четверг, 29 ноября 2007 г.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЭТНОСАРАЛЫҚ КЕЛІСІМНІҢ ҚҰРЫЛЫМДАРЫ

Қазақстанның ішкі саясатында этносаралық келісім басты рөл атқарғанымен, оның жүзеге асу механизмдері өмір талабына сай айқындалмаған. Ел қауіпсіздігінің ішкі сыйпаты аталмыш салаға басымдық берілгенімен, оның саяси негіздемесі елдегі ұсақ этностардың мүддесін қазақ ұлты мен Қазақстан мемлекетінің мүддесі есебінен қамту қолға алынған. Бұл сайып келгенде өзін ақтайтындай саяси механизм болмай отыр. Мұның салдарын соңғы бір жыл ішінде елде болып жатқан этносаралық қақтығыстардың орын алуына әкеліп соғуда.
Қазақстандағы этносаралық келісімнің өзі не нәрсеге негізделгенін айыру қыйын. Бір қарағанда, елдегі азаматтардың құқық теңдігі ғана емес, этностардың да тепе-теңдігі саяси жалауша желбірейді. Алайда, бұл теңдіктің тамыры неде екендігі және қандай критерилерге негізделгендігі түбірімен айқындалмаған. Ғылыми негізсіз және зерттемесіз құрылған Қазақстан халқы ассамблеясы атауының өзінен «халықтары» сөзінің жуырда ғана ығысуы мемлекеттің субъектілік сыйпатын қандай қауіптің болып келгендігін көрсетіп берді. Аталмыш құрылым қазырғы кезде конституциялық қайшылыққа ұрындырып отырған заңдамалық көп фактордың бірі болып отыр.
Аталмыш ассамблеяның құрылу мақсаты мен қалыптасу әдісі де, жолы да саяси және заңдық қыйсынға келмейді. Егер ассамблеяның мақсаты елдегі ұсақ этностарды қазақ ұлтымен теңестіру болса, оның түбінде қандай пиғыл жатса да, мемлекеттің унитарлық құрылымы мен мұратына қарама-қайшы. Ал ассамблея мәртебесінің анықталмағандығы өз алдына, енді оның атынан мемлекеттік басты органдарды жасақтау мүмкіндігінің жартылай заңдануы елдің ішкі саясатын тұйыққа тірейтін тағы бір факторға айналатын түрі бар. Мәселен, демократиялық та, заңды жолға да татымайтын әдіспен ассамблея атынан парламент мәжілісінің тоғыз депутатының сайланбай тағайындалуы (сайлау тек қана сайлаушылар тарапынан атқарылатын акт) азаматтар теңсіздігінің жаңа көрінісін әйгілеп отыр. Оның үстіне ұсақ этностардың тікелей жоқшылары парламент деңгейінде пайда болып, мемлекет құраушы ұлт ретінде қазақ этносының мүддесін қорғайтындай заңдық мотивацияға негізделген мандатты тұлға болмай қалуда. Мұның өзі қазақ ұлты тарапынан зор қарсылық туындатуда. Сөйтіп, о баста елдегі этносаралық келісімді нығайтуға тиісті Қазақстан халқы ассамблеясының миссиясы кереғарлыққа тап болуда.
Оның үстіне аталмыш органның не мемлекеттік екені, не қоғамдық екені белгісіз, мәртебесі айқындалмаса да, жоғарғы мемлекеттік органдармен теңестірілуі елдің стратегиялық саяси бағытына үлкен өзгеріс апаруға итермелеуде. Мәселен, 2030 жылға дейінгі елдің стратегиялық даму программасына сәйкес болашақта азаматтардың этностық тегін мойындамау арқылы қазақстандық ұлт аталмақшы космополиттік пиғыл осы жайттан туындап отырған саяси салдар деуге болады. Бұл пиғылға қазақ халқы түгілі ұсақ этностардың өзі өздерінің жұтылу қатері ретінде үзілді-кесілді қарсы болуда.

Ассамблеяны құрайтын ұлттық-мәдени орталықтардың жасақталуы да көкейге көп түйткіл туындататын мәселе. Қазырғы кезде Қазақстанға кездейсоқ келген кез келген азаматтар тобының әлдебір этносқа бірігу көрінісі саяси және қоғамдық мәртебеге ие бола беретін түрі бар. Қазақстанның кез келген бір этносқа біріккен оншақты азаматы елдің кез келген өңірінде өздерінің ұлттық мәдени орталық құру мүмкіндігіне ие болып отыр. Мәселен, тараздық дұңғандар Астанаға саудамен жайғасып алып, ассамблея мен ішкі саясат департаменті тарапынан тегін таратылатын грантты алу мүмкіндігіне қол жеткізу үшін тағы да елордада ұлттық мәдени орталық құрып алған, солтұсқа бұрын соңды жоламаған ұйғыр, өзбек, тәжіктер де бір бір отау тігіп үлгеріпті. Шын мәнінде Астанада гастербайтерлерден өзге мүдделі болып отырған аталмыш этностық топ бар деуге болмайды.
Астана қаласының он жылдығын алдағы жылы атап өткелі отырсақ та, осы уақытта елордаға жыйналған түрлі этностық шетелдік топтарға дейін ұлттық орталықтар құру мүмкіндігі ешбір нақты талапсыз, критерисіз түрде мәдени этностық ошақтарын құрумен бірге кәсіптік нысандарға да ие болуда. Мысалы, украиндар Астанадан гектарлап жер алу арқылы өздерінің ұлттық мәдени ықпалдарын күшейтуді қолға алуда, оған Украина елшілігі қаржылай және заттай жәрдем бермек, оның үстіне Қазақстан халқы ассамблеясы тарапынан бөлінетін грант тағы бар. Осындай мақсатпен елорда маңынан ұйғырлар да жер тілімін алуда. Болгарлар Павлодардан жер іздеуде. Бір қарағанда, мұнда тұрған ештеңе де жоқ секілді, ұсақ этникалық топтарға мәдени мүмкіндік беріліп жатқандай сыңай бар. Алайда, бұл терең ойластырылып, әділетті сыйпат алып отырған шара емес. Елдегі ұсақ этностық топтар арасында келісімді нығайтудан гөрі эгоистік өзара бәсеке бары анықтала түсуде. Елде кімнің ықпалы мен мүмкіндігі мол болса, сол қарпып қалуға тырысуда. Мысалы, байығыш та біріккіш өкілдері арқасында корей диаспорасы да өздерін материалдық және мәдени жағынан әжептәуір еркін сезінуде. Ал, ноғай, қарақалпақ секілді жоқшысы жоқ этностық топтардың халы керісінше. Сөйтіп, елдегі әрбір биліктегі ықпалды немесе бақуатты этнос өкілі өз этносын саяси әлемге жетелейтін локомотивтің рөлін атқаратындай ахуал қалыптасқан.
Ассамблея тарапынан ұйымдастырылып жатқан шаралардың діттеген мақсатта жетіп жатқанына күмән келтірерліктей жағдайлар да орын алуда. Мысалы, биылғы Тілдер мерекесі күні Астананың орталық стадионында этносаралық спорт жарысы болып өтті. Сол жарыстағы әйелдер арасында өткен қолкүрес нәтижесінде дұңғандар мен тәжіктердің арасында төбелес бола жаздағаны бар. Бұл шараның не мақсатты көздегені де белгісіз, спортты насихаттау ма, әлде этностарды спорттық бәсекесін арттыру арқылы кикілжіңге ұрындыру ма? Мұндай этносаралық спорт бәсекесі кімге керек еді деген сауал өзінен өзі туындайды. Мұның өзі ассамблея тарапынан бөлінетін қаржының жұмсалуын ойластырылмағаны, арнайы жоба ретінде рәсімделмегені көзге қораш көрініп тұр.
Жалпы, елдегі этносаралық саясат шынайылықтан гөрі сырт көзге жақсыатты болуды көздеген жалаң насихаттан тұратындығы барған сайын ашыла бастауда. Биылғы бірінші мамырда Қазақстан халықтарының бірлесу күні аталатын мерекеге байланысты Астана қалалық кіші ассамблея мүшелері болып табылатын түрлі этностық мәдени орталықтар өздерінің өнерлерін даярлау сәтінде ұлттық-мәдени орталықтардың басшылығы міндетсіп, бұлдана отырып, кіші ассамблея хатшысына бағынбай оны жыларман еткені бар. Соған қарағанда, кіші «ұлттардың» шаруасы әбден түгелденіп, мемлекеттің қамқорлығы олар үшін міндетті әлдиге айнала бастаған түрі бар.
Бір қызығы, бірнеше жүз мыңдаған қазақтар атынан астаналық ассамблеяға тек бір ғана «Тіл және мәдениет» қоғамдық бірлестігі енген. Шын мәнінде ассамблеяға ену тәртібі мен талабы тиянақсыз, нақты айқындалмаған. Астанада тұратын кездейсоқ келген он жапон да, бөгде планеталық приматтар да ұлттық орталық құрып алатын құқығы болса, тоғыз миллион қазақ та олармен теңестіріліп, бір ұйыммен барлық мәдени мүмкіндігін дамытуға қанағат етеді.
Басқа жағынан алғанда ассамблея құрамының бірыңғай ұлттық-мәдени орталықтармен бірге қоғамдық саяси қозғалыстардан да құралғаны таң қаларлық жағдай. «Лад», славян қауымдастығы мен казактар қоғамын қандай этностық мәдени орталықтарға жатқызуға болатыны түсініксіз.
Қазақстандағы ұлт пен этнос және этностық топ ұғымдары ажыратылмаған. Елдегі этностардың еріксіз саясилануы барған сайын тереңдей түсіп, оның арты этносаралық шиеленіске апаратын түрі бар. Бұл жағдайды үйлестіріп, бақылап отырған маман да, орган да жоқ. Қазырғы ассамблея аталатын мемлекеттік құрылым тек қана диаспораларға қаржы тауып беріп, солардың мүддесін көздеу арқылы әлгі ассамблеядағы жекелеген қазақ қызметкерлері өздерінің де мәртебесін көтеретіндей ахуал орнаған.
Ал, елдегі қазақ еместердің қазақтарға қатынасы жалаң ұран мен насихатқа құрылғанын ескерсек, мұның арты жадағай саяси нәтижеге ұрындыратыны сөзсіз. Елді егесіздік билеп бара жатқандай әсер бар. Қазаққа деген құрмет емес, оны мүсіркеу орын алған.
Жоғарыда аталған ұлттық орталықтардың белсенділері Қазақстанның патриоттары емес, ең алдымен өздерінің тарихи отандарының осындағы бір бөлшегі сезінеді. Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында республика күніне арналған ұлтық мәдени орталықтарының биылғы концерті кезінде армяндардың көркемөнерпаздары арқаларына бадырайтып «Армения» деп жазып алыпты. Сөйтіп, олардың қай елдің республика күнін тойлап жүргені беймәлім күйінде қалды. Айта берсе, мұндай көрініс жеткілікті. Мәселе, елдегі этнос өкілдерінің қазақты не Қазақстанды менсінбеуінде емес, этносаралық саясаттың бейбастақ кетуінде және елдің этностық саяси мәртебесінің нақты айқындалмауында. Бұл мәселенің елдің ішкі саясатының маңызды бөлігі ретінде салиқалы саясатқа айналмай отырғандығында.
Қазақстандағы этносаралық келісім ішкі саяси саудаға айналмас үшін, жоғарыдағы жайттарды атай келіп мынадай ұсыныстарды алға тартуды жөн көремін:
1. қазақ халқын мемлекет құраушы ұлт ретінде ресми түрде мойындау құжаты керек;
2. аталмыш құжат қазақ ұлтының миссиясы мен оның рухани-мәдени даму тұжырымдамасын және бағдарламасын қамтуы керек;
3. елдегі этностық топтардың мәдени сақталуы жөніндегі өз алдына бөлек бағдарлама жасалуы керек;
4. Қазақстанды этностық саясиланудың құрбаны еткелі отырған ассамблея аталатын жасанды заңсыз органнан құтқару керек;
5. Ұлттық-мәдени орталықтардың заңдық формасы нақтыланып, олардың құрылу және жасақталу жолдары заңдандырылуы қажет;
6. Ұлттық-мәдени орталықтар этностық-мәдени орталықтар аталып, олардың қызмет ететін этностық топтары сандық және сапалық жағынан ажыратылуы керек және олардың қызметтерін тұрақты бақылайтын, мониторинг жасайтын, сондай-ақ материалдық жағдайды ұйымдастыратын арнайы тігіңкі бағыттағы құрылым болуы керек;
7. этносаралық келісім шаралары мен этностық мәдени талаптарды орындау шаралары бір бірінен ажыратылатындай нақты жобалар білікті мамандардың қатысымен жүзеге асырылуы қажет.

Комментариев нет: