вторник, 25 сентября 2007 г.

Елеңдеткен «електрондық үкімет»

Әрбір тоқсан сайын үкіметте қарау дәстүрге айналған «Электрондық үкімет» мемлекеттік бағдарламасының жайы осы дүйсенбіде мәжілістегі «үкіметтік сағатта» сөз болды. Президенттің жарлығымен бекіп, үшжылдық мерзімге арналған бұл бағдарламаға кезінде 51 млрд теңгеден астам қаржы бөлу қарастырылған еді. ҚР Ақпараттандыру және байланыс агенттігінің төрағасы Есекеев Қуаныштың айтуына қарағанда, әзірге соның 18 млрды ғана игерілген. Еліміздің бас ақпараттандырушысының баяндамасына бергісіз, 7 беттен тұратын жария-ақпардан (пресс-релиз) түсінгеніміз, аталмыш агенттіктің бұрынғы міндеттері мен құзыры «Самұрық», «Самғау» холдингтері мен «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның арасында бөліске түскен сыңайы бар. Тіпті, кәзіргі заманғы байланыс саласының басты тетігі болып саналатын спутниктік сегментті дамытуды да Ұлттық ғарыш агенттігі қанжығасына байланыпты. Қысқасы, ісіне жаңа кіріскен мәжіліс үкіметтегі биліктің де жаңа бөлістерге түсіп жатқанына куә болды.Осыған қарағанда, жаңа құрылымдар қаржы мен әлеуетті бөлісумен уақыт «ұтып» жатқан сыңайы бар.
Баяндаманың барысында көзіміздің жеткені: бүгінгі күні «электрондық үкіметтің» мүшесі болып саналатын портал жасақтау ісі бойынша бес министрлік пен үш облыс әкімінің ғана порталы бар болып шықты, қалғандары халықты жай ғана жайдақ сайттармен алдаусыратып отыр. Баяндамашының айтуынша, жасалған істің нәтижесі құжатайналымды жақсартыпты: 2006 жылы ведомоствааралық құжатайналым орталығы 7500 электрондық құжат өткізсе, осы сәтте бұл көрсеткіш – 14301 көрінеді. Порталға кіру қарқыны да біршама: қаңтарда -350, сәуірде – 500, ал 12-шілдедегі көрсеткіш – 7022 адам болыпты. Сірә, соңғы көрсеткіш, президенттің халық алдына интернетке шығу құбылысының нәтижесі болар, бірақ оны агенттік өз ісінің нәтижесіне айналдыра қойыпты.
Алайда, халықтың бұл саладағы қараңғылығы да алаңдатар міндет екені рас, елдегі интернет пен электрондалған ақпарат пайдалану мөлшері азаматтардың 5 пайызынан аспауда. Бұл жағдайда қандай керемет технология әзір болса да, ақапарат қолданатын бұқара бұл іске дайын болмаса, мұратқа жетудің ауылы алыс. Бұл саладағы жүйелі жұмыстың ізі байқалмайды, жұмысқа жарамды сегіз миллиондық қазақстандықтардың ішіндегі 5 пайызынан басқасын жуық арада оқытып бітіру мүмкін емес, өйткені, оған халықты жаппай оқыту жүйелері әлі пайда болмаған. Бар болғаны 512 тұрақты компьютерлік сыныптарда небәрі 880 оқытушы жұмыстануда. Биылғы 2 шілдеден бастап ел бойынша 2512 компьютерлік сыныптарда халықты электрондық ағарту қолға алыныпты. Алайда, әлгі орталықтарда 15 тамызға дейінгі оқығандардың саны, бар болғаны – 116442 екен. Бұл саланы жандандырудың бір жолы бар, ол – бұқараны қоғамдық ұйымдар арқылы электрондық сауаттандыру, алайда, бұл сектормен жұмыс істеп көрмеген агенттік, әрі тиімді, әрі арзан да нәтижелі ондай әдісті білмесе керек.
Ақпараттандыру агенттігінің қызметін елдің даму деңгейі ретінде ұстана отырып, мәжілісмен Нехорошев Владимир Анфианович бір сөзбен «Елдің Сингафурмен салыстырғандағы деңгейі секілді, ауылдың интернетпен арадағы қатынасы да шамалас» деп мысқылдай қорытты. Депутат бұл сөзімен үш жылға межелеп, асығып-аптығудың орнына аталмыш саладағы мамандар даярламай, ештеңеге қол жеткізудің бола қоймайтынын жеткізгісі келгені еді.
Шынында да, ақпараттандыру саласы депутаттар құрамының аталмыш отырыстағы белсенділігімен де көзге ұрып тұрды: өздерін судағы балықтай сезініп, сұрақты үсті-үстіне жаудырған негізінен славянтекті депутаттардың болуы да білгілі бір қисынның шетін шығарғандай. Соған қарағанда, электрондық үкімет мәселесі елдің бұл саладағы жаппай сауаттануға көшуі тиісті маңызды мәселесін қамтуы тиіс секілді. Әйтпесе, аталмыш мәселе, «әруақыттағыдай» болып шығуы кәдік.

Комментариев нет: