вторник, 24 июля 2007 г.

Білім беру мен тәрбие саласы қандай реформа күтуде?

Жас мемлекет үшін тактикалық тірлікте маңыздысы - орнықты экономиканың қалыптасуы болса, ал стратегиялық салада жас ұрпақтың білімі мен тәрбиесі басты назар аударатын жайт. Өйткені, аз ғана уақытқа экономикалық жағынан тәуелсізденген мемлекет өзінің жас ұрпағының білігі мен азаматтық деңгейіне сүйеніп қана өз егемендігін одан әрі баянды ете алмақ. Әйтпесе, экономикасы шикізаттың күлі, халқы шетел мамандарының құлы болып шыға келетіні айдай анық.
Жас ұрпақтың білімі елдегі жалпы білім беру мәселесіне тікелей байланысты. Осы жағынан Қазақстанның қазіргі жалпы білім беру жүйесін ішінара сөз етсек, оның өз бейнесі қалыптасқан, тұлғасы нығайған жүйе екеніне шүбә келерліктей жағдайларға кезігеміз. Бұған басты себептер ретінде елдің экономикалық дағдарыстан шыққанға дейінгі білім беру жүйесіндегі алуан түрлі алас ұруды, яғни, тыңғылықты түрде дәйектелген оқу мен тәрбиенің мемлекеттік деңгейдегі программасының болмағандығын, керісінше, Білім беру министрінің ауысуына байланысты білім жүйесінің де «көңіл күйі» сан құбылғанын, білікті басқарудың болмағандығын мойындауға тура келеді.
Қазіргі кезде ел экономикасы белгілі бір деңгейге көтерілгенімен, білім беру жүйесінің көңіл көншітерліктей сиқы бар деуге ертерек. Қазақстанның жалпы білім беру жүйесіндегі қазіргі басты сырқаты – мектеп ғимараттарының жеткіліксіздігі не күрделі жөнделмей жатқандығы мен материалдық базаның нашарлығы емес, ең алдымен білім жүйесінің сапалық жағын қамтамасыз етерліктей жағымды және оңтайлы ауанның жоқтығы. Ашып айтсақ, қазіргі жалпы білім беру ошақтары жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруге алаңсыз көшкен қасиетті шаңыраққа айнала қойған жоқ; ең әуелі мұғалімдердің сапасыздығы мен парақорлықтың адам төзбес деңгейге көтерілгендігі болып отыр. Мәселе – мектептердегі мұғалімдердің парамен қызметке алынуында және балалардың есепсіз қаржы айналысына куә болуында. Демек, Қазақстанның қазіргі жалпы білім беру жүйесі кәсіпқой ұстаздық деңгейін тәрк ететін, әсіресе қазақ мектептерінде тарап отырған қызметке қабылданудан бастап, бүкіл мектеп өмірін жайлаған репрессиялық-парақорлық тәсіл аласталатындай бас қатыратын уақыт келді.
Біздің бұл пікірімізге қарсы дау айтылатыны түсінікті, ол қоғамда орныққан кез келген жағымсыз жүйенің қорғанышы екені рас. Мәселен, қазіргі кезде «қолбала» ата-аналар комитеті арқылы әр нәрсеге ақша жинау, оның есебін бермеу – мектептерді жайлаған жағымсыздық екені рас және бұдан ада санаулы ғана, оның ішінде орыстілді мектептер болуы мүмкін. Тағы бір айтатын нәрсе, мектепте жұмысқа тұру да парақорлықтың төркіні екені тағы рас. Демек, рухани пәктіктің ошағы болуға тиіс мектептеріміз қоғамның қас жауы болып табылатын парақорлықтың жас ұрпағын әзірлеп жатқандығын кім жоққа шығарады? Ал, бұған сапасыз мұғалімдердің жұмысқа қабылдануын қайда қоямыз? Сөйтіп, көп жағдайда мектеп ауқымына сай директорат негізінде «қағанаттың» қалыптасып отырғандығы рас. Директордың мұндай қаған дәрежесіне көтерілуіне оның өзін кінәлау негізсіз, бар мәселе қазіргі мемлекеттік білім жүйесінде.
Аталмыш тақырыпқа талғажау болатын тағы бір нәрсе – білім-тәрбие жұмысының шаруашылықпен шатасып жатуында. Тіпті, жоғарыдағы паралық жүйенің дамуына да осы жайт жағдай жасап отырғаны жасырын емес. Сондықтан жалпы білім беру жүйесіндегі осы былық пен шылыққа нүкте қоятын мезгіл жетті деп ойлаймыз және соған орай өзіміздің пікірімізді ұсынамыз.
Қазіргі кезде мектеп директоры шаруашылыққа да, білім-тәрбие жұмысына да басты жауапты болып табылады, біздің ойымызша директорды мұндай супержауапкерліктен құтқарып, оған тек қана мектеп менеджері ретіндегі мәртебені қалдырған дұрыс. Басқаша айтқанда, директор мектептің барлық материалдық жоқ-жітігін қымтаушы және ұйымдастырушы болумен шектеліп, бұл мамандарды арнайы түрде мектеп менеджері ретінде қысқа мерзімді курстарда даярлап шыққан дұрыс. Сөйтіп, мектептің барлық жоқ-жітігін ата-ананың қалтасынан әлгі менеджердің мойны мен бюджетке артқан ләзім. Мектептің табыс-шығыны барынша мөлдір болуы үшін директор оқу жылының басында және соңында ата-аналардың жалпы жиналысы мен білім беру департаменті алдында толық есеп беріп отыруы керек. Алайда, мектеп менеджері білім-тәрбие ісіне кесел келтірмейтіндей дәрежеде, мектеп шығынының бюджет қамти алмайтын бөлігін қосымша шаруашылық арқылы табыс табуына еркіндік берілгені жөн.
Ал, мектептің басты міндеті саналатын білім-тәрбие мәселесі қазіргі «оқу ісінің меңгерушісі» секілді дүдамалдау аталып жүрген кеңестік лауазым иесіне толық беріліп, ол білім-тәрбие менеджері аталғаны дұрыс болар және де бұл лауазым иесін Білім беру департаменті бекітіп, ал мектеп аясында білім-тәрбие менеджерінің ықтимал кандидатурасын ата-аналар кеңесі ұсынғаны жөн болар еді. Өйткені, ұрпаққа білім-тәрбие беру міндеті заң бойынша ата-ана мен мемлекетке тең бөлінгендіктен, бұл лауазым да осы тараптардың тең қатысымен жүзеге асқаны мақұл. Бұндай жағдайда білім-тәрбие менеджері мектепті мұғалімдермен қамтамасыз етуді де өз мойнына алғаны жөн, сонда аталмыш лауазымның мәртебесі де, мәні де шаруашылық менеджерінен артық болып шығады да, мектептің басты мақсаты болып табылатын жас ұрпаққа білім мен тәрбие берудің кедергісіз орындалуына жол ашылады.
Бір қызығы қазіргі жалпы білім беру жүйесінде тәрбие беру мәселесі бұлыңғыр түрде анықталған, тіпті, бұл міндет білім беру департаменттерінің атауларынан да түсіп қалған. Бәлкім, департаменттерді «білім беру» емес, «білім-тәрбие» беру анықтауышымен міндеттегеніміз барынша әділетті болар. Сонда ғана білім беру жүйесіндегі «тәртіпсіздіктер» жойылар деген үміттеміз. Қысқасы, еліміздің білім беру саласы өзінің бағдарын толығымен жас ұрпақты білім-тәрбие беруге бұратындай тұжырымдамаға негізделген реформаға кірісуі тиіс деп ойлаймыз.
Қазақстанның білім беру саласында қоғамның назарынан тыс қалған іргелі мәселе бар, ол - тілдік білім (языковое знание). Тілдік білім соңғы кезде ғана біздің қоғамға дендей бастаған ұғым, оның мәні адамның игерген тілі бойынша сіңірген білімі деген сөз. Егер де елімізде 400 мыңнан астам қазақ баласы өзге тілде білім алып жатса, олардың ана тіліндегі тілдік білімі мақұрым деген сөз. Бірақ мәселе мұнда да емес, мәселе елімізде мемлекеттік (ұлттық, этностық емес) мектеп сипатының әлі күнге құралмағандығында. Мұның мәні не? Мәселен, Ресей мен Қытайдағы мемлекеттік мектептер сәйкесінше орыс және қытай тілінде орта білім беру ошақтары мойындалған және қалған тілдегі мектептердің барлығы да этнос тілінде шектеулі түрде тарих пен әдебиетті ғана оқуы мүмкін, ал қалған пән бойынша әлгі мемлекеттік тілдегі білім беру қолға алынған. Тіпті, өзіміздің өзбек ағайынның елінде де осы жүйенің қолға алынғанына бірнеше жылдың жүзі болып қалды. Бұл сондағы біздің қазақтар үшін кемсіту болмаса ұлттық тілінен ажырату секілді болып көрінгенмен, шын мәнінде Өзбекстан үшін өзінің мемлекеттілігін нығайту жолындағы халықты біртұтастандыру және мемлекеттік орта білім беру арқылы азаматтарды ұлтына қарай болашақ құқығынан айырмаудың жолы болып табылады. Ал, бізде жағдай керісінше, Қазақстанда мемлекеттік мектептер емес, өңкей этностық мектептер ғана: қазақ, орыс, өзбек, ұйғыр, дұңған орта мектептері болып кете береді. Тіпті, Алматы облысында кейбір ұстаздың бекітусіз этнос тарихын оқытқаны да сөз болғаны бар. Демек, бұл үй ішінен үй тігу емес, бір үйдің ту-талақайын шығарып, бірнеше үй тігуге ұмтылу деген сөз.
Алайда, аталмыш мәселені бұдан бірнеше жыл бұрын министр болған Күлекеев мырза қолға ала бастағаны бар, ол Білім беру министрлігі алдына пәндердің белгілі бір бөлігін қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде оқыту мәселесін қоя бастап, этностық мектептерден мемлекеттік мектеп үлгісін жасауды енді қолға ала бастағанда саясаттың табалдырығына сүрінді. Оған кейбір зиягерлер өре түрегеліп, қарсы шыққаны және бар. Алайда, олар біздің аралас мектебіміздің өзі шын мәніндегі орыс ділді мектеп екенін ойларына алмайтыны әрі аянышты, әрі өкінішті. Қысқасын айтқанда, министрі жаңарған министрлік алдында мәселенің қордаланғаны сондай, оның бәрін жиып-теріп айту да қорқынышты – барымыздан айырылып қалмаймыз ба, деген баяғы қазақы проблема туады! Алайда, сол қазақтың «Шегірткеден қорыққан егін екпес» дегені тағы бар... Әрине, бұған жалғыз министр болып емес, қоғам болып жұмылатын шара керек.

Комментариев нет: