вторник, 25 сентября 2007 г.

АСТАНА МЕН БАСПАНА

Қазақтың белгілі ақыны Қасым Аманжоловтың мәйекті өлең жолдарын арқау болған қазақ астанасындағы баспана мәселесі ХХІ ғасырдың басында ушықпаса бәсеңдемей тұр. Қаңыраған ауылдардан шұбырған қазақтар мен Қазақстанның майлы шелпегіне ұмтылған өзге жұрт өкілдері күннен күнге құрылысы құлпыра түскен астанамыздың демографиялық байлығы болумен қатар, мәселесі де болуда. Ресми түрде жеті жүз мың тұрғыны саналатын Астанада қазырғы кезде бейресми бір миллионға тарта адам тұруда. Мұның барлығы да баспаналы болуға үміткерлер.
Алайда, парламент мәжілісінің сайлауы өткен бойдан ауарайындай құбылған ипотекалық несие саясаты баспанасыздардың аспанына қою бұлтты төндіре түсті. Бұған дейін бірімен бірі жарыса жарнамалаған несиенің пайыздық мөлшерлемесі жылдық талабы жиырмалық көрсеткішке жетті. Оның үстіне ипотекалық несие беретін банктердің саны күрт азайып, үш-төрттен аспай қалды. Осыған байланысты Астана жерін бауырдай тіліп, тұрғынжай салуға құмар талай құрылыс фирмаларының да шынын айтатындай жағдайы туындауда: құрылыстары жүрмей, алдын ала пәтер алушылар тыйылып қалды.
Сондықтан да болар, дереу түрде Қазақстан құрылыстандырушылар қауымдастығының өкілдері Астанада өздерінің баспасөз мәслихатын өткізгені. Аталмыш қауымдастықтың Кеңесінің төрағасы А.Рахымбаевтың айтуынша, ипотекалық несие беру тоқталмайды, бар болғаны талаптық мөлшерлеме пайызы жоғарылаған күйде берілмек. Бұл уәж олардың осыған дейін банктермен арада өткен дөңгелек үстелдің нәтижесінде айтылып отыр. Басқа жағынан алғанда, бұл саясат бұған дейінгі Ұлттық банк тарапынан елдегі тұрғынжай құнын қомпайтуға қатысы бар ағыл-тегіл ақшаны азайтып, оның барынша қадырын арттыруға байланысты айтып келген пікіріне де саятын түрі бар. Бірақ Астанадағы баған сайын несие берілетінін қабарлайтын қағаздар сиреген түрі жоқ. Бағандарды әшекейлеп, баспанасыздардың көкейін қытықтап желбірей түсуде.
Екінші жағынан тұрғынжайды бастап, аяқтай алмай, баспанасыздар мен банктердің бас ауруына айналған компаниялар да жеткілікті болып отыр. Осындай бас ауруға кәзірде Астана бойынша 21 тұрғын үй кешені бар көрінеді. Мұндай нысандар көпшілігі қолбала бизнесмендердің туындылары екендігі тағы белгілі.
Сонымен шаршы метрінің орташа бағасы 1300 АҚШ долларының шамасында тоқтап, Астананың болашақ баспаналарының орташа бағасы не арзандамай, не одан әрі қымбаттамастан қатып тұр. Алайда, баспасөз мәслихатын ұйымдастырған мырзалардың айтуынша, бас қаладағы баспананың құны арзандап жарытпайды, уақытша ғана үдерістің артын баққан сыңайы бар.
Аталмыш ахуал, биліктің баспана саласындағы басты көзіріне айалған мемлекеттік бағдарлама бойынша арзан бағамен ипотекалық несие арқылы пәтер алуға қол іліктіргендер үшін де жайсыз болып тұр. Астанадағы қаңқу сөздерге қарағанда, (әрине, ресми ақпарат алудың әзірге мүмкіндігі жоқ) қыркүйек айынан бастап, пәтерлеріне бас сұға бастауға тиісті тұрғындардың жағдайы ауырлап тұр. Нақты ешбір шешім де, қолға түскен пәтер кілті де жоқ. Бұл бағдарламаны іске асыруға қатысқан мемлекеттік коиссия өз миссияларын бітіріп, Астана қалалық тұрғын үй департаментіне тізгінді беріп, өздері бытырап кеткен түрі бар. Алайда, ол комиссияның шешімімен пәтер иеленуге тиісті кейбір азаматтардың астыртын да абай пікіріне қарағанда, әлгі шешім әлі де талай құбылатын түрі бар: алуға тиісті пәтер бөлмесі азаюы да, болмаса тұрғын алаңы кішірейіп кетуі де ғажап емес.
Сөйтіп, астанадағы баспана мәселесі дағдарған күйде. Ең бастысы, жұртты көз құрты мен көз қуанышына қатар айналған сол пәтерлер қара базарға түсіп кетпесін деңіз.

Комментариев нет: