вторник, 27 ноября 2007 г.

БҰРЫНҒЫ «АЗАТШЫЛМЕН» сұхбат

- Секе, кәзір неге «Азат» секілді қозғалыс жоқ?

- Бұл сауалға жауап берместен бұрын, «Азат» қозғалысының құрылған мақсатына назар аударайық. О баста, «Азат» қозғалысы Қазақстанның егемен алуына үлес қосуды мақсат еткен халықтық қозғалыс болды. Ал, Қазақстанның егемен болуы 1991 жылдың 16 желтоқсаны күнгі Қазақстан республикасын жариялаған заңның қабылдануымен біткен жоқ. Оны орнықтыруға тағы бір жылдай уақыт кетті, ал түпкілікті рәсімдеу 1993 жылғы 14 қарашадағы теңгеміздің шығуымен байланысты.
«Азат» қозғалысы азаматтық қозғалыс ретінде 1992 жылға дейін ісін атқарды. Одан кейін қазіргі Хасен Қожахметтің тіркеген «Азатына» дейінгі аралықта өлген қозғалысты «жерлеуге» қимай жүрдік және қозғалыс «тірлігін» көрсеткен де емес. Аштық жариялай секілді акциялар болмаса. Ал, Хасекең басқарып келе жатқан «Азат» тіпті, басқа нәрсе. Дегенмен, «Азат» қозғалысы өзінің алғашқы мұратына жетті, яғни сол кездегі қазақтардың, тіпті қазақстандықтардың (Ақтөбе облысында талай қазақ еместер де мүше болған) қатысуымен елдің егемен болуына өз үлесін қосты. Соның ішіндегі ең үлкен үлес – елдің солтұстық шекарасын қымтау (Орал оқиғасымен тығыз байланысты) және Семей полигонын жабуға мәжбүр ету. Бұлар айтуға оңай болғанымен әрқайсысы өз алдына зерттелетін тақырыптар. Егер сол кезде Орал оқиғасы нәтижелі болмағанда, елге ағылған ресейлік казактар қазір Орал қаласын Яик-казак республикасының астанасы етер еді де, келесі кезекте біздің терістіктегі бірнеше облысқа қол салатын түрі анық еді. Ал, елдің әр түкпірінен Орал оқиғасының буымен «Азат» жинаған адам нөпірі Семей қаласында 1 апта бойғы митингпен «Семей полигоны жабылмаса, барып өзіміз жабамыз» деген айбар арқылы және сол кездегі республика президенті мен «Невада-Семей» басшысы Олжас Сүлейменовке қайта-қайта полигонды жабу туралы жеделхат жолдауы айтулы жарлыққа қол қойғызды. Басқа ұсақ-түйекті есептемегенде, осы екі ірі акция «Азат» қозғалысының Қазақстан тарихында қалуына толық негіз жасайды. Қазақстан осы оқиғалардан кейін өз алдына егемен болуға лайықталып, өзіне өзінің сенімі ұлғая түсті және одан әрі қазақтардың мемлекетке ие болу құқығын моральдық жағынан қамтамасыз етіп, тәуелсіздікке деген лигитимдігін жүзеге асыра түсті. Осылайша, қозғалыс ел егемендігін орнатуға үлесін қосты. Бірақ алда егемендікті бекіту мақсаты тұр еді, ал оған азаматтық қозғалыс жеткіліксіз болатын. Саяси партия құру керек еді.
1991 жылы 4 қазанда Алматыда «Азат» қозғалысының негізінде Сәбетқазы ағамыз бастап, Қазақстанның республикалық партиясының құрылтайын өткіздік. Дәл сол күні Халық конгресі партиясы құрылды. Қозғалысты өлтіруге қимадық, әсіресе, тең төраға Михаил Есеналиев ағамыз партияның партия болатынына сенбеді. Ақыры, ол кісінің болжамы дұрыс болып шықты. Партия құруға біз даяр болмай шықтық, оған интеллектуалдық деңгей де, материалдық жағдай да жетпеді. Ақыры, бұл партиямыз кейін «Алаш» партиясы болып тіркеліп, 1998 жылғы президент сайлауына қатысқаны бар. Бірақ онда «Алаш» сайқымазақтың ролін ғана атқарды.
Сөйтіп, 1991 жылдың күзінде «Азат» қозғалысын күшейте түсуді ойлаған М.Есеналиев ағамыз, оны өзі басқарып, орынбасары ретінде Ж.Қуанышәлі, Д.Көшім, Х.Қожахметтерді шақырды. Олар бұған дейін қозғалыстың құрамында болмаған-ды. Сол кездегі заңдылықтың өзгеруіне орай, барлық қоғамдық ұйымдар қайта тіркелуге тиіс еді де, «Азатты» да қайта тіркеу қажеттігі туындады. Ол кезде ұйымды тіркеу оңай болса да, қозғалысты қайта тіркеудің машақаты 1 жылға созылды ғой деймін. Сол жылы әлгі партияның қағаздарын дайындаумен Алматыдағы Жәкеңнің (Қуанышәлі) бір бөлмелі пәтерінде 1 ай жатқаным бар. Ал, Жасарал «Азаттың» құжатын әзірлеп жүрді. Қысқасы, бұрынғы бір ұйымның орнына екі ұйым құрылғасын соның былығымен бас қатырып кеттік. Елдің қоғамдық саяси өміріне араласу жөніне қалды. Біз секілді саясаткерлер кеңсе ісімен кеттік. Мұның барлығы ұйымның ішкі жұмысының жүйесіздігі мен бұл саладағы тәжірибесіздік еді. Бұған қоса қозғалыс та, партия да жеткілікті қаржымен қамтылмады. 1991 жылы қозғалыстың атқару комитетін басқарып келген Марат Шорманов Халық конгресіне кеткесін атқару билігі ақсады. Ақшамыз «Азат» газетінің шығуына ғана жетіп тұрды, оны қолға алған сол кездегі марқұм редактор Батырхан Дәрімбетов еді. Аппарат жұмысы ақсады. Аймақтарда да қозғалыс пен партияны есептегенде екі-екіден аппарат керек болды. Бұл талапты көптеген облыстар көтере алмады, тіпті, партия мен қозғалыс басшылары өз ара егесе бастаған көрініс пайда болды. Сөйтіп, қозғалыс жаңа сатыға жұмысын жандандыруға дайын болмады.
Алайда, есіңізде болса, «Азатты» жандандырудың бірталай шараларын ұсындық, сол кезде тәуелсіз кәсіподақ, банк және фирмалар құруды ойластырдық. Алайда, мұны жүйелеп, жүзеге асыратын орталық аппаратта мамандар болмады. Біздер 1993 жылы Ақтөбеде «Отау» тұрғынүй-құрылыс кешенін құрып, мен соған басшылық жасадым. Топан ақша мен шиқыма сауданың кезінде 24 адамға жер алып беріп, оның 8-не бір жазда қабырға тұрғызып, төртеуіне іргетас қалап үлгердік. Бұрын құрылыспен айналыспаған біздерге бұл біраз шаруа еді, егер мемлекеттен нақты қолдау болғанда бұл ірі құрылыс фирмасына айналатын. Көп ұзамай, «Отау» банкрот болды. Одан басқа «Бекарыс» фирмасы болды, оның ізі әлі де бар. Мұндағы жігіттер барлық құжатты,тіпті, банк қағаздарын қазақшалап, тексеруге келген салықшыларды тұйыққа тірегені бар. Осы кәсіптеріміздің арқасында 1993 жылы маусым айында Ақтөбеде «Азат» қозғалысының конференциясын өткізіп, қозғалысты ыдыраудан сақтап қалуды ойластырғанымыз бар. Сол жиында өзім екі жолдың бірін қабылдауды ұсындым: біреуі – қозғалысты жауып, партияны қалдыру және оны «Отан» деп атап, ұлттық демократиялық бағыт ұстау; екіншісі – қозғалысты жабуға қимасақ, оның басшылығын үйлестіруді алма-кезек түрде аймақтарға беру, мысалы, 6 ай Ақтөбе басқарса, келесі жолы басқа облыс алады, сөйтіп, Алматының жүйесіздігінен қозғалысты құтқару. Өйткені, Алматыдағы азаматтардың «Азатты» басқармақ түгілі, кезінде Алматыда «Азат» қозғалысының бөлімін басқа аймақтардың ең соңынан құрғаны бар.Осының барлығы бізді қатты ойландырды. Бірақ, Ақтөбе мәслихатында әлгі ұсыныстың бірі де, онан басқа нақты ұйымды ыдыраудан сақтайтын жоспар да қабылданған жоқ. Мен сол жиында өзімнің қозғалыстан үзілді-кесілді кететінімді мәлімдедім. Осыдан соң «Азаттың» жоғарыда аталған жаңа басшылығы бар, ескісі бар, бәрі жабылып бітпейтін тартысқа түсті. Ақыры, «Азатты» дұрыстап «жерлей» де алмадық. «Алаш» партиясы мен «Азат» қозғалысын қайта-қайта құрушылар, шын мәнінде бұлардың тарих алдындағы беделін пайдаланумен ғана шектелуде. Сол атауларға лайық болмағаннан кейін оларды жұлмалап керегі жоқ. «Азат» атауын жамылушылар жаңа атауды еңбектеніп саяси бренд етуге жүрексінеді, сосын даяр атауды құрал етуге құмар келеді. Біздер «Азат» құрылғанға дейін Ақтөбеде «Алдаспан» ұйымын құрып, оны облыстағы іргелі де ықпалды ұйымға айналдырғанбыз. Ұмытпасам, 1991 жылы 6 көкекте Ақтөбеге екі марқұм болған ағаларымыз Сәбетқазы Ақатаев пен Батырхан Дәрімбетов «Азатқа» қосылуды өтініп келген еді. Шындығын айтқанда, біз өзіміздің қан мен терімізді сіңірген «Алдаспанды» өлтіргіміз келген жоқ. Бірақ бір сөзге тоқтадық: жалпыұлттық қозғалыс құрысуға үлес қосу керек болды. Сөйтіп, ақтөбеліктерге әйгілі «Алдаспанды» сол кезде құрылып бітпеген «Азатқа» айырбастадық. Ал, «Азаттың» алдында мен де, басқа да ақтөбелік қандыкөйлек серіктерім қарыздар емеспіз. Біз қозғалысқа барымызды сарқа салдық. Өзім Сәбетқазы ағаның қасында еліміздің батысын аралап шықтым десем болады, қарауымда алты облыс болып, соның барлығында қозғалыс бөлімдерін құрумен жүрдік. Мұның бәрін тізіп отырған себебім, «Азаттың» дамуы мен ыдырауына қатысты себептерді ашып көрсету. Қорыта келгенде, «Азат» өз миссиясын 1992 жылға дейін орындаған және сонымен оның демі де біткен. Ендігі жерде тиянақты ұйымдар керек. Олар не саяси, не қоғамдық болып өз мәртебесіне сай жұмыс атқаруы қажет. Ал, «қозғалыс», «майдан» дегендер көбіне революциялық кезеңдерге тән құрылымдар. Сондықтан қазір «Азатты» жоқтап керек емес, оны арулап «жерлеп», тарихқа беріп, қазіргі жас ұрпаққа оның бетке ұстар тәжірибесі мен әрекетін үлгі ету қажет. Мен үшін басқа «азатшылдар» секілді қозғалыс кезіндегі атойлаған әрбір күндерім сондай ыстық, бірақ, Жөке, амал жоқ, адами сезім басқа, саясат басқа. Әсіресе, қазір барынша прагматикалық қимыл қажет. Қазір ешкімді де «Азатпен» біріктіріп, не жөнге сала алмаймыз. Жақсының атын қашан да әркім жамылуға әзір. «Азат» та сондай, ол ХХ ғасырдың басындағы «Алаш» секілді халқымыздың ардақты тарихи бір сәті болып қалды. Ал, тарих тек қана зерттеудің нысаны, адам үшін тәжірибенің көзі. «Азат» тарихын саралау жаңаша тарихпен айналысушылардың жұмысы. Бірақ, онымен айналысатындар бізде жоқтың қасы.

- «Азат» қозғалысы болып, жер сатуға қарсы шыққанда, жер сатылмас еді, қазақ қалаларда қазырғыдай қаңғымас еді...

- 1992 жылдан кейін «Азат» қозғалысының айбыны болмады. Сондықтан «Азат» қозғалысы айбынды үн көтеріп, күреске шыққанда, жер сатылмайтын еді» деген уәж өлген адамды кінәлаумен бірдей.
Өзіме келсем, кішкене екі баламен қалып, басқа іс түсті... Оның үстіне саясат деген сүйген жар емес қой, оған кірісу де, кіріспеу де азаматтың еркінде. Тіпті, америкалық әйгілі саясатшылардың өзі саясатқа біресе келіп, біресе кетіп жатады. Жерді сату-сатпау жекелеген саясатшылардың болмаса биліктің жеке ісі емес, халықтың еркіндегі шаруа. Егер ұлт өз еркін білдіре алмаса, оған араша түсіп әуре болудың нәтижесі аз. Бірақ, өзім жерді сатуда әр жан басына 3 сотықтан жерді тегін үлестіруді болмаса соған тең құнды қағаз беруді ұсынған едім. Бұған қоса, шетелдік қазақтар үшін арнайы жер қорын сақтау қажет еді. Бұл жерді не бау-бақша өсіруге болмаса тұрғынжай салуға мүмкін болатындай санатта қарастыруға болатын еді. Сонда әр үйде 5 жаны бар жанұя 15 сотыққа ие болар еді. Игере алмағандары оны құнды қағаз ретінде сатудың амалына кірісер еді. Сонда ешкім де бұл саясатқа сонша өшікпеген болар еді. Қалай болғанда да, жерді қазақстанша сату елдегі кезекті әділетсіздіктердің бірі болғаны рас.
Ал, шеттегі менің үнімді есту әрине, оңай емес, өйткені, біздің елде тек қана Алматы мен Астананың ғана үні бар. Үн демекші, біздің қазақтілді басылымдар тек қана авторитетке назар аударып үйреніп қалған, ал бес жасар баланың ешкім айта алмаған шындықты бетке басып, патшаның жалаңаштығын жария еткенімен ісі жоқ. Егер мен соңғы кездері назарға түсе бастамасам, сіз де, бәлкім, менен пікір сұрамас едіңіз. Бұның бәрі - біздің өз құнымызды бағалай алмайтынымыздың белгісі, ұлттық зердеміздің тұқылдануы.

- Кәзір не көп түрлі ұлтшыл қозғалыс көп, солар неге біреуіне бірікпейді?

- Өз басым бір қазанға түрлі малдың етін бірге салып асқан қазақты көргенім жоқ. Сондықтан көп тараған «ұлт патриоттары неге бірікпейді» деген уәжді қабылдамаймын. Бірікпейтін нәрсені біріктіруге ұмтылу да істің байыбына бармағандық. Қазіргі заң бойынша 10 адам бір қоғамдық бірлестік болмаса үш адам қор құруға мүмкіндігі бар. Қайта бірнеше ұйым құрып, ұлт үшін әділетті бәсекеге түсуден неге қорқамыз? Менімше, «Ұлт тағдыры» мен «Халық дабылының» екі бөлек құрылғаны дұрыс болды. Тіпті, аймақтарда, мысалы, Түркістанда «Намыс» деген жас отаншылдардың ұйымы бар. Неге біз оларды әлгі қозғалысқа әкеліп зорлап қосуымыз керек. Әркім өз әлінше, өз әдісінше елге пайдасын тигізсін, өз ара жарысқа түссін, өз беттерінше тәжірибе алсын. Бұл заман талабы. Дәл осылайша, тіл мүддесі жолында да ондаған ұйымдар құрылғаны жөн. Біреуі тілмаштарды, біреуі журналистерді, енді бірі орыстілділердің оқытушыларын жинасын т.т. Сонда нақты іспен айналысу басталады. Әйтпесе, ұлтшылдар жыйналып алып, өз ара айтысуын доғармайды. Бірақ, түрлі отаншыл ұйымдар қауымдастық, коалиция болмаса альянс құруға әбден болады. Бұның бәрі қазіргі заманның ұйымды құра білу мен оны дамыта білу мәдениетінен келіп шығады. Ал, біз әлі өткен ғасырдың 90-жылдары деңгейінше жүруден танбаймыз.
Хасен Қожахмет қалай десек те қазақтың саяси диссиденті, бірақ саяси баскер (лидер) дей алмаймын. Ал, Дос Көшім өз қолынан келгенін істеп, саясаттану саласында пікірін білдіріп жүрген аз тұлғаның бірі. Осылардың болғанына да шүкір етейік. Егер бұлар қарық қылмаса, онда өзгеміз қолға алайық. Көзге шыққан бірен-саранды несіне шұқылаймыз. Шын мәнінде «Азат» қозғалысын неге өз деңгейінде алып кетпедіңдер деп оларды кінәлауға менің орным бар. Бірақ, әркімнің өз әлеуеті бар ғой. Одан артық қалай түрткілесең де, ештеңе шықпайды.

- Ұлтымыз төл сыйпатынан ажырап, дүбәрә күйге түсуде. Бұдан әрі қайтпекпіз?
- Ұлт мүддесін даңғыра ету үшін емес, шешу үшін ұйым құру керек. Ал, ол үшін көп нәрсе қажет емес. Меніңше, қажетті нәрселер екі ұйымда да жеткілікті. Ол - аймақтық бөлімшелер құруға қажетті материалдық мүмкіндіктер мен жергілікті бас көтерер азаматтар. Бірақ, қоғамдық ұйым мен саяси ұйымды шатастырмау қажет. Қоғамдық ұйым дегеніміз – қоғамдағы мәселелерді шешуге атсалысатын ұйымдар, ал саяси ұйым билік үшін күресте проблеманы шешуге мемлекеттік тұрғыдан кірісетін ұйым. Қазір әр қазақ ұлтшыл азаматтық ұстанымға ие болып, әрбір қоғамдық ұйым нақты жобаны іске асыруды, ал саяси ұйымдар нәтижелі бағдарламаны қолға алуы керек. Сөйтіп, мемлекет=ұлт формуласы өмірге енетіндей ықпал жасау қажет. Бұл әсіресе, қозғалыстар мен партиялардың басты мақсаты болуы керек. Бұған ұмтылмайтын партияның халық үшін қажеті жоқ.
Ұлттың мүддесі оның қоғамдық ортада өз мүддесін қорғай білу қауқарына байланысты. Ал, бұл қауқар ұлттық баскерлердің (лидер) әл-дәрменіне тәуелді. Ұлтшылдардың ұйымы қай жерде құруға байланысты емес, қалай және не үшін құруға, нәтижеге жету амалдарына байланысты.
Енді қайтпекпіз дейсіз... Ұлттың етенелену (самоидентификация) процесін қолға алып, бірегей ұлттық сананың қалыптасуын тездетуіміз керек. Ол үшін елдің ақпараттық кеңістігін қазақыландыруды қолға алмай, ештеңе шықпайды. Бұл жолдағы басты амал қазақ журналистикасының жабысқан жабағысын көтеруге, дамытуға тәуелді. Ақпарат құралы сананы қоректендірудің бірден бір сайманы. Өкінішке қарай, қазақ журналистикасы орыстілді БАҚ-ның көлеңкесі болып кетті. Дербес түрдегі ықпалы мен айтары аз. Тіпті, қазақ оқырманын, тыңдарманын, көрерменін орыстілді БАҚтар барған сайын өзіне баурап барады. Бұл аса қатерлі үрдіс! Бұл жауланған елдің қатын-баласын айдаған ежелгі көріністің бүгінгі сипаты.

- Өзің саясатқа піскен жігіттердің бірі едің. Соңғы он жылда көрінбей кеттің ғой? Бұған дейін немен айналыстың?

- Әлгінде өзіңізге айттым, 1992 жылдан кейін саясатпен ісім болмады. Алайда, 1995 жылдан бастап үкіметтік емес (қоғамдық) ұйым құрып, бұқараны азаматтық өмірге икемдеумен, демократия істеріне әзірлеумен айналыстық. М.Шаханов өзіне көмекші болуға шақырғанға дейін мен егемен елдің бюджетінен жалақы алатындай қызметте болған емеспін. Жергілікті билік мен сияқтылардың әлеуетін біле тұра мемлекеттік қызметке жолатқан жоқ. Дегенмен, халықаралық ұйымдардың грантымен күн көріп, елімізге қолдан келгенімізді істеп келдік. Өзім 2002 жылы Ақтөбе облысының шалғайдағы Қаражар ауылында кезінде 5000 теңгеге сатылып кеткен ауыл клубына 5000 АҚШ долларына құрылыс материалын салып, қайта тұрғызуға ауыл тұрғындарын жұмылдырдым. Мұндай әдіспен бүкіл елдің қираған клубтарын екі-үш жыл ішінде қалпына келтіруге болар еді. Бірақ, ұсынысымызды облыс басшылығы да, мәдениет министрлігі де пысқырған жоқ. Мұның экономикалық және әлеуметтік тиімділігінде орасан пайда бар жоба еді.
Соңғы жылдары республикалық тәуелсіз бақылаушылар легін дамытуға қатысып, елді демократияландырудың инфрақұрылымын жасақтауға үлес қостық. Шындығында қазақтілді орта үшін қазір осындай қоғамдық инфрақұрылым жағы жетіспейді, қоғамдық белсенім мен мүдде қорғау мәселесі артта қалып отыр. Біздің бұқара мұсалдаттық пен құлдық күйден арылмауда. Оның бірден бір емі - қазақтілділерді қоғамдық ұйым құрып, басқаруға баулу; онсыз азаматтық қоғамды дамыту және мемлекетке ие болатын ұлтты жасақтау - бос сөз! Тіпті, тіл мен діл мәселелері де осыған қарап тұр. Бұл саладағы кемшіліктерін оппозиция өкілдері енді ғана мойындауда.

- Серік, саясаттанушы ретінде біздің елдің соңғы кездегі саяси жағдайын қалай сипаттар едің?
- Кез келген елдің саяси сипатын анықтайтын жетеккүш (локомотив) болады, оны көбіне ұлттық буржуазия қалыптастырады. Қазақ буржуазиясының екі жолмен жасақталғанын ескеруіміз керек: жасанды жолмен, яғни коммунистік номенклатураның демеуімен туылған кландық буржуазия және табиғи жолмен, яғни өз біліктері мен еңбегі арқылы жасақталған буржуазия. Қазір осы қарама қарсы екі буржуазиялық топтың арасында текетірес жүруде, тіпті жасырын соғыс деп те айтуға болады. Осы «соғыстың» құрбаны ретінде соңғы жылдары өлтірілген бизнесмендер мен саясатшыларды, журналистерді тізу көзді жеткізе түседі. Алтынбектің өлімі бұрынғы құрбандардың бірі болғанымен сипаты мен мәні жағынан Қазақстанның аса қатерлі кезеңге аяқ басқанын көрсетеді. Жағдай бұдан әрі ушыға берсе,тіпті, ел болып қаламыз ба, жоқ па деген сәт тууы да мүмкін. Өйткені, бұл шайқасқа Қазақстан қазыналы жер болғандықтан әлемдік күштер де кірісіп кетуі ғажап емес. Алайда, біздегі «жасандылардың» да алуан текті екенін ескерсек, Алтынбектің өлімі олардың өз ара текетіресінің нәтижесі де болуы ықтимал.
Жоғарыдағы екі топтың мақсаты қайткенде елді екі түрлі даму жолына түсіру арқылы өздерінің ықпалын жүргізу: біреуі демократиялық мұратты көздеу арқылы өз мүмкіндіктерін іске асырғысы келеді, енді бірінің мақсаты - бұрынғы пландық экономикаға кландық сипат беру арқылы ел дамуын уыстау. Бұл топқа араша болатындай ішкі күш жоқ, ол кезеңнен өтіп кеттік... Сыртқы күштердің араласуына алғышарттың қалыптасуы да осында жатыр. Елдің саяси жағдайы күрделі.

- Біздің егемендігімізден ұлтқа не пайда сонда?
- Қазақстан экономикалық жағынан ырықтанғанымен, саяси-әлеуметтік жағынан әлі өтпелі кезеңде. Осы саяси өлара біздің егемендігімізді жоққа шығаруда. Бұл асудан өту үшін әлгі текетірестің зор кеселі болып тұр: ұлттық элита екіге жарылды. Мұндай жағдайда ұлттық мүддені іске асырмақ түгілі, оны әңгіме етудің өзі мәнсіздік. Сондықтан да өз жерінде саны мен сапасы жағынан мемлекетті толық меңгеру деңгейіне жеткен қазақ ұлты өз мүддесін өзі мүжуде: тіл мәселесі сол күйінде, кеңестік ауыл күйреп, орнына жаңа сипатты инфрақұрылым пайда болған жоқ, урбанизация қазақ этносын жұтып жатыр, ұлттық элитаның ар-намысы болып табылатын зиялы қауым шабарманға айналды. Интеллигенцияның өнімі ретіндегі өнер туындылары ұлт тарапынан жатырқауға ұшырауда. Қазақ жастары қазір ана тілінде сөйлеуге ұялатын болды, өз фольклоры мен этнографиясын күлкі етеді, яғни ұлттың жан-дүниесін нигилистік жегі құрт жайлап барады. Ұлттық әлеует сол ұлттың дамуына жаратылмай, текетірестің құрбанына айналып отыр. Бұл жағдай әлі жаһанданудың тегеурінді дауылы жетпегендегі күйіміз.

- Бұдан әрі не болуы мүмкін?
- Бұдан әрі не болатындығын болжау үшін елдегі саяси құбылыстың көзі болып отырған әлгі басты екі күштің өздерін қалай ұстауына көз жіберу керек. Егер елдегі саяси террордан арылу мен ұлттың шынайы даму жолдары қарастырылмаса, онда «табиғи» буржуазия елден ығысуы ықтимал. Ал, Қазақстанның ДСҰ-ға мүше болуымен байланысты «жасанды» буржуазия ұлттық капиталды үстемелеу түгілі, оны ұстап тұруға шамасы келмеуі мүмкін. Бұл дегеніміз - елдің экономикалық қақпанға түсуі, одан әрі әлеуметтік жағдайдың ушығып, тәуелсіздіктің қатерге ұрынуы...

- Бұны болдырмас үшін не істеу керек, әлгі топтар?
- Екі тарапқа да көп ұзамай төнетін қатердің алдын алу керек. Ұлттық диалог дегеніміз – сол. Бірақ бұл диалог «жасанды» буржуазияның пиғылы мен бастамасына аса тәуелді. Бұл жағынан біздің жағдайымыз ауырып-сырқап, аяғынан тұрып кету мүмкіндігі бар қырғыз ағайындардан да күрделірек. Өйткені, біз шишадағы жын әбден семіріп, ыдысты сындырып шыққандай ахуалдамыз. Қырғыз төңкерісі ашық та, аңғал жүруде. Біздегі күрес жабық та, зұлымдық сипат алуда.

- Екі бірдей халықтың екі сипатты жолға түсуі неліктен?
- Жаңағы айтқан ұлттық элитаның екі елдегі екі түрлі жолмен қалыптасуынан. Қазақстандағыдай элитаның қақ жарылуы қызғыздарда барынша контрасты емес, оларда бұл жағдай бұлдыр күйде. Сондықтан да қырғыздың жасанды және табиғи буржуазиялық топтарының арасын ажырату қиындау.Осыдан келіп, қырғыз ағайындардағы текетірестің біздегідей айқын екі тарапты емес, көпжақты қамтыған сипаты бар.

- Елдегі заң шығару тірлігінен де берекет кетіп барады, бүгін қабылданған заң ертең қайта түзетіледі. Оның орындалуы тағы да мәселеге айналады...
- Заңдамалау саласында бұл мәселелердің бар екені рас, бірақ мұның барлығы да халықтың билік көзі ретіндегі үкіметке және парламентке етер ықпал қауқарынан туындайтын жайттар. Егер үкімет желкесінде үңіліп тұрған халықтың «көзі» тұрғанын сезіп отырса, заңжобаны соның мүддесіне орай екі қарап, бір шұқыр еді. Халық тарапынан ондай ықпал болмағасын, әсіресе, орыс тілінде қабылданып жатқан заңдардың қазақша аудармасының мәселесі белгілі. Оның үстіне заңжобаны қазақ тілінде талқылып, пісіретін құрылым атымен жоқ.

- Парламенттің құрылымы мен сайлануы өзгергелі жатыр. Бұл турасында не дер едің?
- Меніңше, парламенттің құрамы да, құрылымы да елдің саяси сипатынан туындауы керек. Депутаттардың саны елдің заңдамалау қызметінің саны мен сапасын арттыру қажеттігіне және саяси конъюнктураның сұранысына сәйкес анықталатын жайт қой. Негізінде еліміз унитарлы болып қалсын десек, парламент бір палаталы болғаны жөн.
- Пікір білдіргеніңе көп рахмет.
Пікірлескен – Ж.Сомжүрек
«Азат» газеті, 2006 жыл, наурыз.

Комментариев нет: