-сараны болмаса), тауарға емес мұсалдатқа айналған. Орыстілді БАҚтың бюджеті 90-95 пайызға жарнамадан құралса, қазақы басылымдардың (кейбір танымал газеттерді айтпағанда) қаржы көзі әкімдер мен мемлекеттік тапсырыстың мойнында. Осыдан барып, қазақтілді БАҚтар кімдікі екендігі шығады. Бұған Ресейлік теларналардың ешбір ұялмай-ақ сыналап кіріп жатқанын қосыңыз. Олар жарнамаақыны Ресейден емес, қазақ тұтынушыдан алып отыр! Ал, электрондық БАҚтардағы қазақтілді редакциялар орыстілді жарнама мен редакцияның қалқасында әупірімдеп жүріп жатыр. Ірі мемлекеттік арналар мен толқындарды айтпағанда. Ал, шын мәнінде, БАҚ үшін базаргөй экономика тұсындағы басты табыс - жарнамадан. Біздің елде жарнама қазақтілді тұтынушыны айналып өтеді, оның мүддесін пысқырмайды, заңдама солай жасалған. Бірақ жарнама берушілерді тәубесіне келтіретін мүмкіндіктер жеткілікті. Ол үшін редакторлар мен менеджерлердің қайраткерлігі мен бірлігі керек. Бәрінен бұрын қазақтілді журналистиканың мүддесін жеке қорғайтын қоғамдық ұйым қажет.
Сұрақ: Журналистер одағы бар емес пе?
Серік Ерғали: Бар, бірақ оған қазақтілді журналистиканың тағдыры қарайтындай тақырып та, мәселе де болмай отыр. Оның алдында бұны мәселе етіп қойып жүрген біздің БАҚтарымыз да жоқ. Мұның барлығы қазақтілді журналистикада қауқарлы элитаның жоқтығынан. Мысалы, орыстілді редакторлар бірігіп, кеңес құрып еді, билік шошып кетті. Әлгілер, тіпті, Ресейді арқа тұтатын сыңайы бар. Бұл - көзсіз басыну. Бірақ соған біз шыдап отырмыз, дәлірегі бұғып отырмыз. Бұғу мен шыдаудың айырмасы жер мен көктей ғой. Ал бізге құлдықтан құтылған журналистердің жаңа буынын өсіретін, әлеуметтік жағынан, өнериеттік және құқықтық сала бойынша қорғайтын қоғамдық ұйым керек. Біздің ахуалымызды бір қараға жеткізетін тетіктің бірі осы. Оған жанқиярлығы мен харизмасы жеткілікті баскер (лидер) қажет. Бізде харизмалық тұлғалар жеткілікті болғанымен, ұйымдастырғыш адам аз.
Сұрақ: Кәзіргі қазақы журналистиканың бойында қандай кемшіндік бар?
Серік Ерғали: Ақпарат өндіру қабілеті төмен. Біздің ақпаратымыздың 70-80 пайызы аударма, қалғанын әупірімдеп, әдеби әсірелеп жүріп өзіміз жасақтаймыз. Жалпы, біздің журналистика әдебиеттен ажырамай отыр.
БАҚтарымызда жанр айшықтау мәселесі де бұлыңғыр. Кәзіргі оқырманның құлаш-құлаш демогогияны оқитын уақыты да, құлқы да жоқ екенін ескермейміз. Ақпарат тілі қысқа да нұсқа, айқын, әсіресіз болу керек, ал біз оны бар өнерімізбен әдеби бояуды жағып келіп, ағал-жағал етеміз. Ал, сараптамаға эмоциямызды қосып быламық жасаймыз. Оқырман содан үркеді, уақыты мен тиынын шығын қылғысы келмейді. Бұл жерде оқырман отаншыл емес, әуелі тұтынушы екенін ескеруіміз керек!
Біздің басылымдарға тән тағы бір кемшілік нақты концепцияның жоқтығы, бірінен бірін ажыратудың қиындығы. Бір мәселеге жабыла ойбайлайтынымыз бар. Деректі дақпыртқа айырбастаймыз. Мысалы, «бір миллион қазақты түрлі сектаға беріп жібердік». Бірақ оны санаған ешкім жоқ. Баяғы қазақы дақпырт болды да шықты. Осыдан қазақтілді басылымның абыройы азая түседі.
Қазақтілді басылымдар аз болғандықтан, оларға монополиялық сипат тән. Оларға қабілетті журналистер барып жарытпайды, өйткені, жалақы болмашы, сондықтан орыстілді басылымдар журналистер үшін бизнес болса, қазақы басылымдар күнкөріс көзі күйінде. Орыстілді БАҚтар ырықты экономиканың субъектісі болса, қазақы басылымдар әлеуметтік топтың субъектісі деңгейінде. Осыдан келіп, қазақы БАҚтарда даму емес, ілбіген күнкөріс дағдысы орныққан. Ал, бұған баға беріп, сараптап, жағдайды түзеуге тиіс арнайы мемлекеттік орган айдалаға қарап отыр.
Әр газеттің өз мінезі, бояуы, оқырманы, әлеуметтік тобы, нысанасы, мақсаты мен мұраты, жазу стилі, тақырып аясы болу керек. Сонда біз қазақтілді оқырманды орыстілді газеттерге талатпас едік. Оқырманға керекті материалды қазып тұрып берер едік, ол содан тұшынып, өгейтілді ақпаратқа қарамас еді. Енді бүтін бір ұрпақ орыстілді басылымдардың оқырманы болып шыға келді, оны қайтару - қой қайтару емес. Оның үстіне бізде менеджмент пен өнериет (творчество) ажыратылмаған. Менеджментті меңгермегендер директор болып жүр, журналистиканы ұйымдастыра алмайтын кейбіреулер - редактор. Қазақы БАҚтарға кәсіпқой менеджерлер мен редакторлар керек. Оларды диплом сатып әзірлей алмаймыз. Процесс қана туғызады. Біздің елге қазақтілді журналистикалық қарқынды үдеріс қажет. Әсіресе, ұлт идеологиясының бірден бір асыраушысы болып табылатын телевидениені кездейсоқ келіп кетушілер мен кеңестік архаистерден құтқаратын уақыт жетті.
Сұрақ: Ол үшін не істеу керек?
Серік Ерғали: Ол үшін мемлекеттен ақпарат кеңістігін қорғауды талап ету керек. Шетелдік басылымдар мен олардың бізден шығып жатқан брендтеріне салықты екі есе көбейту қажет. Керісінше, қазақтілді ақпарат кеңістігін дамыту программасы жасалып, қазақтілді республикалық басылымдардың таралымы отыз мыңнан кемдеріне салықты мейлінше азайтуға ықпал ету керек. Аймақтық таралымы он мыңнан кем қазақы басылымдарды да салықтан босату қажет. Ал, әрбір жарнамалаушының жарнамаға бөлген қаржысының кемінде жартысы (аударма түрінде емес) жарнаманы мемлекеттік тілде берілетіндей заңдаманы өзгерту керек, оған орыс тіліндегі нұсқасынан кешігіп шықпайтындай талап қойылуы тиіс. Сонда ғана қазақы БАҚтардың жілігіне май жүгіреді. Қысқасы, қазақ журналистері де, оқырмандары да өз мүдделерін қорғауға шығуы керек. Өйткені, БАҚ дегеніміз - кәзіргі кезде ақпараттық кеңістік. Ал, бүгінгі елдің ақпараттық тұтқасы да, тілдің өзегі де журналистика. Оны өгей тілден тазартпасақ, ел болу қиын. Бұл жолда құлдығымызды жалпақшешейлікпен бүркеудің керегі жоқ. Батыл да еркін әрекет, сергек көзқарас керек.
Пікіріңізге рахмет.
Б.Қайратұлы

Комментариев нет: