вторник, 24 июля 2007 г.

ДҮНИЕЖҮЗІ ҚАЗАҚТАРЫН БАУЫРЛАСТЫРУ

Мәселеге кірісу

2006 жылы елге оралушылар көшінің алғашқы легін бастаған моңғолиялық қазақтардың тұңғыш аяқ басқанына 15 жыл толды. Әлемдегі үш қазақтың бірін Қазақстанға келтіру саясатының да басталғанына осынша мерзім өтіпті. Алайда, шетелдегі қандастарымыздың үштен бірінің әзірге 10%-ын да келтіре алмай отырғанымыз рас. Егер де мемлекетін 700 мыңдық санмен құрып бастаған Израил еврейлерінің саны 50 жылда 5 миллионға көбейгенін ескерсек, біздің қазырғы қарқынымыздың төмен екеніне көз жетеді. Өйткені, 1949 жылдан бері соғысып келе жатқан израилдық ебірейлер 10 жыл сайын бір миллионға артса, біз сол межені игере алмай келеміз. 15 жыл ішінде шеттегі қазақтардың бар болғаны 565 767-сі келтірілген. Бұл мәселедегі бір гәп – шетелдік қазақтарды отандастырудың (репатриация) әлі де жүйелек қажеттігінде.


Отандастырудағы атау мәселесі

Кез келген істің нәтижесі оның басына байланысты, ал істің басы оның атауынан тікелей көрініс береді; біз шетелдік қандастарымызды отандастыруды оларды «оралман» атаумен бастадық. Әрине, кез келген үдеріс белгілі бір терминмен атқарылатыны рас, сондықтан тілімізге жат «репатриант» сөзін қазақшалауға талпынғанымыз да дұрыс. Алайда, тіл заңдылығын бұзып, туындатқан терминнің қандай құны қалмақ? Әдетте қазақ тіліндегі «ман», «мен» жұрнақтарының оқыр, көрер, шабар түріндегі етістіктерге жалғану арқылы (оқырман, көрермен, шабарман) жаңа сөз жасалады, ал, «оралман» бұйрық райлы «орал» етістігіне жалғанып, тілдің сөзжасам әлеуетін бұрмалап тұрғаны өз алдына, бұйрық райлы етістікке «ман» журнағы тіркелу арқылы кері мағыналы бірінші жақты етістік аламыз: оралман – «оралмаймын» (сол секілді «барман», «келмен», «жүрмен» деген ауызекі тілдегі диалектілік сөз сияқтары) дегенді білдіреді. Қазақ тілінде мұндай сөзжасам үлгісі жоқ, сондықтан да бұл термин шетелдік қазақтарды мұқатқандай қабылдануы заңды. Ал, тілдің өз заңдылығын сақ, «оралар» етістігіне «манды» жалғау арқылы шұбалыңқы «ораларман» сөзі туады да, ол да сіңісе қоймас еді.
Ресейдің бұрынғы КСРО аумағындағы орыстарды «отандасымыз» деудің арғы жағында жаңа тәуелсіз елдерді бұрынғы Ресейдің қарамағында болғандығына меңзеу жатыр және бұған орыстардың моральдық әрі тарихи құқы да бар. Ал біз Қытайдағы болмаса Моңғолиядағы қазақтарды «отандас» дей алмаймыз, өйткені, ол елдер біз үшін отан емес, әруақытта шетелдер болып табылады, ал ондағы қазақтар бізге бауырлас, қандас қана. Демек, шетте қалған бауырларымызды ресми түрде «БАУЫРЛАС» (орыс және шетел тілдеріне «баурлас» түрінде транслитерациялау керек) атаудың реті бар, бұл салада тағы да ресейге еліктеудің қажеті жоқ.


Мәселенің тұжырымы

Енді мәселенің тұжырымдамасына келейік. Шетелдік қазақтардың мүддесі мен Қазақстанның өз алдына тәуелсіз мемлекет ретіндегі саясаты жымдастыра жүргізілмегендіктен, кей жағдайда аталмыш үдеріске ішкі қазақтар (мұндағы «ішкі» және «сыртқы» ұғымсөздері ежелгі қыпшақы терминдер, мысалы «Дешті қыпшақ» – «тысқы қыпшақты» білдірген) тарапынан алакөздік пайда бола бастады. Өздері әлеуметтік жағынан мәселелері шешілмеген ішкі қазақтар сыртқылардың келуіне деген кейбір наразылық көрініс беріп жүр. Бұл жағдай бір қызығы өз жеріне талай жұртты жинағанда «қыңқ» демеген қазақтың бойынан табылуда. Демек, аталмыш саладағы мемлекеттік саясатты өзгерту керек деген сөз. Ал, әрі араптармен соғысып, әрі шеткі ебрейлерді қабылдап жатқан Израил халқына неге мұндай жатырқау тән емес? Мәселе – аталмыш процестің бүге-шүгесіне дейін есептелген сауатты идеология жүргізуде болып тұр.
Қазақстанның шеткі қазақтарды қабылдаудағы ісінде не жетпеуде, ең бастысы - тиянақты тұжырымға негізделген жүйе жоқ! Қазақстандағы бұл сала бойынша қабылданған басты шара шетелден келетін қазақ жанұяларына бірмәртелік жәрдемақы мен баспана сатып алуға квотамен бөлінетін жеткіліксіз қаржы. Мұның өзі жемқорлықтың нысанына айналып кеткені өз алдына. Бір қызығы, бауырластардың біреуі квотаны елге келгесін алып жатады, біреулері алуына көзі жетіп барып келіп жатады, енді бірі алады да, кері қайтады. Аталмыш жұмыс барысында кім, қайдан, қашан және қанша адам (жанұя) келуі керек деген қым – қыйғаш сұрақтар жоспарлы да дәйекті түрде тиянақты қолға алынбаған. Сондықтан да тарихи отанына зарығып жеткен шетел қазақтары келген бойдан талай азаптың қамытын киіп шыға келуде.

Не істелуі керек еді?

Шеткі қазақтарды келтіру мәселесінде мемлекеттік демографиялық және сыртқы саясаттың бір бөлігі ретінде отандастыру тұжырымдамасы жасалуы қажет. Басқаша айтқанда, оралатын қазақтар Қазақстанның сыртқы саясатының көрінісі және демографиялық саясаттың бір бөлігі ретінде жүзеге асуы тиіс. Демек, тәуелсіз Қазақстанның сырттағы қазақтардың ахуалы жөнінде жүргізетін алуан сыйпатты жұмысы жолға қойылуы керек. Әзірге бұл салада тек қана қай мемлекетте шамамен қанша қазақ бар деген санамалық саясат қана жүруде. Тіпті, шеткі қазақтың Қазақстан елшісіне қаймықпай жолығатындай шамасы бар дей алмаймыз, себебі, шетелдегі қазақ елшіліктерінде мемлекеттік тілді білетіндер енді ғана қолға алына бастағаны тағы жасырын емес. Оның үстіне кейбір қазақтар тұратын елдерде консулдық қызметтер шалғай орналсқан немесе жеткіліксіз. Бұл саладағы мәселені толық қолға алу үшін СІМ жанынан арнайы бауырластыру орталығы құрылуы керек. Бұл орталық шеткі қазақтардың этностық, әлеуметтік және құқықтық ахуалына тұрақты монторинг жасап отыратындай және бауырластарды елге қайтарудың алғышартын жасақтайтындай мемлекеттік қауқар болар еді. Сонда шеттегі қазақтардың елге бейберекет беттеуі болмас. Сонда шетелде жүрген бауырластарымыз алдын ала қазақша жазу-сызуды үйреніп, Қазақстандағы өмірге алдын ала бейімделу курсынан шетелде-ақ өткен болар ма еді?! Бәлкім, сонда шетелдік қазақтарға арналған веб-портал мен жерсеріктік (спутниктік) телеарна құрылып, олардың шетелдерде жұтылуына алаңдамас едік?!

Мәселенің ауқымы

Оралман куәлігін алған қазақтар ішкі әлеуметтік кейбір жеңілдіктерге ие болғанымен, құқықтық қауқарсыздыққа душар болып аңтарылуда. Мәселен, оралмандар жергілікті ортаға бейімделуден өтпегендіктен, өмірге қажетті әлеуетке қол жеткізбегендіктен, Қазақстанның қауқарсыз тұрғындарының санын көбейтіп қана қоймай, кім болса соған көзтүрткіге айналуда және ұлы Отанға келгендегі аңсарлары іске аспай, өздері екінші сұрыпты адамдар тобы мен әлеуметтік әлжуаздар қатарын молайтуда. Барған сайын бұл топтың сан мен сапа жағынан қарамы толыға түсуде. Алдын алмаса, аталмыш топ қоғамдық ортадағы өз сөзін айтарлық әлеуеметтік топқа айналуы ғажап емес. Бұл мәселелерді шешуге тиісті мемлекеттік құрылым болып табылатын Миграция («көші-қон» термині де үдеріске сәйкес емес) жөніндегі комитет ең болмағанда келген шетелдік қазақтарды өз бетімен арыз жазуға үйрететіндей жұмысты қоғамдық ұйымдарды тарту арқылы да ұйымдастырғаны жөн болар еді. Жыл сайын бюджетке белгілі бір қаржы енгізіп, әлеуметтік тапсырыс арқылы қоғамдық ұйымдарға конкурспен үлестіріп, аталмыш мәселелерді шешудегі шаруа тындыру әзірге іске аспай отыр. Сайып келгенде демографиялық мәселені шеткі қазақтардың есебінен шешуге кіріскен Қазақстан өз ішінде салғырт саясаттың кесірінен тағы бір әлеуметтік-демографиялық мәселені туындатып отырғаны анық. Бұл мәселені шешуге сәйкес құзырлы құрылым құру керек.

Не істеу керек?

Сонымен, шеткі қандастарды отандастырудың қандай жолы бұл мәселені тиянақты етпек? Бұл сауал тағы да дәйекті саясат жүргізуді талап етеді. Дәлірек айтсақ, отандастыру саясаты, шеткі қазақтарды елге кемінде 3 салалы бағдарлама бойынша келтіру жолымен жүзеге асырылғаны жөн.

1. Шетел қазақ жастарын Қазақстанда оқыту бағдарламасы. Бұл іс елдің Жоғарғы оқу мекемелерінде (ЖОМ) және орта-арнаулы оқу мекемелерінде күндізгі, сондай-ақ дистанциялық оқыту жүйесі арқылы білім берумен жүзеге асыруға болар еді. Аталмыш бағдарламаны тегін де, ақылы жолмен де жүзеге асатындай мүмкіндігі болуы керек. Әсіресе, ендігі білім беру саясатының бір саласы боларлық ортаңғы-техникалық білім беру шетелдік фирмаларда жұмыс істеуге тілдік мүмкіндігі бар, шеткі қазақ жастарын келтіруді өзі сұрайтындай. Айталық, тіл мен ділді меңгерген қытайлық қазақтар тұрғанда Қытайға қазақстандық қазақтарды көптеп оқытудың сонша тиімділігі болмас. Сондай-ақ, ебропалық фирмаларға сол жақтың дайын қазақтарының бір бөлігін орналастыру да осы саладағы қызмет емес пе?
Бұл мәселеде, әрине, Қазақстан азаматтығын алуға даяр болса, белгілі бір квотаны шетелдік қазақ жастарына да бөлген дұрыс болар. Қысқасы, мұндай бағдарламамен шетелдегі ассимиляцияға ұшырауға бет бұрған қазақтарды отанға тартудың бұл бір жолы және елдің еңбек ресурсы мәселесін шешудің де бір факторы болар деген ойдамыз. Шетелдік қазақ жастарын Қазақстанға оқыту мен жұмысқа орналастыру арқылы жыл сайын кемінде елу мың бауырымызды тартуға болады. Мұның ішіндегі қомақты үлес орта техникалық мамандарға тиесілі болары сөзсіз. Сондай-ақ, Қазақстанның білім ордаларымен бірге «Болашақ» бағдарламасы аясында шеткі қазақ жастарының шетелдегі ЖОМдарда (жоғарғы оқу мекемелері) оқу мүмкіндігін де қарайтын уақыт жетті.

2. Сыртқы интеллектуалдық қазақтар әлеуетін тарту бағдарламасы. Бұл көзқарасқа түрлі салалар бойынша шетелдегі ғылым докторлары мен аспиранттар, басқа да мамандардың көзін сүзіп отырғаны рас. Селдіреген ғылыми техникалық мамандар қатарын осы бағдарлама арқылы қайта толтырудың реті бар. Бұл топқа келешегі зор өнерпаздар мен спортшыларды да қосуға болады.

3. Шетелдердегі құқықтық-әлеуметтік осалданғандарды келтіру бағдарламасы. Бұл бағдарлама Ауғанстан секілді саяси-экономикалық тұрақсыздыққа ұшырап отырған елдердегі қандастарымызға арналған. ТМД аумағында бұған Өзбекстан мен Түрікпенстанда осындай ахуал қалыптасқан. Алайда, мұндай елдерге сәйкес мәртебені СІМ (сыртқы істер министрлігі) өзінің сараптамасы арқылы беріп отыруы қажет. Ол үшін елдестеріміз орналасқан шетелдердің саяси-әлеуметтік жағына мониторинг жасау арқылы, олардан елге келтіретін қандастарымыздың санын анықтап, оларға квота белгілеу керек. Бұл топқа квотаны қаржымен белгілеуді доғарып, ауылдық жерлерден (солтұстық, орталық және шығыс аймақтардан) тұрғын үй салуға жер бөліп, ол жерлерде болашақ ауылдық коммуникация жасақталғаны жөн.
Ал, отанға келуге ниет білдірген отбасыларды үймен қамту мүмкін емес, оларға бір жылдың ішінде үй салып алуға ауылдық және шағын қалалық аймақтардан, әсіресе, теміржол мен тасжол маңынан жер бөлу керек. Бұл жерде жерді сатуға тыйым сала отырып, ол жерге шетелдік бауырлардың мейлінше орнығуына мәжбүр ету саясаты көзделмек, өйткені, алған жерлерін сауданың нысанына айналдырған қандастарымыз тағы да аш-жалаңаштардың қатарын көбейтіп шыға келері анық және о бастан сондай пыйғылды көздеп келушілердің де саны артатыны белгілі. Мұндай шара жаңадан салынып жатқан жол бойы мен жұрты селдіреген солтұстық және шығыс аймақтарға аса қажет. Әсіресе, мұндай жағдай орталықтан шалғай аудандардың ішкі тұрғындарына да бірге жасалуы тиіс.
Қысқасы, сыртқы және ішкі миграциялық үдеріс бірыңғай түрде шешілетін мемлекеттік саясат қажет-ақ. Алайда, жер ғана бөлу жеткіліксіз, ол маңдарға әлеуметтік ошақтар салынып, оған орналасатын қазақстандықтар мен бауырластарды пайызсыз несиеге құрылыс материалдарын жеткізіп беру мәселесі шешілуі керек. Сөйтіп, бауырластар мен келешексіз ауылдардың проблемалары біртұтас түрде шешілуі, сол арқылы болашақ Қазақстан ауылының үлгілері дүниеге келгені жөн, сөйтіп, ішкі және тысқы қазақтардың өз ара қарым-қатынасын кешенді түрде қолға алу іске асқаны мақұл әрі ішкі және сыртқы миграция мәселесі бір бірімен қабыса шешілуі керек.
Бауырластарды отанға тартуда олардың ең әуелі қай бөлігін тартамыз деген мәселеге де саяси деңгейде жауап іздегеніміз мақұл. Мәселен, шетелдегі қазақ жанұяларын тартқаннан гөрі олардың жастарын жұмысқа және бизнеске тарту арқылы біз бұл саладағы мәселені оңай шешеміз. Сонда шетелден берекетсіз келген қазақ жанұяларына баспана мәселесін шешкеннен гөрі олардың жастарына жатақхана мен оқу, жұмыс мәселелерін шешу Қазақстан үшін де қолайлы әрі пайдалы және бұл көп қазаққа бұйыратын, сондай-ақ жемқорлыққа ұрынуы аз шара болмақ. Сонымен бірге әрбір жанұядан Қазақстанға келген жас қандасымыз өзі орнығып алғасын, өз әулетін Отанға тартудың да жолдарына алғышарт жасайтын болады. Бұл шеткі қазақтардың мемлекет дамуына қол ұшын берудің бір түрі.

Кейбір қосымша шаралар

Бауырластыру саясатын жүргізумен бірге, бұдан басқа шетелдік қазақтарды шетелдерде жұтылу қаупінен құтқару бағдарламасы жүзеге асқаны жөн. Оған сол елдерде оқу орындары мен түрлі мәдени-рухани орталықтарды құру ісі жатары түсінікті. Бұлар елдестерімізге отанға оралудың алғышартын да жасайды.
Жалпы, аталмыш саланы жолға қою үшін, Израилдегідей өз алдына министрлік құрмасақ та, арнайы Бауырластыру комитетін жасақтамай, мұндай келелі істі атқару мүмкін емес. Қысқасы, шетелдік қазақтарды отандастыру ұлттық идеяның бір парасы болғанда ғана, бұл мәселе жартыкеш сыйпатты науқан болудан мемлекеттік абыройлы шаруаға айналмақ. Жүйелі түрде жүргізілген мұндай саясаттың арқасында елге жылына кемінде үш жүз мың елдестерімізді оралтуға болады. Бұл сан біреулерді шошытуы мүмкін, алайда, оны жүзеге асыру жүйелі әрекетпен соншалықты күрделі еместігі аян. Оның үстіне шет қазақтардың бұл құрамы мойынға түсетіндер емес, 70-80 пайызы жас буын болмақ. Ал, бұл демографиялық әлеует ұлттық мүддемізді былай қойғанда, ең алдымен экономикасы қарыштап келе жатқан Қазақстанға қажет.

P.S. Аталмыш тұжырымдаманы дүниежүзіндегі қазақтарға жолдай отырып, мұны одан әрі жетілдіруге атсалысуға шақырамын. Келесі сатыда бұл мемлекеттік тұжырымдама ретінде қабылдануына жұмыстану өз алдына мәселе.

Комментариев нет: