вторник, 24 июля 2007 г.

ЖЕРГІЛІКТІ ӨЗІНДІК МЕҢГЕРІМ

Біздің қоғамымызда саяси реформалауға байланысты шынайы реформалау ниеті мен оны қасақана боямалауды қамтыған пікірталас бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Алайда, бұлардың арасында әлгі саяси реформаның бір бөлшегі болып табылатын «Местное самоуправление» (МСУ) ұғымының шын мәнін түсінбей далақтаушылар да жетіп артылуда. Мәселенің мәнін аша түсу үшін осы ұғымға тереңірек көз жіберейік.
Әдетте қазақ тіліндегі ғылыми сана дамымағандықтан, кейбір терминдер тілімізге де, елімізге де бұрмаланған күйінде енуде, соның бірі - «правление» мен «управление» ұғымдары. Әрине, орыс тілінің бұл сөздері бір біріне өте жақын болғанымен, қолданылуына орай айырықша мағыналары бар: правление – басқарым болса, управление - меңгерім. Бірақ, орыс тілінде бұл ұғымдар бірін бірі қуалап кететін жақтары жоқ емес. Осыдан келіп, «государственное местное управление» шығып жүр.
Жалпы алғанда басқарымға негізінен тігіңкі бағыныс, ал меңгерімге көлденең бағыныс тән екенін ескерген жөн; басқарымға басқарылатын белгілі бір нысан (объект) және басқаратын субъект жатса, ал меңгерім жағдайында объект мен субъект бірігіп кететіні бар. Басқарымға әдетте бір біріне бағынышты жоғарыдан төмен бағытталған иерархиялық саты тән де, ал меңгерімге жалпыдан жалқыға бағытталған ықпал сипатты болып келеді. Сондықтан да соңғы ұстаным жергілікті жұрттың өзін өзі меңгеру құбылысын жүзеге асыратын бірден бір құрылым ретінде демократияның басты бөлшегі танылып отыр.
Биліктің осы екі тұрқын жеке тұлға жағдайында қарасақ, бір адам екіншісін басқаруы мүмкін болса, ал адам өзін өзі меңгеруге (алып жүруге, ұстауға) қабілетті болуы тиіс. Осы жайтты халық пен мемлекет деңгейіне шығарсақ, басқару мемлекеттік органдарға, ал меңгерім халыққа тән болып табылмақ. Сөйтіп, бұдан халықтың өзін өзі басқаруы (өзіне өзі билеуі) емес, меңгеруі қисынды. Сонда, жұртшылықтың өзін өзі меңгеруіне меңзейтін «Местное самоуправление» дегеніміз - қазақша «жергілікті өзіндік меңгерім» (ЖӨМ)болып шығады.
Қазырғы кезде елдің қалалық мекендерінде ЖӨМ нышандары пәтер (гараж) иелерінің кооперативтері т.б. секілді құрылымдармен көрініс беруде, алайда, бұл толық мәніндегі ЖӨМ деуге келмейтін үлгілер. Ал, ауылдық жерлерде ЖӨМ-ді атымен жоқ деуге болады. Әрине, кейбір ауыл әкімдерінің ұйытқысымен ақсақалдар алқасы секілді құрылымдар бар, бірақ бұл да құзыры бұлдыр жасанды жайттар. Мұндай нышандардың Кеңес билігі тұсында да болғандығын ескерсек, бұл саладағы қазырғы күйіміздің тоқыраңқы екендігі көзге ұрады.
Жалпы демократия жағдайындағы қоғам ЖӨМ-ді елді басқарудың бір бөлігі ретінде танып, оны халық билігінің басты іргетасы деп есептейді және демократияның басты ұстындарының біріне балайды. Осы жағынан алғанда, мемлекет билігі геометриялық айқыш (крест) таңбасында сипатталады: тігіңкі сызық – мемлекеттік басқарым да, көлденең сызық – жергілікті меңгерім. Осындай сипатқа негізделмеген мемлекеттік құрылым адамзаттың соңғы кезеңіндегі тұрақсыз және осал әрі диктаторлық сипаттағы ел билеуге тән болып мойындалатыны рас. Бұған әлгі тепе-теңдік сақтайтын көлденеңсіз, тігінен шаншылған жалғыз сызықты елестету арқылы да көз жеткізуге болады. Демек, ЖӨМ құрылымы демократияның басты сипаты ғана емес, мемлекеттің іргетасын бекітетін шемендеуші (цементирующий) фактор да.
Демократия дамуын ілгерілеткен елдердің бәрінде бірдей ЖӨМнің қалыптасуы бірдей емес. Осы жағынан алғанда ЖӨМ-нің басты үш түрін анықтауға болады:
- мемлекеттік құрылымнан мүлдем бөлектенген;
- ЖӨМ-нің қызметін атқаратын жергілікті мемлекеттік басқарым;
- жергілікті мемлекеттік басқарымға кіріккен ЖӨМ.
Алайда, мұның барлығына ортақ жалғыз талап – жергілікті жұрттың өздеріне тән мәселелерін өздері толық шешетіндей меңгерімнің болуы. Қазақстанда бұлардың кейбір белгілері болғанымен әзірге толыққанды ЖӨМ қалыптасқан жоқ. Өз беттерімен төл мәселелерін шешіп жатқан жергілікті әлеуметтік құрылым жоқтың қасы: қалалардағы ПИК–тер қала әкімдеріне тәуелді, тұрғындардың әжетіне жарамай отыр, ал ауылдарда мұндай құрылымдар не атымен жоқ, болса қарабайыр түрде ғана, мысалы, ауыл тұрғындарының жеке малын бағуды ұйымдастыру секілді көлемде. Ал ауыл әкіміне ғана табынған тұрғындар оның жергілікті мемлекеттік басқарым екенін және ауыл тұрғындарының өздері шешуге тиісті мәселелер оның құзырында жоқтығын да білмейді. Сөйтіп, ЖӨМ мәселесі қазыр барлық жерде маңызды ретінде күн тәртібінде және оның жоқтығынан кейбір түкке тұрғысыз мәселелер ушығып та барады; жұрт болса жаппай мұсалдаттық санаға ұрынуда.
ЖӨМ–ге қажетті басты алғышарт – жергілікті жұрттың төл мәселелерін өздері шешуге, өз тірліктерін өздері меңгеруге жарайтын санасы мен белсенімінің барлығы. Мұндай белсенім мен сана болмаған жағдайда, мемлекеттік билік тарапынан ойдан шығарылған ЖӨМ құрылымдарының қайсысы да пайдаға аспастан, оның қалыптасуына кедергі болмақ.
Әрине, қазақ халқының тарихында ЖӨМ–нің болғандығы былай тұрсын, ол жоғарыда аталған ЖӨМ-нің қызметін атқаратын жергілікті мемлекеттік басқарым күйінде болды, әр ауыл өз өмірін өзі меңгергенін былай қойғанда, қажет жағдайда мемлекеттік іргелі істерді шешуге тікелей араласып отырғаны белгілі, мұны әр рудың әр ауылы соғыс жағдайында сарбаз бен сардар шығарудан көреміз. Ал, қазыр әрбір ауыл өз әкімін сайлауға қатысқанымен, оны таңдауға толық мүмкіндігі жоқ. Кеңес өкіметінің ауыл шаруашылығында құлдық сана қалыптастырған қарттарымыз бүгінде ауыл ақсақалы кейпінде емес екені тағы белгілі, ауыл тірлігін ұйытып отырған қарияларымыз азын–аулақ болғанымен, оларға заң жүзіндегі болмаса ресми түрдегі құрылымның өкілі деп қарай алмаймыз, демек біздегі ЖӨМ–нің қазырғы алғышарты да соншалықты кері кеткен.
ЖӨМ–ді қалыптастыруда жергілікті жұрттың қазырғы ахуалы мен санасын, қоғамдық дәрменін зерттемей, олар үшін жоғарыдан ЖӨМ құрылымын ойлап шығару да ахуалды тіптен кері кетіруі әбден мүмкін. Ал, ОБСЕ алдында беделді болуды ғана мақсат етіп, ойыншық ЖӨМ құрумен айналыссақ, онда бұл ел алдындағы нағыз абыройсыздық пен тарих алдындағы барып тұрған жәдігөйлік болмақ. Сондықтан бұл мәселені ең әуелі «саяси бюро» үшін емес, халқымыз үшін қолға алған жөн.
Бізге қандай ЖӨМ керек? Жоғарыда аталған ЖӨМ–нің қайсысы бізге тиімді және сіңімді. Бұған дейін ЖӨМ–нің мемлекеттік құрылымнан мүлдем бөлектенген түрі ұсынылған еді. Алайда, ЖӨМ–нің бұл сияғы (аналогы) үшін қазақ контингенті даяр емес. Әсіресе, ауылдардағы ауыл әкімдігі мен әлгі құрылмақ ЖӨМ–нің қатар жасауын елестетудің өзі ауыр. Бір ауылдағы әкім мен ЖӨМ төрағасының тайталасын елестетіп көріңізші! Бұған дейін ең болмаса ЖӨМ–нің қарабайыр түрі қалыптаспағандықтан, бұл құрылым аса сырқаулы түрде жүзеге асып, одан ешкім де ұтпауы ықтимал. Оның үстіне бұл құрылым жергілікті мекендерде шынайы талқыланып жатқан жоқ. Ал, ЖӨМ-нің қызметін атқаратын жергілікті мемлекеттік басқарымды енгізу де біздің ділімізбен келісе қоймайды. Барлық сайлау міндетін атқарып отырған жергілікті әкімдіктер бұдан былай жұрт атынан шешім қабылдай беру қаупі туындайды және бұқараға өз сөзін айтқызбай, талай қитұрқыға барып, ЖӨМ–ді қолбала етіп ала қоймақ. Сөйтіп біздің еншімізде соңғы сияқ – Жергілікті мемлекеттік басқарымға (ЖМБ) кіріккен ЖӨМ–ді таңдау қалады. Бұл дегеніміз – қазырғы ауылдық мәслихаттар мен әкімдіктерді түбірімен қайта құруға итермелейді. Шын мәнінде ЖМБ–ның бұл нұсқасы қазыр мемлекетті де, жергілікті жұртты да жарылқап отырған жоқ, бұған түрлі объективті себептер бар екені белгілі. Сондықтан ауыл көркі ешқашан да еңсесін көтере алмақ емес, оның басты құрылымы өзінің айқын келбетіне ие болмайынша. Ауылдық төңірек (округ) мәслихаты туралы сөз айтып та қажет емес, өйткені, оның бар–жоғынан ешкімнің қылы қыйсаймайды. Елдің төменгі деңгейіне басқарым мен меңгерім құрылымдарын өзгерту арқылы халықтың сапалы түрде басқарылуын және мемлекет қауіпсіздігін нығайтатын ғана нұсқа керектігі белгілі. Демек, қоғамға ЖӨМ-ді енгізу арқылы мемлекеттік басқарымға өзгеріс енбейді емес! Осыны ашық айтып, мемлекеттік басқарудың қандай бөлігі халықтың өзін өзі меңгеруіне көшуі тиіс деген мәселенің де бет–ажарын ашып алған дұрыс. Сондықтан ЖӨМ туралы бір бөлек әңгіме немесе бір түлік мәселе деп қарау әбден дұрыс емес, бұл елді демократияландырудың кешендік саясатының бір бөлшегі ретінде іс жүзінде де қаралуы керек. Осы жағынан алғанда әкімдерді жаппай сайлау қазырғы сайлау құрылымы арқылы елді демократияландырады деген жайт та қияли әңгіменің бір ұшығы болып табылады.
Біз реформа мен революцияны кейде шатастыратын жағдайға келіп жүрміз. Осы реттен қарағанда, әкімдерді сайлай салу және ұсынылып отырған ЖӨМ құрылымын енгізе салу елді демократияландыру саясатынан гөрі, большевиктік революцияның бір нұсқасы болып табылатындығын ескеруіміз керек. Большевиктік революцияның мәні сол – одан қаншалықты пайда мен зиян бар деген басты сауалға жауап алдын ала ізделместен, революциялық қадамды көз жұмып жүріп істелуінде! Осы ұстаным бойынша, ЖӨМ–нің ресми жобасын енгізе салып, әкімдерді сол әкімнің араласуымен тағы да «сайлай» салғаннан кім не ұтады? Ешкім де! Әсіресе, халық жалған ЖӨМ–нен жүндей түтіледі, «сайланып» тағайындалған әкімшелер бұрынғы қалпынан да жұрдай болады.Ал, билік халық алдындағы абыройсыздануын үстемелей түседі. Сондықтан да Қазақстан жағдайында елдің төменгі деңгейіндегі билікті халық мен мемлекет тең бөліскені дұрыс. Айталық, ауыл мәслихаты мен әкімі (бәлкім, оны «төре» деп атауға болар) ЖӨМ–нің құрылымы болуға лайық, барлық құрамтасы бар: аумағы, жұрты, әлеуметтік әлеуеті мен мүлкі. Алайда, заң жүзінде әкім мен оның хатшысы мемлекеттік қызметкер болу арқылы мемлекеттің жергілікті басқарымға сәйкес ішінара міндеттерін (азаматтық хал актлерін, төтенше жағдайлар мен мемлекеттік мекемелер қызметін үйлестіру) атқаруға заң жүзінде міндеттелінуі мүмкін. Сонда ауыл әкімі аудан әкімінің қол баласы емес, ауыл мүддесін басты қорғаушы әрі мемлекеттің ауылдағы басты тұлғасы болып табылмақ. Бұл құрылым әлгі бір біріне жауыққан жасанды құрылымдардың туындауына жол бермейді, барымызды нығайтуға мүмкіндік туғызады. Ал, бұл мәселені қалалық мекендерде бірнеше маңайлар (городские районы) мен микроаудандарды біріктірген аумақтық ЖӨМ–дерді енгізу арқылы шешуге болады. Сонда ЖӨМ төресін мәслихат сайлайды, ал мәслихатты жергілікті жұрт сайлайтын болады. Бұл бәлкім, өтпелі кезең үшін және ЖӨМ–нің толық қалыптасуына қажетті құрылым болуы ғажап емес, тіпті, сол күйінде орнығып қалуы да мүмкін. Мұндай ЖӨМ–ді орнықтыруда қолға алынып отырған әкімдерді жаппай сайлауды кейінге қалдыруға болады. Өйткені, бұл сала да реформалауға жатқызылуы тиіс маңызды жайттарды туғызып отыр.Ол жайында реті келгенде бөлек сөз қылармыз.

P.S. Бұл идеяны қазырғы кезде жаңа дей алмаймыз, өйткені, Үкіметтің жобасында да жергілікті басқарымды ЖӨМ-ге айналдыру жобасы пайда бола бастады. Алайда, біздің бұл жобамыз бұдан бірнеше ай бұрын веб-сайттарға жарияланып кеткені рас. Сонымен, мемлекетіміздің әкімшілік бөлінісінің ең төменгі сатысы үшін халық пен мемлекеттің біртұтас екендігін әйгілейтін және соны нығайтатын құрылымның қажеттігінен осындай ЖӨМ сияғы ұсынылып отыр.

Комментариев нет: